• Қоғам
  • 30 Қараша, 2021

ЕКПЕ АЛУ – ДЕРТТЕН САҚТАНУ

Дина ИМАМБАЕВА

Бұрнағыда «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» десе, жаңа мыңжылдықтың басында қоғам өмірі жыл сайын, тіпті ай сайын өзгеріп, жаңа үрдістер қалыптасып жатыр. Адамдар ол үрдістерге жылдам бейімделуде, кеше ғана жат, түсініксіз көрінген құбылыстар көзді ашып-жұмғанша тіршілігіміздің бір бөлшегіне айналып үлгереді. Коронавирус  індеті басталғалы бері организмдегі сатурация  мөлшерін білу, ПТР-тест тапсыру, антидене өлшету секілді іс-әрекеттер кәдуілгі жайтқа айналды. Ал вакциналау мәселесінде оған қарсылар мен жақтаушылар арасындағы айтыс-тартыс  толастар емес. Міне, енді 2021 жылдың алғашқы айларында вакцина алған адамдардың қайтадан екпе алуы жөніндегі сауалдар күн тәртібіне шықты. Коронавирустың үнемі өзгеріп, түрлі штаммдарының пайда болуы вакцина тақырыбын отқа май құйғандай қыздыра түсуде. Шынымен де, ковидке қарсы екпені мезгіл сайын алып отыру қажет пе, дельта-штаммдар несімен қауіпті деген сауалдар көпшіліктің көкейінде жүр.

   Кез келген екпе белгілі бір ауруларға қарсы жасанды иммунитет қалыптастырып, адам ағзасын дерттен қорғайтыны белгілі. Екпе ағзаны микробтар мен вирустардың әсерінен қорғап, оған қарсылық танытатын қорғаныс тетіктерін іске қосады. Денсаулық сақтау саласының керемет жетістігі саналатын бұл әдістің арқасында дүниежүзінде талай сәби жұқпалы аурулардан аман қалды. Вакцинаның арқасында шешек ауруы мүлде жойылды. Полиомиелит ауруы да жойылуға тақау. Халық арасында қызылша, паротит, күл, көкжөтел, вирустық гепатит, туберкулез секілді инфекциялық аурулар деңгейін төмендеткен осы екпе әдісі. «COVID-19» эпидемиясы бұрқ еткен кезде де бүкіл әлем ғалымдардың осы дертке қарсы екпе ойлап табуын асыға күтті. Ғылымы мен білімі алда келе жатқан дамыған елдермен қатар, Қазақстанның да өз вакцинасы жасалды. Бүгінде «QazVac» деп аталған бұл препаратты өндіру ісі жолға қойылды және оған өзге елдерден де сұраныс бар. Еліміздің тұрғындары негізінен осы отандық «QazVac» пен  ресейлік «Спутник V» вакциналарын алды. 

   «COVID-19»  екпелері пайда болған кезден бері оның әсері алты айға дейін екені айтылды. Ревакцинация, яғни, қайтадан вакцина алу алдыңғы  екпелерден пайда болған иммунитетті ұстап тұру үшін қажет дейді мамандар. Жалпы, әр инфекцияның вакцинасы организмді түрліше қорғайды. Мәселен, тұмау вирусына қарсы екпені жыл сайын алу керек, ал қызылша ауруының екпесі өмір бойғы иммунитетті қалыптастырады. Коронавирус вакциналары жылына екі рет алынғаны дұрыс дейді дәрігерлер. 

   Иммунитеттің бар немесе жоқ екенін антидене мөлшерінен байқауға болады.  Антидене – иммуноглобулиндер, иммундық жүйенің жасушалары бөлетін қан плазмасының ірі ағуыздары. Олар бактериялар, микробтар,   паразиттер секілді патогендер мен вирустардың жасушасын жойып жібереді. Сарапшылардың  айтуынша, коронавирустен қорғайтын антиденені өлшеудің  түрлі жүйесі мен деңгейі бар, ковидтен иммундық қорғауға жеткілікті антидене мөлшері де түрліше болады. «COVID-19»-бен науқастанған адамның бойында антидене болады, ал ауырмағандардың бойында ол екпе алу арқылы қалыптасады. Осы орайда антиденені үнемі өлшеп жүрген дұрыс па әлде қайтадан екпе алған дұрыс па деген сауал көп адамды ойландырады.  Мәселен, ресейлік «Спутник V» вакцинасының авторы, академик, Н.Гамалеи атындағы эпидемиология және микробиология зерттеу орталығының директоры Александр Гинцбург коронавирустың дельта-штамымен ауырған жағдайда  антидененің қорғаныстық әсері алты айға жетеді дейді. Сол себепті алты айдан кейін ревакцинациядан өтуге кеңес береді. 

«COVID-19»-дің қауіптілігі де оның түрленіп отыруында, неше алуан штамдарының пайда  болуында. Егер оның бастапқы кездегі штамдары өзгермеген болса, онда екпенің қорғаныстық қабілеті екі жылға дейін жетер  еді. «Дельта-штамм біздің клеткаларымызға енбей тұрып оны залалсыздандыру қажет, ол ағзаға еніп кеткеннен кейін күресу қиын. Сол себепті алты ай сайын екпе алу ұсынылады» дейді «Спутник V» авторы. Өкінішке қарай, жаңадан басқа штамдар пайда болған жағдайда олар да өз  «ережесімен» әрекет ететін болады. Бұл ғалым-дәрігерлердің үздіксіз зерттеу  жұмыстарымен айналысуын қажет ететіні сөзсіз. Мысалы, қазір ғалымдар   әмбебап, яғни, коронавирустың кез келген штаммына қарсы вакцина әзірлеуді  жеңілдететін технологияны ойластырып жатыр. Дегенмен, мұндай ғылыми-зерттеулердің ұзақ уақытты қажет ететіні түсінікті. Сондықтан әзірге қолда барды місе тұтуға тура келеді. Ал екпе алудың қажеттігі еш күмән тудырмайды.

5630 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы