• Әдебиет әлемі
  • 25 Ақпан, 2021

Өлең, мені өмірге алып келдің

Әсем  Нұрәділқызы 

 

 

Кең жаһанның сезініп тарылғанын,

Шалыс басқан шағымда, қажып жаным,

Итергенде ит тірлік күресінге,

Өлең, мені сен ғана қабылдадың.

 

Жетеледің, жаныдың жігерімді,

Күндерімнен үзгенде күдерімді,

Үңілуді үйреттің үміт іздеп,

Жанарына жандардың жүрегі ізгі.

 

Арпалыстым, адастым, тамұққа ердім,

Қап-қараңғы есігін қағып көрдің,

Сөніп бара жатқанда сүлдем қалып,

Өлең, мені өмірге алып келдің.

 

Өлең, өлең, өлмейтін мұрат маған,

Жүрегімнің түбінде тұрақтаған,

Көз ілгенде тіршілік қалам құшам,

Өлеңді өпкен сəтімді сұрап ғалам.

 

Күллі əлемнің күлкісін тыңда, өлең,

Уақыттың ұйқысын ұрла, өлең,

Біз озамыз, қаласың, қалу үшін,

Қан-тамырда бүлкілдеп тула, өлең…

 

Қызыл іңір

 

Бұл тірлікті тінтіп, тілін тапқан кім,

Құмсағатқа құра алады қақпан кім?

Сусып түсіп уысымнан, сыңситын

Ұзатылған уақытты ұрлап батқан күн.

 

Бара жатыр,

Қара да тұр,

Батады,

Көкжиектен көзді арбайды шапағы.

Батыс, саған барымта жоқ, байлам жоқ,

Шығыс, сенен тағы бір таң атады.

 

Шығыс тұстан шырайланып атқан күн,

Батыс жақты бетке алып батқан күн,

Өрмекші - өлім екі араны торып жүр,

Торын құрып,

Төрін бағып қақпаңның.

 

Желбірейді күміс күннің шапаны.

Желмаядай желіп бара жатады.

Өмір солай өзгереді дамылсыз,

Төмпешіктер толтырады жотаны.

 

Қызыл іңір қазып кіріп іргемді,

Түңлігімді түріп ішке түн де енді,

Түнмен бірге ой күзетіп, күй кешем,

Қағып қойып көңіл дейтін күймемді.

 

Көңіл дейтін байыз таппас көк дөнен,

Көсіле шап, кесіп өтіп кермеден,

Кеңістікті, шартарапты шарла бір,

Кемерінен асып ақсын арда өлең.

Уақыттың жүрегі, соқ дамылсыз,

Мен алдыңда қауқарсызбын, қарусыз,

Өлең дейтін өмірім бар өлмейтін,

Қалғып кетсем, мүлгіп кетсе бақ үнсіз.

 

Шығыс менің күлкі үйірілген шырайым,

Батыс, шолпы тақсын жұлдыз, түн, айың,

Дидарына сұқтанумен ғаламның,

Құсни, ғазал жырлар жаза тұрайын…

 

Бұл тірліктің тінтіп, тілін тапқан кім?

Құмсағатқа құра алады қақпан кім?

Батқан күннің жанарында қайғы-мұң,

Қайырым бар қабағында ақ таңның…

Сұра

 

Ғаламда ғажайып мына,

Шуақты жаным бар, шұға...

Мендегі мейірім жайлы

Бауыр ет, баламнан сұра.

 

Ананың сол айтар сырын,

Талбесік таянған құба.

Бебеулеп бесіктің жырын,

Қол жайып, қайырған дұға!

 

Дария даламның сайын,

Бұлқынған елігі ем... бұла,

Мендегі еркелік жайын,

Əкем мен анамнан сұра!

 

Жетелеп өмір көктемге,

Өсірген өлеңді өрт кеуде,

Осы бір ғазиз жүректер,

Ғұмырды көрікті еткен де.

 

Аспанын балалығымның,

Мен өскен ауылдан сұра…

Куəсі шалалығымның,

Тел өскен, бауырдан сұра...

 

Қиялым ұшқыр адаммын,

Жел ескен, сағымнан сұра.

Астарын даналығымның,

Кеңескен қауымнан сұра…

 

Көк белде

Көкемаралдың…

Жұпарын жауыннан сұра,

Асқардың берік қамалын,

Дес бермес дауылдан сұра...

 

Көңілдің көк сеңін сөккен,

Тұнығым бар балдай,

Тұма...

Ол барда ойнағам отпен,

Батырмын!

Жауымнан сұра...

 

Шарпыған от кеудем, жалын,

Жанымды жасыннан сұра…

Ғаламның ғаламаттарын,

Ықылым ғасырдан сұра…

 

Тірліктің арпалыстарын,

Күрескер, кемелден сұра…

Жанымның қалтарыстарын,

Өзегі от өлеңнен сұра…

 

Жалғаумен сол бір əуенді,

Көшерміз,

Сағым боп, сірə...

Мендегі мөлдір əлемді,

Уақыттың көшінен сұра…

Ұлыма

 

Ұлым, ұлым, ұршығым иірілген,

Езудегі күлкім-ау, үйірілген.

Сен жанымда жүргенде жүрек тыныш,

Тарқамайды көңілімнің күйі мүлдем.

 

Ұлым, ұлым, үрпиген сарыбасым,

Үкілеген үмітім, мəні басым.

Қарттық келіп жеткенде қайрат беріп,

Қайырмасын əнімнің қайырасың.

 

Ұлым, ұлым, ұлағат ал анаңнан,

Атың озып, арда кел аламаннан,

Тіршілікте мығым бол тізгініңе,

Баталы бол, бағың ол бағаланған.

 

Ұлым, ұлым, жанымның жарығысың,

Сен керексің!

Жігерді жану үшін…

Ақ сəулем-ау,

Ілгері жетелеген,

Қараңғыда жолымды табу үшін.

 

Ұлым, ұлым, сыйысың жаратқанның,

Жырысың, алдымдағы ақ парақтардың,

Жүрегіңе құйғаным дұға болсын,

Жүзімді құбылаға қаратқан күн.

 

Ұғынып ал, осыны Оғыланым,

Жаныңдамын, анаңмын, бағбаның,

Жұпарына жұмақтың қанам десең,

Қағуға ұмтыл қақпасын Қағбаның!

 

Жүк артып жүрегіме

 

Құрдымға құшып тұрып,

Құлатып кеткендерге,

Құшаққа қысып тұрып,

Жылатып кеткендерге.

Күстана, күнə іздеп,

Кінə артып өткендерге,

Жүк артып жүрегіме,

Кектендірме!

 

Жезкиік – желген өмір,

Жем қылмай бөктергіге.

Орғи бер, орға жықпай,

Нұр барда от кеудемде.

Тілімен безенгенді,

Қаруын кезенгенді,

Жүк артып жүрегіме,

Жек көрдірме!

 

Жаныма үңіле алмас,

Жолсызға жолықтырма!

Жігерді жанып алып,

Жетеле жарық нұрға.

Өмірге күліп қара,

Сілтеме бағыт мұңға,

Жүк артып жүрегіме,

Тарықтырма!

 

Бақастық қабағында,

Атпайтын таңы алдында,

Бағыма балта шауып,

Таптайтын табанында,

Кеудеде сəулесі жоқ,

Сүлдерге таба қылма!

Кешірім жүрегімде,

Мейірім жанарымда!

 

1043 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы