• Айтарым бар...
  • 28 Қазан, 2021

ҚАЗАҚТЫҢ ДОН КИХОТЫ БАР МА ЕКЕН?!

Омар ҚҰРМАШ

Баланы жастан

Тәңертең тұрсам омбы қар басып салыпты келістіріп отырып!

Содан қарды күредім-ай кеп! Қатты кірісіп кетіппін! Бір кезде қарасам балаларым мен ашып қойған жолмен ақырын көшеге қарай зытпақшы боп ыңғайланып тұр екен!

Осыдан қашып кетсе еріншек боп кететіндей көрініп кетті.

«Оппа!» деп екеуін ұстап алдым да, «қар күреңдер!» десем қиқаңдайды.

Жынымның келгені-ай! Құйрықтарынан аямай бір-бір тептім бар ғойшы!

Содан біреуіне қар күретіп, екіншісіне сыпыртқызып қойдым да, ақылымды борандай ұйытқыттым! Қазір  аясам, кейін елін аямайды бұлар!

Біреуі президент болам дейтін. «Президент болу үшін бала кезден еңбек істеп үйрену керек! Біздің президентіміз бала кезде....» деп философиямды соқтым қысқасы.

Айтайын дегенім: баланы еңбекпен тарбиелеу керек екенін бәріміз білеміз!Алайда осындай кішене іске келгенде көбіміз «неғылады, бала ғой, ойнасын, өзім істей салам» дейміз!

Міне, осылай қазақ еліне +1 еріншек, сіңір, ебедейсіз тәрбиелеп жатқанымызды білмей қаламыз!

Елім өркендесін десең балаңды титтей істен бастап еңбекке тәрбиеле! Сонда ғана «қазақ неге кедей? Жеріміз сатылатын болды! т.б» деген мәселелерге бас қатырмайтын боламыз!

 

Ырыс! Тырс! Тырс! Тырс!

Мен аспанның тамшылаған  жасының тереземді ұрғылаған тырсылынан оянып кеттім.

Түнгі үш жарым болыпты. Енді ұйық-тамауым керек. Көз ілмей бала-шағамды, отбасымды күзетпесем болмайды! Өйткені мен еркекпін. Мойнымда жүгім ауыр.  Өзімнен басқа ешкімге сенбеуім керек! Біреуге сеніп, алаңсыз ұйықтасам қатты қателеседі екем.

Онсыз да өмірім ұйқымен өтіп жатыр.

Ұйықтамаңдар жігіттер! Аманаттарыңды күзетіңдер!

 

О менің сүйіктім

О! Менің сүйікті, сылқым сұлуым! Саған өлердей ғашық болып қалдым. Сенсіз бұл өмір Марс сияқты елестейді.

 Сен күнде таңбозында сылаң қағып, тәкаппар, паң мінезіңмен алдымнан шық-қаныңда көзім нұрға, көкірегім жырға толады.

Сенің анда-санда кәусарыңа қанып,  жұпар исін жұтқанымда, өзімді алғашқы махаббатыма қол жеткізіп, балқығандай, жетпіс екі тамырым иігендей күй кешем.

 Алайда сен менің алғашқы махаббатым емессің! Ол алыста қалған. Жауыз, сұмдар менен тартып алған! Олар оған ойына келгенін істеп қорлағандықтан, асқақтығынан айырылып, жүдеу тартқан шығар, кім біледі?!

Сен  менің сағынышымды басып, жаныма дәру болып келесің!

Сені  енді ешкімге бермеймін! Сені айдан да, күннен де, самал желден де, тіпті көлбеңдеген көбелектенде қызғанамын О! Менің Алатауым!

 

Қытайдың ақ үйін басып алғанбыз

Америкалықтардың ақ үйді басып алғанын көргенде  2000 жылдары біздің әулеттің басқа «ақ үйді басып алу» ерлік оқиғасы есіме түсіп кетті.

Ол былай болған: сол жылдары Қытайда жерді қайта бөлу науқаны басталып, бізге тиесілі 20 гектар маңдай терімізбен егістікке әрең өзгерткен жерімізді тартып алды. Оған себеп – жер куәлігінің себепсіз күші жойылуы еді. Талай әкімдікке бардық, онымыздан түк өнбеді. Естуімізше ауылдык округ әкімі куәліктің күшін жойғызған екен.

Ешкімге есесін жібермеген, Мәліқажыдай батыр шыққан жердің адуынды қазағы қарап тұрсын ба? Төрт ағайынды әкеміз бастап, әулеттегі еркек кіндікті түгел бір күнде аттанысқа келіп, он шақты ауылдан құралған гүңше (ауылдық округ) әкімдігіне басып кірдік.

Сөйттік те, қазақ әкімен қытай орынбасарын тас-талқан етіп сабадық. Онымен қоймай екеуін кепілдікке алдық.

Біз сөйтіп, ешкімнің қолынан келмейтін бассыз қадамға бардық! Не өлім, не жеңіс!

Бізді арнайы жасақ қоршап алып, келіссөз жүргізді. Біз берілдік. Сотталып та кетер едік! Аудан әкімі ертеректе қайтыс болған атамыздың көп шарапатын көрген кісі боп шығып, аман қалдық. Тіпті жерімізді қайтарып алдық.

Ол жылдары қытай саясаты қазіргімен салыстырғанда жұмақ екен ғой.

Сөйтіп «Шаман молданың төрт қасқыры» деген даңқымыз шықты.

Бұл ерлігімізден жігерленген ауылы-мыздың қазақтары келімсек дүңгендер заңсыз басып алған жерлерімізді тартып алды.

Қазір ойласам, мұндай ерлік Мәліқажы батырдың көкжал рухының соңғы бұлқынысы екен.

Менің бойымда осындай мұқалмаған асқақ рухтың бар екеніне сенемін!

Құдай сақтасын! Еліме, жеріме қатер төнер болса, сол рух мені ессіз ерліктерге жетелейтіні анық.

 

Ақытжан- мәжнүн

ҚазҰУ демекші, бұл жерде киноға бергісіз керемет «махаббат қызық мол жылдар» өтті ғой. Қазір «менмін» деп кеудесін қағатын танымал жігіттердің музалары үшін жасаған қызықты комедияларын да көрдік!

Осы мені қызықты оқиғалар іздеп жүре ма? Әлде Дон Кихот сияқты хикаяны өзім іздеймін ба, түк миым жетпей қойды ше. Былтыр ғалым достарым  Әлібек  Ыдырысұлымен Seitkhan Azat екеуі «Жыл ұстазы» атанып астанаға поезбен бірге барған, олар менің басымнан өткен оқиғаларды айтып, дым іштері пыспаған ғой!

Иә, жаңағы махаббат демекші Ақытжан  дейтін дайындық курста бірге тұрған досымның Музасы үшін жасаған өлермендігі есімнен кетер емес.

Ол Г. деген бой десе бойы, түр десе түрі бар қызға өлердей ғашық болды. Шынын айтайын, мен сол арудың қасында тұратын қызды ұнатып, сөз салып едім, мақұл бола салғаны. Ал ана досымның ғашығы ол барса бетін қайырып  қуып шығатын. «Ей, жігіттік намысыңды таптатпа, қоя сал» деген ақылымызды тыңдамайды. Мен қызға қарап басымды шайқаймын: «әй осыдан саған қолы жетсе жәмән ғой...» деймін іштей.

Сөйтіп жүріп жүргенімде басқа бір досымның сөз салып жүрген қызын басқа біреу иемденіп кетіпті. Намысым қозып, оны сабап тастағансың ғой (айтып қояйын,  жалғыз емеспін). Ол аздай «оның етінен пелмен түйем!» деп бүкіл жатақхананы басыма көтергем. Кейін ойлап қоям «нем бар еді ей! біреудің қызы үшін ақ тер, көк тер боп». Кейін менен таяқ жеген жігіт өшін алды ғой!

Оқу аяқталып, Ақытжан Абылайхан атындағы шет тілдері университетіне түсті. Ал ана ару  ештеңеге түспей Талдықорғанға, ауылына қайтты. Біздің мәжнүніміз жап-жақсы оқуын тастап қыздың ауылына кетті. Ол түбі, әлгі аруын алып тынды. Қазір бала-шағалы боп, бай-бақытты өмір сүріп жатыр.

Е, махаббат! Құпияң толы сырлы сандықсың ғой.

Айтпақшы, осы жылы  мағыналы,тәтті махаббатарыңыз лап-лап етіп лаулай беретін жыл болсын!

 

Кітап соққан

Кітап дегенде ең алдымен есіме ҚазҰУ-ға жаңадан  түскен  кезім  оралады. Ағайымыз қалың студенттің алдында «500 кітап оқығандар бар ма?» дегенде соқа басым сопайып жалғыз өзім атып тұрыппын. Мұныма басқалар «мүмкін емес, жыртық біреу екенсің» дегендей шиық-шиық күліп жатты. Содан ағай: «Абай жолын»оқыдың ба?» деп сұрады. Мен: «үш томын оқыдым, төртіншісін таба алмай қойдым» дегеніме елдер қыран топан күлді. Қазір ойласам сонда күлгендер бес кітап оқымай әдебиеттің оқуына ұялмай түскендер екен ғой. Сонымен не керек?! Ағайым сұрағын жалғастырып «Жарайсың! Қазақстанға неге келдің?» – деді. Мен: «атамекеннің топырағын сүю үшін» деппін абдырап қалып. Тағы ессіз күлкілердің шаңы шығып жатты айналадан. Мен қызарақтап ағайға қарасам ол да көзілдірігі түсейін деп жымиып күліп тұр екен. 

Иә ол кезде менің «кітап соққан» адам екенімді ешкім білмеді. Білсе де мойындауға қызғаныштары жібермеді. Менің кітап құмарлығым сондай, балалық шағымның үштен бірі кітап оқумен кеткен шығар. Сондықтан бір кездері реал өмірден алшақтап, қияли, әпенді, Дон Кихот сияқты адам болғаным шындық. Сондықтан басқалар сеніңкіремей күлетін шығар деп ойлаймын!

Дені түзу адам бесінші сыныпта Дулатовқа еліктеп:

Оян қазақ баласы,

Өзгер қазақ даласы.

Айналаңа қарашы,

Жаттар озып барады, – деп ауылдағы мас ағаларға қарап мұңданып өлең жаза ма?!

Жай қалыпты адам сегізінші сыныпта «Іле жылап ағады»деп поэма жаза ма?!

Осының бәрі бесіктен белім шықпай жатып кітап оқығанның «кесірі».

Сондықтан кітап сенің көр көзіңді ашып, мына дүниеге басқаша қияли көзбен қарай алуыңа көмектеседі деп ойлаймын.

Қорыта айтқанда, биыл қанша кітап оқыдыңыз? Көкірек көзіңіз қаншалық ашылды? Өз-өзіңізге есеп беретін кез келді, ағайын!

 

Жасырын жұмыспен  айналысқам

Кезінде мен аса құпия жұмыспен көп айналысқам бар ғойшы! Жаман ойлап қалмаңдар, қазіргі ағаларым сияқты күндіз имам, түнде Иван болмадым! Мына қазанбасым не көрмеді?! Теледидардан соғысты да көп көргем!

КазҰУ-дегі студент шағымда 4000 теңгелік степендияны қай пушпағымға жамарымды білмей «қысылғаннан қыз болған» кездерім аз болмады. Бір кездері түнде стаяншик болдым, күндіз оқып,  түнде істейтіндіктен ешкім сезбейтін. Бір күні Хаммердің төрт дөңгелегін ұрлап кетіп,бастығым басыма тапанша тіреп 4000 доллар талап етті. Жаным мұрнымның ұшына келіп, Барахолканы ұстайтын рект ағаларымның арқасында өлім аузынан  аман қалдым.

Ол жұмыстан марқадам таппаған соң, тәңертең ерте құзғын ұшпай тұрып, ешкім көрмейтін кезде студенттер жатақханасының алдын сыпыруды тауып алдым. Ойпырым-ай! Жатақханада қандай қайнаған қызық өмір болатынын саңырауқұлақтай қаптаған мұшеқаптарды сыпырғанда ғана сездімші! Мен сорлы жатақхананы басым іскенше сасып ұйықтайтын жер екен деп жүріппін, сөйтсем...

Бұл жұмыстан да бәсекелестер көбейген соң шығып қалдым.

Содан ЖенПидың жанындағы «жүрек ауырулар институына» жарты күн аула сыпыруға жұмысқа кірдім. Мұнымды ЖенПидегі жүретін қызыма білдірмей істеп жүрдім. Институт моргқа тиіп тұрғандықтан адамдары да маған мумия сияқты көрінуші еді. Ауласындағы алмұрттары сырты жүн-жүн, қап-қара гені өзгерген құбыжықтарға ұқсайтын! Көбінесе көшенің жағасын, қақпаның алдын тазалайтынмын. Анадайдан қыздар көрінсе артына от кеткен ракета жылдамдықпен құйындай жапырып, тезден ішке кіріп кететінмін. Алда-жалда қызым немесе құрбылары көріп қалса пазор ғой. Сонымен бәселестік, артқа түрткілеу,өсек деген жаман ғой, оданда көп ұзамай шығып қалдым.

Бір күні реклама тарататын жерге жұмысқа кірдім. «куплю, сниму» деп жазылған екі қағазды пәтерлердің кіре берісіндегі кішкентай тақтайша жабыстырып шықсаң болды. Бір күні басекең» басқа қағаздарды жыртып алып тастап, біздкін жабыстыр» демесі бар ма? Бір апта қырғидай тиіп басқа қағаздардың ту-талақайын шығарып жүрдім. Ақыры ұсталдым.Соңымнан үш жігіт түсіп ұстап алды да, жер төлеге апарып, арқалықты орындыққа байлап қойып сабағанда киноға түсіп жатқандай сезімде болып, керемет сабақ алдым бар ғойші!

Айта берсем көп! Соның арқасында қазір құрыш адам сияқты, түкке тұрғысыз қиыншылықтарға жымия қарап, қылшығым қисаймайды!

6144 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы