• Қоғам
  • 31 Қаңтар, 2021

Балаңа бас-көз бол

Қазіргі таңда жасөспірімдер, үлкендер және тіпті кішкентай балалар да  технологияларға әбден әуестеніп алған. Бұл, әрине, заман өзгерістеріне сай болып жатқан процесс. Технологиялар біздің өмірімізбен тығыз байланысты. Бірақ оның барлық түрлері пайдалы бола бермейді. Кейбір адамдарды ол жаңашылдыққа – модернизацияға жетелеп, мүмкіндіктерін арттырған болса, кейбіреуіне теріс әсер етуде. Бұл шаманы көп деп айтсақ қателеспеспіз. Бар болғаны онжылдықтар бұрын теледидарға жету қарапайым адамдарға арман болатын, ал 21 ғасырда теледидар тіпті бірте-бірте өз маңыздылығын жоя бастауда. Бұл немен байланысты? Біз дамып бара жатырмыз ба, әлде біздің қажеттілігіміз өсіп жатыр ма?  Белгісіз, алайда, адамзат өзінің ыңғайына ықпалдап, өмірі жеңіл болуын мақсат қылып, технологияларды бір орында тұрғызбай, жаңартып отырды.

Ал енді негізгі сұрақ туындайды – технологиялардың  жасөспірімдер мен балалардың өміріндегі рөлі қандай? Қазіргі таңда теледидар әр үйде бар. Оны көруге шектеу қойылмаған, кез келген уақытта көре аласың. Ал, ата-анасы жұмыста болса, балалар тіпті  төрт, я бес сағаттап теледидардың алдында отырады. Кейбір отбасылар оны тамақ ішіп отырып тамашалауды әдетке айналдырған. Олар үшін бұл нормаға сай болып көрінеді. Теледидардың физиологиялық кесапаттарына келер болсақ, гастроэнтерологтардың мәлімдеуінше, көгілдір экранның алдында отырып тамақ ішу, әсіресе, балалардың денсаулығына өте зиян. Бұл асқазан жарасын, гастрит ауруларын қоздырады екен. Тамақтанып отырып теледидар көрген кезде асқазан секрециясы аз бөлінеді, ал бұл көптеген ауруларға себеп болады.

Германиялық ғалым Манфред Спицердің зерттеулері теледидарға үнемі тесіліп отыратындардың көбі жүрегін май басып, қайтыс болатындығын дәлелдепті. Оларда диабет, жоғары қан қысымы, қанда холестериннің көбеюі, горманалдық ауытқулар пайда болады. Ғалымның мәлімдеуінше, көгілдір экранның алдынан шықпай, қатты берілудің нәтижесінде жылына 20 мың неміс жоғарыда аталған аурулардан қайтыс болады екен.

Үлкендерде таңдау бар. Ал балалар үлкендердің істегенін қайталайды. Бұған  себеп ата-аналардың білместігінде, я болмаса жай ғана «Балам тыныш отырсын, мазаламасын»  деп ойлауында болуы мүмкін, бірақ бұл балаға кері әсерін тигізеді. Психологиялық тұрғыдан қарастырсақ, бұл жағдайда жас жеткіншектің қырсық, ерке мінезі пайда болады. Сондықтан, жаңадан қалыптасып келе жатқан баланы теледидардан шектеп, кітап оқуға, далада достарымен ойнауға жетелеу керек деп ойлаймын. Көгілдір экранды баланың жалғыз досы болудан сақтау керек.

Бұл проблеманы интеллектуалды тұрғыдан ашып қарасақ, АҚШ-тың Оңтүстік Каролина университетіндегі ғалымдардың пікірі мына позицияны ұстанады: «теледидар баланың когнитивтік қызметінің дамуына кері әсер етеді, сондай-ақ ойын жұмылдыруға кері әсерін тигізеді. Көгілдір экранның әсері ең алдымен көру мүшесіне емес, есту қабілетіне зия-нын тигізеді. Ғалымдардың зерттеулерінше, баланың теледидарды қарамай-ақ, маңында ойнап жүрген күннің өзінде назар аудару, принциптік ойды жұмылдыру қабілеті нашарлап, оның миында кереғар реакция жүреді. Тіпті теледидар басқа бөлмеде қосулы тұрса да бала оны естиді, сөйтіп ойнап жүрген, кітап оқып, үй жұмысын жасап отырған баланың миы тұрақты режимде керексіз ақпараттарды қабылдап, оны алаңдатады. Көгілдір экран үйде күніне 90 минуттан артық қосылмауы тиіс» деген кеңес береді  зерттеушілер.

Жасөспірімдерді алар болсақ, бұл мәселені мүлдем басқа қырынан қарастыру керек, себебі жоғарыда айтылғандай олар өздері таңдау жасауға қабілетті, яғни, ешкім оларды мәжбүрлеп теледидардың алдында отырғызып жатқан жоқ. Оларға кеңес беру болмаса, үйреншікті әдеттерінен айыру қиын.

Жастар теледидарды үйге келе салып қосуға әдеттенген. Бұл тіпті олардың күн тәртібінің міндетті бөлшегіне айналғандай. Олар көретін бағдарламаларын мұқият отырып, таңдамайды. Қосып қалғанда, кино болып жатса – кино, еш пайдасы жоқ күлдіргі бағдарламаларды көріп, уақытын жоспарламайды. Киініп жатқанда да, үй жинап жатып та құлақтары әрдайым есту процесінде болады. Сондықтан да, оларға дамылсыз өмір салты  үйреншікті болып көрінеді. Теледидарды өшірсе, ұялы телефонды қолданады, ол да қызық болмай қалса, тіпті өлең де тыңдап кетеді. Милары  тек ұйқыға кеткенде тыныштық табады. Денсаулыққа әсерді қоя тұрып, мәселені басқа қырынан алсақ, бұл олардың ата-аналарына үлкен жүк, себебі, олар электр қуатына төлейді емес пе? Электр санағыштың (счетчик )  айналғанын көріп пе едіңіз? Егер де қуатты көп пайдаланса, ол тезірек айналады және айдың соңында 2 есе көп ақша төлеуді талап етпей ме?

Ал енді теледидар көрушіні ғана емес, теледидардың ішіндегі материалды қарастыру керек. Теледидарда тек пайдалы нәрселер ғана болса, оны көруге ешкім де тыйым салмайтын еді. Бірақ теледидардың ішіндегі өнімдер зорлық-зомбылық, үлкендерге арналған материалдар, балаларға арналған мультфильм-дер, өлеңдер мен концерттер – барлығы араласып жатады. Бұның барлығы бір телеарнада көрініс таппаса да, басқа арнаға көшуге шектеу қойылмаған. Мәселен, Отандық телеарналарға риза болатыным – олар эфирдің уақытын дұрыс ұйымдастыра біледі. Таңертең «Таңшолпан» сияқты бағдарлама болса, түске жақын балалар мектепке бармай тұрып танымдық отандық мультфильмдер көрсетіледі, ал кешке жақын жұмыстан келетін үлкендер жаңалықтар, концерттер көріп, марқайып қалады. Бірақ, бұл жақсы үрдіс шетелдік телеарналарда көп көрініс бере бермейді. Елімізде көрсетілетін шетелдік  арналардың көбісі коммерциялық және 20-40 жастағы аудиторияға арналған болғандықтан, олар түрлі бағдарламаларды көрерменге ұсынады. Шетелге еліктеген, жаңадан қалыптасып жатқан балаға, жасөспірімге мұның айтарлықтай пайдасы жоқ, әрине. Әсіресе, шетел үлкендерге арналған көріністерді ашықтан-ашық көрсете береді. Бұл оларда норма болып саналады және біздің жеткіншектер де бара-бара бұл көріністерге таң қалуды қойған. Ол арналардың мақсаты – көрерменді ұстап қалу, сондықтан да танымдық бағдарламалардан гөрі қызықты ток-шоулар мұнда көп. Тағы да біз ескеретін жағдай –олар өзінің психологиялық саясатын басқа халықтарға теледидар арқылы жүргізуі мүмкін. Себебі, ойланып қарасақ, шетелдің барлық арналары бізге келе бермейді ғой. «Неге дәл осы арна бізге көрсетілуге рұқсат берілді»  деген сауал сіздерде тумайды ма?..

Сонымен қоса, ғаламторды қолданудағы көрініс тауып отырған проблемалар да баршылық. Қазіргі таңда елімізде интернет пайдаланушылардың саны жыл санап артып келеді. Азаматтарымыз әлемдік үрдістен тыс қалып жатқан жоқ, көш бастап отырған барлық әлеуметтік желіге тіркеліп, пайдаланып, әр түрлі санаттағы ақпараттарды алып жатыр. Ол түсінікті де, өйткені әлеуметтік желі арқылы адамдар өзінің ішкі сұранысына қажетті барлық ақпараттарды алып, ақпарат таратып, басқа адамдармен танысып, жарнамалар беріп, өз қуанышымен бөлісе алады. Қазіргі кезде әлеуметтік желі пайдаланушылар арасында елдің үрейін ұшыратын ақпараттар таратып, әртүрлі заң бұзушылыққа жол беретін, тым анайы топтар да құрылып, оны пайдаланушылар да артуда. Бұл өз кезегінде әлі ой-қабілеті толығымен қалыптаспаған жастардың дұрыс тәрбие алуына кері әсерін туғызатыны белгілі.

«Әлеуметтік желі» қазіргі таңда жастар арасындағы ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. АДАМ КОММУНИКАЦИЯСЫ, ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІМЕН АЛМАСТЫРЫЛДЫ. Жалпы алғанда әлеуметтік желі дегеніміз адамдардың бір-бірімен интернет арқылы қарым-қатынас жасайтын құралы болып табылады.

Әлеуметтік желілердің, ғаламтордың және олардан тарайтын радиациялардың  зиянды жақтарына тоқталып өтсек, олар:

* Көздің көру қабілетін төмендетеді;

* Омыртқалардың қисаюына әкеледі;

* Жүйкеге салмақ түсіреді;

* Шаршағыштық, әлсіздік басады;

* Сөйлеу қабілеті төмендейді.

Бұған қоса  психологиялық-физио-логиялық жағымсыз жағы – бала күнгі құмарпаздықтар секілді еркінен тыс компьютерге тәуелділік артады. Мінезі күрт өзгереді, айналасына немқұрайлы қарауды әдетке айналдырады. Басқа ойындарға, ақыл-ойды дамытатын қызықты тақырыптарға талпынысы болмайды. Баланың көңіл-күйіне де әсер етеді, яғни, көңілді, сергек жүргеннен гөрі көбінесе ашулы, күш көрсетуге бейім тұрады. Сонымен бірге балада тек өзіне ғана мәлім «жабық әлем» қалыптасады. Тек компьютермен шектелетіндіктен мұндай бала ерте ме, кеш пе әйтеуір қатарластарымен тілдесе алмайтын халге жетеді. Тіпті, бұған дейін достасып жүрген жолдастарын жоғалтады…

Телефон ең алдымен, байланыс, яғни, сөйлесу құралы. Бірақ, неге екенін білмедік, көптеген бала-шаға оны ойын, уақыт өткізу құралына айналдырып алған. Cонымен қатар, интернетті және әлеуметтік желілерді шектен тыс қолдану білім сапасының төмендеуіне де әсері бар.

Сондықтан, интернет пен теледидарды қолдануда әр адам өз өзін қадағалау керек, тек жақсы жақтарын пайдаланып, қажетіне жарату керек. Барлығы бізге байланысты, таңдауды дұрыс жасау қазіргі ұрпаққа өте маңызды. Себебі, олардың физиологиялық, психологиялық әлсіздігі кейінгі ұрпаққа да таралуы мүмкін. 

Дана Амирова

 

3927 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы