• Әдебиет әлемі
  • 29 Шілде, 2021

ЕСІЛ-ДЕРТІН ЖАУЛАҒАН БЕЙНЕ

Нұрдәулет АҚЫШ

...Құсайынның:

 – Ал енді біздің елімізге барайық. Әкем Сүлеймен отыратын Сужарған деген мына тұрған жер ғой, – деп жата-жабысқанына қарсылық көрсеткен жоқ. Дәл қазіргі күндердегі негізгі жұмысы салынғалы жатқан шкөлге жылу жинау. Мұны естіген ол: «Оның да ретін келтірермін. Саспашы өзі» деп тағы үміттендіріп қойса, қалай көнбесін. Балаларды Ерғали ақсақал мен бәйбішесіне аманаттап, Сүлеймен сұлтанның жайлауына қарай аттанып кеткені де сондықтан.

Екеуінің танысқаны әлгінде ғана. Коменданттың қабылдауынан шығып келе жатқан Ыбырайым қараңғылау дәлізде қараңдаған әлдекіммен бетпе-бет соқтығысып қала жаздап еді. Орынбор зиялыларының ортасында қалыптасқан дағдысымен:

– Пардон! – деді де, кекжең етіп кері шегініп кетті. Анау да таза орыс тілінде:

– Кешіріңіз! – дегенді айтып үлгерді.  Үні таза, жас адамдікі. Көз тоқтатып, түстей қарағанында, әлгі адамның нұсқасы қазақ тәрізді көрініп кетті. – Кешіріңіз, сіз Алтынсарин боласыз ба?

– Иә, мен Алтынсаринмын.

– Кешіріңіз тағы да, – деп әлгі жігіт сол орысшалаған күйі қолын ұсынып. –  Оренбург кадет корпусының тыңдаушысы Құсайын Жәңгіров. Мен сіз туралы естігенмін.

Бай ауылға түскен мейманның қарны тоқ, тоқжарау мініс көлігі де аш қалмайды. Діттеген шаруасына байланысты сөздің ретін ыңғайлап, ептестіріп жүрген – баяғы Құсайынның өзі. Бір қызығы – Ыбырайымның жұқалап сездірген ескертуі әсер етті ме, әлде өзіне де оңтайлы ой түсе қалды ма, танысқан кездегідей тек бірыңғай орысшаның шалғайында кете бермей, ішінара қазақша сөздердің де басын қайырып қоятын болған.

– Әкемнің мекені  – Шұбалаң, Сужарған деген қоныстар. Жаз жайлауы, қыс қыстауы бір -біріне жақын. Осы өңірдегі жайлы жерлердің бірі. Осынша жақсы жерді жайлап отырғаны әкемнің беделінің арқасы ғой.

 Өзі үшін таңсық аймаққа келген Ыбырайымды әсіресе  елең еткізген – екі нәрсе. Оның  біріншісі – Сүлеймен сұлтанның жаз жайлауының бұл өңірде сирек кездесетін әрі шұрайлы әрі көрікті жерде болып шыққандығы. Көңілін еріксіз аударып әкеткен екінші жағдай – бастан-аяқ қазақша киінген орта бойлы, сәл толықтау көрінетін ақсары бойжеткен. Базбір сұлулар сияқты қасы-көзі қиылған, алма мойын, ай қабақ  көріктінің нағыз өзі деуге келмес. Соған қарамастан, жұқалау қасты, дөңгелек жүзді, бір көргенге сүйкімді жан. Сөзден сөз туа келгенде ұққаны – бұл бойжеткен Құсайынның бәйбішеден бірге туған қарындасы болып шықты.

Көзінің сұғын қадай бергеннен тыйыла қойғаны – осы жағдайды естіп алғаннан кейін ғана. «Ұят-ау, жолдас болып жүрген азаматтың қарындасына көз салғаным» деді ішінен. Кеңесті мол әңгіменің арасында, дастарқан үстінде бәрібір көңілінің әлденеге елегізіп отырғанын аңғарды.

– Ертең түске қарай, – деді Құсайын Ыбырайымға, – әкем ел жақсыларын шақырып қойыпты.  Баяғы менің демалысқа келген құрметіме той жасамақ қой. Сол үлкенді-кішілі байлар бас қосқан кезде сенің шаруаңды айтармын.

Ұйқысы шала, көңілі ала Ыбырайым емес пе, «Жақсы лепес – жарым ырыс», осынау сөзге көңілі демделді де, арқа-басы кеңігендей бір жайлы ахуалдың ығына жығыла берді. Тек бір сәт тыныштық таба қалған сәтте көз алдына елестей кететін – тағы да сол бір рет қана көріп үлгірген түлкінің баласындай үлбіреген бейне. Неге үлбіреген, ол жағына бас ауыртқысы келмейді…

Соған қарамастан, ертеңгісін тұрып байқаса, ұйқысы әбден қанып қалыпты.

«Сүлеймен төренің Орынборда оқуда жүрген баласы келіпті. Қасында өзі сияқты оқыған тағы бір қаратаяқ бар дейді» деген жаяу хабардың ауыл үйді аралап, маңайға тарап кеткелі қашан. Айналадағы ел адамдарын, үлкендерді Сүлеймен төре арнайы шақырмай тұрып-ақ, сәлемдесуді жұмыс қылып жүрген-дердің  қарасы көріне бастаған.

Ас-су қамымен кіріп-шығып қарбаласқан әйелдердің арасынан сол қыздың қылт ете түскен қылпын аңғарып, назары тағы да еріксіз сол жаққа қарай жығылды. Кешегідей емес, енді күннің жарығында әбден анықтап көріп алмақ. «Рас, сүйкімді жан екен, – деп, өзінше қыздың шамасын топшылаған болып қояды. – Бет-пішіні де, дене бітімі де келісіп тұр. Сәл толықтау, Орынбордың қыздарындай қасы-көзін сәл сүрмелеп жіберсе, жұтынып кетейін деп-ақ тұр». «Туһ, неғып осы қызға елжірей қалдым, а? – деді сәлден кейін. –  Тіпті, кеше іштей «нәзік бейне» деп ат қойып алыппын. Әкетіп бара жатқан нәзік болмаса да».

Құсайын сөзінде тұрды. Шкөл ашуға байланысты әңгімені қозғаған – оның өзі емес, әкесі Сүлеймен төре. Қанша айтқанмен ел ішіндегі беделді адам. Осындағы үлкендерге сөзі өтіп қалуы да мүмкін.

Әр тұстан қойылған сұрақтарға Ыбырайымның өзі жауап беріп отыр. Жиын тарқар алдындағы сөздің түйіні «Жақсы, қолдан келгенінше, жағдайларымызға қарай көрерміз. Әйтеуір балаларымыз хат танып, ұлықтардың қызметіне жараса болды. Тек ана бір шоқындырады деген алыпқашпа сөз болмаса» дегенге сайды.

Көңіліне алаң енген Ыбырайымның дәл қазіргі мақсаты – қалайда әлгі сүйкімді жанмен жанасып қалу. Бір қаға берісте әйтеуір қызбен тілдесудің сәті түсті. Ел бар, көз бар дегендей, сөз сабақтастырып, көп сөйлесудің реті келе қойған жоқ. Өзі де мінезі сәл тұйықтау, ұстамды жан ба әлде айналадағы адамдардан қысылды, аты-жөндерін білісіп, қысқаша тіл қағысқаннан ары аспады.

– Әу, оқыған жігітім, – деп қалды шаруа бабымен кіріп-шығып жүрген келіншектердің бірі ретін тауып. –  Еркеммен сөйлескенің жарасып-ақ тұр. Бірақ айтар әңгімең болса, маған-ақ айта берсеңші алдымен. Орыс арасынан келген тікбақайлық болмайды ғой.

Сөйтіп қызбен дұрыстап сөйлесудің жолын ашатын үміт оты да жылт ете түсті.  Бұдан былайғы қысқаша сөз саптасулар осы Дәмегүл жеңгеймен екеуінің арасында ғана болды. Жеңгейдің сондағы сыбыр ете қалғаны  – «Өзім тамырын басып көремін. Кетер кезінде жауабын айтармын». Аттанар алдында естіп кеткені – «Еркем кет ары емес секілді. Бірер күн ойланайын деп отыр. Әрине, осы ауылдан алдымен мені тауып аласың ғой. Оған дейін көңілін саған қарай бұра бермеймін бе» деген тәрізді көңілге медет қылар тиянақты әңгіме.

Кіші Орынборға қайта оралғаннан кейін де, әлдеқандай бір қымбатты затын ұмытып кеткен адамдай көңіл шіркін осы жаққа қарай елеңдеп, тыным табар деген не? Қыздың айтқан бірер күнін тосып жата алмай, ат басын тағы да осылай қарай бұра бергеніне өзі де қайран.

Бірақ келгенімен қырып шаруа бітіре қойған жоқ. Әйтеуір Дәмегүл жеңгейдің септесуімен Әнипамен бірер рет тілдесіп, тіпті қолын ұстауға дейін жетіп қайтқанына мәз. «Қыз деген қолын бекер адамға ұстата ма? Осының өзі маған қарағанын, менде көңілі бар екенін білдірмей ме? Жоқ, аз сөйлесе де, жұғымды, ибалы жан екен. Құдай қосса, осыған тоқталам ғой» деген ойын тиянақтай түседі.

 ...Сол сәтте басына келе қалған: «Байқай қоймас, – деген әлдеқандай сенімді ой. – Кешкі апақ-сапақтың уақыты, бұлдыраған әр қарайғанға үңіле берер деймісің». Деуін десе де, екі көзі ауыл сыртына қарай ақырын ғана аяңдап бара жатқан аттыда. Әлі ымырт үйіріле қоймаған кез, әлгінің сүйреткен құрығы да бар секілді, көзге ілінер ілінбес бірдеменің нобайы сезіледі.

«Түнгі өріске бара жатқан жылқышылар-дың бірі ме екен?» 

Атын тізгінінен тартып, жатқызайын деп еді, сыр мінез емес жылқының тіпті мизейтін сыңайы байқалмады. Ендігі амалы бауыр астынан баспалай бағу ғана. Қиғаштап өтіп бара жатқан салт атты енді сәл  кішірейе  түсіп,  алыстай бергендей еді, енді бір уақыттарда кілт тоқтағандай болды да, тура бері қарай салды. Енді ешқандай күмән қалған жоқ, байқап қалғаны қапысыз.

Сырт киімін ертоқымға арта салып, дәреттен тұрып жатқан адамның қалыбына түсуге тырысып бақты. Желе жортқан ат тұяғының дүрсілі жақындай түскен сайын жүрегінің де дүрсілі қоса күшейе түсті. Тұяқтан көтерілген болмашы шаң кеш қараңғылығында буалдырлана толқиды.

– Әй, кімсің? – деді аттылы анадайдан-ақ айқайлап. Гүжілдеген даусынан-ақ бұл жігіттің күш-қайраты бойына сыймай тұрған қарулы адам екендігі сезілгендей. Орнынан шапшаң түрегеліп, ышқырланып жатқан Ыбырайымның:

– Ассалаумағелейкум! – деп дауыс соза амандасудан басқа амалы қалған жоқ. Әлжуаздау жұмсақ үнді естіген құрықты жігіт екіленбесе де, екпіндетіп төне түсті:

– Әй, екі кештің арасында неғып жүрген адамсың? Мал ұрлайын деп жүрген жоқсың ба өзі?

– Өй, ағасы-ау, қайдағы мал? Мен мына Сүлеймен төренің ауылына келе жатқан кісімін.

– Е, төренің бе? Сен оның жақынысың ба, кімісің өзі? – деді төне түсіп, үңіле қараған жігіт.

– Осында келіп жүретін қонақпын ғой.  Мына укреплениедегі коменданттың көмекшісі емеспін бе? Көрмеген соң танымайтын шығарсыз...

– Е-е, әлгі Құсайын төремен бірге бір қаратаяқ жігіт жүр деп еді, сол емессіз бе? – деді дікілдеген жігіт жаңағы сөзден кейін лезде жұмсара қалып.

– Сол Ыбырайым Алтынсарин деген боламын. Мына ауылмен жекжат болып қалдық, Құсайынның досымын дегендей.

– Құсайын төре жоқ қой қазір. Үлкен төренің өзіне барып жолықпасаңыз…

Ыбырайым ат үстіндегі күпісін алып, асықпай киінді де, сол баяу қимылмен аяғын үзеңгіге салды.

***

… – Қалайсың, жаным, Әнипа?

Жігіттің жүзіне кірпіктерін дірілдете сәл кідіре қараған қыз ұзақ тесірейіп тұрып алмай, түсі жасылға жақын шегір көздерін тайдырып әкетті. Мұның иығына басын қойып, тіпті жабыса түскендей. «Ибалы жан екен. Менен ұялып тұр. Осының өзі-ақ жүрегінің сезімтал екенін аңғартады ғой» деген ойдың серпуімен:

– Жаным менің! – деп дауыстап жібергенін өзі де байқамай қалды. Өзіне тым жанасып кеткен жұмсақ денені қапсыра құшақтап алған уақыттарда қатты толқығанынан тіпті басы да айналып кеткендей болды.

Араларында көп сөз жоқ, құшақтарымен, қимылдарымен, әрі-беріден соң бір-біріне елжірей қараған көзқарастарымен үнсіз тілдесуде. Қыз бір уақыттарда өзінен өзі дір ете түскендей болды да:

– Ыбырайым, мен қайтайын, – деді қарлығыңқы үнімен ақырын ғана сыбырлап. – Іздеп жатқан шығар…

– Қайтқаның дұрыс қой, қайтқаның. Бірақ ештеңе сөйлеспедік қой өзі.

– Сөйлесіп дейсің бе?.. Құшақтасып тұрмыз ғой… Соның өзі жақсы ғой…

– Бірдеме айтсаңшы енді, Әнипаш.

Өзі бір түрлі қызық қыз секілді, қойған сұрағыңа кірпіктерін жыпылықтата түсіп, кідіріп барып қана жауап қатады екен. Бұл жолы да жасқана көз тастағандай болып:

– Не айтам? Өзің айтып жатырсың ғой… Қайтпасам болмас… – деді де, жігіттің құшағынан бұлқынып шыққысы келетіндей ыңғай байқатты. Біреуді сөзімен де, қимылымен де дегеніне күштеп көндіруді дағды қылмаған Ыбырайым да жабысып отырып алмай, қыз қалауына қарсы тұруға жарамады. 

– Әй, сол… мен де жарытып ештеңе айтпаппын ғой… Айта алмай жүрміз ғой.

Әнипа гүлді көйлегінің жаға-жеңін, басындағы тақиясын жөндеген болып, қибыжықтай береді. Осы қимылының өзі сондай жарасымды, сондай әсерлі еді. Жүрегі бір түрлі лоблып шыдай алмай кеткен Ыбырайым лепті қимылмен келіп, қызды тағы да құшағына қысты. Бірер секундтерді өткізіп барып, есі кіргендей болды да:

– Жібере салуға… қимаймын. Бірақ амалым жоқ. Екеуіміз де сын үстіндеміз ғой. Сенің абыройыңды ойлайын шынында да, – деп, алдымен өзі орнынан көтерілді. Қыз өзі ұмтыла түсіп, ып-ыстық жүзін жігіт ерніне жанастырды да, сыртқа қарай асыға ұмтылды.

– Кездескенше, жаным. Хабар Дәмегүлден...

...Қашан көрсе де, ішін бермей, бір қалыпты жүретін Әнипаның толықтау өңінен әлдеқандай сырдың ұшығын аңдау қиын.  Шегір көздерінің көп көтеріле де бермейтін кірпігі көбінесе жігіттің иек тұсына бағыттала беріп, содан жоғары жылжымастан,  тұрып қалады. Жалпы қазақтың ұғымында шегір көздер онша сүйкімділіктің белгісі емес екені мәлім. Бірақ Әнипаның жасыл ұшқынды жанарлары ондай түсінікті мүлде жоққа шығаруға жақын екен. Өзі осындайда айналасына қарамастан, үнсіздікті ғана арқа тұтып, тұра беруден  шаршамас сыңайда.

– Бұлай жасырынып ұзақ жүре бергеніміз екеумізге де қол емес, – деді Ыбырайым неше күннен бері жұптап дайындап келген сөздерін іркіп тұрмастан, түгел шығаруға тәуекел  етіп.  – Басқан ізіңді аңдып, саған қадалып жатқан қаншама көз бар. Ауыл-аймақты айналып өсек те шыға бастаған сияқты. Мен болсам, бас құрайтын жасқа келіп, ағайын-туғанды дәметтіріп келемін. Әсіресе анам байғұс келінін аңсауда. Әнипа, сен келіссең болды, мен үй болуға дайынмын, – деп келіп, қыз көңілін қытықтайтын, жүрегін шымырлатытын біраз сөздердің басын қайырған.

– Ел-жұртқа хабар берем, – деді Ыбырайым төмен жығылған кірпіктердің үстінен қарап тұрып. – Құда түсу жағын ақылдасады ғой қазақ мұндайда. «Осылай да осылай, Сүлеймен сұлтаның Әнипа деген алтын асықтай қызын алатын болдым. Бәлен күні жолға шығатын болыңдар» демеймін бе? Сонан менен «Әке-шешесі біле ме?» деп сұрамайды, «Бәлен уақытта әке-шешесіне құда түсуге барамыз» дейді. Сол кезде сен де даяр тұруың керек.

Қыздың сәл қызғылтым реңіне тағы да рең қосылып, шырайы құбылып алып жөнелер деп күткен. Бірақ ол ойы онша ақтала қойған жоқ. Сол жігіттің иек тұсының айналасына шықпай, сипалақтаған көзқарас. Қоңырқай кірпіктің қағылуы да сирек, әлденені ойлап тұрғандай, тіпті ештеңе ойланбастан, бейжай тұруы да ықтимал.

– Орыстарда «Үндемеу келіскеннің белгісі» деген сөз бар. Онда келісті деп санаймын да, хабар жібере беремін.

Іштей күткені – «Жоқ, жібермей тұра тұр» деген қарсы жауап еді, қыз тарапынан я құптаған, я болмаса қарсылық танытқан ешқандай белгі болмаған соң, сөзді ұзартып жатпастан: 

– Онда бітті, кісі жіберем, – деп сөзді бір-ақ түйді. – Ризамын саған, мені түсінгеніңе – деп, құшағын қысыңқырай берді.

 

***

– Аға, сонда мен осылайша қашанғы кір-қоң жуып жүре бермекпін?

– Дәуренбек, сен жұмыс істедім деп шаршап жүрсің бе өзі? Үшеуіңнің де негізгі жұмыстарың сабақ қой. Үй тіршілігі оған кедергі емес сияқты тіпті. Керек жерінде өзім де көмектесе салам.

– Аға, сонда да болса... Мына екеуін қосып, үшеуіміз жабылсақ та, татитын түріміз жоқ оған.

– Кімге татитын дейсің?  Ей, Дәуренбек-ау, нені айтып тұрсың өзі?

Өздерінше әлденеге қуланып, жымың-дасып тұрған үш ұл осы араға келгенде шыдай алмай, сықылықтай күліп жіберісті. Манадан өз ойының жетегінде үнсіз жымиып қана отырған Ыбырайым Дәуренбекке кеудесімен бұрыла қарады:

– Әй, қулар, іштеріңе бірдемені бүгіп тұрғаннан саумысыңдар? Сендерге не болған өзі? Айтсаңдаршы адам құсап.

– Аға, Дәуренбек әдейі жұмбақтап тұр, – деді Қорғанбек осы арада шыдай алмай. Ағасы жақтан көзқарас ишарасын таныған бала әрі қарай батылырақ кетті: – Дәуренбек  айтады. «Аға келіншек алса ғой. Сонда тамақ істеуден құтылар едік» дейді.

Мына сөзден соң аңырайып отырып қалған Ыбырайым:

– Әй, қулар-ай! – деп кеңкілдеп күліп алды да, езуін жимастан, жымиған күйі үшеуіне жалтақтап қарай берді. – Көкейлеріңді таныдым. Бір бұйырғаны болар.

Үшеуінің анда-санда қыңқылдап қойып, айтып жүретін әңгімелерінің қоюлауы осы. Ағалары мұндайда көбінесе басқа сөзге алдандырып,  алдаусыратып құтылып кете беретін. Енді бұл жолы тайғақсып, тасалай берудің де реті жоқ сияқты.

Ұйықтар алдында айтқан сөзінің түйіні:

– Кім біледі, ұзамай бұл тілектерің де қабыл болып қалар. Ас-су дайындай беруден де құтыларсыңдар, – дегенге сайды. Ағалары пысылдап ұйқы ұйығына бата бастағанына қарамай, кішісі:

– Әйтеуір, жеңгей әкелетін болдыңыз ғой, аға, – деп сөздің тоқетеріне бір-ақ көшті.

Ыбырайым тікелей жауап бермей, ұйықтап бара жатқан сыңай танытып, бір қырына аунап түсті де, шын-өтірігі белгісіз қор ете қалды.

– Құдай бұйыртса болып қалар, – деді Ыбырайым ертеңінде осы мәселені Дәуренбек жақауратып, тағы бір сөздің шетін шығара бастаған кезде. – Сендердің қолдарыңды ұзартпасам болмас. Енді өздерің білесіңдер, келіншек деген қанжығаға бөктеріп әкеле салатын бөктеріншек емес...

 

***

Басқа қыр қазақтарыныкіндей емес, Сүлеймен төренің қыстауының өзі бір сән. Күз салқыны күшейген соң көшпелі жұрттың күзеуден көшіп келіп, қоныстанып жатқан бір қарбалас шағы.

Осы көріністің бәріне жағалата көз жүгіртіп, бәрін тамашалап жатқан Ыбырайымды кенеттен бір бүйірден:

–  Әй, мырзам! –  деген жуан дауыстың селк еткізгені. – Асығып-аптығып қайда  тартып барасың?  Кішкене мойныңызды кішкене бұра кетсеңіз.

Жалт қараса, тура бері қарай салып ұрып келе жатқан салт атты екен. Астындағы қара кер бестіні тайпалтқан күйі жақындай түскенде анық аңғарды, ерге отырысы мығым үйелмендей қызыл күрең жігіт. Осы қалпының өзі кәдімгі жылқышыдан аумайды.

 «Апыр-ау, бұл... жаздыкүні, ана жолы... жайлауда жолыққан жігіт қой. Танымайтын бұл шіркіннің менде не не шаруасы болуы мүмкін?» Үстінде шидем шекпен, басында құлағы салпылдаған көнетоздау далбай. «Айтпақшы, бұл өзі шынында да жылқышы емес пе еді». 

– Ассалаумағалейкум,  мырзам?

Тізгінін тартпастан, сол екпіндеткен қалпы тықыршып тұрған торының жанына жанаса келіп, бір-ақ тоқтады. Бұл жақта атты кісілер кездесе қалса, қол алыспайды, амандық-саулық сұрасу шаруасы «Ассалаумағалейкум!» деп, дауыстарын көтере амандасумен-ақ бітіп жатыр. Мына жылқышы болса ұмсына түсіп, асыққан қалыппен қолын ұсынды. Үнемі ат үстінде жүрген қарулы жігіттің жуан саусақтары темірдей екен, Ыбырайымның қолын шытыната қысып,  қаусатып жібере жаздады. – Мырзам, сен ана төренің үйіндегіге келіп жүрген қаратаяқ емессің бе? – дегені түйеден түскендей дүңк еткізіп. Жаңа ғана «Сіз» дегенін қолма қол ұмытып үлгіріпті. Өзі күтпеген мына сұраққа бірден жауап бере алмай, жолаушы жігіт сасқалақтап қалды. «Төренің үйіндегі» дегені не? Келіп жүргені қалай?» деген ойды іштей тарқата беріп еді: – Мырзам, айтсаңшы меңірейіп  тұрып алмай! – деді қарсы кездескен қарулы гүжілдей сөйлеп. – Ешкім сені жеп қояйын деп тұрған жоқ қой. Адамнан жасырғанды құдайдан жасыра алармысың? Соған келіп жүрсің ғой, ә? 

– Әй, бауырым, – деді Ыбырайым әлгінің күнқақты болған қызыл күрең кесек жүзіне тура қарап. – Дікілдей бермей, жөнін айтсаңшы. Бас-аяғы жоқ, «Төренің үйіндегі» дегенің немене ол?

Қалалық мырзаның  сәл басыңқы естіле-тін жіңішкелеу биязы үні жасықтықтың нышанындай көрінді ме, әлгі жігіт сол күрілдей сөйлеп, әңгімені төтесінен  бір-ақ қойды:

– Өй, әлгі төренің қызын айтам. Ана Әнипа деген қызы ше? Соған келдің бе деймін?

Еріксіз селк еткізетін сөз еді. Жүрек тұсынан бас жағына қарай әлде бір ыстық леп лып етіп шапшып шыға келгендей болды. «Ойпырым-ай, не деп тұр мынау, ей?»

Жан адамға тыс жарып сездіргісі келмейтін, жүрек түбіндегі өзі қасиет тұтқан бір асыл  құпиясы емес пе? Енді сонысын мына еңгезердей жылқышы түйеден түскендей дүңк еткізіп айтып салып, қарап тұрғанын қарашы.

Табиғаты сыпайы, көңілі сезімтал жігіттің не дерін білмей, сасқалақтап қалғаны айдан анық еді. Бірден жауап бере алмай, еріні дірілдей, кекештеніп қалғаны да сондықтан.

– Түрің өзгеріп кетті ғой, мырзам. Ұрлығыңның үстінен дәл түстім-ау деймін!

Ыбырайымның есін жинап алып, тіл қатқаны сәлден кейін барып қана. Онда да айтқаны – «Бөтен адамның жүріс-тұрысында, не істеп, не қойып жүргенінде не шатағыңыз бар?» деген сыңайдағы  таңырқау сипатындағы сұрақтар. Естияр адамның қалпымен:

 – Қай қазақ ауылына келе жатқан қонаққа бас-аяғы жоқ бүйтіп дікілдей сөйлеуші еді. Бұның өзі біле білген адамға  көргенсіздік емес пе? – деді байсалды түрде өзінше ұялту жағына көшіп. Бірақ бұндай жайдақтатқан сөзге қыңқ етейін деп тұрған жылқышы көрінбеді:

– Сен, мырзам, ондай білгіштігіңді басыңа шайнап жақ, білдің бе? Ал егер ана Әнипаға жоласаң бар ғой, енді оңдырмаймын.

Оның мына қоқан-лоққысының бекер емес екені, сол қызға жақын адамның бірі екендігі айтпаса да белгілі болып қалып еді. «Оңдырмаймын» деп тепсінуі де өзіне сенгендіктен, аса қарулы екенін әлгінде қолын шытырлата қысып жібергенде-ақ байқаған. 

– Әй, замандас, – деді Ыбырайым енді не болса да мына ұрда-жықпен жөн сөзге келуді көздеп. – Жігіт емеспіз бе. Былай жөніңді айтсаңшы. Сен сонда Әнипаның ағасы боласың ба өзі?

– Кім екенімді қайтейін деп едің? Құда түсейін деп пе едің? Енді бұл ауылға қарай қия басатын болсаң бар ғой, аяғыңды қырқамын.

– Бұл не дегенің сенің? Патша қызметіндегі адам қай жерде жүрсе де, өзі біледі. Өкімет адамының төре ауылына келмесін деген заң жоқ. Әрі-беріден кейін ұлық адамының қыздан басқа шаруасы болмай ма екен?

– Қайдағы ұлық? Сен өйтіп мені ұлықпын деп қорқытпа!

– Білмесең, біліп қой. Мына Оренбург укреплениесінде істеймін. Мен сияқты өкімет адамы қайда жүрсе де, ешкім тыйым сала алмайды.  Укрепление офицеріне тыйым салған адам көрдің бе өзі? – деді берер ауыз орысша сөзді қосып жіберді.

Кеудесі есікқаптай болып едіреңдеп жетіп келген әлгі есерсоқтың әпігін басқан да – қаратаяқ жігіттің қасқайып тұрып айтқан осы сөздері. Өз басы жай ауыл адамы ұлықпен байланысыпты, байланысса, мерейі үстем болыпты дегенді  естіп көрмегені анық. Керісінше, орыс ұлықтары төбе көрсетті дегенше бүкіл ауыл халқы қырылып қала жаздап, естері шығып жататынын бұның білмеуі мүмкін емес. Қаншалықты әпербақан болғанымен, осындай жағдайлар есіне түсті ме, сәл басылып қалды. Бірақ қайталап айта бергені – кім болса да, төренің мына қызынан басын аулақ салу керек екендігі. Ыбырайымның басында «Өткен жолы Әнипа жастай атастырылған жағының адамдары хабарсыз жүр дегенді айтып еді. Мынау, шамасы, солардың біреуі болмаса не қылсын» деген бір ой зулап өтті.

– Ол қызды неғып сонша өлгенше қорғаштай бересің? Кім болады ол қыз саған?  – деген сұраққа жылқышы турасын айтпай, тайғанақтап, сипалақтай жауап берді. Ойын дұрыстап жеткізе алмай, шатып-бұтқан сөздерінен көңілге қонар бірдеңе ұға алса, қанеки.

– Ал, мырзам. Түсіндің ғой. Есік алдындағы жай жылқышы екен деп мені басынбайтын шығарсыз. Атастырылған жері бар... – деп, атын тебініп кеп қалды.

...Сүйкімді бойжеткенмен оңаша жолығуға қолы жеткен сәтте де жаңағы кездесудің жағымсыз әсері жанын шабақтап, жауырынға кірген тікендей мазасын алып тұр еді. Әнипа болса сәл жымия түсіп, сол бұрынғыша кірпіктерін төмен жыққан қалпы. Жылы ұшқын шашқан нұрлы жанарын тіке қаратпай, сөйлескен адамының иек тұсына ғана аялдатып, үнсіз ғана тұра беретініне  үйренген. Бұл жолы да сол дағдысынан айнымай, ернін жымыра  үнсіз тұр.

Ыбырайымның есіл-дертін жеңіп тұрған – басқа ештеңе емес, жалғыз-ақ нәрсе...

 Көкейінде күлбілтеленіп қадалып тұрып алған әңгімені бірден қойып қалмай, сөзді әріден бастағысы келді:

– Құсайын қайда қазір? – деді Әнипаның ағасын еске алып.

– Орынборда, оқуда.

– Өз жағдайың қалай өзі? Көптен бері сөйлеспедік қой дұрыстап.

– Жақсы.

– Неше күннен бері өзіңді ойлап... әрең жеткенім. Жоғалып кеттің деп ренжіген жоқсың ба?

– Жоқ...

Екеуара өрбіген әңгіменің бар реңі осы. Тіпті бұл осылайша жауаптасқан екеуінің әлгі сөздерін жылы сөйлесті, сырласты деуге де келмейді. Әйтеуір бірдемені айту үшін жігіт түртінектеп әр нәрсені бір сұраған болады, ал сонда қыз аузынан еститіні  – әлгіндей шолақ-шолақ жауаптар ғана. Өз тарапынан шыққан лебіз болса не қыл дерсің. Сонан қисыны енді келді-ау деген бір сәтте бағана ауылға кіреберістегі жылқышы жігітпен арада болған әңгіменің шетін шығарды:

– Сонда ол сені сонша қорғаштағаны несі? Сол жағын түсіне алмай, тіпті де дал болып тұрғаным.

Жылқышының алдынан көлденеңдей шығып, «Әнипаға жолама!» дегенін айтқан кезде, қызыл тонның ішіндегі қыз денесі дір ете қалып, бұзау кірпіктері жыпылықтап кетті. Ернін жымырып алып, тырс етіп тіл қатар емес.Төмен жыққан назарын көтерместен, тіпті де міз бағар деген не.

 Ыбырайым ақыры қадалып сұрап қоймай бара жатқан соң:

– Ол әлгі... – деді Әнипа ақырын ғана. – Ана кімнің... осындағы Төке деген кісінің баласы ғой.

– Аты кім еді ол жылқышының?

– Нұрмамбет...

– Ал Төке деген кім?

– Енді ол кісі осындағы әлгі... Мерген деген елдің байы...

– Сонда, – деді көкейіндегі негізгі мәсе-леге айналсоқтап жете алмай тұрған Ыбырайым. – Сол айдаладағы Төкенің ұлының сен үшін күйіп тұрғаны қалай? Сол жігітті өзің тағы жақсы білмейтін сияқтысың.

Жай күндердің өзінде сөзін тістеуікпен суырғандай етіп әрең шығаратын қыз осы араға келгенде ләм-мим деместен, мүлде меңіреу болды да қалды.

Онсыз да санасында неше алуан ойлар аунақшып, қарадай күйзеліп тұрған Ыбырайымның жан-дүниесі алай-түлей. Өзі ынты-шынтымен жақсы көріп жүрген бойжеткен лез арасында шала танитын бөтен біреуге айналып бара жатқандай.  «Алданып жүргенім шынында да рас болғаны ма?» деген қайдағы бір ызғарлы ойдың ойқастап шыға келгені сол-ақ екен, қызды тастай салып, былайырақ шығып кеткенін өзі де байқаған жоқ.

Үндемесе, үндемей-ақ қойсын, бірақ сол жылқышы Нұрмамбетпен мына Әнипаның арасында бұлыңғырлау бірдеменің бары анық.  Сілейіп тұрып-тұрып, қайтып келгеннен кейін:

– Жақсы онда. Үндемесең, үндеме. Нұрмамбетке жолығып, өзім сұрап алармын бәрін. Өз аузынан естиін,  – деді ақырын ғана.

...Шағын ауылдан Нұрмамбет жылқышы-ны тауып алу бәлендей қиындық туғыза қойған жоқ. Асығыс екендігіне қарамай, енді оның алдынан көлденеңдей шыққан – өзі.

– Сен ана қызды неғып сонша өлгенше қорғаштай бересің, Нұрмамбет? Кім болады ол қыз саған?  – дей бергені сол екен, жаңағы жылқышының:

– Мырза, біліп қойыңыз! Әнипа  – менің жүріп жүрген қызым. Ұзамай қатын қылып аламын мен оны, – дегені төбеден түскендей дүңк еткізіп. 

Қандай әңгімені болсын естуге даяр Ыбырайым дәл алдымнан мынандай жауап шығар деп үш ұйықтаса  түсіне кірмеген.  Әлгі сөз тақ маңдайынан әлдекім қайқайтып тұрып қамшымен тартып жібергеннен кем болған жоқ. Біразға дейін өзіне өзі келе алмай, есеңгіреді де қалды.

Жылқышының тағы бірдемелерді қоқсытып жатқанын естісе де, түсініп жарытса не дерсің. Сәлден кейін барып: – Қашаннан бері жүруші едің екеуің? – деді даусы көмейінен әрең дегенде ысылдай шығып. Үйлемендей жігіттің есіп ала жөнелгені осы арада. Аузынан түкірігі шашырай күмпілдеп, Әнипа екеуінің қарым-қатынасының біраз болғанын, оның «тием» деген сөзін баяғыда-ақ алып қойғанын, енді лайықты уақытын күтіп жүргенін түгел жайып салды. Ыбырайым болса қолмен қойылғандай етіп айтылған мына әңгіменің парқына барып, саналы адамдай тіпті пайымдай алар түрі жоқ. Тек іш жағынан тепсініп келіп,  қайта-қайта  тіл ұшына орала беретін  – «Жоқ, өтірік айтасың! Ол мүмкін емес. Олай болуы мүмкін емес» деген сынды қарсылық нышандары ғана.

– Мырзам, жігітсіз ғой, қанша ұлық болсаңыз да. Ешкімге айтып қоймаңыз, Екеуіміздің арамызда қалсын, – деді де, Нұрмамбет атын тебініп қалды.

Әлгі әңгіме мәңгіртіп кеткен жігіт дағды алып қалған әдісімен Дәмегүл жеңгесі арқылы Әнипаға келгенін білдірді.

Ана жолы ғашығымен алғаш рет жолығар сәтінде өз құлағына естілердей болып жүрегінің қалай дүрс-дүрс етіп соққаны есінен кетер ме? Бойында бар шыдамдылыққа табан тіреп, әдеттегіден ұзағырақ күтуіне тура келді.

Сол баяғы шыбын тайып жығылардай жұп-жұмыр мінсіз өңі қандай да бір құбылған сезім күйінен ада момақан қалпы. Онсыз да адамға тіке қарамайтын қыз Ыбырайымның жүрегін жаулаған әдемі жанарларын ұзын кірпіктерімен далдалап, ерінін жымыра, тымырая қалыпты.

Көкейінде күлбілтеленіп қадалып тұрып алған сұрақты бірден қойып қалмай, әр нәрсені сұрап келіп, негізгі бұйымтайын сонан кейін бір-ақ айтпақ болған. Бірақ Әнипа оған жеткізген жоқ, қазақи ләммен өзінше орағыта сөйлеп келе жатқан  жігіттің сөзін ортан белінен бөліп жіберді де:

– Сен енді келме. Болмайды маған... Сол, – деді өзіне жат қырылдақтау дауыспен.

Тіпті төбесінен әлдекім мұздай суды лақ еткізіп құйып жібергендей дір ете қалды.

Жігіттің неге болмайтынын сұрап қазбалағанына лып еткізіп жауап бере қоятын Әнипа ма, аузынан артық сөз шығып кетердей ернін барынша жымырып алған күйі. Бұдан ары қарай қадала берудің, әлденені түсіндіріп, үгітке салынудың, жалынып-жалбарынудың тіпті де жөні жоқ еді.

Ыбырайым орнынан ақырын созалаңдап тұрды да, ештеңе деместен, атына қарай ілби басып жүре берді. Іші алақұйын боран болып бара жатса  да, сыртына сыр бермеуге тырысып-ақ  барады.

Басқаны күтсе де, қарғыстай болып естілген «Енді келме!» деген мына әңгімені мүлде күтпеген. Ақырын ғана айтыла салған осы бір сөз кеудесіне суық кездікті шым еткізіп сұғып алғаннан кем болған жоқ.

Екі арасы оншақты шақырымдай болып қалатын укреплениеге қалай жеткені де есінде бұлдыр. Бұл жолғы соққының қаншалықты ауыр болғанын дүрсілдей соққан жүрек құрғыры анық аңдатып келеді.  

Үйге жетіп алған соң да жан-дүниесін шабақтап, төңіректеп кетпей тұрып алған неше түрлі күйзелісті ойлар: «Енді келме деп қойып қалғаны несі екен? Неге жылы сөздер айтып, бетін бері қаратпадым екен? Тіпті жер-жебіріне жетіп ұрыспағаным қалай?  Мынауың дұрыс емес деп, дәлелдеп көзін неге жеткізіп кетпедім? Қорыққан адамдай жылыстап кете бергенім қай сасқаным?»

Әлдеқандай ойлар басына кірсе болғаны, соның төңірегінде әуреге түсіп, неше түрлі қиялға беріліп кететін баяғы сол жаман әдеті...

...Әдетте артық сөзге жоқ Қорғанбек бір күні ағайынды үшеуі бірыңғай оңаша отырғанда:

– Дәуренбек, осы сен байқадың ба? Ыбырайым аға...– дегені аяқ астынан.

– Немене, Ыбырайым аға?

– Аға бір түрлі болып жүр ғой өзі.

– Бір түрлі болғаны қалай?

– Өзің байқамадың ба?

– Иә, байқадым, – деді Дәуренбек ағайының өңін көз алдына елестетуге тырысып. – Жүдеп қалған сияқты. Сақал-мұрты да өскен.

– Ол солай... өскен. Мен оны ғана айтып тұрған жоқпын. Кейде өзімен өзі сөйлеп, төбеге қарайды.

– Иә, сөйтеді, – деп Әбдібек те өзінше сөз қосқан болып жатыр. – Қабағын түйе береді... Оның үстіне... бізге ертегіні де аз айтатын болды.

Пәтерінде бірге тұрып жатқан бұл үш ұл – нағашыларының балалары. Школ ашылғанша уақытын босқа жібермей, осыларды оқытып, сауаттандырып жатыр.

Укрепление кеңсесі жағынан ілбіп басып үйіне келген Ыбырайым киімін шешіне бастаған уақытта балалардың кірпік қақпастан, өзіне зер сала қарап тұрғанын аңғарды. Әдепкіде онша мән бере қоймаған оның  назарын  еріксіз аударған – аналардың сол  тыпыр етпестен, тапжылмай қараған қалыптары.

– Жайшылық па, ей, ұлдар? Бірдеңені бүлдіріп қойған жоқсыңдар ма?

– Жоқ, аға, – деді бұрын сөзі батымдау Дәуренбек бұл жолы  кібіртіктей сөйлеп. – Біздің сұрайық дегеніміз... менің сұрайын дегенім... Сіз ауырып қалған жоқсыз ба?

– Жоқ, оны қайдан шығардың тағы?

– Аға, онда неге бір түрлі болып жүрсіз?

– Бір түрлі болғаны несі?

– Түріңіз өзгерген... Өзіңіз де басқаша сияқтысыз. Өзіңізбен өзіңіз сөйлей бересіз.

– Қарап тұрсаңыз да, бізді көрмейтін сияқтысыз, – дегенді айтқан Қорғанбек.

– Сендерге солай көрінген шығар. Қане, сабаққа дайындық қалай, кезегімен сөйлейікші.

Онсыз да ойсоқты болып, қапалы күйде жүрген Ыбырайымның есіне әлсін әлі түсе беретіні – балалардың осы айтқандары. «Айтып отырғандары рас-ау, – деді ол шәкірттері түнгі ұйқыға кеткен кезде төсегінде аунақши түсіп. – Апыр-ай, мына қалпымда жынданып кетпесем жарар еді...».

1803 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы