• Cұхбаттар
  • 30 Шілде, 2021

Ерден Жақсыбеков: Менің еркін жүзетін айдыным – ән

Өнерде өзін алға сүйреп, қалайда өзін көрсетуге асық жандар болады. Болмаса, бір басына жетер таланты бола тұра тасада қалатын тұлғалар да бар. Олар өздеріне сенімді бола тұра, салмақтылық танытады. Әр қадамына сын көзімен қарайды. Талабы таудай, алайда әр қадамын аңдап басатын өнер иесі – актер, әрі әнші  Ерден Жақсыбеков.

– Ерден, сен өнерге аяқасты келген жоқсың. Бала күніңнен сонау америкалық байқаулардан бастап сахнаны бағындырып келесің. Түбегейлі осы жолды таңдауға не себеп болды?

– Бірінші – Алла, екінші – ата-анам. Әр адамды бала кезден дұрыс жолға салу ата-ананың еншісінде. Өнерді қалаған баласына кейбір ата-ана осы жолға бет бұруға келісім бермей жатады. Біздің менталитетте өнерді лас, қиын жол деп қабылдайды. Ол туралы маған ата-анам да жиі айтатын. Бірақ кезінде өздері де «Виа» дейді ғой,  жанды дауыста отбасылық ансамбль ретінде ел аралап өнер көрсететін. Халыққа танымал өнер иелері болуды армандаған. Ол кісілердің уақытында талап та қиын болды. Мәскеу түгілі, Алматыға жетудің өзі оңай емес. Ал, менің бала күнімде мүмкіндік көп еді. Елбасымыз шетелге шығуға жол ашып, біраз байқауларға қатыстым. Менің бала кезімнен  әнге деген құштарлығым ерекше. Өнерге баулыған әкем қас-қабағыма  қарайтын. Әйгілі Майкл Джексонның өзі әншілік жолда жүріп жастайында балалық шағының ләзәтін ала алмай, ойыны қанбаған. Әкем ол жағын да ойланатын, ойнауыма да уақыт берді, өнерге де баулыды. Сондықтан да өзімді өнерден басқа салада елестете алмайтынмын. Есімде, 9 сыныпты бітіріп жатқан кезім. Марқұм кластас досым болды. Сабақты жақсы оқитын. Егіздің сыңары еді. Бәріміз мектептің артында топ болып ойнап, бір жағы ҰБТ-ға дайындалып жүрген кезіміз. Бәріміздің ойымызда қандай мамандық таңдаймыз деген сұрақ. Мен де достарыма қосылып, қайда барсам екен деп уайымдап кетсем керек. «Ерден, сен неге уайымдайсың? Біз айтсақ бір жөн. Сенің тағдырың, таңдау жолың шешіліп қойған ғой.Сенің жолың өнер», - деген еді. Өте ақылды, сезімтал жігіт еді.

– Ерден, «Ямайка» әні сенің балалық шақтағы жолыңды ашқан ән деп жатады...

– Ерден деген кезде халықта «Ямайка» деген ассоциация қалмаса екен деген ой мазалайды, іштей сондай тілек бар. 60-шы жылдары Робертино Ларетти осы әнмен шықты. Егер қазақ елінде осы әнді айтқан бала жалғыз мен болсам әңгіме басқа. Кейін дауысы жақсы балалардың көбі халықаралық байқауда осы әнді айту дәстүрге айналды. Ол бір қалыптасып қалған стереотип десек те болады. Елге жақсы сияқты болып көрінеді.Бір жағынан бұл ән менің бағым деп те білем. Бала кезде Шымкентте көшеде кетіп бара жатқанда халық мені танитын. Әсіресе, балалар көріп қалса, алыстан «Ямайка» деп айқайлайтын. Тойда да бұл әнді айтқым келмейтін. Әке-шешем үнемі халықтың осы әнді қалайтынын айтып, түсіндіріп отыратын. Қазір есейе келе түсінем ғой. Халықтың сұрап алып тыңдайтын әнінен алатын ләззаты мүлдем бөлек екеніне көзім жетеді. Бұл әнді қалай таңдадың десеңіз, бала күнімде дискі, мини дискі деген жаңадан шығып жатқан кез. Әкемнің туған ағасы Робертино Лареттидің өнерін ерекше  жақсы көреді. Осы әнді балаларға үйрететін. Менің дауысымның ерекшелігін байқап, осы әнді айтыңдаршы деп кеңес берген. Содан Робертино Лареттидің әндерін пластинкадан кассетаға жазып, тыңдап, жаттап өскенмін. Дауысым да сол кісінің дауысына ұқсап кеткені содан шығар. «Ямайка» байқауға барған кезде менің дауысымның мүмкіндігін кеңінен көрсететін әнге айналды.

– Өзің айтып отырғандай, өнер жолын таңдадың. Жүргенов академиясына түсу қиын болмаған шығар?

– Өнер академиясына келген кезде дауысымның ерекшелігі, өзімнің мүмкіншілігімді ұмытып кеттім. Әке-шешем де мән бермеді. Біз кәдімгі кез келген талапкер сияқты байқаудан өтуге келдік. Әкеме кн сайын Жүргенов академиясына барғым келетінін айта бердім. Әкем қасынан алысқа жібергісі келмейтін, Шымкентке оқуға түсуімді қалады. Әбдіхан деген кісі болатын. Консерваторияға тапсырып көр деп айтатын. Мен бірақ академиялық вокалға барғым келген жоқ. Алтынай Жорабаеваны әкемнің ағасы дайындаған. Сол кісі Сәбит ағаға әкелді. Эстрадалық вокалға түскім келді. Бірақ дәл сол тұста дауысымның мүмкіншілігі әлі қалыптасып бітпеген. Сондықтан әкем айтты: «Сен үнемі бірінші орын алып үйреніп қалғансың. Комиссия дауысыңды естіп мынау дайын емес деп, ренжіме десе психологиялық тұрғыдан соққы аласың». Ондай жастағы балалар тез мойып қалуы мүмкін. Сәбит аға да актерлық шеберлікте бүкіл сабақтар өтетінін, вокал, сахна қозғалысы, сахна тілі, би бәрі қамтылатынын айтып, сонда баруыма кеңес берді. Актерлік шеберлікті академияда тереңінен оқытады. Олар әнді де айтуы керек. Биді де билеуі керек. Сондықтан сабақтар қызық өтеді. Бала күнімнен киноны жақсы көремін. Шымкентте театр дегенде көбіне әзіл-сықақ театрларына көп мән береді. Ал нағыз театр өнерін Алматыға келгенде көріп, білдім. Актерлік шеберлікті таңдап, музыкалық драманы бітіріп шықтым және өз таңдауыма түк те өкінбеймін. Басқа бір қырымды аштым. Оқуға түсерде қорқыныш болды, бірақ Сәбит аға Ерден өз күшімен түседі деп сенімді айтты. Арыстанбек  Мұхамедиұлы ректор болып келді. Ол кісі де бала күнімнен ән айтып жүретінімді білетін. Менің халықаралық жарыстардан алған дипломдарымды әке-шешем министрлікке жіберген екен. Кейін оқуға түсіп алғаннан кейін, маған грант бөлінсін деген хат келді.Ол кезде конкурстардан өтіп оқуға түсіп қойған едім.

Оқу бітіргеннен кейін бірден театрға келе қоймапсың. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрына қашан келдің? Байқауымша, музыкалық драмаларда көп ойнайсың.

– Режиссерлар көбінесе менің дауысымның мүмкіндігін қолданғысы келеді. Қазір көп нәрсе өзгеріп, дамып жатыр ғой. Фархат Молдағали біздің елге ең бірінші саунд драманы алып келген режиссер. Саунд драма деген актерды жанды дауыста сүйемелдеу. Мысалға, оның жарқын үлгісі «Құлагер» спектаклі. Актер ретінде бұйрыққа ілінгенмін, Құлагердің үстінде отыратын бала болуым керек еді. Құлагер бәйгеден келгенде үстінде бала отырады ғой. «Соны қалай көрсету керек екендігінің шешімін таппадым», – деді Фархат.Спектакль сахнада қойылардың алдында инсцинировкасы талай өзгеруі мүмкін. Құлагерді де адамдар ойнайды. Оған мінгенім келіспейді. Сондықтан режиссер маған: «Сіздің дауыс мүмкіншілігіңізді вокалдық инструмент ретінде қолдансам» деген ұсыныс айтты. Мен бірден қуана келістім. Өйткені бұл өзімнің стихиям. Менің еркін жүзетін бағытым – ән. Спектакльде сырттан әнші әкеліп отырғызып қоюға келмейді. Өйткені ол сахнаның табиғатын, актерларды түсінбеуі мүмкін.

Керемет ұжыммен жұмыс істеу үлкен бақ деп білемін. Бұл жердегі шеберлерге партнер болудың өзі үлкен жетістік, өнер аурасы жұқпалы, бұның бәрі әсер етеді. Ерекше энергетиканы сезінесің. Соның барлығын өз бойыма жинауға тырысамын. Ол кісілер сахнада ойнап жатқан кезде этномодерн жас тобы, ұлттық аспаптармен ойнап сүйемелдеп отырады. Солардың бір бөлшегі ретінде әр актердың дауыстық, тірідей эмоциясын бақылап, әр кезде әртүрлі сүйемелдеп отырамын.  Оның өзі үлкен еңбекті қажет етеді.

Театрда қызмет ететін актерлар осы жердің ерекше аурасы бар екенін  айтып, тіпті, тәжірибелі мамандар театрсыз ауырып қалатындарын да мойындап жатады. Кезінде Ғазиза Әбдінабиева апамыз театрға біраз келмей қалсам, қабырғасын алақаныммен сипап, баспалдағын сүйемін деуші еді. Өзіңде де өнер ордасына деген сондай ерекше ықылас бар ма?

– Театр адамды өзіне баурап алады, байлап тастайды. Бір көрдің бе, болды, кету қиын, актерларға төленетін жалақы да көп болмауы мүмкін, бірақ бұндағы табыстың берекесі бар. Қадірі ерекше,әр спектакль сахнаға шыққанша қаншама тер төгесің. Жан-тәніңмен беріліп тұрып ойнайсың. Концерттен тапқан ақшаң сияқты тетардағы табысың тез жұмсалып кетпейді. Өйткені сен оны үнемдейсің, бағалайсың. Маңдай теріңмен келгеннен кейін тез жаратқың келмейді. Бір жағынан расымен де жетеді, үйіңе де, бала-шаға, жол, тамағыңа, бәріне жетеді. Театрдың аурасының бір ерекшелігі, күнделікті шығармашылыққа бар жан-тәніңмен беріліп кетесің, мас адамдай ішіне кіріп кетесің. Жаңа спектакль басталады. Ондағы процесс өте керемет. Читка басталады, мизансценаларды қараймыз. Біртіндеп мәтін санаңа сіңе бастайды. Мизансцена біткеннен кейін сахнаға шығамыз. Ол кезде декорациясы дайын болып қалады. Бірінің артынан бірі қосыла беретін ұзақ процесс. Костюм, шаш үлгісі, грим дегендей түгел жан дүниеңмен берілесің. Ақыр соңында премьера күні қобалжу басады. Ол бір ерекше сезім, толқу. Көрермендер спектаклдің жарнамасын көріп, тағатсыздана күтіп театрға келеді.

Премьера басталатын кезде шымылдық жабылып тұрады. Көрермендердің күбірі арғы жақта естіліп тұрады. Біз сөздерімізді, бүкіл қимылымызды дайындап, өзімізді іштей дайындап, қыздырып жүреміз. Бір кезде жиналған жұрт бастаңдар дегендей шапалақ ұрады. Одан кейін премьера басталады. Болат Атабаев ағамыз айтады: «Премьера деген бірінші деген сөз, яғни сол күнгі толқу, көңіл-күй екінші рет қайталанбайды». Премьера өткеннен кейін маған ең қатты әсер ететіні – көрерменге тағзым ету. Сол жерге шыққанда қанша уақыт бойғы дайындығыңның жүгі мойныңнан түседі. Көрермен өз көңілінен шыққан спектакльден кетпей, ұзақ тұрып алады, 15-20 минут, тіпті жарты сағатқа дейін қол соғатын кездер болады. Екі жарым сағат тамашалаған спектакліне алғыс білдіріп тұрады және көрермен кейде сонша ұзақ уақыт қол соғып тұрғанын, уақытты сезінбеуі мүмкін. Көпшіліктің соққан шапалағы әртістерді сахнадан жібермейді. Ең тәтті жері сол. Шымылдық жабылады, сол кезде әртістер бір-бірімізді құттықтаймыз. Сол бір эйфориядан шыға алмай, тіпті гримеркаға барып та сол спектакльді талқылап отыратын кездеріміз бар. Ертесіне қайтадан театрға ерте келіп аласың. Міне, осылайша, театр сені өзіне еріксіз байлап тастайды. Театрдың сәнін келтіріп тұратын тағы бір нәрсе – ұжым. Бір-бірін қолдайтын әріптестер, олармен жұмыс істеудің өзі ерекше.

– Театрда ойнағың келетін аңсаған образың бар ма?

– Актердің үлкен рөлдерді аңсауы заңды құбылыс. Әзірге ондай арманымдағы үлкен образ жоқ. Өйткені әлі оған жеткен жоқпын. Басты рөлдегі махаббат кейіпкерін ойнағым келеді. Жалпы, мінезім, табиғатым лирикпін ғой. Репертуарымдағы әндер де лирика. Алдағы уақытта сәл өзгеріс енгізіп, трендтегі заманауи әндердің бағытында ән айтқым келеді. Өйткені бала кезімнен биге қызығам. Майкл Джексонның, Джеймс Браун, Тимберлейктердің бүкіл билерін жақсы билеймін деп те айта аламын. Хореограф достарым да бар. Болашақта Ромеоны ойнағым келеді.Басты рөлде ойнағым келетінін жоққа шығармаймын. Кез келген актер басты рөлді ойнағанды қалайды. Алайда аңсап жүрген нақты образым жоқ. Бірақ қазіргі рөлдеріме де шүкір деймін. Өйткені үлкен рөлге іштей дайын емеспін. Егер жүз пайыз дайындықпен келмесем, өз-өзімді жек көріп кетемін. Өзіме сенімділік болмайды, ол бала күнімнен тексерілген жайт.

– Кинода бағыңды сынағың келе ме?

– Арманымның бірі отандық кинофильм-дерге түсу. Сериалдар емес, үлкен экранды кинотеатрлардан көрсетілетін фильмдерде ойнағым келеді. Бір көріп қоя салатын емес, жақсы режиссердің сапалы киносына түскім келеді. Киноға отбасыммен көп барамын. Бұрыннан келе жатқан шетелдік трилогияларды ұнатамын. Отандық кинолар да ұнайды. Кинотеатрда достарымды көріп қалсам, катты қуанамын.

– Киноға  түсуге  талпыныс  жасамай-сың ба?

– Менің кемшілігім сол, өзім талпынбаймын. Кейде шақырылған кастингтерге де  бармай қаламын. Берік Айтжанов ағаға қатты риза болам. Кастингтерден қалмай жүріп, бүгінде қандай актерға айналды. Жүргеновті жаңа бітірген кезде бірлі-жарым кастингке барып, өтпеген соң бетім қайтып қалды ма, қазір көп талпынбаймын. Мүмкін, мені киносында көргісі келетін режиссер әлі жоқ шығар. Алдағы уақытта киноға түсіп, басқа қырымды ашқым келеді.  Түскен эпизодтарым бар. Қысқа метражды «Арман жолы» деген мюзиклде басты рөлді сомдағанмын. Бірақ болашақта үлкен киноға түсу мүмкіндігі болады деп ойлаймын.

– Әндеріңе тоқталайықшы. Көбіне репертуарыңда салмақты, өзің жоғарыда айтып өткендей лирикалық әндер басым. Қазір той әндерінің «бағы жанған» заманы ғой. Әндеріңнің әлі де тыңдарманын таппай жатқан себебі содан емес пе?

– Мен ән таңдағанда мәтінге көп көңіл бөлемін. Біздің халықта ән тыңдау мәдениеті бұрыннан болған. Ән тарихын зерттейтін болсақ, халықтың талғамы өте жоғары болғанын байқар едік. Бір ғана сал-серілерімізді алып қарайықшы. Сол кездегі халықты өнер адамдары тәрбиелей білген. Біз де халықтың құлағын сапалы дүниеге тәрбиелеуіміз керек. Сал-серілерде не деген диапазон, сөз, әуен. Шәмші ағамыздың әндері болды, вальс королі дейміз, ол кісінің әндерін де мағыналық жағынан алып қарасақ, сөздері керемет. Мәтін жағынан тоқырау бүкіл әлемде бар қасірет деп ойлаймын. Мысалы, Псай хит болғанда әлемдегі мықты музыкант, өнер адамдары таң қалды ғой. Бұл деградация ма, әлде жаңа толқын ба деген сұрақ туды. Сәндегі тренд секілді адамдар әннің барлық түрін көріп тастады. Айналдырған жеті нота, жазатын шегіне жетіп, жазып бітті. Дегенмен, менің уақытым енді келеді деп ойлаймын. Халық сапалы, салмақты дүниені қалайды деп, өнердегі әріптестерім де айтады. Бір кезде адамдар өздерінің ауыр проблемаларын ұмыту үшін жеңіл әндерді тыңдауға құмартты. Ал, қазір керісінше, халық сапалы дүниелерді естігісі келеді. Сөзі, мәтіні мазмұнды әндер іздейді. Болашақта әні жеңіл болса да, сөзі мағыналы, өзімнің табиғатыма сай ән жазғым келеді.

– Қарап отырсақ, телевизиялық додаларға көп қатысыпсың. «Жұлдызды жекпе-жек», «I am singer», «Маска» деген сияқты. Жалпы бұл жобалар саған не берді?

– Мен ешқашан ешқандай жобаға өзім сұранып барған емеспін. Осы күнге дейін көрінбей жүргенім де сол шығар. Өзімді тықпаштап, көрсетуден қашамын. Өнерімді бағалап жатса, ұйымдастырушылар өздері шақырса, екі есе құлшыныспен қатысамын. Жеңіске жеткенде де бәрі күтпеген жерден келді.  Бұл шоулар үлкен тәжірибе. Бала күнімде мүлдем ұялмайтын едім. Есейе келе ұяңдық пайда болды, артық көзге түсуден қашатын болдым. Кейде айтатын сөзімді санамда сан рет қайталап, айта алмай қобалжитынмын. Қазір сол нәрседен арылдым. Өзіме сенімділік пайда болды.Осы жобаларға қатысу арқылы өзімді жанып тұрған отқа тастап жібергендей сезінем. Бұндай жобалар  өзіме деген сенімімді арттырды.

– Кейінгі кезде қатысқан «Маска» жобасы көрермендер арасында танымалдылығыңды арттырған секілді. Тіпті осы жобаның әділдігіне де күмәнмен қарайтындар көп.

– Мен рейтингіме жұмыс жасаймын. «Маскаға» дейін де өнерімді бағалайтын  тыңдаушыларым болды. Ал, «Маска» рейтингімнің өсуіме ықпал етті. Гүлнұр Мамасарипова, Нүргүл Нұғымановаға ерекше алғысымды айтамын. Басында жобаға қатысарда қалай болар екен деп күмәнданып едім. Мен әрбір талап, критерийлерді орындағанды жақсы көрем. Сол жағынан қатты дайындалып, бар ынтаммен кірістім. Жобада қатысушылар соңына дейін кімнің кім екенін білмедік. Біздің елімізде алғаш ұйымдастырылған жоба болғандықтан, алғашқы жеңімпазы болғаныма қуандым. Бірақ басында айтып өткендей, өзімді орынсыз тықпалағанды, «бармақ басты, көз қысты» деген әрекеттерді жек көрем. Жеңіске жетсем, демек көпшілік өнерімді лайық деп бағалады.

– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз

– Әке-шешемнен бастам нөмірі бірінші жанкүйерлерім – отбасым. Анам мен «Маска» жобасына қатысқалы бері ютубқа отырып алып, жазылған әр комментарийге мән беріп оқитын болды. Жарыммен Жүргенов академиясында таныстық, бір-біріміздің өнерімізге, болмысымызға ғашық болдық, бағаладық. Ағам ол кезде үйленбеген еді. Ата-анам кеш  қалмай тұрғанда үйлен деді. Қазір Құдайға шүкір, екі ұлымыз бар. Әйелім маған қарағанда кино саласында өтімді, жолы болғыш. Дегенмен, болашақта театрға келгісі келеді. Балапандарымыз да өсіп қалды, үлкені 6-да, екіншісі 3-ке толады. Сондықтан оның қалауына шектеу қоймаймын. Болашақта қаласа, театрда да өзін байқасын деймін.

Сұқбаттасқан

Гауһар ТҮСТІКБАЕВА.

 

8835 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы