• Руханият
  • 14 Желтоқсан, 2021

ЕҢБЕК СҮЙГЕН ӨМІР

(«Тілше» мен «Күнделіктің» негізінде жазылған эпистолярлық эссе)

 

«СОЛ КЕЗДЕ  МЕНІҢ ДЕ ЖАҒДАЙЫМ ҚИЫН ЕДІ...»

(Ленинградтағы қатерлі  жылдар туралы)

«Тілшедегі» мына сөздер, Әлекеңнің айтқандарын еске түсіріп отырып,    кеңейтіліп жазылған қатирадағы жолдарды  қайталайды. Бажайлап қараған адамға қайталғанмен де, өмір көріністері мен жан тебіренісі сол күйінде қағазға түсірілуімен де қымбат. Бұл да эпистолярлық жанрға тән бір ерекшелік. Оқыңыз.

 «Тілшеден»:   30.11. 1982 жыл.   «... Елдің өз астығын   өзіне қимау не сұмдық. Мұхтардың   хабарын біліп, әлде бір   сәуленің жылт еткенін сезіп кеттім. Елге жетсем –  ауылдың орнынан басқа ештеңесі қалмапты. Шешем    Қарағандыға бара жатып жолда өліпті. Арғы атамыздан қалған араб, моңғол, түркі тілінде жазылған, кейі өгіздің терісіне басылған жазбалар бар еді. Олжабай батырдың сары ала туын, бәр-бәрін інім шешемнің қабірінің қасына көміп кетіпті. Оның өзі де өліпті. Қарағандыдан Мәшһүр Жүсіптің үш хатын ғана алып Ленинградқа қайттым. Күзде Валентина Николаевнаны қуанышпен елге шығарып салдым».

Мұнда, «Тілшеде» – мұң басқан, өкініш өзегін күйдірген, құсалы да назалы күйде қарсы алдыңда отырып, күңіреніп сөйлеп отырған шерлі адамның сол сәттегі көкірегіндегі запыранды  дәл жеткізетін астарлы, күрмеулі, ұғымды сөздердің дығы мен екпіні бар. «Елдің өз астығын   өзіне қимау не сұмдық?!.», «Әлде бір сәуленің жылт еткенін сезіп кеттім», «Оның өзі де өліпті» – деген шолақ тіркестердің дығы ауыр. Сол сөздердің астарында қаншама қасіретті тағдыр тауқыметі жатыр. Мысалы, «Қуанып, шығарып салуын» қуанып шығарып салған, бірақ,  ішіне қаншама ауыр сөз ертіп кетті десеңші. 

«Тілшедегі»:   02.03. 83. Сейсенбі: «Бұрын Мұхтар екеуміз алыстан   көрсек қалпағымызды   қолымызға   алып, амандық   ишарасын   жасайтынбыз. Бұл  ең   сеніскен адамыңа көрсететін құрмет. Бірде Мұхтар әлгіндей сәлемімді алмай, жай қолын ұсынды. Таң қалдым. Артынан мән-жайды білген соң, өзіне әдемілеп тұрып, мәдениетті түрде ұрыстым. Аңғал, әркімге алданып қалатын. Иә, солай. «Е, бәсе», – деп   күліп, бетімнен сүйді», – деген сөзді айтқызған да, өзін сырттан бақылап жүруді Әлкейге тапсырғанда, өзіне «әлде еврейдің, әлде армянның» келіп жүргенін жеткізіп қоятын шығар деген әйелдік жеңілдікпен: «Әлкейдің өзі де қырындады» – десе керек. Мұны  Әлекең: «Керек емес сөз еді. Бекер істеген. Ол болмайтын іс қой. Мен Мұхтардың өтінішін орындадым ғой. Соны түсінбеген», – деп бірнеше рет бізге қайталап айтқаны бар. Жә...

 «Тілшеден»,  30.11. 1982 жыл. Сейсенбі. (Жалғасы): «Ал сол кезде Ленинградтағы    менің де жағдайым қиын еді. Кукушкин деген қу соңыма түсіп, қыр соңымнан  қалмады.    Студенттердің арасындағы отызыншы жылдар-дың ішіндегі Кировтың өліміне байланысты әр түрлі қозғалыстар салқынын тигізді. Ақыры ауруханадан бір-ақ   шықтым. Оның мәнісін   сұрап қажеті жоқ».

Бұл күнгі әңгіме осымен аяқталып, келесі кездескенде тура осы үзілген жерден бастады. Сол бір қиын да азапты күндердің себебін қалай қайталап сұрасам деп қиналып келген мен, бұған таң қалдым. Соңынан жазбаларды парақтап қарасам, әр әңгімені белгілі бір кезеңмен аяқтап, келер жолы сол арадан бас-тайды екен. Демек, алдын-ала барлық ойын іріктеп, жүйелеп алған болды ғой. Бұл жолы да: «Ақыры ауруханадан бір-ақ шықтым», – деп  аяқталған, тура сол арадан басталды.

Бұл сталиндік үлкен террордың басталу қарсаңы еді. Ұйымшылдығы күшті, революция тұсында шыңдалған Киров, Куйбышев сияқты байырғы большевиктер Сталиннің бір беткей, ешкімнің сөзін тыңдамай, сыңаржақ, жазалау саясатына көшкеніне қарсы еді. Ол ойларын Орталық комитетте ашық айтып, Ленинградтың партия комитеті өзінің алаңдаушылықтарын білдірген. Өзінің жеке басына қатер төне бастаған Сталин Кировты көшеде атып өлтіртті. Бүкіл Ленинград жұрты жаппай наразылық білдіріп, студенттер астыртын ұйым ашып, қарсы үгіт жүргізе бастаған. Наразылардың ішінде елдегі аштықты көріп, назаланып келген аспирант Әлкей Марғұлан да бар: ««Елдің өз астығын   өзіне қимау не сұмдық?!.», «Өзбек, қырғыз, өзге республикалар аштыққа ұшыраған жоқ. Қазақстаннан ғана неге орын алды. Демек,  аштықты қасақана ұйымдастырған», – деген мағынадағы пікірін ашық білдірсе керек. Оның үстіне алдында бір рет алашордашылардың қатарында тергеуге түскенде: «Артынан бақылау жүргізілсін» деген «үкім кесілген» айыбы да бар болатын. Сондай-ақ, көкірегін кернеген наза да шыдатпаған. Сол көңіл-күймен Ақтеңізге сотталып барып, түрмеде жатқан алаш ардагерлеріне, соның ішінде өзі сүйген ақыны Мағжан Жұмабаевқа барып, жағдайын біліп тұрған. Студенттік стипендиясынан қағыстырып қаржылай көмек те көрсетіп тұрған. Өзге-өзге, мұндай «қылмыскердің» бақылаусыз қалуы мүмкін емес еді.

Т.Жұртбай, «Ұлт ақыны»: «Алаш ақиық-тарының ішінде соңына аңызға бергісіз естелік-тер қалдырған кейіпкер тұлғалардың бірі де, бірегейі осы Мағжан Жұмабаев пен Сәкен Сейфуллин. Әсіресе, бірінші және екінші тергеудің арасындағы аңыздар шындыққа барынша пара-пар. Сол аңыздардың арасынан сенімді зергер Шерияздан Елеукеновтің ақынның жары Зылиха Жұмабаеваның естелігімен тиянақтаған бір-екі деректі келтіреміз. Концлагерьде Мағжан айдауылдағыларға сауатсыздықты жою дәрісін береді. Петербургтің зиялы тұқымы Иван Иванович Фетисовтың ақылымен медфельшерлік мамандықты игереді. Медициналық техникум-ның бағдарламасына сәйкес қажетті кітаптарды И.И.Фетисовтің үйінен (Васильев аралы, 20 орам, №15 үй, 10 пәтер) Зылиха Жұмабаева жеткізіп тұрады. Бұл білімнің өмірде қызығын көрмесе де, ой-сарасын тотықтырмай, жанып отыруға жанабы тиген.

Сондай-ақ, Әлкей Марғұлан да лагерьге барып, өзек жалғайтын қолүздік беріп тұрыпты. Зылиханың тұрмысына сүйеу болыпты. Барлық қаражаты мен бұйымдарын ұрлатып алғанда Әлкей Марғұлан 25 сом көмек беріпті. Ол кездегі ақшаның құнына шаққанда қомақты қаржы. Өзі «қалпақ астында» жүріп халық жауына жолығуы – ерлік. Өкіл баласындай болған Әлекеңнен – Әлкей Марғұланнан бұл туралы сұрағанымызда: «Маған Ленинград пен Мәскеудің үлкен ғалымдары қорған болды. Солардың ақылымен «тереңге шөгіп жаттым», – деп қырылдай күлетін. Ал Мағжан екінші рет ұсталғанда  тергеушілерге: «Маған досым, әрі жанашырым (поклонник) Әлкей Марғұланов келіп тұрды. Ол шизофрениямен ауырып, жүйке ауруханасына түскен», – деп жазыпты. Ал тергеушілер Марғұланның тұсына: «Өлген», – деп белгі қойыпты.

Шындығында, Әлкей Марғұлан 1934 жылы Ленинградтағы студенттердің қозға-лысына қатысып, соңынан тіміскі түскенде өзіне өзі қол жұмсап, ажалына әлгі тыңшының себепкер екенін көрсетіп, өсиет қалдырған. Жүйке ауруханасына сол жолы тіркелген. Әлгі «тіміскінің» аты-жөнін атап:

«Ол әлі тірі. Соны іздеп барып, қатты-қатты ұялтшы», – деп сондай бір өкпелеген балаға тән аңқаулықпен кәдімгідей өтінетін».

Бұл жолы әңгімені тікелей сол қатерлі күндерден бастапты.

«Тілшеден», 02.03. 83.Сейсенбі: «– Өзіне-өзі қол жұмсау ағымы Ленинградта болды. Кировке жасалған ашық қастандыққа білдірген қарсылық қозғалысы еді. Өрши берді. Содан қауіптенген  «гпуищниктер» жасырын банды тобын құрды деп айтып жүретін ленинградтықтар. Расында да, «Чубаровшылар» деген бандиттер тобы болды. Кешке тиіседі. Адамдарды көшеде жүргізбейді. Сонда студенттер көтерілісі болды. ГПУ-ге қарсы болған жай. ГПУ-да көп кісі қамалды.  «Гпуищниктерді» жұрт таспен атып жүрді. ГПУ-дің ұйымдастыруымен, мен шығыстану институтына сабақ беруге барғанымда терезеден, шатырдан тас лақтырады. Үйге келгенде терезеден қарап, аңдып жүреді. Күні-түні маза бермейді.  Содан жаман боп қапаланып кеп, үйге келгенде өзіме-өзім қол салдым... ГПУ-дің бір жігітіне ерегесіп істедім. Кукушкин деген... тыңшы соңымнан қалмайды. Қансырап жатқан кезімде өзі ауруханаға апарып салды. Не үшін? Білмеймін. Кішкене (аз уақыт – Т.Ж.) абақтыға отырғызды: «Студенттік көтеріліске қатысты» – деп айыптады. Оның ішінде Қазақстаннан да оншақты адам болды. Біз Аштыққа қарсы болдық. Ал, ленинградтық жастардың көтерілісінің себебі: Сталиннің бір жұмысына, Украина туралы ісіне Куйбышев қарсы болған. Оны қолдаған Киров атып өлтірілді. Мен Сталиннің  қазақ туралы ісіне наразы болдым. Неге олар ашығады? – деген қиял бар.

Сол кезде ауруханаға академияның ғалымдары, аспиранттары келді. Алматыдан өз туысқандарым келді.

Бір-екі жыл жаттым. Шығармай қойды. Ауырып, елге келіп жазылдым. Інілерімнің қолында тұрдым».

Мен Әлкей Марғұланның неге тама-ғынан қырылдап сөйлейтінін сонда білдім. Тамағындағы жіңішке тыртық шорланып жетілген екен. Бұл әңгімелерді тыңдау қиынға соқты, әрине. Үнсіз тыңдай бердім. Анығы: Ленинградтағы студент жастардың көтерілісін қарудың күшімен басқаннан кейін, оған қатысқандарды тергеуден соң, жүйке ауруы аурханасына қамап, күзетпен ұстаған. Оған Әлкей Марғұлан да ілінді. Бұл туралы Ресей тарихшылары барынша талдап, әшкерелеп  жазды. Ал, тергеушілердің «Өлген» деп анықтама беруіне қарағанда, «меншікті тыңшысы» Кукушкин «өліміме кінәлі» дегенінен сескеніп, не тірі қалуынан үмітсізденіп солай рапорт жазуы да мүмкін. Сол бір қауесет, жаңылыс жазған тергеу анкетасындағы сөз, артынан іздеу салушылардың ізін жасыруы да мүмкін. Бәрі мүмкін.

Сол бір қатерлі, зауал күндердің дәлел ретінде және соны  айғақтайтын  материал-дардың  қатарына  Орталық Мемлекеттік архивтегі Ә.Марғұланның жеке қорындағы Мағжан Жұмабаевтың зайыбы Зылиха Жұмабаеваның мына хаттары да жатады. Әрине, ол хаттар елуінші жылдардың аяғында, Мағжанның азаматтық құқы ақталған соң, өткен күндердің азабын еске алып, амандық-саулықтарына қуанған көңілмен жазылған. 

Зылиха Жұмабаеваның  Әлкей Марғұлан-ға жазған хаттары. Қор 2415. Т-1, 586-іс. 3-3а парақ.

Бірінші хат:

«19.VІ.59 ж.

Сәлем хат

Құрметті інім Әлкей, бүгінгі күні сізге арнап осы хатты жазып отырмын. Таяуда Қызылжар қаласына бір жақынның үйіне барып, сол үйде «Қазақ әдебиеті» газетінің подшипкесінен  1958 жылы сіздің академик болғаныңызды және тірі екеніңізді біліп, қуанышым қойныма сыймады.

Құрметті інім! Бақытың ашылғанына қуанғаным сондай, сенің жас күніңдегі ауыр азапты күндерің есіме түсіп, бір жылап алдым. Міне, алдымда Тамара екеуіңіздің Қаратеңіздің жағасында отырып түскен суретіңіз  жатыр. Жылжыған өмірдей толықсыған Қаратеңіздің асау тасқындары сендердің отырған тастарыңды келіп ұрып жатыр. Сен дамылсыз зырлап бара жатқан өмірдің артынан көз жібергендей, болашаққа үңілгендей алдыңа қарап отырсың.

Сені бір көруге ынтызармын. Бірақ оған мұршам да жоқ, тұрмыс та жоқ.

Қош, сау бол.

Жеңгең – Зылиха.

19.VІ.59.

«Жакеңнің ботакөзі» – әйелі Зылиха ханым.

Адресім: Северо-Казахстанская обл, Конюховский р-н, ст. Кара-Гуга, ул. Карла Маркса, 11. Жумабаевой Зулейхе».

Мұнда ұзақ жылдар бойы қуғын, сүргінде, бақылауда жүріп, бір-бірінің өлі-тірісінен бейхабар қалған жанның алабұртқан алаң көңілі аңғарылады. Тура сол осы хат жазылған кездегі Зылиха Жұмабаеваның кешіп жатқан тауқыметті тіршілігін көзімен көрген, 1937 жылы Мағжан мен Зылиханы Алматының мейрамханасында көріп, танысқан  жазушы Жайық Бектұровтың мына естелігі санаға саңлау түсіреді:

«... Арада көп уақыт өтті. 1959 жылы Жазушылар одағының Солтүстік Қазақстан облыстық бөлімшесін құруға Қызылжар-Петропавл қаласына келдім. Студент кезінде ақындығымен көзге түскен Хамза Абдуллин осындағы «Ленин туы» газетінде қызмет істейді екен. Жүдеу, қағажау көрінді. Сөйтсем, соғыста немістердің қолында тұтқында болып, өзіміздің елде де содан қуғынға ұшыраса керек. Сөйлесе келе, Хамзадан жеңгеміздің Мағжанның елінде, Булаев ауданының іргесіндегі Қарақоғада екенін естідім. Хамзаны ертіп, Жолдыөзекті басып, ондағы Ноянның обасын көріп, Қарақоғаға келдім. Иесіз қалғандай бір болмашы ескі үйде бір уыс болып Зылиха отыр. Жүдеу».

Зылиха Жұмабаева екінші хатты,  алғашқы сәлеміне Әлкей «інісінен» жауап алғаннан кейін жазған.  Өткенді есіне түсіріп барып, Мағжанмен   бірге жүрген  өмірді көз алдына елестетіп, азаппен кешкен жылдардың зардабы мазасыздандырып, қолына қаламды толқи алған сияқты. Кей тұстарда: «Сонау шалғайда қалған күндерде, өзіңмен бірге жылаған жеңгең әлі де жылауда», «Жынынан айырылған бақсыдай сарнап жалғыз қалдым» – деген  мұңлы да  ащы сөздердің жазылуы соны аңғартады. Хаттың жолданған айы, күні, жылы қойылмапты. Сонымен қатар, Әлкейдің 34-жылғы азапты күндерінен мағлұматтар елес береді.

Екінші хат:

«Құрметті Әлкей!

Жазған хатыңды алдым, өте рақмет. Бұл күнде заман өзгерді, адамға адамның көзқарасы да мүлдем өзгерді.  Сондықтан хатыма жауап келер деп ойлаған жоқ едім. Ал сіздің бір жайдан хатыңызды алғанымда көзімнен төгілген моншақ жасқа ие бола алмадым. Бірақ, бұл менің бірінші жылауым емес қой.  Жылай-жылай көз жасым да құрыды, жас сүртетін сәтін орамал да шіріді. Амал қанша, тағдырдың ісі солай: біреу қатты жыласа, біреулер жартылай жылайды.

Қазір сіздің академик болып, бақытты тұрмысқа ие болғаныңызды газет беттерінен көріп, шексіз қуанамын. Бірақ, тым үлкен бақытқа ие болған адам өткендегісін түгелдей ұмытады ғой. Сіз де бұдан 30 жыл бұрын көрген азапты күндеріңізді ұмытқан сияқтысыз. Өйткені, хатыңыз өте салқын жазылған.

Хатыңда: әйелім мен қызым көмектеседі – деп жазыпсыз. Ол өте жақсы. Маған көмектесетін адам түгіл, албасты да жоқ. Жынынан айырылған бақсыдай сарнап жалғыз қалдым. Осы күнде сіздің баяғыдай Ленинградта  сырқат болып жатқан күндеріңіз де еске түседі. Туған бауырымдай көріп, сонда  күн ара сізге барып тұрушы едім, енді мен сияқты күңіренген, қуарған кемпірге қалың қалай деп ешкім де назарын аудармайды.

Алайда сіздің бақытыңызға – бақыт жамала берсе екен деп тілеудемін. Хатымның аяғын: уақытыңызды көңілді, қуанышты өткізуге тілектеспін деймін. Бірақ, бұл қуанышты қайдан келер екен деп зарығып күткеніме көп жыл уақыт өтті, әлі де көрінбейді.

Қош, сау болыңыз. Сәлеммен жеңгең Зылиха.

 Ескерту: сіздің профессор Форельдің атындағы ауруханада жатқандағы «Акт о положении опеки» деген анықтама менде жатыр.

Егер менен қорықсаңыз, хатты Жалтыров Сабыркейдің атына  жазыңыз. Бірақ, менен қорқатын ешнәрсе жоқ. Жазалы өз жазасын алып кеткен.

Келіннің аты кім, қызыңның аты кім? Оны неге хабарламадың?

Адрес: Северо-Казахстанская обл., Коюховский р-н, ст. Кара-гуга, ул. Карла Маркса, 11. Жалтырову С.».  

Бұл Мағжанның азаматтығын ақтау туралы алғашқы қаулының тұсында жазылған сияқты. Өйткені, сөздері еркіндіктегі адамның мәнерімен батыл жазылған. Әрине, Мағжан үшін қияметті қыл көпірдің бәрінен өткен, азапты ғұмыр кешкен әйел адамның ашынуын сыртқа шығаруы да табиғи. Еш көмексіз, жұтаң тіршілікте өмір сүріп жатқаны да әсер етсе керек. Бұ жағдай жазушы Ж.Бектұровтың естелігінде жазылған.  

Осы хаттағы: «Туған бауырымдай көріп, сонда  күн ара сізге барып тұрушы едім», «Сіздің профессор Форельдің атындағы ауруханада жатқандағы «Акт о положении опеки» деген анықтамасы менде жатыр» – деген жолдардан «кіретін есігі бар, шығатын есігі жоқ» түрме орнындағы емханадан Әлкей Марғұланды Зылиха Жұмабаева күтімге алып, одан кепілдік беріп шығарып алғаны анық аңғарылады. Арнайы жабық мекемеде ондай куәлікті әркімге бере бермесі тағы анық. Сондықтан да, «хатты суық жазасың» деп наз айтып, жылылық дәме етуі де орынды.

Ал, үшінші хаттың берер мағлұматы да мол, сонымен қатар, Әлкей «інісіне» артқан өкпесі де де жанға тиетіндей ауыр. Хат шамамен 1966-1967 жылдардың мөлшерінде, Ғабит Мүсірепов сол кездегі Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевқа арнайы кіріп, Аламатыдан пәтер берген кезде, үлкен қалаға көшіп келген кездегі қатты мұқтаждықтың тұсында жазылған. Сондай бір қаражаттан қысылып, жәрдем сұраған кезінде бұйымтайы қанағаттандырылмаған сияқты. Өкпенің басты себебі де сол қаржылай көмектің немесе сұраған мөлшердегі қомақ-ты қаржының берілмегендігінен туындап отыр. Зылиха марқұмның өздерінің ең тауқыметті күндерін бірге өткізген «жас досына», «қайнысына» назалы сөз айттырған қандай мұқтаждық еді? Оның, мұқтаждық қысқан жанның  торығуының  ұзына сарыны  Жайық дегдар Бектұровтың мына естелігінен «естілгендей» болады. Жалпы, осынау зарлы махаббат иесінің бүкіл ғұмырының зарығу мен торығудың, аңдудың, сәтсіз тұрмыс қыспағының талқысында жалғыздықпен өткен кейуана ғұымырынан толық мағлұмат бере кету үшін Жайық дегдардың естелігін толық береміз::

«Зылиха апайды соңғы рет 1985 жылы жазда Қызылжар қаласының Бейбітшілік көшесіндегі 126 үйдің алтыншы пәтерінде кездестірдім. Ол қаласындағы шағын бөлмеге ауыстырып алыпты. Енді оған өкінішті. Бір ғажабы, 1959 жылы Полудин ауданында. Әлгі Қарақоғада кездестіргенімде де айт күні еді. Қызылжарға келгенімде де айт күніне тап болдым. Зылиханың қолынан Мағжан ағамыздың 1923 жылы жарық көрген кітабін тағы да шолып шықтым. Зылиха Мағжанның көп шығармаларын ойдан-қырдан жинағанын білетінмін.

Бұл кісіден Мағжанның негізгі шығарма-ларын алпысыншы жылдарда-ақ түгелдей көшіріп алғанмын. Енді, көбінесе, ақынның мақалаларын, ғылыми еңбектерін алдым. Көшіріп болған соң қайтарып жіберуге уәде бердім. Зылиха күрсініп мынадай әңгіме айтты:

– Баяғы өзің көрген інім өлген. Ауыз бөлмеде кішкене қызымен келінім отыр. Ол менің тезірек көз жұмғанымды күтіп жүр. Осы үйіме өзі ие болғысы келеді. Мені жек көреді. Атылып кеткен күйеуімнің қағаздарын бір-ақ күнде өртеп жіберем – дейді. Өзімнің туып-өскен қалам, Мағжанға алғаш қосылған жерім болған соң, үйімді ауыстырып едім, мұным қате екен. Ешкімге керегім жоқ. Әке-шешемнің көзіме ыстық ескі үйі де бұзылып кетті. Қабырғадағы суретте, міне, Мағжан тұр. Бір күні үйге сау етіп екі-үш адам келді. Олар маған: «Сіздің мына суретіңізді түсіріп алайық», – деді. Мен оларға: «Түсіріңіздер, түсіргендеріңіз жақсы, менің сақтауым қиын ғой, сіздер жақсы сақтайсыздар», – деп күлдім. Олар бір түрлі қысылып қалды. Мен бұл жігіттердің КГБ-дан келгенін біле қойдым. Шіркіндер, бізді әлі аңдиды. Мені аңдығанда оларға не түседі...

Зылихадан көшіріп, қайтарып жіберуге көп қағаз алдым. Тек ол кісі: Маған бұл папкаларды почтамен жіберме, өзім Қарағандыдағы бір туыстарыма хабарлаймын, соларға берген хатым арқылы қолына табыс етесің, – деді.

Мен Қарағандыға келген соң Мағжанның еңбектерін түгел көшірдім. Арада біраз уақыт өткеннен кейін үйге бір еркек, бір әйел келді. Қолдарында Зылиханың хаты бар. «Жайықжан, мына кісілерден менің қағаздарымды беріп жібер, – депті. Сонымен бірге, атын атамай Алматының бір жазушысын мені жамандағанын, Бектұров Ғабиттің адамы, оған Мағжанның қолжазбаларын неге бересің? – дегендей азғырынды сөзін жазыпты. Бұған не дерсің?». Бір байдың жұртына екі  тышқан таласады», – дейтін мәтел бар ғой. Мағжанның азды-көпті қағаз бетінде қалған мұрасы жұрттың бәріне де жетіп жатыр. Әлгідей шағыстыру сөз айтқан адам Ғабит Мүсіреповтің Мағжанды жақсы көретінін білмеген ғой. Зылиха Алматыға жадап-жүдеп алпысыншы жылдардың бас кезінде қайтып келгенде, оған астананың Тимирязев көшесінің 73 үйінен екі бөлмелі пәтер әперген де, ол уақытта әжептәуір құны бар қырық сом зейнетақы тағайындатқан да Ғабит ағамыз еді. Зылихаға енді-енді зейнетақысын өсіртіп берем деп жүргенде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті ойда жоқта, 1966 жылы болар, Ғ.Мүсіреповті қызмет орнынан алды да тастады... Содан, Зылиха тәуір зейнетақы алмай қалды. Жоғарыдағы әзәзілдің Ғ.Мүсіреповтің Мағжанның бәйбішесіне қандай жақсылық жасағанынан хабары жоқ екенін осымен де дәлелдеуге болады».

Осы «әзәзілдердің» қиянаттары туралы біз өзіміздің Мағжан туралы «Ұлт ақыны» атты монографиямызда толыққа жуық баяндағандықтан да, оны бұл арада таратып жатпаймыз. Ал, мына үшінші хатты жазғанда, Зылиха Жұмабаева, жоғарыда Ж.Бектұров атап өткендей, «Иесіз қалғандай бір болмашы ескі үйде бір уыс болып отырған, жүдеу»,  «Зылиха  Алматыға жадап-жүдеп алпысыншы жылдардың бас кезінде қайтып келген» кезі болса керек. Ендеше, мұқтаждықпен созған қолды жаздырып отырған да сол «мұқтаждықтың қолы» деп түсінген абзал.

Тура сол кезде Әлекеңде «Зылиха жеңгесіне» ұстата қоятындай қомақты сома болмай қалуы да мүмкін. Өйткені, Әлкей Марғұланның үйіндегі қорда сақталған алыс-жақыннан келген хаттардың біразы осындай «бұйымтайдан» тұрады екен. Есептеп көргенімізде, ол өтініштерді қамтамасыз етуі үшін айына екі-үш академиктің жалақысын алуы тиіс екен. Сыйлас, тағдырлас адамдардың арасында болатын мұндай базыналарды жария етудің де жөні жоқ еді. Бірақ та, мұнда негізінен өкпе айта отырып еске алса да, Әлкей Марғұланның өміріндегі ең қапалы күндерден хабар беретін мәліметтер қамтылғандықтан да, басқа амалымыз болмады. Хат орыс тілінде жазылған. Күні, айы, жылы жазылмаған. Біз, түпнұсқаны ұсынуды лайық санадық.

Үшінші хат:

«Здравствуй, Алькей!

Ты помнишь, Алькей, когда ты находился в тюрьме, в Ленинграде, Мағжан из лагеря писал письмо (1934 г.)  мне, где он говорил, что, во-что-бы не была, я помогала тебе, что ты являешься его хорошим другом. После этого слова Магжана я несмотря на все предполагаемое ужасов со стороны  НКВД, не боясь всякой напасти со стороны НКВД в дни его свирепоствования, ходила к тебе, не раз передало передачу с бельем, ухаживала за тобою, как твоя родная тетя, когда ты  вышел из тюрьмы, то ходила к тебе в общежитие, так же с передачей. Через некоторое время ты попал в больницу. Туда ты попал потому что после смерти Кирова и после твоего выхода из тюрьмы, тебе все время мерещились призраки из НКВД – красночапочники. Тебе казалось, что они всюду преследовали за тобою, по этому ты хотел зарезаться и попал в больницу, оттуда тебя отправили в сумашедшей дом Фороля, где тебе стало еще хуже. Это было 7.VІІІ.34 г.».

Бұл сөздер, ең бірінші, Мағжан өзінің Әлкеймен достығын ерекше бағалап, қадір тұтатынын танытады. Сонымен қатар, Әлекеңнің жоғарыда тілшеде жазылған естеліктеріндегі деректерді растайды. Дәнел Әлкейқызы да: «Әкем Ленинградта Петропавл қамалында түрмеге қамалған», – деп растап берді. Демек, Кировтың атып өлтірілуіне наразылық білдірген студент жастардың көтерілісіне Әлкей Марғұлан да қатысып, түрмеге жабылған. Содан кейінгі тіміскілердің тіміскісі мен «Чубаровшылардың» арандатуына төзбеген ызалы  жүрек, ашық қарсылықтың белгісі ретінде, өзге де сондай тәуекелге барған студенттердің қатарында «1937 жылы 7 тамыз күні» өзіне-өзі қол салған. Аман қалған «қатерлі элементті» ауруханадан бірден «мырза түрме атанған» жүйке емханасына тыққан.

Хаттың жалғасы: «При этих всех для тебя несчастных и неприятных обстоятельствах, я вопреки всем ужасам ходила к тебе и носила передачи. Не раз видел как твои «коллеги» по сумашедшему дому дрались и ругались, выли волком, ревели львами, пищили змеями. Не смотря на все  эти ужасы я часто ходила тебе. Ходила не потому, что ты мне родня, а просто человек – казах,   страдающий в дали о  родины».

Бұл қамқорлық екі жылға, 1936 жылдың маусымына дейін ұласса керек. Өйткені, Мағжан түрмеден «ССРО ОАК Президумының 14/ІV-1934 жылғы Қаулысы  бойынша 1936 жылы 2 маусым күні босатылды. Вязьма – Сызрань – Челябинскі арқылы Қызылжарға келді».

Хаттың жалғасы: «После этого ты приехал к нам в Петропавловск. Мы с Магжаном встретили тебя как дорогого гостя. Ты находился у нас довольно порядочное время. Потом ты сьездила в Караганду, от куда скоро вернулся и, побыв у нас несколько дней, поехал к себе на родину – в Баян-аул, и исчез бесследно...».

Демек, Әлкей Марғұлан Фороль атындағы емхана-түрмеден 1936 жылдың екінші жартысынан кейін ғана босап шыққан. Оған хаттағы мына жолдар дәлел. Зылиха Жұмабаеваның  өкпе-базынасы да хаттың осы арасынан бас-талады.  Сондай-ақ,  келесі жолдарда бізге беймәлім шындық та бар. Ол емхана-түрмеден шыққаннан кейін Қызылжарға, Қарағандыға, Баянауылға келуі. Ғұлама ғалым бұл туралы өзінің естелігінде елеусіз қалдырған. Әлде, айтқысы келмеді ме екен? Сөздің ырқы мен ырғағына қарағанда солай сияқты. Онда Мағжанды еске алуына тура келер еді. Ал, ол жылдары бұл оқиғаны ашық жазу мүмкін емес еді. Тек бізге айтқан әңгімесінде  ғана: «Сол кезде ауруханаға академияның ғалымдары, аспиранттары келді. Алматыдан өз туысқандарым келді. Бір-екі жыл жаттым. Шығармай қойды. Ауырып, елге келіп жазылдым. Інілерімнің қолында тұрдым», – деп желдірте баяндап өтіпті.

Хаттың жалғасы: «Но теперь?.. Теперь ты Великий Человек, Академик! Но человек, когда жирел, ты забыл обо всем прошлом. Даже реаблитация Магжана не радовала тебя. Потому что тебе жалко копейки. Своим величием на целую голову выще тебя и Каныш, и Мухтар, и то не могли унести в могилу свою  сбережения. Два раза я просила у тебя денег, но ты отказывал. Ответил, что ты строили дачу. Кто поверит, что – человека, которой строит дачу, не бывает денег.

Те времена прошли давно, теперь нечего тебе притворяться чудаком. Еще говоришь ты, что даещь много денег своим родственникам, а где они были тогда, когда ты страдал в Ленинграде. Нет! Тогда тебе не они, а я помогала. А ты теперь не мне, а им помогаешь. Этим я не хочу сказать, что не надо помочь родственникам. Помоги им, но не забудь того, кто тебе помог в трудные дни. Хоть одну сотую долю того, что даешь ты родственникам, дал бы ты мне, и то я благодарила бы тебя я каждый раз.

Несмотря на то, что Магжан без копейки приехал из заключения, я продала ковер и паршу, и тебя содержала дома. Все это есть высокочеловеческое отношение и высокая сознательность Магжана и моей».

 Иә, тәп-тәуір зілді сөздер. Зылиха Жұмабаеваның былай жазуына қақысы бар ма еді, жоқ па еді – деп сұрақ қоюдан аулақпыз. Ол, шындығында да, қиын күндері бір-біріне сүйеу болған адамдардың арасындағы «адамгершілік» мәселесіне жатады. Шын-дығында да, сол тұста академиктің өзі де қаржыға мұқтаж болған сияқты. Ағайындары туралы жазып отырғандары да рас. Оған, жоғарыда айтқанымыздай, отбасы қорындағы хаттар дәлел. Ал, осыншама ашына жазуына қарағанда, Зылиха Жұмабаева сол тұста шынымен де қаражатқа аса зәру болса керек.

Бізге анық мәлімі, сол 1966-1968 жылдары Зылиха Жұмабаева күйеуі Мағжанның өлеңдері мен прозалық шығармаларын, аудармаларын үш том етіп машинкаға бастыруға  қарбалас кіріскендігі. Ал,  бұған қарапайым зейнеткердің жарты жылдық зейнетақысы қажет еді.  Ақыры, ол жинақты Олжас Сүлейменов Жазушылар одағындағы араб қарпін оқи алатын Роза, Рымкеш сияқты апайларға бастырып берген болатын. Егерде, сол үшін күйініп, ашынып отырса, онда ешқандай айып-шам жүрмесе керек.

Бізді таңдандырғаны, осы хаттың аяғына өзінің наразылығын білдіре: «Вот какие принципы бывают: 1. Во-первых я должен ежемесячно снабжать ее денгами. Единовременное пособие о 100 и выше. Ее неустраивает. 2. Это еще мало. Я должен часами сидет возле нее и заменить ее мужа по  каэахскому обычью», – деп жазған сілтемесі болды.

Бұған қарағанда, Зылиха Жұмабаеваның талап-тілегі, шындығында да, сәл батымдау болып шығады. Әлде, алдыңғы сөздерді көңіліне алған Әлекеңнің ішкі қарсылығы ма екен. Менің ойыма, әбден аңду мен бақылаудан сезіктеніп қалған жүрек, бұл жолдарды тіміскілер тіміскілей қалса – деген күдікпен, сақтық үшін жазбады ма екен? – деген кәдік келеді.  Ғұламалар мен ағалардың ондай үркек мінезін өз басым көп көрдім. Мүмкін. Бәрі де мүмкін. Біз, бұл хатты бұл жайға түсінік беру үшін емес, шындықтың дәлелі үшін пайдаланғанымызды ескерте отырып, бұдан ешқандай да жағымсыз пікір тудырмауды өтінеміз.

(Жалғасы. Басы №8-11 сандарда)

2623 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы