• Мәдениет
  • 30 Шілде, 2021

ЭТНОТУРИЗМ – МҮМКІНДІГІ ЗОР САЛА

Дина ИМАМБАЕВА

 

    Туризм саласының түрі көп, соның бірі – жергілікті ұлттық ерекшелікті көрсетуге арналған этникалық туризм. Этнотуризм автохтонды халықтың тұрмысымен, фольк-лорымен, мәдениетімен, тілімен танысу мақсатында ұйымдастырылады. Біздің халқымыздың бай  тарихи-мәдени мұрасы  туризмнің осы саласын дамытуға сұранып-ақ тұр. Алтайдан Атырауға дейінгі даланың сан алуан ескерткіштері, музейлік экспозициялар, архив материалдары, көркем табиғат орындары, ұлтымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі, осының бәрі халықтың тарихымен және мәдениетімен танысуды демалыспен ұштастыруға өте қолайлы. 

Дүниежүзіндегі дамыған елдерде туризмнен түсетін табыс экономиканың кез келген дамыған секторымен тең. Атап айтқанда, әлемдік ІЖӨ-нің 10%-ын, әлемдік экспорттың 6%-ын және әлемдік экспорт қызметінің 30%-ын туризм иеленеді. Әрбір оныншы жұмыс орны дәл осы туристік индустрияда құрылады. Әлбетте, қазіргі коронавирус пандемиясы бұл салаға да зардабын тигізіп отыр. Дегенмен бұл уақытша құбылыс деуге болады және онымен күрестегі ықпалды іс-шаралар көп ұзамай жемісін беретіні анық. Қазірдің өзінде шетелге саяхаттар жандана бастағаны осының айғағы. 

Елімізде осы табысты саланы дамытуға соңғы жылдары баса назар аударылып отыр. Ішкі және келу туризмін дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында туризмге арналған әлеуетті территорияны анықтау, елде қолайлы туристік ахуалға жағдай жасау, туристік қызмет сапасын көтеру және ұлттық туристік брендті ілгерілету сияқты басым бағыттар белгіленген. Құжатта аталған шаралар толыққанды жүзеге асырылса, 2023 жылға қарай ЖІӨ құрылымында туризм үлесін 8%-ға ұлғайтуға мүмкіндік туады. Мәселен, сарапшылар жүргізген зерттеу бойынша, елге туристер ағынын қамтамасыз ететін үздік 10 жердің арасында Алакөл, Балқаш, Алматы облысының таулы аймағы және басқа әсем жерлер бар. Сондай-ақ, осы саладағы тәжірибеге қарағанда, шетелдік қонақтар бәрінен бұрын этнографиялық турлар мен табиғи ескерткіштерден тұратын маршруттарға қызығады екен.

Қазақстанның қайталанбас брендтері: қазақтың көшпелі мәдениеті мен дастарқанының өзі шетелдіктер үшін аса тартымды туристік өнім болатыны сөзсіз. Соның ішінде ауыл туризмі ең танымал демалыс түрі саналады. Көршілес Ресейде туризмнің бұл түрі жақсы дамып келеді. Мысалы, Волга өзені бойымен тарихи саяхат жасап, табиғатта демалу, өлкетану музейлерін аралау сынды туристік турлар сұранысқа ие. Ал Польша елінде шаруа қожалықтары кәсіби ауыл туризмімен айналысады. Ауыл шаруашылық туризмі дегеніміз ауылдағы белсенді демалыс. Қала тұрғындары сенбі-жексенбіде немесе еңбек демалысында ауылға келіп, егістікте жұмыс істейді,  жеміс-жидекті, көкөністі өз қолымен жинайды, ауыл өмірін танып-біледі. Балаларымен бірге мал жайғайды, атқа мініп сейілдейді, велосипедпен серуендейді. Польша ауыл шаруашылығының басты ерекшелігі – экологиялық таза өнімдер. Жеміс-көкөніс, мал өнімдері, тағам түрлері, барлығы тек табиғи,  экологиялық таза, сапалы. Сондай-ақ, Польшада аңдар мен өсімдіктер дүниесін қорғауға, насихаттауға маманданған жүздеген усадьба бар екен. Осындай ерекшелігіне байланысты бұл елде агротуризм табысты қызмет түріне айналған. Жануарлар дүниесі демекші, қазақтың құс салу, құмай тазы ұстау, аңшылық өнерін көрсету туризмнің ерекше өнімі бола алады. Ал ұлттық тағам түрлерінің дайындалуы: май шайқау, құрт жасау сияқты сүт өнімдерін өз қолыңмен әзірлеу, дастарқан мәзірінің түр-түрін жасап көру шетелдік қонақтарды ғана емес, өзіміздің қалалықтарды да өте қызықтыратыны белгілі. Этноауылдар көшпелілердің тұрмысын көрсетеді, атпен серуендеу, аңшылық, киіз басу, ши тоқу, кесте тігу, ат әбзелдерін даярлау арқылы қазақтың тұрмыс-тіршілігінен хабар береді. Әсем табиғат аясында ұлттық этнография мен фольклорды, мәдениет пен тарихты  таныстыру – саяхат пен демалысты ұйымдастырудың керемет үлгісі емес пе. Және де шетелдік туристер үшін ұлттық кәдесыйлар шығаруды жолға қою этноауылдардың қаржылық тиімділігін арттыра түсер еді.

Ұлан-ғайыр жеріміздің әр аймағының табиғи-тарихи ерекшелігіне сәйкес түрлі тарихи кезеңдер мен мәдениеттер үйлесімін көрсететін туристік өнімдер әзірлеп ұсыну жас ұрпақ үшін де пайдалы. Бұл ретте қоршаған ортаны қорғау, табиғатты сақтау  мәселесі  бірінші  орында  тұруға тиіс. Рекреациялық туризм деп аталуының өзі оның экологиялық сипатының басымдығын білдіреді. Табиғатқа танымдық саяхаттар ұйымдастыруды, этнотуризмді дамыта отырып, рекреациялық аймақтар құру негізінде ұлттық бренд қалыптастыруға болады. Осы бағытта жоғарыда аталған «Ішкі және келу туризмін дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында» туризм саласындағы бизнеске жеңілдіктер беру шарасы енгізілген. Аталған шара жеңілдікпен несиелеуді, мемлекет тарапынан субсидия беруді және салықтық жеңілдіктер беруді көздейді. Бұл тұрғыда еліміз бен жеріміздің әлеуетін лайықты пайдалану үшін дәл осы табиғи және этнотуризмді басым бағыт ретінде алудың тиімділігі зор.

 

21826 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №8

30 Тамыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жарас Сәрсек

«Үркер» журналының Бас редакторы