• Руханият
  • 25 Тамыз, 2021

ТҰЛПАРЛАРДЫҢ ТҰҒЫРЫ

Жалпы ұлттың, қазақ жұртының о бастағы тілегі – тәуелсіз ел болу еді. Тәуелсіздік барлығына беріле бермейтін киелі құндылық. «Еліңді сүйсең, ерлік істейсің», «Қаһарлы қамал бұзады», «Ерліктің шарты – өзіне сенгендік», «Тура ағаш үйге тіреу, Тура жігіт елге тіреу», «Қимылдаған қыр асар», «Ел үмітін ер ақтар, Ер атағын ел сақтар». Қазақ қазақ болып қалыптаса бастағаннан бері бостандық үшін күресіп келеді. Бұл мақалдың барлығы елінің ертеңі үшін жаумен айқасып келген ерлерге арналады. Мейлі, ол найзаның ұшымен болсын, мейлі, ақылмен болсын. Яғни, 1991 жылға дейінгі күрестің барлығы – болашақта қазақ елі еркіндікте өмір сүрсін, өзінің биі, өзінің ханы болсын, жұрт өзгеге желінбесін, «өзінікін өзімдікі» дей алатын, көзі ашық, ақылы кемел халге жетсін деген ниетте болды.

Қайсібір тарихи оқиғаны алып қарасаңыз да, онда еліне жаны ашыған, күйінгеннен басына төнген қауіп-қатерге қарамастан, білегін сыбана, амалын тауып, халқының азат, бақытты болашағы үшін жүрегінің түбіне әділдікті ту қылып тігіп күреске кірісіп кеткен кіл мықтыны көресіз. Жайдақ ақыл, жалаң үгітпен емес, олар ұстанған бағытының соңғы аялдамасы бар және миссиясы орындалса, көпке көмегі тиетін айқын идеясы мен мүддесі бар топ. Байқасаңыз, табиғаттың заңдылығын ескермей, ұмытып қанша жерден қиындық көрсе де, табиғат өз дегенін бәрібір алады. Дұрыс ниет, шынайы пиғыл түбінде жеңіп шығады. Халқын ойлаған кең жүректердің дегені 30 жыл бұрын орындалды. «Ерді қорласаң – састырар» деген, отаршылдар өзін қазақтан ақылды санады, қалың халық ішінен ақылды, зиялы қауым шығады деп ойламады. Сол үшін жала жауып, қыра салу оңай болды. Бүтіндей бір халықтың текті тегін құртып отырғанын жақсы түсінді, соқыр саясат ешкімді аяған емес.

Әрине, бүгінгі күнге жету үшін ақылы мен қайсарлығы мың қазаққа татырлық талай қазақтар ғайбатталып, қырылып кетті. Әріге кетпей, бергілерді алғанда енді А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Досмұхамедов, М.Жұмабаев,  М.Әуезов сынды дара тұлғалар-дың туылуы үшін қанша ұрпақ ауысуы керек? Әр халыққа тиесілі геннің табиғатын құртып алдық. Бұл фактордың реттелуі үшін уақыт қажет. Саналы дамуымыздың біршама тежеліп қалғаны қынжылтпаса және кей кезде қазақ тарихындағы осындай дара тұлғаларды жаппай ауыз толтырып емес, қорқа-қорқа, жалтақтай дәріптеп жүргеніміз болмаса, біз бүгінде азат елміз.

Қазақстанның Тәуелсіздігіне биыл желтоқсанда 30 жыл толады. Алашорданың құрылғанына 103 жыл. Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл, Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл. Ал алғашқы Алашорда ескерткішінің салынғанына 2 жыл. Солай болуы орынды ма, әлде халық жанашырларын дәріптеуде, дами отырып тарихты нықтап қадап-қадап кетуде сәл-пәл кешігіп келеміз бе?

Алғашқы ескерткіш ұлт зиялыларының ел мүддесі үшін күреске толы өмір жолы тығыз байланысты өлкеде, Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы және Әлімхан Ермековке арналып 2019 жылы 29 тамызда ашылды. Бұл шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылған.

Әр өңірде жекелеген ескерткіштері бар шығар, бірақ «Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін білетін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз» – деген Жаһанша Досмұхамедовтың тарихтағы ұлтжандылығы мен ерлігін қайда ысырып қоя тұрдық осы уақытқа дейін? Біздегі басты құндылық – Тәуелсіздік емес пе? Онда тәуелсіздікке қол жеткізу жолында қыруар іс атқарған ерлердің еңбегін іштей біліп келсек те, неге бәріміз бір ауыздан – халық пен басшы болып, қазақ болып жаппай даусымызды батыл шығара: «біздерде осындай ерлер бар» деп, ашық мақтана алмай келдік осы уақытқа дейін? Өзгеге деген асқан сыйластық па, жоқ, әлде біздің «заманың түлкі болса...» дегенге саятын айлалы саясатымыз ба?

Алаш арыстарына арналған екінші үлкен ескерткіш 2020 жылы 12 желтоқсанда Алматы облысы, Талғар ауданы, Тұздыбастау ауылында ашылды.

Республика деңгейіндегі Алашорда ескерткіші 2021 жылы 4 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен ашылды. Ұлтты ұлт ретінде дәлелдейтін екі фактор – тарихы мен тілі, ал интеллигенттігін дәлелдейтін екі нәрсе – мәдениеті мен әдебиеті. Ашық айтылмаса да, бұл жолы алғаш рет Алаш арыстарын тәуелсіз қазақ ұрпағы еркін, шынайы, жан-жағына қарайламай, керісінше мақтана еске алды, оларға тағзым етті. Халық соны көрді. Саясаттан да, басқасынан да алыс жүрген адамның өзі соны сезді. Абайша айтқанда, жүректен шыққан іс жүрекке жетті. Оған дәлел ашылу салтанатындағы Президенттің салмақты сөздері. Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Алаш» сөзі – халқымыз үшін қашанда қасиетті ұғым. Өткен ғасырдың басында ұлтымыздың бас көтерер азаматтары Алаш идеясының төңірегіне бірікті. Олар елінің азаттығы мен өркендеуі жолында қызмет етті. Халықтың рухын оятып, санасына сілкініс әкелді. Жеріміздің тұтастығының сақталуына ықпал етті. Төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерді. Өркениетті зиялылықтың негізін қалады. Алаш арыстары заманның сын-қатеріне қарамай, Қазақ елінің мемлекетшілдік идеясын жаңғыртты.

Өкінішке қарай, түгелге жуығы халық жауы атанып, қуғын-сүргін құрбаны болды. Еңбектері жойылды, ұзақ жылдар бойы олардың атын атауға тыйым салынды. Бірақ, ұлтымыз ұлы перзенттерінің есімін санасынан өшірмей, жадында сақтай білді. Тәуелсіздік жылдарында Алаш идеясы мен Алаш мұрасы түбегейлі қайта қаралды. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Алаш» автономиясының 100 жылдығын атап өттік. Биыл Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы Тәуелсіздік мерекесі аясында өтіп жатыр. Біз Алаш арыстарының есімін жаңғыртып, тарихи рөліне баға беруді қолға алдық. Менің Жарлығыммен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды», – деді.

Президент қайраткерлердің ақталып, толық зерттелуіне, еңбектерінің жаңғыртылуына мемлекеттік тараптан бастама жасады, тапсырма берді. Ендігі жұмыс құрылған комиссияның мойнында. Сөз жүзінде емес, халықтық сипатта тәуелсіз қазақ елінің айтылмай келген ер тарихына жан бітіріп, ұлтқа рух сыйлау, істі жүрекпен істеу басты шарт. Біз онсыз да қаншама мықты, текті, зиялы қауымның генінен айырылып қалдық. Десек те, қазіргі қазақ жастары тасты жарып шыққан гүл сияқты өнер мен спорттан әлемге әйгілі болып жатыр. Талантымен әлемді тамсандырған Димаш, ТМД елдері ішінде ең алғаш Грэмми жүлдесін жеңіп алған Иманбек, шахматтан ерлер арасындағы халықаралық гроссмейстер атанған Жансая Әбдумәлік, теннистен әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Винус Уильямсты ұтқан Зарина Дияс және де түрлі оқу бағдарламалары бойынша шетелдік озық оқу орындарынан грант ұтып алып жатқан жүздеген жас таланттар шығуда.

Сондай-ақ, назар аударатын тағы бір жайт – Елбасының жақында Мәскеуге іс-сапармен барып, Владимир Путинмен  кездескенде хан Кененің басын табуға ықпал етуін сұрағандығы және Владимир Путиннің бұл жұмысқа жан-жақты көмектесетінін айтып, артефактінің табылып, қазақ жеріне қайтарылуына сөз бергендігі.

Бұл – ақырын жүріп, әр қадамын нық басуға тырысып келе жатқан мемлекетіміздің ата-баба рухын қадірлейтіндігінің көрінісі. Астарлы саясаттың сценарийіне де ұқсайды. Н.Назарбаев алдымен мемлекеттің экономикалық жағына көп көңіл бөліп, Қазақстанды көршілермен достық қарым-қатынас орната отырып дамытып келді. Ендігі кезекте Қасым-Жомарт Тоқаев қазақтың қалып келе жатқан тарихын, әдебиеті мен мәдениетін қолға алды. Қалай десек те, кез келген басшының жүрек түкпірінде «елі» жатқаны сөзсіз. Замануи аренада болмысын жоғалтпаған ақылды қазақ болу басшылардың ғана қолында емес. Абай заманындағы халықтан қаншалықты өзгере алдық? Әрқайсымыз қаншалықты өмірден өз орнымызды тауып, қаншалықты бір істің қыр-сырын жілігін шағып, майын ішкен маманы бола алдық? Қайсымыз адалдықтың жолымен жүріп, алтын көрсек жолдан таймай әділеттілік таразысын теңдей ұстап тұра алдық? Қайсымыз инабатты қыз, намысшыл ер бола біліп жүрміз?

Ұлт мықты болуы үшін – биі әділ, халқы білімді болуы шарт. Отыз жыл көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Біз Тәуелсіз, азат елдің ұрпағымыз. Ойымыз да, сөзіміз де ашық болуы маңызды. Қазақтың жаңа, толық тарихы жазылуын енді бастайды. Оған ұрпағына еркін болашақ сыйлаған ата-баба, ұлтының тарихын ардақтап тұрған билік, білім мен ғылымға ұмтылған жас-тар себеп болмақ...

Аяулым Салықжанова

 

4245 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы