• Айтарым бар...
  • 15 Тамыз, 2021

Көптен күткен дода

XXXII  Жазғы  Олимпиада ойындары 2020 жылы 24-шілде мен 9-тамыз аралығында Жапонияда өтуі тиіс болатын. Алайда, індетке байланысты биылға ауыстырылған еді.

Енді әлемнің бүкіл спортшылары жиналған кезде Токиодағы Олимпия ойындарын ұйымдастыру комитетінің бас директоры Тосиро Муто дүбірлі дода басталғанға дейін жағдай ушығып кетсе, ойындар болмауы мүмкін екенін айтты.

Жарыстың ашылу салтанаты 23 шілдеге жоспарланғаны белгілі. 20 шілде күні Олимпиада қалашығында тексеріс кезінде коронавируспен 9 адамның жаңадан ауырғаны белгілі болды. Олардың ішінде үш спортшы бар: екі оңтүстік африкалық футболшы және Чехиядан келген жағажай волейболының ойыншысы. Жалпы, Олимпиадаға келген спортшылар мен делегаттар арасынан індетті жұқтырғандар көбейіп кетті.

Skysports.com-ның хабарлауынша, Т.Муто алдағы уақытта коронавирус жұқтырғандар саны қандай болатынын болжай алмайтынын айтқан. «Егер толқулар болса, біз коронавирус жағдайына сүйене отырып, тағы да бес жақты келіссөздер жүргіземіз деп келістік. Қазіргі уақытта коронавирус  жұқтырғандар саны артуы немесе азаюы мүмкін. Сондықтан біз жағдайды жіті бақылауда ұстаймыз», – деді Муто.

Сауалнамаларға сүйенсек, ел тұрғындарының бірсыпырасы биылғы Олимпия ойындарының өтуіне қарсы болған. Жаппай наразылық салдарынан Олимпиаданың негізгі демеушілерінің бірі Toyota компаниясы телеэфирден ойынға байланысты жарнамасын алып тастады. Ал оның басшылығы ашылу рәсіміне қатыспау туралы шешім қабылдады. Себебі елдегі пандемияға қатысты жағдай қиын болып тұр. 19 шілдедегі ахуал бойынша Жапонияда инфекцияны жұқтырғандар саны 2 368-ге артты. Олардың жартысына жуығы Токиода тіркелген.

 

Спорттың 27 түрінен

97 жолдама

 

Бес жыл  тағатсыздана  күткен  XXXII  жазғы Олимпия ойындарының басталып та кетті. Иә, осы жолы төртжылдықтың басты додасын бес жыл күттік. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», демекші Токио Олимпиадасының талабы мен тәртібі, сән-салтанаты да басқа Олимпия ойындарынан өзгерек болатын түрі бар. Бұл бұрын-соңды болмаған инновациалық Олимпиада болады деген ұйымдастырушылардың уәдесін былай қойғанның өзінде, коронавирустың «кінәсінен» көптеген шектеулер мен қатаң талаптар қойылатыны түсінікті.

Осы жолы Олимпиадада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл – Рио Олимпиадасынан 33 медаль жиынтыққа көп. Токио Олимпиадасына жаңадан бес спорт түрі енді. Олар: бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг.

«Токио-2020»-ның тағы бір ерекшелігі – көрерменсіз өтеді. Төрткүл дүние дүбіріне құлақ түрген доданың ең өкініштісі де сол. Жапония астанасында 8 шілдеде енгізілген төтенше жағдай 22 тамызға дейін жалғасады. Бастапқыда пандемияға байланысты Ойын-дарға шетелдік жанкүйерлерді жібермеу туралы шешім қабылданған-ды. Жарыстарды өткізуге жауапты жапон министрі Тамае Марукава хабарлағандай, енді жергілікті көрермендер де жарысты тамашалай алмайды. Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанаттары да көпшіліктің қатысуынсыз өтеді.

Қазақстандық спортшылар Токио-да өтетін жазғы Олимпия ойындарына спорттың 27 түрінен 97 жолдама жеңіп алды. Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті Токио Олимпиадасының іріктеу және рейтингтік жарыстары аяқталғаннан кейін қорытынды шығарды. Нәтижесінде біздің олимпиадалық құрамға 96 спортшы енді. Бұл цифр алдыңғы Олимпия ойындарының қатысушыларынан төмен болғанымен, дәл қазіргі қиын жағдайды ескерсек, тәуір нәтиже екені сөзсіз.

Қазақстан тұңғыш рет Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түрлері, атап айтқанда, спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша қатысады. Дархан Асаділов, Нұрқанат Әжіқанов, Данияр Юлдашев, қыздардан Мөлдір Жаңбырбай мен Софья Берульцева сынды әлемде көшбасшы қатарында жүрген каратэшілерге сенім артылып отыр. Құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин де осал емес. Бағы мен бабы қатар шапса, алар асуы жоғары болары сөзсіз.

Токиода жеңіл атлет Ольга Рыпакова олимпиадалық құрамның көшбасшысы болатыны сөзсіз. Бұл – Ольганың спорттық мансабындағы төртінші Олимпиада. Бүгінде Ольганың қоржынында Олимпиада медальдарының толық жиынтығы бар.

Су добынан ерлер құрамасы командалық ойын түрлерінен жарысқа қатысатын қазақстандық жалғыз құрама болып отыр. Олар Олимпия ойындарына сегіз жылдан кейінгі үзілістен соң оралды.

Қамшыбек Қоңқабаев бастаған бокстан ерлер командасы толық құраммен, сегіз салмақ бойынша қатысады. Бұлардың қатарына қыздар арасында жалғыз жолдамаға ие болған  Надежда Рябецті  қосыңыз. Сонымен, ел қоржынындағы тоғыз жолдама боксшылардың еншісінде.

Гимнаст Милад Карими жалғыз өзі жеті жолдама алып, іріктеу кезеңін сәтті аяқтады. Кезінде жерлесіміз Ернар Ерімбетов жалғыз өзі дүбірлі додаға қатысып, тәуір нәтижеге қол жеткізгенін көрдік. Миладқа Ернар ағасынан асып түсіп, Олимпиаданың биік мінберінен көрінсе деген тілек білдіреміз. Сондай-ақ, жүзуден біз үш жолдаманы иелендік. Оның екеуі Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге тиесілі.

Отандасымыз Руслан Құрбанов Халық-аралық семсерлесу федерациясының жеке рейтингі бойынша құрлықтық квотаны жеңіп алған алты спортшының қатарына енді.

2004 жылы өткен Афина Олимпиадасынан кейін араға 17 жыл салып, Қазақстанның үш велошабандозы топтық жарыста бақ сынайды. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге команда көшбасшысы Алексей Луценконың қосқан үлесі зор екенін айта кеткен жөн. Ол Қазақстанға жалпы алғанда Азия құрлығының бірде-бір мемлекеті еншілемеген ұпайды әкелді. Сондай-ақ тректегі велоспорт (спринт, омниум және кейрин) бойынша жерлестеріміз үш лицензия жеңіп алды. Айта кетерлігі, спорттың бұл түрі бойынша жолдама Қазақстан үшін тарихи болып есептеледі. Себебі осы уақытқа дейін қазақстандық спортшылар аталған велоспорт түрі бойынша Олимпия ойындарына қатыспаған.

Садақ атудан 20 жылдан кейін алғаш рет Қазақстаннан үш садақшы Олимпиадада командалық жарыста бақ сынайды. Бүгінде 11 жолдама балуандарға тиесілі болса, жеңіл атлеттер де осы шамада лицензия жеңіп алды. Теннисшілер жеті, ал байдарка мен каноэде есуден алты жолдама – қоржында. Рейтингтік жарыстар нәтижесі бойынша дзюдошылар алты жолдаманы иеленді. Токио төрінде белдесетін татами шеберлерінің арасында тәжірибелі, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов те бар.

Үстел  теннисінен  Қазақстан құрама-сының еншісінде қос жолдама, сондай-ақ таэквондо мен слаломды есу бойынша спортшылар екі лицензия алды.

Сонымен, Олимпиадаға 4 жыл емес, 5 жыл дайындалған спортшыларымыз бабында шығар. Ал бап пен бақ қатар шапса, онда жеңіс тұғырынан көрінетін бақытты сәтіміз де көп болмақ.

Динара

МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

4382 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы