• Шежіре
  • 30 Шілде, 2021

АТАМНЫҢ ЕРТЕГІСІ

Алтыншаш ЖАҚИЯНОВА, 
балалар жазушысы.

Мен қаңтар айында дүниеге келдім. Келуім де айтарлықтай, есте қаларлықтай болмаған секілді. Біреудің зарығып күткен тұңғышы да емеспін, бәлен қыздан кейін аңсап жеткен жалғыз ұлы да  емеспін, қызыл шақа боп, үйдің екінші ұлы болып келе салған сияқтымын.

Атым да біразға дейін қойылмаған көрінеді.

Мен туғаннан үш күннен кейін перзентханадан шықтық. Қаланың ортасынан әкем – Қанат ойып алған өз пәтерімізде менің өмірге келу құрметіне арналған дастарқан жайылды. Оған атам мен апам, көкем – Санат (әкемнің інісі) балаларымен келді. Бұл дастарқан екі бірдей қуаныштың дастарқаны. Бірі – менің өмірге келуім болса, екіншісі – менің туған күнімнен үш күн кейін келетін Санат көкемнің 30-ға толған туған күні.

Мен туғанда өзімнен үлкен ағам – Алмас төрт жаста, Санат көкемнің балалары – Шалқар үш жаста, Анар екі жаста екен. Бәрі мені қызық көреді. Маңайымнан шықпай, кіп-кішкентай қолдарымды ұстап, бетімді сипап қояды. Оны сол кездегі түскен суреттерден көргенмін.

Атам мен апам уақыт тауып, апта сайын келіп жатады. Келетін пәлендей шаруасы да жоқ, бар кезде мені сағынып тұрады. Мен оны кіргеннен айналып-толғанатын сағыныш толы құшақтары мен көзқарастарынан байқап қаламын.

Атамдар кетерде көздеріне мұң толып, иіскеп, құшақтап әрең қоштасады. Мен де кетпесе екен деймін, бірақ айта алмаймын. Әлі тілім де шыққан жоқ және кетпе деп қалай айтамын. Бір күні атам мен апам, Гүлнұр тәтем (әкемнің жалғыз қарындасы) – үшеуі келді. Тәтем маған әдемі ойыншық алып келді. Ас үйде мәре-сәре боп шай ішіп отырып, қазір қайтатындарын анама айтып отырды. Дереу көңілім түсіп кетті. Жібергім келмейді, бірақ қалай айтамын. Қазір кетеді, сағынамын ғой. Тәтем де кетеді. Менімен біраз ойнай тұрса ғой. Атам мен апам да бүгін қонбайды екен.

Атам мені бекер мақтамайды ғой. «Бұл бала өте ақылды болады, көресіңдер, әлі екіде ғана ғой, бұл бір өзі бізге жақын, ерекше бала, адамға жұғысып тұрады» – дейді атам.

Кенет бір ой басыма сап ете қалды. Міне, табылған ақыл. Дереу көп ойыншықтарымды босағаға тасып, қалап, жинай  бастадым. Өзім өте алмайтындай биік болды.

Олардың бір-ақ аттап өтетінін қайдан білейін. Ырсылдап жүрген әрекетімді көріп, тәтем күлді. Атам мен апам даудырап ала жөнелді: «Айналып кетейінім-ау, мынау бізді қимай, жібергісі келмей жатыр, қараңдар істеп қойғанын» дейді екеуі қоса алма-кезек бетімнен сүйіп.

Сонымен, қашанғы тұрсын, күле жүріп, босағаға қойған ойыншықтарымды былай қойып, кете барады. Тағы да бір қалыпты күндер басталады. Әкем – жұмыста, анам көбінде үйде. Бір жаққа кетсе көрші апаға тастап кетеді. Мен анам келгенше сол үйде отырамын. Осылай өсіп жаттым. Кейіннен «менің үш апам бар, – дейтін болдым. – бірінші – өз апам, екіншісі – нағашы апам, үшіншісі – көрші апам».

 Атам мен апам қонған күні мен міндетті түрде солардың жанында, ертегі тыңдап, орталарында жатамын. Атам біліп тұрса да, әдейі сұрайды:

–  Бүгін қайда жатасың?!

– Екеуіңіздің орталарыңызға – деймін ұрандап.

Атам маған ертегі айтарда: – Сен ұғып ал, бұл ертегіні менің атама атамның атасы айтып берген, – деп бастайтын.

– Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде,

Қырғауыл жүні қызыл екен,

Құйрық жүні ұзын екен, – деп немесе

– Есте жоқ ескі заманда, дін мұсылман аманда... деп басталатын ертегілері бірінен кейін бірі жалғаса беретін.

Менің тілім жай шықты. Басқа қалада тұратын атамдар мені кейде сұрап алып кетеді. Сол оңашалықты пайдаланып, мені таныс дәрігерлеріне апарып көрсетеді.

– Мынау сүйікті немереміз, – үндерінде мені таныстыру арқылы мақтанғандықтары сезіліп тұрады. – Өзі сондай ақылды бала, бірақ, дәрігер ағасы, тілінің астын кішкене шертіп жібересіз-ау! – дейді апам.

Егде тартқан қарт дәрігер кісі апамның танысы болса керек, әңгімесін айтып отырып, жеңгесі шайын құя отырып, аузымды ашып қарайды.

– Түгі де жоқ, – дейді  жұлып алғандай,  – таяуда сөйлеп кетеді.

– Айттым ғой, – деп атам шығады. Өзінің болжамы расқа шығатынына қуанып. – Мен бұларға айтамын-ақ. Бұл сөйлесе, аузын жаппайтын болады әлі, көресіңдер!

Атамдармен бірге қыдырған бір керемет мен үшін, ол кісілерді бәрі таниды, сыйлайды, «өй, немерелерің бе?! Ой, жарайсың, мә, кәмпит же» деген сияқты, барын беріп жатады. Батутқа апарады. Балалар ойнайтын жерде небір ойындар бар ғой, бір күні мен шарлармен ойнап болып, енді машина секілдісіне отырайын десем, орыстың бір сары үрпек бас баласы жалпиып отырып алыпты. Түс деп айтайын десем, әлі тілім шықпаған. Бірақ, бәрін білемін. Жанына жетіп бардым да, қолыммен ымдап, «түс» деген ишарат жасадым. Оны түсінбеген сары басқа «түс, түс те, құры» дегендей қып, қолымды сермеп-сермеп қалдым. Менің батылдығым мен өжет қылығымнан жасқанды білем, бала дереу түсе бастады. Онымен қоймай әкесі мен шешесі де қарап тұр. Ләм дей алған жоқ.

Мені үш жасымда балабақшаға беретін болды. Сонымен мен үйдің маңайындағы жолдың арғы жақ бетіндегі қазақ балалар бақшасына бардым. Өмірім өзгерді. Мені кейде әкем, кейде анам, кейде ағам алады. Қиыны – жолдан өту ғана. Басқасы қиын емес. Бала-бақшадан алатын кешкі мезгілде бізді енесіне телетін қозыларға ұқсатып, әр топты бөлек-бөлек есік алдына шығарады. Кейде ойда жоқта атам мен апам келе қалады. Қатты қуанамын. Сонау жерден танып, құшағымды жайған бойда құстай ұшамын. Бүгін орталарына жатып, ертегі тыңдаймын. Сол үшін қуанамын. Атамдар менің тілім шықпай жүргеніне қатты уайымдайды. Бірақ менің тілім қайдан шықсын; әкем де, шешем де көп сөйлемейтін адамдар. Сөйлесе де анам орысша сөйлейді. Орыс сыныбында оқитын ағаммен ол міндетті түрде орысша сөйлеседі. Сонда мен қайдан үйренуім керек. Атамдар сол үшін жиі келеді. Маған неше түрлі тақпақ үйретеді, ертегі айтады. Балабақшаға келгелі жақсы болып  қалды. Аздап келсін-келмесін сөйлейтін болдым. Берілген тақпақтарды анық болмаса да, тез жаттап аламын.  Тілің анық емес деп ешкім ренжітпейді, атамдар қарқ болып күліп, айналып-толғанып, мәз болып жатады. Тәрбиеші Орынкүл апай өте жақсы адам. Ерінбей-жалықпай үйретеді. Өте көп нәрсе үйрендім. Ол тақпақтарды үйге айтып келемін. Менің айтқан тақпағымнан ешкім ештеңе түсінбейді. Түсінбесе де апам естісе, қол соғып, қуанады.

***

Апам самса пісірудің шебері. Ол кісі пісіріп жатқанда мен шетінен жеп жатамын. Бір жегенде жеті самса жеп қойған да кезім бар. Мен жеген сайын апам қуанады. «Құлыным, дәмді ме екен?!» деп сұрайды. «Өте дәмді» деймін.

Саяжайда сол жылы алма көп салды. Апам еттартқыштан өткізіп, алманы қазанға пісіріп, джем жасап жатыр екен. Даладан ойыннан келдім. Апам шай ішкенде жесін деді ме, кішіректеу тарелкаға джем салып, үстелдің үстіне қоя салды. Әдеттегідей маған салған екен деп, соғып алдым, апам болса:  – Ой, құлыным-ау, ұнады ма? – деп ортағы тағы салып қоя салды. – Джем деген тамақ бар екен ғой! – деп, оны да соғып алдым. Сөйтсем, оны дастарқанға қою үшін салған екен ғой.

 

***

Мөлшері бес жастағы кезім-ау. Бір күні апам: «Маған бес жүз мың беретін болды сыйлыққа, соның бес мыңын саған берем ғой» – деді. Мен дереу: «Апа, олар сізге неге алты жүз мың бере салмайды» деппін. Сондағы ойым бір мың артық алу болып тұр ғой. Апам күлді.

– Маған обязательно беріңіз, міндетті түрде, – деп, екі тілде шегелеп қойдым.  Апам міндетті түрде беретінін айтты.

Бірде апам диванда бірнәрсе тігіп отырды. Мен жағалап, оны-мұны айтып, қасында отырғанмын. Кенет базарға кеткен тәтем телефон шалды. Апам сөйлесіп жатқан.

– Ей, қарағым-ау, енді өзің білесің ғой, ұнаса ала бер, мен көріп тұрған жоқпын. Өзіңнің талғамыңмен ала берсеңші! – деп жатты апам. Апам екеуміз үзіліп қалған әңгімені қайта жалғай бергенде, тәтем тағы телефон шалды.

– Білмеймін ғой енді, ақшасына қарама, ұнаса алшы, ертең аяғыңды қысып жүрмесін. Өзіңе аян ғой, мына жақта отырып мен не білем?! – деді апам. Сонымен болған сияқты біраз тыныш болып қалды да, тәтем қайта телефон шалды: «Мына көйлектің қайсысы жақсы, мама?!» дей бергенде, мен шыдамай телефонды апамнан алып алдым да: – Апамның басын сен неге қатыра бересің, а?! Не алсаң да, өзің біліп ала бермейсің бе, басын қатырмай... дегенімді өзім де аңғармай қалдым.

– Ой, мынау не дейді, ей?! – деп, телефонның аржағындағы тәтем ұрысарын да, күлерін де білмей қалды.

   Сосын неге сұрағанымды өзім де білмеймін, апама бұрылып:

– Апа, осы тәтем бір жігіт тауып, онымен үйленсе, сосын...сосын кішкентай бөпе тапса, ол маған кім болады? – дедім. Бұл сұраққа сол сәтте бір жұмыспен үйге кіріп келген анам бұрын жауап берді.

– Жиен болады! Жиен! Ол неге керек болды екен саған?!

 Сөйтіп отырғанда бірнеше баласын ертіп, көрші келіп кетті. Жуалдыз сұрап жүр екен. Апам алып берді. Жартылай жалаңаш, үстері кір-қожалақ балаларды ұнатпаған болуым керек: «Мыналар бірдеңені қағып кетпесін!» деппін сақтанып.

Апам тігін тіге отырып, маған әңгіме айтып отыр. – Биыл күзде сабаққа барасың ғой, жаным-ау, – деп отырғанда атам кіріп келіп. –Осы сен оқымай-ақ қойсаң қайтеді? – деді мені қайтер екен деп. Атам әзілқой адам, мен оған үйреніп алғанмын.

– Ата-ау, болмайды ғой, ел қатарлы білім алуым керек қой! – дедім. Атамның да күткені осы болса керек, мәз-мейрам болып қалды.

Сол жазда Алмас ағам Семей жақтағы нағашыларымыздың ауылына кеткен. Шай үстінде сол ағамның қайтуы туралы әңгіме қозғалды. Ол ағамның соншалықты аңқау, бос екені есіме түсіп кетіп, соның келе алмай жатқаны маған батып кеткендей: – Ол қандай таксиге отыру керек екенін де білмейтін шығар, әлгі менің ағам, қайда баратынын да айта алмайтын шығар, таксистке айтып түсіндіре алар ма екен, – дегеніме үйдегілер қыран-топан күлкіге батты.                                                                                                                                                                  

***

Жаздың көбі саяжайда өтеді. Төртеуміз ойнап жүрміз. Көктемнің бір шуақты күндерінің бірі. Саяжай өте көңілді. Даладағы қазандықта тамақ пісіруде. Әкем көкем екеуі кәуәп пісіріп жатыр. Апам самауырға от салып қояды. Анам әкем жасаған жазғы бастырманың астына – биік үстелге дастарқан жасап жатыр. Ар жағында ағаштан өрнектеп жасалған тапшан. Кешке оның үстіне текемет, көрпелер төсеп, апам тіккен ақ масахананы құрғанда, бір тамаша болады. Оның ішіне кірген бізді маса да шаға алмайды.

Күн сондай керемет! Бір кезде Анар мен Шалқар қызыл қоңыз ұстап алып, «божья коровка» деп жүгіріп жүр екен. Ал маған балабақшадағы Орынкүл апайым «Қанқыз» деп үйреткен. Жүгіріп жандарына келдім де: – Мұның аты – Қанқыз! – дедім. Мұны естіп тұрған атам мен апам мәз болып, «міне, біздің үйдің нағыз қазағы – осы» – деп, басымнан сипап қойды.

Менің өзімнің жаратылысым  да, атым да – «нағыз қазақ». Құдайдан шын тілегенмін, – дейді атам да. Неге екенін білмеймін, «к» әрпінен гөрі «қ» әрпін жақсы айтамын. Клубниканы  (құлпынайды) – қубниқа деймін.

Улитқаның рақушқасы... Қүрек... деп жүргенім.

Атам бір күні саяжайдағы бақшада өсіп, енді ғана пісіп жатқан құлпынайдың біреуін жұлып ап, мені шақырды: – Мә, «қубниқа» тауып алдым, жей ғой, біреу-ақ, бірақ жуып же, –деді. Жүгіріп барып, жуып жеп алдым. Уылжып піскен, керемет тәтті екен.

Артынша атам тағы шақырды: – Және біреу тауып алдым, барып жуып же! – деп, айтып ауыз жиғанша аузыма тығып жібердім де, «қубниқаны жумаса да болады, ата» – деп, жүгіріп кетіп қалдым. Атам менің сөзіме күліп жіберді. «Әй, зуылдағым-ай!» деп жатты артымнан.

Саяжайда бірнәрсеге келісе алмай, әкем апама: «қойыңызшы!» – деп сөйлеп қалды. Апама сөйлеген адам маған ұнасын ба?! Әкемнің мінезі қатал. Оның бетіне келіп көп ешкім сөйлей бермейді. Мұндай батылдық маған атам мен апам тұрғасын пайда болып тұрса керек, кенет: – Апама неге сөйлейсің, ол сенің мамаң ғой! – дегенімді өзім де білмей қалдым.

Онымен қоймай, «сасқан үйрек артымен сүңгиді дегендей», «қашан менің әкем Санат көкем сияқты болар екен?!» – дегенді де қайдан шықса, онан шықсын, айтып үлгердім. Әкем жалт қарады да, аздап жымиған сияқты болды. Менің сөзіме бәрі күлді. Соны пайдаланып, «ұялған тек тұрмас» дегендей, «миым, саған рақмет!» деппін... Қыран-топан күлген ел саяжайды басына көшірді. Көп күле бермейтін анам да жарқылдап күліп жіберді.

Атам мәз болады: – Айттым ғой сендерге, бұл сөйлесе аузын жаппайтын бала болады, – деп.

Балабақшада клоун тамашаладық, бірақ ол орысша жүрді. Үйге келіп айтып жатырмын: – Бізге клоун орысша айтты, мен сендерге оны қазақша айтып берейін! – деп, білгенімше аударып жатырмын.

***

Апам зейнетке шықты да, бұрынғыдай емес, ақшасы азайып қалды-ау деймін, жаңа жылда сыйлық әкеле қоймады, өздері де келе алмады. Үйде жанжал да аз емес. Әке-шешемнің ерегісінен қажып кеттім. Әкем тік мінезді, шешем де оңай жау емес. Әкеме қарап күлгенін көрмейтін де болып кеттім.

Апам телефон шалып, жаңа жылмен құттықтады. – Е, апа, келем деп едің ғой, мені алдап қойдың ғой, ә?! – дедім. Апам сасып қалды: – Жоқ, барам ғой, жаңа жыл бар, келе жатқан туған күнің бар, жақсы бір сыйлық әперем! Не әперейін?!

– Апа, жаңа жылдікі бөлек, оны туған күнге қоспаңыз, ол бөлек! – дедім даусымды созыңқырап. Апам жеңіліп:

– Жарайды, ботам, жарайды, сенен аяғанды ит жесін! Бесі күні зейнетақы алам, – деді.

    

***

Бір күні теледидардан бір мектеп жасындағы баланың домбыра тартып отырғанын көріп: «Ата, маған да домбыра керек, мен де домбыра тартқым келеді!» – дедім қызығып кетіп.  Апам екеуі елең ете қалды.               –  Жақсы, әпереміз! –деді жарысып.

Содан біраз күн өткеннен кейін атам мен апам балалар бақшасына келіп, тәрбиешімнен мені сұрап тұр екен. Қайтатын уақыт та таяп қалған кез. Қолдарында мен армандаған кішкентай сүп-сүйкімді, жап-жаңа домбыра. Ой, шіркін-ай! Өмірімде мұндай қуанбаспын. Бүкіл бала маған қызығып қарап қалды. Тіпті, көрші орыс топтың балалары да не нәрсе екен деп, таңғалып қарайды. Солардың сұраулы жүзін оқып қойғандай, тәрбиеші апайымның үйреткені бар: «Бұл – домбыра, қазақтың ұлттық аспабы» деппін. Тәрбиеші Орынкүл апайым өзінің үйреткенін менің бойымнан тауып, мәз болып, менімен суретке түсті. Мен домбыра ұстап апаймен де, достарыммен де, жеке де түсіп қарық болып қалдым.

Үйге келе атам домбыра үйрете бастады. Ең бірінші қалай отыруды, домбыраны қалай ұстауды үйретті. Әрине, оңай емес.

 

***

Бірде үй-ішімізбен көкемнің үйіне бардық. Биікте тұратын көкемнің үйінің астында тұрып, кнопкасын бастық. Трубканы Анар көтеріп: «Бұл кім?» деп, тергей бастағаны ұнамады.

– Ашыңдар, туысқандарың келді! – деп, айқай салдым.

– Туысқан болған түріңнен! – деп көкем мәз болып жатыр. Бұл сөзіме әке-шешем де риза болып қалды. Көкемді жақсы көремін, ол мені де жақсы көреді. Мейірімді. Кішкентайымда мені мойнына шығарып алып, көтеріп жүретін. Жалпы балажан. Мені «Макс» деп еркелетеді. Бірақ әйелі – Үрзада маған: – Сен зуылдақсың, қусың, – дейді. Мен оны елең де көрмеймін. «Кіші мама» деймін.

Оның ренжитін де жөні бар. Бір күні сол үйде, ұзынша қойылған диванда жағалай бәріміз кино көріп отырғанбыз. Көкем де, кіші мамам да бар. Шалқар мен Анар да осында.  Кино өте тартымды, балаларға арналған. Ұзақтығы сондай, шөлдеп кеттім. Ас үйге барып су ішіп келсем, біразы өтіп кетеді. Бір-ақ амал бар... пультті алып тоқтаттым да, барып ас үйден су ішіп келдім. Келіп, киноны қайта қостым. Киноның қызығына түсіп алған отырғандар тіпті мән де берген жоқ, солай болу керек сияқты жалғастырып көре берді. Мұндай нәрселер кіші мамамның назарынан тыс қалсын ба, шайға отырғанда жырдай қып айтып отырды.

***

– Сен беске келдің, енді сені сүндетке жатқызамыз, мұсылман боласың, той жасаймыз! – деп, атам көбірек айтатын болды. Мені іштей дайындап жүр. Көп сыйлық, ақша түседі деп, қызықтырып қояды. Мен келісе бастадым. Бір күні атамның  фотоаппараты оңайда тұр екен, алдым да, бірнеше рет насыбайымды суретке түсіріп алдым. Флешкасын апарып, сурет шығарайын десе, менің түсіргендерімді көріп, фотографиядағылар әбден күлген ғой. Сосын атам түсіндіріп айтыпты.

– Осыны аман-есенінде суретке түсіріп алайын деген ғой, – десе,   «Не деген ақылды бала, ойына қалай келіп жүр екен?!» деп күлген көрінеді. Атам үйге келіп айтып, әке-шешемді қарық қылды. Көпке дейін айтып күліп жүрді.

Сонымен көптен күткен күдік пен көп сыйлық алам деген үміт толы күн де келіп жетті. Әкем машинамен дәрігерге апарып, шаруамды бітірген соң, көтеріп әкеле салды. Жылаған жоқ, – деп келді басында әкем. Бірақ дәрінің әсері кеткен соң ба, ауыра бастады. Аздап жыладым. Сонда да тістеніп, жыламауға тырысамын. Атамдар, көкемдер келіп, ақша, сыйлық дегенді үйіп тастады. Ауырғанда олардың да қызығы болмай қалады екен. Біраз қиналдым. Бірақ көп ұзамай жазылып кеттім. Міне, мен осылай мұсылман болдым.

– Сен енді мұсылман болдың, балам, енді ақылың одан да көп болу керек. Мұсылмандар ешқашан өтірік айтпайды, бірін-бірі ренжіт-пейді. Үлкендерді тыңдап, бұзықтық жасамау керек. Сен ата-бабаңның қанынан тесіп шыққан, бізге Алланың сыйға берген, адасып жүрген туыстарымның, өмірімдегі олқымды толтырар үлкен аманатысың! – деген атамның сөзін ұғып, еске сақтап жүрдім.

– Сен өзі кімнің баласысың? – дейді атам қызық көріп.

– Мен бәрінің баласымын; атам-апамның, әке-шешемнің және Санат көкем мен кіші мамамның, тәтемнің де! – деймін.

– Өзің қайдан келдің? – дейді мені шатас-тыру үшін.

– Мен ата-бабамның гендері тесіп шыққан баламын, – де---мін.

Атамдар үшін менің аузымнан шыққан әрбір сөз қызықты, қымбат, бағалы. Көңілдері шаттанып, мен үшін, мені көру үшін саяжайға да жиі келеді. Біз келеді дегеннен саяжайды жайнатып, маған кедергі болатын жолымдағы нәрсенің бәрін құртып, мен ұнататын тамақтарды алып келіп немесе  жасап қояды. 

– Ата, ертегі айтшы, – деймін келе. – Қорқынышты, болмаса, күлдіргі ертегі. Атамның ертегісі дайын. Тақырыпқа сәйкестен-діріп, бірінен кейін бірін жібереді-ай кеп. Бұл ертегілерді естігенде мен тым тәртіпті бала болып шыға келем. Апам да ертегінің түбін түсіреді. Кейде өзім де ертегі айтамын. Атамның ертегілері кейде жаңа заманға байланыстырып, «қысылған кезде ұялы телефонына хабарласыпты» деп те келе береді. Атам мен апамның ертегілерінен жалыққан кезім жоқ. Емін-еркін екеуін алма кезек құшақтап, әбден мауқымызды басып болып, «ертегілер  еліне  саяхат» жасаймыз.

15795 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы