• Әдебиет әлемі
  • 28 Қыркүйек, 2021

Бақыт дегенің бақытты ету екен ғой, Бақ іздеген бақытсыздау біреуді

Жамбыл ӘМІРБЕКОВ

Ақынның мінезі – дізелі, 
Түсіріп жатса да дұзаққа.
Бұлқынып тұсауын үзеді,
Ал, сосын кетеді ұзаққа.

Күйініп баратса ішеді,
Мұңдарын қуалап жанынан.
Сауығып көгінен түседі,
Құдайға жарылып ағынан.

Алыстап кеткесін жақындық,
Жүрегін жыртады кебістей.
Жаратқан дәл өзін ақын ғып,
Құдаймен қалады келіспей.

Көбелек секілді күйгелек,
Тым жаны құмарлау жалынға.
Шабыттың жағасын түймелеп,
Сыр айтып тұрады сағымға.

Қарамай кететін кезі бар,
Қор қызын менсінбей бір демде.
Құтқарып қалар ма өзін – Ар,
Айқайлап тозаққа кіргенде?!

Болмашы нәрсеге елеңдеп,
Жүреді күлсе де күллі адам.
Өмірді, өлім мен – өлең деп,
Қорықпай сөйлейді күнәдан.

Мұң іздеп жүрегін – бүретін,
Тазалық іздейді кірінен,
Дұшпанға Ар тілеп жүретін,
Сондай бір жындының бірі мен!
***
Дауылдай соғатын,
Қанатым болатын.
Баяғы ауыл жоқ,
Еркелеп баратын.

Бір шешер бағымды Ар,
Шаңымды қағыңдар.
Хатымды апарып, 
Берді ме сағымдар? 

Тау менен төмендеу, 
Оны ұят өлең деу. 
Керек-ау қызға да, 
Еліктей елеңдеу. 

Тозаңнан майдамын, 
Бір зілдей ойдамын. 
Көкте емес, жерде емес, 
Мен өзі қайдамын? 

Өр көкте он бес күн, 
Шөлмекте он бес түн. 
Ал енді мен қайда, 
Басында ем сол көштің. 

Сайтан қыз шалыпты, 
Аттап ем арықты. 
Жүрегім басыммен, 
Қастасып қалыпты. 

Намысым қолдаса,
Мәнді емес ол да аса,
Кім болып кетер ем,
Бір мұңым болмаса?

***
Бар күнәсін арта салған заманға,
Пендешілік басын бұрды маған да.
Шаң көтерген қалмайын деп тобырдан,
Кір жұққызып алдым ба екен ғаламға? 

Ертегідей елестеткен әлемді,
Құдайға емес, құлға берген сәлемді.
Менің таза шағым кеткен алыстап,
Не болады өлеңімнің мәні енді?

Гүлді ұққанмын жамандықты білмейтін,
Мұң жұтқанмын періштеге күлмейтін.
Шыркөбелек жерден жылдам айналып,
Бақ іздеппін қабіріме кірмейтін.

Шарап жұтып қайнатылған шекерден,
Арман қуып қанша күнә көтергем.
Бақытым деп келген жанды жылатып,
Сырт айналып кетіппін-ау бекер мен.

Сағынатын алыстамай арамыз,
Сол сезімнің не болғанын қараңыз.
Дәл өзімдей кетті мені мұңайтып,
Бағым болған, шашын буған - қара қыз.

Самал желден үйренсем де үрлеуді,
Пәк сезімді білмегенмін сүрлеуді.
Бақыт деген бақытты ету екен ғой,
Бақ іздеген бақытсыздау біреуді!

***
Отау тіксем өнердің ордасына,
Муза досым, мұзданбай кел қасыма.
Түн ұйқымды төрт бөліп быт-шыт қылды,
Жүректің симай шабыт арнасына.
.
Тірлігім жоқ тіршілікпен жарасқан,
Теріс қарап тұнжырайды қара аспан.
Жұмыр жердің шырақшысы болам деп, 
Мен өзімді таппай қалдым адасқан.

Бұлбұл құстар қалай осы айтады ән,
Жараланған жан-дүниемді шайқады ән.
Тауып алып қаңғып кеткен басымды,
Енді қашып барам өзім қайтадан.

Бақтың келген тастап кетіп кезегін,
Кеттім неге, көргенді елдің көзі едім?
Селк ете ғап, селдіретіп тоқыған,
Өлеңімнің үзіп алдым өзегін.

Үзіп алмай сезімімді оралған,
Балқып тұрған жүрегімді соқ арман.
Өйткені, мен баяғыдай өмірді,
Өліп-өшіп сүюді де доғарғам.
Жетім жүрек, жетімсіреп жылайды,
Өтімдірек өксік кімге ұнайды?
Мені қойшы, дәл мен үшін күйзелген,
Аяп тұрмын тым көңілшек Құдайды.

Түс

Қызулаумын, бірақ шарап ішпегем,
Ойбай салды, сынық ойды тістеп ем. 
Су перісін қимай тұрмын құшуға,
Бүр жарғанмен, қос алмасы піспеген.

Сең соққандай санам аздап шала мас,
Әруақтардың бәрі тырдай жалаңаш.
Көз ұшынан көрінеді жайқалған,
Жапырағы жүрегімдей дара ағаш.

Баққа жеттім, тек ақындар жүретін,
Әлсіз мұң бар, жүрегімді бүретін.
Тым ертелеу өлген екем түсімде,
Таппай жүрмін, көрімді іздеп кіретін.

Жараттым деп, қанатынан қиялдың,
Өңі жылы Тәңірімнен сый алдым!
Шаранасы қалып қойған жатырда,
Шала туған жырым үшін ұялдым.

Мен отырған оқтығы жоқ күйменің,
Лаулап жанып, жетер осы күйгенім.
Бір-бірінен сонша сұлу болса да,
Қор қызының ішінде жоқ сүйгенім. 

Мың қайтара дұғамды оқып ішімнен, 
Әнтек оймен әрең шықтым түсімнен.
Омырауы салпылдаған дүние,
Қайтып келдім Сені құшу үшін мен!

***
Бүршіктей тоңған бүрісіп,
Кафеге жаурап келгенмін.
Көпірген мұңға кірісіп,
Алысты мендей желмен кім?! 

Әйнекті сүртіп буланған,
Тыңдаймын қыздар күлкісін.
Нәпсімді емдеп уланған, 
Қиялдың қудым түлкісін.

Тым тұзды кепкен балықтың,
Жесем бе басын жұлмалап.
Өмірден мәнсіз жалықтым,
Жүрегін жырдың былғап ап.

Тап-таза болып тазарып,
Ішемін дегем басында.
Тұрса да жоқтық сазарып,
Кеп қалар біреу осында

Еш жерге тастап кетпейтін,
Дәурен дос неге кешікті?
Бұлттарды үрлеп кеппейтін,
Таппай жүр ма екен есікті?

Түндегі жырдың кіндігін,
Кесе алмай жылап отыр ма?
Өмірдің ашып түндігін,
Жаба алмай әлде жатыр ма?

Емшектей жайып төбені,
Шаршатты ма екен жыра - жол?
Кешігіп жатқан себебі,
Мүлде ішпей кеткен шығар Ол?

Енді ешкім сезем, келмейді,
Тым артық сілтеп алыппын.
Ақындар мұңнан өлмейді,
Қайтайын, қызып қалыппын!

Биыл мамыр жылдағыдан жаңбырлы,
Қара тастың тамырына қан жүрді.
Балағыма батпақ болып жабысқан,
Жел кептірген қағып қоям тағдырды.

Көңілімнің еріп біткен мұзы ағып,
Шылбыры да күннің кеткен ұзарып.
Сіркіреген ақ жаңбырдың астында,
Бір қызғалдақ гүл ашыпты қызарып.

Қызығамын бұталарға бүр жарған,
Қысыламын тым ұяңдау қыздардан.
Еріп түскен тамшысындай сүңгінің,
Аңсап тұрмын көшелерді жүз барған.

Бұл мамырдың бұлттары да желінді,
Жылы жаңбыр жылытады көңілді.
Мені тастап кеткен аңғал жастығым,
Кемпірқосақ бояуынан көрінді.

Жылдар легі кетсе-дағы қасқалап,
Мәз боп тұрмын самал желмен шаш тарап.
Мені қатты ғашық қылған өмірге,
Осы көктем бұрынғыдан басқарақ.

***
Жұлқынып жетті бір құйын,
Тастақтың шаңын үйіріп.
Түйіліп түскен қырғидың,
Екпіні кетті қиылып.

Қайырып еді шаштарын,
Мәжнүн тал қалды қысылып.
Желінін сипап қасқаның,
Тартады жалын ышқынып.

Мәуелеп өскен шыбықтың,
Белінен құшты бұралып.
Білегін қысты құрықтың,
Асауға салған бұғалық.

Торғайды аңдып отырған,
Үкінің алды үрейін.
Тұзды тер сіңген тоқымнан,
Үркетін емес дүлейің.

Желдікті үрлеп қабысқан,
Сілкіді қайыс жүгенді.
Тізгініменен алысқан,
Қайырды бәйге күреңді.
Қабағы тастай түйілген,
Құлатты-дағы кетпенді.
Шөмейлі шөпке үйілген,
Сіңді де кетті шеттегі.

Ерттеулі мінер қасқамды,
Құйыным тентек қайдасың.
Сіркіреп жаңбыр басталды,
Асырып желден айласын.

Басылды күн де қайнаған,
Су болып қалған балағы.
Тағдырымменен ойнаған,
Жастығым ба екен жаңағы.

***
Екпінімнің соңында сағым қалып,
Жүрген ұл ем даланың шаңын қағып.
Жердің шеті биігінен көрінетін,
Алатаудың көрдім-ау қолын алып.

Жаздың жұқа көйлегі жыртылып қап,
Күздің тұрғам қоюлау бұлтын ықтап.
Қысылып қалып едім бір сұлудан,
Ұялтып бұлақ күлді сықылықтап.

Тас жарған қайыңдардың тасасында,
Тап берген тағдырыңнан қашасың ба?!
Сырымды сезіп қояр деген оймен,
Сиыр сауыр бұрылдым аша шыңға.

Алысып аласұрған сезіміммен,
Тұрғанда тау қозғалды көзін ілген.
Зіл батпан ойларым да қуанып тұр,
Сілекейі шұбырып езуінен.

Қызық екен бұл таудың ауа райы,
Жаныма мәлім еді дала жайы.
Тәкаппар сұлу қыздай мені елемей,
Көкке көзін тігеді қарағайы.

Төсін тығып ала бұлт тау шыңына,
Үңіледі биіктен  сан сұлуға.
Ақ қайың күзге сәлем берер емес,
Мұп-мұздай қанып алған қар суына.

Өлеңім болса-дағы балапандай,
Ой арқалап келеді Алатаудай.
Күн барып қонғанынша ұясына,
Қайтайын Алматыға алақандай.

Айта алмай тауға ғашық екенімді,
Аралап қайттым ғажап мекенімді.
Алатау ақ жаулығын тартып алған,
Мен келем, Алматы жап етегіңді.

Әй, ақ қайың, ренжіме!
Сүйегі сәл қатайған күрең күнге.
Сенен бұрын сағынып сарғайсам да,
Тағдырымды таптағам үзеңгімде.

Кермек дәм кейде тамса кірпігімнен,
Жасырам жанарымды жұрт үңілген.
Өр мінез Алатаудың оянамын,
Таң атпай жүрегінің бүлкілінен.

***
Сен ба едің сары түсті сағынышым,
Жанымның ұғасың ба жарылысын.
Әлсіз жанған үміттің жанарында,
Жаралған жан екенмін жану үшін.

Кейде налып уақытқа асықпаған,
Сүйкімді сені көріп жасып қалам.
Ерінін шығарған салқын күзге,
Нәзік жаным қалайша ғашық болған.

Ұртына шық толтырған оймақ ерін,
Су бүркіп бүршігіңмен ойнап едім.
Булығып бүрін жарған бұтағыңда,
Бұртиған балалығым қайда менің?!

***
Бақ емес, басқа жыр қонып,
Лаулап та құрғыр жанбады.
Өлеңге ғана құл болып,
Бармаған жерім қалмады!

Өндіріп ойды жылт еткен,
Менмендік өлді мендегі.
Ауып қап шабыт үркектен,
Өмірден қаштым өңдегі.

Толқындай толқып арманым,
Шешініп сүңги алмадым.
Мешітке бүгін бармадым,
Құдайды тағы алдадым.

Ішсем бе қайта шараптан,
Ысырып тастап мұңымды.
Құдай да емес жаратқан,
Құлдары айтты құнымды. 

Бағымды шыдап көп күттім,
Құраннан аят оқымай.
Өзімді іштей жеп біттім,
Көрде өлең оқып сопыдай.

Құлағы ауыр тас керең,
Тағдырмен итше таласқам.
Сауымда мені мас деген,
Сайтандар маған пал ашқан.

Сырласып біткем сағыммен,
Мендегі ауыр дара-мұң.
Жөргектен шықсам-дағы мен,
Жер-көкке сыймай барамын.

Редакциядан:

Бет қатталып жатқанда 
Жамбыл Әмірбековтың дүниеден озғаны туралы қайғылы хабар алдық.Елуден енді асқан ақынның иманы саламат,топырағы торқа болсын.Отбасы мен туған-туыстарына қайғырып 
көңіл айтамыз.
Өлеңдеріне өлмес 
ғұмыр тілейміз.

 

1944 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы