• Руханият
  • 14 Желтоқсан, 2021

ЖАДЫМЫЗДАҒЫ ЖАҢҒЫРЫҚ

Қалқаман  АБДРАХМАНҰЛЫ

Жаратқаннан өткен  шебер жоқ

Ауызашарға жиналған жұрт ауыз ашып, шөлін басып, əлденген соң қасында отыр-ғандардан кемелді ой, қарымды əңгіме күтетіні бар емес пе?! Сөйтіп отырғанда имам сөз бастап, əңгіме өрбітті. Ауызашарға жиналған жұрт зейіндерін имам жаққа салды. Осындай отырыстарда имамдардың ғибратты уағыз-насихаттарын айтатын əдеті ғой. Имамның бұл жолғы əңгімесі өзінің басынан өткерген, көзімен көрген дүниесі болды. Жұрт құлақ түріп ұйып отырып қалды. Əңгіменің төркіні өткен жылдардағы құрғақшылықтан шықты.

«Ауылда жаңбыр жаумай, құрғақшылыққа тап болдық. Ауыл адамдарымен жиналып, бірнеше рет тасаттық та бердік, бірақ еш нәтиже болмады. Ақыры соңында біреулер «бәлен деген жерде үлкен ақсақал бар, сол кісіге жолыққандарыңыз абзал» – деп, кеңес берді. Əлгі ақсақалды тауып, мəн-жайды айтқан соң, сəл отырып, көз қиығын имамға бұрып: «Ауылды аралаңдар» – деп, қысқа ғана қайырды. Біз ауылды аралап көп жүрдік. Сөйтіп келе жатып бір үйге тап болдық. Əлгі үйде кілең бала-шаға ғана тұрады екен. Ал, ата-аналары жоқ. Айта кететін нәрсе, əлгі үйдің шатыры жоқ, төбесі опырылып құлаған боп шықты. Сөйтіп ауыл адамдары, жамағат боп жиналып əлгі үйдің шатырын жауып бердік. Үйдің төбесін қалай жауып болдық, солай найзағай ойнап, нөсердің жауғаны бар… Көптен бері жаумаған жаңбыр жауып, халықтың тынысын бір кеңейтіп, еңсесін көтерді» – деп, имам сөзін тамамдады.

Табиғат өз мінезін көрсетсе, бұл да адамдардың ниетіне байланысты секілді. Иə, жаңбырдың көптен жаумай, құрғақшылық болғаны сол балалардың тілегі іспеттес. Айналаға бір сəт зер салсақ, мəн беретін жайттар қаншама. Бірақ, мəн беріп, зерделеп көрмейміз, сезінбейміз. Егер де зер салып, мұқият ойланатын болсаң, əр мəселенің өзінің жауабы бар екеніне көз жеткізесің. Шіркін, Алла Тағаладан асқан шебер əрі əділ ешнəрсе жоқ. Болып жатқан құбылыстың барлығы Алла Тағаланың қалауымен екендігінде дау жоқ.

 

Аты аңызға айналған – «Тау Самалы»

Сонау 1970-80 жылдарда қазақ эстрадасы даму қарқын алған тұс болатын. Республиканың әр өңірінен аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің жолын қуған таза жанды дауыста ән айтатын вокалды аспаптар ансамбльдері құрылып жатты. Солардың ішінде өзіміздің сол кездегі Қапал ауданының орталығы Қапалда, 1979 жылдары жас мөлшері небәрі 14-22 жас аралығындағы өнерсүйгіш, талантты жас жігіттердің бас қосуымен «Тау Самалы»  ансамблі құрылды. Олардың әрқайсысы әртүрлі аспаптарда ойнап, жанды дауыста үлкен сахналарда өнерлерін көрсетті.

Жалпы қазақ халқы «өнер» десе ішкен асын жерге қойып, өнерді ерекше бағалаған ғой. Осындай қошемет пен ықыласқа ие болған Дәулет Еспаев атты  азаматтың бастамасымен құрылған ансамбль құрамында: Сәкен Исаев, Серікбай Абдильдинов, Абдуалит Исаев, Серік Оңғарбеков, Серғазы Қалиев, Азамат Жандосов, Талғат Карикенов сынды жастар болды. Әрқайсысы өз ісінің шебері. Сол шеберліктің нәтижесінде ансамбль талай-талай байқаулардың жүлдегері атанып, Қапал ауданының даңқын көкке көтерді.  Айта кететін жайт, бұл топ 1979 жылы құрылғанымен, 1986 жылы толық құрамда қалыптасып, аудан, облыс, республика көлемінде таныла бастады. Өйткені, жас жігіттер мектеп бітіргеннен кейін әскерге барып келіп, ансамбль жұмысына қайтадан етене араласқан болатын. Талантты жігіттердің бірі өнер мектептерінде дәріс алып білімдерін шыңдаса, енді бірі кейінде мәдениет үйлерінде қызмет атқарды. Араларында басқа салада қызмет істесе де, ансамбль құрамынан табылғандар болды.

«Өнердің арқасында талай-талай жерлерге бардық. 1987 жылы сол кеңестік кезеңде жас-тар арасында «Алло, мы ищем таланты» деген эстрадалық байқау ұйымдастырылып, «Тау Самалы» ансамблі қатысты. Байқауда Талдықорған облысы бойынша бірінші орын алып, Алматыда өткен Республикалық байқауда үшінші орын алдық. Сол кезде алдымыздағы «Дос-Мұқасан» ансамбліндегі ағаларға еліктеп, эстрада құрып, музыкалық аспаптарда ойнадық» – дейді «Тау Самалы» вокалды аспапты ансамблінің мүшесі – Сәкен Исаев.

Иә, ансамбль сол кезде дүркіреп тұрған Қапал ауданының атынан фестиваль, конкурс, байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрді. 1980-ші жылдардың аяғында Текелі қаласында эстрадалық топтар арасында үлкен көлемде фестиваль өтеді. Ол фестивальға шетелге шығып жүрген ансамбльдерді де басып озып, «Тау Самалы» ансамблі бірінші орынға ие болады.  Нағыз шеберлік пен талмас еңбектің нәтижесінде әртүрлі іс-шаралар, тіпті би кештері мен той-томалақтар «Тау Самалы» вокалды аспаптар ансамблінсіз өтпейтін болды. Ансамбльге әр тараптан, жер-жерден шақыртулар түсіп, басқа облыстарға дейін шығып жүрді. Ансамбль құрамында ән жазатын, сөз жазатын өнерлі жігіттер де болды. Ансамбль құрамында күй сандықта шебер ойнайтын Серікбай Абдильдинов атты азамат өлең сөздеріне әндер жазып, ансамбльдің жеке авторлық әндерін қалыптастырды. Ансамбль репетруарында  «Қапал аруы», «Айналайын», «Әке туралы жыр», «Туған жер», «Кешірші», «Наурыз мейрамы», «Аңсаймын сол күнді» сынды көптеген авторлық әндер болды. Сол әндер Республика көлемінде тез тарап, жастар арасында жиі айтылып жүрді. Шырқалған әндер, концерттік шаралар, байқаулар еш толассыз тоқтамайтындай көрінген еді. Алайда, еліміз егемендік алған алғашқы жылдары, елдегі саяси-экономикалық жағдайға байланысты, яғни 1993 жылдары ансамбль мүшелері әр тарапқа бөлініп, әртүрлі салаға кетті. Ансамбль тарағанмен олардың өнері кейінгі жастарға үлгі болып, «Тау Самалы» ансамблі ел арасында аңызға айналды. Көз көргендер арасында олардың өнерлерін сөз қылып, ыстық сағыныштарын жырлап отыратындарды өзім талай көріп жүрдім. Өткен күндерге деген сағыныш, өнерлі жігіттердің өнерлерімен астасып жатты. Сол кезең туралы сөз болғанда, ансамбль туралы сөз қозғалмай қоймайтын. Кейін дегенде сол ансамбль құрамындағы жігіттерден сұхбат алсам деген ойымда жүрді, бірақ, реті еш келмеген еді. Жабулы қазан сол жабулы күйінде қала берді.

Армандар орындалады екен. Көптен ішімде жүрген ой іс жүзінде іске асатын сәт келеді деп кім ойлаған? Араға отыз жылға жуық уақыт салып, ауылымыздың өнерпаз азаматы Болат Досжановтың ұйымдастыруымен үстіміздегі жылдың маусым айында «Тау Самалы» вокалды аспаптар ансамблі киелі Қапал жерінде бас қосып, «Сағындырған кездер-ай» атты жанды дауыста концерт берді. Концертті ұйымдастыру барысында топ құрамымен жақын танысып, әрбірімен сұхбат алуға тырыстым. Әрқайсысы әр саланың маманы. Бірі кәсіпкер, бірі зейнетте, енді бірі агенттіктің басшысы, енді бірі тағы басқа салада. Араға отыз жыл салып, бір-бірін қайта тауып, қауышып, өткен күндерін айтып мәз болысты.  Концертке Алматы қаласынан, облыс, аймақтан қонақтар көптеп келіп, зал көрермендерге лық толды. Сол замандағы әндер шырқалды. Өнерге сусындап, сағынған халық мауқын бір басып, сол заманға саяхаттағандай күй кешті. Ансамбль мүшесі Абдуалит Исаев: «Бізден екі-үш жас үлкен Дәулет Еспаев деген азамат болды. Ол өзі музыкаға бейім болатын. Осы ансамбльді мектепте жүріп құрды. Біз әскерге барып келгеннен кейін де мәдениет үйінде қызмет істеп жүрді. Барлықтарымыздың басымызды қосып, музыкалық шеберлікке сол жігіт үйретті. Ол жігіттің дауысы да жақсы болатын, жақсы ән айтатын. Ол жігіт арамызда жоқ, өкінішке орай. Сол жігіттің еңбегі көп сіңді деп ойлаймын. Әрине, балалық, жастық шақты сағынамыз. Ол бір керемет кезеңдер еді» – деп, сағынышын жасырмады. Жас жігіттердің халықтың қошеметіне ие болуына, «Тау Самалы» ансамблінің құрылуына еңбек сіңірген Дәулет Еспаев ағамыздың үлесі зор. Ол ансамбльдің негізін қалап,  өнерпаз жастарды топтастырған азамат еді. Тағдырдың жазғанына шара бар ма? Дәулет Еспаев пен ансамбльдің әншісі Серғазы Қалиев ағаларымыз бұл өмірден өтіп кетті. Бүгінгі күні ансамбль мүшелері осы ағаларымызды сағына еске алады. 

Өнер жолы хас таланттарды шыңдап шығаратыны белгілі. Өнер бойда барда еш жоғалмайтынын тағы да дәлелдеді. Ансамбль мүшелерінің бас қосуында, концертке дайындық барысында оған толық көзім жетті. Көптеген жылдарды араға салып, концертке дейінгі бес күн ішінде соншама шығарманы тірідей қайта ойнап шығу шеберлік емей немене... Міне, ғажап... Бүгінде эстраданың даму жолы қаншалықты қарқынды болғанымен, соншалықты жасандырақ. Технологияның дамы-ған  үлгісін пайдалану арқасында өнерді айыра алмай қалдық. Өкініштісі сол. Бұл мәселеде халық өз таңдауын жасауы керек сияқты. Және ол уақыт жеткен сияқты. Бүгінгі күні жанды дауыста ән айтып, түрлі аспапта тірідей ойнап шығатын өнер соғұрлым бағалы деп ойлаймын. Тірідей концерт қойған, әңгімеміздің бүгінгі басты кейіпкерлері «Тау Самалы» ансамблінің мүшелері жыл сайын маусым айында халыққа концерт беріп тұруға сөз берді. Енді сол әр жыл сайынғы кезекті концертін барлығымызға тамашалауға нәсіп етсін!

 

Ақын рухымен сырласу

Бүгінде ақын Сараның бізге жеткен айтыстарынан бөлек 11 өлеңі, 1 дастаны бар. Ал ұмыт болып қалғаны қаншама. Сараның өмірін зерттеп, шығармаларын жинақтап, жарыққа шығарған Тәңірберген Қалилаханов болатын.

Тағдыр тауқыметін сонау бала күнінен тартқан Сара қыздың өмірін өлеңдерінен анық байқауға болады. Сол өлеңдерінің ішіндегі «Жүрек» атты өлеңі ақынның жан-дүниесін, ішкі сырын, жердің тарихын толық сипаттаған. Жүрек тебіренісін Баянжүрек тауының баурайына барып, сүйгеніне қосыла алмай махаббаттың құрбаны болған қалмақтың Жүрек атты  қызының рухына мұңын айтып сырласқандай... Сара қыз өз тағдырын өз ғашығына қосыла алмаған сол Баян атты қыздың тағдырымен ұқсастырған. Қаршадай ақын қыздың жұдырықтай ғана нәзік жүрегі басына түскен тағдырын қалай ғана мойымай көтере білген? Жүрек толқынысын, ішкі шер, жан-дүниесінің бұлқынысын «Жүрек» атты осы бір өлеңіне қалай ғана асқан шеберлікпен жеткізе білген?

«Жүректен жанға жылы сөз бар ма елде,

Жүрексіз тірлік бар ма суда, жерде?

Қашанда өмір жыры – жүрек сыры

Біреуін сол жүректің айтам мен де...

Өзіңдей менде де бар біткен жүрек,

Жаралы жалындаған жадап-жүдеп.

«Жаманға басыңды жар етпе!» – дейді,

Асаудай арманымды алға сүйреп» – деп, басталатын жыр шумақтарынан Сара қыз жүрек мұңын жалғыздықта отырып, сыр шертеді. Өлеңде өз арманының асқақ, өміршең, күрескер екенін байқау әсте қиын емес. Шындық, әділдік үшін еш мойымай, басына азаттық алу үшін талайлардан араша да сұраған. Жас қыз өз өмірін ойыншық еткендерді де сынады, мұңын шақты. Қолдан келер еш қайран болмаған. Ішіндегі мұң-шерін, ішкі сырын табиғатпен бөліскендей...

«Жүрек пен жүрек сыры бір емес пе,

Сыр ұрлау бір-бірінен мін емес пе?

Жөніңді айт, жөнге сілте, өлген жүрек,

Мендегі тыңдар сені тірі емес пе?

Қозғала бүлк-бүлк етіп жер жүрегі,

Жас қызға жаны аши елжіреді.

«Жүрегі ем мен де өзіңдей бір сұлудың

Жер болдым, тыңда, – дейді, – енді мені!» – деп, келтірілген өлең жолдарынан ақын Сараның сыршыл ақын екенін, бойында тазалық, өмірге деген құштарлық, арманшыл екені аңғарылады. Өлген Жүректің рухымен екеуара сырласу, мұң айтысу диалогын аса шеберлікпен келтірген. Сара қыз Баянжүрек тауына барғанынан кейін көңіліне кірбің қалмай, бойына тылсым күш бітіп, рухтанып, қайраттанып қайтқандай...

Иә, ақынның жан-дүниесі сан қырлы, сырлы. Осы орайда ақынның өлеңдерін оқып, бір мезгіл Сара ақынның рухымен сырласқандай боласың. Ақынның әр өлеңі ішкі жан-дүниесінің келбеті іспеттес. Санаға сан түрлі ой келеді. Рухы мен санасы сынбаған Сараның өміршең болмысы өзгелерге де сабақ. Ол мойымады. Өлеңі мен өнері алға жетеледі.

Бір жәдігердің сыры

Қазақ халқының қасиеттілігі оның бабадан келе жатқан салт-дәстүрі, ырым-тыйымдары, мәдени-рухани құндылықтарында. Бүкіл ырым-тыйымдардың астарына мұқият мән берсек, дүниедегі бар қорқыныштан сақтандырып, ұрпақты жақсы жаққа тәрбиелеп кеткенін байқаймыз. Құндылықты қастерлеп, ұрпақты бай мұрасымен тәрбиелеп кеткен ата-бабаларымыз неткен дана.

Қазақта «қасиетті қара қазан» деген ұғым бар. Қара қазан несімен қасиетті? Қазақтың таным-түсінігінде қазанның алатын орны ерекше. Осы турасында бірқатар мысалдар мен әңгімелер келтіруді жөн санадым. Бұрынырақта кейбір адамдар зират басына қазан төңкеріп кететін болған. Оның мән-мағынасы «қайтқан адамның артында ұрпағы қалмады, оты өшті» дегенді білдіреді екен. Жол үсті кетіп бара жатқан жолаушы зират басындағы төңкерілген қазанды байқап, артында ұрпағы қалмаған, жоқтаушысы жоқ екенін түсініп, марқұмға арнап Құран бағыштайтын болған. Қазақта тағы бір ырымның бірі: қызға ешқашан қазан бермеген. Қазақ ұғымында қазаннан айырылу құт-берекеден айырылумен бірдей деген түсінік қалыптасқан. Сол сияқты, біреудің қазанын тартып алу бұл масқарашылық болып саналған. Әже-аналарымыз «қазанды төңкеріп қойма» деп айтатыны да есімде.

Аңыз-әңгімеге сүйенетін болсақ: «Бұрындары сақ елінің бірлігі бұзылып, ел ішін алауыздық жайлай бас-тапты. Сол кезде ел көсемдері халықтың басын біріктіру үшін үлкен қазан құюды бұйырады. Сақ сарбаздары жебелері-нің мыс масағын жинап, балқытып, содан алып қазан құйған. Сол қазанға пісірілген тағамнан дәм татқан сақтар өкпе-наздарын ұмытып, қазан басында қайтадан татуласқан» – деген екен. Сонау ашарлылық, жоқшылық, зұлмат замандарда да бүтіндей бір елдің аштықтан аман қалуына себепкер болған қара қазан емес пе?! Ал, жаугершілік замандарда бүтіндей халық қырғынға тап болғанда кішкентай ғана баланың төңкерілген қазан астында аман қалуына себепкер болғаны тарих беттерінде жазылған.

Бүгінгі тақырыбымызға арқау болатын ақын Сараның мемориалды музейінің экспозициясында сақталып тұрған қара қазан туралы мағлұмат бергенді жөн көріп отырмын. Түбінде кішкене тесігі бар, бір жарым ғасырлық тарихы бар қара қазан Сара Тастанбекқызының отбасында қолданылған және бұл зат музейдің ең құнды жәдігерлерінің бірі болып саналады. Ақын Сараның немере қарындасы болып келетін Нұрғайша Мейрамбайқызы музейге тапсырған болатын. Ол кісі қара қазанды музейге тапсырарда мынадай естелік әңгіме қалдырыпты: «Менің әкем Мейрамбай деген кісі 1871-1971 ж.ж. аралығында өмір сүрген. Ол Сараның әкесі Тастанбектің інісі болып келеді. Сараның отбасы Қосағаштан көшіп кеткенде қазан әкемнің үйінде қалған». Тағы бір әңгімесінде Сара немере інісі Мейрамбай екеуі бала күндерінде далада ойнап үйге келсе осы қазанда сүт пісіп тұрады екен. Сонда Сара мен Мейрамбай қазанның бетіндегі қаймақты таласып жейтін көрінеді.

Бойына сыр сақтаған осындай бір жәдігердің тарихы осындай. Музейге келушілерді қызықтыратын да осындай құнды жәдігерлер. Бір ғана қасиетті қара қазан туралы аз-кем әңгімемізде ой саларлық, мағынаға толы, тәрбиелік мәні бар дүниелер жатыр. Ал музейдегі сақтаулы тұрған әрбір жәдігерлердің де қаншама тарих пен сырды жасырып, елеусіз қалмауына кім кепіл? Жабулы қазан жабулы күйінде қалмасын деген ниетте әңгімемізге арқау болған Сара Тастанбекқызының отбасында қолданған қара қазан біз білмейтін, айтылмаған, ашылмаған әлі қаншама сырды жасырып тұр десеңші...

 

Біздің басты  кемшілігіміз неде?

Баяғыда бір жас жігіт болыпты. Ол қоғам-дағы, өміріндегі болып жатқан əр нәрселерге бей-жəй қарамайтын, өміршең адам болса керек. Отырып: «Күллі жер шарын жамандық атаулыдан арылтып, қуаныш пен бақытқа қайтсем жеткізіп, əлемді жақсы жаққа өзгертемін» – деп, біраз ой қозғапты. Ойлап қараса, жер шары өте үлкен, ал өзі жалғыз əрі кішкентай екен. Содан ол жігіт ойлап отырып, ең алдымен өзінің мемлекетінен бастамақ болады. Ойлап қараса, қаншама миллион халқы бар, ал өзі жалғыз. Біраз ойлап, ең алдымен өзінің отбасынан бастамақ болады. Ойлап қараса, отбасында көп адам, ал өзі жалғыз. Ақыры соңында «əлемді жақсы жаққа өзгертіп, бақыт пен қуаныш сыйлаудың бірден-бір жолы – ол, ең алдымен өзін тəрбиелеу керек» – деп, ой түйіпті

Түйіні: Бір адам талпынып ниет етсе көп нәрсеге қол жеткізері сөзсіз. Əрине, əлемді жақсы жаққа өзгерткісі келген адам – өзі де жақсы, жамандық атаулыдан пəк болғаны абзал. Өйткені адам бейнесі, көркі – ол, ішкі жан-дүниеңнің айнасы іспеттес. Соған қарап басқалар да бой түзеп, жақсы жаққа өзгеріп жатса, əлемді, күллі адамзатты тəрбиелеп жатқанмен тең.

Сол сияқты əр адамның өмірде өзіндік миссиясы бар. Бірақ, өкінішке қарай, көпшілік бұл өмірдегі бар мәселені рухани тұрғыдан гөрі материалдық тұрғыда салыстыруда. Қазіргі отбасылардың ажырасуы, жастардың ұлттық-рухани төмендігі, техника мен ғылымның дамымай жатқандығы, жас қыздар мен əйелдердің темекі таруы, бала туу көрсеткішінің азаюы – осының себептері не? Қалай ойлайсыздар? Əрине, себеп көп. Əркімнің өз жауабы бар. Меніңше, басты себеп ол: тəрбиенің ошақ басында, тал бесікте болмағандығы. Адамзатты тәрбиелеп жатқан көгілдір экранымыз бен ұялы телефондарымыз. Қисынсыз телеарналардағы телесериалдар, небір сайқымазақтар, шетелдік бағдарламалардың ұлттық санаға кері əсері жоқ деп айта алмаймын. Оның үстіне ата-ана мен баланың, ерлі-зайыптылардың арасында мәміленің жоқтығын айта кеткен жөн. Бүгінде ата-ана балаларымен шүйіркелесіп əңгімелеспейді, қал-жағдайларын сұраспайды, ақылдаспайды, бірге мақсат қоймайды. Міне, ағайын біздің кемшілік тұстарымыз осыда...

2642 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы