• Әдебиет әлемі
  • 30 Қараша, 2021

Жапан түзде оңаша отырмысың, Жағалауын Жайықтың мекен етіп?!.

Сен қазақсың!

 

Жоғалмаған қаймана қайсарлығы,

Жоқталмаған жырының жәй сандығы.

Күллі әлемнің мейірі сөнседағы,

Мәңгі өшпейтін мінезден жайсаңдығы

 

Сен қазақсың!

Қырағылық сіңдірген қыранынан,

Өрге өрлеуі басымдау ,құлауынан.

Таза қаны төгіліп батырынан,

Адал ары ағылған жырауынан.

Сен қазақсың!

Сүт емшекпен шыңдалған шынашағым,

Сабырымен сөндірген мың асауын.

Тегін емес тегіңде ұрпағыңның,

Мұзбалақ деп мұңаймай жыр атауы.

 

Сен қазақсың!

Қан шығармай қайтарар құла кегін,

Тектілігің о дағы сірә сенің.

Әкең жауға шапқанда елің үшін,

Шешең үйде түнімен  дұға ететін.

 

Сен қазақсың!

Өжеттігі өткірлігі құламайтын,

Дос мысқылдап, дұшпаны сынамайтын.

Ер мінезін езгілеп жат алдында,

Көздің жасын көл қылып бұламайтын.

 

Сен қазақсың!

Азатсың! Жұмақ елсің!

Жақсы атағың жаһанға шыға берсін.

Сен кешегі тұяғы талмаған еш,

Ақан шапқан ғасырлық Құлагерсің!

 

Мен жастарға сенемін!

 

Мен жастарға сенемін...

Болашаққа жасаған құтты амалын,

Әлмисақтан қалаған нық қадамын.

Бал тасыған жиылып омартаға,

Сипаттары сықылды түкті араның.

 

Мен жастарға сенемін...

Туды төмен жықтырмас тұғырдағы,

Жастайынан шыныққан шымыр бәрі.

Тарих алтын әріппен таңбалаған,

Алты алаштың себебі құлындары.

 

Мен жастарға сенемін...

Өр кеудеден биіктеу тұрар басы,

Алға тартқан сенімнің жүк арбасын.

«Алаш», «алаш» еді деп ұрандасын,

Жауларының жалауын жығар басын.

 

Мен жастарға сенемін...

Бабасының үлгі еткен ұлы арманын,

Даласының самғатқан қырандарын.

Мен жастарға сенемін сенгендіктен,

Жасын сүрткен жүрекпен жыр арнадым.

 

Мен жастарға сенемін...

Мен де Мағжан сенетін өрелі едім,

Мынау дала менікі төбе-белім.

Ұлы рухты көтеріп ұрандатқан,

Маған сенеді елім, сенеді елім!

***

Сан мықтылар жолыққанда жолымда ең,

Сен болдың-ау Құдайыма көрінген.

Мың бақыттың ішіндегі кім білсін,

Таңдап алған сорым ба ең.?!

 

Өкінгенмен ойлануға кеш сынды,

Байланған соң тағдыр деген қазыққа.

Сені маған еш етпесе қуаныш,

Қасірет қып жазып па.?!

 

Көндім деу де қалауы емес жанымның,

Дәтім жетпей тынып қалам жасуға.

Сен де, мен де амалсыздан табыстық,

Біз бақытты боламыз ба расында?!.

 

Жетегіне еріп кеткен шығармын,

Қосылған соң көндім бе екем тағдырға.

Бір күндері тайып кетіп құлармын,

Бата берген шыдай алмай жан мұңға...

 

Мен-ақ ғана сорға шыдап кешем күн,

Сенде менен өз еншіңді ал күнім.

Сені тастап басқа әлемге кетермін,

Өзгертуге уақыт берсе барлығын!

 

Ретро парк

 

Былтыр жаздың өткеріп кешінде де,

Жүздесу деп келген соң шешімге де,

Сен бұртиып жанымда отыратын,

Сол ретро саябақ есіңде ме?

 

Жұптар едік көргенде, əр қыз мақтар,

Бірақ биыл кеп тұрмын жалғыз баққа ал.

Əткеншекке тербеліп біз екеуміз,

Есіңде ме, жейтін ек балмұздақтар.

 

Қуанушы ед секіріп, көрсе кептер,

Қуантуға тек сені сол себепкер.

Кептерлерді қуалап кету үшін,

Жалдайтынбыз тебуге велсебеттер.

 

Ақыныңның бұл күнде іздері мұң,

Оған анық шаша алмас күзде нұрын.

Сен кеткелі жабулы тұр екен-ау,

Табанымыз тиген жол бізге бұрын.

 

Соңына шын ермеші жат аңыздың,

Мұңын сыйлап кеттің бе сақа күздің.

Біз кеткелі естідім парктегі,

Балмұздағы өтпепті апамыздың.

 

Болар саған шын сезім қона алмаған,

Бөтен енді жандармыз оңа алмаған.

Велсебетпен қуғалы сен соңғы рет,

Кептерлерің сол күйі оралмаған.

 

Қынжылтады ел айтқан келеке сын,

Енді қашан бақытты тең етесің?

Сен алдың ба, білмеймін, мен алдым ба,

Сол күндергі парктің берекесін.

 

Барған сайын паркте айтады айып,

Жұп болармыз қосылсақ қайта лайық.

Кел ендеше кешкісін кездесуге,

Берекесін парктің қайтарайық.

Дос болып қана.

 

Жұбату

 

Сезімдерден мезі боп жеке кетіп,

Толқындарға қолыңды жетелетіп.

Жапан түзде оңаша отырмысың,

Жағалауын Жайықтың мекен етіп?!.

 

Махаббатың өткінші болса мұңды,

Оңашада еске алдың сонша кімді?

Ойлаймын деп жағаға төгіп алма,

Мөлтілдеген көздегі моншағыңды.

 

Өкініштен отырсың басың қатып,

Жылай-жылай қалмапты жасың да түк.

Бірге жылап сенімен анау аспан,

Тамшыларын төндірді тасырлатып.

 

Бірге өткізген ойыңа алма күнді,

Кеш қой бәрі, тістеме бармағыңды.

Сол күндері тұтатып берген менің,

Өшіргейсің жүректен шамдарымды.

 

Жаздан кейін түсетін күзде қырау,

Уақытымен кеп қапты бізге мынау.

Біз жүретін бұрынғы саябақта,

Болмас анық менің де іздерім-ау.

 

Ақыл бірақ жүрекке бағынышты,

Қайтем енді басыңнан бағың ұшты.

Естеліктің барлығын ұмыта ғой,

Болады әлі өмірің бәрі күшті.

 

Бас ілдіріп жарығым, құрыққа мұң,

Сен де кеттің сырымның біліп бәрін.

Жетер енді осымен сөздің соңы,

Дұрыс болар сен мені ұмытқаның!

 

Ағаларға реніш

 

Сыйлы елге сыйыммен тоналдым да,

Біразға іні боп жүрдім, топ алдында.

Ел сенімді азамат ағалардың,

Мен сенімді інісі бола алдым ба?

 

Болар адам білікпен білімі кем,

Жоқ ақылын айтатын ініге кең.

Таусылғанда ақшамыз, мен сенетін,

Ағаларым бұл күнде тірі ме екен?

 

Аға дедім бәріңді жармай бөліп,

Іні деді мені де, алдай беріп.

Басымызды бір мезет күн шалғанда,

Жерге сіңіп кетті ғой қардай болып.

 

Тай сұрамас тобықтай құныңа әкем,

Өз қанжары болады қынына тең.

Барлығына інінің аға болмай,

Ағаларға «аға»-деу ұлы қатем.

 

Ойларымды жазамын жыр үзбей мың,

Адалдығым, сырласса сыр үзбеймін.

Іні болып жарытпай ағаларға,

Аға болып енді мен іні іздеймін.

 

Кім болсада қазақтың ұлы болсын.

Айтар сөзі ағаңның сыны болсын.

Інім-ау деп алдынан қарса алғанда,

Ағам-ау деп шабатын іні болсын.

2799 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы