• Мәдениет
  • 28 Қазан, 2021

БАЛА ДЕГЕН АҚ ПАРАҚ

Динара МӘЛІК

Қыстың күні болатын. Дәл сол күн ойыма орала береді. Жаңа жылдың түнгі он екісін күту дәстүрімен ел басшысының құттықтауын тыңдап, өзімізше әрбірімізге назар аударып, жеке-жеке тілек айтқандай мәз-мәйрамбыз. Ол күні, ол түні бәрі кешірімді. Далаға қоқыс лақтыра салсаң да, от шашуды жарқылдатып, қағазын қар үстіне тастай салсаң да, дүкеннен қалағаныңды алып, қаннен-қаперсіз жүрсең де, бәрі пенделердің келбетіне жарасымды болып кетеді. Он екіден аса, үй-үйде дастарқанда күндіз жасалып, кебіңкіреп кеткен салаттарыңды, үйме етіп асқан майлы етіңе бетің үйреніп, сүйсіне қарап отырғаның. Осындай есінеуік пен еркелік сәтті шығар есік сыртындағы жылаған баланың дауысы бұзды. Өзімізге бұйырған пендеуи уақытымызды қимай елең ете қоймағанбыз. Өйткені екінші қабатта тұратын болғандықтан, дауыс жоғарыдан естілген. Балалардың еркелігі ғой деп мән бермедік. Енді әлгі шыңғырған бала дауысы ауладан шықты. Терезеден қарасам, еңгезердей еркек кішкене ғана қыз баланы тепкінің астына алып жатыр. Қыз бала дейтінім, үстіндегі киімі қызғылт түсті екенін аула шамдары анық көрсетіп тұр. «Папа», «папа» деген жан дауысы шығады. Мелшиіп қалдым. Миыма не істеу керектігі, мына көріністі көргенім рас па, деген түрлі түйткіл ой қараңғыға бір сүңгіп, бір шығады. Көлік оталып тұр. Тізгінінде әйел адам шылымын сораптайды. Терезенің бергі жағынан «оңбағандап» аяғыма тәпішкені ілер-ілместен төменге жүгіріп түстім. Бүлдіршінді сүйрелеп, көлікке құдды бір қуыршақтай лақтыра салды. Бар сөзім «полиция шақырам» дей беріппін. Әйелдің миына бірдеңе жеткен болуы керек, жылдамдықпен жүйтки жөнелді. Өтірік болса да, «бейнеге жазып алдым» – деп айқайладым... Мүмкін естімеді... Ал, өзімді түнімен жазғырайын... «Тұра бермей неге  дер кезінде бармадым», «Неге көлік нөмірін есіме сақтап алмадым...»... Бұл алғаш рет қол көтеріп тұрған еркектің ісі емес... Меніңше, жоғарыдағы бір үйге қонаққа келіп, баланың ұйқысы келді ме, мазасы болмады ма, қайтқысы келген. Көңілді отырысты қимаған бұлардың көзіне бұл балақай «бәледей» көрінген. Әйтпесе жылап шықпас еді ғой... Бұл көзіммен көрген бір көрініс ғана...

Әлемдік зерттеу бойынша отбасылық зорлық-зомбылықтан 300 миллиондай бала зардап шегеді екен. Әлемді қойып, өзімізге оралайықшы. Қазір әлеуметтік желіге көз жүгіртсек, баласын ұрып, ата-аналық құқығынан айырылды, ісі сотқа жөнелтілді – дегенді жиі оқимыз. Көршісінің қырғи-қабағына бола, төрт жасар қызды қыстың күнгі аязда желең жейдемен далаға шығарып жіберген шеше туралы не айтамыз? «Тәйт» дегенге тыйылатын ұрпақты, даналықпен емес, шапалақпен тәрбиелейміз. Қазақ «жеті жасқа дейін балаңды ханыңдай сыйла, он төрт жасқа дейін құлыңдай жұмса, одан кейін өзіңмен теңдей көр» – деген. «Құлыңдай жұмса» деген ұғымда еңбек етуге баулу деген мағына бұл жерде. Дінімізде мынадай ғибратты тәмсіл бар. Пайғамбарымыз балаларын ұрмаған екен.  Ол турала Айша анамыз былай дейді: «Алла елшісі ешкімді, ешқашан қолымен ұрған емес. Не әйелді ұрған емес, не қызметшіні ұрған емес. Ол балаларын махаббатпен, даналықпен тәрбиеледі. Балаларына мейірімін төгіп, оларға деген сүйіспеншілігін жасырмайтын.  Бір кезінде Пайғамбарымыз (с.а.у)  Хабис әт-Тәмими есімді бір кісімен отырғанда немересі Хасанды сүйеді. Сонда қасындағы кісі: «Менің он балам бар. Бірде-біреуін сүйген емеспін» дейді. Пайғамбарымыз оған қарайды да: «Кім мейірім көрсетпесе, мейірім көрмейді» деп айтады.

Мейірімге қанып өскен бала келешекте отбасын, елін қорғайтын махаббаттың сезімінде өмір сүреді. Анау бір жолы Жамбыл қаласында жеті жасар ұлын сабап жатқан әкенің қылығын қалай құптайсың? Оны бейнекамераға түсіріп тұрған жанда да  жылулық болмағаны ма? Ұрып-соғу бала психикасына әсер етеді. Баланың сана-сезімі тап-таза таспа секілді. Жақсы жағын да, жаман жағын да жазып алады. Ол уақыт өте ұмытылғанымен есейген кезде сол әрекеттер бір келеңсіздікпен бой көтереді екен. Бірде жаны жаралы Анамен бір жерде отырып шүйіркелесіп қалдым. Дос қызымның ағасы абақтыға жабылған екен. Астананың шет-жағындағы түрмеге киім, ас-суын апарып бермек болды. Жанына серік болуымды өтінді менен. «Бұл өмір абақты ғой саналыға...» – деп Мағжан айтса да, ол жерде өмірдің сәулесі мүлде жоқ секілді. Түйіншектелген дорбаларын арқалаған аналар. Кезекте тұрған әжелер... Орындықта бір апаның жанына отырдым. Өз-өзімен жағдайын айта бастады. Жалғыз ұлы телефон ұрлаймын деп жеті жыл арқалап кетіпті. «Өзіміз қалаған затын алып бере алмадық. Оны тыңдап көрмеппіз де. Әлі маған бала секілді өзі.  Мал соңында жүріп, бұл әрекетінен де бейхабар едік. Әкесі, ер баланы шыбықпен өсіру керек, – деді. Үйге қонбайтын, қашып-жүретін әдет шығарды. Жасы он тоғызға толды бүгін. Кеше де көре алмадым...» – деп егілді. Ешкімнен жұбату да күтпейтін ана өзін жазғырып отыр. Гүлге су құйып, топырағын құнарландырған секілді бұл тәрбие дегенде өте нәзік дүние ғой.  Мұндай жағдайлар елімізде де, өңірлерде де көп. Жоқшылық та, тоқшылық та баланы өзгерте алмайды. «Тәрбие – тал бесіктен». «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Ең бастысы, қызықсыз, іш пыстырар әңгіме айтса да бірге күліп, бірге тыңдай білу керек екен. Бізге шет елдің, жапонның бала тәрбиесіндегі қағидалары керек емес. Әр ұлттың салты басқа. Салт дегеніміз тәрбие. Оны ғалымдар дәлелдеп қойған. Өзіміз де шапалақ жедік. Қыз баланың тәртібіндегі мәселе, сабақты жақсы оқуы, үй жұмысына ыждаһатты болуы бас-ты міндет. Бұл міндеттен мүлт кетіп, оқтауды талай «ойнатқанбыз». Араша түсер ата-әжеңнің мейірімі сол кезгі бала реніштің бәрін жуып кететін. Қазіргі уақытта ата-әже, ата-ана да әлеуметтік желі. Іздеу парақшасын ашсаң неше түрлі оқиғалар мен суреттер бет қызартады. Естіген  құлақтан, көргенін миға жазып алатын бала санасын ойласаң, шығар жол таба алмайсың. Дүние бір шеңбердің нүктесінде байланып қалған секілді.

Аулаға балаларын ойнатуға шыққан ана ұялы телефондағы түрлі жаңалықтарға елтіп кетеді. Бес жасар ұлы әжетханаға барғысы келіп, үйіне кеткеніне екі-үш сағат өтеді. Сөйтсе, әжетханаға кіріп, есік ішінен жабылып қалып, шыға алмай, жылап-жылап әлсіреген. Бұның астарында адам миының желіге тәуелділігі, ешкімге ештеңенің маңызы жоқтығында жатыр.  Өйткені қоғам толық емес отбасында өскен балалардың тәрбиесімен, жалғыз басты ана мен жалғыз басты әкелердің түйткілдеріне тұнып тұр. Бірде ұлыма «анаңды өскенде асырайсың ғой...» – деп дастарқан басында айтып қалдым. Үйдегі әкесі естіп отырып: «Асырайсың деген не сөз? Бала өзін-өзі асырауы керек. Ол үшін біз тәрбие, білім беріп, үй-жайын қамдау міндетіміз. Ал, отбасына қызмет етуді біз өмір бойы үйретеміз» – деді... Алла әр отбасын сондай мүмкіндіктерге жеткізсе екен, – деп тіледім...

Балалық шақтың бақыты – жылылық пен қорек беретін отбасының тыныштығы ғой. Балаға қол жұмсау-оған өзіңнің күштілігіңді көрсету. Әрине, тәртіпсіздікті жазалау керек. Бірақ дене жарақатына дейін апару қылмыс болар. Оның кемпірқосақ секілді келешегіне қара сызықты қосып қойсаңыз ол әдемі түстерді көре алмауы мүмкін ғой...

18063 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы