• Әдебиет әлемі
  • 02 Желтоқсан, 2021

ШЛИМАН ТРОЯНЫ КӨП ІЗДЕДІ...

Жаңабек ШАҒАТАЙ

– Аулымыздың жеңіске жеткені жақсы болды, – деді Сабырхан ұсақ-түйектерін жинастырып болған күйі шын риза кейіппен. – Сенің арқаңда әйтеуір жерге қараған жоқпыз. Үлкендердің, әсіресе Дауылбай атаның балаша мәз болғанын көрсең ғой...

– Доғаршы! – Құмар жұқалтаң қабағын шытты нариза үнмен. – Сонша мақтайтындай не тындырып тастаппын. Әшейін, сөз етуге де тұрмайтын нәрсе емес пе? Күресте бір баланы жықты деп...

– Сен солай дейсің, ал жұрт балалардың  жәй ғана күресі деген жоқ қой. Тіпті бәрі анталап, бір-бірінің мойнына мінгесіп, бірін-бірі таптап кете жаздады, – деді Сабырхан табан асты қызбаланып, қолын сермеп-сермеп тастап. – Білесің бе, біздің Үшарал сияқты кішкентай ауылдарға үлкен-үлкен жеңістер керек көрінеді. Сонда ғана ол ауылдың абыройы асқақ, аты әйгілі болады екен.

– Мәссаған, тұп-тура ересек кісілерше еліріп сөйлеп тұрсың ғой, – деп досының жүзіне таңдана қараған Құмар еріксіз күліп жіберді. – Әлгі әйгілі мысалдағыдай боп жүрмейік. Бірін-бірі көпіртіп мақтайтын көкек пен есек ше?

– Жоға-а, олардай болу қайда-а? – Шек-сілесі қата күлген Сабырхан үйреншікті әдетінше сөздерін соза сөйледі. – Жоға-а, ешқандай да мақтаншақ емеспіз. Белдесуде Петька жеңсе, көрші Шіліктінің кісілері де шетінен кеуделерін қағатын еді. Өз ауылдарында, өз тойларында оңдырмай жеңдік деп бөсетін еді. Ал бәрібір Петьканың басынан аттамағаның дұрыс болды. Ол да өзіміздей бала ғой...

Ауыл кісілерін жаппай әбігерге салған той күні нағыз мерекеге, бұлар бұрын көрмеген ерекше салтанатқа айналсын. Үлкен-кішінің бәрі түгелдей мәз-мейрам. Анада әкесі «барша жақсы салт-дәстүр, салт-ғұрпымыздан біржола айрылып тынған екенбіз» деп қамықса да, жүдеу ауылдың азғана күнде ажары кіріп, құлпырып кеткеніне ешкім сене алар емес. Бұдан бұрын сиқы кетіп, аянышты көрінетін үйлер мен күл-қоқысқа толы көше бойы кісі танымастай. Тап-таза, көлденең жатқан қылау көрінбейді. Әр үйдің іші-сыртын мұқияттап қайта сылап, аппақ жұмыртқадай етіп әктеген. Той дайындығының салмағы көбіне өзі құралыптас балалардың иығына ауыр жүк болып түскені кәміл. Үлкендер жағы «жас келсе – іске» деп қойып, бұларды аяусыз салады жұмысқа. Әйтеуір бір тыным жоқ. Шалбай аға бас болып, аулаларға, екі-үш шолақ көшенің бойына тал екті қолдың саласындай қылып. Есік-терезелерді сырлады көз сүйсіндіріп. Аз күнде ауылдағы үйлердің бәрі еңселеніп, бұрын жер бауырлап шөккен баспаналардың шырайы кірді. Жаппай жұмылған жұрт бұрын естілмеген «асар» деген әдісті де ойлап тапқан. Ертеде барша қазақта болған, осылайша бәрі жабылып, қолы қысқаларға көмектескен дейді. Ал бұларға бәрі қызық. Ойнап жүріп, жұмысты опырып тастайды. Көп болып біріксе бітпейтін шаруа, тынбайтын іс жоқ көрінеді шынымен. Бұлар ес білгелі Үшарал дәл осылай жайнаған жоқ еді көздің жауын алып. Үлкендердің: «Е-е, көз – қорқақ, қол – батыр» дейтіндей-ақ бар...

Өздері жайшылықта онша көзге ілмейтін Қоғалының оң жақ жағалауындағы он шақты киіз үйдің де қайдан табылғанын түсіне алар емес. Әйтеуір, жап-жасыл майсаға бір күнде қонақтай кеткен аппақ киіз үйлер кинода көрсететін дөңгеленген кішігірім обсерваторияның күм- безі сияқты. Бірлі-жарым оңаша отау емес, дөңгеленген ақшаңқан үйлер топтанып тігілсе, тіптен сұлу, ғажайып екен. Құмарың қанбай, таңданып қарай бергің келеді. Әсіресе, сан бояумен құлпырып, жайнаған жасауын айтсайшы! Көктемгі құлпырған даланың барша бояуы: қызыл-жасыл гүлдердің нәзік ұлпасы мен түбіне көз жетпейтін көгілдір аспанның зеңгірі, масатыдай құлпырған майсаның қою нілі аппақ отауларға ою-өрнектермен келіп қонғандай.

Оюлы текемет, өрнекті сырмақ, түрлі-түсті шашақты бау-басқұрдың қайдан келгенін, бұдан бұрын қалай сақталып қалғанын тап басып айтып берер кісі жоқ. Әйтеуір, әжім жүзді әжелер сырлы әбдіре-сандықтарын аңқайта ашып, осы тойға әдейілеп сақтағандай «біссіміллә» десіп, әрі қуана, әрі ерекше бір толқу толғаныспен сыртқа қайта шығарған. Кейбірі кебеже түбіндегі аппақ кимешектерін төгілтіп киіп, пүліш қамзол, барқыт шекпендерін иығына ілген.

Қоғалының жағасындағы кең жазыққа адам сыймай, жан-жақтан келген сансыз көлік кернеп кетті. Жұрттың бәрі көңілді, әр жерден естілген сыңғырлаған күміс күлкілер шат-шадыман адамдарды одан әрмен желіктіретін сияқты. Жайшылықта ылғи бұйығы, ештеңеге селт етпейтін можантопай жуас болып көрінетін ауыл кісілері нағыз желікпе, тым қызуқанды екен, байқаса. Түн ортасы ауса да аудан, облыстан келген әншілер мен күйшілерді сахнаға қайта-қайта шақырып, жаппай жер тепкілеп дабырласып, желпінгендерін айтсайшы. Айлы түнде айтылған ән қандай ғажап! Түнгі аспанның астында кең даланың төсіне шалқи жайылып, алыс-алыс қиырларға құйқылжи төгілген күйлер әр кісінің жүрегін әлдеқандай сыршыл мұңмен әлдилеп, кеуделерін кернеп, еріктен тыс күрсінткен. Сахна алдында жағын таянып, жүрелей отырған Құмар әлденеге елегізіп, көзімен Аиданы іздеді батылсыз ғана. Шалбай ағаның кенжесі – Аида бір топ қыздың ортасында, ең жақын құрбысының иығына басын сүйеп, қыпша белі талшыбықтай майысып тұр. Иығына толқындана төгілген қою қара шашын желпіген түнгі желемік қаз мойнына таққан қызыл шалмасын ақырын желпіп ойнауда. Ақша жүзіне жұқалтаң қызыл арай жүгіріп, қарақат көздері шоқтай жайнаған күйі сахнадан көз алмай қимылсыз қатып қапты. Қызғылтым көйлегі сымбатты денесіне құйып қойғандай. Бар қалпы құдды бір қырға өскен әсем қызғалдақтай! Өзгелерге байқатпай Аидаға ұрлана көз тастаған Құмар еріксіз күрсінгенін өзі де аңдамай қалды. Жүрегі уілжіп, кеудесі жұмсақ бір әуенге толғандай.

Тойдың қызығы келесі күні таңертең қайта басталды. Тіпті, тойға жиналған көпшілік түні бойы көз ілмесе де, әлі де құмары қанбағандай. Әсіресе, бәйге басталғанда  жұрт жаппай дүрлігіп, ауылдың үлкен-кішісі бұрынғыдан әрмен өрекпіп ала жөнелді. Аламан бәйгеде Шіліктінің кертөбелі қара үзіп келгенде ауыл кісілерінің көбі көзімен жер шұқып қалғанды. Есесіне, жорға жарыста Дауылбай атаның ақбақайы көмбеден жеке дара келген соң қуаныштары қойнына сыймай, бөріктерін аспанға атты. Ал көкпар дегендері құр қиқуға айналған сияқты. Бірлі-жарым кісілер жұлқынып, қол басындай бөрте лақты арлы-берлі өңгеріп шапқанмен, ұйлығысқан көпшілік селт ете қойған жоқ. Мінуге тұғыры жоқтар теріс айналғандай ма, қалай?! Бірақ осы қарамы азғана топтың жапан даланың төсін жаңғырта шапқаны талайлардың таңдай қағып, тамсануына жеткілікті боп шықты. Қыза-қыза келе іргелес екі ауылдың кісілері дәп осы тойда жеңістің таразы басы бір жаққа ауғанын қалап, жеңімпаз жаққа бәс тікті. Іле-шала табан асты балаларды күрестіретін боп қол алысты. Ешбір дайындықсызақ белдестірмек. Тойдың қызуы басына шауып, қаны ойнаған базбіреулер: «Осы жерде күрессін! Жығылса, жер көтереді!» –  деп даурығып ала жөнелген.

Көрші Шіліктінің кісілері өздерінің жеңіске жететіндеріне нық сенімді, тіптен, аудан, облыстардағы жарыстарда аты шығып жүрген Петьканы осы тойға арнайы әкелген сияқты. Петр – Шіліктідегі күректей аппақ сақалы омырауын жапқан Степанның ең кенжесі. Бұлармен түйдей құрдас. Тіпті, омарташы Степан да жас күнінде жауырыны жер иіскемеген палуан болған екен. Қазір де құрдастарымен орашолақ қалжыңдасқанда: «Өй, ит-ай, аяғыңды көктен келтірейін бе осы?» – деп кәрі аюша қорбаңдайтыны бар. Өзінің бала-шағасы көп. Білетіндердің айтуынша, нәсілі орыс демесең, нағыз қитабан қазақ боп кеткен көрінеді. Елдің айтуынша, ортаншы баласы Федор ертеректе Қара теңізде теңізші болған. Үш жыл. Сол Федор алыс теңізден алғаш рет үйіне хат жазғанда: «Әкетайым, жағдайым жақсы. Қарным да тоқ. Тек бір жаманы мұндағының бәрі өңшең бөтен орыстар көрінеді, миғұла ма, әйтеуір қазақша дым білмейді екен. Тілдерін түсінбей, аздап қиналып жүрмін», – деп сәлем жолдаса керек. Сол хат келген соң Степан екі күн бойы ешкіммен тіс жарып сөйлеспей, қараңғы моншасының сәкісінде қабырғаға теріс қарап, бүктүсіп жатыпты. Нәр татпапты. Сақалды шалдың айбаты мен ашуынан жасқанып, жақындап баруға ешкімнің жүрегі дауаламаса керек. Степан екі күннен кейін екі көзі қып-қызыл болып қанталап, екі жағы қушиып тұрыпты. Содан бері ол өзінің орыс екенін мүлдем ұмытты деседі үлкендер...

Күресте сол Петькаға тең келетін ешкім шықпады араларынан. Әуелде онымен белдеспек болған ересектеу баланың көзді ашып-жұмғанша қиралаң етіп жығылғанын көргендердің ешбірінің жүрегі дауалар емес. Бәрі де тосылып қалған. Кейбір қызба шіліктілер:

– Жұртты сарсылтпай, беріңдер баланың бәйгесін! Әйтпесе, шығар палуаныңды! – деп өршелене қиқуға бассын.

Көпшілік тым-тырыс. Алғашында бірін-бірі қылжақтап түртпектеп, ортаға қарай итеріскен балалар да қимылсыз ошарылып тұр. Жүректері шайлығып қалғандай. Кенет топтың ішінен:

– Әй, шықпаймысың бірің ортаға, жықпаймысың мынаны, түге! – деп саңқ еткен Дауылбай атаның ащы үні құлақ жарғағын жарып жібергендей боп естілді. Қарияның қарлығыңқы дауысындағы сенімсіздік аралас әлсіз үміт жиналғандардың бойына суық су шашқандай. – Әлде, мұқым елде шешесінің уызына жарыған бір ұл жоқ па?!

Намысқа булыққан Құмар ширығып-ақ тұрған. Аздап күрестің әліпбиін білетіні болмаса, тек кейде риза болған анасының «Е-е, менің баламда күш көп!» деп мақтап қоятыны болмаса, күреске соншалық әуестігі жоқ. Әйтсе де, Дауылбай атаның дауысындағы әлгі бір торығу мен үмітсіздік көкірегін кернеп, бойында әлдеқандай ашу, асау ыза оятқандай. Кенет... бір топ құрбыларының ортасында тұрған Аидаға көзі түсті. Сыныптас қыздың қызғылт көйлегінің ұзынша етегі таудан соққан самал- мен сәл толқындана тербеліп, шиедей қызыл ернін тістелей мұңайып тұр. Ақша жүзі ішкі бір күйзелістен сәл сұрғылттана күреңітіп, ағы мол мойылдай қара көздері жасаурағандай ма, қалай?! Күтпеген жерден жанарлары түйісіп қалды. Құмар бұдан әрмен намысқа шыдай алған жоқ. Бір пәсте ортаға атырыла ыршып шыққанын өзі де аңдай қалған сияқты. Тек төрешілер беліне белбеуді мықтап байлап жатқанда ғана: «Мейлі, жығылсам жер көтереді! Туған аулымыздың төрінде намысымызды қолдан бермейік», – деп іштей күбірледі.

Петька шыныменақ аса қайратты екен. Әп дегеннен үйіріп ала жөнелді. Белінен тас қып ұстап, шалқая түсіп, төсіне ала ырғағанда табан тірер қара жердің қайда дөңгеленіп кеткенін аңдай алмай қалған. Кенет құлағына:

– Берілме, Құмар! Өз ауылыңда, өз тойларыңда сені жыққым келмейді, – деп ақырын сыбырлаған Петьканың жанашырлық үні ентігіп, еміс-еміс естілді. – Мейлі, итжығыс бола берсін.

– Жоқ, ол дұрыс емес, Петька, – деді бұл да тістене сөйлеп. – Бәрі де әділ болуы керек. Сен жықсаң, мен өкпелемеймін. Ешкім де ренжімейді.

Жан-жақтан анталаған жұрт өрекпи  дүрлігіп, дәп осы белдесуде тағдырлары шешілердей қиқуға бассын. Кеңес беріп:

– Іштен шал, Құмар!

– «Мельницаға» ал!..

– Жамбасқа сал, Петр! – деп жанұшырған дауыстар әр-әр тұстан естілуде.

Ақыл айту оп-оңай. Қорғасын құйған сақадай шымыр, әдісқой, әккі Петькаға тісіңді батырып көр, күшті болсаң. Құмардың да оңайлықпен берілгісі жоқ. Іштей ширығып, серпінді бұлшық еттері білеуленіп, көзіне құ- йылған ащы терді елемей аласұрып бағуда. Қайта осының алдындағы белдесуден шаршап қалған ба, Петьканың демі ауырлап, әлденақ екі иінінен дем алып, ентіге бастапты. Алғашқыдай екпін жоқ, қимылы сылбыр. Тосын қимыл жасаудан, одан әрі тіресуден қашқақтайтын сияқты... Кенет қалың топтың ортасынан тағы да саңқ еткен Дауылбай атаның:

– Әй, атаң қазақ емес пе?! – деген үні естілді. – Ыбылжымай, аруаққа сыйын! Уа, аруақ!

Белі талып, білегінен күш кете бастаған мұның өнбойын оттай ыстық бір толқын шарпып өтті. Тіптен шаршағанға – күш, талғанға – дем беретін осынау киелі ұранды жұрттың көбі алғаш рет естігендей айнала бір сәт тым-тырыс бола қалған. Құлаққа ұрған танадай. Іле-шала алаңды қоршаған жұрттың көбі бір дем, бір дауыспен:

– Уа, аруақ! Уа, аруақ, өзің қолда! – деп күндей күркіреп, жаппай айқайға басты. Көпшіліктің даусы жапан даланы жаңғыртты. Сол сәтте қарсыласының еркінен тыс дір еткенін аңдап қалған. Өзін де белгісіз біреу өткір қамшымен жауырынан осып жібергендей ширықты. Екі құлағы түк естімей, тарс бітіп қалсын. Құр күңгірлейді. Көз ілеспей сол жағына сәл қисая беріп, Петьканы оң жамбасынан асыра бірге құлай кетті. Жауырынын жерге тигізді кеудесімен басып.

– Әй, басынан атта, басынан! – деп айқайлады қалың топтың ішінен әумесер біреу. – Оңдырмай жеңдің, енді оның күшін ал!

– Басынан аттасайшы, – деп қалды тағы бірі. – Жауырынын жерге тигіздің, түк қорықпай аттай бер...

Бойына лықсып келген ашудан көзі қанталап, айналасына қатты ызамен, өшіге жалт-жалт қараған Құмар ернін қыршып тістей алды. Екі жұдырығын тас қып түйіп, жан-жақтан анталағандарға айбат шегіп тұр. Жара- лы бөлтіріктей көзінен ұшқын шашады. Өңі сұрланып, жүзінен қан қаша ашудан түтігіп кеткен...

– Тәйт, өңшең әумесер! – Тағы да саңқ етті Дауылбай ата. – Ептілік пен ездіктің айырмасын білмейтін өңшең саппас. Қаршадай қос баланы әбден өшіктірейін дедің бе, түк көрмеген көрмәдіктер.

Әлгіде сәл іркіліп қалған Құмар тізесін бүге еңкейіп, көгал үстінде жауырыны томпайып, қимылсыз бүк түсіп жатқан Петьканы қолынан тартып тұрғызып, иығынан ебедейсіз құшақтады. Сол сәт оның көгілдір көзіне тұнған жасты да байқаған. Термен шыланған сабан түстес сарғыш кекілі қасқа маңдайына сабалақтана жабысыпты, ал көздерінде... жылт еткен от жоқ. Өлмеусіреп, дәп қазір түк көрмейтіндей. Кенет иығын қиқаң еткізіп, мұның құшағынан сытылып шыққан  Петька кілт кері бұрылып, аулағырақтағы киіз үйлердің тасасына қарай жүгіре жөнелді. Беті Қоғалының терең жарқабағы. Басын жерге салып, екі қолын бауырына баса қусырып, құйын-перен зулап барады. Жан-жағына қарамай, жанұшыра зымырады.

Қас-қағым сәтке тосылып қалған Құмар да оның ізін өкшелеп жүгіре жөнелген. Ешкімге бұрылып қарар емес.

– Әй, бала, тоқта! Сыйлығыңды алсай, – деген төрешілердің айқайына мойын да бұрған жоқ. Басын тізесіне қойған Петр биік жарқабақтың етегінде екі тізесін бауырына алып, бүгіле бүкшиіп отыр екен. Екі иығы селк-селк етіп, солығын баса алар емес. Әлдебір ішкі намыс, шарасыздықтан бордай езіліп отырған палуан баланы іштей қатты аяп кетті. Дәп қасында сәл состиып тұрды да, иығын түйістіре үн-түнсіз отырып, қушиған иығынан ақырын құшақтап, арқасынан ебедейсіз қаққан.

– Қамықпашы, Петя, ондай-ондай болады емес пе?! Бұл бар болғаны жәй ғана күрес қой. Жыламасайшы...

– Жеңілгеніме жылап отырған жоқпын, тек  сендердің араларыңда жалғыз екенімді сезіндім, – деп ішін тартқан Петька әлі де солығын баса алмай, терең күрсінді. Оның өксікті үні Құмардың жүрегін езіп жібергендей тамағына ащы әрі оттай ыстық түйін тірелген. Жұтына алар емес. – Біз жапа-жалғызбыз...

– Доғар, Петр, олай деме! Кім сендерді бөтен деген? – Құмар қайта түтігіп, жұқалтаң қабағын шытты. – Сендер де дәп біз сияқты нағыз қазақсыңдар. Тек... сенің түрің ғана сары. Сен – сары қазақсың, мен – қара қазақпын...

Өксігін баса алмаса да, еріксіз мырс етіп күлген Петр:

– Жоқ, мен түрімізді айтпаймын, – деді басын шайқап. – Байқадың ба, әлгінде жұрттың бәрі сені қолдап кетті ғой. Тіпті, біздің ауылдан келгендердің өзі сені жақтады. Менің бөтен екенім... содан білінді...

– Бос сөзді қой. Шіліктінің кісілері сені жақтап шыңғырды. Тіпті, шеке тамырлары адырайғанша айқайлады.

– Жоқ, әлгі дәу шал «Уа, аруақ!» деп айқайлағанда денем біртүрлі босаңсып, екі тізем еріксіз дірілдеді. Төбе құйқам шымырлап, бойым тоңазып кетті. Тынысым тарылды. Талай жарыстарға қатысып жүрмін ғой, бірақ дәп жаңағыдай сасқан емеспін... Ал сен де беріспейтін бәле екенсің...

–  Ойыңа алма, Петька. Бәрін де ұмыт, – деп жымиды Құмар оның дауысындағы көңілділікті аңғарып. – Әшейін бүгін менің жолым болды, әйтпесе... Кел, біз дос болайық. Бұдан былай сені ренжіткен адам менімен де қас болады.

– Ө-өй, мені кім ренжітсін? – деп әлі де мұңдана күлімсіреді Петька. Күннің жарқын сәулесі мен аспанның титімдей бөлшегі көгілдір көздерінде тұнып қалған. – Білесің бе, мен көбіне жалғызсыраймын. Бізді қойшы, әкем де кей-кейде жалғызсырайтын сияқты.

–  Неге? – Құмар таңдана сұрады.

– Бізге білдіргісі келмейді, алайда кейде Сібірге көшкісі келетін секілді. Бірақ бізді онда кім күтіп тұр?! Туысқандарымыз бар ма, жоқ па, мүлдем білмейміз. Бар болса, ешқашан бізді іздеп келген емес. Іздемейді де. Қайта қазақтарға оңай ғой. «Өзі жақсы кісіге бір кісілік орын бар» деп, қалаған жаққа көше салады. Бәрің бір-біріңмен туысқансыңдар...

– Қызықсың, Сібірде не бар сендерге?! Қаласаң, біздің үймен туысқан болыңдар... – Құмардың аузына сөз түспей, сасқалақтап қалды. – Қаласаң, анам мен әкеме айтайын...

– Жоқ, ұят болады, – деп Петр жайдарылана жымиды. – Дос болып қала берейік. Ал сенің басымнан аттамағаныңа шын ризамын. Аттасаң, өмір бойы кешпейтін едім. Сен нағыз адал дос екенсің, Құмар!

– Неге аттаймын? – Аузына қапелімде айтар сөз түспей, абдырап қалған Құмар ыржалақтап күле берді ыңғайсызданып. – Аттамаймын ғой... Адам басынан аттау басыңды кесіп алдым дегенмен бірдей. Енді менің құлымсың деген сөз. Ал сен маған... бізге... жау емессің ғой. Неге аттауым керек?! – Мұның сасқалақтап, ұяла қызарақтағанына таңдана қараған Петька сәлден соң шыдай алмай, шек-сілесі қата күлген. Сосын екеуі жарқабақтың тасасында тұрып, өле-өлгенше дос болып өтуге серттесіп, қол алысты...

– Көп күттіріп қойдым ба, міне, енді бәрі реттелді, – деді Сабырхан бойын жазып. Сосын аула ішіне баппен көз тастап, жауырынын күтірлете керіліп алды. – Мәссаған, күн көтеріліп кетіпті ғой. Асықпасақ болмайды екен. Шұбатылып жүргенімізде Шайтантөбеге жете алмай қалармыз.

– Өзің ғой, велосипедіңді сонша шұқыладың келіп. Мен бағана дайын болғанмын, жолымызға тамақ та салып алдым. Керек-жарақтың бәрін сайлап шықтым. Сабырхан, шыныңды айтшы, Шайтантөбеден әлдебір зат табуымыз мүмкін ғой, иә?!

– Табылуы керек. Міндетті түрде табылуға тиіс! – деді Сабырхан сенімді үнмен. – Өзің ойлашы, осыншама кең, шексіз дала құла түз болып жатты деймісің? Әсем қалалар болмады деймісің... Тіпті, біз баратын төбені бекерден-бекер Шайтантөбе деп атамаған шығар... Ертеде қала болған шығар. Тек ешкім оны іздегісі келмеген болар.

– Қайдам, құр әуре болып жүрмесек жарар еді, – деді Құмар әлі де әрі-сәрі сенімсіз күйде. – Жұртқа күлкі болып жүрмейік.

– Несі бар, атақты археологтардың өзі іздегенін бірден таппаған. Бәрі де әбден қиналған. Ел оларға сенбей, көбіне күлкі қылған. Түрмеге қамаған.

– Рас па? Археолог болу оңай емес екен ғой, – деп күмілжіді Құмар желкесін қасып. – Мен олардың жұмысы рахат, қалаған жерін қаза салады деп жүрсем...

Қатарласа велосипедін жетектеп келе жатқан Сабырхан ауланың қақпасын ашқалы қолын соза беріп, кілт тоқтады да:

– Қайдан, атақты археологтардың бәрінің тағдыры аса ауыр болған ғой, – деді қабағын шытып. – Мәселен, Генрих Шлиман деген неміс Трояның орнын табу үшін бүкіл өмірін арнапты. Бозбала кезінде кемеде матрос болып, дауылда суға батып кете жаздаған. Алғашында оған ешкім сенбей, ағайындары есі ауысқан деп, жындыханаға жатқызбақ болған.

– Мәссаған! – Құмардың даусы әнтек естілді. – Оны қазір кім білмейді? Ол болмаса, Гомер айтқан атақты Троя әлі күнге аңыз болып қала берер еді ғой.

– Кім білсін, оны кейін басқа біреулер табуы да мүмкін. Сол Шлиман кезінде Ресейге саяхаттап келгісі келгенде, II Александр патша: «Келсін, дарға асамыз», – деп жарлық шығарыпты.

– Ую-ю! – Құмар ернін шүйіріп, еріксіз ысқырып жіберді. – Әбден қатырған екен. Бірақ археологтар болмаса, өзіміздің Отырар да құмның астында қала беруі мүмкін еді ғой. Ешкім ештеңе білмес еді. Тіпті, әйгілі «Алтын адам» да қазылып алынбайтын шығар...

– Шіркін, Отырардың орнын барып көрсе ғой. «Алтын адам» табылған жерді де, – деді Сабырхан табан асты тәтті қиялға беріліп. – Кейін мен де елге әйгілі ескерткіш табамын.

– Тоқта! Сонда сен... сен кейін археолог болғың келе ме? Ондай оқу бар ма өзі әуелі?

– Білмеймін, бар шығар. Әйтпесе, археологтар қайдан шығады?! – деді Сабырхан күлімсірей қарап. – Әңгімені көбейтпей, жолға аттанайық....

Велосипедтерін қатарласа тепкен екеуі таза ауаны кеуде кере жұтуда. Бағанағыдай емес күн жылынып, маңдайлары жіпси бастады. Тастақ жолда көліктерінің дөңгелегі суылдап, алдарынан жел есті.

Сорабына қылтиып көк шөп шыққан қара жол Қоғалының жарқабағына таяп келіп, шағын өзеннің әсем доңғаланған иінімен бұралаңдай созылып жатыр. Жыланкөзденіп аққан тұнық су осы тұста кеңірек жайылып, өзеннің табанындағы жалпақ тастардың жылтыр беті сортаңдана ағарып көрінеді. Жарқабақты жағалаудағы ұзын тілікше жапырақтары қимылсыз салбыраған шілік пен қызыл талдардың арасынан қамқа жапқандай көк жасыл алаң аңғарылуда. Ал алаңқайды жиектей өскен қызыл талдардың бұтағына ілулі әртүрлі шөп қиындыларын қылмен байлап, мамық салған құрқылтайдың алмұрт сияқты әдемі ұялары көрінеді. Тіптен, әлгі ұялар титімдей баланың жұмсақ түкті қолғабындай. Әлгі алаңқайдың шеті барып тірелген өзен жарқабағына таяу өскен қопаның көлеңкесінде – су жақ бетінде қызғылтым, жіп-жіңішке бір сирағын көтеріп тұрған белгісіз бір құс көрінді. Әсем мойыны иіліп, естілер-естілмес мұңлы үн шығарады. Жаралы құс па?

Велосипедтерін қатар теуіп келе жатқан екеуі кілт тоқтап, бір орында қимылсыз тұрып қалды. Мынау бейтаныс құстың иір мойны, жерге қарай желпуіштей төгіле құлаған тарақ қауырсынды құйрығы, жіңішкелеу ұзын сирағы ғажап-ақ! Нағыз сұлулықтың символындай. Маңдайы, иір мойны төс етегіне дейін қап-қара. Көз аңғалағының үстінен желкесіне қарай жалбырай өскен ақ тұлымшағы тіптен көз тартады.

– Тырна ғой, – деп ақырын сыбырлады Сабырхан дегбірден айрылғандай өне бойы қалш-қалш етіп. – Қарай гөр, ақбас тырна!

– Тс-с, өзім де көріп тұрмын. Бірақ бұл қайдан жүр? – деп естілер-естілмес жауап қатты Құмар демін ішінен алып. – Біздің жаққа көктем мен күзде ғана келуші еді ғой. Жазғытұрым жалғыз жүргені несі?

– Білмеймін. Мүмкін жаралы шығар... Оңбаған аңшылар атқан ғой.

– Аңшылар? Қайдағы қаңғыған аңшылар?! – деп қайта сұрады Құмар өз құлағына өзі сенбестен. – Біздің ауылда ешкімде мылтық жоқ. Мылтық болса, қақаған қыста қаптап, малға шапқан қасқырларды қырар еді ғой.

– Мен де ештеңе түсінбей тұрмын. Тегін емес әйтеуір. Бірақ тиіспейікші оған. Үркітпей-ақ қоялық.

Екі дос аяқтарының ұшымен ақырын басып, велосипедтерін сыбдырсыз сүйреткен күйлері өзеннің иінінен алыстай берді. Үн-түнсіз, көлеңкедей жылжиды велосипедтерін бүгіле итеріп. Жасыл балқұрақ пен қоңырбас қоға араласа өскен қалың қопадан әудем жер қашықтап, адам дауысы естілмейтін тұсқа жеттік-ау дегенде ғана кілт тоқтап, әл-дәрменсіз қалжырағандай екеуі де қатарласа «уһ-ф!» деп терең дем алды қос иіндерінен.

– Тырнаны үркітпегеніміз дұрыс болды, – деді Сабырхан өзен жаққа жалтақ-жалтақ қарап. – Тырна киелі құс емес пе?! Сірә, жолымыз болатын шығар...

– Үлкендердің айтуынша, киелі құс көрінеді. Бірақ біз осылай тоқтай берсек, бүгін Шайтантөбеге жетуіміз қиын-ау, – деп күлді  Құмар да айналаға қызыға көз тастап. – Қарашы, үйден, аулымыздан алыстап шықпайды екенбіз, әйтпесе дала деген тамаша, таңғажайып екен. Айналаның құлпырып тұрғанын көрдің бе?!

– Расында, айналаға көз салсаң, «Атамекенді» айтқың келеді екен. – Сабырхан айдыны күнмен жарқырап, ирелеңдей баяу ағып жатқан Қоғалыға қарап, ақырын дауыспен әндете жөнелді.

Жасыл жайлау, түкті кілем, көк кілем,

Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем.

Маңдайымнан сипап өткен самалды,

Қазағымның алақаны деп білем...

Ал аулағырақтағы шілікті тоғай арасында құйтақандай сарышымшықтар байыз таппай, әрлі-берлі шықылықтап ұшса, әрегідік әуеден зуылдап құлдилаған ақ мойын қарлығаштар су бетін қанатымен сызып өтеді.

Даланың төсін тұяқтарымен дүсірлете өзенге қарай біресе шоқырақтап, біресе желе шауып келе жатқан бір үйір жылқы қара жолды көлденең кесіп өтті. Тоқ жал, жуан бел торы айғыр әскерін бастаған айбарлы қолбасыдай үйірді шашау шығармай желе жортып барады. Төгілген жібектей жалы желмен сусылдайды. Келте құйрықтарын шаншылта аспанға көтеріп, қысқа кекілдері желпілдей шапқылаған сүйкімді құлыншақтар борп-борп желген мама биелерден бір елі қалар емес. Анасының жанынан қалмайтын құйтақандай сәбидей сүйкімді-ақ. Әсіресе, боз биеге ілесе шапқылаған тік құлақ, сидиған жіңішке сирақты жирен қасқа құлынды айтсайшы. Ай маңдайы күн нұрымен жарқырап, енесінің екі қапталына кезек шауып шығып, ойнақшып құлдыраңдайды.

Шөлдеген жылқылар жолдарын кесіп өткенше бұлар тағы да еріксіз тоқтаған. Енді алдарынан тізіліп өткен үйір жылқыға сүйсіне қарап, селт етпестен қимылсыз тұрып қалды. Әбден тойып, жұнттай семірген мама биелердің желіні уыз сүтке толып, күмпие дертіп апты. Түртіп қалса, тәтті саумал тоқтаусыз саулай жөнелетін сияқты, жарықтық!

Қаталап шөлдеген жылқылар Қоғалыға жеткен бетте айдынды шалпылдата кешіп, судың тұнығын сүзіп іше бастады. Әсіресе, қарақұлақтанып қалған ересек құлындар ірі жылқылардан қалыспай, жіңішке мойындарын алға өндіршектей созып, мақпалдай жұмсақ еріндерін баяу ағынға ентелей тосады. Іле-шала қос танауы күлкілі түрде жыбыр қағады да, бас-тарын шайқай пыр-пыр етіп, күміс тамшыларды аспанға ата ырши қарғып алады. Сәлден соң денесінің майда дірілі басылып, тағы бір тұстан тұныққа бас қояды.

Үркек құлындар еркелей аспанға шапшығанда аппақ тамшылар әуеге уыс-уыс боп шашылып, жалт-жұлт етіп көзді қарықтырады, лағыл моншақтардай мың құбылады. Қиялай түскен күн сәулесімен алуан түске боялып, өзен бетінде кемпірқосақтай керіледі.

– Қарашы, Құмар, қарашы, жануарлар әбден шөлдеген екен, – деді өзен бойынан көз алмай тұрған Сабырхан алға ентелей түсіп. – Бейшаралар, суға лап қойыстарын қарашы! Дауылбай атам айтқандай, жануарлар нағыз қасиетті түлік емес пе, әбден шөлдесе де лай суға бас қоймай, тек тұнықтан сүзіп ішуін көрдің бе?!

– Ой, несіне сонша мақтайсың? – деп қолын жақтырмай сілтеді Құмар онша еліге қоймай. – Арасында аламан бәйгеге шабар тұлпар болмаған соң, несіне таңдай қағасың? Өзің бәйгеде көрдің ғой, біздің ауылдың аттарының бәрі айдалада шаң қауып қалды емес пе?! Қайта, Дауылбай атаның ақбақай жорғасы озбағанда, ауылымыз тіптен масқара болатын еді. Күлкіге қалатын едік.

– Жоқ, олай деме, Құмар. Ішіндегі жүйрігін таңдап, күтіп-баптап, баладай мәпелеп өсіретін ешкім болмаса, оған жылқылар кінәлі емес қой. Біздің ауылдың кісілері әбден... і-і... қалай десем екен? – деп күмілжіді Сабырхан қапелімде аузына сөз түспей.

– Көкем бірдеңеге ашуланғанда, «дым білмейтін түлей екенбіз» деп күңкілдейді...

– Иә, сондай... бәріміз де сондаймыз. Біздің ауылдағылар тіптен желіге бие байлап, жақсылап қымыз ашытуды да әлдеқашан ұмытқан. Біз қолдан сауылған қымыздың дәмі қандай екенін де білмейміз.

– Ол рас. Анда-санда қалаға барғанда қанып ішпесек... Ал анау көгілдір таулардың баурайында жылқы байлайтындар көп деседі. Қымыздары тіл үйіреді екен. Бізбен жасты балалардың бәрі бәйгеге шауып, ылғи көкпар тартатын көрінеді.

– Сенің көкең дұрыс айтады, біздер дым білмейміз. Біздер ғана емес, үлкендердің өздері де бәрін ұмытқан, – деді Сабырхан көңілі құлазып. – Білесің бе, ал ботайлықтар осыдан алты мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретіп, қымыз ішкен көрінеді.

– Шын ба? Алты мың жыл бұрын!? – Құмар досының жүзіне тіктеп қарап, өз құлағына өзі сенбегендей қайталап сұрады. – Сегіз мың жыл бұрын... Ол баяғы заманнан да баяғы заман ғой. Тоқта, ал ботайлықтар дегенің кімдер?!

– Өте ұзақ уақыт, – деп жымиған Сабырхан мақтанышпен жерге шырт түкірді. – Ботайлықтар – біздің Қазақстанды мекендеген қуатты тайпа. Өзге адамдардың бәрі әлі қараңғы үңгірлерде тұрып, даладағы шөптің тамырын қазып жеп жүрген жабайы уақыт қой ол. Ал біздің ата-бабаларымыз сол кезде-ақ тұлпар атқа мініп, хош иісі аңқыған қымыз ішкен.

– Қойшы-ей, қалжыңдап тұрмысың? Олай болуы мүлдем мүмкін емес. Әшейін өтірік мақтап тұрсың.... Айтшы, оны қайдан естідің?

– Тү-у, кісіге сенбейді екенсің өзің. Мен сені алдаймын ба? – деп күлді Сабырхан дөңгелектеу жүзіне жұқа қызыл арай жүгіріп. – Ешкімнен естігенім емес, ғылыми дәлелденген нәрсе. Интернетті қарасай! Тіпті, теледидардан да талай рет көрсетті емес пе!?

– Мәссаған! Маған бұрын неге айтпай жүрсің? – деп қызарақтады Құмар өзінің көне тарихтан түк білмейтіндігіне іштей намыстанып. – Алты мың жыл бұрын!.. Дауылбай атаның анада қатты ашуланғаны орынды екен ғой. Ол кісі «Қарадай қарап тарихтарыңды кесіп, шежірелеріңді шұнтитасыңдар» деп шат-шәлекейі шыққан біздің үйде. Осыдан алты мыңжыл бұрын ата-бабаларымыз атқа мініп шапқылаған, ә!? Міне, ғажап!

– Мен де алғашында әрең сендім. Ботайлықтар біздің Қазақстанның солтүстік далаларында дөңгелентіп жабық баспана тұрғызып, шағын қалашықтарда өмір сүрген екен. Сары-арқада жылқыны қолға үйреткен. Ал ағылшын ғалымдары мұқият зерттеп, ботайлықтардың ыдыстарынан баяғы қымыздың ізін тауыпты...

Кенеттен маң даланың тыныштығын қашырып, алыстан гүрілдеген зор дыбыс естілді. Тү-у биіктен шығады тосын үн. Кең даланың алыс шеті барып тірелген көкжиектен әуелде титімдей қара нүкте болып көрінген әлдененің дауысы жапанды жаңғыртып, бірте-бірте зорайып, барша дүниенің шарасын кернеп кетті. Тікұшақ қой! Қияндағы ауыл маңынан не іздеп жүр алып құс?!

Шалқып жатқан жазираның төсімен тым-тым төмендеп ұшқан алып тікұшақтың бүйіріндегі кішкене терезелері күн сәулесімен жарқырап, ұзын қалбағайларының көз ілеспей зырқырап шыр айналғаны, ауаны қазан шұңқыр сияқты шырқ үйіргені аңғарылады. Құйрығына таяу орнатылған кішкентай, қысқа екі қанаты биікте тепе-теңдік сақтайтын таразыдай. Тікұшақтың екпінімен кең даланың төсінде құйын ұйытқып, қураған шөп-шалам мен өлі жүн-жұрқаны ала қашты, боз боран боп шаң-тозаң бұрқырады. Төбеден төнген тажалдан үріккен жылқылар Қоғалының саяз суын шапқылай шалпылдата кешіп өтіп, арғы жағалаудағы жазықпен құйын-перен құйғыта жөнелген. Шашау шықпай шауып барады. Жуан торы айғыр үйірін қаскөй жаудан қорғаған қас батырдай жеке-дара ойқастап, жалын күдірейтіп, аспанға қарғып-қарғып қоя- ды. Тікұшақтың жерді жарған гүрілі бұл екеуінің де қос құлағын тарс бітеп, түк естіртпей тастаған. Ауыздарын аңқита ашқан күйі мойындарын ырғайдай созып, мынау алып инеліктен көз алмай қадалып тұр.

Әлден соң алып тікұшақ одан әрі дәп өздерінің кішкентай ауылдарының үстінен асып, алыс... алыстағы көгілдір тауларға қарай ұзап ұшқанда ғана бойларын әрең жинады.

– Кейінгі кездері тікұшақтар тым көп ұшатын болды, – деді Сабырхан үні біртіндеп басылып бара жатқан тікұшақтың соңынан әлі де көз алмай қарап. – Бірақ бүгін мынау тым төмен ұшты ғой. Бұрын ешқашан бүйтпеуші еді. Шіркін-ай, не іздеп жүргендерін білер ме еді?!

– Біз сияқты алтын көмбе іздеп жүрген шығар, – деп сақылдап күлді Құмар аспанға мойын созып тұрған қалпы. – Әй, мұнай іздеген геологтар да. Әйтпесе, біздің жақтан басқа не іздеуші еді?

– Кім білсін, әйтеуір тауға қарай ұшады ылғи. Ол жақтың өмірі бізден қызық шығар, ә?! Шіркін, бір барып көрсе ғой... – Арманшыл Сабырханның үнінде әлдебір өкініш, нәзік үміт жатқандай.

Ал көгілдір таулар тым алыстан көкжиекті кенерлей, көзді арбап көлбей созылып, құпия сыр бүгіп бұлыңдайды. Көгілжім мұнарға тұнып, тым жұмбақтана түседі.

Шіркін-ай, сол жұмбақ тауларды бір барып көрер ме еді?!

4048 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы