• Қоғам
  • 20 Мамыр, 2021

ДЕМОГРАФИЯДА ДҮМПУ БОЛСЫН ДЕСЕК...

Ана мен бала саясаты:

Қандай қадам жасалуы керек?

Қазақстан былтырдан бастап көпбалалы аналардың жағдайына көңіл бөле бастады. Бәлкім, әке-шешесінің күндіз-түні жұмыс істеуі салдарынан қараусыз қалған бес бала өртке оранбағанда жабулы қазан «жабулы» күйде қалар ма еді, кім білсін?! Әр нәрсеге қозғаушы күш керек. Бес баланың тағдыры осы тектес қаншама отбасының түйткілін шешуге түрткі болды. Жәрдемақының жаңа түрі енгізіліп, көпбалалы отбасылардың көбі атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізді, одан бөлек жаңа жылдан бастап әр балаға 10 мың 500 теңгеден жәрдемақы ала бастады.

Ал бізде төленетін жәрдемақыға жұрт риза ма? Азық-түлік пен күнделікті тұтынатын тауарлар қымбаттаған уақытта әр балаға берілетін 10 500 теңге неге жетеді? Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай белгіленді. Яғни, 4 баласы бар отбасыларға 42 500 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаларға 74 388 теңге төленеді. Орта есеппен алғанда, жәрдемақы мөлшері – әр балаға 10-11 мың теңге. Қазақстанда бүгінде бала саны 7-ден асатын 3151 отбасы бар.

Қазірдің өзінде үш баласы бар отбасы төртіншісін, төрт баласы бары бесіншісін өмірге әкелуге әрекет етуде. «4 балаға 40-50 мың теңге алсақ та ақша ғой, ақша үшін емес, өзіміз үшін туамыз» дейді. Тіпті, өткенде кейбір аналар «2-3 баласы барларға да жәрдемақы төлесін, бұл бізге күш-жігер береді» деп наразылық танытты да. Дәл Ресей секілді демографияға көңіл бөлсек, қазақ сөзсіз көбейетін еді. Бірақ қазіргі жәрдемақы бір баланың киім-кешегі мен тамағына да жетпейді.

ҚР Президенті Қ.Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында жәрдемақы мәселесінен гөрі баспанаға  екпін түсірді. «Жеңілдік  мөлшерл емесі 2 пайыз, алғашқы жарнасы 10 пайыз болатын «Бақытты отбасы» атты жаңа бағдарлама іске қосылды. Жыл соңына дейін алты мыңға жуық отбасы осы бағдарлама бойынша баспаналы болады. Бірінші кезекте көпбалалы отбасылар мен  мүгедек бала асыраушы отбасылар қамтылады. 2020 жылдан бастап жыл сайын 10 мың осындай отбасы  баспанамен қамтылады», – деген-ді Президент.

 

Депутат әр балаға 4,2 млн теңге жәрдемақы төлеуді сұрады

 Парламентте көптің көңіліне жағатын ұсыныс айтылды. Мәжіліс депутаты Ерлан Смайлов Үкімет басшысына жолдаған сауалында «Елімізде дүниеге келген әрбір балаға 4 млн теңге мөлшерінде мемлекеттік төлем түрінде «Ана капиталын» енгізу керек» десе, депутат Айжан Ысқақова бала күтімі бойынша жәрдемақыны ұлғайтуды, ақылы декреттік демалыс кезеңін 2 жылға дейін белгілеуді ұсынды.

Депутат Ерлан Смайловтың айтуынша, бұл қаражатты тұрғын үй сатып алуға және отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартуға, баланың білім алуына, анасының зейнетақы жинақтарына мақсатты пайдалануға бағыттаған дұрыс. Сонымен қатар, мәжілісмен ЮНИСЕФ-тің зерттеуіне сәйкес, қазақстандық балалардың 15,6%-ы табысы ең төмен отбасыларда тұратынын мәлімдеді.

«Толық емес отбасылардың проблемалық мәселесі өте өзекті. Онда ата-ананың біреуі, анасы немесе әкесі балаларды тәрбиелеп жатыр. Бір, екі немесе үш баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана немесе жалғызбасты әке де көптеген қиындықтарға тап болады, бірақ әлеуметтік қолдауды қажет ететіндер санатына кірмейді. Зерттеу мәліметтеріне сәйкес, бізде мұндай 500 мыңнан астам отбасы бар  және оның басым көпшілігі жалғызбасты аналар болуы мүмкін», – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Смайлов.

Депутат Айжан Ысқақова: «Бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы мөлшері – 16 801 теңге, ал бюджеттен сотталған әр адамға айына шамамен 88,5 мың теңге жұмсалады және түзеу мекемесінде болған барлық мерзімде ол күзет, тамақ, киім және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Айырмашылық 5 есе. Ел үшін кім қымбат?», – дейді.

Екі депутаттың да сөзінің жаны бар. Бір кездері «Қазақ қайтсе көбейеді?» деген мәселе жиі талқыланып, тіпті қызды-қыздымен «2020 жылы халық саны 20 миллионға жетеді» деген оптимистік болжам да жасалған. Бірақ «мемлекеттің басты байлығы – халқы» десек те, демографияға дүмпу боларлық нақты бағдарлама қабылданған жоқ. Және демографиялық саясаттың қай тұсында қателікке бой алдырдық деген  мәселені тәптіштеп айтатын, өзіндік болжамын ұсынатын демограф та жоқтың қасы.

Осыдан 9 жыл бұрын экс-сенатор болған Ғани Қасымов та Смайлов сияқты ұсыныс жасаған. «Бала туғандағы бір реттік жәрдемақы мөлшерін 1,5-2 млн теңгеге көтеру керек. Бұған біздің шамамыз да, әлеуетіміз де жетеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі осы ұсынысты іліп әкетсе, біз «бәрекелді» дер едік», – деген ол.

Сол кезде де бұл ұсынысқа «бәлкім, ақылға сыйымды жәрдемақы мөлшерін айту керек пе еді» деген ой қылтиған...

Осындай ұсыныспен депутаттық сауал жолдаған Парламент мәжілісінің депутаты Ерлан Смайловты әңгімеге тартқанымызда, ол: «Түйе сұрасақ, бие беретін шығар» дей келе: «Біздің ұсыныс сөз жүзінде қалмайды деп сенемін. Бұл мәселені жиі көтеріп тұрамыз. «Ана капиталы» да халықтың әлеуетін көтеретін тетік. Қазір әлеуметтік жәрдемақының түрі көп. Атаулы әлеуметтік көмек бар, бір реттік жәрдемақы бар, тағы басқа. Бұл дұрыс емес. Негізі әр адамға инвестиция құю керек. Мысалы, Үкімет әлеуметтік салада мәселе туындаса, жәрдемақы береміз деп шығады. Сөздеріне қарасақ, осындай жәрдемақыны үнемі беріп жүргендей көрінеді. Келешекте модернизация болмаса, 20-30 жылда артта қалып қоямыз. Ең алдымен, адами капиталдың сапасын жақсарту керек. Ол үшін инвестицияны бала өмірге келген сәттен құю қажет. Баланың денсаулығы, тамағы бар, балабақша мен мектеп, спорт үйірмесі, бәрі-бәрі тегін болуы керек» дейді.

Депутаттың  айтуынша,  шын мәнінде,  бюджетте ақша жетеді. «Республикалық, облыстық бюджетте де солай. Мәселен, Есеп комитеті желтоқсанда Индустрия және иннновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын зерттеп, арнайы есеп берді. Осы бағдарламаға 10 жылдың ішінде 5 трлн 30 млрд теңге құйылыпты. Яғни, Есеп комитеті есебінде қаржының 15 пайызы ғана мақсатты жобаға жұмсалса, қалған 85 пайы-зы жанама жобаға (мониторинг, индикаторды жасақтау) кеткен. Республикалық, жергілікті бюджетке анализ жасау керек. Квазимемлекеттік секторлар – «Бәйтерек», «ҚазАгроға» қаншама қаржы құйылды. Есеп коми-тетінің сайтына кірсеңіз, былтыр 7 мемлекеттік бағдарламаны қарап шығыпты. Нәтижесінде,  мемлекеттен құйылған 1 теңге небәрі 30 тиын табыс әкелген. Мысалы, АҚШ-та 1960 жылдары экономикалық есеп жүргізген. Балаларға 1 доллар құйды. Бұл келешекте экономикаға 6-17 доллар әкелді. Яғни, бала өскенде денсаулығы мықты болса, жақсы білім алса, ертеңгі күні жақсы маман болып, мемлекетке табыс әкеледі. Ол үшін бала кезінен инвестиция құю керек. Шетелде «алғашқы мың күнге арналған инвес-тиция» деген термин бар. Сондықтан, «Ана капиталын» енгізсек, ұрпақ бар жағынан да мықты болады» деп толықтырды пікірін.

 

Әлеуметтік салада  Ресейден  неге үлгі алмаймыз?

Айта кету керек, Ресейде 2007 жылы енгізілген «Ана капиталы» бағдарламасы арқылы әр балаға 10 мың доллар құйды. Ипотекаға үй алады, баласы жоғары білім алады, анасының зейнетақы салымына түседі. Қазір Ресейдің кейбір аймақтарында өсім көбейген, кейбірінде төмен. Дегенмен, жас отбасында ажырасу азайып, тұрақтылық байқалған.

Ресей президенті В.Путин  кезекті Жолдауында негізгі басымдықты әлеуметтік салаға арнады. Ол 2007 жылы қабылданып, бұған дейін жемісін берген «Ана капиталы» бағдарламасын 2026 жылға дейін ұзартатынын мәлімдеді. Әу баста екінші, үшінші, т.б. бала санына қарай төленетін жәрдемақы осы жылдан бастап бірінші балаға берілетін болды. 2020 жылдан бастап бірінші баласын өмірге әкелген ата-ана 466 мың 616 рубль (2 млн 796 мың теңге) жәрдемақы алуы тиіс. Ал екінші баласы үшін қосымша 150 мың рубль төленеді, сондай-ақ, үшінші баладан кейін мемлекет ипотекаға алған баспананың 450 мың рублін жауып береді. «Мемлекет жас отбасыларды қолдауы керек. Олардың өмірге бала әкеліп, баспаналы болуына мүмкіндік жасау қажет», – деді Ресей  Президенті.

Қысқасы, 2010 жылы Ресей Зейнетақы қорынан «Ана капиталына» 97 млрд рубль бөлсе, 2016 жылы 365 млрд, ал 2017 жылы 312 млрд рубль жұмсады. Ресейдің Қаржы министрі Антон Силуановтың пікірінше, демографияға дүмпу әкелетін бағдарлама бюджеттің 400-450 млрд рублін шығындайды. Есесіне, бағдарламаның нәтижесі көріне бастады.

2017 жылы Ресей халқының саны 146,8 млн болса, 2019 жылдың 1 қаңтарында 146 млн 793,7 мың адам болған. Соңғы рет Ресейде халық санының азаюы 2008 жылы байқалған. 

 

«Аңсаған сәби»: балалы  болуға бір мүмкіндік

Қазақстандықтар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамаға жауап бергендердің 20 пайызы «ажырасудың бірден-бір себебі – бала сүймеу» деп көрсеткен. ҚР Президенті Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бала көтере алмай жүрген отбасыларға қандай көмек көрсетілетінін айтты. «Отбасы-демографиялық жағдай алаңдатып отыр. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмайды. Әлеуметтік сауалнаманың көрсеткішіне сәйкес, қазақстандықтардың 20 пайызға жуығы бұны ажырасудың айтарлықтай себебі деп есептейді. БҰҰ-ның Орталық Азиядағы көршілерімізбен салыстырғанда Қазақстан халқының өсіміне болжамы көңіл көншітерлік емес. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырамын. ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын жеті мыңға дейін, яғни жеті есе көбейту керек», – деді Президент.

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша елімізде 9467 әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр. Олар осы бағдарлама аясында жылына бір рет ЭКО жасай алады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры биыл 1105 ЭКО-ға 943 млн 800 мың теңге қарастырған. Президенттің тапсырмасына сәйкес квота 7 мыңға жеткізілетіні айтылды.

 

Квотаны қалай алуға болады?

Егер Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыссаңыз, яғни, жарна құйсаңыз, жылына бір мәрте ЭКО қызметін тегін пайдалана аласыз. Бұл  квота   емшара терапиялық жолмен емдеу нәтиже бермейтін бедеулік диаг-нозы қойылған пациенттерге арналған. ЭКО-ға отбасылық жұптар да, жеке адам да қатыса алады. Міндетті түрде үміткердің ерікті жазбаша келісімі болуы керек. Қазақстан азаматы болуы және Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық параметрлерге (репродуктивті жас – 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік мәртебе, жоғары фолликулярлық резерв) сәйкес келуі қажет. Мамандар мына жағдайларда ғана науқасты экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы мүмкін: жатырдың туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез келген локализация онкологиясы.

ЭКО-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға бару қажет. Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тіркеліміне қосады және бірқатар тексерулер тағайындайды. 12 ай ішінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымы, яғни емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Оң шешім қабылданған жағдайда, әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емшараға дайындай бастайды. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы. МӘМС бойынша ЭКҰ процедурасынан жылына бір рет тегін өтуге болады. 

Бүгінде елімізде 26 экстракорпоралды ұрықтандыру орталығы жұмыс істеп жатыр. Оның 21-і – жекеменшік мекеме. Қазақстанда қазірге дейін экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі арқылы 22 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Қазақстанда 2010 жылдан бастап экстракорпоралды ұрықтандыруға квота бөлініп келеді. Осы жылдар ішінде 7 мыңға жуық тегін ЭКО жасалған. Соның нәтижесінде 3 мыңға жуық бала өмірге келді. 2019 жылы экстракорпоралды ұрықтандыруға 902 квота бөлінсе, 2020 жылы бұл қызметке 1 105 әйел тегін жүгінбек. Ал биылдан бастап квота саны 7 есе өсті.

Бұл елімізде ана мен бала саясатының дұрыс жолға қойылғанын айғақтайды. Демографияда дүмпу болсын десек, сәбилі болуға мүмкіндік жасап, жәрдемақы мөлшерін көбейту керек.

Динара Мыңжасарқызы

5567 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы