- Мәдениет
- 24 Қыркүйек, 2021
ҚАЗАҚТЫҢ АРҒЫ ТЕГІНЕ ҚАТЫСТЫ ДЕРЕКТЕР
Қазақ ұлты – тарих сахнасынан өте ерте бой көрсеткен озық өркениетті байырғы түркі халықтарының бірі. Бүгінгі күні қырық неше мемлекетке шекара аттап бытырай қоныстанған аты әйгілі халық.
Қазақтың шығу тегі – ежелгі түркі халықтар құрамындағы сақ, ғұн, үйсін, ұлы иүзі (ұлы жүз), қаңлы, алан, қыпшақ, арғын, найман, керей, уақ, жалайыр, албан, дулат, т.б. ру-тайпа, ұлыстармен қандастық қатынасы бар екені туралы еліміз бен шетелдің ғалымдары көне ескерткіштерден, тарихи жазбалардан, археологиялық қазбалардан, тарих-шежірелерден пайдалана отырып өздерінің алуан түрлі көзқарастарын баспа бетінде жариялап келеді.
Қазақтың тарихы мен шежіресінің дерегі б.з,д. ІІ–ІІІ ғасырлардан басталады. Тарихи жазбаларға құнттап зер салар болсақ «Ханнама. Жаң Чяңның өмірбаянында» жазылған мынандай бір шежірелік аңыздың баяндалғанын көре аламыз.
«Көктің ұлы Бактрия сияқты елдердің жағдайын Жаң Чяңнан бірнеше мәрте ұғысады... Жаң Чяң ғұндарда жүргенде үйсін билеушісінің Күнби деп аталатынын естіген еді. Күнбидің әкесі Нәнду би тегінде Келентау Дахана аралығындағы ұлы иүзгілермен қанаттас отыратын шағын ұлыстың билеушісі екен. Ұлы иүзгілер Нәнду биді өлтіріп, жерін тартып алыпты. Сол кезде жаңа туған нәресте Күнбиді Аталық Бозоқ Байғұ қалың шөптің арасына жасырып қойған екен. Бозоқ оған азық әкелуге кетіп, қайтып келсе, Күнбиді көкқұртқа (бөрі) емізіп жатыр екен, ет тістеген қарғалар оны төңіректей ұшып жүр екен. Аталық Күнбиді киесі бар екен деп біліп, көтерген бойы ғұндарға апарыпты. Тәңірқұт оны жақсы көріп, өз қамқорлығына алып ер жеткізіпті. Ержете келе, Тәңірқұт Күнбиді әкесінің бұрынғы ел-жұртына ие етіпті және қол бастатыпты. Ол соғыста талай мәрте ерлік көрсетіп көзге түсіпті... Күнби күшейіп алған соң, Тәңірқұтқа әкемнің кегін алуға аттанам деп өтініш етіпті. Сонымен батысқа шеру тартып, ұлы иүзілерді жеңіпті. Ұлы иүзілер батысқа қарай ығысып, Бактрия жеріне қоныс аударыпты. Күнби олардың халқына билік жүргізіп, сол жерге қоныстанып, әскери жақтан күшейе бастапты. Осы кезде Тәңірқұт өліпті. Күнби ғұндардың сойылын соғуды қаламаушы еді. Ғұндар қол жіберіп шабуыл жасаса да, үйсіндерді жеңе алмапты. Мұны киенің құдіретіне жорыған ғұндар оларға дес беріпті, – дейді» («Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» (1-том, «Бейжің» Ұлттар баспасы, 1998 жылы желтоқсан, 301-303-бет). Міне, бұл аңыз негізінде жазылған дерек Қытайдың ертедегі жазбалары арқылы бізге жетіп отыр.
Тарихи жазбаларға түскен жылнамалар шежірелерінде қазақ халқының арғы тегін құраған ірі тайпалардың бірі – үйсін елінің аты біздің заманымыздан бұрынғы ІI-ІІІ ғасырлардан бастап белгілі болған. Қытайдың «Хан патшалығы тарихы» (ханнама), «Тарихи жазбалар» (тарихнама) қатарлы ертедегі кітаптарда айтылуынша, біздің заманымыздан бұрынғы ІІ-ІІІ ғасырларда ең күшті ел болған үйсіндер тарихта құдіретті «Үйсін мемлекеті» атты хандық құрған.
Біздің заманымыздан бұрынғы 160 жылдардың айналасында ғана батысқа ауып, Іле өзені өңіріне қоныс аударған үйсіндер Іле өзені өңіріне келуден бұрын сақтар мен ұлы иүзілер осы өңірде көшіп-қонып мекендеген. Сондықтан «Ханнама, батыс өңі шежіресінде»: «Үйсін мемлекетінің мекені... әсілінде сақтар қоныстанған орын еді, ұлы иүзілер батысқа бет алып, сақтар ханын күйретіп қуып жіберді, сақтардың ханы оңтүстік жағындағы Шуандуды басып өтіп көшіп кетті, ұлы иүзгілер оның жерін иемденді. Кейін үйсін Күнби ұлы иүзгілерді талқандады, ұлы иүзгілер батысқа көшіп барып Бактрияны бағындырды. Ал үйсін оның жерін иемденді. Сондықтан үйсін елінің құрамында сақ тайпалары да, ұлы иүзі тайпалары да бар делінген» (Су Бихай. «Қазақ мәдениетінің тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 2005 жыл тамыз, 139-бет).
Ғалым Еренғайып Сәліпұлы Омаров «Хорезмшахтер – орысша атау. Олардың ана тілінде Хорезмшақтар немесе Хорезмсақтар болып айтылуы әбден мүмкін. Яғни, Хорезмде тұрған сақтар дегенді білдірсе керек. Индия халқы сақты – шак дейді. Ертедегі Хорезмнің астанасы Қас қаласы болғандықтан халық өзін, көршілері оларды Қас қаласының сақтары – қасақтар деп атауы әбден мүмкін («Қазақ өркениеті», «Бейжің» Ұлттар баспасы, 2008 жыл, қараша, 189-бет).
Ертедегі үйсіндерден бұрын Іле өңірі сақтардың атамекені болған. Қазіргі Қытайдың Іле қазақ автономиялы облысқа қарасты Нылқы ауданының батыс жағынан бір километр шалғайға орналасқан көне Қас қаласының орны бар. Іледегі әйгілі үш өзеннің бірі Қас өзені деп аталған. Көне Қас қаласында және Қас өзені бойларын қазірге дейін қазақтар мекендеп келеді. Осы Қас қаласы мен Қас өзені ертедегі ата-бабаларымыз – Сақ тайпасының мекені екендігі жөнінде күмән келтіре аламыз ба?!.
«Шыңжаң туралы естелік» (қытайша) деген кітапта «Құлжа қаласының шығыс жақ 180 шақырым жерінде Қас деген тау бар. Оның шыңдары көк тірейді, қалың орманды, сай-салалары көп, көкіс шығады. Тауларында жұпар, бұғы, марал, аю, қасқыр, ілбіс, жолбарыс секілді көп өседі. Сардардың қоршап аң аулайтын алаңы осы таудың ішінде. Ол жерде «Қас мұсылмандар қаласы» деген қала бар» (Жақып Жүнісұлы. «Іленің тарих-шежіресі», Іле халық баспасы, 2007 жыл, тамыз, 256-бет), – деп өте анық жазылған.
В.М.Мигауин жазған, Жаң Шұн аударған еңбекте: «Орта Азиядағы мемлекеттер тарихында»: «Сақтар көшпелі өмірге үйлесу үшін киіз үй тіге білгендігі... олардың маңызды жасампаздығы еді» деп жазылған. Мұнан сырт сақтар өнеркәсіппен де шұғылданған. «Нылқыдағы Нұрсай мыс кені орны сақтардан қалғанын, ол әдеттегі қолөнер кәсіп деңгейінен асып, дербес өнеркәсіп тармағы руда қорыту, металл өңдеу деңгейіне жеткенін археологтар дәлелдейді» (Жақып Мырзаханов. «Қазақ халқы және оның салт-санасы»).
Ежелгі сақтардың төрт түлік мал бағуы, киіз үй тігуі, атқа мінуі, қымыз ішуі, басқа румен некелесуі, әмеңгерлік салт қазақ халқының тұрмысымен бүкілдей ұқсауы олардың қазақтың арғы тегін құраған тайпалардың бірі екенін талассыз дәлелдейді.
«Біздің заманымызға дейінгі ІІ-ІІІ ғасырларда, яғни үйсін хандығымен қарайлас мезгілде онымен көрші қаңлы хандығы құрылды. Оның мекендеген аумағы үйсін хандығының батыс жағындағы Сырдария мен Сарсу бойын және оның солтүстігіндегі Ұлытау, Кішітау өңіріне дейінгі аралықты қамтиды. Қаңлыларда үйсіндер сияқты қазақтың басты түп төркіні болып, сол кездің өзінде үйсін-қаңлы одағын қалыптастырды» («Заң-жарғылар», Шыңжаң халық баспасы, 2009 жылы маусым, 24-бет).
Қазақтың ұлы жүзінің құрамындағы қаңлы деген үлкен тайпаның аты сақталып қалған.
Қазақтанушы Су Бихай мырза «Қаңлы тайпасы – қазақ тайпасы» атты мақаласында: «Моңғол – Юан патшалығы тұсында қазақ тайпаларынан шыққан адамдар орта жазыққа барған соң, қытай мәдениетін белсене үйренді, олардың ішінен төтенше өрелі хаткерлер жарыққа шықты. Бұлардың ішіндегі ең әйгілісі қаңлы Зысан еді. Қаңлы Хұйхұй, Таштемір, Чиңтұң, қаңлы Бұқа, Қараеду қатарлардың бәрі де хаткерлікке шебер еді. Осы хаткерлердің бәрі қаңлы тайпасынан шыққан. Қаңлы тайпасы қазақ ұлтының негізгі тегі, тарихи кітаптарда олар туралы айқын дерек бар» (Су Бихай. «Қазақ мәдениетінің тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 2005 жыл тамыз, 487-488 бет), – деп жазған.
Қазақтың арғы тегін құраған сақ, ұлы иүзі (ұлы жүз), үйсін, алан, қаңлы тайпалары мен ғұн тайпасының қандастық қатысы бар екендігі туралы тарихи деректерде көптеп айтылады. Тарихи деректерде айтылуына қарағанда ғұндар біздің заманымыздан бұрынғы ІІІ ғасырдың соңынан кейін күшті ұлысты ел болып, Қытайдың солтүстігінен батысына дейінгі ұлан-ғайыр өңірді мекендеп билік жүргізді.
Аумалы-төкпелі замандарда ғұндардың бір бөлегі үйсін, қаңлы сияқты күшті елдерге сіңіп кетті. Тарихи деректерде «Біздің заманымыздан бұрынғы 126 жыл ғұн Тәңір құтты Сүйүнгон өлді. Ішкі бүліншілік және ашаршылық тұралатқан ғұндар біздің заманымыздан бұрынғы І ғасырдың орта шенінде түбегейлі бөлшектеуге тап болып, оңтүстік ғұндар Хан патшалығына қарап кетті де, батыс ғұндар (солтүстік ғұндар) қоныс аударуға мәжбүр болды. Қоныс аударған ғұн Тәңір құты үйсін жеріне көшіп барды. Одан соң қаңлы еліне ауды. Үйсін жерінде қалған ғұндар V-VІ ғасырларда, 200 мыңнан артық жан саны бар Юебән мемлекетін құрды» (Жақып Мырзаханов жазған «Қазақ мәдениетінің айдыны», Шыңжаң жастар-өрендер баспасы, 2006 жыл, мамыр 3-бет), – деп жазылған.
Көп санды тарихшылар мен зерттеушілер қазақтың орта жүзіндегі ең ықпалды тайпа арғынды ғұндардың ұрпағы деген көзқарасты айтады. Ертедегі ғұндардың салт-санасындағы құда түсу, өлім жөнелту, жоқтау айту, т.б. қазіргі қазақтар арасында әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Біздің заманымыздан бұрынғы І-ІІ ғасырдан бастап моңғол патшалығы құрылғанға дейінгі дәуірлерде Орта Азия және Қазақстан аумағында ертедегі қазақ қауымының құрамын толықтаған сақ, ұлы иүзі, ғұн, үйсін, жалайыр, т.б. ру, тайпалардың болғандығын тарих өзі дәлелдеп келеді.
Сонау VІІ ғасырда Түркеш хандығы құрылып Суяб, Тараз қатарлы қалалар дүниеге аты әйгілі болып, сол кездегі елдің мәдениеті жоғары деңгейде дамыды. Яғни, 699 жылы құрылған Түркеш қағандығы 766 жылға келгенде біржолата жойылды. Түркеш қағандығының орнын Қарлұқ қағандығы басып, 766 жылдан 940 жылға дейін дәурендеп өмір сүрді. Қарлұқ қағандығы тұсында көптеген ақын, жазушы, ғалым, оқымыстылар дүниеге келді. Соның ең атақтыларының бірі Әбу Насыр әл-Фараби (810-950) дүниежүзі бойынша Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған. Ол Сырдария бойындағы әйгілі Отырар (Фараб) қаласында дүниеге келген қыпшақ тайпасының адамы. Өмірінде 300-ден артық шығарма жазып қалдырып, өз заманындағы атақты философ, ірі математик, дара талантты ақын-жазушы, музыка, логика, тіл, астрономия жақтан жетілген ғұлама ғалым болған Әбу Насыр әл-Фараби өзі туған шаһары Отырардан Шам шаһарына (Бағдат) барғаннан кейін, өзінің аты-жөнін айтпай «Қасақпын» депті. Әбумен бірге Халиф әл-Мұхтадрге барған жасақтар өздерін «сақпыз», дәлірек айтқанда. «Қасақпыз», «Қазақпыз» деп, басқа түркі тілдес халықтардан айырмашылығын білдірген екен» («Қазақтың классикалық әдебиеті жөнінде», Шыңжаң халық баспасы. 1988 жыл, 8-бет).
Тарихта VІІІ ғасырдан ХІІ ғасырға дейінгі заманды жинақтап, Оғыз-Қыпшақ-Қарлұқ дәуірі деп аталды. Осылайша тарихта талай хандықтар ауысып, 1206 жылы моңғолдардың ұлы қағаны (бас ханы) етіп Темучинді сайлап, оны ерекше құрметтеп, Шыңғыс хан деп атады. Шыңғыс хан таққа отырғаннан кейін қазақ даласындағы керей, найман, қоңырат, меркіт, жалайыр, уақ қатарлы қазақ халқының құрамын толықтаған ұлыстық елдердің хандықтарын, одақтарын талқандап, моңғолдың үстемдігін күшейтті.
Шыңғыс хан ежелгі түрік тайпалары мекендеген өңірдің көп бөлігін ең үлкен ұлы Жошыға, қалған жерлерді Шағатайға, Үкітайға, Төлеге бөліп берді. Шыңғыс хан дүниеден өткеннен кейін оның өсиеті бойынша Үкітай мұрагерлік етіп, хан тағына отырды. Осылайша қазақ халқын ұзақ уақыт билеген Шыңғыс хан ұрпақтарының өзара тақ таласынан Алтын орда, Ақорда, Шағатай хандықтары бөлшектеніп ыдырай бастады.
Талай қанды тарихты бастан кешірген қазақ халқы ХV ғасырдың орта мезгіліне келгенде, яғни 1456 жылы (кей деректерде 1455 жылы делінеді) Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтанның бастауында батыс Жетісуды негіз етіп, қазақ хандығын құрды.
ІІ
Біз қазақ атауының қалай шыққаны туралы шетел мен еліміздің тарих ғалымдары мен зерттеушілердің көзқарастарын талдау жасамай-ақ өз қалпында оқырман қауымға ұсынып көрелік.
Бірінші дерек, «Қазақ атауы «Таң патшалығы тарихында» (VІІ-VІІІ ғасырларда) «Каса» – «Хаса» түрінде жазылған. Бұл атаудың тарихи деректемелерде жарыққа шығуы тым ерте деп есептеледі» (Нығымет Мыңжани. «Қазақтың қысқаша тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 1991 жылы ақпан, 18-бет).
Екінші дерек, «Қазақтар арабтар келмей тұрып-ақ Арал, Каспий теңізінің төңірегінде хазарлармен байланыста болған» (Әлкей Марғұлан. «Таңбалы тас», «Жұлдыз» журналы, 1984 жыл, №1).
Үшінші дерек, «Қазақ атауы Кавказдағы түркі тайпалар құрамында VІ ғасырдан бас-тап жалпы есім және ұлт ретінде кездескен» (Телқожа Жанұзақов. «Қазақ деген сөз қайдан шыққан», «Жұлдыз» журналы, 1983 жыл, №3).
Төртінші дерек, «VІІ ғасырдан бастап қазақ деген аттың Қытайдың тарихи кітаптарынан орын алғанын көруге болады» (Су Бихай. «Қазақ мәдениетінің тарихы», Шыңжаң халық баспасы, 2005 жылы тамыз, 8-бет).
Бесінші дерек, «VІ-VІІ ғасырлардан бастап хазарлар өздерін қазақтар деп атады» (Еренғайып Сәліпұлы Омаров. «Қазақ өркениеті», ұлттар баспасы, 2008 жыл, қараша, 61-бет).
Алтыншы дерек, «Парсы тілінде 982 жылы жазылған «Әлем шекаралары» (Хұдұд Әл-Ғалам) атты кітапта алан елінде қасақ (қазақ) деген ұлыс бар» (Нығымет Мыңжани. «Қазақтың қысқаша тарихы», 147-бет), – деп хатталған.
Жетінші дерек, Мұхамед Хайдар Дулати өзінің «Тарихи-и Рашиди» кітабының 260-бетінде былай жазған: «Шаһибек хан қазақтарға, яғни Дешті Қыпшаққа қарсы әскерлерін бастап Мауренаһрға келді» («Қазақ өркениеті», 191-бет).
Сегізінші дерек, «Көптеген зерттеушілер жазба тарихи деректер мен археологиялық қазба деректерге сай қазақ ұлтының ерте заманғы ұлт болып қалыптасуын біздің заманымыздан бұрынғы І-ІІ ғасырлардағы үйсін, қаңлы, алан мемлекеттері заманынан басталған деп қарайды» (Жақып Мырзаханов жазған «Қазақ мәдениетінің айдыны», Шыңжаң жастар-өренде баспасы, 2006 жылы мамыр, 7-бет).
Тоғызыншы дерек, араб саяхатшысы, жазушы Ал-Ауфии 1228 жылы Үндістанда жазған қарлұқтарға байланысты «Таңдамалы әңгімелер мен аңыздар жинағы» атты кітапта: «Алтайды мекендеген қарлұқтар тоғыз ұлысқа бөлінген. Бұлардың ішінде үш ұлыс шығыл, үш ұлыс қазақ бар» (Зейнолла Сәнік, Жанат Зейноллақызы. «Қазақ этнографиясы», «Ан Арыс», баспасы. 2016 жыл, 39-бет.).
Оныншы дерек, аты әйгілі ғұлама тіл ғалымы Махмұт Қашқари «Имак-түркі тайпаларының бірі. Біздің қарауымызша олар қыпшақтар» («Түркі тілдер сөздігі», ұйғырша басылып, 3 том, 39-бет), – дейді.
Он бірінші дерек, Ғалым Сұлтан Жанболатов «Қазақты зерттеген тарихшылар, этнографтар, археологтар қазақ ұлтының түптегі біздің заманымыздан бұрынғы VІ-VІІ ғасырларда Орта Азияда өмір сүрген сақтар деп біледі. Кей ғалымдар тіпті қазақ деген сөз екі тайпаның – Орта Азияның ежелгі тұрғыны Каспий мен Іле өңіріндегі ежелгі сақтың аттарының қосындысынан шыққан деседі. Бұл бір тұспал болғанмен, қазақ ұлтының ішінде толып жатқан ежелгі сақтық құрам барлығына күмәндануға болмайды» (Нұрлан Сәрсенбаевтың «Ататек жалғаған – Алтын шынжыр» атты кітапқа жазған Сұлтан Жанболатовтың алғысөзінен. Төрт бөрі баспасы, 2016 жыл, Алматы), – дейді.
Он екіші дерек, «Армян жазушысы Мұса Хоренидтің пікірінше, қазақтар біздің заманымыздан көп бұрын Иран патшасы Валирттістің кезінде (126-197 ж.ж) Кура өзенінің оңтүстік жағасында тұрған» («Қазақ өркениеті», 5-бет).
Он үшінші дерек, «Қыпшақтар – қазақтың негізін құраған және қыпшақтар қазақтың екінші атауы. Қазақ – Қуман (Аққуман – ақ-ман-аққаз-адам) аударғанда «Қаз-ақ» болып шығады» (Олжас Сүлейменов «Аз и Я» кітабы, Алматы, 1992 жыл).
Он төртінші дерек, Чиң патшалығы дәуіріндегі ғалым Чи Юанші: «Қазақ дегеніміз ежелгі замандағы қаңлы елі» («Батыс шекара райынындағы әдістер жобасы», 11-том), – дейді.
Он бесінші дерек, «Қазақ деген аттың өзі де VІІІ ғасырда мәлім бола бастаған. Сол кезде Контантис және Фердауси Арал теңізі мен Каспий теңізінің жағалауында Қазақ атты халықтың жасағандығын анықтаған» (Бұлантай Досжан. «Қазақ классикалық әдебиеті туралы жалпы пайымдау», «Қазақ классикалық әдебиет жөнінде», Шыңжаң халық баспасы, 1988 жыл, 8-бет).
Біз жоғарыдағы дәлел келтірген деректерге сүйене отырып, қазақ деген ұлт есімі VІ ғасырдан VІІІ ғасыр аралығында қойылған ат деген ғылыми қортынды шығара аламыз.
ІІІ
Тарих көшінің керуенінде «талай өліп, талай тірілген» қазақ халқының қастерлі қазынасы болған ата шежіресі аумалы-төкпелі талай ғасырды бастан кешіріп, ауызша таралып біздің заманымызға жетті. Халықтық шежірелерде де қазақтың кімнен таралғандығы туралы алуан түрлі көзқарастар баяндалған. Біз енді халықтық шежірелерде баяндалған қазақтың кімнен таралғаны туралы ататек таралуына назар салайық.
1. «Қазақ – Алаштың ұрпағы. Алаштан – Жайылхан, Сейілхан деген екі ұл. Сейілханнан сегіз арыс түрікмен тарайды. Жайылханнан Майқы деген жалғыз ұл туады. Осы Майқыдан (ақсақ Майқы би) – Өзбек, Сәбиян (Жиенбек) деген екі бала. Сәбияннан (Жиенбектен) – Айырқалпақ, одан – Қазақ пен Созақ. Созақтан – Қарақалпақ, Қазақтан – Арыс (ұлы жүз), Жанарыс (орта жүз), Бекарыс (кіші жүз) тарайды» (Жарылқап Бейсенбайұлы құрастырған «Қазақ шежіресі», «Атамұра» баспасы, 1994 жыл. Алматы, 12-бет).
2. «Орысбай шежіресінде»: «Әністан – Әлит туған, Әлиттен – Мәлік туған. Мәліктен – Ақтам туған. Ақтамнан – Акаша туған, Акашадан – Зорман туған. Зорманнан – Ақшолпан және Қурай туған. Қурайдан – Аламан туған. Аламаннан – Алаш туған. Алаштан – Сейілхан, Жейілхан туған. Сейілханнан – Түрікмен, Сегіз Арыс тараған. Жейілханнан – Майқы туған. Майқыдан – Супиян, Өзбек, Ноғай туған. Супияннан – Қазақ, Созақ туған. Созақтан – Қарақалпақ туған деп айтылады ескі шежірелерде... Қазақтан – Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс, осы үшеуі үш жүз болып таралады» (Нығымет Мыңжани мен Әбдірешт Байботаұлы құрастырған «Қазақ шежірелері». Іле халық баспасы, 2003 жылы тамыз, 375-бет).
3. «Қыдрайдан – Аламан мен Алаш. Аламаннан-Түркімен тарайды. Алаштан – Өзбек. Сайбан, Сайбаннан – Қазақ, Созақ. Қазақтан – Ақарыс (ұлы жүз), Бекарыс (орта жүз), Жанарыс (кіші жүз) тарайды», (Сейдәлім Нысанбайұлы Тәнекеев, «Шежіре сыр шертеді», «Арыс» баспасы, 2008 жыл, Алматы, 46-бет).
4. «Жайылханнан – Қазақ, Созақ, Ұзақ туа-ды. Созақтан – Қарақалпақ. Ұзақтан – Қырғыз бен Қақас шығады. Қазақтан – үш Арыс. Оларды Байшора, Жаншора, Қарашора деп те атайды» (Жарылқап Бейсенбайұлы құрастырған «Қазақ шежіресі», «Атамұра» баспасы, 1994 жыл, Алматы, 12-бет).
5. «Ерте заманда Қалша Қыдыр деген батыр қолбасшы болады. Бір жолғы шайқаста ауыр жаралы болып, ессіз иен далада жалғыз жатып қалады. Жарақаты жанына батып, өлімші халде жатқан батырға аспаннан бір аққаз (аққу) ұшып келіп, аузына су тамызып, өзі жүре алатын халге келген соң, оны бір көлдің жағасына бастап барады. Аққу болып құбылып келген бұл ақ қаз бірден перизат ақ қызға айналады да, батырдың жарақатын емдеп жазады. Содан екеуі үйленеді. Қыз жүкті болып ұл табады. Оның атын Қазақ деп қояды. Қазақтан – Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс атты үш ұл туады. Ақарыстан – ұлы жүз, Бекарыстан – орта жүз, Жанарыстан – кіші жүз тарайды» (Зейнолла Сәнік, Жанат Зейноллақызы. «Қазақ этнографиясы», «Ан Арыс» баспасы, 2016 жыл, Алматы, 40-бет).
6. «Киік хан мөлшермен 530-610 жылдары жасаған. Киік ханнан – Алаш. Алаштан – Жәйіл. Жәйілден – Қазақ, Созақ, Қарақалпақ, Қырғыз. Қазақтан – Жұман, Тұман. Жұманнан – Арыс, Сабыр. Арыстан – Ақ, Бек, Жан (бұларды Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс деп атаған). Арыстан тараған Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс қазақтың үш жүзін қалыптастырған. Ақарыс – ұлы жүз, Бекарыс – орта жүз, Жанарыс – кіші жүз болып өздерін арғы бабасы қазақтың атымен Қазақ деп атаған» (Нұрлан Сәрсенбаев. «Ататек жалғаған – Алтын шынжыр», 2010 жыл, наурыз, Құлжа, 381-бет).
Біз мақалада мысалға алған халықтық шежірелердегі ататек таралу барысына зер салар болсақ, сан ғасырдың іздерінің сорабы қалғанын аңғара аламыз. Қазақ құрама ру-тайпадан құралған халық. Қазақ ұлтының құрамында ежелгі сақ, ғұн, ұлы иүзі (ұлы жүз), үйсін, қаңлы, алан қатарлы толып жатқан түрік тайпаларының қаны және өзбек, қырғыз, татар, түрікмен, ноғай, тәжік, қарақалпақ секілді ұлттардың қаны бар екендігіне күмән келтіруге болмайды.
Нұрлан Сәрсенбаев
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф
22075 рет
көрсетілді0
пікір