• Қоғам
  • 31 Қаңтар, 2022

САУНА

Мархабат БАЙҒҰТ
 

 

Кәсіподақ әлемі кеңестің тұсында коммунизмнің мектебі дегенге дейін көтеріліп барып, Сы-Сы-Сыр тарағаннан кейінгі бірер жылда қайта тұрмастай күйреп түскентұғын. Одан соң сегіз-тоғыз жыл өткенде, мына бертінде ғана шалажансарланып болса дағы басын қалқайта бастады ғой. Соның бір дәлелі шығар, осы Ойпаңбел ауылынан, қыста да қып-қызыл күйінде сақтала беретін, қанттан бетер бал татитын қара дарбыз өсіруге маманданған «Қайрансу және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен үш адамға жолдама бөлінді.

Қара дарбыз өсіретін  бір  ғана  серіктестікке үш бірдей жолдаманың берілуі – үлкен оқиға. Біреуінікі Сочиге, екіншісінікі Адлерге, үшіншісінікі Анапаға еді. Алғашқыда курортқа баратын үшеуі үрпиісті. Бір-бірімізден адасып қаламыз ба, неге бір жерге бермеген десті. Кейіннен сауал салыңқырап, тәптіштеңкіресе, қорқатын дәнеңесі жоқ, бір-бірін телефон арқылы тез тауып алмаққа, барыс-келіс жасап тұрмаққа мүмкіндіктері жетіп-артылатын сыңайлы.

Жолдамалар желтоқсан айыныкі еді. Мұның өзін де сан-саққа жүгіртушілер табылды. Ешкім алмағаннан кейін, жыл аяқталып, ойбай-ау, жылыңыз не, тіпті толайым-тұтас ғасыр тәмәмдалып бара жатқан соң, күйіп кететін болғандықтан, осы Ойпаңбелге қарата итере салған ғой, баяғы кәсіподақтың күші мен темірдей тәртібі қайда-а-а-а. Дескендер аз емес-ті.

Кім не десе, о десін, Ойпаңбел ауылындағы  «Қайрансу және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің серілерінен саналмаса дағы, қыстық қара дарбыз, т.б. өсіріп, нарыққа икемделіңкіреп қалған, жер түбіндегі курорттарды көріп қайтпаққа жағдайлары жетерлік жігіт ағалары табылмай қалған жоқ. Екі мыңыншы жылдың желтоқсан айы жаңа басталған күні Сайрамбай және Тастыбай мен Шубай Шымкент аэропортынан ұп-ұзын ұшаққа отырды. Курорт һәм санаторий мәселелері жөнінде Сайрамбайдың бірқатар жинақтаған тәжірибесі бартұғын. Бұрындары бір-екі рет кеңшар жолдамасымен осы маңайдағы «Манкент» деп аталатын шипажайда, одан соң сексенінші жылдардың соңына таман «Сарыағаш» курортында, тағы бір-екі мәрте аудан жақтың қамқорлығымен Алматыдағы «Алатау» демалыс үйінде болып қайтқан. Сол себепті, Тастыбай мен Шубай айналып келгенде, Сайрамбайдың аузына қарағыштайды. Әрқайсысы төрт-бесеуден қыстық қара дарбыз алды. Өздері еккен, өздері суарған кәдімгі қара дарбыз. Қыс түсіп, қар жауып, аяз қысқан сайын қайта күшіне кіріп, қызылы қыз-қыз қайнайтындай алабұртып, тәттілігі тыз-тыз етіп тіліңді түрткілейді. Сырбаздау Сайрамбайдың ұсынысын терлеп-тепшіп бас изей беретін ұзынтұра Тастыбай да, сәл шермиген қарнын біраз-біраз бұлдайтын Шубай да қызу қолдаған. Сөйткен қара дарбыздың қорлығы да аз болмады. Ұшаққа мініп-түскенде, темір көліктердің бірінен екіншісіне және үшіншісіне ауысқанда, қоржын-қосқалаңдарына қоса төрт-бесеуден алған дарбыздарын домалаңдатып көтеру оңайға соқпады. Шубай әлсін-әлсін «әкенің аузынан» жіберіп, қайта-қайта қарнын сипалап, бұрқылдай берді. Тастыбай екі метрдей ұзын бойы екі бүктеліп ирелеңдесе де, сәл бұйраланып маңдайына жабысып қала беретін бурыл шашының ұшынан ащы тамшылар сорғаласа да, қабағын шытпады. Сайрамбай сол сырттай сыпайы қалпы, кеңес тұсындағы кеңшар кезінде директордың орынбасары болғандығы білініп тұрады екен дә. Қазір де жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басында жүр, оның үстіне жасы да үлкенірек қой.

Сочи мен Адлердің арасы жақындау, ал Анапа әжептеуір алыстау екен. Сайрамбайдың жолдамасы Сочиге, Шубайдыкі Адлерге, Тастыбайдыкі Анапаға еді. Шубай тымпиған күйінен танбады, титтей де сыр берген жоқ. Ал аспа жол алтыға жарылар айрық тұсқа тірелген шақта Шубайдың артында имие сорайып тұрған Тастыбай көзінің жиегі жасаурап, шынымен-ақ көңілі босады. Мұны көріп, Сайрамбай бүй деді сонда:

– Мына сықпытыңды ауылдағылар көрсе, машқара-ай, не дер еді?!

– Кім біледі, Сәке аға, – деді Тастыбай ирелеңдеген ұзын бойынан үні әзер шыға дірілге буылып, түк те намыстанбастан, танауын тартып. – Жаман айтпай, жақсы жоқ, көрмеген жердің ой-шұңқыры көп дегенді арғы-бергі ата-бабаларымыз бекер айтпаған ғой. Асқазанымның бүрі кетіп, қышқылы кеміп жүргені болмаса, келініңіздің қасынан шыққым жоқ еді, жүдә. Олай-былай боп кетсек, балалар жас қой, аға...

– Жә, жетер-жетер! – деді Сайрамбай мырза түсін суытыңқырап. – Ауған асып баратқан жоқсың, мамыражай маңайға, кеуілімжай курортқа кеп тұрсың. Қай-қайдағыны гөйітіп... Мұның нең-и, а?!

– Жаңағы өзің айтқан, арғы-бергі ата-бабаларың бар емес пе? – деді Шубай Сәкеңді қолдап, «Қазақстан» темекісін тұтатып. – Бергілерін қайдам, арғылары арғымақтарын суарған, өзіміздің өзен-суларға кеп тұрмыз ғой. Сәке, солай емес пе?

– Міне, Шубай шырақ жөн айтады, тауарихты терең біледі бұл, – деді Сайрамбай айнала-төңіректі тұтас бір шолып өтіп. – Сонау Түркі қағанатының тұсында алмауыт мінген ермауыттарымыз емін-еркін жайлаған жерлер ғой бұл.

– Қайдам, Ойпаңбелден Шымкентке жеткенше жүрегім қатты суылдап еді, – деп, жүдә қоятын емес Тастыбай.

– Бүгін-ертең адаптациядан өтсең, бірсүгүні келіншек іздей бастарсың әуелім, – деп Сайрамбай әзіл араластырды. – Ал жақсы, өзім хабар аламын, үш күннен соң Шубаймен бірге барып қайтамыз, қорықпа!

Бәрібір Тастыбай екі серігімен қайта-қайта құшақтасып қимай қоштасты.

Қара дарбыздың жол-жөнекейгі азабынан курорттағы рахаты әлдеқайда асып түсті. Ойпаңбелдіктер ешқандай кедергісіз, көзді ашып-жұмғанша дейтіндей өте жылдам және аса жайлы орналасты. Қара дарбыздың арқасында Сайрамбайды сәнді ғимараттың төртінші қабатындағы, теңіз жақ беттегі екі адамдық ерекше бөлмеге жіберді. Ең үлкен дарбыз бөлмелерді бөлетін әйелге қарай домалай жөнелгенде-ақ, күлгін шашты сары қатынның кірпіксіздеу көздері күлмеңдей жыпылықтаған. Тағы бір дарбыз дәрігердің тікелей өзіне қарай домалады. Үш дарбызды кейінге сақтап қойды.

– Жаныңызға жайлы адам жіберемін, – деген күлгін шашы сирек, саусағы ирек сары қатын.

Уәдесінде тұрды. Сол күні кешкі сегіздер шамасында, секпіл бет бала жетектеген, жасына қарасаң, Шубаймен шамалас, бойына қарасаң, Тастыбай құралыптас, бірақ толықтау, аса жайдары жігіт кіріп келе жатты. Екі езуі екі құлағынан асып, күллі курортыңызды қоса күлдіріп кіргендей еді.

– Кирилл! – деп, гүр ете түсті де, тағы күлді. Секпіл бет баланың аты Сережа екен, ол дағы ыржияды келіп.

Кирилл Сысоев Кәрелиядан, Петрозаводск деген шаһардан екен. Өзі кім екенін, қайдан екенін саңғырлап айтып жүр, анау-мынауларын жайғастырып жүр, жарқылдап күлуінен тағы танбайды. Танысып-білісіп, қолын ұсынып, диванын жөндеп, секпіл бет Сергейін айналып-толғанып, демнің арасында кішкене кереует алдырып, бәріне үлгеріп, бәрін тындырып жүр.

Сайрамбай адамдарға тым қатты таңдана бермеуші еді, Кәрелиядан келген Кириллге бөлекше сүйсініп отырды. Аққөңіл екен, ашық екен. Суық жақтың адамы сияқты емес. Таныстықтың құрметіне Сайрамбай балконның бір шетінде төбедей дөңкиіп жатқан қара дарбыздың үлкенірегін сойып тастады. Кирилл мен Сережа бұндай бүтін дарбызды жөндеп жеп көрмеген болып шықты. Екеулеп сипалап, ары да қарап, бері де қарап, таң-тамаша қалысты. Ойпаңбелдік Сайрамбайдың қара дарбызды қақыратып сойысына ауыздарын аңқайтты. Қыстық қара дарбыздың иісі Сочидің ең биік тұсына орналасқан жеті қабатты жатынжайдың төртінші қабатын түгел алып кетті. Тіпті кейбір қабаттардан есіктерін ашып, таңсық иіске танауларын тоса таңырқағандар табылды. Сайрамбай рахаттана ләззаттанып, дарбызын тіліп, жаймалай тізіп отырып, Кириллдің қабықты қауын секілді тықырлай кеміріп, ал Сережаның шопақ тастамастан қылғытып жатқанын байқамапты. Аңдаған сәт абыржып:

–  Ойбай, Кирилл, дарбыздың қабығын кемірмейді! – деп айқай салды. – Қызылын ғана жеп, ақ қабатын бір елідей қалдыру керек. Әйтпесе, басың кеңгіріп, жүрегің айнып бәле болады.

– Дәнемесі де жоқ, білем ғой, бірақ бұл жолы қабығымен қоса жегім келіп тұр, – деп қарқылдай күледі Кирилл.

– Ал сен, Сережа шырағым, шопағын жұтпағын, оны да тастап отыру керек, – деді балаға.

Сережаның өзі бір, секпілдері екі күліп, түсіндім дегендей басын изесе, алтынсары, жібектей жұқа шашы құлдыраңдаған құлынның кекіліндей желпіл қағады.

Үш күннен кейін Кирилл екеуі алдымен Адлерге барып, Шубай мырзаның жағдайымен танысты. Жаман емес. Әжептеуір тыңайып, ыңылдай әндетіп жүріпті. Қара дарбыздың хикаясы онда да осал емес көрінеді. Одан соң үшеуі Анапаға қарай тартты. Алыстау екен. Небір тау қияларында екі мәшине қабаттасып өте алмайтын тар қолтықтар мен ирек иіндер көп. Қарсы келе жатқан темір көлік қашан жетіп, өтіп кеткенше тоқтап, күтіп тұратын жағдай жиі кездеседі.

Тастыбай ыржалақтап күле береді. Көзіне жас алып, қай-қайдағыны сандырақтаған екі-үш күн бұрынғы қылығы есінен шығып кеткен. Ұшып-қонып, ұзын бойы алқын-жұлқын ирелең қағып, жай табатын түрі жоқ. Ақырын Сайрамбайды былайырақ шетке шығарып, інжәпия құпиясын айтып тынды.

– Сәке, сырымды айтпасқа лажым жоқ, – деді Тәкең төрт бүктеле иіліп, әжептеуір алабұртып. – Жан адамға айтпайсыз ғой, әрине.

– Сенбесең, өзің біл, айтпай-ақ қойғын, – деді Сайрамбай алабұртқан ауылдасына бұрабұртып.

–  «Біреудің үйрегі біреуге қаз көрінеді, біреудің қатыны біреуге қыз көрінеді» деген ып-рас екен, Сәке. Біреуді тауып алдым. Көрсетейін бе?! Әне, ана-а-ау отыр, Сәке! Ана-а-ау...

– Кәне-кәне, қайсысы? – деді Сайрамбай жетінші қабаттан төмен қарап. Қалың ағаштың арғы жағындағы оңаша орындықта отырған толық әйелдің денесі, қазақша айтқанда, түйенің жарты етінен кем емес-ті.

– Кер-ремет! – деп күлді Сайрамбай. – Құттықтаймын, Төке!

– Енді, кешіріп қойыңыз, біздің укусы (вкус дегені) осындай, Сәке. Абайсызда алып қойған келініңіз де өзім секілді кирелеңдеген бәле ғой, – деді Тастыбай. – Сіз білесіз бе, мен атақты айтыс ақыны Нөсерхан Нәлібековаға да сыртынан-ақ, айдалада, алыста жүріп-ақ өлердей ғашық болып, үш-төрт жылдай алашқа белгілі ақын үшін аһылап-уһілеп өліп қала жаздағанмын, Сәке. Дертімді жан адамға білдірмей, ішімде тұншықтырып, әйтеуір аман қалдым ғой сонда. Тоқсаныншы жылдардың басында.

– Апыр-ай, а?! – деп таң қалды Сайрамбай.

– Сәке, өте бір қиын жағдай боп тұр, – деді Тастыбай табан астынан қатты қиналыс танытып. Сайрамбай қорқайын деді.

– Немене, ауру тауып қалдың ба, әлде ақшаңды тонатып алдың ба?!

– Жоқ, ә. Келініңіз төртке бөліп, негізгісін ышқырыма тігіп тастаған. Ақша жоғалмайды.

– Енді немене боп қалды? Қиын жағдайың – не жағдай?

– Біз тап осы қазір анау төменде отырған ғашығым екеуміз теңіз жағасына, оңаша кетпекке уағдаласқан едік. Алғаш рет! Енді сіздерден шыға алмай қалайын деп тұрғанымды қараңызшы! Қап...

– Ойбай, бара бер! Жолдарыңнан қалмаңдар!

– Ұят болады ғой, Сәке. Пәлен жерден, ердей, үшеуіңіз бірдей кеп қалған екенсіздер, қалай тастап кетемін?! Білмей тұрмын. Басым қатып тұр, Сәке!

– Еш саспағын, ермауытым! Бар, бара бергін, – деді Сайрамбай Тастыбайдың арқасынан қағып, желкесінен нұқып. – Мен себеп тауып айтамын жігіттерге, қыдыртамын оларды. Алаңдамай алға тарт, Тастыбай мырза!

Тастыбай жетінші қабаттан секіріп кете жаздады.

–  Ой, рахмет, Сәке! Жақсылығыңызды ұмытпаспын. Ренжітіп алам ба деп, қатты қорқып ем.

– Кімді? Бізді ме?

– Жоқ, анау төмендегі сүйіктімді... А-а, ие-е, сіз... сіздерді де...

Сонымен, не керек, ойпаңбелдіктер курортта көңілді демалды. Қыз-келіншектерді қойыңызшы, ең бастысы, Кирилл Сысоевтай дос тапты. Аңқылдаған ақкөңіл Сысоевтың бала-шаға дегенде шығарға жаны жоқ. Өзі Петрозаводскідегі, яки Кәрелиядағы баршаға белгілі балалар үйін басқарады екен. Мына Сережа да өзінің ұлы емес, әлдебір ауырлау сырқатынан айыға алмай қиналып жүрген жетімек болып шықты. Алайда өз баласынан бетер асты-үстіне түсіп, мәпелегенін көргенде Кириллді біздің ойпаңбелдіктер одан сайын жақын тартып, жақсы көріп кетті.

«Шірке-е-ен, баяғыда біздің қазекемдер де жетім балаға дәл осындай мейірбан еді ғой», – десті.

Қоштасар күннің қарсаңында Кирилл мырза сауна ұйымдастырды. Бөтен бірдеңе ойлап жүрмеңіздер, саунада қыз-келіншектер болған жоқ, ағай-е-ен. Тек ойпаңбелдіктер оңаша рахаттанды, Кирилл кеңесші ретінде қызмет жасады. Обалы нешік, Ойпаңбел курортшылары ондай саунаны алғаш рет көрген еді. Сүйек-сүйектері саңғырап, буын-буындары балбырап, жұмақтағыдай жадыраған ЖШС белсенділері Сысоевқа алғыс жаудырып, достықтары нығая түскенін мәнерлей меңзеп, мең-зеңдеу күй кешіп отырғанда, ол:

– Бірақ бұл – нағыз сауна емес, – деп мәлімдеді.

– Сауна болмаса, сонда бұл не? – деді буалдырлау бу арасынан Тастыбай мырза.

– Мынау бу болмауы керек шығар, сірә, – деді көзі ашықтау, логикасы мықтылау Шубай мырза.

Сайрамбай мырза сөз шығындамай, рахаттана жантаяды.

–  Шын мәніндегі саунаға түсемін десеңдер, Кәрелияға келіңдер, – деді Кирилл. – Нағыз сауна бізде ғана. Кәрелдер мен финдерде ғана!

– Несі бар, барамыз! – десті ЖШС белсенділері. – Әй, шынымен-ақ бір барып қайтсақ қайтеді, а?!

– КамАЗ-ымыз бар ма, бар. Қара дарбызды лықа толтырайық, айнала-төңірегін киізбен қымтайық. «Қайрансу және К» ЖШС кімнен кем осы, а?!

– Қысыңыз жазға бергісіз боп тұрыпты, қатып кетер еді ғой, барып қайтсақ, ә?!

–  Бізде дарбыздың бір тілігі тоқсан рубль тұрады, – деді Кирилл. – Егер дарбыз апарсаңдар, біз балалар үйіне ем үшін сатып алар едік.

– Қой, Кирилл, ондайды айтпағын, – деді Сайрамбай өзінің жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (ЖШС) басында жүргенін аңғартып. – Бізді сен саудагер деп отырсың ба? Бір КамАЗ-дарбызды сыйлық ретінде апарамыз.

– Иә-иә, солай, Сысоев! Бізге шын саунаны көрсетсең, сол жетеді, – деді Тастыбай.

– Ең бастысы, сенің елің мен жеріңді, орман-суыңды көріп қайту ғой біздікі, – дейді Шубай.

Осы жерде Сайрамбай іштей аздап намыстаныңқырады. Баяғыда кеңшар директорының орынбасары еді, осал емес-ті. Енді білдей серіктестіктің басында жүрсе де, таяқ тастам тұстағы, бұрындары обкомның демалыс үйі аталған жерде облыс бойынша алғаш салынған саунаға бір барып көрмепті-ау, масқараңыз осы емес пе?! Кириллді керемет жақсы көре тұра, ішіндегі осынау ойына батып-шығып, шығып-батып, тұншығып отырды. Кирилл немістерге қатты ұқсайды екен. Ойпаңбелде де әр түрлі ұлттың өкілдері тұрған. Немісі бар, орысы бар, басқасы бар дегендей. Обалы нешік, осы отырған үшеуі де немістер мен орыстардың пайдасын әбден көріңкіреген. Қалай дейсіз ғой? Ол былай еді. Мәселен, базарға сиыр апарып сатуға бел байладыңыз делікші. Қайран қазекемнің сиырына күдікпен қарап, мұрнын шүйіретін де – сол қазекемнің өзі. Сондықтан бұлар сиыр сатуға неміс таныстарын жалдайтын. Неміс сататын сауын сиырға Қарақұрақтың базарында қырық қазақ таласады да, баға аспандайды ғой, баяғы. Себебі белгілі. Логикаңыз мықты емес пе, аңғарып, бағамдап үлгерген шығарсыз. Өкінішке қарай, сексенінші жылдардың соңына таман Ойпаңбелдің төңірегінде неміс қалмады. Одан соң орысты пайдаланатын болды бұлар. Орыс сататын сиырға отыз қазақ таласар.

Ал енді бүгінде неміс дегеніңіз емге табылмайды, орыс бауырлар да некен-нұқан.

Ойпаңбелдік курортшылар Кириллдермен құшақтасып, сүйісіп, қимай-қимай қоштасқан еді сөйтіп.

Ауылдарына келгеннен кейін Сайрамбай, Тастыбай және Шубай жан-жақты ақылдасты. Ақырында, қазақ дейтін бүкіл бір ұлттың атына кір келтірмеу үшін, қазекемді сөзінде тұра алмайтын, уәдесін орындай алмайтын, алдамшы халық атандырмау үшін Кәрелияға барып қайтпаққа бекінді бұлар. Ұлы сапарға аттанар алдында жолдас-жораларының бәрін болмаса дағы, нарық заманына әжептеуір-ақ икемделіп қалғандарын маңдайларынан қара дарбыздай шертіп-шертіп шақырып, арнайы мәслихат өткізді. Ақыл-кеңестің де, артық-ауыс ақшаның да пайдасы тимеді дей алмайды бұлар. Қазақстаннан шыққанша қай жағынан да қатты қиналыс тапқандарын жасырмайды және де. Сәтін салғанда, Ресейдің һәм, Кәрелияның һәм қысы май тоңғысыз, мамыражай боп тұрыпты. МАИ-лары да біздікіндей емес, дікеңсіз, дігірсіз және нысай-ниеті түзу, нысапты болып шықты.

Бір КамАЗ қара дарбыз Кәрелияны түгел тойдырғандай еді. Кирилл Сысоев басқаратын балалар үйіндегі дарбыз тойы бүкіл дүние жүзінде болып көрмеген ірі оқиғаға айналды. Ойпаңбелдіктер, қаншама нарық заманы дегеніңізбен, қара дарбыз үшін көк тиын алмай, көл-көсір дүниені толайым-тұтас балалар үйіне сыйға тартты. Ұлан-асыр дастарқаннан артылған үйме-төбе қырманның қалғанын Кирилл Сысоев тап-тұйнақтай қоймасына кіргізіп алды.

Саунаның көкесін көрген қазақтар үш-төрт күннің әрқайсысында екі реттен түсіп, бәрібір құмарларын қандыра алмай-ақ қойғаны. Ойпаңбелдіктердің жүректері мықты, әрине. Оған дейін саунаның өзі не, көкесі не екенін бұлар онша біле бермейтін. Сысоев мырза алғаш өзінің саунасына, сосын сол қаладағы орташа мырзаның моншасына, қорытындысында «Элит» дейтін ерекше саунаға апарды. Әр түрлісі туралы қаншама аңыз айтыла тұра бұларға, яғни ойпаңбелдіктерге ұнағаны Сысоевтың саунасы еді. Өзгелерін онша ой-саналарына сіңіріп, түбегейлі түрде түсіне алмады. Кириллдікі кәдімгідей-ақ кәллаға кіреді, оның үстіне сай-сүйегіңе шым-шымдай еніп алатын хош иісті ғажайып бірдеңесі бар. Бассейні де табиғи, қара дарбыздай қарапайым, ішіне түссең, ішіңнің ыстығын алып, сұлу торы аттай қунатып, қуантып шығарады. Қайтадан қайнаған ыстыққа құлшынасың.

Кирилл Сысоев ары ойланып, бері ойланып, ақырында ақылды амал тапты. Қазақстан тараптан келген достарына бір КамАЗ толы кереметтей ағаш тақтай тарту етті. Тарту-таралғы мен сый-сияпат осындай-ақ болар. Қарағайы мен самырсыны аралас, құрылыстың қандай төресі үшін де таптырмас тақтайлар еді. Сысоевыңыз сыйлықтың барлық құжаттарын түгендеп, тіпті Кәрелияның жергілікті ресми өкімет орнынан арнайы хат жаздырып берді. Ол хат Ресейдің, Қазақстанның жергілікті өкімет орындары мен жол-жөнекейгі шекара, кеден, МАИ, т.т. және т.б. органдарына құлаққағыстұғын. Үшбу хатта кеңпейілді қазақ халқының Сайрамбай, Шубай жөне Тастыбай атты ақжүрек азаматтары алыс Кәрелия еліндегі жетім балалар мекендейтін үйге бір КамАЗ қара дарбыз сыйлағаны, мұндай мейірбандыққа жауап ретінде кәрел халқының өкілі Кирилл бір мәшине ағаш тақтай тарту жасағаны баян етіліп, ешқандай бөгет тудырмай, кедергі келтірмей, қайта Ойпаңбелге дейін аман-есен жетуіне көмек көрсету жөнінде өтініш айтылған. Кішіпейіл ғана, түсінікті түрде.

Жол-жөнекей талай жерде тоқтатқандар бұлардың мәшинесіндегі керемет тақтайларға ауыздарының суы құрып тұрып қарайды. Қарайды да, түрлі-түсті еріндерін жалайды. Мәшиненің алдына бір, артына екі шығады. Құжаттарын ақтарады, кілтипан етердей ештеңе таба алмайды. Бірдеңені тауып-ақ алғысы келіп, тағы үңіледі. Ақырында әлгі халықаралық маңызы бар, ұлтаралық мәні зор хатты оқиды. Оқиды да: кейбіреуі күрсінер, кейбіреуі күлімсірер.

Үш күн түгелдей тәмәт-тәмәм етіліп, төртінші күннің ымыртында бұлар Ойпаңбелге де жетіп жығылды.

КамАЗ толы тақтайдан жұртта жоқ сауна салу туралы мәселені бұлар Кәрелияда, Кириллдің үйінде отырып-ақ шешіп қойған. Шынында да бұл дүниенің ұжмағы кәрелдің саунасы екен ғой. Кәрелиядағы Кириллдің саунасындай саунаңыз сонау Сочиде де, Адлерде де, Анапада да жоқ.

«Қайрансу және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің саунасы жаңа жүзжылдықтың алғашқы жылының жазында пайдалануға берілді. Бұл кезде қас қылғандай-ақ Шымкент шаһарын жыпырлаған сауналар қаптай бастаған болатын. Сонда дағы, ауылдық аймақтарда кездесе қоймайтын құбылысқа қайран қалушылар аз емес-ті. Жаңа жайдың лентасын кәттә бір бастықтың өзі келіп кесті. Ауылдағылардан бұрын аудандағылар, т.б. жақтағылар жариялы түрде де, жариясыздау, жасырындау жағдайда да түсе бастады.

Тастыбайдың денсаулығы қайта-қайта сыр беріңкіреп, қатты-қайырым мәселелерге қараңқырамай, іссапарларға жараңқырамай қалғандықтан, осы Ойпаңбел саунасына бас-көз болып жүре берсе жетеді деп шешілді. Бойы екі метрдің төңірегінен табылатын Тастыбай мырза көбінесе саунаның айналасында сорайып тұратын болды. Сөйтіп жүріп, Сайрамбайдың сылаңдаған (сырттан әкелген) сұлуларын да көрді.

– Дымың ішінде болсын, түсіндің бе? – дейді жауапкершілігі шектеулі серіктестік сардарларының бірі.

– Білдіріп, бүлдіріп қойсам ше, Сәке? – дейді Тастыбай қулана күлімсіреп.

– Анападағыны ұмытқан жоқпыз Шубай екеуіміз, – дейді Сайрамбай.

– Айтпақшы, осы Шубай шіркін сыр бермейді-ау, жүдә?! – дейді Тастыбай төрт бүктеліп отырып.

– Шәкең Шымкенттен шықпайды, бізге қарағанда аса сақ сырттан ғой,–дейді Сайрамбай сылқым күліп, сұлуларына кіріп бара жатып.

Міне, түнгі сағат төрт шамасында жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшылығы мен олардың сұлуларын бір мәшине келіп алып кеткен.

Тастыбай тағат таба алмай, денсаулығының дәнемесі жоқ кісідейін көңілі алабұртып, қиялы бұрабұртып, айналасына алақ-жұлақ қарады. Ай аса жарық еді.

Сауна тұрған баудың шетінен қарасаң, Ойпаңбел алақандағыдай көрінетін. Тастыбай төрт көшені көзімен түгел тінтіп өтіп, Қарақұрақ бұрылысының бір шетіне жеткенде кілт кідіріс тапты. Ай жарығы Аймеректің үйіне құйылып тұрыпты. Кеңшар тарағалы бері жұмыссыз қалып, баяғы сауыншылыққа зар болып жүргендердің бірі еді ол. Күйеуі Сайрамбайдың немере інісі ғой, осы ай мен күндей Аймеректі ай жарық, күн жылыда тастап, қаладан қатын тауып алған. Ал Аймерек аса мол денесіне қарамастан, өмір бойы сауыншылықтан танбаса дағы, аппақ-ау, аппақ. Тек кейінгі бес-алты жылда Бішкектен тауар тасып, ауыл-ауылды аралап сатып күн көретіндіктен, сәл-пәл ғана қарауытқанын айтпасаңыз, Аймерегіңіз күләлі күйде жүр әлі.

Алайда Аймерек тап сол сәтте ауылда да, ай жарығы құйылып тұрған үйінде де жоқ-ты. Дәл осы кезде Бішкек – Шымкент автобусынан түсіп, алма баудың шетіндегі жалғызаяқ ирелең жолмен ала сөмкелерін арқалап келе жатқан. Тастыбай тас төбеден ұрғандай тұрды да қалды. Алма бақтың жиегімен жай ғана жылжып-қалқып, қалқып-жылжып, жұлдыз арасында, ай астында, қылаңытқан қырау үстінде келе жатқан Аймерек ала сөмкелерін жерге қойып:

– Уһ! – деді.

Сауна солқ ете түсті. Төңкеріліп барып түзелгендей.

Әуелгі заманда кеңшардың, бес-алты жылдан бері жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің меншігі болып келе жатқан алма бағы желдің суылына буылды.

Ойпаңбел ойнап-аунап, ай астындағы Анапаға айналды да жөнелді.

– Амансың ба, Аймерек...

Тастыбайдың үні тас астындағы балықтай бұлқынып шыққан.

– Уһ! – деді тағы да Аймерек.

– Шаршадың ба? – деді Тастыбай.

– Күйік асуында автобусымыз бұзылып, көресімізді көріп... Ессізқағыр, қу тірлік-ай... Уһ! – деді Аймерек. – Күздің күні жылы болғанмен, түні тастай қатып, мұздай суып қапты ғой. Өлдік-ау әбден...

– Сауна... Сау-на-ға түс, Аймерек, – деді Тастыбай тұтығып. – Тап-таяр тұр...

– Тірілгін деп тұрмысың? – деді Аймерек. – Тірілер ме екем? Әлдеқашан өліп қалған шығармын. Тіріле қояр ма екем?

– Саунаға... түсіп алғын, Аймерек, – деді Тастыбай тағы да. – Қайнап тұр...

– Ессізқағыр, түссем, түсіп-ақ алайыншы осы! – деді саудагер қатын сілкініп.

Сауна да бір сілкінді.

Тастыбай Анападағыдай дүр сілкінді...

Қара басып, екеуі де қатыпты да қапты. Сәскеге таяу Ойпаңбел жақ беттегі бөлмеде қатарласа, жап-жаланаш жатқан екеуін қыстық алма мен қара дарбыз жинамаққа бара жатқандар оятқан деседі.

Деседі де дейді.

Дейді де деседі.

Ойпаңбел қазақтары да өзге жақтың қазекемдері секілді ғой. Еркектерін айтып отырыппыз. Бұлар дағы халықаралық және ұлтаралық жағдаяттарды аса шебер шеше алады. Алайда отбасылық орайында орынсыздау оқиғалар орын тепсе, оңтайлы жолын таба алмай, оспадарсыздыққа жиі-жиі жол береді. Көбінесе күйреп тынатындары да аз емес. Тастыбайдың асқазанындағы жараның беті мүлде ашылып, Шымкенттегі ауруханаға түсті. Әдетте мұндайда саунадағыдай кейбір кемшіліктер кешіріліп, кінә біткен өшіріліп кетуші еді, Ойпаңбелде олай бола қоймады. Тастыбайдың әйелі де, бала-шағасы да артынан бармапты. Есесіне «ессізқағыр» деп қойып, Аймерек сынды ақ қатын ала сөмкесін толтырып алып, ауруханаға апта сайын екі мәрте кіріп тұрыпты. Деседі.

Ойпаңбел саунасы содан бермен қарата онша істеңкіремей, мелшиіңкіреп қалған.

Кенет!

Иә, кенет Кәрелия жақтан Кирилл Сысоев біраз достарымен бірге Қазақстанға, атап айтқанда, осы Ойпаңбелге қыдырып келеді деген ақпарат жетті алқынып. Аталмыш ақпаратыңыздың еларалық, қала берді халықаралық мән-маңызы зор екені зайыр ғой. Сондықтан саунаңыз да қайтадан қыз-қыз қайнап кетер. Десіп, алақандарын ысқылаушылар жоқ емес.

Айтпақшы, тарс ұмытып кете жаздаппыз, билік басындағылар мен «Қайрансу және К» ЖШС бірлесе отырып, бұрынғы балалар бақшасының әлдеқашан тоналып, тозып біткен үй-жайларын шұғыл түрде күрделі жөндеуден өткізуге кірісті. Әне, халықаралық мәселенің әсері қандай?! Соңғы жылдары онша оқи алмай қалған балалар алысырақ ауылдарда баршылық қой, соларға сауабы тиетінін айтсаңызшы бәрінен бұрын. Жедел жөнделетін жайыңыз мектеп-интернатқа айналатын көрінеді. Кәрелиядан келетін бауырларға көрсетуге де керек-дүр. Кирилл дос, қанша дегенмен, баршаға белгілі балалар мекемесінің басшысы дә.

Ойпаңбел осылайша бірсін-бірсін жан-жақты оңалып жатыр. Халықаралық және еларалық маңызы бар мәселелердің әсер-ықпалымен кейбір қазақтардың отбасылық тірліктері де түзеліп кетуі бек бәлкім.

3803 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы