• Әдебиет әлемі
  • 30 Қараша, 2021

ОЛ – ЕКІНІҢ БІРІ ЕМЕС

Ол – елудің бірі болғанмен, екінің бірі емес. 1972 жылы КазМУ-дің журналистика факультетіне түскен елу қолына қаламын алып, ел санасын көтеруге қал-қадарынша  еңбек етіп, баспасөз бетінен түспей, теледидар айнасына айналды. Қалам ұстамай өзге кәсіпке бұрылып кеткендер де бар. Бұл – әркімнің өз еркі. «Қырық жыл қырғын болса да» бойындағы табиғи қабілетін жазуға жұмсап, тынбай тырбанып келе жатқан баспасөздің бір өкілі – Ораз Қауғабай. Ол да жетінші ондықтың белін майыстырып, ат жалын сипап қалыпты. Кекселік дейін десең, кердеңдеп жүр, тек Арқаға аттанғалы құлақтан қалыпты, сөз айтсаң, селт етпей тұра береді. «Арқаның аязының қылғаны ғой», – дейді Орекең сәлден соң аспай-саспай. «Күйеу ит жанды, шыдау керек», – дейді қағылез Сейдолла Садық. – Совинформбюродан суық хабарды көп тыңдап, осындай боп қалған ғой, – деп қосып қояды. Десек те, осы Ораздың бойында бір құпия бар. Басқалардай емес, адами болмысы бөлек, таза жүріп, таза тұрады, шалбарының қыры сынбайды, Ильич ғана киетін шолақ жең кеспесін үстінен тастамайды. Ең ғажабы, саяқ жүреді. «Хал қалай?» десең, «Сенікі ше?» дейді, өзінікін тіс жарып айтпайды. Інжілді көп оқып, философия факультетіне түсе алмай қалған жігітте өмірге деген өзгеше көзқарас бар. Біреудің сауалына микроскоппен қарап жауап береді, ешкімге еліктеп-солықтап сене бермейді. Бір сенгені мен едім, елудің бірі туралы білгенімді айтайын.

«Күш атасы – аяқта»

Журфак деген өзі біртүрлі факультет. Кімнің шын сөйлеп, кімнің жалған айтып тұрғанын айыра алмайсың. Мақтап тұр ма, даттап тұр ма, ол да жұмбақ, тек «концовкасына» көз жеткізгенде ғана бәріне қанығасың.

Ораз ілулі айнаға қарап сақалын қырып, әтірін сеуіп, енді көкала галстукті мойнын қылқындырып байлай бергенде Батық аяқ астынан мақтау айтты.

– Ореке, осы сенің басың жер шары сияқты дөп-дөңгелек, қарашы, айнаға сыймай тұр. Қыздар көбіне дөңгелек жігіттерге ынтық болады, олардың басы қатты істейді.

Ораз селт тұрып қалды. «Жақсы сөз жан семіртеді», бір мақтаныш сезім өнбойын шымырлатып барады.

– Иә, Бәке, сен Нарынқол, мен Кегенмін. «Қарыс – қарыс, сүйем – сүйем» деген. Қуандық осыны біліп тұрып айтпайды ғой, – дегенде бір айнада екі бас түйісіп қалды.

– Бірақ, – деп Батық жұтынып қойды, – Жер шарының үштен екі бөлігі су деп жағырафиядан оқыдық ғой.

Ораз түнерді, Батық кейін шегінді. Тіп-тік аяғын көсіле сермеп, жұмсақ жерден бір тепкенде сидам жігіт есіктен шығып кетті. Бұл – біздің курстағы алғашқы төбелес еді.

– Ореке, неге арттан тептің? Жігіт деген қол жұмсамай ма? – деп арыны басылған соң сөзге тарттым.

– Қол жұмсасам, істі боп кетем. Қол – қылмыстың негізін салушы мүше. Сотқа бара қалсам, сүрініп кеттім деп сылтау айтуға болады. Күш атасы – аяқта ғой. Бірақ сен бұл тәсілді ешкімге айтпа, – деп маған сенген сыңаймен қарады.

Біздің курс адамды тек одағай есіммен (кличка) атайды. Бір жылға дейін Орекеңді «Күш атасы – аяқта» деп атап жүрдік.

 

Азаматтық борыш

Орекең тумысында алғыр, кез келген құбылысқа өзіндік көзқарасы бар, өтірік айта алмайды, жорта жаңылысқандарды бірден қайырып тастайды. Көп оқып, көп ізденеді. Кітапхана жабылғанша қара әріпке шұқшияды, сирек кітаптар қорының тұрақты оқырманы. Бірақ, көбіне оқығанын ортаға салмай іште тоқиды.

Екінші курста философиядан сынақ тапсырдық. Орекең бірінші боп жауап берді. Ол Әшірбек сияқты жұрттың аңысын аңдып, оқытушыны шаршатып, ең соңынан кіруді жек көреді.

– Бірінші сұрақ – «Азаматтық борш» деп бастады да, өзіне тән мәнермен жүйткітіп ала жөнелді. – Борщ – бұл тамақтың сұйығы, яғни первый, – деп қоңыр әуенге салды.

Оқытушы аң-таң.

– Борщтың екі түрі бар, полный және полборщя дейді. Студенттер ақшасы болмағандықтан көбіне полборщя ішеді, – деп жалғастырды. – Борщтың бетінде бір жапырақ қалқып жүреді, бұл азаматтық борышты нығайтуға күшті әсер етеді, бірақ ауылдан келгендер оны білмейді, тәрелкенің шетіне ысырып тастайды...

Оқытушы Ораздан көзін алмайды. Сескеніп те отырған сыңайы бар.

– Борщ тарихы тереңде жатыр, – деп Ораз жаңа абзацты бастады. – Ертедегі орыс мұжықтары борщты ағаш бөшкеге ашытып қойып ішкен, бұл адамды батылдыққа баулиды, орыстардың соғыста жеңілмей жүргені де сондықтан...

Оқытушы билетті қолына алып, үңіліп бір қарады да, қарқылдай күлді. Сосын Ораздың сынақ кітапшасына «5» қойып беріп, билетті ұшынан ұстап, шығып кетті. Сөйтсе, «Азаматтық борыш» дегенді машинистка «борщ» деп басыпты. Оқытушы деканға барып, әлгі машинистка жұмыстан қуылып кетті.

Осылайша Орекеңнің одағай есімі жыл бойына «Азаматтық борыш» боп аталып жүрді.

 

Әскери әзірлікті әшкерелеу

Үшінші курста әскери әзірлік сабағы бас-талды. Үш жыл оқып, қос жұлдыз тағып, лейтенант болу әр жігіттің көкейінде бүлкіл қаққан бір арман. Десе де, тәртіп қатал, қасиетті жұма күні шеңбер ішіндегі шынжырлаулы адамдай әскери боп әрекет етесің. Зенитті-пулеметті қондырғы (ЗПУ) деген сабақ қиынның қиыны. Аспанда қалықтаған сұлбаға оғыңды дәл тигізіп, атып түсіру оңай ма? Оны атып түсіретін зенитті артиллерияның он екі мүшесін түгел жатқа білуің керек. Дәріс оқушы Беленов деген майордың өнбойынан шовинизмнің иісі аңқиды, ұлты қазақтарға қырын қарағысы келеді, саналы азаматқа осының бәрі ауыр тиді. Оның үстіне Қарқарадан келген қара балаға орысша сөйлеп, диаметрді дәлелдеу де оңайға түспеді. Маңдайы тырысқан майорға бес саусағын шекесіне қойып, «честь» бергісі де келмеді. «Сол самолетке менен басқалардың да оғы тиеді ғой» деп кеткен Ораз үшінші күні дәріске келмеді. Түгендеген кезде «Каугабаев освобожден», – деп майор күбір етті. «Апырмай, әскери әзірліктен қалай құтылды екен? Бір күн бос, қол-аяғы еркін...» Бәріміздің ішімізде осы ой тыпыршып жатты.

Бір күні: «Ореке, шынайы досыңның бірімін ғой (ол «шынайы дос» деп сөйлейтін), «военкадан» қалай құтылғаныңды айтшы?»  дедім. – Түсте бір «второйың» менен болсын.

Ол жан-жағына жалтақтап бір қарады да, қара-құра көрінбеген соң шешіле сөйледі.

– Онда сабақтан кейін СМУ-15-тің асханасына барайық.

– Ит өлген жерде не бар, «шахта» тиіп тұрған жоқ па?

– Білесің бе, СМУ-15-тегі – жұмысшылар асханасы. Жұмысшыларға қуат керек, ол жердің тамағы құнарлы әрі арзан, қаймағы қою. Сосын мұндай құпияны сырт көзден таса жерде айту керек.

«32»-ге отырып, СМУ-15-ке тарттық.

Орекең тамақты талғап ішеді, бақташының баласы болғасын ба, сиыр етіне құмар, қат болса да күніне 100 грамм қаймақпен асқазанын сылайды. Асқазан үшін жұмсақ қаймақ пен сүзбені қайдан болса да тауып алады, көбіне тәбеті тартқан қасқырдай жалғыз жортады. «Шахтадағы» кассир «тетя Машамен» де тәуір, «сто сметана» деп бір айқайлағанда аспаздар қою қаймақ толы қырлы стаканды Орекеңнің қолына ұстата салады.

– Сонан, қалай құтылдың? – дедім шыдамым таусылып.

Ол тісін шұқылап, тесіле қарады.

– Сыртқа шығайық, тамақты басайық. Бұл жердің сырасы да сапалы, жұмысшыларға барлық жағдайды жасаған ғой. Олардың табысынан түсіп жатқан пайда аз емес. Біз политэкономия заңын біле бермейміз, – деп біртүрлі дәмете қарады.

Сыраханаға бұрылдық. Бір саптаяқ сыраны сіміріп болғасын қарсы алдымызда тұрған алба-жұлбалау, бомж тектес ұсқынға күдіктене қарады.

– Мына біреу орыс па, қазақ па? Төбесі тесік біреу емес пе? Қуаш, шынайы дос санап, өзіңе ғана бар шындықты айтайын деп тұрмын, – Саптаяқтағы сыраның соңғы тамшысын жұтқан кезде алқымы алма-кезек бүлк ете қалды. – Сыра деген пайдалы, ол іштегі жел-құзды сыртқа қуады, – деген соң тағы біреуін алып келдім де, «Қашан айтасың?!» – дедім тістеніп.

– Бір түн таң атқанша кофе қайнатып ішіп, көз ілмедім. Қан қысымым аспандап, невропотологке бардым. Өлшеп еді, 190-нан түспеді. Дәрігер шошып кетті. «Күнде осылай ма?» деді көзіме қарап. «Күндіз-түні осылай», – дедім. «Сабаққа қалай барып жүрсіз?» деді жас дәрігер қыз үрейленіп. «Адам ит жанды» ғой, доктор, – дедім бетіне тура қарап. Қанталаған көзімнен сескеніп те отыр. – Бізде военная подготовка деген сабақ бар. Қолымызға оқтаулы автомат береді. Мен қолыма суық қару ұстасам болды, адам атқым келеді, әсіресе офицерлерді... – дедім. «Ужас!» деп шоршып түсіп, «Не годен на военную подготовку» деп жазып бере салды. Ораз бетіме шұқшиып, тағы да тіл қатты. – Мен Отанымды қорғауға әрқашан дайынмын. Бұл жолы шовинист майордан өшімді алдым. Оның «баран» деген сөзі өтіп кетті. Әйтпесе, Отан үшін от кешемін ғой, – деді де, «Сырада мін жоқ» деп күбір етті. Сосын «Осы әскери әзірлікті қазақша оқытатын күн келер ме екен?» деп аузы аңқайған саптаяқтың сыртын саусағымен сызғылай бастады.

Соғыс туралы шағын хикаят оқығандай болған мен ағаш бөшкеге тағы бір барып келдім.

Осы оқиғаны 45 жылдан кейін тісімнен шығарып отырмын. Жеті ондыққа жеткен жігіт кезінде әскери әзірлік пен қаракөкірек офицерді осылай әшкереледі. Басқа жол жоқ еді.

 

Гантель

Бес жыл да аққан судай зымырап өте шықты, білім теңізінде қайықты армансыз ескен жігіт оқуды тәмамдап, жұмысқа кірісті. Ораздың басқалардан бір артықшылығы – әскери әзірлікті әшкерелеп алған бір күн демалысында ұлттық кітапханаға барып сирек кітаптарды ақтарды, шаң басқан түпнұсқаға үңіліп, шежіре жинады, аракідік «Арасанға» барып, құрғақ буға қақталып, алпыс екі тамырдағы Қарқарадан қалған суықты қуалады. «Мен бақташының баласымын, аязда көп жүрдім, енді үйленгенше сол тұлабойдағы желді шыпыртқымен шыпқыртып аластауым керек» деп айтып та қалған. «Қазақстан мұғалімі» газетіне жұмысқа тұрып, ұстаз еңбегінің «азабы» хақында керемет дүниелер жазды. Өмірге өз философиясымен  қарайтын осы жігіттің жазбаларында пәлсапаның желкені желкілдеп тұрады. «Жұлдыз» бен «Білім және еңбек»-те жарияланған дүниелерінде де ізденістің іздері сайрап тұр.

Үйленіп, үй болу да ойында жүрді. Себепке салдар табылып, шынайы досы Сейдолланың жұбайымен сырттай бірге оқитын Ләззатқа көзі түсіп, шүңірек жанар бір тылсым тұңғиыққа батып кетті. Ерте үйленіп, өмір сынағынан өткен сарабдал Сейдолла да Төлегеннің қасындағы Шеге боп сым пернені сыздата басып, қос мұңлықты Неке Сарайына алып келді. Үш бөлмелі үйінің бір бөлмесін босатып берді.

– Бір күні, – дейді Сейдолла, – Орекең балконда түртінектеп бір нәрсе іздеп жүр.

– Не іздеп жүрсің?

– Сенің бір гантелің бар еді ғой.

– Оны қайтесің?

– Сәке, «сынықтан басқаның бәрі жұғады», мен де қазір бал айын бастан өткеріп жатырмын. Өзіңе еліктеп, шынықсам деймін. Шынықсаң шымыр боласың.

Қақсал еркек тілге келмеді. Үйіліп жатқан кәкір-шүкірдің арасынан сырты қожыр-қожыр, топ-томпақ жұмыр темірді тауып берді. Орекең ымырт жабыла балконда бұлшық еті бұлтылдап, зілдей темірді көтеріп-түсіріп тұратын болыпты. Өзінен жұққан құбылысқа Сейдекең де басын шайқап, алыстан сескене көз тігеді екен. Бұл – Оразға тән әрекет, ол не істесе де қоспасыз таза істейді, ертеңгі күннің тәтті дәмін күні бұрын таңдайға сап тамсанып тұрады.

Орекең ұл мен қыз өрбіткен Әке, немересінің тұлымын сипаған Ата. Сол бір жұмыр темір өзінің де, Шеге боп домбырасын шерткен Сейдолланың да көз алдында. Үй ауысқанмен гантель – орнында, сол үйдің қасиетті бір мүлкіндей боп қымтаулы жатыр.

 

Қонаевтанушының  қасиеті

Ораздың болмысында жат-жұрттың қамын ойлап, алыс-жақынның әл-ауқатына құлақ түре жүретін қасиет бар. Саяси сауаты зор, сайын даланы мекендеген түбі бір қандастардың хал-жайын жіпке тізіп, жіліктеп отырады. Қаламгер мұраты – бар мен жоққа дер кезінде баға беріп, көзқарас қалыптастыру емес пе? Ол «Атомға қарсы акция», «Нью-Йорктағы қазақтар», «Шоқан және табиғат» деп атау алған кітаптарында қара қазақ шеккен қасіретті кейінгілерге білдіріп, болашақ үшін бір бүйірі сыздап тұрады. Ол – қонаевтанушы, Қонаевтың «соңына түскен» дара қаламгер. Қазір Қонаевтың «соңына түсушілер» көп-ақ. Ораздың жолы – таза жол, айтқан пікірі адал қолмен атқан оқтай нысанаға дөп тиіп жатады. Марқұм Әшірбек құрдас: «Орекеңе «Қонаевты көрдің бе?» десем, жүз метр жерден көрдік қой» деді», – деп миығын  тартатын. Ғасыры бөлек адамдар бір-бірімен сырттай сырласады, оған уақыт төреші. Ол Шоқанды да көрген жоқ, мылтық ұстап, бірге құс атуға шыққан жоқ, бірақ «Шоқан және табиғат» деген ауыз тұшынар дүние жазды. Ел билеген осы бір дара тұлғаның басқан ізіне үңіле жүріп, ақсақал-қарасақалдардың аузын бағып, шындықтан ауытқымай шынайы мақалалар жазды. «Таңғажайып Қонаев», «Қонаевтың 12 қасиеті», «Димекең және дін», «Дінмұхаммедтің дүниеге келуі» – үлкен-кіші іздеп оқитын жазбаға айналды. Ол осы бір адамның бойынан тек тазалық іздейді, оның Коммунистік партияның қамытын кие жүріп, дін жолында жаңылыс баспағанын жарқын мысалдармен дәлелдейді. Түркістандағы қасиетті құдыққа жыл сайын барып теңге тастау – бір сурет, ол салған қалалар мен айнадай жарқыраған қасқа жолдар, қара қойға қарық болған қара қазақтың тоқ көңілі мен алтын астыққа қойма толтырған өлкелер, бір сөзбен айтқанда, бардан жоқ емес, жоқтан бар жасауға тырысқан тоқ пейілді адамның келбетін көреміз.

Осы жігіттің бойында бір қасиет бар. Топқа қосылмай жеке-дара жүргенмен ешкімге қарап айтар қыңыр сөзі жоқ, тек адал пікір, адал іс үшін ақырына дейін арпалысып бағады. Көркем әдебиетті жанындай сүйеді. Студент кезінде «Макар Чудраны» жатқа айтатын. ҚызПИ-дің студенттерімен кездесуде әркім барын алға ұстап, біз Орекеңе Горькийдің керемет әңгімесін жатқа оқыттық. Кей сәтте мәтіннен алшақ кетіп, авторлық ауытқулар болды. Дегенмен, қыздар ауыздарын ашып қалды.

– Ореке, Макар олай деп айтпаған ғой, –  дедім кездесуден шығып келе жатып.

– ҚызПИ-дің қыздарының алдында толқып тұрып аузымнан шығып кетті, әйтеуір мүдірген жоқпын ғой.

Иә, сол жолы журфактың жігіттерін жағалауға аман алып шықты. Өткелден өтерде осындай жігіттер керек.

Ол елудің бірі болғанмен екінің бірі емес. Кейде «Әлмерек» деп бүркеніш есімін алға тартады. Несі бар, өмірден өткен ұлыларда қырық-елуден бүркеншік есім болған. Бұның бәрі жазу үшін, оқырман үшін еткен әрекет. Ораздың да оқырманы аз емес. Оның оқырманы – қарапайым қазақ.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері 

2930 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы