• Қоғам
  • 25 Ақпан, 2021

ЖАСТЫҚ ШАҚ – ЖАҚСЫ ӨМІРГЕ БАСПАЛДАҚ

Сенің жетістігің көп адамға көмектеседі, ал сәтсіздігің ешкімге пайда әкелмейді.

Соңғы жылдары елімізде жастарға көп көңіл бөлініп келеді. Елбасының бас-тамасымен 2019 жыл – Жастар жылы болып бекітілгені мәлім. Жастар саясатын дамыту бағдарламасымен барлығы 2 млн жас қамтылып, «Еңбек» бағдарламасы арқылы 172 мың маман жұмысқа орналасты. Техникалық және кәсіптік оқу орындарына 123 мың грант бөлінді, жас мамандарға 10 мыңнан астам пәтер берілді. Ал, 2020 жылды Қасым-Жомарт Кемелұлы Еріктілер жылы деп бекіткен еді. Бұл жыл күтпеген індетпен тұспа-тұс келгендіктен, еріктілердің иығына ауыртпашылықтың екі есе түскенін көрдік. Олар ерікті түрде қауіпке қарай қадам басып, «Birgemiz» жобасы арқылы жағдайы төмен отбасыларға, жалғыз басты ата-атаналардың үйіне барып,  қажетті азық-түлік пен киім-кешек таратуға қол ұшын созуда аянып қалған жоқ. Еріктілер жылы жай ғана науқан емес, жастардың нақты жауапкершілікпен атқарған қайырымдылық іс-әрекеттерінің көрінісі болды. Сыйға-сый демекші, шын жүректен жасалған жақсылық байқаусыз қалмады. Өткен жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев студенттер стипендиясын 25 пайызға арттырып, еріктілердің жұмыс сағатын еңбек өтіліне қосу туралы шешім шығарды. Жалпы, 2020 жылы еріктілер қозғалысына 100 мыңнан астам жас жұмылды.

ХХІ ғасыр – әлемнің жаһандық тұрғыда өте жылдам дамып жатқан кезеңі. Қоғам ақпарат кеңістігіндегі жаңалықтарды қорытып үлгермек түгілі, бірін білсе, екіншісін естіп үлгере алмай жатыр. Себебі күллі әлем өсу, өзгеру, даму үстінде. Мұндай жылдам дамуда жаңашылдыққа бейім, өзгерісті жеңіл қабылдайтын, күші мен ынтасы тасып тұрған бір ғана қоғам мүшесі бар. Олар – жастар. Елбасы бір сөзінде: «Депутаттыққа жастар мен білікті мамандардың келуіне жағдай жасалды. Әсіресе, жастар елімізді нығайту және дамыту үшін жұмыс істеуге тиіс. Жастардың ең басты миссиясы – елге қызмет ету, елді жаңа белестерге жеткізу. Елге қызмет ету деген билік тұтқасын ұстап, шенеунік болу деген сөз емес. Сіздер әрқайсыңыз өз салаларыңызда жетістікке жетіп, биіктен көрінсеңіздер – елдің дамуына қосылған ең үлкен үлес сол», - деді. Сондай-ақ, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Маралтай Райымбекұлы да: «Қазір буынның алмасуы жүріп жатыр. Саясатқа жастардың келуі қуантады. Барлық нәрсе жаңарып тұрады. Осы тұрғыдан алғанда мен жастарға берілген мүмкіндіктерге қуанамын. Бұл өзін-өзі ақтайды. Себебі, жастарда жаңашылдық бар. Олар қоғам үшін көп еңбек етеді деп ойлаймын», – деді. Жалпы, жергілікті және орталық басқару органдарында да жас мамандарды басшылыққа тағайындап, сенім артып жатқан мысалдар жеткілікті-ақ. Олардың қатарында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов (39 жас), Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин (38 жас), ҚР Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов (25 жас), ҚР Мәжіліс депутаты, Алматы қаласы Мәслихатының депутаты Жансая Әбдімәлік (21 жас) бар.

Сондай-ақ, 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекеттік қызмет істері департаментіне президенттік жастар кадрлық резервін қалыптастыруды тапсырғаны мәлім. Бұл да жаңа ғасырға қадам басудың жаңашыл бағыты. Себебі, резервке жедел шешім қабылдауға қабілетті, құбылмалы жұмыс жағдайларына жылдам икемделе алатын                 жастар іздестірілді. Ақырында, мемлекеттің жоғары басқарушылық қызметтеріне заманауи тұрғыда ойлай алатын, білікті, тәжірибелі 300 маман өтті. 

Сәтті іске асырылған жоба жастарға арнайы әлеуметтік лифт жасау үшін биылғы жылы тағы жарияланатын болды. Бірақ санды емес, сапаны көздеген бұл жобаға осы жолы 300 емес небәрі 50 кандидат қана іріктеліп алынбақ. Болашақта атқарылатын жұмыстың сапалы, тиімді, қоғамға пайдалы болуы үшін кандидаттарға қойылатын талап та күшейетін болды. Кандидаттарды таңдауда басты назар – қоғамдық мүдделерді басшылыққа алатын жастарға берілмек. Жалпы, президенттік резервті қалыптастырудың негізгі міндеті – шығармашылық және талантты жастарды табу. Бұл тәжірибе көршілес Ресейде, Кореяда және АҚШ-та  қолданылатынын айта кеткен жөн.

2021 жылғы есеп бойынша әлемдегі халық саны 7,8 млрд-қа жеткен болса, соның шамамен, 1,6 миллиарды жастар. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 2020 жылғы санағы бойынша, Қазақстандағы жастар саны 3,7 млн адамды құраған. Бұл тұста жастар алдында тұрған мәселелер көп-ақ. Барлығы бір мезетте шешіліп кетпегенімен, біртіндеп оңтайланып келеді. Дегенмен, шындығында, көп жастарда материалды мәселелерден бөлек, психологиялық проблема да бар. Ол – жастардың уақытын бос өткізуі, жалаң сөз, сенімсіздік, білімді, сауатты болуға ұмтылмау, өзіне емес, танысына сену. Соңғысы факт болғанымен, бара-бара ол да өз күшін жойып бара жатыр. Бұған ең жас Мәжіліс депутаты Мәди Ахметтің жастарға айтқан кеңесін мысалға келтіретін болсақ: «Қол қусырып, құр отырма, барлығын жамандап, тағдырыңа нали берме». Қазақ жастарына басқаша емес, дәл осылай айтуының себебі де бар. Ол қандай себеп десеңіз, біздің қоғамда өзіміз мүлде әсер ете алмайтын нәрселерге уақытымызды, энергиямызды жұмсайтын әдетіміздің бар болуы. Бұл – үлкен проблема. Кімнің не кигеніне, қандай автокөлік мінгеніне – барлығына назар аударамыз, салыстырамыз. Жаңа заң шықса, қолданысқа жарамайды ғой деп сын айтамыз, әліпби өзгерсе, басымызды ауыртып әліпби ойлап табамыз. Әрине, сын мүлдем қажет емес деп айтудан аулақпыз. Бірақ «маған ұнамайды»-ның айналасындағы сын – сын емес. Сын айтылатын жерде, шешімі қоса айтылуы тиіс. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жастар арасында «таныс», «ақша» арқылы жақсы жұмысқа орналасуға болады деген тұжырым ескіріп барады. Себебі, қалай десеңіз де, өз ісінің маманы болған адам әрқашан сұраныста болатыны  шындық. Бір адамның қолынан келген іс, басқасының да қолынан келеді. Бастысы, қай салада болмасын, өз ісіңнің маманы болу маңызды.

Елімізде талантты, білімді жастар көп. Шетелге барып, білімін шыңдап келген, өздерін әлемдік деңгейде мойындатқан, өнер де де, ІТ саласындағы алпауыт компанияларда да қызмет істеп жатқан жастар да бар. Бір ғана сүйікті ісіне деген шексіз сүйіспеншілігін мамандандырылған кәсіппен үлкен табыс көзіне жеткізген Қазақстандағы танымал видеографтар Қыран Талапбек (23 жас), Әділет Рахметолла, СНГ бойынша ең алғаш престижді Грэмми Эуордс премиясына ұсынылған Иманбек Зейкенов, Голливудтағы видеограф-режиссер Айсұлтан Сейітов (23 жас), Мәскеудегі стендапер, ФОРБС журналында 30 жасқа дейінгі табысты адамдар қатарындағы миллионер  – Нұрлан Сабуров (30 жас), СНГ бойынша рэп әлемінде көпшілікті мойындатқан әнші – Әділ Жалелов (Скриптонит, 31 жас) және тағысын тағылар бар. Бұл тізімдегілердің барлығы – миллионерлер. Өнерлі, өз ісін сүйетін, басқаның өмірімен айналысуға уақыттары жоқ, тек алдыға мақсат қойып, соған жету жолында еш таныс-тамырсыз-ақ адал еңбекпен көтеріліп, өз жасында үлкен жетістікке жеткен жаңа ғасырдың қазақтары. Олар жаман не жақсы емес, олар басқа, ерекше. Сүйсіндіретіні – қай-қайсын алып қарасаңыз да, өз ісіне деген шексіз махаббатты аңғаруға болады. Демек, әр адамның жетістікке жету не жетпеуі өз қолында. Әрине, бірінші кезекте мемлекет ол үшін сапалы білім беру, қолжетімді денсаулық сақтау, жастарды жан-жақты дамыту үшін базалық баспалдақты қалыптастырып беруге міндетті. Бұл бағытта жастар саясатын дамыту жұмыстары жүргізілуде және болашақта да жастар алдында тұрған нақты мәселелерді шешуге бағытталатын болады. Десек те, әр жас өз өмір жолын таңдаушы, ал «әр адам өз өмірінің суретшісі» екендігін ұмытпайықшы. Бір анығы, кез келген адамның жетістікке жетуі – жүздеген адамға көмегін тигізуі мүмкін, ал жастық жалыны мен уақытын тиімді пайдалана алмаған адам ешкімге де пайда әкеле алмайды. Сол үшін, өзіміз үшін болмаса да, отбасы, қоғам, мемлекет алдында жетістікке жетуге міндеттіміз.

 

Аяулым Салықжанова

 

4605 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы