• Қоғам
  • 13 Желтоқсан, 2021

МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАНЫ ӘРБІР АЗАМАТ КҮЗЕТУГЕ ТИІС

ҚК Шекара қызметі 
Алматы  облысы бойынша департаментінің  
Тәрбие жөніндегі басқарма 
консультанты, подполковник Талғат Мұқашев:

Қазақстан Қарулы күштерінің маңызды құрылымының бірі – мемлекеттік шекараны күзету қызметі. Тәуелсіздіктің басты нышанының бірі санатындағы мемлекеттік шекарамыз бүгінде толығымен делимитациядан және демаркациядан өткен, сенімді түрде күзетілуде. Құрлықта және теңізде, шекаралық өзендерде еліміздің аумақтық тұтастығын, заңдылықпен белгіленген тәртіптің қатаң сақталуын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылымдық мекемесі – Шекара қызметі қамтамасыз етеді. Еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтірер қауіп-қатерлердің алдын алып, мемлекеттік шекарамызды көздің қарашығындай күзетіп жүрген шекарашылардың еңбегі зор. Осыған орай ҰҚК Шекара қызметі Алматы  облысы бойынша департаментінің  Тәрбие жөніндегі басқарма консультанты, подполковник Талғат Мұқашевпен сұхбатымыз тәуелсіз еліміздің шекара қызметінің қазіргі  тыныс-тіршілігі және шепте тұрған қатардағы шекарашының еңбегі жайында өрбіді. 

– Талғат Жайықұлы, мемлекеттік шекара қызметінің қазіргі тыныс-тіршілігі қалай?   

– Шекара қызметі қарулы күштердің бір саласы болып есептеледі және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына кіреді. Жалпы, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы 15 мың километрді құрайды.  Тәуелсіздік  жылдары  делимитация, демаркация жұмыстары жүргізіліп,  толығымен  аяқталды. Қазіргі таңда еліміздің шекарасына қатысты дау-дамайлы аумақтар жоқ.  Шекара қызметіндегі әрбір шекарашының  негізгі міндеті – мемлекеттік шекараны берік күзету, ұлттық  қауіпсіздікті сақтау, заңсыз әдiстермен адамдардың және көлiк құралдарының өтуiне жол бермеу,  шекара бұзушыларды ұстау. Соған орай шекара нысандарында тиісті тексерулер жүргізіліп, шекарашылар күндіз-түні қас қақпай күзетеді.  

– Коронавирус пандемиясы шекара қызметіне өз әсерін тигізгені сөзсіз. Қандай өзгерістер  болды?  

–  Шекара  қызметі  сонымен  бірге  шекаралық аймақтағы арнайы режимді сақтаумен айналысады. Сондықтан қазіргі эпидемиологиялық жағдаят, коронавирустың таралуына байланысты  біздің жұмысымызға тиісті өзгертулер енгізілді. Үкімет қабылдаған карантиндік шараларға орай нұсқаулықтар қабылданып, әскери қызметшілерге тапсырмалар жүктеледі. Баршаға белгілі, қазір әуежайлар мен теміржол вокзалдарында адам ағыны өте көп. Осы нысандардағы шекара қызметінің бөлімшелері жолаушыларды тексеру кезінде қауіп-қатердің алдын алумен бірге, науқастарды анықтауға байланысты жедел қимылдауы қажет. Пандемияның бастапқы кезеңінде қиындықтар болғанмен, қазір бүкіл жұмыс реттелді, шекара қызметкерлері арнайы нұсқаулықтар бойынша жұмыс істейді.    

– Тікелей мемлекеттік шекарада жұмыс істеген әскери қызметші ретінде осы саланың маңызы мен күрделілігі неде екенін айтсаңыз.   

– 2003-2007 жылдары ҰҚК Шекара академиясында білім алдым. Оны аяқтаған соң 2007-2014 жылдары Қостанай шекара отрядында қызмет атқардым. Қазақстанның  Ресеймен шекарасындағы застава бастығының орынбасары  болып тағайындалдым. Бір жылдан кейін застава бастығы міндеті жүктелді. Шекара қызметінің әр бағытының өз қиындығы бар. Сол жылдары  контрабандалық жүк тасушылардың тарапынан шекара бұзу әрекеттері жиі болатын. Қырғызстаннан, Қытайдан Ресейге жүк тасушылар мемлекетке салық төлеуден жалтарып, жасырын өтіп кетуге тырысатын. Біздің міндетіміз – оларды бөгеу, шекара бұзуға жол бермеу. Ол кезде солтүстік шекарада демаркация әлі жүргізілмеген, кейде шекара бұзылғанын дәлелдеу қиынға соғатын. Өйткені, арнайы шекаралық белгілер болмады.  Ал қазір бүкіл солтүстік шекара аймағында демаркация толық жүргізілген, айырым белгілері қойылған. Сондықтан шекара бұзылғанын дәлелдеу жеңілдеді. 

– Мемлекеттік шекарамыздың бұз-ылмауы ел шебін күзетіп жүрген әрбір шекарашының орасан зор еңбегін білдіреді. Шекарашыға қандай қасиеттер тән? Өзіңіз әскери қызметке қалай келдіңіз?  

– Шекара бөлімшесіндегі қарапайым шекарашының негізгі еңбегі – шекараны күзету, арнайы жасаққа шығу. Мемлекеттік шекарадағы әскери қызметті тікелей шекарашы атқарады. Ол ешқандай кедергіге, ауа райына, жыл мезгіліне қарамастан өз міндетін адал орындауға тиіс. Әрине, тым суық күндері басшылық жасаққа шығатын жеке құрамның санын азайтады, өйткені, сарбаздардың денсаулығын сақтау керек.  Әлі есімде, Қостанай облысында қызмет етіп жүргенімде сенімді көзден контрабандалық жүк туралы дабыл келіп түсті. Қыс мезгілі, далада 30 градус аяз. Сақылдаған аязға қарамастан жедел әрекет етудің арқасында шекара бұзушылардың  жолын кестік. Тапсырма орындалды, енді қайтайын  деген кезде көлігіміз сынып, тұрып қалдық. Тек 5-6 сағаттан кейін отрядтан көмек келіп, аман-есен заставаға жеттік. Шекара қызметінде мұндай оқиғалар жиі болады.  Қандай жағдай болса да шекарашы үнемі бес қаруы бойында, сақадай-сай болып тұруы керек. Ал қиындыққа шыдамайтындар шекарашы болуға лайық емес.

Шынымды айтсам, мен мектепті бітірген соң мұнайшы немесе химик болуды  қаладым. Ақтөбе облысында туып-өстім. 1990 жылдары шалғай ауылдағы баланың арманы Алматыны көру болатын. Содан Алматыдағы шекара академиясы жайлы естігенімде бірден осы қалаға тарттым. Әскери қызметке келгеніме өкінбеймін.     

– Мемлекеттік шекара дегеніміз жер, тіл, елтаңба, әнұран, ту секілді қасиетті құндылықтың бірі. Ендеше, шекарашы ретінде осындай ерекше міндетті атқарып жүргеніңізді сезіну азаматқа қалай әсер етеді? Жалпы, отаншылдық, патриотизм сезімдері әскери адамдардың бойында ерекше ғой.

– Курсант кезімізде академияда отаншылдық, патриотизм жөнінде тәрбие жұмыстары міндетті түрде жүргізілетін. Бірақ ол кезде мемлекеттік маңызды қызметті атқарып жүргенімізді жан-тәніммен сезіндім деп айта алмаймын. Алғаш заставаға бастықтың орынбасары болып келгенімде де ондай ой туған жоқ. Негізі, бұл сезімді тікелей  бастан кешу қажет екен.  Мәселен, шекара бұзушыны ұстау кезінде өзіңнің маңызды іс тындырғаныңды тұлабойыңмен шынайы сезінесің. Қазақстан дейтін мемлекеттің шекарасын қорғап тұрғаныңды терең түсінесің. Контрабандалық жүк өткізушілерді бөгеу кезінде қару қолдануға да тура келеді, оларда да қару болуы мүмкін. Міне, осындай жан беріп, жан алысатындай шешуші сәттерде өз позицияңды қалай да қорғап қалу – қарулы күштер өкілінің,  әскери адамның міндеті. Қордай бағытында, солтүстікте қызмет еткенімде мұны талай рет бастан кештім.  Қазақстанның бүкіл шекарасы бойында  Отанымызды қорғап тұрған шекарашылар осы қасиетті борышты  терең түсінетіні сөзсіз.    

– Қазір елімізде шекарадағы ауыл-аймақтарды дамыту өзекті болып отыр. Урбанизацияның қарқын алуына байланысты шекара бойындағы елді мекендерде тұратын халықтың саны азайып бара жатқаны алаңдатады. Бұл – ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатысы бар мәселе екені белгілі. Шекара қызметі үшін осы маңайдағы тұрғындар санының көптігі қаншалықты маңызды? 

– Мемлекеттік шекара – қасиетті ұғым. Ол бір миллиметрге де мызғымауы керек. Әлбетте, мемлекеттік шекараны қорғау тікелей шекарашыға жүктеледі. Сонымен қатар, бұл өте кең ұғым және шекараның мызғымастығы туралы ұстаным барша азаматқа бірдей қатысты. Мәселен,  Қытай елімен шекарамыз сонау КСРО кезінен қалыптасты, берік орнықты. Ол аймақта тұратын  ауыл тұрғындары шекарашылармен тығыз қарым-қатынаста, шетін жағдай болса не істеу керектігін біледі. Ал Ресеймен, Орталық Азия елдерімен шекарамыздағы жұмыстар тәуелсіздік алғаннан кейін жүргізілді. Ол аймақтардағы жергілікті тұрғындармен қарым-қатынас біртіндеп жүйесін тапты. Әйтсе де, солтүстік шекара аймағында елді мекендер сирек орналасқан, урбанизация жедел жүріп жатыр. Бұл шекара қызметіне де өзіндік әсерін тигізеді. Біз, яғни шекарашылар үшін тұрғындардың көп болғаны жақсы.  

Осыған байланысты бір оқиға әлі жадымда. Қостанайда қызметте болған кезде бір ауылдың тұрғындарымен байланысымыз күткендегідей бола қоймады. Мен жас лейтенантпын, жағдайды түзеуге кірістік. Сонымен ауыл мектебінде  «Шекарашының жас досы» үйірмесін ұйымдастырдым. 1-қыркүйекте алғашқы қоңырауға, түрлі мерекелік іс-шараларға, ашық  сабақтарға қатыстық, жоғары сынып оқушыларын заставаға әкеліп, шекарашының жұмысымен таныстырдық. Шекараны қалай қорғау керек,   иттерді қалай пайдаланамыз, осының бәрін көрсеттік. Оқушыларға әскери қызметтің және шекарашының символдары да қатты әсер етті. Біртіндеп шекарашылардың балалары мен ауыл балаларының арасында достық байланыс пайда болды. Балалармен қарым-қатынас олардың ата-аналарына да игі ықпалын тигізді. Осылайша жергілікті тұрғындармен жағымды қарым-қатынас қалыптасты. Бұл байланыстың шекарашы қызметінде рөлі орасан зор. 

– Әскери қызметке қызығатын, Отан қорғаушы болғысы келетін жастар сіздерге еліктейді. Осы ретте Алматы  облысы бойынша Шекара қызметі департаментінің әскери-патриоттық іс-шаралары жөнінде айтып өтсеңіз.   

– Биылғы қыркүйек айында Қазақстан Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құрудың және дамытудың жаңа тұжырымдамасын бекітті. Бұл маңызды құжатта идеологиялық, әскери-патриоттық жұмыстарға да баса мән берілген. Идеологиялық жұмыстар – қарулы күштердегі әскери қызметшілердің негізгі міндетінің бірі. Отаншылдық-патриоттық іс-шаралар шекара қызметіндегі жас сарбаздар арасында да, облыс пен қаладағы жастар ортасында да жүйелі жүргізіледі. Мәселен біз Алматы қаласындағы мектептерде құрылған «Жас шекарашы» үйірмелерімен тұрақты қарым-қатынастамыз. Ардагер шекарашылармен кездесулер, мемлекеттік мерекелерге байланысты іс-шаралар өткізуге атсалысамыз. Әскери  қызметшілер арасында түрлі байқаулар, отбасылық сайыстар тұрақты түрде өтеді. Департамент басшылығы шекара бөлімшелеріне барып, кездесулер өткізеді. Қатардағы жас сарбаздар департамент басшысымен көзбе-көз жүздесіп, сауалдарын қояды. Бұл жұмыстар шекара қызметінің бір бөлігін  құрайды.    

– Қарулы күштер қызметкері әрі шекарашы ретінде тілегіңіз.

– Мемлекеттік шекара деп аталуының өзі шекарашыларға үлкен міндет жүктейді. Өйткені, ол біздің Отанымыздың шекарасы. Бұл өте маңызды жұмыс. Шекарашыларға жергілікті тұрғындардың, әрбір азаматтың көмегінің орны ерекше. Сондықтан мемлекеттік шекараны еліміздің әрбір азаматы күзетуге, қарауға тиіс. Сонда ол ешқашан мызғымайды.

– Әңгімеңізге рахмет. 

Сұхбаттасқан

Дина ИМАМБАЕВА

5748 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №8

30 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы