• Әдебиет әлемі
  • 28 Қыркүйек, 2021

ҮКІЛІ ДОМБЫРА

(«Тілше» мен «Күнделіктің» негізінде жазылған эпистолярлық эссе)

Бауыржан  ҚАРАБЕК

 

Үкілі домбыра, үкілі домбыра.

Қоңыр әуенің күмбірлеп.

Әсем үніңді көңілге қондыра

Ескендей бір леп үлбіреп.

 

Арғымақ өмір, алдың ба теліп,

Баптап ап салдың додаға.

Ұлы далада желкендей желіп

Құйылар ойлар жадыға.

 

Барқын белдерде шалқиды жырым,

Көкорай майса шалғындай.

Ұқтым өмірдің сан қилы сырын

Балауса шақтан балғындай.

 

Терең ойларым жолымды бақты,

Өзен теңізге ұласып.

Еске алсам жиі жалынды шақты

Кетеді көңіл құлазып.

 

Барладым ұзақ барша қауымды,

Оралып өскен өлкеге.

Аймалағым кеп асқар тауымды

Көңілім бір  күй шерте ме?

 

Бақыт бұлағы тасиды бұлқып,

Алыс тауларға жетердей.

Мөлдір өмірге басын бір шұлғып

Керуен дүние өтердей.

 

Үкілі домбыра, үкілі домбыра,

Көкірек толы сұраққа.

Әсем әуенің жанды жандыра

Сүйрейді мені жыраққа.

 

Үкілі домбыра, үкілі домбыра,

Көңілдің шерін шертесің.

Тауларға барсам үнің жаңғыра

Соңыңнан мені ертесің.

 

Үкілі домбыра, үкілі домбыра,

Жүрегің мәңгі жанымда.

Әсем үніңді көңілге қондыра

Күмбірлей берші қанымда.

 

Түн жиегі

 

Түн жиегін түре серпіп ақ шапақ,

Айқын белдің ар жағынан білінер.

Құстар сайрап құлпырғанда бақша бақ

Қызғылт сәуле қырқа белге ілінер.

 

Қызғылт сәуле арайланып, нұрланып,

Шартарапқа шұғыласын шашқанда.

Қалқатайдың ауласына ұрланып,

Көз салушы ем, сыр шығармай еш жанға.

 

Күміс ұшқын төбелерге төгіліп,

Жасыл әлем елжіретті жүректі.

Сусып құмдай көбесінен сөгіліп

Кетті құйып көкейіме бір лепті.

 

Ыстық қиял үміттерді оятып,

Бесігінде балалықтың балқиды.

Ақ әлемді алуан түрге боятып

Шалқарымның шаттығында шалқиды.

 

Туған жер

 

Гүл көктем өткеннен соң жаз артады,

Ботакөз бұлақ күліп наз артады.

Ерке өзен ерте күнді ұзартады

Жаныңды мөлдірімен тазартады.

 

Сырындай қалқатайдың байқалмаған,

Айдын көл бал қаймағы шайқалмаған.

Майсаға күреңсесі күлтеленген

Жастықтың жапырағы

Жайқал маған!

 

Ақшаңқан жағалайды ауыл сайды,

Қурайы беткейлердің таусылмайды.

Ақсүйек, алтыбақан тербететін

Күтуші ек сағынышпен маусым айды.

 

Жанымның жаңбырлары жауса майда,

Мұң кешем мың толғанып маусым айда.

Құм, тоғай, өзен, айдын көлдерімде

Сайраған, қалқам, бұлбұл даусың қайда.

 

Торығу

 

Заман тұр улап сананы,

Қабағын түйіп қабарып.

Пенденің жасып  жанары

Күтеді жақсы жаңалық.

 

Екі дүниеге көпірмін,

Қажып бір кеткен күйімде.

Омалып алты ай отырмын

Үйкүшік болып үйімде.

 

Арманым қашты жыраққа,

Аманатым бар ертеңге.

Тағдырым түсті сынаққа

Өлеңім қалды өртеңде.

 

Сабырсыз күннің сызы бар,

Тұнық таңыңды ылайлар.

Сәт сайын көңіл бұзылар

Не  дейін саған, күн, айлар?!

 

Тоғайда

 

Торғайлар ұшқан тоғайға келдім,

Сазды әуен демеп қапталдан.

Боз торғай үнін байқауға келдім

Бал күннен қанша жатталды ән.

 

Қызыл жиденің жұпар иісі,

Елітетіндей аңқиды.

Тіл уытатын қызыл шиесі

Шәрбатын шырын сан қиды.

 

Саф ауа жұтып жүре беремін,

Тоғайдың тартып қалыңы.

Жүрек әуенін қайта өремін

Жастықтың желпіп жалыны.

 

Сезімі алмас қылыш жүзіндей,

Жарқылдап өскен өндір ек.

Мейірім тұнған дана көзіндей

Дария дүнием мөлдіреп.

 

Сарала қаздар дүркірей ұшқан,

Қанатын жанып кемерден.

Кеудемді дүлей дүр әуен құшқан

Арылтты қалың сеңдерден.

 

Балалық дәурен бұлдырап өткен,

Аялдай тұршы,

сәтке бір!

Қырғауыл ғұмыр құлпырып кеткен

Не деген мынау, тәтті өмір!

 

Табиғат – Ана,

Гүлім көп егер,

Гүлдентіп мәңгі кетер ем.

Қалың ортаңа қалдырсаң егер

Омарташың боп,

өтер ем!

 

Басыма бақыт байланған мына,

Бұлдырап ұшты бар сағым.

Керуеннің кері айналғаны ма

Алыс күндерді аңсадым.

 

Сыр өзені

 

Сыр өзені сылдырладың,

Сылқ-сылқ етіп таң алды.

Дүние жалған бұлдырадың

Арманда етіп адамды.

 

Сізден кетті,

Бізге жетті,

Дүниенің кезегі...

Мөлдір шақты іздеп өтті

Сұлу сырдың өзені.

 

Жүгіретін бала едім,

Құм үстінде қайраңдап.

Қалған белгі бала күннен

Сыр қарсы алар жайраңдап.

 

Асылымның бәрі осында,

Елес болар жаңарып.

Сұлу сырдың жағасында

Қалып қойған балалық.

 

Сол көктем...

 

Белестер  саған беттегем,

Көгілдір қырда көктеген.

Көгеріп жатқан дүниеде

Көктемге еріп кеткен ем.

 

Қол  бұлғап қалған керім қыр,

Өзекті өртер  өмір бұл.

Жанымның емі –

сағыныш

Көктемнің аты – көгілдір!

 

Жанымды тербеп сазы елдің,

Соңымнан көктем,

жаз ердің.

Ақша бұлт қалған қол бұлғап

Ақ жаулығындай әжемнің.

 

Өмірдің келер күзі анық,

Жолдарым содан ұзарып...

Шардара қалған шайқалып

Құмдарым қалған қызарып.

 

Дала да,

мен де әдемі,

Бақыт та баста бар еді.

Қиялын көкке тербеткен

Ақын баланың әлемі.

Жас ғұмырымды ұрлатып,

Қойғызды өмір жырлатып.

Ақ таңым атса бір арман

Сендерді көрсем – бір бақыт.

 

Жаңбырын жаным төккенде,

Көгеріп келем көк белге.

...Сонау жыл шыққан сапарға

Қайтсам ба екен көктемге?

 

 

Сәйгүлік

 

Құба жоннан қуып кеттім ай сағым,

Тұнығымды тұнық күннен шайқадым.

Айыл жимас шақтарымнан асаулау

Сәйгүлігім, алып шықты, байқадым.

 

Кер заманның кестеледі кемелі,

Атқан таңның шұғыласы не деді?

Кесел күннің не оқыдың көзінен

Дүниенің алай-дүлей әлемі.

 

Тұнжырасам ойлы бағым, тұнжыра,

Домбырамның құлақ күйін мың бұра.

Елсіз түздің елесінде адастым

Бар тіршілік айналғанда мұңлыға.

 

Сен не дейсің,

күз көңілдің күндері,

Ібіліс кеп басып алды іргені.

Қырық жылдай арасында қиқымның

Жүргенімді біреу білді,

білмеді...

 

Өткен өмір ел жұртымның алдында,

Сәйгүлігім,

сәл аялдап қалдың ба?

Құмда өскен сәл ұяңдау сол бала

Мойынсынып кетті ме екен тағдырға?

2418 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы