• Білім-ғылым
  • 28 Қыркүйек, 2021

Қазақ мектептері көбейіп келеді

Биыл 380 мың бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады

 

Білім және ғылым беру министрлігінің жобалауынша, 2021-2022 оқу жылында 1-сыныптың табалдырығын 380 мың жас бүлдіршін алғаш рет аттамақшы. Бұл көрсеткіш былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 28 мың оқушыға артық.

Білім және ғылым министрлігі алқасының былтырғы кеңейтілген отырысында министр Асхат Аймағамбетов 2025 жылға қарай еліміздегі мектептердегі орын тапшылығы шамамен 500 мың орынға жетуі мүмкін екенін де айтты. Бұл қиын жағдайды болдырмау үшін кемінде 800 мектеп салынуы қажет деген еді.

Қазақстанда жалпы білім беретін мектеп саны – 7475. Статистикаға сәйкес, 2015 жылы бүкіл Қазақстан бойынша үш ауысымды мектеп саны 87 болса, 2019 жылы 128-ге дейін өскен. ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, ал 2020-2021 оқу жылында республикада үш ауысымды мектеп саны 191-ге дейін артып, кейін министрліктің күшімен 2020 жылдың соңына қарай саны 137-ге дейін қысқартылған. Дегенмен, екі жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда саны артқан. Мәлімет үшін, үшінші ауысымның оқу уақыты – кешкі16:30-дан түнгі 21:00-ге дейін.

Үш ауысымдық мектептердің әлі күнге өмір сүруінің екі себебі бар – кеңестік жылдарда салынған ескі мектептер және демографиялық өсім. Жыл сайын Білім министрлігі мектеп құрылысына әкімдіктерге республикалық бюджеттен 100 миллиард теңге бөлінетінін айтады, осы уақыт ішінде 100 жаңа білім беру мекемесі пайдалануға беріліп үлгереді. Егер де құжаттық жұмыстар тұсау болмаса, пайдалануға берілетін жаңа мектептердің саны одан да көп болатын еді. Бұл мәселе де назар аударатын жайттардың бірі.

Жалпы, үш ауысымдық мектептер  мәселесі үш аймақта тым өткір: Алматы облысында – 38, Шымкент – 14, Маңғыстау облысында – 14 мектеп үш ауысымда оқиды. Бірінші сыныпқа баратын оқушылар  саны бойынша да аталған облыстар көш бастап тұр: шамамен, Түркістан облысында 70 мың, Алматы облысында 45 мың, Шымкентте 25 мыңға жуық оқушы мектеп табалдырығын аттағалы отыр.

Мегаполистерде де жағдай мәз емес. Елорда оқушыларының үштен бір бөлігі үйлеріне түнгі сағат 9-10-да қайтады. Жалпы, 237 мыңнан астам қазақстандық мектеп оқушылары үш ауысымда оқиды.

Сонымен қатар, соңғы бес жылда Қазақстандағы орта мектеп саны 113-ке кеміп, жаңа нысандарды енгізу қарқыны айтарлықтай төмендеген. 2015 жылы 114 мектеп, ал 2019 жылы 72 мектеп қана пайдалануға беріліпті. 2020 жылы пайдалануға берілген жаңа мектептердің саны туралы ақпарат мардымсыз.

Жоғарыда атап өткеніміздей, мектептегі орын жетімсіздігінің тағы бір факторы – оқушылар санының көбеюі. 2015 жылы олардың саны 2,7 миллионды құраса, 2020 жылы ол көрсеткіш 19 пайызға өсіп, 3,4 миллионға жеткен. Сондай-ақ, 2020 жыл бала туудың рекордтық көрсеткішін көрсетті. Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің мәліметінше, қаңтар мен қараша аралығында Қазақстанда 380 мыңнан астам нәресте дүниеге келген. Алты -жеті жылдан кейін олардың бәріне мектеп партасынан орын керек болады.

Қазақстанда үш ауысымдық білім беру форматын азайту амалдары іздестіріліп жатса, бүкіл әлемде екі ауысымда оқытатын мектептер тиімсіз деп танылуда. Оған адам миының түскі уақытта ақпаратты толығымен қабылдай алмауы немесе мидың қабылдау функциясының бұл уақыттарда төмендеуі себеп. Мектептер мен емханалар салу мемлекеттің басты назарында тұр-ақ. Десек те, әр облыс, әр қала, әр аудан, әр ауыл басшысы бұл мәселеге бей-жай қарамауы тиіс. Себебі, әр мәселе жинала-жинала тау болмай, дер кезінде шешіліп отыруы маңызды. Әсіресе, білім саласының дамуы баяулап қалмауы тиіс мына заманда. Ал оған мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, ақша бөлініп отырса, тіптен, шешімін тауып, шұғыл іс-әрекет жасалуы қажет.

Аталған мәселеде бізді қуантататын бір ғана себеп бар. Ол  – демографияның өсуі. Биылғы халық санағы қорытындысы бойынша Қазақстан халқы 19 миллионға жетті. 20 маусым күні Алматы қаласының перзентханасында Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter әлеуметтік желісінде шақалақтың ата-анасы мен барша қазақстандықтарды айтулы оқиғамен құттықтады.«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Республикадағы халық саны артты: Алматы облысының тумасы Жәния Азаматқызы еліміздің 19 миллионыншы тұрғыны атанды.Ол қыз отбасындағы төртінші перзент.  Бауы берік болсын!», – деп жазды Мемлекет басшысы.Еске сала кетейік, Қазақстандағы ресми халық санағы 1 қыркүйекте басталып, 30 қазанға дейін жалғасады.

Бізге әлі де демографиялық өсім қажет. Осы тұста көршілес мемлекеттердегі халық санын ескере кеткенді жөн көрдік: Өзбекстандағы халық саны 34,86 млн., Қырғызстан – 6,6 млн., Ресей – 146,24 млн., Қытай саны – 1,4 млрд.        

Демографияны өсіру – басты міндет. Бірақ кейін саны бар, сапасы жоқ қазақ болып қалмасақ игі. Әрине, халықта әр баланың өз ырыс-несібесі бар, бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады деген ырым бар. Дегенмен, қазіргі таңда заманауи шешімі бар мәселені ырзық пен несібеге артып қоймай, тез шешім қабылдап, адал әрі жылдам қызмет ету аса маңызды. Әсіресе, халықтың сауаттылығына бірден-бір әсер ететін фактор – қолжетімді білім беруді дұрыс жолға қою басты шарт. 

Халық санының өсуімен қатар қазақ тілді мектептер санының өсімі байқалады. Қазақстандағы мектептердің 75 пайызы қазақ тілінде, қалған 25 пайызы орыс тілінде оқытады. Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, жыл сайын баласын қазақ мектебіне беретін ата-аналар көбейіп келеді. Бұл мәселеде демография маңызды рөл атқарады. «Қарағанды облысының білім басқармасын басқарған кезде (2014-2017 жж.) орыс тілді мұғалімдер мен орыс тілінде оқитын балалар санының төмендеу тенденциясы байқалған», – дейді министр.

Бүгінде қазақтың саны солтүстіктен басқа барлық өңірде басым. Дегенмен, соңғы он жыл ішінде қазақша оқитын балалардың саны Ақмола облысында 16,6 мыңға өскен, ал Қостанай облысында бұрынғы көрсеткішке13,1 мың оқушы қосылған.Қазақ мектептері көп өңірлер үштігі: Түркістан облысында – 705, Алматы облысында – 441, ШҚО-да – 344 мектеп.

Қорыта келгенде, бірінші сыныпқа баратын оқушылар саны артуда, бұл дегеніміз демографияның байқалмай өсіп жатқандығының айқын көрінісі. Қазақстанның болашағы жастардың қолында дейміз. Жастарға үлкен сенім артамыз. Ал сол жастардың болашақта қандай болуы – мектеп табалдырығынан қалыптасады. Қолжетімді, сапалы, заманауи, шынайы білім ғана келешекте бәсекеге түсіп, жеңе алады. Көп қазақ жақсы, бірақ білімді қазақ одан мың есе жақсы.

Аяулым Салықжанова

 

21259 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы