• Әдебиет әлемі
  • 30 Қараша, 2021

АМАЛ ДОСҚА АЛЫНБАЙТЫН ҚАМАЛМЫН

Гүлдана СЕРМАХАН,

ақын

Орамды он ой...

1. Адам Ойлай білу керек. Ойына ғашық бола білу керек. Адамның ойы миуалы жеміс секілді... жақсылық ойласаң тек жақсылық өсіп өнеді.

2. Адамның ойы – ібіліс секілді азғырушы! Жаман ойдың жетегіне еруден аулақ болыңыздар!

3. Ойлаған ойыңа абай бол. Сөйлеген сөзіңе абай бол. Жаман ойласаң да, жақсылық ойласаң да міндетті түрде орындалады. Жақсы сөз жарым ырыс. Тіліңізден көркем сөз шықсын. Зіл сөзбен абайсыз айтылған дүние адам жүрегін қанжардан бетер жаралайды.

4. Жоғарыдағылар жейді, пара алады дейміз. Бірақ өзіміз де біреуден алсақ, біреу бізге бірдеңе берсе деп тұрамыз... Ең алдымен адамның ойын өзгерту керек. «Жесем, алсам» деген ойын! Ақша жесем емес, елімнің қамын жесем деген. Қайран біздің бұрынғы ойшыл, ғұламаларымыз секілді бір туар, алға жетелер «ойлы азаматтар» туар ма екен?!

Ай, сол «БІР ТУАР» деп бекер айтылмаса керек. Бір-ақ рет туатын нар тұлғалар еді, қайран біздің бабамыз!

5. Миыңды жаман ойлармен улама!

Тірі жанға жамандық  не қастық ойлама! Себебі біз, жауына да жақсылық ойлаған халықпыз.

6. Жаман ойдан арыл, сол кезде өміріңде жақсылықтар орын алып, жаның жадырай түседі.

7. Адам өтіп кеткен қателігін жөндеу үшін уақытты кері бұра алмайды. Сол мезетте, сол кезде не жасады, кімнің көңіліне тиді, кімді ренжітті? Кейін мейлі, қанша өкінсін, оны жөндеу үшін, тым болмаса бір минут уақытты да кері қайтара алмайды. Өтті-кетті. «Айтылған сөз-атылған оқ» – деп бекер айтпайды. Өкінгенмен пайда жоқ. Бірақ ол, сол қателіктен сабақ алып, келесі жолы қайталамауға мүмкіндігі бар. Бір-бірімізге кешірімді болайық! Сөз сөйлемес бұрын, салмағын бағамдайық. Өзіңе жеңіл болғанмен, естіген жанға ауыр болуы мүмкін!

8. Екі жарты бір бүтін. Терең мағына... Ерлі-зайыпты атанғаннан соң, қос ғашық жан-тəнімен бір болып қана қоймай ойлары да бір жерде тоғысу керек. Егер əйелі (немесе ері) ерінің ойлаған ойын қолдамай, «ойың жүзеге аспайды» деп кері тартса, оның ойы ешқашан жүзеге аспайды. Ал, қолдап, «қалайда ойыңды жүзеге асыр, Алланың қалауымен орындалады» деп, екеуі бір ойға түйіссе қандай ой, арман-мақсат болмасын жүзеге асады!

9. Өмірде тек қуанышты сәттер бола беруі міндет емес, бастысы өз-өзіңді қолға алып, тұнжыраған бұлтты күннің нөсерін, жаныңа жылы тиер жауындай қабылдауың, бұлт астынан жарқыраған күннің шығатынын білуің, сенімің маңызды. Аллаға деген сенім керек. Егер өміріңде тек жарқын сәттер болса, қайғының не екенін білмей, шүкірлікті ұмытар едің, Аллаға деген сенім жоғалар еді. Сол үшін ақ пен қара, бақ пен нала қатар жүретін сұм жалғанда Алладан үміт үзбей, өзіңе деген сеніммен алға нық қадам бассаң өмірің жарқын болады.

10. Махаббат – сүйген адамыңды бар болмысымен, бар кемшілігімен қабылдап, шынайылық пен адалдықтан танбау! Кім не десе де, жүрек таңдауына сену. Тіпті жарымжан болса да, сен оның жарты бөлшегі болып бүтіндетіп, жанына жалау болсаң, шынайы пәк сезім, адал махаббат, баға жетпес сыйластық сол болмақ.

Бастысы жартыңның жүрегі мүгедек болмасын!

Жылы сөзбен улап алып мәңгі есті,

Қазір бәрі, айым, күнім, жан(ым) десті,

Еш мініне, кемшілікке қарамай,

Шын сүйгендер бар ма мұндай жан кешті?!

 

Жадымдағы  жиырма бір жәйт...

 

1. Жауды сырттан күтпе, ол өз ішіңде!

2. Жақындар ғана жанды жазылмастай жаралайды!

3. Автобус лық толды. Тұрып тұрған апаның жанында жас қыз отыр!

4. Адам танимын деп қателестім, жақыным сатып кетті!

5. Жаныңыздағыларға бостандық беріңіз, қапасқа кіресіз!

6. Сертінде тұрмайтындар сертшіл келеді деді маған!

7. Мұңымды жайып салдым, тек іштей!

8. Сынықтарды жамай алсам, жөндеп аларым көп.

9. Түн ұйқысын төрт бөлген жанның жүрегін тілім-тілімге бөлді.

10. Анам келіні арқылы баласына өтініш айтты.

11. Өмір деп шалқып жүргені өнеге емес.

12. Анасының тəрбиесін алып, заманның талабымен жүреді.

13. Қанша тепкілеседе, ит иесіне адал!

14. Келіншегінің ақ дегені алғыс, анасы алаңдаса қарғыстай.

15. Ең аяулы жан алдағаныңды көзіңнен көреді.

16. Құлыптанып қалдым, кілт өзімде!

17. Адал досқа – адалмын, амал досқа – алынбайтын қамалмын!

18. Күн ашық, тұманға еніп кеттім!

19. Кей адам бар тұнық күнде жаныңда болса, дауылды күні таппай қаласың!

20. Кейуана еңбек етіп, қызы мен күйеу баласын асырауда!

21. Сенім – берік қамал! Ол барда сезімді жау алмайды!

2026 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы