• Айтарым бар...
  • 29 Қазан, 2021

ТІЛ – ТАҒДЫР

Тіл – ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі, – дейді. Тамыр соқпай қалса, тағдырыңның тоқтағаны. Тәңіріңді сезінбесең,сыйыңнан безінгенің. Тіршілік жаратылысын жалпылама айтсақ та, Алла бізге әр жаратылыстың тарихын тану үшін таңбалап қойған. Анаң мен Атаңды, Отаныңды, дала мен аспаныңды, тегің мен жеріңді қадірлесін деп тұла бойыңды бейғамдықтан сақтаған.Сөйлеу үшін тіл берсе, сезіну үшін жүрек берген. Ананың құрсағынан барлық шарананың шырылы бір сөзбен естілгенмен, ұлтының қанына қарай, діліне қарай олар да өз тегінің, елінің етегін ұстайды. Дала заңы да, баба заңы да осылай. Мынау өмір деген ғаламаттағы қозғалыстың құны да осымен өлшенген.  Бұл тіршіліктің түпкі тамырының діңгегі осы ана тілінің құдіретінде. Сондықтан да, біздің «қазақ» деген халқымыз оны жанындай, көзінің қарашығындай, қазынасындай қадірлеген. Ұлан байтақ даламызды қалай қорғаса, ана тілін де арындай сақтаған. Жазуға сауаттылық жетіспеген кезеңдерде аңыз-әпсаналарды, ән-жырларды, ғажайып дастандарды есту арқылы бірінен-бірі ауызекі жаттап алып отырған. Оны ұрпағына қалдырған асыл мұрасы деп санаған. Міне, біздің тілдің шұрайлылығы мен тереңдігі сол ғазиз бабаларымыздың ең үлкен ерлігі еді. Бүгінде, көкірегі ояу ұлтымыздың ұрпақтары оны әлі де байыта түсуде. «Түркі тілдерінің ішіндегі ең байы қазақ тілі екенін бүкіл зерттеуші мойындаған» – деген екен Платон Мелиоранский. Қазіргі уақытта жаңа ғасырдың білімге ұмтылған жастары тіліміздің сан түрлі мағыналы ғажайыбын талантымен танытып жүр. Тәуелсіздіктің әр баспалдағына тәу ете отырып, қара көздері мөлдіреп, елжіреп тұрып анасын аялағандай, ана тілінің мерейін көтеріп жүрген сол жандарға сүйсінесің. Қоғам сын мен мінсіз болмайды. Қазақстан көпұлтты мемлекет. Дініне, ұлтына қарамай қанатының астына алып, оларға да орын беріп, сыйласа білді. Бір естелік оқып едім, Ұлы Отан соғысы жылдарында жараланып, тал түбінде қалған немістің әскеріне  құжырады жасырынып отырған апа талғажау етіп отырған нанының жартысын жақындауға қорқып, алыстан лақтырған екен. Осындай мейірімділік пен кеңшілік, тектілік біздің тіліміздің тағдырын сақтап қалған шығар. Ел басына күн туса да, тіліміз бен салтымызды қазағымыз тасада қалдырған жоқ. Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «қазақ, қазақпен қазақша сөйлесуі керек» – деп те айтқан еді. Бұл бұғанасы енді бекіп, бетегеден биіктікке ұмтылған ұлт үшін үлкен қуат болды. Бүгінде ел басқару тізгінін қолға алған, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақтың қанынан, тектіліктің жанынан бөлініп шыққан тұлға екенін ұлты біледі.

«Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі шын мәнінде білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», – деді мемлекет басшысы өз Жолдауында. Тәуелсіздіктің отызыншы баспалдағына бағыт алған еліміздің еңсесін тіктеп, ғасырларға жол ашар келешектің кілті осы елдің тілі мен мәдениеті, білімі екенін баса айтқандығы еді бұл. Жолдау бағдары, мемлекетіміздің, осы ел тұрғындарының өмір сүру айнасы. «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында да бұл ойын тарқатып айтты. «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», – деген еді.

Еліміздегі әр отбасының сөйлеу мәдениеті, тәртібі мен тағылымын түсіндірер өз «асханасы» бар. Мемлекет басшысы сол тәрбиенің тілі Отанға деген махаббаттан басталса дейді. Тәуелсіздіктің отызыншы баспалдағына беттеген ел ертеңінің жүзі жарқын болуы үшін, білім мен ілімнің ілгерілеуі үшін үміт артқан ұрпақтың санасы көлеңкеленбей, асыл мұрамыздың маңызын ұғынса, – дейді. Сәбиінің тәй-тәйлай бастағанда табанына шөңге қадалмауын тілейтін ата-ана секілді, ана тіліміз де аядай ортада болсын, адам мен адам арасында болсын ақсап қалмаса екен. «Қала» деген өркениетке құлаш ұрған халықтың сана түкпірінде бәрібір ауылдың адалдығы аңқып тұрады. «Өзге тілдің бәрін білсе де, өз тілін құрметтейтін» қазақтар баршылық. Балаңыз өзге тілдегі балалар фильмін көргенімен, сол ұлттың ойын ойлай алмайды. Егер біреудің тізесі жараланып қалса, «ақ па қара, сары ма», жанына келіп, көмектесуге ұмтылады. Бұл өзім тұратын ауладағы жәйттерден түйгенім. Бірде шаһардағы үлкен дүкеннен тоғыз жасар ұлым екеуміз азық-түлік алып шығып бара жатқанбыз. Дарын есік маңындағы шыны жәшікке қараған күйі тұрып қалды. «Сізде он теңге бар ма? Мынаған салайыншы» – деді. Мен кіріп келе жатқанымда салғанымды айттым. «Үффф! Қандай жақсы адамсыз!» – деді. Жол бойы ойланып келдім. Өзге ұлттың кішкентай дімкес бүлдіршініне жаны жабырқап қалған бала-жүрегіне елжіредім. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп». Ұлы Абай талайларға тағлым болсын деп айтқан екен ғой. Әр пенденің Алласы жүрегінде. Сезінуі мен сенуі бүкіл адамзатқа ақиқат болуы маңызды емес. Ана тіліне деген махаббат та солай. Тіліңді сақтау, аялау адалдығың алдындағы жауапкершілік. Өзгеден сұрап, мүлкіңмен айырбастай алмайтын қазынаңның қадірін өзің жоғалтсаң, ұрпағың алдындағы борышыңның да өтелуі.  «Әр қазақ менің – жалғызым» – деп ақын Сабыр Адай айтса, әу баста «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» – деп хәкім Абай даналығын айтқан. Өз мініміз бен міндетімізді өзгеден емес өзімізден тауып, қара жерде талай бабаның аманаты барын, жайқалып өскен гүлдің тамырында ақ жаулықты аналардың арманы барын сезіне түссек деймін.

Мақалаға орай бірер сөз 


Әлия Шайхы, шаштаразшы:

– Бұл кәсібім көпшілікпен қарым-қатынас жасайтын орын болғандықтан әр түрлі адамдар келеді. Олар қай тілде қызмет көрсетуімді талап етсе, сол тілде сөйлеуге мәжбүрмін. Қазақ тілі өз ана тіліміз ғой... Орыс тілінде жетік сөйлей аламын. Алғаш Алматыға келгенде орыс тілі пәнінің мұғалімі болдым. Қазір жағдайға қарай осы кәсіпте жүрмін. Бұл көшеде ұйғыр тұрғындары көп тұрады. Олар қазақ тілін жақсы меңгерген. Орыстар да көп келеді. Келген кісілермен тіл табысуға тырысамыз. Орыстардың ішінде әңгіме айтып, кеңес беріп отырғанды жақсы көретіндері бар. Олар қазақша түсінеді. Маған қай ұлт болсын бірдей. Әр адамның өз ұстанымы бар ғой, мен ондайды бағалаймын.

Рүстем Сәбетбек, жүргізуші:

– Қоғамдық көлікте жүргізуші болғаныма екі жылдан асты. Таңнан кешке дейін осы орындық менікі. Күніге жүздеген адамдар түсіп, кіріп жатады ғой. Кейде ұрыс, жанжал да болады. Көбі әйелдер арасында, одан қазір жастар да қалыспайды. Орын бермедің, өткізбедің дейді... «Қазақсың ба, қазақша сөйле, қай елде жүрсің?» деген дауыстар да шығып жатады. Байқайтыным, соны талап етіп ұрыс шығаратындар қазіргі тәуелсіздік алғаннан кейінгі жастар. Жастықтың қызуқандылығы десек те, сөздері «мірдің» оғындай. Біз әлгі Кеңес үкіметінің «көгеруін» тілегендер едік ғой... Ана тіліңді талап ету дұрыс. Осы елдің ауасын жұтып, нанын жеп жүр ме, сол ұлттың мәдениетіне, құндылықтарына құрметпен қарау қажет.

Жантас Еркін, студент:

– «Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» – дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Қазақ тілі ұлт мәселесі төңірегінде ғана қолданылып жүрген тіл емес. Оның үлесі әлемдік мәдениет пен әдебиетте бар. Ол өзінің сан салалы, терең екенін дәлелдеген тіл. Бір мемлекет жойылуы үшін, алдымен оның ана тілі құрдымға кетеді. Біздің бабаларымыз мен арыстарымыз сол үшін шырылдады, сол ұлттық сана-сезім, салт-дәстүр, тіліміз үшін жанын пида етті. Біздің алдымызда міндеттелген аманат бар. Өз Отаныңа адал болуды отбасыңнан баста. Әр шаңырақ қазақ тілімізбен оянып, түннің тыныштығын да өз тілінде тілесе, өсіп-өніп келе жатқан талай ұрпақты тәрбиелей алады.

Динара МӘЛІК

6251 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы