• Әдебиет әлемі
  • 25 Тамыз, 2021

Мен шал емеспiн (сатиралық әңгіме)

Қаланың іш пыстыратын көлік кептелісі. Жолда бірер жүргіншіні іліп алғанмын.  Артық ақша қалтаны теспейді. Бірер минут тұрғаннан зерігіп кетіп, радионың құлағын бұрай бастадым. Іздегенімді көп ұзамай таптым. Пай, ән деп осыны айт! Сергек әуен дегеннің көкесі ғой, шіркін! Бойымда  бықсып қалған жастықтың шаласы қайта қоздап, маздауға айналды. Әннің сөзі де келіскен екен.

«Өмір деген – жол,

Қателігі мол,

Ұят емес,

Шайқа! Шайқа!»

Жыны ұстаған бақсыдай қос иығымды жұлып жеп, әуенге басымды изеңдетіп, рахат күйде  көлік тізгініне қонып отыр едім. Тіпті әдемі-ақ отырғанмын. Арт жақтан суық дауыс естілді.

– Ақсақал, осы сиқыңыз өзіңізге жараса ма? – Қыздың даусы.

Бағдаршамның қызыл көзіне тоқтай беріп,  өңменіме қадалған дауыстың иесіне қарадым.От шашқан қара көздер. Ұзын шашын әдемілеп өріп қойған сұлу қыз. Лезде жастық шағыма оралғандай болдым. Отыздамын ба орда бұзар? Әлде желкілдеген жиырма бесім бе? Әйтеуір бір күш лықсып келіп, көмейіме тірелді.

– Ақсақал дегеніңе жол болсын! Менің сақалым да, мұртым да жоқ, – деп кісіней күлдім.

– Шалдар шайқаған заман, – деді қыздың жанындағы мол денелі әйел. Оған көз қырымды да салмадым. Әдемілікті көре білетін қабілетім әлі қалмаған. Ақсақ киіктей  бір жүріп, бір тоқтап, межелі жерге жеттік. Айғайға ұласқан әнді бар даусына қойдым. Қымбат көлігім әуеннің дүмпуінен дір-дір етеді. Кенет кресломның арқа тұсы сарт ете қалды. Әннің даусын баяулатып, арқама не пәле келіп соғылғанын білгім келді.

– Өшіріңіз ана арсыз әнді! – деп зірк етті қыздың үні. Тура алмас қылыштай әсер етті. Алмас қылыштың жүзі қылпып, суық көрінеді. Бірақ өткір жүзі күнмен шағылысқанда, көз тартады. Мына қыз да сондай. Ызбарланып сөйлегенде адамды сескендіреді. Алайда көркі көз арбайды. Сұлудың әмірін орындадым.

– Джентльмендік жасап, қарындастың айтқанын  екі етпедім, – дедім тым маңғаздана сөйлеп.

– Мен осы бұрылыстан түсемін, – деп шіңк етті семіз әйел. «Түссең, жолың болсын. Сылқым перімен оңаша қалатын болдым». Жолшыбай қол көтеріп, такси іздегендердің бірде-біріне аялдамадым.

– Асығыс едім, үйге дейін жеткізіп саласыз ба? Үстіне қосымша төлеймін, – деді сұлу әр сөзін шегелеп.

– До дома ма? – дедім жастардың тілімен.

– Не дейсіз? Жаңадан шыққан жадағай сөз бе? –Ақылды көрінген ару аң-таң.

– «Үйіңе дейін бе?» дегенім ғой. Орысша білмейсің-ау, сірә! – Көлігімді қыз көрсеткен көшеге қарай бұра бастадым.

– Сіз таза орысша айтсаңыз, әрине, ұғар едім. Орысша мен қазақшадан ботқа жасаған соң, түсінбей қалдым, – деп сылқым мені ашық кінәлады. Осындай от болып жанып, өртімен күйдіріп тұратын өткір әйелдерді ежелден ұнататынмын. Ал мынау тіптен көңілімді, көзімді, жүрегімді, мендегі бардың бәрін әп-сәтте жаулап алды. Ұсынған ақысын джентльмендік көрсетіп «алмаймын» деп едім, орындыққа тастай салды. Жалт бұрылып кетіп бара жатқанда байқағаным, бойы ортадан жоғары, артық еті жоқ, тыриған арық та емес, аққудың көгілдіріндей нәзік әрі мүсінді екен.Тал түсте шақшиған күннен көзімді көлегейлеп, соңынан  қарап сәл отырдым. Кербездің жүрісін-ай. Билеп басып барады.

– Сұлу қыз, сен осында тұрасың ба? – дедім даусымды барынша жас жігіттердей әуездете созып.

– Мекен-жайымды сұрау да сізге ұят емес қой, – деп перизат маған қарай жартылай бұрылды. Бояудан ада томпиған ерні делебемді қоздырып жіберді. Тағы да әлдене деп сөйлеуін күттім. Аппақ ақық тістерін көрсете бір жымиды да, кіреберіске кіріп кетті. «Өзінің үйі, яғни, осында тұрады,» деген шешімге келдім. Жымия қарағанынан «шамаң келсе, қуып жет» деп еркелеген назды сұлудың қалпын көргендей болдым.

Үйге  қарай  көңілім  тартпаса да, ақырындап келе жатырмын. Кемпірдің сұрақтары белгілі ғой. Кісі тасығанымды білсе, «қымбат мәшинені ел үшін алыппыз ба?» деп құлақ етімді жейді. Одан да жолда сынғанымды айтып тығырықтан шығайын. «Ой, жеңге» деп ән қосып қойып, көшеме қарай жақындап келдім. Үш жыл бұрын алпыс жасымды атап өткенде, дәл осы әнге  мейрамхананың еденін тесіп жіберердей секіріп тұрып билеп едім.Бұл да сүйікті әндерімнің бірі. Ұл-келіндер ұйымдастырған мерейтойым шынымен-ақ тамаша өткен. Тек бір сөз тіптен ұнамаған. Жиналысқа айналып кете беретін тойда кім сөз алса да, «алпыс жасың құтты болсын» деп кәрілігімді бетіме басқандай қайта-қайта айтқан. Тым болмаса, «келген жасыңыз құт әкелсін» – десе, не болмаса «отыздың екеуіне келген екенсіз» – деп жұмсартып айтса болады ғой. Жоқ, ондай астарлап, байқастап сөйлейтіндер қазір тұқымымен құрып кеткен. Түйеден түскендей «алпыстасың» деп көңіліме түнгі он екіге дейін тие берді. Соларға ерегесіп, тайраңдап билеймін деп, ертеңіне төрт тағандап қалғанмын.

Үйге де жеттім. Бесінші қабатқа аһылап-үһілеп әрең шықтым. Бес қабатты үйлерде жедел саты қарастырылмаған. Сол жаныма батып жүр. Шынымен қартаяйын дегенмін бе? Жо-о-оқ! Қарттық мен қалап баратын қоныс емес.

– Келдің бе? Бүгін келмес деп едім, – деп кемпірім ала көзденді. Өзі бұрынғыдан да семіріп кеткен бе, қалай?

– Мәшине сынып, көлік жөндеу орталығына соқтым, – дедім сыр алдырмай.

– Су жаңа болса да сына ма? – Ол күдік келтіріп, шұқшия қалды.

– Темірге сенім жоқ. Бұл өмірде тозбайтын не бар дейсің? – деп пәлсапамды соғып, қонақ бөлмеге қойып кеттім. Бәйбішемнің бір жақсы қасиеті – соңымнан қуып жүріп сөз таластырмайды. Уһ, жанның рахаты мына жұмсақ диванда ма деймін. Көзім іліне беріп еді, су перісіндей сылаңдаған әлгі қыз көз алдыма келе қалды. Аты кім болды екен? Нэйла ма, әлде Альбина ма? Мүмкін, Асема болар, Ася болуы да ғажап емес. Өзім тәуір көретін қыз аттарын оған лайық санамадым.

– Бикошты мектептен алар кезде ұйықтап қалма, – деп кемпірім төбе тұсымнан қатал ескерту жасады. Биконямды ұмытып не көрініпті? Мектепке өзім мәшинемен апарамын, өзім темір тұлпарымда  тербетіп алып қайтамын. Сонымен жүріп таңның қалай атқанын, кештің қалай батқанын білмей қаламын. Балаларын мектепке жетектеп әкеліп жатқан  әйелдер көп-ақ. Бірде-бір үріп ауызға салғандай үлбіреп тұрған жас келіншекпен сөз жарыстырып қалдым. «Балаңыз ба?» деп немеремді меңзеп қутың қақты бөксесі бұлтиған келіншек. «Иә,» – деп ерленіп, серіленіп тұрып едім, Биконям жаныма жүгіріп келіп, «аталай» жөнелсін. Ажарлы әйел маған ашық мысқылдай күліп, қызын жетектей жөнелді. Немереме не дейін? Айналып-толғанып, мектебіне кіргізіп жібердім.

Іргеге қарай аунап түсіп, ұйықтап алмақ болдым. Бірақ әлгі құрғыр қыз әлсін-әлсін елес беріп, ұйқым шайдай ашылды. Елес те емес, кәдімгідей тұнық бейне. Біресе қолын бұлғап, қарсы алдымда шашымен ойнайды. Біресе «ұят емес, шайқа» деген әуенге бөксесін бұраңдатады. Бір кезде пері маған қарай бар денесімен бұрылып, иығындағы күртешесін әудем жерге лақтырсын келіп. Жұмулы көзімді аша алмай, селк ете қалдым.

– Тапа тал түсте де бастығырылып жатырсың ба? Оянсаңшы, ыңылдамай! – Бәйбішем бағанадан бері төбе жағымда  жіп-суын іспелеп отырыпты. Әдемі елестердің шырқын бұзғанын қарашы! Енді не жатыс?!

– Жұмыс тауып алсам ба екен? – дедім терезеден бір пұшпағы ғана көрінген күзгі аспанға қарап.

– Зауытта ауыр жұмыс істеумен қырық жылың өтіп еді. Ендігің не? Балалар ер жетті. Одан да зейнетақыңды алып, үйде тыныш отыр.Бәйбішем үкім оқығандай судырата жөнелді. Егер жұмысқа шықсам, жастық желігім қысқан менің үйден оңтайлы сәтте жылыстап кетуіме жақсы сылтау болар еді-ау.

– Қартайып тұрған жоқпын. Он төртінші атамның батыр болғанын үйленгелі бері айтып келемін, ұмыта бересің, – деп мақтана бастап едім, кемпірім тыйды да тастады.

– Сол он төртінші атаңның барына күмәнім зор. Есті адам жеті атасын айтушы еді. Сен он төрттен асырып жіберіпсің. Кім біліпті, олардың қандай болғанын? Үйде отырып, немереңнің қасында болып, өмірдің рахатын көрмейсің бе?

Бәйбішем айтқан «рахатты» үйімнен көре алмай тұрмын. Бұрын ащы ішектей созылып бітіп бермес телехикаяларды ермек ететінмін. Қонақ бөлмедегі теледидардың  жалғыз қызықтаушысы мен едім. Одан да мән кетті бүгін. Ұлым өз бөлмесіне теледидар қойып тастады. Айтуына қарағанда, келін кешкі телехикаяларды менімен қатар отырып көруге ұялады екен. Ұялса, бөлмесінен шықпасын. Теледидарда мені үйде ұстап тұратын күш қалмады, бар ойым далада. Сағат алты болмай, ертелетіп үйден шықтым. Немеремнің мектебі аса алыс болмаса да, көшелерді айналсоқтап жүріп, уақытында-ақ бардым. Ондағы үмітім, –күндізгі сұлуды көріп қалам ба деген  ой. Сұлу жолықпады. Одан көңілім торықпады. Үйін білемін ғой. Жаңадан салынған мөлтекаудан. Таңертең ерте барып, есігін аңдуға бел байладым. Баяғы сері кезім қайтып оралғандай, аяғымның сырқырағаны, құлағымның шулағаны өз-өзінен басылып, жадырап сала бердім. «Тәні саудың жаны сау» деп қазақ бекер  айтқан. Сірағасында «Көңілі саудың жаны сау» деп айтса жарасар еді. Көңіл алысқа жұлқынса, жастық жігер кеудеңде бұлқынса, жүрегің ләззатты сәттерге ұмтылса, міне, сонда тәнің де, жаның да сау болады. Қазақтың бір мақалына ішім ашыса, бір мақалын естігенде жаным кіреді. Жамағайын інім елуге келіп, әйелінен ажырасқанда, құрдастары қолдап, мақалдатып еді. Не деп еді? Ұмытшақ болып барамын ба? Иә, есіме түсті. «Елудегі еркек қыз алады, елудегі әйелді кім алады?» – деп мақалдатып, інімнің көңілін жай еткен. Бірақ одан бері қанша уақыт өтті, қыз алған інім жоқ.  Жағы суалып, көзі шүңірейіп, қара қайыстай болып, жалғыз тұрып жатыр.

Мектепке де жеттім. Күндегідей жан-жағымдағы әйелдерге ұрлана қарап, сүзіле барлап әуре болмадым. Сері көңілімде жалғыз гүл бар. Соған дара  құмартқан түрім бар. Немеремді алып тездетіп қайттым. Ішкі көшелермен келе жатырмын. Үмітім үзілер емес.

– Ата, – деді зерек Биконям. – Неге тура жолмен қайтпай, алыс, астыңғы көшемен жүріп келесің?

– Бұл жақта көлік кептелісі аз болады, – дедім мардымсып.

– Ата, мына мобильді қосымшаға қарап көріп отырмын, сен көлік тығыны өте қалың көшеге кіріп кеттің. – Өзі қалта телефонын шешесінің құрсағынан оқып туған.

– Түзу көшеде жол жабық, – дедім амалым құрып.

– Жоқ, ата, бұл қосымшада жабық жолдар да көрсетіліп тұрады. Ондай белгі жоқ. – Тықақтаған немерем бағымды байламаса игі еді. Қыз қууға жарап тұрған атасын  қолбаладай көретіні несі?!

Ертең сұлудың жолын күтуді ойлап, бас қатырып далмын. Үйден шығуға сылтау жоқ. Не десем екен? Кешкі шайда бәрі шешіле кетті. Ұлым он күнге жұмысынан демалыс алыпты. Баласын өзі апарсын.

Тәтті қиял, түрлі-түсті елестерге малтығып жатып, таңды зорға атырдым. Тезірек киініп, әтірді аямай себініп, сыртқа шықтым. Аш құрсақ жүрсем, қан қысымым түсетін. Оны да қапер қылмадым. Зымырап отырып, қыздың үйінің алдына тоқтадым.Жұмыстарына асыққан жұрт бесқабатты үйден андыздап шыға бастады. Сәулешім әлі жоқ. Күнім шықпады. Сағат сегізді соқты. Үмітім күдікке орын беруге аз қалғанда, кіреберістің есігі сәл ашылды. Ар жақтан нұрлы бейне жарқ етті. Бип еткізіп көліктің сигналын бастым. Тәкапппар аққу сылаң қағып өте берді. Жанында мәшине безілдемек түгіл, он трактор әкеп, гүрілдетіп қойсаң да қарар түрі көрінбейді. Кербез қыздарды жаным жақсы көреді.  Мұндай асауларды жуасыту үшін жігіттің төресі болу керек. Асауға тұсау салатын ондай тегеурін менде бар. Иә, бар. Әйтпесе түні бойы әлгіндей түстер көрем бе? Көлікті сырғытып, қыздың жанына тоқтай қалдым.

– Қарындас, мен кешегі жігітпін ғой, – дедім терезеден басымды қылтитып.

– Кеше ешқандай жігіт көрмеп едім. Ақсақалдың жасын жасап, жігіттің сөзін сөйлеген бір атаны көзім шалған. – Шу асаудың өзі екен, көлікке отырмақ түгіл маңайлатпады. Тездете басып, тротуармен кетіп барады. Мен темір тұлпарымды баяулатып, көше бойлап қатарласа бердім. Ол көше шетіне шығып, такси ұстауға ыңғайланды. Жаңадан бой көтерген бұл ықшамауданда әзірге ерсілі-қарсылы жүйткіген автобустар жоқтың қасы. Содан да бұл сұлу таксилетіп жүр.

– Отыр, кел, – дедім барынша жылы дауыстап.

– Ата, – деп зілді сөз бастады тартымды қыз, – сіз өзі қандай адамсыз?

– Көңілінен көктем кетпеген, қарттықтың ызғары жетпеген жігітпін. – Дәл осы сөздерді тауып айттым-ау.

– Ажарлы көрінген әр қызға айта-айта жатталып қалған сөзіңіз бе бұл? – Қыз сықылықтап күліп еді, күміс шуақ шашылғандай болды. Оның күлгеніне қарап жібігені ме деп дәмеленіп қалдым. Шіркін, мына шетелдік көлігімде қасымда айдай аруым бар, зулап кетіп бара жатсам! Көргендер «қалтасы қалың мырза» дері анық қой. Мәшинемнің есігін ашып, бикешке орын ұсындым. Ол тура жын көргендей, теуіп жапты. От емес, бұл қыз өрт екен. Көлігіме отырмаса да, алақаныма үміт көгершінін қондырмаса да, іштей мәзбін. Оның таксиінің соңынан білдірмей еріп отырдым. Тура соңынан инеге сабақталған жіптей ердім де отырдым.  Қыз бір мектептің алдына барып  түсті. Мынадай сұлу бейнесімен бар болғаны мұғалімдікке ғана жараған ба? Сәнбике, не биші болса қатып кететін еді ғой.

– Жұлдыз, осы сенің жалақыңның тең жартысы таксидің ақысына кетпей ме? – деп бір әйел қызбен қатарласты. Демек, аты Жұлдыз екен ғой. Жұлдызым менің! Менің оралған жастығымның жұлдызы, қайта оянған көктемімнің шың-құзы болшы! Сол қатерлі құздан, шыңырау шыңнан бірге өтейік! Қиыла қарап, үздігіп, көзіммен ұзатып салдым кермиығымды!

Бәйбішемнің байбаламына да қарамай, түскі астан соң, «жұмыс іздеймін» деген желеумен үйден шығып кеттім. Көңілім кешті күтіп күпті болып тұр. Өліп-талып кешті де батырдым. Мектептен лек-легімен ағыла шыққан оқушылар, ата-аналар, мұғалімдер. Көптің арасынан жүрегімнің жақұтын көзбен іздедім. Әне, шықты бір мезетте. Кішкентай баланы жетектеп алыпты. Е-е, қайран қыз, қайырлап қалған екен ғой. Жалғызбасты әйелге еркектің көмегі әрдайым керек. Керек болғанда қандай? Аяғым-аяғыма жұқпай, жақын тұрған дүңгіршектен біраз кәмпит өлшетіп алдым. Газды сусын да қостым. Мектептің ауласының сыртында қақшиып тұрмын. Салтанатты түрде күтіп алуға күйбең тірлік мұрша бермеді ғой, әйтпесе гүл мен шарға көміп тастар едім ғой. Қақпадан шыға берген баланың алдына тұра қалдым.

– Балақай, саған алдым. Ала ғой, – дедім мейірленіп. Жұлдыздың жүрегіне жол табар сиқырлы көпір осы бала болса игі еді. Ойлағаным оңынан келмей, «сиқырлы көпір» дегенім кішкентай тергеуші болып шықты.

– Кімсіз? Неге маған кәмпиит бересіз? Тәтті беріп алдап, мені ұрлап кеткіңіз келе ме? – Құртақандай ұлдың мына сөздерінен зәрем қашты. Тура шешесіндей өткір мінезін-ай!

– Жігер, автобусымыз келді. Жүгірейік! – деді Жұлдыз ұлына. Екеуінің қол ұстасып жүгіргені қандай жарасымды! Тек ер адамның сүйемелдеуінсіз қашанғы жалғыз жүгірсін?! Жұлдыз, саған ер-азаматтың қолдауы керек екенін қай күні түсінесің?! Автобустан озып кетпей, мимырттап жүріп отырдым. Қатарласқан бір көлік иесі мені сықпыртып балағаттап та алды. Оған да елең етпедім. Көз ұшында аруым кетіп бара жатса, өңмеңдеген өзгеге қалай уақыт бөлейін?! Жұлдыз ұлын жетелеп, автобустан түсті. Енді түсіндім, ол осы жерден үйіне дейін таксимен бармақшы. Біртіндеп бар сырыңа қанық болатын түрім бар-ау, қымбаттым! Безілдеп барып, тура алдарына тоқтай қалдым.

– Такси, до дома, – дедім елеуреп.

– До дома деген не? – деді сүйкімді  ұл  даусы шіңгірлеп.

– Кәмпиттің аты, – деді сымбатты қыз мысқылдап. Осы мысқыл күлкісімен-ақ көңілімдегі отты үрлей түсті.

– Отырыңдар, тегін-ақ апарамын, – дедім алтын балыққа қармақ салғандай алдаусыратып.

– Тегін дүниеден ат шаптырым  аулақ жүретін әдетім бар. Бұдан былай мазамды алмаңыз! – Жүзіндегі жаңағы жымиыстың ізі де қалмаған аршын төс аялдамадан ары барып тұрды.

– Мына ата саған ғашық болып қалған ба, немене өзі?! – деп баласы сұрақ жаудырып қояр емес. Ұлын бір сілкіп, тоқтаған таксиге сүңгіткен Жұлдыздың соңынан бұл жолы ермедім. Барар жері белгілі. Одан да таксиден озып кетіп, үйінің алдынан тосып алмайын ба? Көліктен түсіп, үйіне жақындай берген екеуінің алдынан жаяу шыға келдім. Бәлсінген сұлудың буы басылар деп күттім. Жас кезімде ерін баурына алып тулаған талай бикелерді жуасыттым емес пе?

– Жұлдызжан, – дедім мәймөңке үнмен, – сәл аялдашы, лебіздесейік. – Білетін бар әдемі сөздерімді түйдегімен ағыттым. Жұмсақ сөз жанына жақпады ма, маған таяп келіп, түрінің бар сұсты реңіне салып саусағын шошайтты. Әр сөзі құйма алтындай тым салмақты, алайда менің көңілімдегі жігіттіктің жалауын жыға алмады.

– Сізге не керек? Сіз өзі кімсіз? Мазамды қашырғаныңыз үшін заң орындарына шағымданамын! Дереу мына жерден кетіңіз! – Жекіргені құшақ жайғандай әсер етті. Қалтамдағы кәмпитті уыстап алып, ұлына ұсындым.

– Рахмет, ата, бірақ бұл шоколад емес қой, – деп құртақан да мені жақтырмады.

– «Арзанның жілігі татымас», – деп кербез кердең қағып, мәмпәсилерімді өзіме қайтарды. Емеурінін түсіндім. Батылданып кетіп, көкейімді тескен жалғыз сұрағымды төтеден қойдым.

– Бір ғана сұрағым бар, бұрын тұрмыста болып па едің?

– Жоқ, – деді бала басын шайқап. Анасына тартқан ақылдым-ау. Баланың бір ғана «жоқ» деген сөзі үмітімнің жібін ширатып, сызат түспес сенімге айналдырып жіберді. Менде енді бөгет жоқ, тосқауыл жоқ, кедергі жоқ.

– Жігер, біздікі не тұрыс? Зытайық үйге! – деп иек қаққан Жұлдыз ұлымен қатарласып жүгіре жөнелді. Ботасын ерткен аруана бір көлбеңдеп өтті. Сендермен қатарласып, желмен жарысар күннің туарына мен сенімдімін.

Үйіме келдім, олжалы оралған аңшыдай күлім қақтым. Кемпірімнің түксиген қабағын шыбын шаққан құрлы көрмедім. Екі отыздан енді ғана асқан мені үйде шідерлеп ұстамақшы ма? «Жұмыс іздеп табанымнан таусылдым, ақыры таптым. Таксист болып тіркелдім, бәрі сендердің қамдарың», – дедім де тәтті қиялымды түсімде тірілтпек болып, жатын бөлмеме кірдім де кеттім. Ұлым соңымды ала жетті.

– Әке, жылда осы уақытта ауруханаға жатып емделуші едіңіз ғой. Әйтпесе, беліңіздің құяңы, аяғыңыздың сырқырағаны өршіп кетпей ме? «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп...

– Мен сол ауырмайтын жолды әлдеқашан тапқанмын. Бойымда аурудан нышан жоқ. Дені сау адамды ауруханаға тықпақсыңдар ма? – Қаһарлана сөйлеген маған балам қарсы келмеді. «Әкелеріңнің бетіне жел болып тимеңдер,» – деп отыратын кемпірімнің  тәрбиесі ғой. Таңданысты жүзбен біраз тұрды да, иығын қомдап шығып кетті. Үңгірінде алас ұрған арыс-тандай ары-бері жүрдім де, жатып қалдым. Үйдегілерді біржолата ықтырып алдым. Енді Жұлдызға апарар жолымда аяғымнан алар шырмауық жоқ.

Күзгі таң талмаусырап атқан кезде, мен де таңғажайып елестерімнен ес жидым. Әрекетке көшуім керек. Қыздың үйінің алдына барып тоқтадым. Бүгін қайтсем де тілипон нөмірін аламын. Тұрғын үйден еңгезердей бір еркек шықты. Жөн сұрауға жақындай бердім. Бұйымтайымды айтып едім, мұнша шамырқанбас! Бұл жақта тұратындардың бәрі осындай күдікшіл ме?

– Сен айтқан Жұлдыз менің көршім. Оның өзінен сұрамай нөмірін ешкімге бере алмаймын. Әрі сен оның кімі боласың? – деп жебе сұрақтарын жаудырды келіп.

– Құдасымын, – дедім табан астынан қиыстырып.

– Құдасы болсаң, неге үйіне кірмейсің? Не себепті ұры секілді үй торып жүрсің? – Мына сөзден соң мәшинеме отырып, тайып тұрдым. Өңшең мінезділердің мекенінен аулаққа қаштым. Қашып отырып, мектепке келдім. Темір арғымағымды ауланың сыртына қаңтарып қойып, мектептің алдында олай-бұлай ойқастадым. Қолымда ал қызыл раушан гүлі. Шоқтай жанып, көлденең өткеннің көзіне түсіп бітті. Бір топ бала жанымнан жүгіріп өтті. Біреуін ұстап алып, өтінішімді айттым.

– Біздің мектепте Жұлдыз атты ұстаз үшеу. Қайсысына берейін гүліңізді? – деді тілалғыш жеткіншек. Ойланып қалдым. Неге менің Жұлдызға қарай басқан қадамым кері кетеді де отырады? Жә, түңілмейін. Отыра қалып опық жеп торығатындай мен шал емеспін ғой. Жастайымнан ақылды едім, шешімді де тез таптым.

– Үш Жұлдызды маған сипаттап берші, – дедім балаға төне қарап. Қолына екі жүз теңгелікті қыса салып едім, әлгінің сайрай жөнелгені.

– Әннен беретін Жұлдыз апай өте ұрысқақ. Бетінде меңі бар. Орыс тілінің мұғалімі Жұлдыз Ермекқызы мейірімді, әрі мені жақсы көреді. Үшінші Жұлдыз...

– Әй, бала, маған олардың сырт пішінін суретте деймін.Ең әдемісі қайсысы? – дедім сәл қатуланып.

– Маған тарихшы Жұлдыз мұғалім ұнайды, – деген оқушы тырағайлап қаша жөнелді. Қап, мына алаяқты-ай! 

Мектепке кіріп, күзетшіге жолықтым.

– Бөгде адамдарға кіруге рұқсат жоқ, – деп кимеледі.

– Жұлдызға беріңіз, – дедім  солып қалған гүл шоғын ұсынып.

– Қай Жұлдызға?

– Шашы ұзын, жорға жүрісті Жұлдызға! – Ашуым келіп, сұлудың портретін тым асырып жібердім бе, күзетші пақыр көзі атыздай болды.

– Жорғасы несі?

– Шашы ұзын, өзі мүлде бояуға малынбайтын, әдемі Жұлдызға бер!

– Мұнда екі жұз мұғалім қызмет атқарады. Қайсысының бетінде опа-далап жоғын мен қайдан білейін?! – Күзетші шал тістене сөйлеген соң, шығып кеттім. Кеш батқанша уайымым гүл болды. Раушандарым иесін тапты ма екен? Бір жапырақ қағазға жазған  махаббат лебізімді оқыды ма екен? Не деп жазып едім сол хатқа? Түні бойы әуреленіп, басын әрең иген қос тармақ есімнен шығып кетті ме? Көп ойлағаннан ұмытшақ бола бастадым. Ә, есіме түсті.

«Тар өткелден бірге өтейік,

Қол ұстасып біз кетейік»,

Осы сөздердің Жұлдыздың жүрегіне әсер етеріне сенімім зор. Қызды аңдып, арлы-бері жосылдым. Жарқ етті жұлдыз бейне. Жұлдызжан, қатар отырып шай ішетін, келешекке тон пішетін күн туар ма екен? Тағы да ұлын жетектеп алыпты.

– Жұлдызжан, сөйлесейік! – дедім төре жігіттердей желпіне сөйлеп.

– Маған не айтпақсыз? Сіз өзі кімсіз? – Мұнша ашуланар ма? Жай көңілімді қытықтау үшін бағасын арттырып жүр ме десем. Дауыл ашуынан кәдімгідей аяғымды тартып қалдым.

– Мен Құлбергенмін. Коля десең де болады, – деп ыржия беріп едім, төбемнен ашық күні найзағай ойнап, жай түскендей болды.

– Құл берген бе, күң берген бе, онда менің шаруам жоқ. Әрі әкемдей адаммен сөйлесетін жайым жоқ! Аулақ жүріңіз! Түсіндіңіз бе? – Бұл қызды алмас қылышқа о баста бекер ұқсатпаппын. Сол алмас қап түбін тесіп шығып, маған қарай жарқылдап келе жатты. Әрі сұлу, әрі суық. Сонысымен де мені сиқырдай тартты.

– Кет, жаман шал, кет, – деп кішкентай ұл да шешесінің ыңғайымен маған айғайды салды.

– Балақай, саған әке керек пе? – дедім ақ түтек боран ашудың арасынан даусым құмығып.

– Сіз бауырымды ешқандай мақсатыңызға пайдалана алмайсыз, – деді де сұлу жөней берді.Өзі менен мүлде гүл алмағандай. Менің әлгі шоқ гүлге қыстырып жіберген ыстық махаббат хатыма тіпті көз жүгіртіп, көңіл құлағын түрмегендей. Гүл құтқармады мені. Гүлге гүл сыйлап, ештеңе ұтпайды екенмін. Басқа амалын табайын. Доллар тарту етсем, оң қабақ танытар ма екен? Дәмханада дөңгелене билеп, бір дас-тарханнан шай ішер ме еді? Мақтадай қолынан ұстатып, үлбіреген жүзінен сүйгізіп... Ол жаңа не деді? «Бауырым» деді ме? Сонда мына өзінен аумай қалған қағылез балақай оның ұлы емес пе? Өзі тұрмыс құрмаған болса, туып қойған баласы болмаса, құнын тым қымбаттатып, сонша сергелдеңге түсірген себебі сол екен ғой. Есіл арудың жүрек емін тапқандаймын. Күйеуге шықпай жүріп қалған, отыздың ордасына кіріп қалған бикештер паң келеді. Олар романтик болады. Ғаламтордан солай оқығаным бар-тын. Дереу екінші жоспарды іске қостым. «Жұмыстан келдім, күні бойы адам тасыған оңай ма?» – деп тау қопарғандай үйге бардым да, Жұлдыз деп аталатын сезім патшалығында қонақтап қалдым.

Күзгі таң. Ертелетіп тұрып, тамаша жос-парымды жүйелеуге кірістім. Жинап қойған зейнетақымды долларға айырбастадым. Құдай-ау, сонша теңгеден жүз доллар әрең құралды.Түбі теңге тентіреп кетпесе нетсін. Доллар теңгені әбден діңкелеткенін қыз қуамын деп жүріп, тіпті білмей де қалыппын. Бұрын теледидардан күнделікті жаңалықтарды құр жібермеуші едім. Долларымды жүрек тұсыма салып, мектепке жеттім. Есіктің алдында ұзақ тұрдым. Бұл өзі далаға шықпайтын неткен жұмбақ Жұлдыз? Өлеусіреген үмітім түске қарай тірілді. Жұлдыз балақайды ертіп, мектепке келе жатты. Мәшинеден домалап түстім.

– Жұлдыз, бір ауыз сөзім бар, – дедім құрақ ұшып. Онда үн жоқ, мені елемеген түрі ғой.

– Әй, жігіт, келші бері, доллар беремін,-дедім балаға майда тілмен.

– Ата, доллар? – деп ол аялдай беріп еді, Жұлдыз да кілт тоқтады. Көк қағаздың мұншалықты құдіретті екенін білгенде, гүл тасып нем бар еді?

– Иә, доллар. Одан көп теңге жасауға болады, – деп балаға ұсындым. Ол бірден бас салды.

– Әпке, қарашы, менде доллар бар! Алақай!

– Жігер, оны қоқысқа таста. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген. – Жұлдыз қатулы дауыспен сөйлесе де, ерке інісі мектепке қарай жүгіре жөнелді.

– Бүлінген дегенің болмады, бикеш. Менің жүрегімді бүлдірген өзіңсің, – деп мен сөзді астарлап бастадым.

– Жүрегіңіз бүлінетіндей  көз алдыңызда тәлімсіп, не үміттендіріп көрмедім. Бүлінген сіздің адамдық болмысыңыз. Мен сіздің қызыңыздаймын. Ал сізде ағалық, әкелік, азаматтық жүрек жоқ. Алпыстан асып, айғыр шықтым деп арсызданып жүрсіз! – Жұлдыздың сөз мақамына қарап, оны ежелгі қазақ аулынан келген шешен бе деп қалдым.

– Алпыста болсам несі бар? Қазақта Алпысбай, Жетпісбай, Жүзбайлар қайдан шыққан деп ойлайсың? Өзің тарихшысың! Еркек елуде ес жияды. Алпыста ақыл кіреді. Жетпісте жетіледі. Сексенді бөліп айтсаң, өзің-ақ түсінесің. Содан туған балаларға сәйкесінше ат қойған. Енді саған тарихты түсіндірейін бе? –Осы уақытқа дейін сары майдай сақтап келген сабырым таусылып, деміккенше сөйледім.

– Тарихшысы несі? Есіңізді жиыңыз! – деп сылқым сылқылдай күлді. Құлағыма үр қызының үні келгендей болды. Пейіштен шыққан періштемен қол ұстасып, көкке көтеріліп бара жатырмын ба? Ол менің бетіме үңіле қарап, әлдене дегендей болды. Құлағы құрғыр керек кезде дыңылдап, бітіп қалатыны несі? Перизат нәзік қолын мойныма орады. Тынысым тарыла бастады.

– Сізге айтам, мәшинеңізді көлденеңдетіп қоймай, жолдан алыңыз, – деді жағамнан алып, сілкуге шақ қалған мығым қол. Періште де, мойныма оралған нәзік қол да ғайып.

– Неге сілейіп тұрсыз? Көзің бір нүктеге қадалып, өз-өзіңнен ыржиып тұрған түрің күмәнді. Мектептің жанында не істеп жүрсіз? – Менің жанымдағы махаббат әуенін бұл міскін қайдан білсін? Көлігіме міндім де, зытып отырдым.

Ер кезегі үшке дейін деуші еді. Үшінші жоспарымды құрып қойдым. Көңілі көкте жүрген Жұлдыздың жүрегін романтикамен жауламақпын. Сонда ол «алпыстасың» деп алқымымнан алуын қойып, көзін жұмып тұрып, маған ғашық болатын тәрізді. Жаныма жақын келіп, түк басып, қыртыстанған бетімді өзі аялай сипап... Үздіге қарап, талықси сыбырлап... Ақ бұлттардан көрпе жасап, талмау көкте қатар жүзіп келеміз... Апырау, көрпе деймін, төсегі қайда сонда? Төсегі... Демім бітіп бара жатқандай, жағамды тартқылай бердім.Радионың құлағын бұрап едім, сүйікті әнімнің бірі шыға келді.

– Жоқсың, жоқсың!

Бар болсаң қайдасың? – деп зарлады әнші әйелдің даусы. Секіртпелі әуеннен бойымды балқытып, демімді тарылтқан ақ көрпе мен төсек елестері тарап кетті. Жұмыстарымды реттеп, үйге келдім. Кемпірім тергеуге алған жоқ. «Шаршап келді ғой» деп, жайылып жастық, иіліп төсек болды.

Бүгін күн жұма. Алламнан бастаған ісімнің берекесін тіледім. Түскі ас уақытында мектептің алдына жетіп бардым. Бұл жолы жалғыз емес едім. Өзім жиырма бес мың теңгеге жалдаған оркестр серенада ойнатып тұрды. Үлкен плакатқа «Серенада для Жулдуз» деп қызылмен жаздырдым. Бұдан кейін көңіліңнің есігі маған айқара ашылмаса, дүлей ашуың еш басылмаса, сені жүрексіз, құр сұлу мүсін деп қана білемін, Жұлдызжан! Шал емеспін, мен – жігітпін! Соңында жүрмін Жұлдыз-үміттің! Қаламын кейде арасында тұман-күдіктің! Қызыл түлкідей құбылып, қайдан ғана жолықтың? «Алпыстасың» деп кейіме, кеудемде жүрегі бар нағыз жігіттің!

Мектепке қарап, үзіле жаздап, жүрек сөзімді серенада әуенімен жалғап қанша тұрдым! Кенет сақшылар келді топтанып. Түрлері суық, ол анық. «Мен не бүлдірдім?» деп едім, тергемек болды оқталып. Осы сәт сыртқа шықты күн, күн емес, арман Жұлдызым! Құтқара гөр, жаным-ай! Балай көрме қылмысқа, сен деп салған әнімді-ай!

Жұлдыз жетті сұрланып. Жүзі әнтек қуланып. «Ақсақалдың асын ішіп, есерсоқтың ісін істеген шалға заң бар ма?» – деп дегбірімді қашырды. «Заң бар», – десті сақшылар. «Бөлімшеге жүріңіз, үстіңізден түскен шағымға байланысты сізден түсініктеме аламыз,» – деп бірі бүйірімнен түртті. Оркестрім жөніне зытты. Жұлдызға соңғы рет қиыла қарадым.

– Қамасаң да, жазаласаң да, хақым бар сені сүюге! – деп ышқына айғайладым. Сақшының бірі тоқтап тұрып күлді, қасындағы  ұзынтұрасы құлап қала жаздап қарқылдады. Сезімді сонша келемеждеуге бола ма?

– Сақалыңды алып, мұртыңды қисаң, төңкерілген қарныңды сәл жисаң, қымбат көлік мініп, доллар ұстасаң, күн сайын гүл  сыйласаң, серенада ойнатып «серілігіңді» тыймасаң, ғашық болып қалады дедің бе? «Сіз» деп сыйлайын десем, атам емессің! Құрмет көрсететіндей адам емессің! – Қасына үйірілген оқушылары мұғалімдерінің сөзін қостап, дүркірете шапалақ соқты.

...Келе жатырмын ызғырық желдің өтінде. Күзгі бақта тірі жан жоқ желпінген. Жаз өтті ғой білінбестен сырғанап. Күзім келді, тұр көңілім мұз жалап. Біреу соңымнан жүгіргендей болды, жастығым болар мені қимай қайтып оралған. Жалт бұрылып едім, Жұлдыздың өзі екен. Спорттық киімде де сұлу көрінеді екен. Жүгіріп келеді маған қарай. Істі сотқа жеткізбей, арызын алған өзі еді. Енді, міне, маған жетуге асығыс адымдайды. Жаныма кеп бөгелместен, ары қарай желдей есіп кете берді. Мен де қосылдым қатарласып. Қалғандай жұбымыз жарасып. Күзгі желге төсімді ашып, сұлумен жарысқан да бір бақыт екен. Жұлдыз әдейі ақырын жорта ма, әлде мен шынымен жиырма бестегі жарау күшіме ие болдым ба? «Армандар орындалады» деген осы екен ғой. «Ақ сезімімнің ханшайымы, қолыңды берші, қол ұстасып шапқылайық,» – дегім келді қатарымдағы қырмызы гүлге. Осы сәт аруым арындап алға шықты. Мен де бар күшімді жиып, ілесе беріп едім, омақаса қүладым. Белім кілт етіп, шойырылдым да қалдым. Еңбектеп жатып, қызға көз салдым. Ол қайрылған жоқ. Желмен жарысып, алыстай берді. Төрт аяқтап сүйретіліп жатсам да, бұлтыңдаған бөксесін көріп қалдым.

Айзат Рақыш

 

 

2820 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы