• Руханият
  • 30 Наурыз, 2021

МҰҚАҒАЛИДЫҢ АЛҒАШҚЫ РЕДАКТОРЫ

(Әлнұр Мейірбеков туралы сағыныш сөз)

 

Шаңқай түсте үйдегі телефон қоңы-раулатып қоя берді. Телефон тұтқасын көтергенімде өзіме талайдан бері таныс інім – Ассалаумағалайкум аға, – деді.–Уағалайкумассалам, – деп менде тап басып, танып тұрғанымды сездіріп жатырмын. Ізетті ініме сенің үніңнен Нарынқолдың иісі аңқып тұр ғой, енді бұйымтайыңды айта бер, – деп әңгімені ары қарай жалғадым.

– Аға, – деді сөзін қайта сабақтаған танысым. – Сізбен бізге тәлім тәрбие берген асыл ағамыз Әлнұр Мейірбековтың туғанына таяу-да 100 жыл толады. Осыған орай естелік жазып беруге қалай қарайсыз? Азды-көпті бірге жұмыс істедіңіз. Аға жайында жазғаныңызды жаратып жатса Республикалық газеттің біріне ұсынарсыз.

 Мен бірден келісе кеттім. Сөз арасында айта кетейін, Нарынқолдан телефон соққан «Хан тәңірі» газетінің белді қызметкері, жергілікті ақын Жұмабек Тұрдиев еді. Бұл арада әңгімені әріден қозғағаным қолайлы секілді.

1970 жылдың қазан айында Нарынқол аудандық радио хабарларын тарату редакциясына қызметке тұрдым. Сөйтіп аудан орталығындағы мемлекеттік мекемелердің басшыларымен әсіресе аудандық газеттің қаламгерлерімен қарым-қатынасым жиілей түсті. Жазған өлеңдеріммен мақалаларым газет бетінде көбірек көрініс тапты. Әлі есімде. 1971 жылдың қаңтар айының алғашқы аптасында аудандық газеттің бетінде «Ақындар шықты айтысқа» деген тақырыппен саржаздық жергілікті ақын Әбдірахман Айнабековпен шалкөделік Батық Мәжитұлының айтысы жарияланды. Аталған екі колхоздың еңбеккерлері социалистік жарыста болатын. Соған орай екі ақын екі шаруашылықтың жетістігі мен кемістігін, мәдениеттегі, өнердегі өзгерістерін өлеңдеріне өзек етіпті. Бұл бастаманы бастаған осы газеттің редакторы Әлнұр Мейірбеков екенін естіп, білдік. Жақсы бастаманың жандана түсетініне іштей сенім артқан адамдар аз емес еді. Ақындардың айтысын аудан халқы жылы қабылдады. Әсіресе өлеңді мұрат тұтқан жас қауым қатты риза болды.

Бір күні Әлнұр аға телефон арқылы тілдесіп, мені өзіне шақырды, бардым. Жұмыс бөлмесінде Әлекеңнен өзге газет қызметкері, анау бір жылдары «Қойшылар» атты дастан жазып қазақ оқырманына жақсы танылған талантты ақын Еркін Ібітанов және маған бейтаныс бір адам отыр екен. Әуелгі сөзді бастаған Әлекең: – Жақында газетімізде ақындар айтысының жарияланғанын жақсы білетін шығарсың, – деді маған қарап. Сол бастаманы ары қарай жалғамақ ойдамыз. Осыған орай сені Нарынқол ауылындағы Октябрьдың 40 жылғы атындағы колхоздың, ал мына отырған ағаң Сақан Жанұзақовты Карл Маркс атындағы колхоздың атынан айтыстыруды жөн санадық. Екі шаруашылық социалистік жарыста екенін білетін боларсың,– деді Әлекең биязы үнмен. Ағаның айтқанына қарсылық жасап қасарысқаннан пайда жоқ. Бірден келісім бердім. Сөйтіп есімі аталған ақын аға екеуіміз қос шаруашылықта бірер күн қонақ болып, еңбекшілердің жай-күйімен жақсылап таныстық та, ойға түйген өзекті мәселелерді өлеңімізбен өрнектедік.

Біздің айтысымыз қазіргі ақындардың айтысына қабыса бермейтін еді. Өйткені біз бүгінгі таңдағы айтыс ақындары секілді қолымызға қос ішекті домбыраны ұстап сахнада сарнаған жоқпыз. Жазған өлеңдеріміз сараптан өткен соң, аудандық газетке жарияланды. Мәселен өзім атсалысқан айтысқа арқау болған өлеңдерім қарсыласымның қатысуымен қабысып барып, «Советтік шекара» газетінің (27.02.1971) және (02.03.1971) қос нөмірінде жарық көрді. Оқырман әр алуан пікір айтты. Ондай пікірлерді осы араға араластыруды артық санап отырмын.

Ауданда басталған ақындар айтысы бізден кейін де жалғасын тапты.  Аудандағы ірі шаруашылықтарда тұратын жергілікті ақындар айтысқа қатысты. Сол арқылы аты беймәлім талант иелері жалпақ жұртқа жария болды. Сөйтіп Әлнұр Мейірбеков ағамыз ақындар мектебінің тәлімгері болғанын атап өтсек, артықтығы жоқ ағайын. Арада бірер жыл өткенде яғни, 1973 жылдың маусым айының алғашқы аптасында Әлекеңнің демеуі арқылы аудандық газетке қызметке тұрдым. Мен үшін талап та, жауапкершілік те арта түсті. Газеттегі жұмысым арқылы Әлнұр ағаны басқа қырынан бағамдап, бағалай бастадым. Әлекең жазу өнеріне өте қатал қарайтын, талапшыл, өтірік айтқанды, бөспелікті, желөкпелікті жек көретін жан екенін жақсы сезіндім. Бірде ауыл шаруашылығына қатысты жазған қып-қысқа мақаламды үш рет қайта жаздырды. Төртінші рет бөлмесіне шақырып алып: – Соңғы жазғаның көңіліме енді қонды. Журналист ең алдымен қысқа хабарды қыздың жиған жүгіндей жинақы жазғаны жақсы. Көпіртіп көп жазғаннан келетін пайда шамалы. Көп сөз көбік, аз сөз алтын,–деп ақыл айтқаны жадымда жатталып қалды. Сондай-ақ , Әлекең жақсы жазылған мақаланы өзгертіп, басқаның еңбегін елемей тастаудан аулақ адам еді.

Әлекеңнің сөйлеген сөзінен, жүріс-тұрысынан, киім киісінен кісіліктің иісі аңқып тұратын. Қашан көрсең де мешітке баратын адамдай тап-таза болып жүретін. Әңгімешіл еді, қазақ тарихын тереңнен тарқатып айтатын адам болатын. Ә. Мейірбеков басшылық жасаған тұста газетте ауданның экономикасын, мәдениетін, денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған талай тартымды мақалалар жазылды. Сын тақырыбындағы мәселелер де аз болған жоқ. Реті келгенде айта кететін бір сыр бар.

Газетте қолданылатын «Шапка» сөзі белгілі бір еңбек жеңісіне арналатын және газет нөмірінің мақсатын айқындайтын ұранды сөз. Шапка сол газет санының яки беттің туын ұстаушы, бастаушысы. Демек шапка сөзін газеттің бөркі, көркі деуге әбден болады. Осыны ойға алғанда сол тұста «Советтік шекараның» бетінде «Өрелі еңбек дүбірі – өлкемде бір сәт тынбайды». «Аспан тау аясында – шабытты еңбек шалқиды». «Басшы адамдарға ой серік», «Көгілдір орман – денсаулыққа қорған» дейтін шапкалар арқылы талай татымды, оқырманды ойға жетелейтін жақсы дүниелер жарық көрді. Әлнұр ағамыз жақсы жазылған мақаланың авторын мақтап, көтермелеп отыратын. Қолымда билігім бар екен деп, қарауындағы қызметкерлерге қатқыл сөз айтып, қанатын қайырып тастамайтын. Жазылған мақаланың тілінің жатық, көркем де келісті, кестелі болғанын жаны қалайтын еді. Әлнұр аға өзі басшы болған кезеңде газеттің таралымы көбейіп, мазмұнды шығуына шынайы жанашыр болды. Менің мақаланың қалай жақсы жазылатынына, дүние танымымның артуына жол ашқан Әлнұр Мейірбеков. Оның  мектебінен өткенімді өзіме мақтан санаймын.

Әлекең аудандық газетке 20 жыл басшы болды. Көп жақсы қаламгерлер осы газетте еңбек етті. Атақты ақын Мұқағали Мақатаев бірге қызмет атқарып, өнегесін алды. Ноқтаға басы сыймаған арынды ақын Әлекеңнің алдында бейне бір беті ашылмаған қыздай сызылып тұратын еді деп көзі көргендер әлі күнге дейін айтып отырады. Мұқаңның мұндай қылығы ағасын ардақ тұтқаны деп тұжырымдаған жөн. Талантты жазушы Баққожа Мұқай да Әлекеңнің тәлімін көргенін, тәрбиесін сезінгенін анда-мұнда есіне алып отыратын. Ә. Мейірбеков 1921 жылы 15 майда дүние есігін ашқан адам. Жасы 20-ға ілінгенде қан сапырған қасіретті соғысқа қатысып, ауыр жараланған жауынгер.Қан майданнан қайтіп оралған соң, аудандық газетке қызметке тұрады. Арада бірнеше жылды артқа қалдырып, яғни, 1954-1956 жылдары Алматыдағы жоғарғы партия мектебінде оқып, білімін жетілдіріп, дүние танымын арттырады. Қан майданнан ауыр жарақат алғанын жоғарыда айттық. Содан да болар, Әлекең 1976 жылы 55 жасында зейнетке шықты. Той жасады. Тойға ертеден бері араласып келе жатқан сыйлас, сырлас досы жазушы Бердібек Соқпақбаев «Жетісу» газетінің сол кездегі редакторы Пернебек Бейсенов, майдангер досы, журналист Қабдышахар Әміреновтер қатысқаны қазіргідей есімде.

Жылдар жылжып өтіп, айлар артта қалып жатты. Бірде редактордың тапсырмасы бойыша аудандық әкімдікке бара қалдым. Қабылдау бөлмесінің есігін ашқанымда іштен Әлнұр ағаның отырғанын көрдім. Бұрылып сәлем бердім. Содан соң мұнда не шаруамен жүргенін сұрадым. Сонда Әлекең: – Анау бір жылдары «Советтік Шекара»  газетін Шотаман Әміров дейтін азамат басқарды. Өзі қазіргі Қарасай ауданының тумасы еді. Жүрегі жұмсақ, қолтығы кең, қайырымды қаламгер болатын. Ауданымыздың алға басуына едәуір еңбегі сіңді. Бертінде өмірден озды. Сол азаматты есте қалдыру үшін аудан әкімінен бір көше берсеңдер деген ниетпен бірінші басшыға келіп отырмын,– деді маған. Кейінірек естіп, білдік, көрдік. Қазір Нарынқол ауылындағы бұрынғы еңбекші көшесі Ш.Әміровтың есімімен аталып жүр. Осыны ойға алғанда, Әлнұр ағамыздың қазақ халқына қалтқысыз қызмет көрсеткен жақсы азаматты ардақ тұтқанын аңғаруға болады.

Қиялы ұшқыр, қаламы қарымды ақылман ағамыз жасы 90-ға толып барып, өмірден озды. Көзінің тірісінде Райымбек ауданының құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті Журналисі деген атақтарға ие болды. Қаламгер соңына «Сен солдатсың», «Аспантау» атты екі әдеби кітап қалдырды. Кезінде бұл кітаптарды оқырман қауым жылы қабылдаған болатын.

Әлекең өзінен үлкен ағаға ақылмен, өкшесін басқан ініге ізетпен қарайтын қағылез қаламгер еді. Осы айтқаныма бір дәлел келтіре кетсем артық болмас деймін.

Мен анау бір жылы алпыстың асуына аяқ арттым да елге қарай тартып кеттім. Ағайын тумаларымды араладым, сондай күндердің бірінде Әлекеңе сәлем бермек ниетпен үйіне бардым. Жылы қарсы алды. Кетер сәтім таянғанда Әлекең маған бұрылып: – Мінуар, мен ақындық өнерді кәсіп еткен емеспін, әйткенмен сен алты қырға аяқ басқалы тұр екенсің, соған орай өзіңе арнап бір өлең жаздым. Енді соны қабылдағайсың,– деп бір параққа қолымен жазылған өлеңін ұсынды. Сол өлеңнің екі-үш шумағын оқырманға ұсынсам ұнамды болар деймін.

Көтермеді десең де жүгін нардың,

Өзіме ыстық есімі Мінуардің!

Ақырын жүріп, аяқты анық басып,

Құлатпадың намысты туын – Ардың.

 

Жету қиын екенін жеңіске анау,

Тайталас жыр жолында ұғып алдың.

Дүлдүл ақын Әбуден бата алып,

Есегін басқа ұрдың пейілі тардың.

 

Жақсылармен сыпайы сыйлас болып,

Тамшысын бөліп іштің қолда бардың, – дей келіп өлең әрі қарай бірнеше шумаққа жалғасыпты. Соңына Әлнұр Мейірбеков 3 қазан 2003 жыл деп қол қойылған. Осы өлеңге көзім түскен сайын асыл ағаның сабырлы да, салмақты мінезі, бет бейнесі есіме түседі. Сағынышымды оятады.

Әлнұр ағамыз көзі тірісінде жаз шықса болды, Әйнек жеңгемізді қасына ертіп алып, «Шұбартал» жайлауына аттанатын. Сонда барып киіз үй тігіп, қойшылармен қоныстас болып, таудың таза ауасын жұтып, көкмайса шалғынның үстінде демалып жүретін. Сондай кезеңдердің бірінде ертеден етене араласқан атақты жазушы Бердібек Соқпақбаевтың аталған жайлауға барып, бірге демалғанын айтып отыратын еді. Әлекең ескі досы Бердібекті қатты қадірлейтін. Ол қазақ қаламгерлері арасындағы оқырманы көп жазушы деп мақтан тұтатын.

 Әлекең 80 жасқа толғанда дүркіретіп той жасады. Сол тойға Алматыдан белгілі қаламгерлер Бексұлтан Нұржекеев, Баққожа Мұқаев, Бақыт Сарбалаев және осы жолдың авторы арнайы барып қатысып, сөз сөйлеп, Әлекең жайлы ой тербеді.

Әлекең өзі туып өскен өңірдің өркендеуіне ақыл ойлы сөзімен сүбелі үлес қосты. Мұны бүгінде көзі тірі қаламгерлермен қатар, газет оқырмандары жақсы біледі. Әлекең қарымды қаламгер болуымен қатар әдебиетке көңіл құлатқан жастардың жақсы жазылған жарамды дүниелерін газетке жариялап тұсауын кесіп, көмек қолын созып отыратын. Жақсы тәрбие көрген сондай шәкірттерінің бірі көрнекті көсемсөзші, марқұм Баққожа Мұқай болатын. Орта мектепті ойдағыдай аяқтаған ол аз ғана уақыт аудандық газетте қызмет етті. Әлнұр ағаның ақыл-кеңесін тыңдап, тәрбиесін көрді. Одан соң жоғары оқу орнын бітірді. Қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосты. «Өмірзая» романы үшін мемлекеттік сыйлық алды. Ұзақ жыл «Парасат» журналын басқарды. Өкініштісі өмірден ерте озды. Қазір Нарынқол ауылының қақ ортасындағы мәдениет үйі Баққожа Мұқайдың есімінде. Әлекеңнің тағы басқа да талантты шәкірттері бар. Осының өзінен-ақ қарт қаламгердің талантты жандарды тәрбиелеудегі еңбегінің ересен екенін аңғаруға болады.

Әлнұр  Мейірбеков  ағамыз  туған халқының көгеріп, көктеуі жолында ерең еңбек етті. Ақыл-ойын қаламының қайратымен қағазға түсірді. Шығармашылық еңбегіндегі өнегелі ой-пікірді оқырман қауым қадір тұтты. Ағамыздың тұла бойы тұнған үлгі болатын. Қандай да бір жайсыз жағдайда да дауыс көтеріп, айналасындағы адамдардың көңіл-күйін түсіруге тырыспайтын. Сыпайы сөйлейтін, қатігездік танытпайтын. Қайсыбір артық сөйлеген адамдарға кешіріммен қарайтын. Осыған орай Әлнұр ағамыз ұзақ жыл тұрып қызмет еткен Нарынқол ауылындағы бір көшеге оның есімі берілсе құба-құп болар еді. Бұл мәселенің оңды шешілуіне аудан басшылары ақылмен қарайды деген сенімдеміз.

 

Мінуар Әкімханов, ақын,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

 

1891 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы