• Руханият
  • 30 Наурыз, 2021

ЖАСТАРҒА ЖАҚЫН ШАЙЫР АЗ

Өмірде елгезек, еркін жандар болады. Еркін деген сөз өз еркі өзінде, жүрісі мен тұрысына салғырт қарап, салтанат құрып жүретін ұғымда емес. Ой еркіндігі мен сөз еркіндігін тең ұстап, таразылай біліп, ішкі әлеміне адал болу.  Менің түсінуімше солай. Осындай аяулы жандардың тізіміне Аманхан Әлімұлын қосар едім. Аманхан ақынның жырларымен сонау Сыр елінің түкпіріндегі мектеп қабырғасында оқып жүргенде, ауыл кітапханасында таныстым.

... Үзілген тамшы болып ерте көктем,

Жақтауын тереземнің шертеді еппен.

Барады сылқ-сылқ күліп бала бұлақ,

Жып-жылы алтын күрек еркелеткен.

 

...Біз дегенім жылы жақ – Қазақстан,

Құстар көкте қанатын жаза ұшқан.

Күн дөңгелеп құлады ұясына,

Аумай қызған бүйірі таза мыстан...

 

Ақын көзі табиғаттың сұлулығын көңіл келбетіне әдемі көрініс етіп түсіреді. «Барады сылқ-сылқ күліп бала бұлақ...» Көз алдыңызға тұлымы желбіреген сәбидің құлдыраңдай жүгіргені, күлкісі күнмен араласып, бұлақтай  ішкі «жан» дейтін әлемінің булыққан дауысы да,  өксігі де білінеді... Ақын туған елін, жерін махаббатын басқа дүние тұрғысынан биік қойған жан емес. «Ақын алдымен қайраткер болуы керек. Мен өзім қоғамнан, ел-жұрт тағдырынан өз мүддесін биік қойған ақынды, ақын деп есептемеймін». Бұл Аманхан ақынның сөзі. «Біз дегенім жылы жақ Қазақстан...» – деп құстың қанатына ілінген махаббатын жырмен кестелеуі де содан.

Кербез жоталар, кертік қыр,

Керуен азға елтіп бір

Себезгі жаңбыр себелеп,

Сезімнің қылын шертіп тұр.

 

...Пана бола ма, тор құсқа,

Қолдауға сені қол қысқа?!

Жолықпай кетсең қайтесің,

Жолаушы ғұмыр-жол қысқа.

 

Жайғанда көңіл желкенін,

Таба ма жанның дерт емін?

Кездеспей кетсең қайтесің,

Керуен дүние келте-күн.

 

Көсемсігендер көз алдар,

Шешенсігендер сөз алдар.

...Бозбала ғұмыр секілді-ау,

Бозбала мұнар, бозаң қар...

Өлең әлеміне сәбидей еркелеп еніп, адал пейілімен ақтарыла білген-ау... Тағдырдың бұралаң жолын кедір-бұдырымен жалаңаяқ жүгіріп, жалаңаш жүрегімен сүйген. Жыраулардың бір деммен әндетіп оқылатын жырлар сарынын сеземін. Ол өзін емес, өзгені ойлап, іштей таза әлемімен тілекші. Жолаушы ғұмырда «Адам» дейтін туыстары жақсылық пен қуантар сәттерге жолықса екен дейді. Бір-бірін тапса екен дейді. Ақын ағаның үнемі асығып жүретін сәтінен, басқан қадамынан қазаққа деген аңқыма пейілін аңғаратынмын. Жұмыс бөлмесі жас ақын-жазушылардан босаған емес. Өтірік мақтамайды, жалған сөйлемейді. Бұлай айтуымның себебі, бір мекемеде әріптес болдық. Асымыз да ортақ болатын. Есіктен арқырап кіріп, ақтарылып жыр оқыған сәттерін осылай сағынышпен еске аламыз деп ойладық па?.. «Жолаушы ғұмыр тым-қысқа» – деп өзі де сезген екен-ау...

Бала кезімде ақынды жақсы көрмеу мүмкін емес, – деп ойлайтынмын. Өлеңдерін сүйіп оқитын авторларым болды. Өмірде олай сүйсінген әлеміңе жақындату болмайтынын ұқтым. Кей ақын қаламға адалдық танытқанымен, ғаламға пендеуи тірліктерін «түлетіп» жүретіндерін көрдім. Өлеңді кәсіби тұрғыда күнелтіп, талай таза жандардың тағдырына тосқауыл болғанын білдім. Бұл кінәләу емес. Бұл әлемдегі ақ пен қараны  ажырата білу үшін адам санасын оятудың құбылысы деп білем. «Ақындықты Алла анаңның құрсағында жатқанда береді. Егер сол энергияңды бағалай алмасаң, басқа нәрсеге жұмсайсың. Мен отбасымнан, жақындарымнан, мүлкімнен Өлеңді биік қоямын. Ортаңқол ақынмын ба, жаман, жақсы ақынмын ба, ол бөлек әңгіме. Маған басқа құндылықтарымнан бұрын поэзияны Алла бірінші берген. Ертең арғы жаққа барғанда сұрайды ғой, «Мен саған ақындық дарын бердім. Менің сыйыма сен қалай еңбек сіңірдің?» – деп. Мен сол аманатқа адал болуым керек» – деген Аманхан ағамыз. «Өлеңді жазсам да жазамын, жазбасам да жазаамын» – деген тыраштану бұл кісіге жат еді. Түймедей ойдан, ай сәулесіндей төгіле түседі...

Ақ сәулеңнен бөленген сәнге белең,

Бүгінгі түн, шіркін, Ай әңгелек ең.

Ішін тартып ұлиды саған қарай,

Шелек бас ит қамыққан әлденеден.

 

Иттің бұлай ұлуы емес тегін.

Көз алдына кім болып елестедің.

Тұрдың ба әлде теңселіп көк төсінде,

Жұлып кеткен қайықтай жел ескегін.

 

Келе жатқан секілді анталап мұң,

Батқан еді бағана анталап Күн.

Күшігіндей жоғалған көрінді ме,

Ұлуын-ай,– деді қарт зәнталақтың.

 

Тары жұлдыз себілді көк төсіне,

Түсіретін түбегей жоқты есіңе.

Сынап сынды сырғыған сыралғы Ай да,

Көнбіс түннің кепілдей өтпесіне.

 

Ашпайтұғын бір мезгіл сырды ұштығып,

Болмас мыстан сияқты тұрмысты ұғып.

Мен де итше жер тырнап ұлыр едім,

Көмейіме түйткіл тұр, тұр қыстығып.

 

Ақын жалғыз тұрып  айналасындағы үнсіздікті шексіздікпен үйлестіреді. Тіл бітіреді. Ол бүкіл дала мен адамзат мұңын арқалап жүрген жандай күңіреніп күбірлемейді. Бояуы үйлескен суреттер сан құбылып, санаңа бұйығы тіршіліктегі мұң мен үміт араласып  кетеді. Ол – жан дауысын, сағыныш, қайғысын да аялап жазады. Әйтпесе,  тағдыр жолы оны да етбауыры баласынан, жақсы көретін достарынан айырды. Бірақ жалғыз мақсаты – ақындық әлемінің адал  перзенті болу еді. Жұмысына таңбозынан келіп, кеш қарая қайтады. Жарқылдап күле жүріп, жақсылық жасай білді. «Жақсылық» жасау, дүниемен демеу емес, жанға медеу сөз айта білу екенін ұқтырып кетті. Жастарды көп қадағалап жүреді. «Мынаның екпіні бөлек екен, біздің атымызды шаң қаптырмасын» деген ұсақ ойдан ада болды. Жастардың жанынан көп табылып, «ағалап» іздеп келетіні сондықтан еді.Оқымаған кітабы бар десе сенбес едім. Өйткені барлығын талғаммен оқиды. Оқымағандарға түгелдей соның мазмұнын айтып беруден жалықпайды. Бұл өзің біліп, өзгеге білім нұрын шаша білу деген емес пе? Ажалдың келері заңдылық болса да, еске алынбай кететін адамдар қаншама. Ақын өмірден өткен де көзі ашық жандардың жан қайғысы әлеуметтік желіде желдей есіп тұрды. Өзі жоқ болса да әлі де «өлдіге» қимай жүрген оқырмандары «жатқан жерінің жайлы болуын» тіледі... Қарапайымдылық пен адамдықтың үлгісін көрсетіп кеткен ақын ағамыз туралы талай естеліктер жазылды. Жазыла да, айтыла береді. Көкірегіңде мың сан ойлар қаумалап, шертіліп тұрса да іштей булыға береді екенсің. Жарқын бейнеңіз, баладай көңіліңіз, даладай пейіліңіз әрқашан елге, жерге, қазағыңа тілекші екенін, сеземіз, Аға! Мына өлең жолдары ақынның жер жастығына аттануға беттеген сағаттарындағы соңғы жазбасы екен...

 

Көңіл күй

 

Бұрған бұлттың легімен елге бетті,

Ағыл-тегіл көк нөсер селдеп өтті.

Күздің күнгі жапырақ сияқтанған,

Менің қанша сөздерім желге кетті.

 

Беріледі жел қақты бақ та мұңға,

Сорам болып сор мезгіл аққаның ба?!

Барып-барып үзілген үміттей жол,

Басын тығып алыпты тақта құмға.

 

Тырау-тырау мұңды үнді тырна біткен,

Көш түзеді көңілсіз бір бағытпен.

Кетті маған қарамай, Алматыға,

Бір жақсы қыз, сорыма, Сырда күткен.

 

Ауыр қандай тиеді сұрақ демі,

Таптырама, жанымның тұрақты емі?!

Қып-қызыл боп жанып тұр шетен бақта,

Жылуы жоқ жылытар, бірақ, мені.

 

Жаман екен жүрегің сыздағасын,

Қаққан кезде кіді Күз ызбақасын.

Жылы жаққа қаз қайтты, кетті қыз да,

Кімнен оны айтшы енді қызғанасың?!

 

Кететұғын түсіп бір ізге бастан,

Бұ өмірді теңімен қыз де қашқан...

Жабырқаулы жанымды жылытпайды,

Мұң тілінде сөйлеген күздегі аспан.

 

Тырналардан кеудемде тырау қалған,

Мен ашалмай өтетін сыр-ау, жалған.

Маған ұқсап тұр, анау, кәрі үйеңкі,

Басын ерте бозаңдау қырау шалған...

29 наурыз, 20020 жыл.

Динара Мәлік.

 

2086 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы