• Әдебиет әлемі
  • 28 Қазан, 2021

БІР БАҚЫТ (Әңгіме)

Әсел НАЗАРАЛЫ

Ағаштан түскен бірен-саран жапырақ пен алманы теріп, самаурынның айналасындағы ағаш жаңқаларын ескі жусан сыпырғышпен сыпырып бір кемпір жүр. Азанмен екі сиырды сауып, бұзауына шелекпен сүт береді. Одан бір қарасаң, самаурынға ағашын салып қойып, сүт тартып отырады. Тартқан сүтін қазанға құйып, бір қазан қылып құрт қайнатады. Оның арасында нанын да жауып үлгереді. Сөйтіп жатқанда үйіндегі ұйықтап жатқан шалы тұрады. Одан дөңгелек үстелді жайып жіберіп, шалының      алдына ыстық наны мен майын тосады. Екеуі самаурынды бұрқыратып отырып шәй ішеді.  Рахат!

Күн шығыс жақтан Әулиешоқы тауы мұнартып, оның жалғасындай болып арғы жағында Алатаудың қарлы басы көрініп тұр. «Алла бізге бала берсе, есімін Бақыт деп қоямыз», деп бірін-бірі жұбатып, сол тауларға тамсана қарап, көз тастайтын екеуі.

Жас уақыттарында кемпір мен шал үйдің айналасын жағалай өрік пен алма ағашын отырғызған. Қазір олар да кәдімгідей діңі жуан ағаштарға айналған.

Қоңыр күз түскенше кәрі ағаштың жапырағы түспей, қызыл-сары түске еніп, құлпырып тұрады. Қыста тіпті әдемі. Қоңыр жапырақтарға әдемі ақ ұлпа қар қонып, алыс-тан қарасаңыз қолмен қондырған мақта секілді көрінеді. Таудан соққан әдемі самалдың, шашыңызды қайырғаны болмаса, үп еткен жел жоқ. Ғажаптығы сол бұл жерде табиғат суретін бұзбайды, әр мезгіл өз уақытымен келеді. Мән беріп бақылаған адамға бұл ауыл көрінісі құдды бір қолдан жаңадан салынған жанды сурет секілді.

Талдардың арасы тап-таза. Тек ағаш арасында күркетауықтың қауырсыны шашылғаны болмаса... Оны да шал азанмен теретін. Айналаны таза ұстағанды, жалпы тазалықты жаны қалайтын еді, марқұм. Бір айдай қиналып жатып көз жұмды. Қан қысымы көтеріле берген соң біреулерден естісе керек, тілінің астындағы күретамырынан «арам» қанын алғызған. Тілі аузына сыймай ісіп, тамағынан зорға ас өтетін. Ауданнан да, қаладан да дәрігер шақыртты. «Мені қимасаң, емханаға бірге барып жатайық», – деп еді кемпірі, шалы қырсығып бармады. Оның бұл қырсықтығын іштей сезді. «Өлігім осы шаңырақтан шықсын» деп, шалы айта алмаса да, кемпірі оны түсінді. Кемпір байғұс шөппен де емдеді, отпен де аластады, болмады. Ажал айналдырып, алып кетті ақыры шалды.

Шал кеткелі бар тіршілік өзіне қалған. Арасында күркетауықтарына жем береді. Азанмен азын-аулақ қойын кезекке қосады, кешке бөліп алады. Оны бұрын шалы бағып келетін, енді көрші Бақтыбайдың баласына бақтырып жүр.

Кейде көршінің оқудағы қызы келеді ауылға. Жұмыртқасы мен кілегейін, құрт-майын салып береді кетерде. Себебі, үйде оны жейтін ешкім жоқ.

Есік алдындағы кәрі алма ағаш түбінде шалдың жасаған ескі тапшаны тұр. Ол кемпірдің шалы екеуі отырып, шай ішетін сүйікті орны болатын. Оның астын көлеңкелеп сары иті көзін бір ашып, бір жұмып, алдыңғы екі аяғын алдыға тастай көсіліп, шыбынын қағуға ерініп жатыр. Кемпір тапшанның үстіндегі көрпені қағып-қағып қайта салды да, отыра кетті. Кезінде осы көрпені өзі құрап еді. Құрағы жайнап тұратын. Біртүрлі бозғыл тартқандай көрінді. Тапшан үстіне төселген қара киіздің астына газетін қоя салады. Беторамалын, шашы оралған тарағын, шөлкейін тыға салады. Түскі шайдан соң бір мезгіл газетін оқып, көрпесін көктейді. Жатып демалады. Құрт жаяды. Қысқасы, бүкіл тірліктің бәрі сол бір жерде бітеді. Кемпірді іздесеңіз сол жерден тауып аласыз.

Үйдегі ойдан-қырдан әкелген жыртыстар мен маталарды құрап, тозып қалған киімдердің жамалғанын жамап, жамалмағанын құраққа қосатын. Құрақтан төрге ілетін үлкен тұскиіз кілемше жасағаны бар. Той жасағанда әркім бір сұрап әкетіп, оны да жоқ қылды. Сандық үстінде қаншама көрпесі жинаулы тұр. Бөстектері қаншама. Бәрі тап-таза, бәрі де сол қалпы. Олар да ешкім түртпеген күйі ағаштағы жапырақ секілді өз табиғатын бұзбастан тұр. Сауда-саттыққа ебі жоқ па, әлде өз қолымен жасаған бұйымдарын қимайды ма, оларды сату тіпті ойына да келмепті.

Сөйтіп жүріп марғау өмір, меңіреу тіршіліктің құрбанына айналып бара жатқанын өзі де білмей қалады. Күйбеңдеген қу тірлік бітер ме?!

Есіне әлденелер түсті ме екен, кемпір  қатты бір күрсінді. «Мен өлсем бәрі иесіз қалады-ау!» – деген шығар, әлде мынау жалғанда осыншама әдемі бақты құшып жалғыз қалғанына өкінгені ме белгісіз? «Мен сорлы бақыттымын ғой, шал-ау! Сенің арқаңда жақсы өмір сүрдім. Сен мен дегенде бар жақсылықты жасадың, бір-бірімізді жақсы көрдік. Бірақ өкінішке қарай, мына қара шаңыраққа ие болар тұяқ болмады. Әке-шешеміз бен туыстарымыз екеумізді екіге айырғысы келді. Ақыры қашып келіп, тұрған жеріміз осы болды. «Біз түбі бақытты боламыз!», – дедік. Ешкімнен ештеңе сұрамадық. Дүние жиғамыз жоқ. Барымен базар болып өмір кештік. Үйге тіпті, артық шкаф та, артық ыдыс та алмаппыз қарап отырсам. Қолдан келгенше бәрін өзіміз жасауға тырысыппыз. Үйді де екеуміз салдық. «Ермек болар» деп, малды да екеуміз алдық. Ағашты да екеуміз ектік. Ер жігіттің Алла алдындағы борышын өтедің. Бір-бірімізге қабақ шытқамыз жоқ. Сыйладық. Аяладық. Көңілімізге қарадық. Сен ауырып жатқанда мен жан ұшырып, өзімді қоярға жер таппадым. Қаншама жылап-сықтап жүрсем де, ауырсам да саған бірін де білдірмеуге тырыс-тым. Сенің жаныңды ауыртқым келмеді. Сенің өмірге құштар жаныңның жапырағын ерте үзгім келмеді. Соңғы демің таусылғанша сенің қасыңда болдым. Ал сен мені осы әдемі баққа қалдырып, көзден ғайып болып, мәңгілікке кете бардың... енді бәрі көңілсіз, енді бәрі мардымсыз», – деп күбірледі іштей.

Кемпірдің ойын: «Әкең естімесін, бұл не сұмдық!» деп айқайлаған көрші қатынның дау-сы бұзды. Көршінің қызы қалада биыл соңғы курста оқитын. «Бірдеңе бүлдірген ғой, жақсы қыз еді», – деп ойлады да қойды. Орнынан тұрып, жағдайын білгісі келіп еді, ниеті болмады. «Біреудің арасына түсіп нем бар? Онсыз да шайпау қатын, айқайлап жатыр. Одан да бір мызғып алайын» деп, қиялданып отырып, өзі отырған тапшан шетіне қисайған.

Көзі ілініп кетіпті. Сөйтсе, тау басына қарай өзін әлдекім жетелеп бара жатыр екен. Әулиешоқының төбесін айналып, алып қыран қалықтап ұшып жүр. Әлгі жетектеген елес кемпірге бір тал гүлді алыстан нұсқады да, көзден ғайып болды. Тау самалын рахаттана жұтынып, өмірі гүл көрмегендей гүл өсіп тұрған жаққа қарай ұмтыла берді. Қанша тырысқанымен ілгері басқан аяғы кейін кетіп, гүлге қол жеткізбеді. Оянса ерні кеберсіп, шөлдеп жатыр екен.

Түсін әлдекімге жорытқысы келіп еді, маңайында кәрі иттен басқа ешкімді таппады. Ол өмірінде тауға шығып гүл теріп көрмепті. Енді не болар екен? Бұл не түс болды екен? – деген ойлар мазалап, қояр емес. Шіркін, шалы болғанда айтар еді ғой ағынан жарылып, екеуі мәз-мейрам болып талқылар еді-ау! «Шалының басына барып, Құран оқымағаны да біраз болды. Бүгін күн жұма. Аяңдап барып келсем қайтеді. Мауқымды басармын. Күн де керемет болып тұр». Галошын сүйрете басып, шал жатқан беткейге қарай аяңдады. Әншейінде ермейтін кәрі ит те шалды сағынғандай, кемпірдің соңынан ілесіп кеп берді. Бейітке жете бере ит шал зиратын дәл тауып, айналдыра иіскеп, шалдың суретіне ұзақ қарап отырып, мұңын шаға ұлыды. Ит шөп арасына мұрнын тығып, шалдың иісін тапқандай қыңсылады. Ол суретті де кемпірі тас қалаушыларға айтып жатып жапсыртқызған. Зираттың іргетасын қалап жатқанда «Сен менің мәңгі жүрегімдесің!», – деген жазуды жаздырған. Саусағымен әлгі жазуды сипай өтіп, жерге жамбастай отырып алдымен өзі білетін сүрелерін оқыды. Қолын жайып, бетін сипады. Тәлтіреңдеп тұрып барып, сол бетін сипаған қолымен шалының суретінің маңдайынан сипап, шаңын жеңімен тазалады. Іштей күбірлеп, бір уыс топырақты қолымен майдалап, сыртқа тастады. Іштей үнсіз ойланып, біраз отырды. «Қара жердің астында мені мына өмірге жалғыз қиып тастап, қалай ғана жатыр екенсің? Ең болмаса көп көрпеңнің бірін астыма төсерсің мен кеткенде», – деп қалжыңдаушы ең, көп көрпемнің бірін де төсей алмадым, кешір! Қара жер суық шығар. Топырағың жеңіл болсын! Алла алдыңнан жарылқасын! Қайтейін!» – деп кемсеңдеген күйі орнынан әрең қозғалып, артына қарамай үйіне қарай кете барды.

Кемпір кейінгі кездері қатты шаршады. «Төркініме бір барып, бауырларыма Құран оқытып келсем» деген ой санасын жаулап алған. Бауырларынан ешкім қалмаған. Бәрі кеткен. Кейде есіне алып жылап қалады. Сондайда алдаусырататын немеренің де жоғы-ай!...

Көшенің арғы бетіндегі төбеден өзі тұрған үй алақандағыдай анық көрінеді. Көрініске сырттай қарап тұрып, көрші қатын мен қызының ауданға бара жатқанын көзі шалып қалды. «Қызын қалаға шығарып салып бара жатқан шығар», дейін десе қолдарында ауыр сөмкелері жоқ секілді. Галошын сүйреткен бойы соңдарынан ерді. Неге екені белгісіз, кемпірге олар ештеңе демеді. Азанда қоршау сыртынан көріп амандасқан. Шайпау қатын жылаған ба, жыны бетіне шапшып тұр. Қара көз әйнегін, жылағанын сездіргісі келмегендей, бастыра киіп алған.

Қызбен сөйлескісі келді. Кейде көршінің қызына шашын өргізетін. Қызға кейде асыл-арманын, басынан өткендерін айтып, бір сергіп қалатын. Бүгін онда да үн жоқ. Өзін кінәлі сезінгендей, көзінің астымен кемпірге қарай берді.

Гүр етіп ескі сары автобус тоқтап, үшеуін ауданға ала кетті. Кемпір қайда бара жатқанын өзі де білмейді. Есі ауысқан адамдай, ол да арттарынан ере берді. Адам көп, күн ыстық. Автобуста бір жігіт тұрып орын бере беріп еді, құлағында «құлаққабы» бар бір қыздың жайылған шашы кемпірдің қолына ілініп қалды. Ол қыз шашын артқа қарай лақтырмақ болып еді, қасында тұрған адамның бетіне тиді. Содан кемпір шыдамай: «Қарағым, бойжеткен қыз екенсің, шашыңды жинап жүрсеңші. Шашыңа шайтан ұялайды ғой. Шаң болады. Шаштың да жаятын жері бар. Оның өз жөні бар. Қатты айтты деме, айналайын, сен де қазақтың баласысың ғой, біз айтпасақ, кім айтады. Бөтен деме, апаңбыз, жинақы жүр, жаным», – деп арқасынан қағып қойды. Дәл қасында көрші қатын оны жақтырмай: «Азанмен қайда барады екен осы, қақпас!» – деп ернін бір сылп еткізді.

«Осылар шаштарын жайып жүреді-ей, құдды бір дискотекада жүргендей, жинаса қайтеді екен?!», – деген ар жағынан біреулердің дауыстары шықты. «Құлақтарында «наушник», бізді тыңдап жатқан да жоқ», – деді орысшалап біреу. Онсыз да асығып, ыстықтан дем жетпей келе жатқан жұрттың жүйкесі тағы тозды. Автобустың іші у-шу. Жұрттың бәрі қызға қарайды. Әлгі қыз қызарақтап, шашын әрі-бері орап тұрды да, жинақтап, алдыңғы жағына салып қойды да, бір-екі аялдама жүрген соң түсіп кетті.

Кемпірдің шашы ұзын болатын. Шашын жуған соң мұрнының қырымен жоғары қарай тарақпен туралап алып, маңдайынан түп-түзу етіп екіге қақ жарып, екі жағына өріп қоятын. Өргенде де ұшына дейін өретін. Тарқатылып кетпесін дегені. Алдымен ірі жүзді тарағымен, содан соң жүзі майда мүйіз тарақпен тарайды. Ақ орамалды алдына жайып қояды. Соны шұқылап, қарап отырады. Қарап болғасын орамалын пештің алдына апарып қағып тағады да, пештің алдын сыпырып, отқа лақтырады. Шашын күнде бұрқыратып тарап, өріп жатпайды ғой. Жуған соң бір тексеріп алғаны. Тастай қылып бір рет өріп алып, шашының артына доғал мүйіз тарағын қадап, басына ақ шыт орамалын байлай салатын. Орамалын шалының алдында ешқашан шешкен емес. Кейде басын жуып болып, тарап жатқанда, арғы жағынан шалы көрінсе, шашын тарамастан жия салып, орамалын байлап қояды.

«Өзі азғантай ғана ағарған шаш. Неге шашын бір шаш қылып өріп, түймейді екен? Ыңғайлы ғой», – деп ойлайтын көрші қыз. Кейіннен шашын көршінің қызына өргізе бастады. Тастай қылып екіге бөліп өрсін дегені.

Бірде қыз:

– Апа, сізге бір шаш қылып өріп берейін бе? Сонда орамал тұрады. «Екі аша найзамен» түйреп қоясыз», – дегені бар.

Кемпір отырған орнынан ыршып түсіп:

– Қой, «түстен кейін мына кемпір құтырыпты», – дер жұрт. Керегі жоқ. Төбеме шашымды шошайтып, орамал тақпай-ақ қойдым. Шалы жоқ, жесір қатындар ғана шашын біреу қылып өреді. Төбесіне қоқайтады. Болмаса, жайып жібереді. Ондайды екінші қайтара естіртпе. Екі шаш қылып өру – біз мәңгі екеуміз дегеннің белгісі. Жалғыз емеспін деген сөз. Шалым жоқ болса да, жалғыз шаш қылып өрмеймін. Шашымды кеспеймін де, боямаймын да, осы кеткенім кеткен. Ұзын шаш әйел адам қайтыс болған кезде омырауын жауып тұру үшін керек. Кейін солай етерсіңдер, – деп тарағаннан түскен бір уыс шашын қолымен жинап, түйдектеп-түйдектеп тарағына қыстырып, басына түйрей салды. «От жаққанда пешке салып жіберермін, жерге тастасаң торғай іліп әкетеді де, ұясына салады. Содан адамның басы ауыратын болады, тастама», – деп күбірледі де орамалын шаршылап басына тақты. Қыз одан кейін үндеген жоқ.

Көрші қыздың есіне кемпірдің: «Қызым, шашыңды қидырма, өсір, жинап, маңдайыңды әрдайым ашып жүр жарқыратып, болашағың жарқын болады», – деген сөзі түсті. Ауылға келгенде кемпірдің үйінен шықпайтын. Шашын өріп, көрпесін құрасып, әңгімелесетін. Қыз қалаға барғасын кекіл қидырған, бірақ шашын қидырған жоқ. Кейіннен неге екені белгісіз, кемпірдің үйіне көп бармайтын болды. Шешесі ол үйге онша жолатпайтын.

Бірден кемпірдің шашына көз тастады. Арқасындағы өріп қоятын қалың қара шашы сұйылып, азая бастапты. Басына орамалы тұрмай, сырғып шешіле берді.

Әрбір бақытты деген отбасының өзінде бір өкініш болатын шығар. Осы кемпірдің өкініші не? Дені сау, дүние жеткілікті. Шалын ойлайтын шығар. Бірақ одан бұрын да оның асыл арманы бар еді ғой. Осы кемпірдің арманы бала сүю еді ғой. Кемпірдің бүкіл тағдыры қыздың көз алдынан зымырап өтті. Кемпірдің әр айтқан сөзі оған сабақ болатын. «Шіркін-ай, менің де дәл осындай әжем болса ғой!»

«Мен бүгін қайда келе жатырмын өзі? Не істеп жүрмін?». Осы мен асылық жасап тұрған жоқпын ба? Шешесі оған «Мынаның көзін құрт, не өзің құры!», – деген. Оқтай қадалған сөздері өңменінен өтіп кеткен. Әкесі бұл жайттан бейхабар.

Аялдамадан түскесін олар біраз көше жаяу жүрді. Анадайда аяңдап, галошын сүйретіп кемпір келе жатыр. «Осыдан алдырмасаң үйге кіргізбеймін!» – деп, жалғыз қызын қарғап-сілеп көрші қатын келе жатыр. Артында сүметіліп, келе жатқан қыз кенет көшенің басқа жағына бұрылып, тайып тұрды.

«Не де болса Алланың бергені. Алла көрсін деген шығар. Маған сондай тағдыр берген шығар, «Бейкүнә періштені бақсын, адам қылсын», – деп оған да ананы таңдап берген шығар. Маңдайға жазғаны сол болса, әуселесін көрейін. Жазықсыз адам өлтіріп күнәға батқым келмейді. Бұ дүниеден шешесіз өтсем де, шешімім осы! Ана емес пе, іздеп келер. Кешірер. Келмесе кейін өзім барармын. Бірақ менің бұл Алла алдындағы да, ата-ана алдындағы да кешірілмес үлкен күнәм», – деп қыз ілгері қарай жылдам адымдап жүре берген. Қыздың ақырғы шешімі осы болды. Артынан айқайлаған шешесінің даусын естісе де, бұрылып қарамады. Жолай кемпірді ілестіріп, басқа таксиге мінді де, қаладағы жатаханасына қарай тартып отырды.

Жатақханаға жеткенше ештеңе деп тіс жармады. Жете бере жатақхана алдындағы орындыққа жайғасып, кемпірмен ұзақ сырласқан. «Мен кетсем менің қара орманыма барып тұрарсың. Орнымды қарайып отырарсың», дегенді айтып, арасында жылап та алды кемпір. Екеуі бөлмеге келіп, шай ішкен соң көршінің қызы кешкісін кемпірді ауылға қарай бара жатқан таксиге салып жіберді.

Кеткен ғұрлы «сол кемпір қартайып қалмады ма екен, ауырып қалмады ма екен?» деген ойлар мазалап, оның үстіне аяғы күннен-күнге ауырлап, ұйқысы қашты. Бір жағынан шешесі сорлыны да аяйды. Әкесінің алдында абыройын төкті-ау!

Шешесі қызын іздеп, жатақханаға бірнеше рет келіп кеткен. «Оқуыңды тастап, қайт ауылға, қалай күн көресің», – деп еңіреген шешенің тілін алмады. «Өз күнәмді мойныммен көтеремін, өлмеспін!»,– дегеннен басқа сөз айта алмаған. Көңілі қалғасын шешесі «оның бетін көрмеспін», – деп кетіп қалған. «Аман-есен босансам сізге айтпаспын»,– деп қызы қалған.

Көрші қыз айы-күні жетіп, аман-есен қыз босанды. Есімін «Бақыт» деп қойды. Ең алдымен бұл хабарды ауылдағы көрші кемпірге айтқысы келген. Ауыл жақтан хабар ала алмады. Шешесінен басқа ешкімді танымайды да. Оған хабарласуға бет жоқ.

Қырық күн өткен соң, қол-аяғын жиып, сәбиін жөргекке орап алып, Әулиешоқының бау-райына барып, кемпірді қуантқысы келді. Таксиге отырып, туған жеріне тартып отырды.

Таксиден түсе бере, анадайда арықтың жағасындағы домалаған алманы теріп жүрген кемпірді көрді. Қолында таяғы бар, белі бүкшиген, арық. Алыстан көріп, «апам осы халге жеткен екен ғой», – деп, жылағысы келді. Қасына жақындап еді, ол кемпір емес. Қорқынышы басылғандай болды. Шалдың баяғы туыс нағашылары екен, қонаққа келген.

Үйдің маңайында адам көп, баяғы тапшанның үстіне кемпірдің бар көрпесі салыныпты. Бірдеңені сезгендей, қыз сәбиін құшақтаған күйі жерге отыра кетті. Ар жағынан шешесі жүгіріп келіп: «Апаңның қырқын беріп жатырмыз, үстінен түстің», –  деп қызын құшақтай алды. Шыр еткен сәби даусынан басқа ештеңені естімеді. «Жаныма жақын еді, бәрін түсінетін, қайран апам-ай! Арманыңа жете алмадың-ау! Бақытымды иіскей алмадың-ау! Енді ондай адам жоқ бұл өмірде!», – деген ойлар көкірегінде сайрағанымен, булығып сыртқа шығара алмады. Көзінен еріксіз жас сорғалап жатыр.

...Дүние төңкерілген.

3081 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы