• Айтарым бар...
  • 20 Мамыр, 2021

ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР –ДҮНИЕГЕ ЖАҢАША КӨЗҚАРАС

Дина Имамбаева 
 

Цифрландыру үрдісі қоғам дамуын, экономиканы, өнеркәсіпті түбірімен өзгертті және ол қазіргі уақыттың басты тренді болып отыр.Пандемия салдары, қашықтан жұмыс істеуге  ауысу цифрлық бағдарланудың дағдарысқа төзімділігін көрсетті. Әлем елдері сияқты Қазақстан да  жаңа технологияларға айрық-ша қолдау көрсетіп, цифрландырудың ұлт-тық басымдық екенін білдірді. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев ақпараттық технология дамыған заманда мемлекеттік цифрлық қызметтер кез келген адамға түсінікті және қолжетімді болуы тиіс екенін айтқан болатын.  Халықтың әл-ауқаты мен денсаулығы, өмір сүруге қолайлы және қауіпсіз орта құру, еңбекпен қамту және табысты кәсіпкерлік секілді цифрландыруды енгізу де елдің тұрақты дамуының маңызды міндеті. 

2020 жылы коронавирус індетіне байланысты өмірдің көптеген саласы интернет арқылы жұмыс істеуге, оқуға көшті. Онлайн-режім әдетке айналды. Пандемия ІТ-технологиялар мен цифрландырудың дамуын ерекше жеделдетті. Өмірдің барлық саласы цифрлануда.  Телемедицина, онлайн білім беру, электронды коммерция және басқа салалар күрт дамып жатыр. Интернет арқылы сауда жасау, мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу және басқа онлайн-қызметтердің танымалдығы артқаны сонша, оларды тіпті технологиядан бейхабар адамдардың өзі пайдаланатын болды. Электр құралдарын пайдалану үшін электр тогының сыммен қалай жүретінін білудің қажет еместігі сияқты, қарапайым адамға жаңа технологияның құрылымы қандай екенін білудің керегі жоқ. Ең бастысы, олар біздің өмірімізді барған сайын жеңілдетуде.

Әлеуметтік оқшаулану, індетті таратпау үшін цифрлық технологияларды енгізу қарқыны жеделдегенінің бір көрінісі – түрлі қызметтердің электронды жүйеге көшуі. Мысалы, мемлекеттік eGov.kz порталының қызметін пайдалану карантин кезінде жедел өсті, бұрын арнайы барып кезекке тұру арқылы алатын түрлі анықтамалар мен құжаттардың барлығы онлайн түрге ауысты. Олардың ішінде халық үшін әлеуметтік маңызы бар қызметтер, төлемдер, рұқсат беру құжаттары және басқа мемлекеттік қызметтерді алуға болады. Бүгінде eGov.kz порталы қызметін 12 миллионға жуық қазақстандық пайдаланады.

Карантин жағдайына орай бұлтты технологиялар,  антивирустар, бейнеконференциялар, байланыс арналарын шифрлау құралдары белсенді қолданылатын болды. Бірақ мемлекеттік және жекеменшік ірі компаниялар ІТ-әзірлемелер мен қосымшаларды шетелден сатып алады және оған миллиардтаған ақша жұмсайды. Мысалы, қазір әр адамның смартфонында түрлі мессенджерлер, қосымшалар бар және олардың көпшілігі шетелдік дайын жүйелер. Сондықтан, осы салада отандық өнімге сұраныс артып отыр. Мемлекет тарапынан жаңа әзірлемелерді гранттық қолдау және дамыту қомақты қаражаттың өз еліміздің игілігіне жұмсалуына және талантты жастардың білімі мен білігін іске асыруға септігін тигізері сөзсіз.

Осылайша адамзат тарихындағы төртінші өнеркәсіптік төңкеріс көз ілеспес жылдамдықпен жүріп жатыр. Бірінші төңкеріс екі ғасыр бұрын қол еңбегін машиналармен ауыстырса, екінші индустриялық жаңалық зауыт-фабрикаға конвейерлік әдісті енгізді. Үшінші төңкеріс сандық бағдарламалық басқару мен микропроцессорларды дүниеге әкелді. Ал қазір жасанды интеллект заманы туды, енді бүкіл сала цифрландыру көмегімен басқарылады және бақыланады. Бұдан былай серпінді технологияларды енгізген компаниялар мен салалар ғана жаһандық бәсекеге төтеп береді. Мысалы, жаңа технология жетістігін тиімді пайдалана білген америкалық «Аmazon» сияқты компаниялар пандемия кезінде дүниежүзіндегі ең бай алпауытқа айналды. Бір кезде кітап дүкенінен бастаған бұл электронды коммерция платформасынан бүгінде қалаған затыңды сатып алуға болады.  

Цифрландыру тек жаңа технологиялар емес, ол дүниеге ерекше көзқарас, жұмысты жаңаша ұйымдастыру, жаңа тәсіл мен жаңа өнімдер.  Цифрлы дәуірде мақсаты айқын, бастамашыл адамдар мен елдер ғана  табысқа жетеді. Және де цифрландыру трансформациясы бүгін-ертең өте шығатын уақытша құбылыс емес, ұлттар мен мемлекеттер тағдырын шешетін ұлы өзгеріс.Цифрлық сауатты халық, жаңа технологиялардың ролін терең түсінетін билігі бар ел ғана жаһандық жарысқа ілесе алады.

4939 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы