• Айтарым бар...
  • 28 Қазан, 2021

АЛМАНЫҢ АТАСЫ

Дина ИМАМБАЕВА

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы жарияланғалы бері  қазақ елінің мақтан етер бір символы іспетті апорт алмасын жаңғырту жұмыстары жаңаша серпін алды. Жеміс-көкөніс, өсімдіктерді зерттеу секілді ғылыми-зерттеу мекемелерімен қатар, жекеменшік алма өсіретін шаруашылықтар апорт сұрыптарын жаңғыртуға білек сыбана кірісті. Алманың бұл түрі теңіз деңгейінен 950-1200 метр биіктікте өсетін жабайы алмаларды будандастыру негізінде алынған. Ал осы ғылымда Сиверс алмасы деп аталатын жабайы алманың отаны Қазақстан екенін дәлелдеп, әлемге танытқан ғалым – академик, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Аймақ Жанғалиев екенін білгеніміз абзал.  

Таланттарды шетелде танылған соң ғана отанында мойындау үрдісі бұрын да болған. Сондай тағдырлы жан – Аймақ Жанғалиев (1913–2007 жж.) Қазақстандағы жеміс-көкөніс зерттеу ғылымының көш басында тұрған тұлғаның бірі, бірегейі. Ғылымға адалдығы үшін ғалымның  бастан кешкен теперіші де аз емес. 

Аймақ Жанғалиев – Қазақстанның алмалы ормандарын тұңғыш рет жүйелі, жан-жақты зерттеген адам. Ұлы Отан соғысына қатысып, аман-есен оралған ол ғылымға түбегейлі бет бұрады. 1950-жылдардан бастап  Іле Алатауы мен Жоңғар Алатауына экспедициялар жүргізіп, Сиверс алмасының биологиялық сипаттамасын жасайды. Мәдени сұрыптар алу үшін ең бағалы түрлерін жинайды. Таудағы ең жақсы жеміс беретін ағаштар өсетін жерлерді тауып, селекциялық жұмыс жүргізетін 15 резерват құрады, оларды сол кездегі республиканың министрлер кеңесіне ресми бекіткізеді. Осы ормандардан жинаған элиталық формалы алмалардың біртұтас коллекциясын жасайды.

Алмаға ғұмырын арнаған Аймақ Жанғалиұлы 1969 жылы Ленинградтағы ботаника институтында осы тақырыпта докторлық диссертация қорғайды. Алайда ғалымның қарсыластары да қарап жатпаған еді. Үш айдан кейін партия комитетіне шағым түсіп, дәлел-дәйексіз ғалымды қызметінен алады, коммунистік партия қатарынан шығарады, докторлық дәрежесінен айырады, тіпті қылмыстық іс қозғалады. Бұл тауқымет аздай, бұған дейін жүргізген бүкіл зерттеулерін жоя-ды, алма ормандары түсірілген карталарын өртейді. Тау мен тасты жаяу аралап, күндіз-түні көз майын тауысып зерттеп, Сиверс алмасынан алған жаңа сұрыптарының бүкіл коллекциясын құртады. Осылайша ғалымның еңбегі еш болады. Бұның бәрі көреалмаушылардың, ғалымсымақтардың қастандығы еді.

Сонда да сағы сынбаған Аймақ Жанғалиев біраз уақыттан соң зерттеулерін қайта жалғастырады. Енді ол қатардағы ғылыми қызметкер болып, Алматыдағы Бас ботаникалық бақта жұмыс істейді. Тағы да тауларға сапар, тағы да зерттеулер. Алмамен қоса биікте өсетін жабайы жаңғақ, өрік ағаштарын, түрлі жидектерді зерттейді.

А.Жанғалиев 1974 жылы атақты «ВДНХ»– Мәскеудегі халық жетістіктері көрмесіне қатысып, Қазақстандағы алма ормандары жөніндегі зерттеуі үшін күміс медаль мен құрмет дипломына ие болады. Одан бөлек көптеген халықаралық конференцияларға қатысып, ғылыми мақалалар жазады. 1977 жылы жабайы алма бағы туралы монографиясы шығады. Тағы да қуғын-сүргін. Ол кезде компартияның ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Ғалымның зертханасы жабылады, өзін зейнетке жібереді. Зертханадағы микроскопына дейін сындырып, ол отырғызған алма көшеттерін  түбімен қопарып, жұлып тастайды.

Ол зейнетке кетіп, үйде отырған 1980-1989 жылдары Қазақстанда Сиверс алмасы туралы бір де бір зерттеу жүргізілмеген дейді әріптестері. Ғалымның оппоненттері компартия келмеске кеткен соң біраз тыншыса керек, академик ғылымға қайта оралады. 1990 жылы Аймақ Жанғалиев Ботаникалық баққа зертхана меңгерушісі боп келеді, 19 жыл осында жұмыс істейді. Осы кезеңде ол шетелдік ғалымдарды шақырып, 6 экспедиция ұйымдастырады. Жасы келгеніне қарамастан бәрін өзі бастап жүреді. Іле мен Жоңғар Алатауында Аймақ ата араламаған шатқал жоқ. Таудағы алма бақтарында айлап жатып, зерттеумен айналысқан.Орманшылардың  бәрі таниды, жол көрсетіп бірге жүреді екен.

2003 жылы Америкада Аймақ Жанғалиевтің «Қазақстанның жабайы алмасы» деген кітабы ағылшын тілінде шығады. Сөйтіп бүкіл әлем апорттың атамекені – Қазақстан екенін біледі. Осыдан кейін ғана ғалымды қудалау тоқтайды.

Тәуелсіз еліміздің ауыл шаруашылығы саласына өзіндік үлес қосқан  академик жеміс ормандарын мемлекеттік қорға енгізу, орман кодексін қабылдау, тағы басқа Үкімет деңгейіндегі құжаттарды қабылдауға мұрындық болған, әзірлеуге қатысқан. Егер бүгін әлем елдері Қазақстанды ежелгі жабайы алманың отаны деп таныса, академик Аймақ Жанғалиевтің бұған қосқан үлесі ерекше. 94 жас жасаған ғалым қуғын-сүргінге ұшырамағанда бұдан да зор еңбектер қалдыратыны анық еді. 

Америка ғалымдары өздеріне жұмыс істеуге шақырғанда академик «Мен Қазақстанға керекпін» деген екен. Егер жеке адам мемлекеттің немесе бір саланың дамуына қандай үлес қоса алады деген сауалға Аймақ Жанғалиевтің өмірі тамаша мысал бола алар еді. Дегенмен, ғалым тұлғасы әлі толық зерделеуді, зерттеуді қажет етеді. Ашылмаған құпиясы қаншама.  Ғылымға адалдығымен, еңбекқорлығымен, қайсар мінезімен жас ұрпаққа үлгі-өнеге болуға лайық тұлғаның өмірі мен шығармашылығы жайында ғұмырбаяндық кітап шығару да уақыт еншісінде.

3313 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы