• Білім-ғылым
  • 13 Желтоқсан, 2021

АРМАНЫМ МЕНІ АЛДАМА НЕМЕСЕ SO MY DREAMS COME TRUE!

Оралбек  ӨТЕҒҰЛОВ

Бүгін таңертең жұмысқа әдеттегіден сәл кешігіңкіреп келдім. Офисіме кірген бетім сол еді, алдымнан үстінен «Шанель» әтірі аңқыған хатшым құшағын жая жүгіріп шығып, «Ағай!» – деп мені мойнымнан қысып құшақтап алды.

– Құттықтаймын, ағай! Құттықтаймын! Сізге Нобель сыйлығы берілетін болды. Нобель алған тұңғыш қазақ боласыз! – деп қуанышы қойнына сыймай мені құшағына қаттырақ қысып жатыр. «Шанельдің» иісі мұрнымды жарып барады. Не болып жатқанын түсіне алар емеспін...

– Қайдағы Нобель? Не айтып тұрсың?

– Ағай, маған сенбейсіз бе? Қазір көрсетемін, – деді де, мені құшағынан боста салып үстеліне қарай ұмтылды. Дереу бір жапырақ қағазды алды да, маған ұсынып: «Қараңыз! Қараңыз!» деп безек қағып тұр. Қағазды алып өз көзіме өзім сене алмадым, Нобель комитетінен келген ресми шақырту.

Сөйтіп, межелеген уақытта Норвегия астанасына жол тарттық. Ослоға ұшатын тіке рейс болмағандықтан ұшақ ауыстыруға тура келді. «Боингпен» Астанадан әуелі Лондонға ұшып келдім. B-757 деген керемет ұшақ қой. Сүп-сүйкімді бортсерік қыз «Марс» шоколадын әкеліп берді бізге. «Липтон» шайын ішіп, қасымда отырған Фулбрайт түлегімен әңгімелесіп бардым. 

Әуежайда 2 сағаттай аялдадық. Сол аралықта мұқабасында Эйфель мұнарасы бейнеленген ағылшын тіліндегі Форбс журналының бірнеше бетін оқып үлгердім. Екі сағаттан соң тағы да «Боингке» отырып, Ослоға тарттық.

Ол жақта ұйымдастырушылар күтіп алып, бес жұлдызды «Хилтон» қонақ үйіне орналастырды. Маған джакуззиы бар номер бұйырыпты. Қонақ үйге қарама-қарсы бетте «МэкДональдс» бар екен.

«Колгейтпен» тісімді тазалап алдым да, джакуззиге түсіп, айнаға қарасам, бет-аузымды арам шөп басып кеткен. Дереу қолыма «жиллетті» алдым да, қырып тастадым. Содан соң бірінші қабатқа түсіп, қолыма паркер қаламын алдым да, «Джек Дэниелстен» ұрттап отырып, салтанатты шарада сөйлейтін сөзімді жазуға кірістім.

Сыйлықты табыстау рәсімі келесі күні бас-талды. Норвегия королімен қол алысқанда қатты қобалжығаным рас. Жүрегім дүрсілдеп тұр. Қалай дегенмен де Нобель сыйлығы бұйырған бірінші қазақпын ғой... Осыдан соң трибунаға шығып, микрофонды ыңғайлап, салтанатты түрде сөз сөйлеуге ыңғайландым...

Залға бір көз тастасам лық толы адам, шыртылдаған фотоаппараттар мен бейнекамера ұстаған операторлар. Қысқасы, бірыңғай игі жақсылар жиналған екен. Бәрінің де назары менде...

Терең бір дем алдым да, «Good afternoon dear ladies and gentlemen!» – деп көтеріңкі дауыспен салтанатты сөзімді бастай беріп едім, біреу артқы жағымнан келіп, сол жақ иығымнан артқа қарай жұлқылады. Шошып кеттім. «Әй, тұр! Тал түске дейін ұйықтайсың ба? Қой кетіп қалды. Әкең есегіңді ерттеп кетті. Мініп ал да, қуып жет! Әкең жалғыз өзі баға алмайды» – деген айғай араласқан ашулы дауыс естілді. Көзімді ашсам қой кезекке оятып жатқан шешем екен. Бағанағы көріп жатқанымның бәрі түс екен. Қап, әттеген-ай! Тым-тым жақсы түс көріп жатыр едім, оятып жібергенін қарашы!

– Туу, мама! Күшті түс көріп жатыр едім, бәрін құрттың!

– Солай жата бересің бе тал түске дейін? Жұрттың сендей балалары қой кезекті жалғыз өзі бағып келіп жүр. Сен болсаң жасың жиырма беске келсе де қасыңа әкең еріп жүруі керек. Ең болмаса, қой кезек бағу да қолыңнан келмейді. Тұр болды! – деп үстімдегі көрпені жұлып алды да, есікті тарс жауып шығып кетті.

– Жұрттың балалары Нобель туралы түс көре ме? – деп айғайладым мен ұйқылы-ояу, ызам келіп...

Әрине, шешем менің бұл сөздерімді естіген де жоқ. Естісе де түсінген жоқ...

БІЗДІҢ СҮЙІКТІ ВЕТЕРИНАР

Ұмытпасам, 2009 жылдың мамыр, әлде маусым айы болуы керек, ауылдағы жалғыз ветеринар қайтыс болды. Осы ауылда туып, қырық жылға жуық осы жерде адал қызмет еткен жарықтық қатты шаршаған болуы керек, ұйықтап кетіп, оянбай қалыпты. Бәлкім, ол летаргиялық ұйқыға кеткен шығар... Ол бар болғаны 59 жаста еді...

Бар ресми білімі – аудан орталығындағы ауылшаруашылығы техникумы болса да, университет бітіргендерден кем түспейтін білікті маман болатын.

Ауыл тұрғындары да бұл кісіге дән риза еді. Әуеліде олар екеу болатын. Кеңес Одағы құлап, шаруашылықтар таратылғаннан кейін мал дәрігерінің штаты біреуге қысқарып, екі достың бірі басқа салаға ауысуға мәжбүр болды. Сөйтіп, біздің батырымыз жалғыз қалды. Тұрғындар сиыры өрісте сүзісіп мүйізін сындырып алса да, қой-ешкісінің тұқайы қанаса да, бәрі осы кісіні ертіп келетін. Ол аз десеңіз ауылдың ұсақ балалары анда-санда ауырып қалған күшік-иттерін де қаратып алатын. «Үкіметтен айлық алып отырмын ғой» – деп, еңбегі үшін ешкімнен де ақша алмайтын...

Ал енді халықтың осынша ықыласына бөленген адамның еңбегін үкімет еледі ме? Ол жағы әрине үлкен сұрақ.

Ең қызығы сол – қырық жылға жуық осы ауылда тер төксе де, бірде-бір рет мақтау қағазына да ұсынылмапты. Себебі – «тәртібі нашар екен-мыс». «Нашар» деп отырғаны – анда-санда ұрттап қоятыны. Иә, халықтың ықыласы кез келген адамды бұзып жіберітені рас. Дегенмен де, бұл да анау айтқандай үлкен себеп емес.

Қанша жылдан бері осы ауылда қызмет етіп келсе де, жұмыс жасайтын кабинет те берілмеген. Совхоздың берген төрт бөлмелі үйінің бір бөлмесін кабинетке айналдырып, барлық қағаздарын, есептік жазбаларын осында сақтайды. Алты баласы және жұбайымен қалған үш бөлмесінде тұрып жатты. Мотоциклінен босаған гаражын қоймаға айналдырып, мал егетін дәрі-дәрмектерін осында сақтайтын.

Марқұмның соңғы жылдары ауыл әкімімен де арасы жақсы болмады деседі. Бұған себеп – екі жыл қатарынан әкімнің үйіндегі сиырлардан бруцеллез ауруының табылуы. Алғашқы жылы әкімнің бір сиыры ауру болып шығады. Келесі жылы тағы екі сиырынан анықталады.

Ол екі сиырдың да жыры бөлек әңгіме: біріншісін осы ауылдық округке қарайтын көрші ауылдағы Қадишаның 10 жыл үйде бала күтімімен жұмыссыз отырған келінін директорға айтып сол ауылдағы мектепке мұғалім қылып қызметке тұрғызуға көмектескені үшін, екіншісін осы ауылдың тұрғыны Б. есімді азаматтың шаруашылық ашуға мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алуға құжаттарын дайындап бергені үшін параға алған. Бұл кездейсоқтық па, әлде заңдылық па, білмеймін, енді сол параға алынған екі сиырдан да ауру анықталыпты. Осыдан соң әкім ветеринарды қудалауға кіріскен сыңайлы. Бәлкім, бюджеттің жетпей қалған қаржысын мойнына ілмек болды ма екен, мүмкін, әлдебір құжатқа мәжбүрлеп қол қойғызған шығар. Екеуінің арасында нақты қандай әңгіме болғанын біз енді ешқашан біле алмаймыз. Әкім де бұл күнде о дүниелік болған. Бір білетініміз – ветеринардың соңғы рет әкімнің кабинетінен тұнжырап шығып, үйіне барып жатып қалғаны. Сол жатқаннан қайтып тұрмады...

Қалай дегенмен де, «Үлкен жүректі» адамның өлімі – малмен жан бағып отырған кішігірім ауыл үшін үлкен трагедияға айналды. 250-ге жуық түтіні бар ауыл болса да, ауылда басқа мал дәрігері жоқ еді. Жыл сайын ауыл мектебін жиырмаға жуық түлек бітірсе де, айлығын азсына ма, әлде бір ауылға бір дәрігер жетеді деп ойлады ма, қайдам, осы уақытқа дейін бірде-біреуі ветеринар мамандығын оқымапты. Бұған облыс орталығында ауыл шаруашылының мамандарын даярлайтын жоғарғы оқу орнының жоқтығы да себеп болған шығар, бәлкім...

Ауылға жаңа мал дәрігерін дайындау туралы ой ауыл тұрғындарының арасынан бірінші болып осы ауылдағы «күшік күйеу Қанжарбайдың» басына келеді. «Күшік күйеу» атануының себебі – осы ауылдың қызына үйленіп, осында қалып қойғаны. Бұрын ауылдан 30 шақты шақырым жерде әскери казарма болатын. 70-жылдардың ортасында сол жаққа борышын өтеуге келіп, мектепті жаңа бітірген осы ауылдың бір қызымен танысып, ақыры қыздың әкесінің үйіне кіріп алады. Кейін совхоз жеке үй беріп, бөлек шығарған. Бұл ауыл тарихындағы бірінші оқиға екен. Бізге маңыздысы Қанжарбайдың 30 жылдық тарихы емес, оның ендігі әрекеті. Ол ветеринардың өлімі туралы хабарды ести сала осы жылы 9 сыныпты бітіріп, спортфакқа тапсырамын деп отырған бесінші, әлде алтыншы баласы Олжасты ойынан айнытып,  ветфакқа түсіруге көндіреді.

Әрине, «күшік күйеу Қанжарбайдың» ауылға жаны ашитын адам емес екені бесенеден белгілі еді. Оның бар мақсаты – ауылда өзі тіс қайрап жүрген бірнеше адамнан кек қайтару. Ол жылдар бойы оңтайлы сәтті күтіп жүрді. Соның орайы енді келген сияқты. Баласы ауылға мал дәрігері болса, өзі кектеніп жүрген адамдарының сиырларын бруцеллез деп етке тапсыруға мәжбүрлеп, оларды малсыз қалдырмақ. Осылайша, баласы арқылы ауыл тұрғындарына тісін батырмақ. Бұл күшік күйеудің «ұзақ мерзімді супер-стратегиясы» еді...

Қанжарбайдың өзінің пасық әрекеттеріне балаларын пайдалануы бірінші рет емес. Бұрын да, бір рет өзі өштескен бір адамының қорасын мектеп жасындағы бір баласына өртеткізген. Кейін мұнысы әшкере болып, жәбірленуші тарап Қанжарбайды аяусыз соққыға жыққан болатын. Содан бері ол біраз аяғын тартып жүрді. Бірақ оның ішіндегі кегі құж-құж қайнап, түні бойы ұйқы бермейтін. Ол бір емес, ауылдағы бірнеше адамға тіс қайрап жүрді. «Әттең, ең болмаса біреуің оқып, бастық болғанда ғой» деп, балаларына кіжініп отыратын. Алдыңғы балаларының бәрі мектепте нашар оқып, оқуға түспей қалды. Ендігі оның бар үміті Олжаста. Бұл жолғы оны стратегиясы ауқымды...

Қанжарбай 9 сыныпты бітіріп жатқан ұлы оқу бітіріп келіп, ауылға жұмысқа тұрған соң өзі тіс қайрап жүрген 7-8 адамнан есесін қалай қайтару керектігіне дейін ойластырып, жоспарлап қойған болатын. Енді тек 7 жыл уақыттың тезірек өтуін күту ғана қалды.

Әлбетте, бұл айтуға ғана оңай. Шын мәнінде, Олжастың да оқу үлгерімі төмен. Директордың тапсырмасына сәйкес сабақ үлгерім төмен оқушылардың бәрі 9 сыныпты бітіріп, колледждерге кетуі тиіс. Осындай мәжбүрлі тазалаудан кейін сыныптағы 19 баладан 10 сыныпқа төртеуі ғана қалады. Ұлттық бірыңғай тестілеуге осы төртеуі ғана баруы тиіс. Олжас бұл тізімде жоқ, әрине.

Ендігі міндет – мектеп директорын Олжасты 11 сыныпқа қалдыруға көндіру. Ауылда мектеп директоры екінші бастық. Оған әкімнен басқа ешкім тіке шыға алмайды. Жұмысқа тұру, сағат қостыру сияқты мәселелер бойынша адамдар алдымен директордың күйеуіне жүгінеді. Күйеуі қалыпты әдетінше әңгімені алыстан орағытып, сөзінің соңын: «Апайыңмен өзің «жақсылап» сөйлесіп көрсеңші. «Жақсылап сөйлессең» ойланып қалар» – деп аяқтайды. «Жақсылап сөйлеудің» астарын өзіңіз түсініп отырған шығарсыз? Директордың күйеуі өзіне шаруаларымен келген адамдарды тек кешкі уақытта қабылдайды. Кез келген адам амандасқаннан кейін келген бойда – Жүр, мына жаққа барып сөйлесейік. Мына жерде апайыңның көзіне түспей-ақ қой! – деп, бірден қора жағына ертіп әкетеді. Әңгімелесіп тұрғанда оның көзі қай бағытқа түсіп тұрғанын байқау маңызды. Егер оның көзі сиыр тұрған жаққа қарай түсе берсе, мәселенің шешілуі бір сиыр тұрады деген сөз. Бұл оның көбіне мектепке жұмысқа қабылдау мәселесіне қатысты сұрақтармен келген адамдарға білдіретін ишарасы. Ал оның көзі қой жаққа түссе, мәселені бір қоймен шешуге болады дегенді білдіреді. Қанжарбайды қабылдаған директордың күйеуі әңгімесін қойлар қамалған қораның қасында тұрып айтты.

30 жылдан астам уақыттан бері осында тұрып келе жатқан Қанжарбай мұны әрине жақсы түсінеді және «дұрыс» қимылдаудың арқасында келіссөзді сәтті жүргізген сыңайлы. Ертеңіне директорға кіреді:

–  Гүлеке, енді өзіңіз көріп отырғаныңыздай жағдай осылай болып тұр – деп, әңгімесін ақырын ғана бастайды. Директор да ештеңе білмегендей келушінің әңгімесін басын изеп қойып, ақырына дейін байыппен тыңдайды. Аздан соң езуіне аздап күлкі үйірілген директор:

– Енді сіз солай деп қиылып, өтініп тұрасыңыз бір шанс беріп көрейін. Сосын көреміз не шығатынын... – деп, маңғазданып сөзін аяқтады. Мұны былай деп аударуға болады: «Биыл бір қой берсең 10 сыныпқа қалдырайын. Келесі жылы 11 сыныпқа қалдыру үшін тағы бір қой беру керек. Әйтпесе, балаңды 10 сыныптан соң колледжге қуып жіберемін...». Күшік күйеу мұны жақсы түсінді.

Бірінші міндет шешілген сыңайлы. Енді ҰБТ-дан жақсы балл жинаса, оқу ақысына көмектесіңіз деп әкімге қолқа салу. Грантқа түсе алмайтыны белгілі. Ақылы бөлімге түссе, оқу ақысы мен жүріп- тұруына қажетті қаражатты жиып беру керек. Мұны Қанжарбайдың қалтасы көтермейтіні белгілі. Оған қоса мал дәрігерінің оқуы 4 жыл емес, 5 жыл. Тесттің нәтижесі бар тағы.

 

***

Арада екі жыл уақыт та әупірімдеп өтті-ау, әйтеуір. Бұл аралықта ауылда біраз өзгерістер болды. Алдымен бір жас жігіт ветеринар болып келіп, бір жыл да істер-істеместен кетіп қалды. Ауылға арнайы жолдамамен келген екен. Бірақ ұзақ тұрақтамады. Не себептен кетіп қалғанын да ешкім білмейді. Біреулер әкіммен тіл табыса алмаған десе, екінші біреулер жала жауып, үстінен біреу шағым түсірген дейді. Енді біреулер ауылдың жігіттері тиіскен дейді. Одан соң тағы бір жаңа мал дәрігері келді ауылға. Орта жасты алқымдаған жігіт ағасын көрші облысқа тойға барған әкімнің өзі алып келіпті. Барлық жағдайыңды жасаймын деп уәдені үйіп төксе керек, жаңа ветеринар ауылға көп ұзамай отбасымен көшіп келді. Ауылдан көшіп бара жатқан башқұрт кемпірдің үйін әкім бюджет есебінен арнайы ақша бөлгізіп сатып алып, отбасымен сонда қоныстандырды. Ауылда жаңа емхана салынып, бос қалған бұрынғы медициналық пунктті мал дәрігеріне арналған кеңсеге айналдырды. Мұның бәрі Қанжарбайдың жүйкесіне айтарлықтай салмақ түсіргені анық. Бәрі де жақсы басталып келе жатқан сияқты еді, бірақ бір бақытсыз оқиға орын алды. Ветеринардың 7 сынып оқитын ұлын кешкісін сабақтан үйіне қайтып келе жатқанда әлдекімдер соққыға жығыпты. Басынан ауыр жарақат алған бала  облыс орталығына жеткізілгенімен, бірнеше күннен кейін көз жұмды. Бұл оқиғаның артында Қанжарбай тұр ма, жоқ па, ол жағын білмеймін, бірақ қылмыс ашылмай қалды. Ауылға облыстан келген полицейлер тұрғындардың бәрінен дерлік жауап алса да, ешкім тұтылған жоқ.

Осыдан соң әлгі отбасы ауылдан қайтадан көшіп кетті. Қанжарбайдың қуанышына орай ауыл тағы ветеринарсыз қалды. Бұл аралықта оның тіс қайрап жүрген адамдарының тізімі де екі есеге көбейіпті.

Ауыл мектебіндегі жыл сайынғы дәстүрлі тазартудан кейін 11 сыныпқа қалған 5 түлектің бірі ретінде Олжас та тесттілеуге қатысып, әзер дегенде 51 балл алып шықты. Грантқа түсуге жетпесе де, ақылы бөлімге қабылдануға жеткілікті. Қанжарбай енді жоспар бойынша екінші қадамға көшті: – Ағаңа барып, жағдайыңды айтып, көмек сұра. Оқуын бітіріп келген соң осы ауылда ғұмыр бойы мал дәрігері болады ғой – деп үгіттеп, әйелін ауыл әкіміне жібереді. Қанжарбайдың әйелі мен ауыл әкімі бір рудан. Сондықтан да қарындасының бетін қайтармас деп үміттенді. Алайда талай уақыттан бері ауылды тоқтаусыз басқарып келе жатқан әкім де оңай шағылар жаңғақ емес еді.

– Биылғы жылғы бюджеттен ақша бөле алмаймыз. Бюджет бекітіліп кетті. Биылша өздерің оқыта беріңдер. Үлгерімі жақсы болса, келесі жылғы бюджеттен қарастырамыз...

– Енді не істейміз? Баламды қалай оқытамын?

– Өздерің бірдеңе қылып амалдай тұрыңдар. Сендерге баланы топырлатып ту деген мен емес қой! – Әкім қаттырақ айтып жібергенін өзі де сезді ме, осыдан соң лезде жұмсарып, – Айтып отырмын ғой, айналайын. Қысқа дейін амалдай тұрыңдар. Содан соң міндетті түрде бір жолын қарастырармыз – деген сырғытпа жауаппен рулас қарындасын шығарып салды.

Қанжарбай әйелі екеуі банктен кредит алып, Олжасты сонау Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық-Технологиялық Университетіне оқуға түсірді. Бұл әрекетін жұртқа «Он баламның ең болмаса біреуі институт бітірсін» деп түсіндіргенімен Қанжарбайдың түпкі ойы сол баяғы қалпында, өзгеріссіз қалды. Біреулер оған мысқылдай қараса, енді біреулер, «Ее, дұрыс екен» десіп жатты. Сырттан әкелінген адамдардан қайыр болмас деп ойлады ма, әлде Қанжарбай мен әйелінен қашып құтыла алмасын білді ме, әйтеуір әкім де келесі жылы жиырма жылда алғаш рет өз уәдесінде тұрып, ақылы бөлімде оқып жатқан Олжастың оқу ақысын әкімшіліктің есебінен өтейтін болып келісті. Ал бұл кезде 17 жасар Қанжарбай Олжас үйінен алғаш рет ұзап шығып, жүздеген шақырым қашықтықта жаңадан басталған студенттік өмірдің қызығын көріп жатты...

Жаңа қала, жаңа орта, жаңа өмір. Ағасы келіп жатақханаға жатқызып кетті. Алғашқы 2-3 аптада сабақтан қалмай барып жүрді. Бөлмелес жігіттерден қалмай тапсырмаларын көшіріп жазып, бірдеңелерді орындап, шамасы келгенше айтып та жүрді. Бірақ адам өзін-өзі мәжбүрлеп қашанғы жүрсін? Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған адам оны шешіп лақтыра салуға қимайды да, әлі келгенше сүйретіп жүре береді. Сүйреген сайын жердің топырағын қопарып, шөбін жапырып, асфальтын сырып, із қалдырып кетеді. Олжастың 5 жылғы студенттік өмірі де осындай.

Алғашында көрші бөлмедегі жігіттермен бірге квн ойындарына шығып жүрді. Содан соң бокс үйірмесіне жазылып, көп ұзамай алғашқы нәтижелерге де қол жеткізді. 1-курстар арасында университет, содан соң қала чемпионы атанды. Алғашқы кубок пен медальдары ректордың да алдына жетті. Қыста Қазан қаласында өтетін турнирге де жолдама жеңіп алды. Әуеліден спортқа жақын ауыл баласының мұндай жетістіктері кездейсоқтық емес еді. Бірақ сабағы нашарлай берді. Сабағы қаншалықты нашарласа да, спорттан жетістіктері соншалықты көбейе берді. Семестрдің соңында іске тәрбие ісі жөніндегі проректор мен жастар ісі жөніндегі комитеттің жетекшісі кірісіп, Олжастың барлық сабақтарын «төртке» жауып берді.

Бірінші семестрді бітіріп, ауылға каникулға келгенде әкесі оны бірден әкімге алып барады. Алып келген медальдары мен кубогын көрсетіп мақтансын келіп:

– Көрдің бе, менің балам чемпион болыпты. Қыста енді Қазанға барады екен. Ауылдың атын шығаратын осылар емес пе? Осындай жастарымызды қолдауымыз керек емес пе? – Қанжарбайдың ауызы жабылар емес.

– Жә, жарайды. Түсіндім. Мыналарыңды осында тастап кет. Ертең есеп беретін кезде керек болады. Ауылымыздың мақтанышы деп есебіме қосатын боламын.

– Ал енді, Бәке, оқу ақысы жағы қалай болады? Өткенде жаңа жылдан кейін қарастырмыз деп едіңіз ғой?

– Бұл шаруаны келесі аптада шешеміз, – деп қысқа қайырды әкім, бұл жолы бас тарта алмай...

Содан не керек, Олжастың оқу ақысын ауыл әкімдігі өз мойнына алды. Екінші семестр де дайындықтармен, жарыстармен, турнирлермен өтті. Қазандағы жарыстан да бірінші орын алып келді. Оқуда кеткен есесін спорттан қайтарып жатты. Енді Олжасты сынақ кітапшасына үштік бағалар түсіп жатса да, қызықтырмайтын. Оқудан шығып қалмасам болды деп жүре беретін болды.

 

***

Олжастың кезекті ерлігі – сәуір айының аяғына таман орын алды. Көктем шығып, бірінші курстың бітуіне шамамен бір айдай ғана уақыт қалған еді. Әйдік қалада өткен кезекті турнирден жүлдемен оралған ол группаластарының жағдайын білу үшін лектік залға бас сұғады. Залда орта жастағы профессор лекция оқып тұрған еді. Есік қалғылды да, ішке алшаң басып Олжас кіріп келді. Ағайға асығыс «Саламатсыз ба!» – деді де, жауабын күтпестен алдыңғы жақтағы бос орындардың біріне жайғаса кетті.

– Тоқта! Кімсің? Бұл қай бала? Тұр орныңнан!

– Қанжарбай Олжаспын!

– Кім?

– Қанжарбай Олжас! – деп аты-жөнін қаттырақ дауыстап айтты да, орнына қайтадан отыра кетті.

– Атың қайсы? Фамилияң қайсы? Олжас па, Қанжарбай ма? Қазіргі жастардың аты мен фамилиясын айыра алмайтын болдық қой – деп, профессор журналына қарап, Олжасты іздей бастады. Профессордың бұл сөзі шымбайына батып кетті ме, әлде сіркесі су көтермей тұрды ма, Олжас орнынан қызбалана атып тұрып:

– Немене? Маған прикол ұстап тұрсың ба? – профессорға дүрсе қоя берді.

– Әй, әй! Мынау не дейді? Кімсің сен маған дауыс көтеретін? Шық бар аудиториядан! – деп профессор алдыға бір қадам аттап, сол қолының сұқ саусағымен есікті нұсқап Олжасқа қарады. Профессордың бұл сөзі Олжасты одан бетер ашуландырды:

– Шықпаймын ал! Не істейсің? – деп алдында тұрған ұзын партаны алдыға қарай жұлқи итеріп құлата салды. Бірінші қатарда тұрған парта бар екпінімен еденге гүрс етіп құлады да, үстінде тұрған заттар жерге шашылды. Алдыңғы қатарда отырған бірнеше қыз шошынғаннан орындарынан ұшып түрегеліп, артқа қарай қашты. Аудитория тым-тырыс. Бір-екі жігіт те орнынан тұрып Олжасты тыныштандырғысы келген, бірақ батылы жетпеді. Осы сәтте аудиторияға декан де кіріп келді. Ол осы маңайдан өтіп бара жатып айғай-шуды естіген соң осында бұрылған екен...

Іс жоғары жаққа дейін жеткенімен, университет басшылығы студенттің «спорттағы жетістіктерін ескеріп», оқудан шығармауға шешім қабылдады. Ал шағым түсірген профессордың өзін кінәлі қылып шығарады ең соңында

– Бір баланы оқудан шығарғанда не табасың? Біз мына жақта студент жинай алмай, контингентті толтыра алмай қиналып жүрсек, сендер келіп алдарыңа жинап берген студенттерге ие бола алмай жүрсіңдер, – деп қысқа қайырды осы университеттің бір бұрышын тіреп тұрған жуанқарын бір дөкей...

Осы оқиғадан соң Олжас та аздап сабасына түсті. Бұрынғыдай ешкіммен қақтығысқа да көп бара бермейтін болды. Алайда оқу үлгерімі көңіл көншітпейтін. Жарыстар, жаттығулар, қыдыру мен көңіл көтеруден қолы босаған кездері айына бір-екі рет университетке келіп төбе көрсетіп кететін. Сөйтіп жүргенде 5 жыл да көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Ілініп-салынып жүріп алған үштіктерге толтырып дипломын да алып шықты. Жұмысы да дайын тұр еді ауылда. Жұмысқа қабылданғаны туралы бұйрық шыққан күні-ақ ол өзінің алғашқы тапсырмасын алды. Осы сәтті жылдар бойы тағатсыздана күткен Қанжарбай баласының қолына бір парақ қағаз берді. Ол жерде өзі кектеніп жүрген адамдардың тізімі жазылған еді. «Осылардың малдарын бруцеллиоз деп шығарып, етке өткіз де, әкеңнің кеткен есесін қайыршы бір!» деп, ұлының арқасынан қақты. Олжас шошып кетті. Санасына әлдене енді жеткендей болды: «Мені осы үшін спортфакқа жібермей, мал доғдыры қылдың ба?» – деп ызбарлана алдыға жұлқына шығып, әкесінің бетіне бажырая бір қарады. Сөйтті де кері бұрылып жүре берді.

– Әй, иттің баласы! 5 жыл босқа оқыттым ба мен сені? – деп күйінген күйі Қанжарбай қалды артында қолын жерге бір сілкіп...

Олжастың бұл тапсырманы орындамауы да мүмкін еді, келесі бір жағдай болмағанда... Оншақты күннен соң жас маман ретінде аудан орталғында өтетін бір жиналысқа келді Олжас әкімшілік қызметкерлерімен бірге. Жиналыста ол өзі сияқты бірнеше жас маманмен бірге партия қатырына өтіп, куәлігін алып, әкімшілік қызметкерлері алдына ала жазып берген сөзді сөйледі салтанатты шарада. Жиын соңына таман мойнына әдемі галстук таққан, қолына қымбаттау бір протфель ұстаған бір ер адам Олжасты «Жақсы сөйледің» деп қолпаштап арқасынан қағып, оңашалап алып кетті.

– Сонымен інішек атың кім дедің?

– Олжас Қанжарбайұлы.

– Әп, бәрекелді! Жақсы сөйледің. Көрмейсің бе? Залдың бәрі саған қол соқты... (Бұл сөздер Олжастың құлағына жағып барады). Мен де кезінде, сенің жасыңда партия қатырына осылай қабылданғанмын. Жаңадан келген мал дәрігері екенсің ғой?

– Иә.

– Биыл бітірдің бе оқуды?

– Иә.

– Ауылда айлық жоқтың қасы ғой. Сондықтан да жастар ауылда тұрақтамай қалаға кетеді. Өзің де болашағыңды осы бастан ойлай бергенің дұрыс...

– Мұнымен не дегіңіз келіп тұр?

– Әй, бәрекелді! Болатын бала осылай сұрақ қояды. Өзім де сеннен осыны күткенмін. Қысқасы, ағаң ет комбинатында директордың кеңесшісі болып қызмет атқарады. Есімім – Сүлеймен Ибрагимович, – деп қалтасынан визиткасын алып, Олжасқа ұсынды. – Ауылдық жерлерден жыл сайын малдардан бруциллиоз көп шығады. Біз сол ауру малдарды арзан бағаға сатып алып, сендердің жұмыстарыңды жеңілдетеміз. Жақында қан аласыңдар ғой. Сол кезда ағаңа бір звонок жасасаң болғаны. Өз көлігімізбен келіп, бәрін тиіп алып кетеміз. Сен қағаздарға қол қойып берсең болғаны.

– Қалай?

– Айтып отырмын ғой, біз сендердің жұмыс-тарыңды жеңілдетеміз деп. Әрбір ірі қарадан 10 мың теңге сенің қалтаңа түсіп отырады. Жақсы емес пе?

– Ммм... – Олжас қолындағы визиткаға қарап ойланып қалды.

– Жақсылап ойлан, інішек! – деді де, әлгі кісі алды-артына қарамай бұрылып жүре берді.

   Аудан орталығынан ауылға келгенше Олжастың ойынан әлгі кісінің сөздері кетпеді: «Әрбір бастан 10 мың теңге! Әрбір бастан 10 мың теңге!». Бұл дегенің тұрған қып-қызыл ақша ғой»!

***

Арада үш ай өтті. Малдан қан алынып, талдаулары да қолына тиді. Брузиллиоз шыққан сиырлар айтарлықтай көп емес. Бар болғаны бес-ақ бас. Әкесі берген тізімнен тек Әлиманың бір сиыры ғана бар. Қалған 14 адамның сиырлары сап-сау...

«5 бастан 50 мың теңге ғана ма? Жоқ, бұлай болмайды!» – деді Олжас орнынан атып тұрып терезеге қарай беттеді. Ерсілі-қарсылы бір-екі қадам жүрді де, қайта келіп орнына отырды. «14 адамның бәрін тізімге қосып жіберсем бәрі менен күдіктеніп жүрер. Онын қоссам да аз емес. Жоқ, жетеуін қосайын. Қалған жетеуі келесі жылға қалсын» – деп, тізімге қайта қарап, сол үйлердің сиырларын санай бастады. Сөйтіп, жалпы саны 30 бас шығарды. 300 мың теңге қалтада.

Көп ұзамай «ауру малдарды» тиеп кетуге ауданнан адамдар да келді. Қанжарбайдың тізімінің басында тұрған «қас жауы» – Сәния кемпірдің 9 бас сиырынан да «ауру шығыпты». Соны ең бірінші болып тиеп кетпек. Қанжарбай үшін бүгін ұлы күн. Бұл күнді ол 30 жыл бойы асыға күткен еді. Осы бір сәтті өз көзімен көру үшін Сәнияның қорасының қасына Қанжарбай да келді. Мал тиейтін машина, 4-5 жігіт, учаскелік полиция және ветеринар Олжас. Ауыл әйелдері үшін қолындағы сауып отырған сиырларынан айырылу үлкен трагедия емес пе! Сәния бәрін қарғап-сілеп жатыр. Мұны жақын маңнан қарап тұрған Қанжарбай айызы қанып, рақаттанып тұр. Алайда кенет бәрі өзгеріп сала берді. Сәния әжейдің үйінде мүйізі қарағаштай асау бір бұқа бар еді. Ешкімге ұстатпайтын, асқан бір сүзеген, құтырған бұқа болатын. Өткен жолы қан алуға келгенде өзін жерге жығып, мойнына ине тыққан Олжасты жақсы есіне сақтап қалған болуы керек, оны көре сала бірден көзі аларып, солай қарай ұмтылды. Олжастың қашып, не қорғанып үлгеретін ешқандай да шамасы жоқ еді, әкесі құтқармағанда... Олжасқа қарай мүйізін шайқай екілене ұмтылған бұқаны көре сала Қанжарбай да Олжасқа қарай  жүгірді. Бұқа Олжасқа жете бергенде Қанжарбай да жетіп үлгеріп, баласын итеріп жіберіп үлгерді. Бар екпінімен жүгірген құтырған бұқа Қанжарбайды мүйізіне іліп алып, қораның қабырғасына жабыстырып тастады. Қанжарбайдың аузынан да, мұрнынан да, құлағынан да қан ытқи атқылады. Бұқаның бір мүйізі көкірегіне, екінші мүйізі ішіне кіріп кетіпті. Құтырған бұқа аузынан ақ көбік ағып, Қанжарбайдың жансыз денесін одан әрі қарай мыжғылап жатыр. Айналада тұрған адамдардың бәрі жан-жаққа қашып үлгеріпті. Бір аяғы сынған Олжас орнынан ұмтылып тұра алмай, жүк көлігінің астына қарай бір жамбасымен жорғалай жөнелді. Учаскелік полиция қызметкері беліндегі табельдік қарауын алып, бұғаға қарата барлық оғын боратты. Оқтың бәрі тигеннен соң барып әлсіреген бұқа жерге құлады. Оқиға қас пен көздің арасында болды. Ауыл тұрғандарының бәрі де есеңгіреп қалды.

Бұл 2016 жылдың күзі еді... Сүйікті ветеринарымыздың қайтқанына 7 жылдан асқан. Алайда сол уақыттан бері жыл сайын жаз айналарында ауылдың аспанын айналып бір қыран бүркіт ұшып жүретін. Бұл бәлкім марқұм ветеринардың рухы шығар, ауылды желеп-жебеп жүрген. Бір қызығы, ауылға жаңа ветеринар келген сайын қыран аспаннан көрінбей кететін...

17649 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы