• Шежіре
  • 25 Ақпан, 2021

Тезек төре

Нұрлан Сәрсенбаев, 
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

 

Қазақ халқының «Төресіз ел болмайды, төбесіз жер болмайды»  деген мақал сөзі бізге талай ғасырдың тарих қатпарынан сыр шертеді.

Қазақ шежіресінде ұлы жүзді Ақарыс, орта жүзді Жанарыс, кіші жүзді Бекарыс деп атап үшке бөлген. Үш жүзге кірмейтін қазақ халқының құрамын толықтаған Төре, Төлеңгіт, Қожа, Сунақ, Көлеген, Қараша, Құрама (Қатаған, Дүрмен – Барлас, Баршылық, Маңғылтай, Моғолтай, Қоңырат, Қыпшақ, Тарақты, Ноғайлы, Алтай-Қарпық), Қалмақ, Қырғызәлі қатарлы 40-қа тарта ру-тайпалардан құралады.

Қазақ құрамындағы төрелер тарих көшінің сахнасында үлкен ұйытқылық рөл атқарған, хандық, сұлтандық, төрелік билік пен мансап ұстаған, қара ормандай халқының тағдыры үшін күрескен, елім, жерім деп еңіреген, тарихтағы әйгілі хандар ұрпағынан тараған, ата-шежіре бойынша үш жүзге кірмейтін тарихы ұзақ, етекті, іргелі, топтардың бірі.

Қазақ тарихы мен шежірелерде төрелердің Қазақ хандығын құру барысы, гүлденуі мен өркендеуі үшін елеулі үлес қосқан еңбектері туралы көп жазылды. Ата шежірелерімізде Шыңғыс ханнан тараған әулеттерді қазақ түгелдей төре деп атаған. Өйткені Моңғол патшалығы заманынан тартып қазақ халқын Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы және оның ұрпақтары билеп-төстеп келген.

Танымал қаламгер Меллетқан Әленұлы «Абақ және Төре шежіресі» атты тарихи-шежірелік еңбегінде «Шежірелерде «Төре» деген қазақтың байырғы тілі, жоғары құрметті, қадірлі орын есептелетін «төр орынның иесі», «төр иесі», «Төре» болып түрленген делінеді.

Төрені Шыңғыстың үлкен ұлы Жошының Тоқайтемір деген баласынан таратады. Төре «арқар» ұранды болып, төрт туға бөлінеді. Бертінгі әйгілі төрелерден айтқанда: Әбілпейіз қызыл тулы, Абылай (Әбілмәнсүр) жасыл тулы, Санияз ақ тулы, Жолбарыс хан шұбар тулы» («Қазақ шежірелері», «Іле халық баспасы», 2009 жыл тамыз, 452-, 453-бет.) деп жазды.

1455 жылы әйгілі Шыңғыс ханнан тараған Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтан көкорданың ханы Әбілқайырға бағынудан бас тартып, Шу өзенінің солтүстік қапталындағы Құзыбасы атты байтақ мекенде тұңғыш рет Қазақ хандығын құрды. Бұл жаңа құрылған хандықта ең алдымен Керей сұлтанды (1455-1473 жылдар) ақ киізге орап, хан сайлады. Одан кейін Жәнібек сұлтан (1437-1480 жылдар) Қазақ хандығына хан болды. Қазақ хандығын көркейткендіктен халық Жәнібекті құрметтеп «Әз-Жәнібек» деп атады.

1455 жылы құрылған Қазақ хандығы тұп-тура үш жарым ғасырдан артық уақыт өмір сүрді. 1847 жылы патшалық Ресей Кенесарының қазасынан соң, Қазақ хандығының дәуірі аяқталды. Қазақ хандығын тұңғыш рет құрған Керей хан мен Әз-Жәнібек ханның арғы түп-тегі Шыңғыс хан екендігін дәлелдейтін жазба шежірелер сақталған. Тарихта аты әйгілі Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекел хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хан, Қазақ хандығын тұңғыш құрушыларының бірі Әз-Жәнібек ханнан тараған Төре ұрпақтары.

Төрелер тарихы аты әлемге даңқты Шыңғыс ханнан басталатыны оқырмандарға белгілі. Шыңғыс хан әулеттері тұтас қазақ даласын басып алып, бірнеше ғасыр қазақ еліне билік жүргізіп, хан, сұлтан, төрелік түзіммен басқарып келді. Қазақ хандығын құрғандар да, билегендер де түгелдей Шыңғыс хан ұрпақтары болды. Бұл туралы Алтайда өткен ақын Қызырбек жазған шежірелік өлеңде:

«Төрені хан Шыңғыстан бастар тарих,

Хан болып, дүниежүзін биледі анық.

Айбатты арыстандай төрт ұлының,

Бақ қонған нәсіліне қызыр дарып.

Үлкені мәркөз төрттің Жошы патша,

Тірелер біздің тұқым соған барып.

Талай хан әулетінен өмір сүрді,

Тарихтан қарағанға бәрі жарық», – деп қазақ төрелерінің түп атасы хан Шыңғыс екенін айтады.

Төрелер өздерін қараша халықтан жоғары санап, «басқадан» қыз алып, қыз бермеген. Хан, сұлтандар, төре мен қараның қыз алысуын шектейтін заң-жарғылар шығарып, бұған қайшылық жасағандарға айып төлетіп, ауыр жаза қолданып, тіпті кейбіреуіне өлім жазасын бұйырып отырған.

Асан қайғы жыраудың «Әз-Жәнібек ханға» атты жырында:

«Қатын алдың қарадан,

Айрылдың хандық жорадан.

Ел ұстайтын ұл тумас,

Айрылдың ата мұрадан,

Мұны неге білмейсің?» – деп айтқанынан хандық таққа отыру үшін төре ұрпақтарының қарамен үйленуге болмайтын дәстүрін ескертеді.

Төре қою дәстүрі жалпы қазақтың ру-тайпаларына ғана емес, бүкіл Орта Азияда қалыптасқан. Қазақтың әрбір ру-тайпалары өз еліне тарихта өткен атақты хан, сұлтандардың тұқымынан таңдап әкеліп төре қойып, «басқа ру-тайпалар алдында тереземіз тең болды. Төресі бар ел болдық» деп, алыс-жақыннан қонақ шақырып, ұлан-асыр той жасап отырған. Қазақ ру-тайпаларының төре қою дәстүрі Керей хан мен Әз-Жәнібек ханнан басталып, XIX ғасырдың аяғына дейін, тіпті кейбір өңірде XX ғасырдың алғашқы жартысына дейін жалғасып келді.

Қазақта Төресі бар ел басқа ру-тайпалар алдында дәрежесі көтеріліп, айбыны асып, басқалармен иық тіресе алатын, үзеңгі қағыстыра алатын болған. Өйткені ел ішіндегі дау-дамайдың соңғы шешіміне Төрелер билік айтатын. Төресіз ру-тайпаларды қазақта ел санатына қоспаған. Сондықтан, қазақтың ру-тайпаларының барлығы Төре қоюды дәстүрге айналдырған.

Мысалы, Ұлы жүздегі Албан, Суан елі Абылай ханның үшінші ұлы Әділ төренің ұрпағы Тезекті төре етіп қойса, орта жүздегі Найман ұлысынан тараған Қызай елі Саманы төрелікке әкелген екен.

Шежіреші Шәпих Зәкәрияұлының «Сама төре» атты мақаласында «Сама Әділұлы шамамен 1749 жылы орта жүз елінде, Қазақстанның Кереку жерінде туылыпты. Қызай елі Тарбағатайдың солтүстігі Аягөз, Көксала, Қоңыр, Зайсан, Маңырақ тауы өңірлерін мекендеп жүрген заманда, оны 1746 жылдары төрелікке алып келген» («Мұра» журналы, 2010 жыл. 2-сан, 34-бет.) – деген деректерге қарағанда Қызай елі Саманы XVIII ғасырдың жартысынан кейін төрелікке әкелген көрінеді.

Іледегі Сама төре ұрпақтары Қызай елімен бірге қазір «Төрт Сама, төрт Қызай» аталып кетті. Сама төре ұрпақтарының «Төрт Сама» аталуы Сама төреден Нұрасыл, Ерасыл, Әлпейіз, Қуат деген төрт ұлы болып, Қызай елімен бірге өркендеп өсті. Қызай еліне келген Сама төреден тараған Нұрасыл Самаұлы, Әлпейіз Самаұлы, Бөтеке Әлпейізұлы, Құдайменде Бөтекеұлы, Рабат Құдаймендеұлы, Әуелқан Құдаймендеұлы, Әбілқайыр Рабатұлы қатарлы ел сұраған ардагерлер көп шыққан.

Ал орта жүздегі Абақ Керей елі Жәдік руына Әділ төренің бір баласын әкеліп, төре қойыпты. Кейін оны төреліктен қалдырып, бүкіл Абақ еліне Әбілпейіз ханның балалары Көгедай, Сәмен, Жабағыларды төрелікке әкелген екен. Мұның ішінде Көгедай (1788-1790 жылдар) төре тұтас Абақ Керей елін басқарыпты.

Әйгілі шежіреші, зерттеуші, көрнекті қоғам қайраткері Қадыс Жәнәбілұлы Өтегенов пен Қоңырхан Жусанбаев жазған, 2011 жылы маусым айында «Іле халық баспасынан» жарық көрген «Абақ Керей» (Төре шежіресі) атты кітапта Абақ Керей елінің төрелер тарихы мен шежіресі жан-жақтылы баяндалған.

«Абақ Керей» атты кітапта «XVIII ғасырдың соңында Абақ Керей ұрпақтары әкелген Әбілпейіз балалары Көгедай, Сәмен, Жабағылар Қалың Абақ Керейдің қадірлеуіне, құрметтеуіне бөленіп, Абақ Керейдің төрінен орын алып, Көгедай Жәнтекейді негіз етіп, тұтас Абақ Керейге билік жүргізетін төре болып сайланды. Деректерге қарағанда, Сәменді Қарақас, Молқы руларына, Жабағыны Шыбарайғыр руына төре етіп тағайындалған. Сөйтіп, бұлар ұзақ уақыт Абақ Керей әулеттерімен қоныстас болып, Қытай Халық Республикасы құрылғанға дейінгі бір жарым ғасырдан артық уақыт тарих керуенінің сан қилы құбылмалы күндерін, қуаныш пен қайғы, рахат пен бейнетті Абақ Керей әулеттерімен бірге көріп келді» (548-бет) – деген деректі айтады.

Қазақ халқының әрбір ру-тайпалардан шыққан ел иелері, батырлары, жақсы-жайсаңдары, би-шешендері хан, сұлтан ұрпақтарынан төре әкеліп, өз елін басқартып және оған бойсұнған. Өйткені сол заманда ел бірлігін, ел тұтастығын мақсат еткен халқымыздың ақылды ел иелері өз елдеріне төре қою дәстүрін құптап, өздері кеңесші болған.

 

2

 

Тарихи деректерде ұлы жүзді Тәуке хан тұсында Төле би басқарған екен. Кейін ұлы жүздің бас биі Төле Әлібекұлы мен Албан Қангелді батыр Жолбарысты хандық таққа отырғызған. Жолбарыс хан 1720 жылдан 1740 жылға дейін ұлы жүзге хан болды. Жолбарыс хан болған кезде Төле би мен Қангелді Сырымбетұлы оның белді уәзірлері болып қызмет атқарған.

Әйгілі батыр, көрнекті жырау Қожаберген Толыбайұлының «Елім-ай» атты дастанында:

«Төле менен Қангелді,

Бірі – батыр, бірі – би.

Жолбарысты хан сайлап,

Тіккен арнап оған үй» – деуі Төле би мен Қангелді бірлесіп Жолбарысты хандық таққа отырғызғандығының айқын дәлелі болса керек.

Тарихшы Қойшығара Салғараұлының 1992 жылы басылған «Хандар кестесі» атты кітабында «Тәуке хан өлген соң билікке таласқан сұлтандар жеке хандық құруға ұмтылды. Сөйтіп, кіші жүзге Әбілқайыр, орта жүзге Қайып, ұлы жүзге Жолбарыс хан болды» делінген.

Осы арада ескерте кететін бір мәселе, кестеде кіші жүз бен орта жүздің хандары көрсетіліп, ұлы жүздің хандары көрсетілмейді. Оның себебі ұлы жүзді Тәуке ханның тұсында іс жүзінде Төле би басқарады. Ол өлгеннен кейін мұнда Шағатай ұрпағы Абдаллах ханның баласы Жолбарыс (1720-1740 жылдары) хандық құрды («Тарландар» журналы, 2009 жылғы 4-сан) дейді. Мұнда тарихшының Төле би өлгеннен кейін ұлы жүзге Жолбарыс хан болған деген көзқарасы тарихи шындыққа жанаспайды. Тарихи деректерде Төле би мен Қангелді 1720 жылы ұлы жүзге Жолбарысты хан қойған. Ал зерттеушілердің басым көпшілігі Төле Әлібекұлы 1663 жылдар дүниеге келіп, 1756 жылдар дүниеден қайтқан деген көзқарасты айтады.

Қойшығара Салғараұлы осы кітабында  «Жолбарыс хан ұлы жүз территориясы мен тайпаларының аз ғана бөлігін Россияға қосты. Бірақ патша үкіметі ұлы жүздің бұл бөлігіне жер шалғайлығына байланысты XIX ғасырдың ортасына дейін тек сөз жүзінде билік еткен болды. XVII ғасырдың аяғы, XVIII ғасырдың басында ұлы жүз жерін жоңғарлар басып алды. XIX ғасырдың бас кезінде ұлы жүздің едәуір бөлігі Қоқан хандығына бағынды.

1848 жылдан бастап патша үкіметі ұлы жүз қазақтарын басқару үшін үлкен орда приставтығын құрды, ол Батыс Сібір генерал-губернаторлығының құрамында еді» («Тарландар» журналы, 2009 жыл, 4-сан, 62-, 63-бет) деген дерек айтады.

Дәл осы тұстарда қазақтың төре қою дәстүрі бойынша ұлы жүздегі Албан, Суан еліне Абылай хан ұрпағынан Тезек Нұрәліұлын төрелікке қойған. Тезек төренің «Арғы атам Әділ төре Абылайдан» деген өлең жолы оның хан Абылайдың ұрпағы екенін дәлелдейді.

Тезек төре 1821 жылдары дүниеге келіп, 1879 жылдары дүниеден қайтқан, қазақтың төре тайпасынан шыққан адам. Ел басқару шеберлігі, шешендігі, айтыс ақындығы арқылы тұтас қазаққа танылған тарихи тұлға.

Ал енді Тезек төренің ата-тегіне қысқаша аялдай кетейік. Тезектің арғы атасы Абылайдың (Әбілмәнсүр) ата-тегі әлемді дүр сілкіндірген аты шулы Шыңғыс ханның ең үлкен ұлы Жошы ханнан тармақталады. Ашығырақ айтсақ, қазақ төрелерінің көбі Жошының ұлы Тоқайтемір әулетінен тараған Әз-Жәнібек ханның ұрпақтары. Әз-Жәнібектен Еренші, Махмұт, Қасым хан, Әйтек, Жаныс, Қамбар, Тәтіш, Әйбек, Жәдік. Жәдіктен Шығай хан. Одан Есім хан. Одан Жaһaнгер (Жәңгір хaн). Жәңгір хaннан Уәлибақы, Уәлибақыдан Абылай (Тарихта қанішер Абылай аталған). Қанішер Абылайдан көркем Уәли. Көркем Уәлиден Әбілмәнсүр. Осы Әбілмәнсүр қазақтың төре руынан шыққан атақты Абылай хан. Тезек төре Абылай ханның шөбересі, Әділ төренің немересі, Нұрәлінің баласы болып келеді.

Тарихшы Жақып Мырзақанов  «Әділ деген баласын Абылай Үйсін басшыларының тілегін қабылдап, оларды басқаруға жібереді. Оған Талас өзенінің жағасынан қала салып береді және бұл қалаға еңбек сүйгіш қарақалпақтарды қоныстандырады.

Біз жоғарыда атап кеткен Абылай ханның Үйсін ұлы жүз елін билеуге жіберген ұлы Әділ алғашында Чиң патшалығы (Ежен хан) үкіметіне аманат етіп жіберілген еді. Одан қайтып келген соң, жоғарыда айтқанымыздай Жетісуда тұрды. Әділ төре ұрпағының арасындағы ең атақтысы Тезек төре (1821-1879 жылдар) ержүрек адам болыпты» (Жақып Мырзақанов. «Абылай хан», «Ұлттар» баспасы, 2000 жыл қыркүйек, 199- 200-бет), – дейді.

Албан, Суан елінің Төресі Тезек Нұрәліұлы 1850 жылы Ресей  патшалығының жарлығымен ұлы жүзге аға сұлтан болып тағайындалады. Бұл туралы   Шоқан Уәлиханов шығармаларында «Албанның төрт баласы – төрт рулы ел. Сұлтандары: Әкім (Хәкімбек) Құланов, 1856 жылы өлген, Мамытбек Құланов, аға сұлтан Тезек Нұралин.

Қызылбөрік бөлімшесі

Билері: Бердіқожа Әжібаев, Базарбай Тасболатов, Қожамқұл Жалбин, Атамқұл Байтөкин (ықпалды), Есімбек баласы Құланбаев, Қожагелді Мыңтаев.

Сегіз сары бөлімшесі

Билері: Боташ Оразбеков (өлген), Қыстаубай Бозбатыров (өлген), Жігітек Үркінбаев, Солты Малыбеков (ықпалды).

Айт-Бозым бөлімшесі

Билері: Абақ Сайымбөлеков (өлген), Жайнақ Абақов, Түменбай Орынтаев (өлген), Әуел Қожамқұлов, Айтақ Ыстыбаев, Арап Құрымбаев (өлген), Тұсырман Қонысбаев (турасы Пұсырман Қонысбаев – Н. Сәрсенбаев), Тазабек Пұсырманов.

Алжан бөлімшесі

Билері: Қожағұл Райымбеков (өлген), Жұман Райымбеков.

 Қыстық бөлімшесі

Билері: Малай Қарабасов, Берік Бекболов.

 Қөңырбөрік бөлімшесі

Билері: Шормақ Боқкөтов, Басша Боқкөтов.

Суан руы

Суаннан Байтүгей, Тоқарыстан, Қошқар.

Сұлтаны: Адамсарт Ибақов (Ташкент маңында көшіп-қонып жүр).

Байтүгей бөлімшесі

Билері: Қожамберді Жанболов, Кезеңқара Жанболов, Күншубай Қаптағаев, Қожағұл Құрамсин» (Шоқан Уәлиханов. «Бес томдық шығармалар жинағы», 1-том, Қазақ ССР Ғылым академиясының баспасы, Алматы, 1961 жыл, 541-542-бет) деген деректі айтады. Шоқан жазған осы деректе Албан елінің 24 биі, Албан елінің 2 сұлтаны, Суан елінің 4 биі, ұлы жүздің аға сұлтаны Тезек Нұрәліұлы, Суан елінің сұлтаны Адамсарт Ибақовты атап көрсеткен.

Тезек төре ел басқарған заманда ұлы жүз қазақтарының ақындар айтысы ерекше дамыған. Өйткені Тезек төре өз тұсында жүйрік тілді айтыс ақындарының бірі болған. Төре ордасында ән-күй, ойын-сауық, ақындар айтысы  үзілмеген.

Тезек төре ұлы жүздің Шапырашты тайпасынан шыққан Сүйінбай Аронұлы (1822-1895), Жалайыр тайпасынан шыққан Бақтыбай Жолбарысұлы (1835-1917), Албан тайпасынан шыққан Құлманбет Құланаян (1820-1907) қатарлы әйгілі айтыс ақындарымен айтысқан.

Бақтыбай жас кезінде Тезек төре ауылына келеді. Тезек төре адамдары оны төре ордасына кіргізбейді. Сонда   Бақтыбай айғайға басып, мынандай өлең бастапты:

 

Алдияр, сәлем берем тыста тұрып,

Құлақ сап тыңдасаңыз, мойын бұрып.

Жалғанда зәрің қатты төре дейді

Болар ма дәт айтуға үйге кіріп.

Рұқсат болар ма екен тақсыр маған,

Ханзада хан Абылай асыл задаң.

Жаяуға ат, жарлыға шапан бопсың,

Жайымды айтайын деп, келдім саған.

Алдияр, мен бір жүрген жетім бала,

Ісіне құдіреттің не дүр шара!?

Құзырлы заманыңда төре бопсың,

Үміткер рақымыңнан мен бейшара.

Тақсыр-ау, үміткермін құзырыңнан,

Құзырлы төре бопсың ғылымыңнан.

Арғы атаң Абылайдан бері қарай,

Дәм татқан талай ақын тұғырыңнан.

Болыпсың жарлыға ат, аштарға азық,

Хан Шыңғыс, хан Абылай алтын қазық.

Ордаңа ақ таяқшың жуытпай тұр,

Уа, тақсыр, не себептен тұрмын жазып?

Айрылған ата-анадан жетім едім,

Тентіреп жетімдіктен кетіп едім.

Хан ұрса, қайраны тиер деген сөзбен,

Алдыңа кіргелі тұр жетімегің...

 

Сонда Тезек төре: «Бұл кім тал түсте менің ордама келіп ақыратын? Мені албасты басып жатқан жоқ, кім де болса үйге алып келіңдер!» деп, жігіттеріне жарлық етеді. Жігіттер Бақтыбайды сүйреп, үйге алып кіреді. Тезек:

– Кімсің? – деп сұрайды. Бақтыбай:

– Ескелдінің тұқымымын, – дейді.

Ол уақытта Тезек төренің ордасына Суан Қожманбет биден басқа ешкім басып кіре алмайды екен. Тезек үйінде отырған Қожманбетке қарап: – Ескелді әулие адам еді. Зиратының алдынан өткен адам дұға қылмай өтпеуші еді. «Аруақ қартайса жын болады» дегендей, тұқымы мынау, ел ақтап, өлең айтып жүрген. Әкел домбырамды, бір-екі ауыз өлең айтып, сауал сұрайын, – деп жырлай жөнелген:

 

Мен едім Абылайдың хан Тезегі,

Жылқының ұстатпайды сұр көжегі,

Ордама таз бен пұшық басып кірді,

Дүниенің шыр айналған бір кезегі.

Бақтыбай, ай да көкте, күн де көкте,

Қарамас жаман төре әділетке.

Тал түсте кеп ордама жауша тиіп,

Бақтыбай, бұл қылғаның құдайға еп пе?

 

Ұрының күн көргені түн болады,

Жүрген жер көкше қоян жүн болады.

Жауап бер ақын болсаң, ей, Бақтыбай,

Мойны озған бәйтерегің кім болады?!

 

(Бұл айтыс «Шинжияң халық баспасынан» 2009 жылы маусымда басылған «Шешендік сөздер» атты кітаптің 2-бөлімінің 227-229-беттерінен алынды) деп, Тезек төре де Бақтыбайға өлеңмен жауап қайтарады. Бақтыбай ақын осы реткі айтыста Тезек төрені өлеңмен жеңіп қайтады.

Тезек Албан, Суан тайпаларына төре болған заманда ел іші тыныш болмаған. 1858 жылы Шоқан Уәлиханов жоңғарға саяхатын бастар алдында Албан еліне барып, көрген- білгендерін былай баяндайды: «Біз ол жерде (Қарқара алабында – автор.) Албан қазақтарының Айт-Бозым деген руына кез келіп, ауыл-ауылға бөлініп, айырбас саудасына кірістік. Бірақ, ол қазақтар үрейленіп, дүрлігуде екен. Біздің Қарқара жағасына келеріміздің алдында Айт-Бозым деген ру мен Қызылбөрік деген ру қан төгісіп, ұрысып қалған екен. Айт-Бозым руы Қызылбөрік руының шағымы бойынша тексеру үшін келетін орыс шиновнігін күтіп отыр екен. Бітімге келе алмаса, көшіп кетуге де бел байлап отыр екен. Шынында солай болып шықты. 4 тамыз күні қазақтар кенеттен көше бастады. Сөйтіп, кешке жақын Кеген мен Қарқараның жағасында ешбір тірі жан қалмады. Жым-жырт болған далада тек біздің бірлі-жарым шатырларымыз ғана қалып қойды. Біз, бұл қалай болды дегендей жағдайда қалдық» (Шоқан Уәлиханов «Мақалалар мен хаттар жинағы», 1956 жыл, Алматы, 126-, 127-бет) деген деректерясы Тезек төре басқарған Албан елінің де орнықсыз күйде екенін байқауға болады.

Тезек төре ұлы жүздің Россия патша үкіметінің қол астына өтуі үшін елеулі еңбек көрсеткендіктен «Ресей патша үкіметі оған полковник шенін беріп, 1580 жылы ұлы жүздің аға сұлтаны етіп тағайындайды» («Қазақ Совет энциклопедиясы», 1977 жыл, Алматы, 11-том, 7-бет).

Россия патша үкіметінен аға сұлтандық мансабын алған Тезек Албан, Суан еліне және ұлы жүздің басқа тайпаларына да өзінің қанауы мен езуін тіпті күшейте түсті.

Сүйінбай ақынның Тезек төремен айтысында:

Қожманбет Суандағы сен бір дүлдүл,

Қашекеден хан Жайнақ сен бір бұлбұл.

Төрем пысық болды деп Албан, Суан,

Жайдақ атқа мінгендей жұлқынып жүр, – деп Албан, Суанның ел ағалары мен жақсы-жайсаңдарына төреге еріп, босқа далақтап кетпеуді ескертеді.

Албандар арасында мынандай бір әңгімені көнекөз қарттар әлі күнге дейін айтып келеді.

Албан елінің Қожбанбет руынан шыққан «Қаржаудың Сүгірбайы өрісте түйе бағып жүріп, бір қара түлкіні көріп қалады. Әлгі түлкіні аңдып жүріп, інінен ұстап алады. Терісі алтайы түлкінің терісіндей жалт-жұлт етіп, көздің жауын алады. Бұл әңгімені Тезек төре де естиді. Бағалы теріге қызыққан төренің жаны өртеніп, Сүгірбайға кісі жіберіпті. Сонда оны бергісі келмеген Сүгірбай былай дейді.

– Айт! – дедім, түлкі қашты.

– Айт! – дедім итім басты.

«Абылайлап» ат қойғам жоқ,

Бере алмаймын қалауын,

Қызығына түлкінің әлі тойғам жоқ.

Бұған Тезек төре өлердей ашуланды.

– Ендеше Сүгірбайдың өзін ұстап әкеліңдер, – деп тапсырады жігіттеріне.

Сөйтіп, Сүгірбайды, оның бауырлары Өтебай, Орыспайды ұстап алып, оңаша үйге қаматып қояды.

Бұған наразы болған Қаржаудың 22 жігіті Тезектің жылқысын шабады. Шекарада атыс болып, әлгі барымташылар арғы бетке өтіп кетеді. Сөйтіп, 33 үй Қаржау тұқымы арғы бетте қалып қояды» (Төлен Қаупынбаев. «Албан шежіресі», 1997 жыл, Алматы, 69-бет).

Тезек төре Сүйінбайды ертіп, көршілес қырғыз еліне барады. Онда барғаннан кейін қырғыз халқының атақты ақыны Қатаған мен Сүйінбайды айтыстырады. Осы айтыс-та Сүйінбай Қатағанды жеңген екен. Сонда қырғыздың бір ұлығы ашуланып Қатағанды домбырамен басқа ұрыпты.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов өз кезінде Сүйінбай ақынның өлеңдерін оқып, «Он тоғызыншы ғасырдағы Жетісу ақындарының алтын діңгегі» деп жоғары баға берген екен.

Айтыс алыбы Сүйінбай Тезек төренің озбырлығын, әділетсіздігін бетіне басып:

Хан Тезек байлығыңа бас ұрмаймын,

Мен бірақ көргенімді жасырмаймын, – десе, жыр дүлдүлі Бақтыбай ақын:

Алдияр, тақсыр хан Тезек,

Қайда сенің хандығың.

Алдыңа салып айдадың,

Алты алаштың барлығын.

Екі болмай тағы тұр,

Аузыңнан шыққан жарлығың.

Тақасаң керек бір іске,

Айтпасаң сөздің анығын.

Хан болдым деп жеп тұрсың,

Хан Абылайдан бері қарай,

Қазақтың қара халығын,

Қайырған қазақ көргем жоқ,

Ханның салған салығын.

Зорлықтан басқа күнің жоқ,

Хан қып сені қойғанда,

Көрсеткен қане, жарығың? – дейді.

Ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов Албан, Суан елінің төресі Тезек ауылына барып, ұлы жүз қазақтарының аңыз-ертегілерін, тарихи-шежіресін жинап, зерттеумен шұғылданып, тарихи құнға ие атақты «Ұлы жүз шежіресі» атты кітабын жазып шыққан.

Тезек төре мен Шоқан туыстық жағынан аталас келеді, әрі екеуі де Абылай ханның ұрпағы. Шоқанның ататегі Абылай ханнан – Уәли. Уәлиден Шыңғыс. Шыңғыс (1815-1905 жылдар) қырық жыл аға сұлтан болған. Шыңғыстан Шоқан (Мұхаммет Қанапия).

Шоқан Уәлиханов 1865 жылы көкек айында Алтынемел жотасының етегіндегі Тезек төре ауылында өкпе ауруынан қайтыс болған.

1989 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Ел аузынан» атты кітапта «Қазақтың атақты ғалымы, белгілі ағартушы әрі саяхатшысы Шоқан Уәлиханов қайтыс болғанда, Тезек төре оны Шыңғыс сұлтанға елдің басты адамдары арқылы естіртеді.

Тезектің суыт хабарлауы бойынша, Атығай Келдібек би мен Әлібек батыр көп нөкер ертіп, Шыңғыс сұлтанның үйіне келіп түседі. Келсе, сұлтан іштей сескеніп отыр екен. Келдібек би ойлы пішінмен жадырай сөйлеп:

 – Төре, дүниеде не қымбат?

– Адам қымбат, – депті Шыңғыс.

 – Адамға не қымбат?

 – Бала қымбат, егер сүйеніш болар перзент туса.

– Жансызда не қымбат?

– Жансызда қымбат гауһар деуші еді.

– Теңіздің тұңғиық түбінде жатқан сол гауһардың да иесі бола ма?

– Е, иесіз дүние бар дейсің бе, әр нәрсенің екі иесі бар ғой.

– Егер, осы жанды-жансыз ең қымбаттыға сол екі иесі таласса, қайсы алар еді? – дегенде, Шыңғыс төре:

 – Ең күштісі алады, – деп өз санын өзі бір соғып, – менің гауһарым Мұхаммет Қанапияға тағдырдың оғы тиген екен ғой, – деп өкіре жылап, жер бауырлап жатып қалыпты. Келдібек би тоқтау айтып:

– Уа, сұлтан, бала сіздікі еді, бақыты халықтікі еді. Пұлсыз береді, құнсыз алады. Не шара құдайға! – деп кемсеңдеп, төңірегіне көз тастағанда үйдегілердің бәрі еңірепті» («Мұра» журналы, 2011 жылы 6-сан, 100-, 101-бет) деген дерек айтылған.

Қазақтың төре тайпасынан шыққан Тезек Нұрәліұлының ел басқару ісі мен оның ақындығы жөнінде әлі жүйелі зерттеу жүргізілмеген. Оның ұлы жүздегі ақындардың жетілуіне көрнекті үлес қосқанын тарихи деректер толық дәлелдейді. Ғалым Шоқан Уәлиханов шығармаларында Тезек төре Албан, Суан еліне толық билік жүргізе алмағандығы ашық айтылған. Осыған қарағанда, оның жергілікті халық мүддесі үшін қызмет істемей, ұлы жүз қазақтарының көп қарсылығына ұшырағанын аңғаруға болады.

 

3779 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Аңсар ыбырай

28 Наурыз, 2021

Макты жазған

URKER №9

28 Қыркүйек, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы