• Әдебиет әлемі
  • 30 Шілде, 2021

Тәңір мені тылсымнан жаратқандай...

Толқын  ҚАБЫЛША

Байлық та, бақ та, тұғыр да, тақ та мәңгі

 емес,

Атақ та, даңқ та, аярлық барда,алдамшы.

Өткіздім жылдар, өткеріп келем сан белес,

Арқама тимей ар қамшы.

Самалы таңның, саумалы жырдың

 жұтқаным,

Құлқынның құлын, сатқынның сырын

 ұқпадым.

Таңсәрідегі Тәңірдей құштым әлемді,

Жақсының туын жықпадым.

Отанды сүйдім, опасыз ойдан сақтандым,

Өмірді сүйдім, өртене жаздап, шақ

 қалдым.

Өзімдей көрдім, өзімдей сендім талайға,

Өне бойымды өлеңдей мынау, ақтардым.

 

Күңкілдеп күлген күншілдің өзін ақтадым,

Күдіктен ада бойтұмар болды таққаным.

Күнгей іздедім, көлеңке достың өзінен,

Кінәсіз дедім, сақтадым.

 

Болмыспен осы бақ пенен сорды құшақтап,

Жалғанға сендім, арманға сендім

түсі аппақ.

Адамның бәрі алғаусыз болса дедім мен,

Айналам түгел кеткен сәттерде ұсақтап.

 

Байлық та, бақ та, тұғыр да, тақ та

баянсыз,

Атақ та, даңқ та, алдайды кейде аяусыз.

Сағынып кешкен жылдардың

самаласындай,

Көңілім ғана ,

Көңілім менің қаяусыз…

 

***

Жан ләззат алған,

Әр мезет ғұмыр,

Әр сәтім, бақыт, білесің.

Сәттерге тұнған тағдырымда жүр,

Сезімнен алар үлесім.

Өлең боп кешкен күндерді сүйдім,

Өлең боп сүрген жылдарды,

Өзгенің бәрі «тіршілік» дейтін,

Өзіңе таныс «күресін».

 

Минуттарында «мәңгілік» тұнған,

Махаббат қана мазмұнды.

Сағынып кешкен жылдарым маған,

Сый етсін, мейлі аз күнді.

Сүйініп тұрып, сүйе алмай кеткен,

сағаттарым да сәулелі,

Саусағым құшқан қаламым ғана,

Сезеді мендік әурені.

 

«Уақыт сыншы» деп,

«Уақыт емші» деп,

Жұбанатындар көп,білемін.

Жылап тұрса да,

Жұбаныш күтпей,

Жыр жазар жалғыз жүрегім.

Жаныммен сүйген жалқы мезетте,

Жаутаңдап қалған сезімдей,

Жан-тәнімдегі іңкәрлік қана,

Кешетін мұңды көз ілмей.

 

Жан ләззат алған,

Мезетте мендік «өмір» бар,

оны,білесің.

Білесің бәрін,

Білмеген болып,бейдауа ғұмыр сүресің.

Бақыт та, сор да,

Базына айтқызбас,

болмыстың сендік бағамы,

Біз құша алмайтын шаттық та, мұң да,

Дәл өзің сынды бағалы.

 

***

Менің мұңлы көз жасымдай,

Ар алдында ағыл-тегіл ақталған,

Сыйланбаған гүлдер қалды,

Кезікпеген түндер қалды,

Біз кешпеген көктем қашты бақтардан.

Қайтсем екен сағынышты?

Саф алтындай жан-тәнімде сақталған.

 

Қоштаспаған перрон қалды,

Ұшақ алып ұшты бәлкім,

Үмітімді тым алыс.

Сені сүю қасірет пе?

Мені сонша ғашық еткен,

Сені көрген мезет пе әлде, қуаныш?

 

Сен құшпаған сәттер қалды,

Кеудемде сол әттең қалды,

Жүрек бүгін өкінішін ақтарды.

Мен әлдилеп отырармын,

Сен жек көрген адалдықты,

Саған енді жолданбайтын хаттарды.

 

Қанатымдай ұша алмаған,

Өн бойымда тұсауланған,

Құштарлығым бір күн мәңгі сөнгенде.

Қимастықтың бұлты ғаріп,

Көк аспаннан нөсер болып төнгенде,

Сен селт етпей күн кешерсің,

Сені сүйген өлең қалар шерменде.

 

***

Жер мен Көктей таныдым ба алыпты?

Кеудемдегі сүйемін бе жарықты?

Ізгілікте бар ма менің үлесім?

Кім жеңеді кереғарлық күресін?

Күллі әлем алақандай ап-анық,

Күллі жанар бір нүктеге қадалып,

Күрсінеді ғалам іштен тынғандай,

Күнтізбеден күліп шығар күн қандай?

Көзді арбаған бақ па, сор ма, маңызды?

Жаратақаным тіл қататын тәрізді.

Жер бетіне жетпей бәлкім, мейірім?

Сынап жатыр адамзаттың пейілін.

Күбірлейді жахан үні құлақта,

Күмілжіген жан менен тән сынақта.

Күллі әлемді қауызына сыйдырып,

Батқан күнді базынасыз сый қылып,

Бір тамшыдан мына мені жаратқан,

Құдіретпен сәтім көп пе санасқан?

Аспан үнсіз тағылымын төккенде,

Шұғыласы маңдайымнан өбкенде,

Өтедім бе жер ананың қарызын?

Өтедім бе адамзаттың парызын?

Қарашыққа үміт жасын тұндырып,

Көлбеңдейді ғұмыр дейтін құндылық.

– Жер ананың сақтай гөр, – деп бесігін,

Тәңірімнен сұрап тұрмын кешірім…

 

***

– Есіңде ме?

Ол мезгіл ақпан еді,

Қыламық боп қар түсіп жатқан еді.

Аппақ қардай жанымды аршып алып,

Сен мені қиянаттан сақтап едің.

Жаратқанға қол жайып, сауға сұрап,

Мен сені тағдырымнан тапқан едім.

– Есімде әлі…

Ол мезгіл көктем еді,

Бір іңкәрлік беймезгіл көктеп еді.

Бір нәзіктік сүйген сәт көктемені,

Қайтқан құстың сазындай сағынышпен,

Құдірет боп жанымды өбкен едің…

– Құстар, құстар,

мегзейді көкте нені?

Беймәлім ғой біздерге көк дерегі.

Адалдыққа ұласты көксегенім,

Сонау зеңгір куә боп қимастыққа,

– «Аманат» деп көз жасын төккен еді.

– Ал, қазір ше,

Ұқтырам көпке нені?

Мезгіл өтті. Бір үміт көктемеді.

Аңсарымды ай құшқан ғұмырымда,

Ақ жауынға несіне өкпеледім?!

Аманатқа қиянат ете алмайтын,

Адалдық қой.

Ол үшін сөкпе мені!

 

***

Сағыныш жоқ.

Жоқ сезім.

Сабылыс та.

Сәттер ғайып,

Аңсаған, алып-ұшқан.

Селт етпейтін қорқамын кескінімнен,

Жүректегі қорқамын жарылыстан.

Арман ғайып.

Нәп-нәзік үмітім де,

Жапырақтай кезім бұл үгітілген.

Мезгілдердің жоқ ешбір айырмасы,

Жоқ айырма, сәт, минут, күні, түннен.

Мейірімге мұқтаждау мезеттердің,

Өкінішін келді ме тез өткергім.

Қанат бітіп, ұшпайтын ешбір жаққа,

Тоты құсқа тапанша кезеп көрдім.

Безіне алмас өзінен, тағдырынан,

Бейшара құс шырылдап, салды бір ән.

Күнге ұқсайтын көзімнен шуақ іздеп,

Бұлт астында өксиді жан шұғылам.

Тапқым келіп ең ізгі сәттерімді,

Парақтаймын күнтізбе, дәптерімді.

Күнбатыс пен Күншығыс арасындай,

Қайда апарып жасырам әттеңімді?..

 

***

Бір жылылық ескендей жан нұрынан,

Бір жылылық ескендей тағдырымнан.

Жан самалын жеткізсең жырақтардан,

Жаратқандай толқиды жан құбылам.

 

Таңғажайып бір алау сөнбегендей,

Тағдыр осы сезімге шөлдегендей.

Тәңір мені тылсымнан жаратқандай,

Тәңір мені ұшықтап, емдегендей.

 

Толқыныстан өн бойым мың құбылып,

Тағатыңа қараймын сырды бүгіп.

Тағылымың ұқсайды адалдыққа,

Таң шығына ұқсайды мендік үміт.

 

Болмысыммен бақ құшып, күлімдеген,

Жолдарымды іздейін сүрінбеген.

Сен менің Темірқазық жұлдызым бол!

Жазмышымның көгіне ілінбеген.

 

***

Қуанғым келіп,

Гүл десте тағып шашыма,

Сәттерім қанша,

Сүйінген, сенген, жасыған?

Сәттерім қанша тасыған?

Өзімді қойшы, алдай алмайтын өмірді,

Көп ішіндегі жалғыздығымнан шошынам,

Ғұмыр дегенің осы ма?

 

Жалықтым бәлкім,

Жасандылықтың тезінен,

Уақыттан, мұңнан,

Шаттықтың тіпті өзінен.

Жабығып жүрмін,

Жалқы бір күймен алысып,

Сағынышымнан қалайша,

қайтіп безінем?!

 

Нәзіктігімді білдім бе?

Тәңірді көрдім,

көзінен кейде гүлдің де.

Кездерім қанша,

Жазықты болып  үлгірген?!

Кездерім қанша?

Қарашығымнан  күн күлген,

Күйтабақтағы қоңыр әуенге қосылып,

Қимастық дейтін құдірет болса,

көндім мен,

Жазмышқа осы сендім мен.

 

***

Көктем келді, құлпырып лала гүлмен,

Қызғалдақтай ең сұлу жанарыммен.

Мен әлемге қараймын мезгіл болып,

Нәзіктікке айналып барамын мен.

 

Сұлулық боп тербелем, қарашықта,

Гүлге ұқсаймын, ұқсаймын жаңа шыққа,

Жапырақ боп құшамын үміттерді,

Жауқазынмен аламын таласып та.

 

Раушан гүлі секілді күлтелерім,

Күліп тұрып, мұңайып үлгеремін.

Менің жаным көктемдей құбылмалы,

Сағынышым – сары күз, жел-дерегім!

 

Гүл де мейлі, ең сұлу жыр де мейлі,

Ашылмайтын құпия, сыр де мейлі,

Аспан сынды алғаусыз болмысымды,

Бірде бұлтты, ал, бірде күн де мейлі.

 

Мен осылай жаралғам, ғашықпын мен,

Кездерім көп, сәбидей тасып күлген.

Гүлге ұқсаймын, ең сұлу, ең аяулы,

Армандарға ең ізгі асықпын мен.

 

Сүйер болсам, жанымды жасырмаймын,

Жанарыңда жалт еткен, жасындаймын.

Ғажайыппын, жұмбақпын, ғаламмын мен,

Адалдықтан өзгеге бас ұрмаймын!

 

***

Кездер қайда,

Ғарышқа ұшып, самғаған?

Зау биікте қанатымыз талмаған.

Кездер қайда,

күлкімізді күн құшып,

Құмарына түннің өзі қанбаған?!

Кездер қайда, аспан асты, жер үсті,

Екеумізге бақыт жырын арнаған?

 

Жыр төгіліп, саз құйылып тілімнен,

Кездер қайда?

Сүйген, сенген, сүйінген.

Кездер қайда?

Көздеріңе елжіреп,

Ғазиз басым, алдыңа кеп иілген.

 

Күннен, айдан, алапат мұң, ғасырдан,

Жанарыңа жан сырымды жасырған.

Адалдыққа ынтызар боп сендегі,

Алып -ұшып, мойныңа кеп асылған.

Кездер қайда?

Ең аяулы сезіммен,

Жазмышың боп мен табылған қасыңнан.

Сен қайдасың, Асылым?

 

***

 

Күлкіге де күрсініс, мұң тұнатынын,

Қимастықтың кеудемде бұлқынатынын,

Тынысыңсыз мына әлем,

тұншығатынын,

Тағы да ұғындым мен.

 

Шын сүйсең,

қызғануға хақың болатынын,

Тағдырға да тура айтар датың болатынын,

Жазмышыңнан жырақтың жақын

болатынын,

Бұрын білгем.

 

Кеудеңнен үміт қашса,

жан тоңатынын,

Ғажайыптың ғұмырда аз болатынын,

Бұлттың да күнді көрсе,

назданатынын,

Сезген сәт, суындым мен.

 

Тәңірдің де тылсымды сүйетінін,

Күнге де,

кейде салқын тиетінін.

Таулар да сүйсе, басын иетінін,

Мойындап,

Көкті құшып, жылындым  мен.

 

Түннің де жалғыздықтан сыздайтыны,

Мейірімсіз жер беті мұздайтыны,

Аспанның да, түнеріп, аңсағанда,

Ақ жауын боп, ғаламды қозғайтыны,

Ақиқат,

Ақын болып туылдым мен.

 

***

Ғажайыпқа бар жаныммен сенемін,

Сеніп өтем,

Сұрамаңдар себебін.

Ешбір адам өлшей алмас мен сүйген,

Кеудемдегі сағыныштың көлемін.

Жанарыма жарты әлемді сыйдырған,

Құдіреттей менің болмыс-өлеңім.

 

Сынамаңдар неге осынша ғашық? – деп,

Сынамаңдар, жылап қалсам, жасық, – деп,

Сұрамаңдар өзге ешкімнен мен жайлы,

Алып-ұшқан сәттерімді тасып көп.

 

Өзге түгіл,

Өзім де ұқпас хәлім бұл,

Өзегімде өшпейтін бір жалын жүр,

Өліп-өшіп мен сүйетін ғұмырдың,

Өн-бойында бүлкілдейтін тамыр-жыр.

 

Мені осынша аяулы етті нәзіктік,

Минуттан да мәңгі сұлу саз ұқтым.

Мен осынша кінәсізбін Тәңірдей,

Мен осынша болам кейде жазықты.

 

Сезімімдей өлшенбейтін көлемі,

Ғажайыпқа сеніп өтем, сенемін.

Мен әлемді сүйем әлі сәбидей,

Сүйіп өтем,

сұрамаңдар себебін!

 

2682 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы