• Айтарым бар...
  • 30 Шілде, 2021

Сөздің обалы мен сауабы қайда?

Аян-Сейітхан  НЫСАНАЛИН

Мүңһүр-Мәңһүр алдындағы мойындау

 

Үлкен әдебиет жолы үстінде кім кездеспейді? Ой жоқшысына жолығып қалдым. Әбіржіп жүргендей көрінді. Бір түрлі мұң шаққандай үні құмығып бәсең шықты.

– Сөздің інжу-маржанын іздеп келемін. Табанымнан таусылатын  түрім бар... Жолай Парасат тауына соқтым. Апалы-сіңлілі тәңіриялар (муза) әлдеқандай халықаралық саммит өткізетін болып  қарбаласып жатыр. Бәрі абыр-сабыр сапырылыс (Мәжілісқұмарлықты адамдардан үйренген-ау шамасы). Әйтеуір Каллиопа бүкіл ұйымдастыру іс-шараларын ұршықтай үйіріп алыпты. Терпсихора ақсаңдай басып кешігіп келеді. Евтерпа жөн сілтеді.

– Естисіз бе, анау шыңыраудан ыңырсыған үнді?..

– Ол кім?

– Қазақ жырының перизаты. Бәлкім сапарлас болып қалар.

Бәрі сөзден, сөз саптаудан басталады. Халқының тағдырына жаны ашып, қамын жеп, бойкүйез жағдайына қатты қамығып Абай сонша сөзге баса мән берді? «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел!». Тағы да уайымы сол: «сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?». Хакім «іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын» армандады. «Сөзіңді ұғар ешкім жоқ» дегенде көкірегі қарс айырылады.

Еңбек Ері, ақын Олжас Сүлейменовті не толғандырады?

– Кейінгі 30 жыл ішінде Қазақстанда кем дегенде бір ұлы ғалым, кем дегенде бір ұлы жазушы пайда болды ма? Жоқ, әрине. Біртуар инженер бар ма? Жоқ. Инженер өзін көрсете алатын өндіріс те жоқ. Бұл құлдырау кітаптың, хаттың, гуманитарлық және басқа ғылымдардың  беделінің  төмендеуіне  байланысты пайда болды. Өкінішке қарай, бұл күрделі тақырып. Кітап оқитын жаңа ұрпақ пайда болуы үшін қанша жыл керек? Біз жазбаша әдебиетке ХХ ғасырда ғана келдік және оны тез жоғалтып алдық, жоғалтып жатырмыз. Егер орыс әдебиеті күшті дейтін болсақ, ол осы кезеңнен аман шығады. Ал, біз тағы да фольклорға, халық ауыз әдебиетіне қайта ораламыз.

(«Қала мен дала», 9 сәуір 2021 жыл).

Жазушы, кинорежиссер Ермек Тұрсынов бей-жай қалсын ба? «Біз, қазақтар, қателесіп қалдық» дейді. «Біз 29 жыл бұрын ел болып жатып дұрыс таңдау жасай алмадық.  Біз билікті халықтың құлы деп келсек, шындығында, олар – қожайын, біз құл екенбіз. Ал, не істеу керек бізге? Бізге мәдени революция керек. Иә, революция десек, шошып кетер базбіреулер. Жәй тілмен айтсақ – бәрін басынан бастау керек: әрбір үйден, әр подъезден, әр ауылдан. Өйтпесе болмайды... Мінеки, мәдениет пен тіліміз құрығаны бізді осындай жағдайға жеткізді».

(«Жас Алаш», 15 желтоқсан 2020 жыл)

Академик  Асқар  Жұмаділдаевтың да  айтары бар:  «Қазіргі Академия бұрынғы Сәтбаевтың Академиясы емес. Қазір академик деп айту кішкене ұяттылау маған. Өйткені, кім көрінген академик болып кетті. Не көп? Академик көп? Не көп? Доктор, профессор көп! Бәрі сұйылып кетті. Сондықтан, бұл менің дұрыс саясатым деп есептеймін. Өзімді ешқашан академикпін деп атаған емеспін. Ешқандай атақ-даңқ, лауазымымды айтпаймын... Жұрттың бәрі поэзияны біледі, құмартады. Ол жақсы. Өйткені, оны түсіну оңай. Ал, математиканы түсіну оңай емес. Бірақ, екеуінің ойлау, сезу әдісі бірдей... Беті жылтырақ болғанымен сәл ойлансаңыз бәрі көбік қой. Біз өтірік өмірді, виртуалды өмірді идеалға айналдырып бара жатырмыз. Әсіресе біздің жастарымыз осындай жылтыраққа, өтірік өмірге әуес болып барады. Бұл қауіпті...

(«Қала мен дала», 12 нуарыз 2021 жыл)

Иегі қышып, олардың аузына ешкім сөз салған жоқ. Кім де болса бүгінгі күннің көкейкесті, тағдыркешті мәселелерін қозғайды. Алайда, тәуелсіздік құқын әркім әрқалай түсінетіндей.

Бұдан біраз бұрын бір басылым «Қазақ баспасөзінің үстіне қара бұлт үйіріліп тұр» деп дабыл қағып еді, сол расқа айналып келе жатқандай. Мынау алмағайып заманда, үрдісі көп уақытқа жедеғабыл үн қосып отыру да жеңіл деп кім айтады? Тырнақтай мақаладан бастап қампиған монографияға дейінгі зор жауапкершілікті көтеру керектігі шарт. Ал, біз ше? Ұсақтық пен дәлдүріштікке бой алдырып, салпақтап жүрміз. Талап қойылмайды. Мәселен, «дөңгелек үстел» деген не? «Жас Алаштың» қонақжай шаңырағы» жақсы емес пе?

«Қазақтың әдеби тілінің сөздігіндегі» байлық қоры 95 мыңнан астам сөз бен тіркес болса, соны игілікке пайдаланып жүрміз бе? Ең әуелі сөз саптауымыз қалай? Көркемдік пен шеберлікті былай қойып, соны бағамдасақ та бір қарызымыз өтелгендей болар еді. Оны қалай болса солай қолдану сөзстандағы бірталай жағымсыз жайларға көз жеткізеді.

Бір жазбагер «Доңыз айғыры – Қабан» деп жазды ұялмай-қызармай. Онда мегежін-шошқаның биесі болғаны да. Бұған не деу ләзім? «Тарының қабығы» несі? Оның қауызы бар емес пе? «...көш шөкті» дейді. Ау, көш шөгетін түйе ме? Көш-керуен тоқтайды, аялдайды. Сонан соң ауыл-үй қонады, шаңырақ көтереді, уық шаншиды. Бұлар су бетіне қалқып шыққандардың кейбірі. Сонда сөздің обалы мен сауабы қайда? «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп баспасөзге үлкен сенім артатын қайран Ахаң (Ахмет Байтұрсынұлы) бұндайда басын шайқап, тілін тістер еді.

Бұлардың бәрі ненің табы? Сөз саптаудағы салақтық, салқындық пен немкеттілік қана ма? Жауапкершілік жүгін тым жеңілдетіп алған жоқпыз ба? Ондай-ондай кінарат газет-журнал айналасында жүргендерде ғана емес, ақын-жазушыларда ұшырасып, жыртылып айырылады. С.Шаймерденовтың бір хикаясында Джоконда телміре үңілген кісіге мұртынан күліп қарайды. Сұлу жыныс өкілі ұмсынғанға жәй миығынан жымиып көз жүгіртпей ме? Сол жазушының тағы бір кейіпкері шайға қымыран қосып жүр. Ол іріп кетпей ме? Марқұм қаламгер Ж.Молдағалиевтің әңгімесінде ауыл әтештері «кукараку» деп шақырады. Т.Әсемқұловтың туындысында күшіктер балапан болып кеткендей шиқылдайды. Бұлардың барлығы былай қарағанда ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін, бірақ көзге шыққан сүйелдей байқалатын жылмағай жол шығарманың шынайы шеңберін шектейді.

Жақында біраздан бері үнсіз кеткен Қ.Саудабаев 85 жасқа келген Олжас Сүлейменов туралы мақаласында  ақын шығарма-шылығының  алабөтен  айшықтылығын айтудың орнына өзінің онымен таныстығын қайта-қайта тәптіштеп, варваризмге жататын резонанс, трибун, т.т. сол сияқты кірме сөздерге жататын байланыс құралын тықпалай береді.

Ешкімнің көңіліне келмесін, баспасөз-дердің ішінде «Сөз өнері» мен «Қазақ елі» газеттері әдебиетті насихаттау жағынан «ерекше еңбек етіп келеді» десек, онша қателесе қоймаспыз. Сөзді қызғыштай қорғап, оның таптаза табиғатына шық жуытпауға тиіс үнжария таяуда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтой қарсаңында төмендегідей арнау жыр жария-лады:

Туған жері Жамбыл таудың етегі,

Жамбыл Ата – төкпе жырдың оты еді.

175 жасқа келген ақынды,

Туған елі шын мақтаныш етеді.

 

Сан айтыста Жамбылына сенді елі,

Ел есінде – Құлмамбетті жеңгені!

«Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» мен

 «Құрмет»

Белгісі  мен еленді оның еңбегі.

 

Фашистерден қорғағанда елді ері,

Тарылғанда блокада шеңбері.

«Ленинградтық өренім» деп жыр жазып,

Есте оның әскерге дем бергені!

 

«Жамбыл даңқы алда әлі сан аспандар» –

Деп «175 жылдық тойды бастаңдар!»

Осылайша Тәуелсіз ел көгіне,

Жамбыл рухын бір көтеріп тастаңдар.

 

Жыр еліне жаңа қадам басқандар,

Жамбыл жырын жаттап, басқа жастаңдар!

Жыр төрінен орын алар «Өтеген»  –

«Сұраншы» мен «Көрұғлы» атты

дастандар!

 

Жамбыл атам өміріне сүйсінем,

Мәскеуге де барды ол Шара бишімен!

Балуан Шолақ, Шашубаймен кездесіп,

Дәмдес болды ол Құрманғазы күйшімен!

 

175 жасқа толса атамыз –

Жыр арнамай, қалай үнсіз жатамыз?

Өз халқымен мың жасасын Ұлы ақын –

Осы біздің тойға берген батамыз!

 

Жыр көгінде қалдыра алған атағы із,

Жамбыл ақын бар әлемге аты аңсыз.

Мақтаныш боп бүкіл қазақ еліне –

Жасай берсін Ұлы Жамбыл атамыз!

Абдрахман Белғожаев

(«Сөз өнері», №3 (55) 2020 ж.)

Нағыз шырқау шабыт, алым мен шалым, бар қабілет-қарым көрінетін осындай мерейлі тұс емес пе? Біздің елімізде қанша жамбылтанушылар, зерттеушілер мен әдебиетшілер бар. Олар ұлы ақын туралы аз жазған жоқ. Шынында да ғасыр Гомері атанған (Алғаш Сүлеймен Стальскийге берілген баға) ұлы жырау соған лайықты. Оның уақыты басқа болды. КСРО-ның көсемдерін, компартияны, жасампаз еңбек пен солқылдата соғылған бесжылдық балғасының дүрсілін жырлауға мәжбүрледі. Ол үшін оны жазғыруға болмайды. Заман зарын айта алмады. Көмейіне құм құйылған қоңыраудай тыпыр еткізбеді. А.Белғожаев жыр алыбының образын жер бауырлатып қояды. Тұшымсыз тіркестер, әбден жауыр болған жолдар,  қасаң қағида мен сүлесоқ баяндаулар жалықтырады.  Ол ол ма – «Сөз өнері» халық ауыз әдебиетінің асыл мұралары – ертегі, мысал, жұмбақтарды берумен бірге тіршілікте көп теперіш көрген тарлан тарихшы Ермұхан Бекмағанбетовтың азан шақырып қойған есімін бұрмалап, Есмұхан деп жаңылыс жазыпты. Бұған қалай дәт шыдады? («Сөз өнері», №3 (55) 2020 жыл).

Ешкім де қызына, әпкесі мен сыныптас құрбысына жүректің ыстық лебізін айтпа демейді. Айтпай-ақ, көзге шұқып үзінді келтірмей-ақ қояйық десек те шайтан түртіп болмайды. Өзі сұранып тұрған сұрқайылық, жылпостық пен өзімбілермендікке қалай үндемей қалу мүмкін.

«Қазақ елі» басылымының бас сарапшысы әрі меншік иесі екенін таныстыруды ұмытпайтын Қажымұхан Ғабдолла мейлінше белсенді. Әбжілдік көрсетіп, іскерлік танытуға тырысады. Ол туған-туыстары, таныстарының бәріне өлең арнап, құттықтап үлгереді. Қандай бауырмал, шаруақор дегенмен жолдауларынан атүсті сезімдер шалығы есіп тұрады. Біздіңше, Қ.Ғабдолла қызметтік һәм жетекшілік құқын асыра пайдаланатын тәрізді. Әйтпесе, сонша өресіз өлеңдерін ұсынбаған болар еді.

 

Інжу қызымның туған күніне

Қызыл гүлім,

Қызғалдағым!

Өзіңсіз қар жастанып,

мұз қармадым.

Періштедей тұп-тұнық пәк күлкіңді,

Өзге түгіл, өзімнен қызғанамын.

 

Зәулімде,

Қырағының тұйғынысың.

Жарқыратып жібердің – үйді,

құсым!

Ақ мамаң екеумізге Жаббар берген,

Жер жәннаты – Жетісу сыйлығысың!

 

Көңілім құлазыса

астан-кестен,

Мұңымды тәтті күлкің талқан еткен...

«Сағынса нұр бейнеме қарасын» деп,

Өзіңді маған мамаң тастап кеткен.

 

Түрленіп,

түргендейін жаз түндігін,

Қызыма арнап өлең жаздым бүгін.

Белесті, шырқау биік бір төбесің,

Ұлдарым ішіндегі жалғыз гүлім!

 

Алаңсыз,

көңілде – жаз,

далада – қар,

Алаңға шақырса да ала шаһар...

Үйге келсем, алдымнан ебелеңдеп,

Кіп-кішкентай Қымбатым келе жатар...

 

Құлыным!

Тағдыр ырғап-ырғатылды,

Саған деген сезімім сырға тұнды...

Баяның тап, басыңа бақыт қонсын,

Сен барда ұмытпаймын Қымбатымды!

Қажымұқан Ғабдолла,

(«Жұмадағы жүздесу», №11, наузыз 2021 жыл).

 

Жалғыз әпкем Ғабдолова Гүлімге

арналады!

Гүлім!

Жалғандағы жалғыз жақын – өзіңсің,

Бауырмалдық сенде ғана – сезім шын.

Жанашыр қыз, жақсы бауыр, адал жар,

Аяулы ана, әрі шексіз төзімсің...

 

Гүлім! Өзің барда – жалғыздықты

 сезінбен,

Түндерің көп, таң біліне көз ілген.

Анаңды ойлап, бауырды ойлап, үйді

ойлап,

Жүрек сыздап, бауыр етің езілген...

 

Гүлім! Жанымдасың... – жүрсең-дағы

 шалғай тым,

Үмітім мен сенімімді жалғайсың.

Қатал күндер жоламасын басыңа,

Бала орнына жан бауырын таңдайтын...

 

Гүлім! Есіңде ме, сол бір аңыз ежелгі,

Таңдау таппай байғұс ана тежелді.

Жау ұстап ап: ері, бала, бауырын,

«Таңда, – деді. – Үштің бірін тез енді!»

 

Гүлім! Қиналғаны-ай сонда ғазиз

 жүректің,

Бауыр еті – баланы ойлап дір етті...

«Бай табылар, бала туар...» – деп жылап,

Жан бауырдың жолында ана тұл етті...

 

Гүлім! Таңдау жолы, тағдыр сыны тым

 қатал,

Кейде ең бір асылыңды «ұрлатар»...

Қосағыңмен, ұл-қызыңмен жарасып,

Бақыт кешіп, күліп-ойнап жүр қатар...

Гүлім! Жанашырым, бәйтерегім, белесім,

Хақ Тағалам талайыңды демесін!

Қос ағамның алыстығын білдірмей,

Ұлы көшті алға сүйреп келесің!

Қажымұқан Ғабдолла,

(«Қазақ елі», №5 (175) 15 ақпан, 2021 жыл)

 

Періште күн

(сыныптасым әрі бала кезден досым Ләззаттың туған күніне арналады!)

Таңы атып, кіндігін буған күні,

Жұпарлы жаялығын жуған күні.

Жарыққа көзін ашқан әрбір жанның,

Жүрегін елжіретер туған күні.

 

Елжіреген жүректің таза нәрі,

Махаббаттың толғауын жаза алады.

Суымаған сезімді өшірмейді,

Ынтықтық ықыласты базар – әні.

 

Үміт, сенім – екі бай, екі кедей,

Қимастығы бекісін сетінемей.

Соңғы үміт пен соңғы арман тым бағалы,

Ең қымбат қызыл балық – бекіредей.

 

Балалық, жастық шағың кетпес естен,

Қуаласқан, қуанған, өкпелескен.

Тірнек терген абырой-беделіңді

Көрсем деймін күнгейлі тек белестен.

 

Тасқындары жағасын ала алмаған,

Жарқырап жарыстарда жанар бағың.

Ұмтылыс, үміт, сенім, табыс, жеңіс,

Телегей асып төккен бақ-арнадан.

 

Қазақ елі

Асықпай аңдап басар – ақыл кемел,

Ақыл кемел – мейірмен жақын жебер.

Жақсылықтың ордасы – жомарттық,

Атымтаймен бәйгеден атың келер.

 

Хан тәңірін бетке алдың – жарлық құрып,

Сәйгүлікке аса асау қарғып мініп.

Бір сенің шаңыңа  да жете алмадық,

Сыныптағы сақадай барлық жігіт.

 

Ақбоз атың шыңдарды еңсерлесін,

Періште күн жалғассын тең  селбесіп.

Жауын мен дауылдарға қарсы тұрған,

Ақ желкенді ақ кемең теңселмесін!

Қажымұқан Ғабдолла,

(«Қазақ елі», №10 (180) 19 сәуір 2021 жыл)

«Қазақ елі» – «Халықтық қозғалыстың төрағасы».

Бүйтіп қазақ поэзиясын қорлауға болмайды. Ұйқасты жұмбақтау оқырманға не береді. Өлеңді тек ұйқастан тұратын деп ойлайтындардың санын көбейткеннен кім, не ұтады?

Шіркін! Бұл салада көркемдік кеңістік пен шеберлік шыңына шақыратын бейнелілік, метафора, теңеуге толы үздік үлгі-өнеге жетеді. Арнаулар, құттықтаулар мен өсиет сөздер қандай! Сыпыра жыраудың Тоқтамысқа, Асанқайғының Алтынорда ханы Жәнібекке, Шалкиіздің Темір бекке, Бұқар көмекей жыраудың Абылайға, Махамбеттің Жәңгірге, Абайдың туған күйеу баласы Дүтбайға қарап шындықты бетке шыжғырып басуы үлкен тәлім емес пе? Біздің қалам ұстаған  көп нанталап серкесөз (публицистика) атқаратын міндеті поэзияға арттырып, шатастырып келеді. Жыраудың нәзік жаратылысы ондай озбырлықты көтермейді. Л.М.Толстойдың орыс әдебиетінің дамуына недәуір үлес қосқан өзінің үлкен әріптесі Н.А.Некрасовты (1821-1877 жж.) «ұйқасшыл уәжгер» деп жақтырмайтыны не үшін? Бұл сабақ неге ұмытылады.

Шығыстың бір тәмсілінде ақырғы рет Хақ  Тағалаға барарда Мүңһүр-Мәңһүр періштенің алдынан өту керек құсайды. Бүкіл ақиқат барынша ашылып, ақтарылып айтылады деседі. Бәлкім, бұл да сондай соңғы тұяқ серпігендей жалпы жұртқа жайып салған шындық шығар. Бәріміздің де тазаруымыз парыз, әдебиет алдында. Ар алдында, «Әдебиет – ардың ісі»  – деп жазатыны бекер ме?

Өткен ХХ ғасырдың аяғына таман жас ақындардың басым бөлігі ғылым аулына ауысты. Қазақ поэзиясының қамын жеп, қалың тобыр қатарын көбейтпейін деп жаны ашыған шығар деген күпір ой келгені рас. Олар болмаса, жанрдың обал мен сауабын кім ойлайды? Ғалымқайыр Мұтанов жыр әлеміне ауыз салыпты. Ал, әзірше оның шайырлық шығармашылығы жайында көріпкелдік жасап, бірнәрсені топшылап кесіп-пішіп айту ерте әлі. Бәрін алдағы уақыт көрсете жатар. Бас емес жас ақын «Ит үреді» атты өлеңінде не айтқысы келді?

ИТ ҮРЕДІ

Керуен көшеді,

Ит үреді.

Көш жылжиды әрі,

Тым ұзақ барар жері.

Үрді деп ит,

Кетпейді кері.

Иттің бар тілегі,

Естісін деп иесі.

Болып оған дәмесі,

Өршелене түседі.

Керуен әрі жүреді,

Өз бағытын біледі.

Ит қанша үргенмен,

Барады өз жолымен.

Көш өткенше,

Көзден кеткенше,

Біткенше демі,

Ит үреді...

***

Жұрт итке күледі.

 

Батпаққа батып үйелегендей қазіргі ұлттық әдебиеттің бейшара жай-күйі қатты алаңдатып, оған іші қара қазандай қайнайды. Бұдан небір қиын заманда да ол бұндай тығырыққа тіреліп, қайыршылық күн кешкен жоқ еді. Күрт шара қолдануға зәру ол. Оған деген қыңыр көзқарасты өзгертіп, ілтипат, құрмет, қамқорлық пен жанашырлықты күшейтіп, тез арада пәрменді іс-шара қолдану міндет. Төзе-төзе төзім де таусылды. Оның көсегесін көркейтіп, дамытып өркендетуге сырттан ешкім келіп көмектесе алмайды. Мәдениетті марқайту мемлекеттің маңызды шаруасының бастысы болуы керектігін айтудың өзі артық. Әрине, тәртіп, талап пен талғамға талас жоқ.

Халықаралық бірталай беделді әдеби сыйлықтардың иегері суреткер Хуберт Фихтаден анықтамалық құрастырып беруді өтінгенде, ол еңбегінде «Он бір гипербола» келтіріп, өзіне: «неміс әдебиеті жалпы өмір сүріп отыр ма?» – деген сауал  қояды да, оқулық аясында тек Гомер, Софокл, Петроний, Низами, Фийон, Раблс, Кеведо, Марио, Дефо, Казанова, Стендаль, Флобер, Стриндберг, Лагерлеф, Пруст, Эуклидис да Кунья, Жене, Борхес барын айтады. Қайта оралып, ойын әрі қарай тұздықтайды: Немістің қай жазушысы мейлінше Мәшһүр және ол Данте, Шекспир, Сервантес, Мольер, Достаевс-кий сықылды оқыла ма?.. дейді. Тек ол неміс әдебиеті ме?

Сөйтсек те өз қотырымызды өзіміз қасып, далақтап әлдеқандай болып жүргенде маңдайымызға біткен жалғыз Абайымызды айдай әлемге торын ашып таныта алдық па? Көз майын тауысып, тіпті үлкейтетін шынымен қаншама іздесек те әлгі адамзат ой алыптарының арасынан табылған жоқ. Ол кімнің кінәсі? Намыс пен рухымыз қайда? Бұл жанға бата ма, жоқ па?

Бізге әділ қазылық жасап, қисық-қыңырды түзетуге зор ықпал етіп, туғанына тартпайтын тура би жетпейді. Қалғып, мүлгіп жүрмейтін, азу тісі алты қарыс, сын,  қолыңды соз! Оян! Қашанға дейін кемшіліктерге кеңшілік жасай береміз?

3781 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы