• Әдебиет әлемі
  • 25 Тамыз, 2021

Бесікке мені бостандықпен байлады...

Мөлдір  АЙТБАЙ

Қонақ үй

 

Ең əуелі тоғыз айға анаң үй,

Ең соңында мəңгілікке молаң үй.

Ортасында пəтерлер мен өз үйің,

Анда-санда тұрақ болар қонақ үй.

 

Маңдайымның бір тармағы жетелеп,

Қонақ үйге тұрақтадым не керек?!

Қабырғаға жан бітсе егер бір күні,

Менен асқан ақын болып кетер ед (і).

 

Оң жағыма екі жас кеп түнеді,

Ақ сезімді аямады еш біреуі.

Түніменен ләззат үшін от кешті,

Таң атқанда танымасын біледі.

 

Сол жағыма келді ана бөпелі,

Бірақ жары көрінбеді некелі.

Ұйықтаған соң бар бақыты, сəбиі,

Қабырғаға ұрып шықты шекені.

 

Келесі күн көрдім келген отбасын,

Қыдырып кеп бұрған шығар ат басын.

Жанжалдасты ұйықтамастан сол түні,

Қашап шықты махаббаттың көк тасын.

 

Көке келді, кешкі тоғыз жарымда,

Он сегізден енді асқан қыз жанында.

Солқылдатып қабырғаны түнімен,

Таңға жуық басып кетті қорылға.

 

Əже келді, қолында ауыр сөмкесі,

Аруанадай жүк көтерген өркеші.

Күн шыққанша өксіді де, мейрімсіз

Келініне қайта кетті ертесі.

 

Менің бөлмем сəл жұмбақтау, өмірсіз.

Бақытты адам қоныстанса неге үнсіз?

Мен сүйетін жалғыздық пен үнсіздік,

Кейбіреуге көрінеді көңілсіз...

 

Ақ парақпен сүртіп өмір батпағын,

Ессіз қалам есе берді шатпағын.

Қайдан білсін,

Ертең ұрпақ айқайлап,

Оқитын жыр үнсіз туып жатқанын!

 

***

Мазалай бер, мазалай бер, мазалай.

Махаббат бар, жалған мен шын, таза, лай.

Біреу дертке шалдықтырған жүректі

Біреу емдеп ала алады,

Ғажап-ай!

 

Неге сезім сонша нәзік құрғыр-ай!

Ұрғылай бер қабырғамды, ұрғылай.

Біреу жасқа малып кеткен жанардан

Біреу бақыт ойнатады,

Сұмдық-ай!

 

Көңілді ешкім ала алмайды құрықтап,

Махаббаттың шарабынан бір ұрттап.

Біреу жаңа таптап кеткен сезімді,

Біреу көкке көтереді ұлықтап!

 

Біреуге күң, ал, біреуге патшайым!

Солдан кейде оңнан туып жатса айым.

Біреу қажет етпей қойған аруды,

Біреу іздеп сағынады сәт сайын!

 

Біреуі дерт, бірі дауа не етейін?

Бұл күнәмді кімге, қалай өтейін?!

Дерт болмаса дауа қажет емес қой,

Ал дауасыз мұңға толы көкейім!

 

Мен осылай жаптым өткел есігін!

Жырларымда екеуіңнің есімің!

Дертім саған алғыс қана айтарым,

Ал дауамнан сұрау керек кешірім!

 

Күннен, түннен, ғафу сұрап ауадан.

Мекеніме аттанайын қалаған!

Дауам,

Сенсің айықтырған дертімнен,

Бірақ, дәрі іше алмайды сау адам!

 

***

 

Дүниенің шешкім келіп жұмбағын,

Ақылымның адалдығын ұрладым.

Мақтағанға марқаюды ұмытып,

Жаланы да жақсылықтай тыңдадым.

 

Ант та күңгірт, ойната алмай жарқылын,

Балшық кешіп сыздағанда балтырым,

Таба алмадым жалғыздықтан жайсаң дос,

Естімедім үнсіздіктен артығын.

 

Дұшпан-досым,

Уақыт көшім алмасты.

Ақиқаттан сескенді де,

Ар қашты.

Жүрегіммен желкен берген жақыным,

Жан ұшыра зəкіріне жармасты.

 

Тағдырымның жемеу үшін таяғын,

Тазалыққа тартып тұрды аяғым.

Жаралауға мені біреу тырысса,

Қан-жоса боп жатқан жанын аядым.

 

Бағынбадым адамға да, затқа да,

Талпынбадым атаққа да, таққа да.

Кінəм болса кешір мені, тіршілік,

Менің жаным,

Аяздағы аққала.

 

Туғаным да таудай сенім арта алған,

Құшақ ашып, пышақ салса арқамнан.

Кеше салдым.

Жаңа парақ ашсам да,

Өзгермесін түсінген соң қолтаңбам.

 

Жеміс пісер шағында ауа салқындар,

Қайтем енді,

Мұңсыз, қамсыз қалпым бар.

Өлең жазсам – өшіргенім өртімді.

Үнсіз қалсам,

Қорқыңдар!..

 

***

 

«Сағындым» деп, мұңайып хат жазыпсың,

Бар қатеңді мойындап ақталыпсың.

Ұмытушы ең мейрамда гүл беруді,

Алтын жүзік, жүз раушан, тәтті алыпсың.

 

Мен басқаның көңіліне көшіп алдым...

Сонша сыйды, қалқам-ау, несіне алдың?

Бұрынғыдай болмайды енді ештеңе,

Торығанмен сағаттап есік алдын.

 

Мен сөзімде тұра алдым саған берген,

Кетіп едім, «сенсіз бақ табам» деумен.

Жер бетінде соңғы еркек емессің ғой,

Соғыс жақтан қан кешіп аман келген!

 

Суретімді ұнатып күліп тұрған,

Қайғы барын өзіңсің ұмыттырған.

Мен қазір де дəл солай бақыттымын,

Қоштасарда көзімді жұмып тұрғам.

 

Алдыңдағы арымды ақ қып өтем,

Ұстамаған өзіңсің бақты бекем.

Не деп жауап жазайын енді саған?

– Халің қалай?

Бармағың тәтті ме екен?!

 

Есалаң

 

Есалаң!

Ойыншық па сезім не саған?

Көз жасты аттап кеткенсің,

«Келемін» десең кеше алам.

«Келмеймін» десең амал не,

Сезімім үшін өш алам.

 

Елірген.

Сезімді іздеп көгімнен.

Өшімді алам мен сені

Кеткенше сүйіп өмірден.

Сорым болса да сүйемін,

Бағың болса да төгілген.

Жарың болса да сүйемін,

Сен үшін артқа шегінбен.

 

Сен сонда,

Қанша тасжүрек болсаң да.

Еңіреп мендей жыларсың,

Әлің де келмей аңсауға.

Өзгелер емес, жаным-ау,

Жұбатар сені мен сонда.

 

Жабулы,

Қаламан есік қағуды.

Кете бер сенің соңыңнан,

Ұят санамаймын баруды.

Сен сүйген бәрін мен сүйдім,

Әкең мен шешең, бауырды.

Ойынды, асты, киноны,

Тіпті сен сүйген аруды.

 

Қақырап,

Жұтса да мені топырақ.

Сүйермін бәлкім өзіңді,

Түнек табытта жатып ап.

Осының бәрін сезбейтін,

Сезімің сенің соқыр-ақ.

Сезбегенің үшін сүйемін,

Ей, ақымақ...

 

***

Мен сүйсем, сүйемін,

Түндерді жарық қып,

Тілдерді ғаріп қып,

Сезімге қарық қып,

Ақшамда көкжиек

Қызылын қанық қып.

 

Мен сүйсем, сүйемін,

Көктемге гүл беріп,

Тотыдай түрленіп,

Уақыттай сүрленіп,

Тірліктің ең соңғы,

Деміне үлгеріп.

 

Мен сүйсем, сүйемін,

Дәуірді қалғытып,

Даланы шаңғытып,

Шашыма жан бітіп,

Өртімді өшірер,

Шілдеден қар күтіп…

 

Мен сүйсем, сүйемін,

Түнекке тамсанып,

Жүрекпен жар салып,

Балықтар əн салып.

Ажалым келсе де

Күлімдеп қарсы алып.

 

Күнімен, түнімен,

Ғасырдың үнімен,

Арымның құнымен,

Мұсылман дінімен,

Мен сүйсем, осылай,

Сүйемін,

Шынымен!

 

Жасай бер

 

Ән айтып келдім.

Әнұраны жоқ әлемге,

Тәңірім қалап, нәсіп еткенде жарығын.

Зіл батпан мұң мен бақыт бар мына өлеңде,

Қазақтан басқа түсінер мұны тағы кім?!

 

Жылауық қызын күтті ме?

Білмен біздің ел,

Құдайдың шүкір қазаққа зор боп қиғаны.

Қырқымнан шықпай қуанып қыс пен күзгі

 жел,

Шілдеханама «азаттық» әкеп сыйлады!

 

Туа сап таңым тәуелсіздікпен тербетіп,

Бесікке мені бостандықпенен байлады.

Сол сәттен бастап елімен бірге ер жетіп,

Алашқа аунап, асыр сап әбден ойнады.

 

Жалғанда егер мен болмай қалсам...

Қалайда,

Азаймас арай, қазаққа жарық таң атар.

Азаттық қалқам,

Сен болмай қалсаң алайда,

Таңының өз тамұқ, түнекке пара-пар.

 

Көрдің бе күнім?!

Сен бізге қандай құндысың?

Сондықтан саған қан кешіп жеткен

 қазағым,

Әлемге көрсет азаттығыңның үлгісін,

Белгілі сонда орғытып алға озарың!

 

Тәуелсіздігім,

Тірлігімдегі – тұғырым,

Тарихымызды таспаға, тасқа қашайды ел.

Ұзақ болсын деп тілейміз сенің ғұмырың,

Жер шары барда,

Жалындап сен де,

Жасай бер!

 

Шақыр

 

Байқамай шалынып, құлап қалсаң да,

Біреуді сағынып жылап қалсаң да!

Ең жұмбақ сырыңмен бөліскің келсе де,

Ең жақын адаммен көріскің келсе де,

Шақыр мені!

 

Ең адал махаббат сезінгің келсе де,

Ең ыстық адамнан безінгің келсе де,

Ең биік нүктеде самғағың келсе де,

Ең қиын шешімді таңдағың келсе де,

Шақыр мені!

 

Ең ұзақ сапарға аттанарда да,

Ең ұзын шығарма жаттағанда да,

Ең ауыр жүгіңнен шаршағанда да,

Ең сұлу даусыңмен ән саларда да,

Шақыр мені!

 

Ең алғаш жүрекпен сүйгің келсе де,

Ең соңғы жүрекпен күйгің келсе де,

Ең ащы көзіңнен жас тамарда да,

Ең тәтті бақытың басталарда да,

Шақыр мені!

 

Ең дұрыс адам боп жетілгенде,

Ең қате қадамға өкінгенде де,

Ең қатты құмартқан тәтті өмірге де,

Ең қатты қорыққан сәттеріңде де,

Шақыр мені!

 

Ең сұлу айға тамсанғың келсе де,

Ең жарық күнді қарсы алғың келсе де,

Ең үнсіз жолмен сыр ұқтырғың келсе де,

Ең сырбаз жігітті күттіргің келсе де,

Шақыр мені!

 

Адамдар жайында ойланғың келсе де,

Бақыттан мас болып айналғың келсе де.

Ең ұлы мереке тойлағың келсе де,

Ең тәтті бала боп ойнағың келсе де.

Шақыр мені!

 

Мұхиттар кешіп кеп, тау аттасам да,

Ақ дауыл боран бет қаратпаса да,

Ұйықтап жатсам да барамын,

Мұны жұрт аналық сезім дейді екен.

Өйткені, жүрегі ананың

Көз ілмейді екен!

 

Жоқ мендей дос саған.

Шақыр, шақыр, шақыр, мен келем қызым.

Қабірдан басқадан

Келетін жол табам, сөз берем, қызым!

 

Уақыт емдемейді

 

 Бақ бесігі тербемегенде,

Жақыныңды жерге бергенде,

Досың шалып орға құлатып,

Шығамын деп өрмелегенде,

Ауыр, жаның ауырады.

 

Тізең сыздап солқылдағанда,

Өкпең қысып алқымдағанда,

Қан қысымың көтеріліп кеп,

Миға қарай толқындағанда,

Ауыр, жаның ауырады.

 

Айлаң жетпей ойлы дұшпанға,

Аяқ асты қайғы құшқанда.

«Кетпе» деуге көкірек төзбей,

Сүйгеніңмен айрылысқанда,

Ауыр, жаның ауырады.

 

Басыңа үлкен сынақ түскенде,

Биігіңнен құлап түскенде.

Күліп мінген баспалдағыңнан

Дымың құрып, жылап түскенде,

Ауыр, жаның ауырады.

 

Жазықсыз ғып жауыздарыңды,

Қолбала ғып нағыз дарынды.

Бір кем дүние, қайтара алмасаң

Жаға жыртқан қарыздарыңды,

Ауыр, жаның ауырады.

 

Дым көрсетпес темір айналар,

Мұңсыздықтан жеңіл ойланар.

Дауа сынды небір айла бар,

Бұл дерттердің емі қайда бар?

 

Тереземнен кептер кіреді,

Әлем – әсем, көктем күледі.

«Уақыт емші» дейді даналар

Ол айтқаны-өткен күн еді.

Уақыт емдемейді,

Уақыт емдемейді.

Уақыт емдемейді!

Тек, көндіреді...

 

 

2802 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы