• Қоғам
  • 30 Шілде, 2021

ЕЛБАСЫ ЕККЕН НУ ОРМАН

Тәуелсіз Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан  қаласының құрылғанына биыл 24 жыл. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен, Елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді ҚР Жоғарғы Кеңесі 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты.

Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.

2019 жылы 20 наурызда Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың атын экс-президент Н.Назарбаевтың құрметіне Нұр-Сұлтан деп өзгертуге бұйрық берді. Бұндай шешім қабылдаудың да өзіндік себебі бар. Өйткені, астананы оңтүстікте орналасқан дамушы жас қала Алматыдан, орталықтағы жазық дала Арқа төріне ауыстыру ол кезде ешкімнің ойына кіріп-шықпағанымен қоса, айтса адам сенгісіз құбылыс еді.  Міне, сол 24 жыл артта қалды. Қазір көз алдымызда болашақтың, мүмкіндіктің қаласы республиканың кіл мықты мамандарын өзіне тартып, күн санап өсіп-өркендеп, ұлғайып келе жатқан жас қаланы көреміз. 

Осыдан ширек ғасырға жуық уақыт бұрын Есіл өзенінің бойындағы жазық дала бүгінде жасыл желекті заманауи қалаға айналып үлгерді. Елбасы қаланың архитектуралық құрылысымен қатар, адамның жанына қолайлы орта қалыптастырып, қаланы айналдыра жасыл желекке орауды мақсат етті. «Егер адамдардың бәрі ауласына тал ексе, қалалар мен ауылдарда жыл сайын ағаш отырғызылса, біз «жасыл» елге айналамыз. Жасыл желек – елді мекендердің «өкпесі», таза ауа, жанға сая. Біз оны болашақ ұрпақ үшін өсіреміз». Бұл – Елбасының астана құрылысы жүргізіліп басталғандағы айтқан сөзі және бұл тек сөз жүзінде қалып қоймады.

Осы мақсатта 1997 жылы Тұңғыш Президент елорданың айналасына орманды белдеу отырғызуды ұсынды. Бұл жоба «Жасыл белдеу» деп аталып, астананың іші мен оның маңайындағы аймақтарды абаттандыруға бағытталды.

Отырғызыла бастаған жасыл желектерді, кейіннен ауаны тазартуға, қаланы шаңды дауылдар мен желден құтқаруға көмектесетін үлкен орман аймағына айналдыру міндетін қойды. Бүгінде бұл техногендік оазис 15 мың гектарға жуық алқапты алып жатыр. Ал, елорданы қоршай жатқан «жасыл белдеудің» жалпы аумағы 90 мың гектарға жақындаған. Тіпті, бұл аумақ кейбір мемлекеттердің жер көлемінен асып түскен. Мысалы, Сингапур (728,3 шаршы шақырым), Бахрейннің (765,3 шаршы шақырым) жер аумағынан да үлкен.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтың мәліметінше,бүгінде «жасыл белдеу» аумағында 9,6 миллионнан астам ағаш пен 1,8 миллионға жуық бұта өседі. Биыл тағы 900 мың көшет отырғызу жоспарлануда. Мұнда қарағай, шырша, емен, акация, үйеңкі, қарақат бұталары, алма ағаштары, ұсақ жапырақты шегіршін, көде, бозтеректер, талдар, қайың мен қарағаш және тағы басқалары өсірілуде. Осындай алуан түрлі ағаштар қазақстандық астананың айналасындағы орманды алқапты өзінше ерекшелейді, себебі бүкіл Орталық  Азияда мұндай алуан түрлі флораның бір орманда жинақталуы кездеспейді.

Сонымен қатар, орман фаунасын дамыту да қарқынды жүзеге асырылуда. Құстардың, соның ішінде қырғауыл санын көбейту үшін фазанарийді кеңейту және қайта құру жұмыстары жүргізілген. Бұл қырғауыл санын жылына 2 мың құсқа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Қырғауылдарды өсіру – зиянкестерден, жәндіктерден қорғаудың биологиялық әдісі, сондай-ақ, қырғауылдардың тіршілік ету ортасының кеңеюіне ықпал етеді. Сонымен бірге, «жасыл белдеу» аумағында елік, қоян, түлкі, борсық, тиін, кейде бұғылар кездесіп, қарсақ, кекілік сынды құстардың да түр-түрі тіршілік етеді.

Елбасы бұнымен тоқтамады. «Біздің негізгі мақсатымыз – Астананың орманын Ақкөлмен қосып, одан әрі қарай Бурабайға дейін өсіру», – деген талап қойды. Сондай-ақ, Н.Назарбаев «жасыл белдеу» жобасын республиканың  барлық  өңіріне  енгізу қажеттігін айтты. Бас қала секілді, өзге аймақтардың айналасы жасыл-желекпен көмкерілсе, экология да жақсара түседі. Статистика бойынша, ұлан-ғайыр жеріміздің тек 5 процентке жуығын ғана орман алқабы алып жатыр. Айта кетейік, елорда үшін ендігі міндет – жасыл белдеуді Бурабай аймағына дейін жеткізу. Демек, бұл бағыттағы жұмыстардың қарқыны тоқтамайды, керісінше артады деген сөз.

2022 жылға дейін жасыл желек аумағын 100 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда.

Орман алқабының бірден бой алып, жайқалып өсіп кетпеуіне де себеп бар. Тіпті, Арқа жеріне алғашқы ағаштарды отырғызу үшін ол жер екі жыл бойы қазылып, дайындалған, өйткені, Сарыарқаның топырағы құрғақ әрі 30 сантиметр тереңдікке дейін тұз басып жатыр. Бастапқыда өңір-өңірден, шет мемлекеттерден әкелінген ағаш түптері жылыжайда өсіріліп, барынша көп күтімді қажет еткен. Ал қазір түптер 20 жыл бұрын отырғызылған ағаштардан алынып, көбейтіліп жатыр. Бұндай нәтижеге жеткендегі басты себеп – басталған істі Елбасының жіті назарында және бақылауда ұстауы. Жыл сайын орман алқабын тікұшақпен тексеріп, кейінгі жылдары орманды фаунамен толтыруға, оның ішінде орманға қырғауыл ұшыруды да әдетке айналдырғаны.

   Қазақта «Жерге жасаған жақсылық жерде қалмайды» деген керемет сөз бар. Нұрсұлтан Әбішұлының ұстаған қағидасы да осы. Мысалы, жасыл белдеудің арқасында ауа температурасы төмен түсуі және  қыста болатын аязды күндер жиілігі төмендеп, түнде азынап тұратын ызғарлы суық азайып келеді. Бір жағынан, астананың климаты жаһандық процестердің әсерінен өзгеріп отырса, екінші жағынан қарқынды дамып келе жатқан қала мен оның айналасындағы жасыл белдеу жергілікті климатты қолайлы жаққа қарай өзгертуде.

Сондай-ақ, елордадағы желдің орташа жылдамдығы да біртіндеп төмендеп барады. 1998 жылға дейінгі кезеңмен салыстырғанда, соңғы жылдары шаңды дауылдардың жиілігі үш есеге (жылына 15-тен 5 жағдайға дейін), ал боран бір жарым есеге (38-ден 22 күнге дейін) және тұманды күндер (35-тен 21-ге) дейін азайған.Сонымен қатар, елорда аумағында жаңбырсыз кезеңдердің ұзақтығы қысқарып, жауын-шашынның жылдық мөлшері біртіндеп артып келеді. Осы өзгерістердің барлығы астананың  климатын ондағы тұрғындар үшін жағымды ете түсуде.

Орманның ішінде алғаш отырғызылған ағаштардың биіктігі 20-25 метрге көтерілген. Бұл, біріншіден, халықтың демалатын жері болса, екіншіден, жазда ыстықтан сая, қыста желден қорғайтын қалқан болмақ. Алдағы жылдары Астана орманын  Бурабай автожолы бойымен жүргізіп, Бурабай орманына қосу жоспарлануда. Жоба жүзеге асса, бұл орман жолақты жасыл белдеу Орталық Азияда баламасы жоқ жасанды орман алқабына айналуы мүмкін.

Жалпы, Қазақстанның орман алқабы 5 пайызды құраса, дүниежүзі бойынша орманды алқап құрлық бетінің 1/3 бөлігін алып жатыр. Бұл 4,06 млрд гектарды құрайды. Басқаша айтқанда, Жердің әр тұрғынына шамамен 0,52 гектар орманнан келеді. Әлемдегі ормандардың жартысынан көбі (54%) тек бес елде орналасқан: Ресей Федерациясы, Бразилия, Канада, Америка Құрама Штаттары және Қытай. Әр мемлекеттегі орман алқабы көрсеткішін бөлек қарастырсақ:

Ресей Федерациясы – 815 миллион гектар – 20%;

Бразилия – 497 миллион гектар – 12%;

Канада – 347 миллион гектар – 9%;

АҚШ – 310 миллион гектар – 8%;

Қытай – 220 миллион гектар – 5%;

Қалған мемлекеттер 1870 миллион гектар – 46%.

Барлық ормандардың 30 пайызы негізінен өндірістік мақсатта қолданылады. Дүниежүзінде, шамамен, 1,15 млрд га ормандар бірінші кезекте сүрек (древесина) және орманның ағаштан басқа өнімдері үшін қолданылады. Сіз ағаштан киім киіп жүргеніңізді білесіз бе? Байқамаған болуыңыз да мүмкін, бірақ соңғы жылдары осы ағаш сүрегі тоқыма өндірісі мен балаларға және үлкендерге арналған үй киімдері өндірісінде алғашқы орынға шыққан. Ағаш сүрегінен мата табиғи жолмен жасалатын болғандықтан, денеге аллергия бермейді, ауа өткізгіш және жібек, атлас сынды маталардан бағасы едәуір қолжетімді. Сондай-ақ, ағаш сүрегі екі қайтара өңдеуге келетін материал. Тіпті, Еуропада экологияны қолдау мақсатында әйнекті де ағаш сүрегінен жасап шығару жолдары іздестірілуде. Жалпы, жылдан-жылға адамдардың көбі табиғатқа жанашырлықпен қарауды үйреніп келеді. Мұнайдан бәрі жасалғанымен, одан қалатын қалдық та көп. Қaлдықтaрды екінші қaйтaрa өңдеу экoнoмикaлық тиімді құбылыc. Әcіреcе, мaкулaтурaны өткізу aрқылы 20 aғaштың өмірін caқтaп қaлуғa бoлaды. Aл aғaш тaзa aуa кепілі екенін де ұмытпaғaнымыз aбзaл.

Қaзaқcтaндa бір aдaм жылынa 140 киллoгрaмм қaғaз жұмcaйды. Бір ғaнa aдaмның бір жылдық қaғaзы үшін биіктігі 8 м, диaметрі 14 cм бoлaтын 4 aғaш кеcіледі. Aл ocындaй aғaштaрды өcіру үшін кем дегенде 20 жыл уaқыт қaжет.

Қaғaзды мaкулaтурaдaн дaйындaу электр энергияcын үнемдеуге де cептігін тигізеді. Жылынa 9 млн тонна мaкулaтурaны пaйдaлaну 15018 млн ккaл электр энергияcын үнемдеуге мүмкіндік береді. Оcының aрқacындa үнемделген электр энергияcынa қocымшa 8-9 млн тoм кітaп шығaрca бoлaды.

Орман тақырыбының келесі бір өзекті мәселесі – оны өрттен қорғау. 2015 жылы тропикалық белдеудің 98 миллион гектарға жуық орманы өрттен зардап шекті, сол жылы  орман алқабының шамамен 4 пайызы өрттен жойылды.Десек те, қуантатын бір жайт – әлемдегі орман алқабының 93 пайызы (3,75 млрд. га) өздігінен табиғи жаңартылатын ормандарға жатады.

Еуропа ғалымдарының зерттеуінше, дүниежүзіндегі халықтың саны тұрақты өсіп отырған уақытта, ғаламшардағы адамдардың көпшілігі өмірінің белгілі бір кезеңінде халық тығыз орналасқан қалалық жерде өмір сүру ықтималдығы өте жоғары. Сондықтан, ғалымдар денсаулықты сақтау үшін қалалардың жасыл желекке айналуына қол жеткізу аса маңызды деп санайды.

Шығыс Англия университетінің зерт-теулері бойынша қалалардың жасыл желекке орануы II типті қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, мезгілсіз өлім, мезгілсіз босану, стресс және қан қысымының жоғарылау қаупін төмендетеді. Осы аурулардың бірқатары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тіркемесінде көрсетілгендей, әлемдегі өлім-жітімнің негізгі 10 себебі болып табылады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері бойынша, 2030 жылға қарай әлем халқының 60%-ы қалаларда, ал әрбір үшінші тұрғыны жарты миллионнан астам халқы бар қалада тұратын болады. Халық тығыздығының артуы үй тұрғызу үшін ағаштарды шауып, жер босату дегенді білдіреді. Бұл қалалық ландшафттарды одан әрі тартымсыз етіп, ауыл мен қала өмірінің арасындағы алшақтықты арттыратын болады. Эстетикалық сипаттан басқа, қалалар ластану, түтін және температураның көтерілуі сияқты үлкен проблемаларға тап болады. Ғалымдар бұл мәселелердің шешімі – өсімдіктер мен ағаштарда деп санайды. Сондай-ақ, урбанистер аталған мәселенің заманауи шешімі – жаңа салынған үйлердің шатырлары мен қабырғаларына өсімдік, ағаш отырғызылып салынуы керек деп есептейді.

Париж астанасының мэрі Анн Идальго 2020 жылы «қалалық орман» құрғанын мәлімдеді. Билік қаладағы температураның көтерілуіне қарсы бағытталған қаланың төрт бөлігінде «балғындық аралдарын» құруда.Басшылық 2030 жылға қарай Париждің 50%-ы жасыл желекке оранады деп жоспарлаған. Бұл мәселені шешу үшін билік бос жатқан әрбір сантиметрді қарастырып, соның ішінде үйлердің шатырына да ағаш отырғызуды қолға алмақ.

Сол сияқты Ұлыбританияның үкіметі қалаларға көбірек ағаш отырғызуды міндеттеген. Былтыр жарияланған 10 миллион фунт стерлинг жоспарына сәйкес Лондоннан Шотландияның Абердин қаласына дейін 130 000 ағаш отырғызылмақ.

ҚР ЭГТРМ басшысы М.Мырзағалиевтің айтуынша, Қазақстан орман алқабы аз мемлекеттердің қатарына жатады. Орман қорына жататын жерлердің жалпы көлемі 30 млн га құрайды және республикамыздың 11%-ын алып жатыр. Ең көп орманды алқаптар – Қызылорда, Жамбыл облыстарында. Ол жерлерде негізінен сексеуіл өседі. Сонымен қатар, балқарағай, майқарағай, самырсын және шырша сияқты аса құнды ағаш түрлерінің қорлары Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарында шоғырланған.

Қазақстан Президенті биыл қыркүйек айындағы Жолдауында елді ауқымды көлемде көгалдандыру мақсатында орман қорында 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызуды және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызуды тапсырды.   Осыған байланысты уәкілетті министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда өңірлер бойынша ағаш отырғызу көлемі анықталған.   Мәселен, әкімдіктер табиғат және орман алқаптарын қорғау мекемелерінің күшімен 464 мың гектар аумақта 1,1 млрд ағаш отырғызатын болады. Барынша көп мөлшерде ағаш отырғызу Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында жоспарланып отыр. Бұл ретте аталған мөлшердің негізгі үлесі сексеуіл отырғызу арқылы жүзеге асырылады. Оның ішінде Арал теңізінің құрғап қалған бөлігінде де осы жұмыстар атқарылмақ. Ал республиканың орталық өңірлерінде  қарағай, шырша, қайың сияқты негізгі орман құраушы тұқымдарға жататын ағаштар отырғызылатын болады.

Көріп отырғандарыңыздай, Жер Ана – Табиғатты аялау әлемнің түкпір-түкпірінде қарқынды жүргізіліп жатқан маңызды іс-шаралардың бірі. Соның қатарында Елбасы бастамасымен жазық далада жасыл желекті заманауи қала тұрғызу  еңбегін айтпай кетуге болмайды. Ата-бабамыз «ұрпаққа мал қалғанша тал қалсын» деген асыл ұғымға сенген.

Жасыл белдеумен оранған астанамыз – әлемнің экологияны сақтау бойынша жобасына қосқан үлесі біршама деп білуіміз қажет. Сондай-ақ, осы орман өсіру үрдісін еліміздің әр өңірінде сондай қарқынмен жүзеге асырса, Маңғыстауда жылқылар аштан қырылып, түйелер картон жемес пе еді?.. Десе де, орман өсіру басқаның міндеті екен деп қарап отырмауымыз керек. Талаптансаң тал-терек түгілі, бүтіндей бір орман жайқалтуға болады.

Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

 

7655 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы