• Айтарым бар...
  • 25 Ақпан, 2021

Адам мен маймыл арасын ойлау жүйесі ғана бөліп тұр

Мен ойлаймын, демек өмір сүремін... 

                                              (Декарт)

I

Менің жекелей түсінігімде адамзат өркениеті үшін ең алапат адам Чарльз Дарвин. Оның «Түрлердің шығу тегі туралы»  еңбегі бұған дейінгі адамзат тарихында санада орныққан сан алуан трюизмдерді түгелдей төңкерген ерекше бір дүние болды. Соның негізінде аналитикалық ақыл мен критикалық ойлау жүлгесі пайда болды. Қаншама ғылыми еңбектер осы бір идеядан қайнар алып, негіз тартты.

Бәрі де рас қой енді. Шындап келгенде дүние  эволюцияның ғана шартына бағынады емес пе. Бұл жағынан келгенде Герберт Спенсердің айтқаны дұрыс. Спенсер: «Өмірге тек бейімделгендер ғана өмір сүреді», –  дейді. Ал осы бір салмағы таудай  сүйекті сөзді өтірік деп айтып көріңізші енді. Эволюцияның заңы бойынша дүние үнемі өзгеріс үстінде. Ендеше эволюция атаулыны өзгеріс дейтін болсақ, онда өзгермейтін қоғам мен оның көне түсініктеріне иланған халықтан қауіпті ештеңе де жоқ қой.

Біз неге даңқ құмармыз? Неге өзімізден әлсізді ұдайы  әжуалағымыз келіп тұрады? Бәденді әйелге келгенде тәніміздің тілегін неліктен басқара алмай кетеміз? Қатты ашуланғанда қарсыласымыздың жеті бабасын желдей көшіріп, одан қалды  ұрып жығып қана шыбын жанымыз неге тыншиды?

Мұның жауабы адамзаттың сонау тағылық  кезеңдегі ақпараттардың гендік каталогымызда әлі күнге дейін бұқпантайлап, керек кезінде бас көтеріп, өз әмірін жүргізіп  отырғандығында болса керек. Базбір пенденің теріс қылығына әбден пұшайман болғанда «өзі бір ит неме» деп кеюіміздің арғы жағында да архетиптік  халді ишаралауымыздың негізгі нышаны жатыр ғой.

Ал алыптар шоғырының  арман  еткен «толық адам» мен «бірегей адам»,  я болмаса  «хомо деус»  ұғымдары  құр ғана қиял емес, эволюция қағидаларының  негізінде әбден жүйеленген,  адам санасының толыққанды мүмкіндігіне сүйене отырып жазылған тұғырнамалар болса керек-ті. Бірақ сол арман адамзат нәсіліне неге кешеуілдеп  жатыр? Адамзат баласының мәдени масштабының тарылып, күн санап деградацияға ұшырауының  мәнісі, бәлкім, «қан майданның» кесірінен шығар.

Сіз бұл жердегі «майдан» сөзін мылтық пен оқ деп әсте елестете көрмеңіз. Ол жемқорлық пен суайттықтың нағыз өзі болуы да бек мүмкін ғой.

Өзбек ақыны Мұхаммед Салықтың «Біздің елде тыныштық бар соғыстан да қауіпті...» – деген өлең жолдары осы ойымыздың өзегіне өз шұғыласын түсіретін  секілді. Өзіңіз де білесіз ғой. Майдан даласында тек мықтылар ғана жазым болады.  Ең қиыны да сол, жер үстінен ардагер ұлдармен қатар, ардагер гендер де  бірге жойылып отырады (Бұл майдан жер үстінен гөрі адамның  ақыл-есі мен ар-ұятының аумағында көбірек өтеді десек дұрысырақ секілді).

Әрине, ине көзінен өтетін жылпостар мен «тірі қалғандар» тобы өз алаяқтығын ақылдылыққа, ал аман  қалғанын  ерлікке балайды.  Осымен өмір көшінің ауған  жүгі оңалып кетсе тіптен тамаша ғой. 

Бұл іс-әрекеттердің  бәрі бейсанаға  нышан тастап, ментальдық инфекция жолымен қоғам мінезіне өтеді. Сөйтіп  өз суайттығымыз бен сүмелектігімізді айғайлап айту кәдімгі норма  мен зор мақтанға айналады.

Ардагер гендер неге ажал құшады?  Олар өзі өмір сүрген ортаның қандай да бір  қателігі болса, бұл маған да  тиесілі деп түсінгендіктен жан-тәнімен беріле күреседі. Бұған Альберт Швейцер (Нобель сыйлығының иегері) секілді кемеңгерлердің  өмір жолы  куә. Адамзат  қателігі менің де басы бүтін  кемшілігім деп түсінген ол  бар  мансабынан бас тартып, қалған ғұмырын Африка жерінде өткізді. Мұның бәрін түгелдей  тәптіштеп жазу менің де енді құзыретіме кіре қоймас. Десек те «Өмір мен ойлар» (Жизнь и мысли) еңбегін оқып, бұл түсінікті бір мәрте болсын жүрек төріне оздырсақ құба-құп болатын еді. Себебі  білім мен иман атаулы  адамзат нәсіліне шен мен шекпен үлестіру емес, мейлі бір тамшы болсын  ар-ұят  атаулыны  адам  бойына дарыту ғой...

 

II

Эволюция атаулы биологияда ғана емес, әдебиетте де болады десек, қазіргі қазақ әдебиеті маған жунгли заңынан  енді ғана ауысып бара жатқандай   сезімде боламын. Мұны айтып отырғаным,  шекеге ұрғандай тіке айту мен жадағай жазу, мына біздерді  айтпағанда келер ұрпақ санасының мәдени масштабын тым тарылтып барады. Мен мұны сыншылардың атына  қаратып  арнайы айтып отырмын.

 «Өлеңді бейне бір автордың интенциясы мен еркін көрсететін шарт пен қағида ретінде қарастырып, өзінің санасын зерттемейтін «сыншыны» еш сыншы деуге келмейді. Себебі өлең сыншының ешқандай да бір жекеменшік мүлігі  емес», –  дейді профессор Е.Столл. 

Дәл осы ойдан от маздатқан  әйгілі әдебиеттанушы Ролан Барт  та бұл  пікірді қуаттай түседі «...Өмір тек кітапқа ғана  еліктейді. Ал кітаптың өзі белгі беретін таңбалардан тоқылған.  ...Осылай шексіздік атаулы әрқашан  жалғаса береді.  ...Авторға мәтінді меншіктеу дегеніміз – мәтінді кідірту, оған үзілді-кесілді мағына беру, дұрысы, жазуды құлыптау мен шектеу дегенді білдіреді», – дейді.

Біз осы неге екенін білмеймін, кітаптың авторын көрсек болғаны,  соны айналып-толғанып я болмаса автордың бетін қызыл шие-дей қылып   былықтырып отырғанымыз. Бізге керегі автордың  есім-сойы емес, мәтін мен идеяның тек өзі ғана  емес пе?!  Себебі мәтін атаулы әр заманға қарай өзгеріп отыратын  феномен болғандықтан оны  әр кезең оқырманы  әртүрлі ракруста бағамдайды ғой.  Ендеше осы бір ойға ептеп бәтуаласқан екенбіз, онда мәтін атаулы бірден бас шұлғып мойындаудан гөрі, тайталасу мен нағыз интеллектуалдық полемикаға жақын. Мейлі қай кемеңгер болсын, (ол кітап авторының)  төл түсінігінен гөрі біздің субъективті пікіріміз өз «меніміз» үшін  әлдеқайда маңызды. Егер дәл осылай  мәтінді автономды түрде синтездеп, өз көзқарасымызды бірінші планға сұрыптап  шығара алмайды екенбіз, онда біз өзімізді кітап авторы өмір сүрген дәуірге  бірден «лақтырып» жібердік  деп есептесек те болады. Мейлі мыңжылдықтар алдында жазылсын, кез келген мәтінге бүгінгі күннің өз шұғыласын түсіру, кәсіби сыншы атаулының ең басты миссиясы болуға тиіс. Өйткені мәтін атаулыда «уақыт» ұғымы болмайтынын жоғарыда атап өттік  қой.

Енді бірер сәт ойланып көрейікші. Дәл қазір бізге керегі XIX ғасырдың көне Абайы ма, әлде жаңа заманның құсни-құрдас өз Абайы ма? 

Міне, осыны социалистік схематизм індетіне  ұрынған аға буын  тұрмақ, тәуелсіздіктен кейін өмірге келген, бірақ  биологиялық тұрпаты жап-жас бола тұра ой жосындары тым кәрі  жас сыншылардың  өзі  еш түсінгілері келмейді.

Осы жерде  рұқсат етсеңіздер, бірді-екілі  дүниені де арнайы айта кетейін. 

Автор мен туынды атаулы  аспан мен жердей бір-бірінен бөлек дүниелер ғой. Туынды қашанда автордан биік тұруға тиіс дейміз.

Ал бүгіні біздің жағдайымыз үшін бұл  мүлде керісінше мағынаға ие.  Автордың аты-жөні мен атақ-даңқы біз секілді қызылкөз графомандар үшін  қашанда алғашқы сапта тұрады.  Автор өз туындысынан шығармашылық  аура  жасағаннан гөрі,  керісінше өз есімінен балыққа құрған  ау тәрізді «шығармашылық  тіленшілік» жасайды (Тіпті, бір шумақ өлең жазса да соның соңында аш ішектей шұбатылып ұзын-сонар сөлкебайларының  тұратыны да осы сөзіміздің куәсі. Ендеше осыған қарап отырып, бұрынғылардың  бүгінгі күні  не үшін оқылмай жатқандығының да сырын  ептеп түсінуге болатын секілді).

Әттең, амал нешік (Қай «шығармасын» алып қарасаң да ішкі эстетика мен мәдениеттен ада (декультурация) жазармандар бізде шынымен-ақ көп қой).

Әзірге  допинг ұғымы тек спорт саласына ғана тиесілі болып тұр.

Әйтпесе кәсіби әдебиеттің өз критерий-лерімен  қарайтын болсақ, біздегі жунгли заңының арқасында  өмір сүрген  талай  «асабалар»  мен  «аферистер» алған  атақтарынан  түгелдей дерлік  айырылып,  тас тиген иттей қаңқ етіп, біржола  безіп  жоғалар ма еді...

 

III

Көп дүниеге көңілің толмайды...  Сосын  жұрт  бұл бір жүрген Асан Қайғы ғой дейді мүсіркеп.  Елдің сүйегін жасытып, тауанын шағар  кербаққан сөз айту, бүгінгі қос иіні түскен жұртқа да соншалықты қызықты бола қоймас.

Рас, маған апокалиптик болғаннан гөрі Ертөстік болу әлде қайда ұнайды.  Осы жерде ойымды тым күлбілтелемей бірден бастайын.

Біздің көбіміз қалаға ауылдан  келген адамдармыз.  Дұрысы, қазір  қалада тұрып жатқан ауылдың адамдарымыз ғой. Ана бір ән шумағында жиі айтылатын «Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді» сөзі біздің бүгінгі шын портретіміз ғой.  Осы ауылдан келген  замандастарымның ішінде  «бағы  жанып» биліктің майлы жеріне  жайғасқандары да бар.  Солай десек те осылардың  дені  ауылдың ергежей «поняткасынан»  бір елі болсын  жылыстамай-ақ  қойды.  Қызметтің қай жеріне көтеріліп  барса да  айналасының  бәрін «ауыл» мен «қыстаққа» айналдырып жібереді.

Әдебиет әлемі де дәл осындай жағдайда  деуге болады.

Бақсақ, біз ауылдан қалаға  өзіміз ғана келмеген екенбіз, бүкіл мал қорамыз бен тауық қорамызды  да,  тіпті, түз тағысына дейін түгел дерлік  шаһарға көшіріп алыппыз. Тақырыбымыздың түрі болса мынау... 

«Қасқыр»  немесе «Көкбөрі»,  «Зәңгі баба», «Отар», «Табын» , «Қой», «Жылқы»,  қысқасы, ақ қағаздың бетін маңыраған  малға  толтырып тастаппыз.  Когнитивтік  картасы  тек мал  маңында  маталған  мына біздер  өз  өремізден  зор деңгей жасап, жылқының шекіп басқаны  мен  түйенің бошалауын   шын шедевр қылып көрсететінді таптық. Ал өзімізден кейінгілерге тіл білмейсіңдер деп кеуделейтінді шығардық.  Әй, балалық-ай деймін...  Жылқы мен бүркіттің ілкіде бір асайы мен мүсейін білу – бүгінгі қазақты ұшпаққа шығарудың  еш тетігі емес шығар (Бұл бар болғаны  егіншілік пен малшылық секілді аграрлы өмірдің  салалық  қана  кәсіби өз лексиконы емес пе). Әрине, төл тіл мен төл психологияны білген дұрыс қой.  Бірақ маған салсаңыз бүгінгі жас жазушылардың  «Квант» пен «Матрица» секілді тың тақырыптарға барып,  өз  ана тіліміздің ойлау формасын  бір сүйем болсын  ғылыми негізге көтергендері  ұнайды.

Абзалы ана тілімізді тым көне түсініктерге сүйрегендер емес, қазіргі уақыт пәлсапасымен шендестіргендер мен тілді техникаландыру ісіне шын атсалысқандар  ғана оны  ұшпаққа шығарады деп есептеймін. Қазір қалалық қоғамның  лексиконы қызық. Мейлі, келіс-келіспеңіз қалалық я провинциялық өре бүгінде өркениетке баспалдақ есебінде. Осындай өре дәргейіне өтіп, келешектің конфигурациясын жасаудың орнына  сананы қайыра мал қора мен өткен өмірге айдаудың  қандай қажеттілігі бар екендігін  еш түсінсем бұйырмасын.

Біздің манадан бері кәсіби поэзия мен зоологияның  парқы өзара  жер мен көктей  деп пәруана көбелектей тызақ қағып отырғанымыздың да себебі мінекей, осы ғой...

                                                                                                      

IV

...Біз жоғарыдағы  эволюция тақырыбын  жайдан-жай қозғап отырғамыз  жоқ. Әдебиет тарихында  Джозеф Кэрролл  есімді  ерекше бір бөгенайы бөлек әдебиет теоретигі бар. Осы ғалымның «Әдеби дарвинизм: адам табиғаты мен әдебиет», сондай-ақ,  «Эволюция және әдебиет теориясы» еңбектерін тәтпіштеп  оқысақ,  қазіргі қазақ әдебиетінің қай жерде тұрғандығын ептеп бажайлауымызға болады. Мұны баса айтып отырғанымыз, тағы бір әдебиет маманы Колм Хоган есімді ағылшын ғалымы Шекспир шығармашылығын жан-жақты талдай келе «әдеби невролог» атты су жаңа  ғылыми ұғымды айналымға енгізеді. Оқыған жанға бұл да бір тамаша  еңбек.  Қалай десек те бүгінгі нейробиология ғылымындағы сәт сайын ашылған ірі жаңалықтар кешегі күнгі сом түсініктерге  өз түзетулерін   жасап та жатыр.  Соның бір жаңалығы адамның қан сөліндегі (тегіндегі) ақпараттың  қоршаған ортаға  тікелей тәуелді екендігі ғана. Мұны енді барынша ашалап нақтылай айтар болсақ,  адамның гендік каталогіндегі ақпараттар қорының қоршаған ортаның алдында тым дәрменсіз екендігін, керісінше жақсы адамның пайда болуы мен қалыптасуы  ата тектен гөрі, айналамыздағы ақпараттар ағысының негізінде  түзіліп шығатындығын дәлелдейді.

Ж. Кэрролл өзінің  әдеби еңбегінің  басты бес қағидасын да әйгілі дарвиндік тұжырым негізінде жасайды. Ол бір сөзінде «Тіршілік циклының тәрбие стратегиясы, адам физиологиясы мен анатомиясына, сондай-ақ мінез құлқы мен жүріс тұрысының барлық әдетіне сіңеді» деп жазады. Ендеше бұдан шығатын тобықтай түйін сіз бен біз салауатты қоғам құрмайынша, саналы ұрпақ пайымын еш қалыптастыра алмайды екенбіз.  Мұны енді қазақтың  «кемедегінің жаны бір» қағидасымен қарастыратын болсақ, біздің жиған мүлкіміз бен бала-шағаның қамы деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимеген  жанталасымыздың бәрі жалмауыз қоғам алдында тесік шелекке құйған судай тым баянсыз екен.

Саяси жүйе мен азаматтық қоғам принциптеріне барынша бейжай қарап, ұл болмасаң бұл бол, тек бір  басым ғана  байыса болды деген  қораш түсінік те түбі бір бізді жарға жықпай қоймасы анық. Адам аз өмірінде артына қыруар  қаражат емес, парасатты қоғам қалдырғанда  ғана еш өкінбей өмірден өте беруіне болатын шығар. Себебі адамның сүрген өмірі мен қалдырған қоғамы ғана оның  өзіне соққан тірі ескерткіші деуге болады. Әйгілі Фрейдтің  өмірбаян атаулы қайта-қайта өзгертіп жаза беретін дүние емес.  Оны базбіреулер  қанша бұрмалап жазуға тырысқанмен, оларды  өз өмірбаяны бәрібір  қуалап жүріп өлтіріп тынады дегенге саятын  аталы сөзі де  осы ойымыздың байламы іспетті.

Тағы бір әдебиет сыншысы Майкл Райан «Мидың жетілу сипаты мынадай: қоршаған мәдени ортаның семиологиялық өз ықпалы болмайынша, ол өз кемеліне дейін еш көтеріле алмайды» деп жазады. Осы жердегі көтеріліп отырған «мәдени орта» пайымы қалай және  қай кезде пайда болады?

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ЕҢ  БІРІНШІ ТАҒАНЫ  ӘДІЛЕТТІ  САЙЛАУ ӨТКІЗУ ДЕСЕК,  БІЗДІҢ  ПАРЛАМЕНТТІК  Я  ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУҒА ДАУЫС БЕРУІМІЗ,  БОЛАШАҚ ҰРПАҒЫМЫЗДЫҢ ОҢ ГЕНЕТИКАСЫМЕН  МӘДЕНИ ЭКОЛОГИЯСЫНА, ДӘЛІРЕК АЙТСАҚ КЕЛЕШЕКТІҢ  КӨРКЕМ  МІНЕЗ ҚҰЛҚЫ МЕН  АРИСТОКРАТТЫҚ САПАСЫНА ДАУЫС  БЕРУ  ДЕП  ТҮСІНГЕНДЕ  ҒАНА «МӘДЕНИ ОРТА» ФЕНОМЕНІ  ПАЙДА  БОЛАДЫ. Мұны өз кезегінде евгеника (адам тұқымын сапаға арттыру) мәселесіне үн қату деп те қарастыруға болады. Әгәрәки, жаппай жемқорлар мен суайттар жайлаған жабайы заңының  тағы ережесімен қарастырсақ, «мәдени ортаның» қалыптасуы деген еш мүмкін бе? Эволюцияның ең үлкен екі заңы сұрыпталу мен бейімделуден ғана тұрады десек, мұндай ереже  елегінен енді  кімдердің өтіп, кімдердің өтпей қалатыны да айдан-анық қой. Егер азаматтық қоғамның мәдени экожүйесі берік орнағанда мұның бәрі керісінше болып, бүгінгі көлеңкелі қулықтың бірде біреуі еш ілдебайға жарамай қалатын еді. Бізің бар ықыласымызбен шын ынтызар болып отырғанымыз да осы «сұрыпталу» мен «бейімделу» елегінің  тек білім мен мәдениет индикаторына  айналып үлгергендігі ғана.

Қазір инистаграмдағы «кемеңгерлердің» неше түрлі тренингтерін тыңдап отырып, бізде шынымен-ақ  ар-ұятты өлтіру ойыны жүріп жатыр екен-ау  деген ойға бекідім.  Мұндағы инфантилизм індетіне  шалдыққан  толайым  қауымның саяси сауатын көріп  қатты қапаландым. 

Ғылымда атауы ағылшын ғалымы  Джеймс Флинн  (James Flynn)  есіміне телінген «Флинн эффектісі» деген ерекше бір ұғым бар ғой.  Әрине, бұл жайында да тіптен шешіліп жазуға болады. Ойымды барынша  бір-ақ ауыз сөзге сығымдап айтуға тырысайын.  Осы адамның дерегі  бойынша 1970  жылмен салыстырғанда  IQ тестілеу баллы 2000  жылдардан  бері  қарай адам нанғысыз жағдайға дейін тым төмендеп кеткен. Зияткерлік өлшем сапасының бұлай құлдырауына еш таңырқап қарауға болмайтын да шығар.  Қазір интернеттің рөлі  H2O (оттегімен) пар болды деуге келеді.  Енді өзіңіз ойлап көріңізші, бір сәт емтихан билетіне дайындалып отырған студентті Google платформасынсыз елестете аламыз ба?  Осыған қарап  XXI  ғасыр адамының  миы басында емес қалтасында орналасқан деген су жаңа юморды да ептеп  түсінуге болатын секілді. 

А.Эйнштейннің «Мен үшінші дүние-жүзілік соғыста қандай қару қолданатынын  білмеймін, бірақ Төртіншісінде ағаштар мен тастардың болатыны айдан-анық» дегені әншейін, ойланбай айтыла салған сөз деп еш есептемеймін. Шынымен-ақ адам мен маймылдың арасын бөліп тұрған бір дүние болса, ол ойлау феномені ғана емес пе?

 

  Ықылас Ожайұлы

 

3477 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

URKER №11

30 Қараша, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы