• Айтарым бар...
  • 28 Қазан, 2021

Қолым бар – ұра алмадым, күшім бар – жыға алмадым

Олимпиададан кейінгі ой

Нұрлан ҚҰМАР

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің олимпиадалық командасының талпынысы мен сәтсіздігін саралай келіп, Twitter желісінде бірнеше рет пікір білдірді. Бұлардың бәрінде шешілуі тиіс ең негізгі мәселелер айтылған: «Токиода өткен Олимпиада ойындарына Қазақстаннан 93 спортшы қатысты. Жеңіске жету жолында бар күш-жігері мен шеберлігін көрсеткен атлеттерге алғысымды білдіремін. Олимпиаданың қола жүлдегерлерін құттықтаймын. Бұл ұзақ уақыт бойы жүргізген табанды жаттығулардың жақсы нәтижесі. Алайда, 8 қола медаль алып, жалпы командалық есепте 83-орынға табан тіреген Ұлттық құраманың бұл көрсеткіші Қазақстанның спорттағы әлеуетіне және мемлекет тарапынан спортты дамытуға бөлініп отырған мол қаражатқа сәйкес келмейді.

Ұлттық құраманың Олимпиададағы көрсеткіші спорт секілді аса маңызды салада шұғыл әрі тиімді реформалар жүргізу қажет екенін көрсетті. Бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы әлемдік аренада үлкен табыстарға қол жеткізуге ұмтылу қажет.

Токио Олимпиадасынан сабақ алып, Парижде өтетін келесі ойындарда халық үмітін ақтайтындай нәтижеге қол жеткізу керек», − дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазақстан Президенті дәл қазіргі жағдайда ел спортының реалды жағдайына қалай қарау керек, спортқа қаншалықты қолдау болды және алдағы уақытта сәтсіздіктер қайталанбауы үшін не істеу керек деген өте өзекті үш мәселені үш ауыз сөзбен тұжырымдады.

Иә, биыл өткен ХХХІІ Жазғы Токио Олимпиадасы әне-міне дегенше өте шықты. Байрақты бәсеке аясында спорттың 33 түрінен барлығы 339 медаль жиынтығы сарапқа салынған-ды. Төртжылдық додаға 206 мемлекеттің спортшылары бағы мен бабын сынап жарысқа қатысқан. Осы 206 елдің 93 мемлекеті жүлде алды.

Жүлде алған мемлекеттердің қатарында Қазақстан да бар. Бірақ ешқандай алтын алмай 8 қоламен шектелген спортшыларымыздың бұл көрсеткішін жетістік деп айтуға, сайыпқыран-дарымыздың Токио төрінде бағы жанып, жолы болды деуге келе ме?! Әрине, айтуға келмес. Себебі, Тәуелсіздік алғалы бері жазғы Олимпиадада бұған дейін Олимп шыңын бағындырып, еліміздің көк туын желбіретіп, әнұранымызды асқақтатқан сайыпқырандарымыз болды. Дегенменде, саусақпен санарлықтай болғанын да айта кеткеніміз жөн. Өйткені, спорттық держава мемлекеттер болып саналатын АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Германия елдерінің әнұраны  өте көп шырқалатынына көзіміз үйренді. Тіпті оның қасында Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия, Франция, Венгрия, Италия, Нидерланды елінің сайыпқырандары да бірнеше алтын алып жүргенін де жасыруға келмес. Оның қасында әрі кетсе 3 рет көк туымыз ортаға алынып желбіреген кездің өзіне де шүкір ететін едік.  Ал биылғы Олимпиадада дәстүрдегідей 3 емес, тіпті бір алтын алудың өзі арманға айналғандай. Ол аз десеңіз бір күміс олжалалаудың өзі оңайға соқпады. Бір сөзбен айтқанда спортшыларымыз Токиодағы байрақты бәсекеде жартылай финалдан аса алмады. Олимпиададағы көрсеткішіміз бұрын-соңды болмаған дәрежеде қатты құлдырады.

Небәрі 8 қоламен жалпыкомандалық есепте 83-ші орын иелендік. Жүлде алған мемлекеттермен салыстырғанда бар болғаны 10 елден ғана озыппыз. Бұдан бөлек, 113 мемлекеттің сайыпқырандары бірде-бір жүлде алмай ауылдарына бос қолмен қайтқанын көргенде бұған да шүкіршілік етуге болатындай. Дегенменде Орта Азия мемлекеттерінің ішінде спортқа ерекше көп мән беріп, қаржы бөлетін мемлекет үшін бұл көрсеткіш көңіл көншітерліктей емес. Көршілеріміз Ресей мен Қытайды салыстырмай қоялық. Ал Орта Азиядағы Өзбекстан (3 алтын, 2 қола), Қырғызстан (2 күміс, 1 қола), Түрікменстан (1 күміс) бізден алға шыққанын естігенде жағамызды ұстауымызға тура келді. Тек жүлде алмаған Тәжікстаннан ғана озғанымыз мақтаныш деуге келмес.

Тарихқа көз жүгіртсек, Тәуелсіздік алғаннан кейін спортшыларымыз 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер Олимпиадасына алғаш рет қатысқан екен. Алайда бұл қысқы байрақты бәсеке. Ал жазғы Олимпиаданы 1996 жылы АҚШ-тың Атланта қаласынан бастаған екенбіз. Атланта төрінде 3 алтын, 4 күміс, 4 қоламенен 24-ші орынды еншіледік. 2000 жылы Австралияның Сидней қаласында 3 алтын, 4 күміс алып, 22-ші орыннан табылдық. 2004 жылы Грекия астанасы Афинадағы байрақты бәсекеде 1 алтын, 4 күміс, 3 қола алып 40-шы сатыға бірақ түстік. Араға төрт жыл салып Қытайдың басты шаһары Бейжіңде 2 алтын, 4 күміс, 7 қола еншілеп 29-шы орыннан көріндік. 2012 жылы Ұлыбританияның орталығы Лондон жерінде 3 алтын, 1 күміс, 6 қоламен 24-ші орыннан табылсақ, ал 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро шаһарында 3 алтын, 5 күміс, 10 қоламенен 22-ші орынға көтерілген екенбіз. Осындай көрсеткіштерге қарап бұрындары Афинадағы Олимпиада біз үшін қиындау өтті деп бағалап келген едік. Өйткені, Олимпиаданың соңғы күні 69 келіде бақ сынаған жерлесіміз Бақтияр Артаевтың чемпион атанып, алтыннан алқа тағуы мен үздік боксшыға берілетін Вэл Баркер кубогін олжалауына қатты қуанған едік. Бірақ Эллада елінен 1 алтын алдық, қазақ елі үшін тым аз емес пе деген сұрақ мазамызды алып жүретін. Ал биылғы Олимпиада алтын мен күмістің жоқтығына байланысты не деп айтуға болады екен?!

Жалпы Тәуелсіз алғалы бері спортшыларымыз 7 рет жазғы Олимпиадаға қатысқан екен. Осы байрақты бәсекеде сайыпқырандарымыз небәрі 15 алтын алған екен. Ал бүкіл әлемге танымал спортшы америкалық Майкл Фелпс 2000 – 2016 жылдар аралығында өзінің қатысқан 5 Олимпиадасында 23 алтын олжалапты. Мәселен, ол 2004 жылы – 6, 2008 жылы – 8, 2012 жылы – 5, 2016 жылы – 4 алтын алыпты. Тек 2000 жылы Сиднейдегі жарыста 15 жасар бозбала тек 200 метрге баттерфляй әдісімен жүзіп, 5-ші орын еншілеп, жүлде алмаған екен. Міне, бір ғана М.Фелпстің жеткен жетістігі көптеген мемлекеттердің спортшыларының жинаған алтынынан әлдеқайда асып түседі. Осы орайда, жүлде көп салынатын жүзу мен жеңіл атлетикадан дарынды жастарды әлемдік аренаға сай неге баптай алмадық деген орынды сұрақ көкейімізде тұрады.

Жүзге жуық спортшыны үкілеп апарып барып алтын алмай, яғни сан көп сапа жоқтығы жағынан антирекорд орнатудан да қалыс қалмаппыз. Біздің алдымызда тек Аргентина (189 спортшы) және Мексика (162) орналасқан екен. Өз кезегінде Аргентина (1 күміс, 2 қола, 72-ші орын) мен Мексика да (4 қола, 84-ші орын) алтынды армандап кеткен екен.

Биылғы байрақты бәсекеде Катар, Фиджи, Филиппин мемлекеттерінің өрендері өз тарихында алғашқы алтындарын алып үлгерді. Осыған қарап, Токио Олимпиадасы әр мемлекет үшін әрқалай өткенін аңғаруға болатындай. Кезінде Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арналған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты 2019 жылдың күзіндегі Жолдауының екінші тарауында бұқаралық спортты дамыту жайлы арнайы тапсырма берген еді. Осы Жолдаудың екінші тарау, жетінші тармақшасында айтылған мына сөздерге мән беру керек. Онда «Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет» делінген. «Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын. Сондай-ақ, қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет», – деді Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында. Осыдан-ақ, Елбасының ел өміріне қаншалықты көңіл бөліп, халықтың салауатты өмір салтын ұстануына деп ерекше мән беріп отырғанын аңғаруға болады.

Иә, ұлт денсаулығын нығайтуда бұқаралық спорттың алатын орны ерекше. Елімізде бұқаралық спорт түрлері көптеп өткізілетіні белгілі. Қазір бұл сайыстар жиі өткізілмеуде. Себебі, қазіргі пандемияға байланысты жарыстар кейінге шегерілуде. Алайда биылғы жылдың өзінде көптеген бұқаралық спорт түрлерінен жарыстар да ұйымдастырылды. Мәселен, соның бірі – Алматы марафонын жатқызуға болады. Биылғы жылдың қысында пандемия жағдайында алғашқы қысқы «Winter Run» атты жарыс бастау алды. Бұдан бөлек, жаз айының алғашқы айында әсем қалада жартылай марафондық жүгіру сайысы өткізілді. Енді күзде ең басты жаппай бұқаралық сипаттағы «Алматы марафонын» өткізу жоспарда тұр. Одан қалса, еліміздің әр өңірінде әртүрлі спорт түрлерінен де жарыстар көптеп ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Дегенменде, бұқаралық спорт елімізде қатты дамып келеді деуге келмейді. Тіпті осы жарыстарда ерекше нәтиже көрсетіп рекорд орнатып жатқанын да байқамаймыз. Неге? Оның себебі көп. Біріншіден, елімізде өткізілетін жарыстардың жүлде қоры тым аз. Тіпті күлкілі десе де болады. Осындай өте аз қаржыға бола сайысқа қатысып ақ тер, көк тер болып жүгіріп, жарақат алып, жанын қинап еңбектенгеннің құны көк тиын болып тұр. Егер жарысты ұйымдастыратын әкімшілік, жеке қор және басқа да ұйымдар болса қазіргіден де ауқымды көбірек қаржы бөлгенде халық арасында спортқа деген қызығушылығы сөзсіз артатын еді. Дарындылар аспаннан келмейді, қарапайым халықтан шығатынын ұмытпаған жөн. Екіншіден,  урбанизация деңгейінің жоғарылауы да себеп болып тұр. Көптеген ауыл тұрғындары жаппай қалаға көшіп жатыр. Қазақтың киелі ауылдары қазір аянышты халде. Қалаға келіп биік үйде тұрған адамнан мықты спортшы шығуы екіталай. Енді ауылдарға ерекше мән беріп, спорт мектептері мен білікті мамандарды жиі тартса нұр үстіне нұр болар еді. Ауылда Головкиннен де мықты ұратын боксшы немесе дұрыстап баптаса кениялық желаяқтар сияқты тез жүгіретін болашақ чемпиондарды да табуға болатыны хақ. Үшіншіден, тіпті елімізде бар спорт ғимараттарын пайдалануға берілсе деген тілегіміз бар. 2011 жылы Алматыда VII Қысқы Азиада ойындарынан қалған көптеген спорт кешендері қазір құр музей ретінде тұр. Бұған кіру ақылы. Қарапайым халықтың қалтасы көтермейді. Ол аз десеңіз көптеген стадиондарға да кіруге тыйым салынған. Бұрындары кез келген адам кіріп жүретін бұл жер қатаң күзетке алынған. Бұл дұрыс-ақ. Алайда әуесқой спортшыларға ғана рұқсат қағазымен тегін кіргізілсе де дұрыс болар еді-ау. Мәселен, 2008 жылы Қытайдың Бейжің қаласында жазғы Олимпиада өткенін білеміз. Қазір спорт кешендері қарапайым халық үшін қызмет етуде. Келесі жылы Қысқы Олимпиаданы өткізгелі отырған бұл қала қанша жерден спорттық ғимаратқа бай болса да ретін тауып қаржылық мәселелерді оңтайлы жолмен шешіп келеді.  Егер бұқаралық спортты дамытсақ онда болашақ чемпиондардың да көптеп шығатыны сөзсіз.

Бір қызығы биылғы Олимпиададаның ашылу салтанатында спортшыларымыздың киген киімі шетелдіктерге қатты ұнапты. Тіпті, жоғары бағасын беріп әлеуметтік желіде жазғандардың да қарасы көп. Егер сәнге, дизайнерлікке мән берілсе сайыпқырандарымыз жасындай жарқырар. Алайда Олимпиадада ең бастысы спортшылардың қалай дайындалғаны байқалып тұрады емес пе?! Қазіргі қоғамда да адамның киіміне, сыртқы келбетіне ерекше мән беріліп келеді. Ал адамның ішкі дүниесіне назар аударып жатқандар аз болып тұр.

4645 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы