• Қоғам
  • 31 Қаңтар, 2021

Шымылдық

Самал  Зікірияқызы 

Мейрамхананың алдына зулап келіп тоқтаған көліктен түсіп, ішке кірді.

Пах, неткен керемет зал!

Баяу әуен ойнап тұр. Скрипка үні.

Скрипка үнін сүйетінін біліп қойған ба?..

 

***

Босағадан озып, төрлетті.

Үп-үшкір өкшелі аяқ киімі тық-тық етеді.

 

***

– Қып-қызыл раушан құшақтап күтіп тұр. Смокинг. Нәзіктік пен өткірлікті қатар сездіретін әтір. Тууууй, топлиын айт. Лактанған былғары...

 Келе жатқан аруын танып, бойшаң, кең иықты сұлтаны кеудесін кере қарсы алуға ыңғайланып, құшағындағы раушанды қисайта, гүлдерді күректей сол алақанына жатқызып, он қолымен буылған жіңішке белінен аялай қыса түседі...

 

***

– Жақындап келіп, қарсы алдына іркілді.

Сырғасы зәулім сарайдың сансыз шамдарынан төгілген жарықпен шағылысып, мың құбыла ойнайды.

Үстіндегі көгілдір көйлегі құйып қойғандай жарасымды. Мықынын айшықтай, кіндігіне қарай құлдилап келіп, төмен қарай жайыла төгілген етегі соншама әсер қалдырып, жұтындырып тұр.

Бұл екі жақтағы екеуге айтқан жеңгелерінің ертегісі еді.

 

***

 ...Бүгінгі түн, екі пендеге ұйқысыздық тарту етті.

Батыста Батай, Шығыста Шатай төсегінде аунақшып, біріне-бірі қанатсыз жетіп, қиялмен қосылды.

... Таң да атты, әйтеуір, зарықтырып.

– Әй, жүгермек, тұр! Бүгін қызбен кездесуге барасың! – деді, есігінен өтіп бара жатып, жеңгесі жүре айғайлап. Ұйқысыз таң күткенін қайдан білсін?!

... Тың-тың ете қалғаны сол еді, телефонын жұлып алды. Хат. Жеңгесінен.

«Ертерек тұр. Дайындал. Кездесуге барасың, ұмытпа!»...

Батыстағы Батай, беті-қолын жуып, жылқылардың жайын бақылауға, сыртқа шықты.

Қолындағы айырымен үйілген шөмелені гіршілдете шаншып, осқырына тыпыршыған жылқылардың алдына лақтыра салды да, айырын сүйеу тұтып, тұрып қалды.

Қалықтап барады.

«Сырғасының сыңғыры-ау!..»

– Әй, Батай, немене мелшиіп тұрсың?

Өййй, сорлы! Қалыңдығыңды қиялдап тұрсың ба?

Жанына жетіп келген жеңгесі құйрығына аласа стөлін қоя, бір білегіне іліп алған шелегіне күп-күп еткізіп, бие сауа бастады.

– Жоқ!  Түк те ойлап тұрған жоқпын!..

Міңгірлеп ақталғаны күлкілі болды ма, әлде мына зымиян жеңгесі ойын оқып қойды ма, кім білсін, ішек-сілесі қата күліп, еңкейе итеңдеп, қолындағы шелегін жерге әзер қойып, сол шелектегі саумалға батып кетердей екі қолын тірей, басын батыра, тізерлеген күйі шиқылдай тұншыға күледі.

    Өзінің күлкіге айналғанына ашуланған Батай қолындағы айырын серпи лақтырып, бұрыштағы шөмелеге шанши салды да, тырпылдай басып, бұрқылдай сөйлеп, үйге беттеді.

– Адамды ит қылып!.. – деді міңгірлеп.

– Әййй, қайда барасың? Моншаға түс. Андағы тұяғыңды, ой, Құдай-ау, не деп тұрмын? Андағы қолыңды ыстық суға әбден батырып, езіп жу!

...Туууй, кеше көп сөйлеп, артық айтып, әбден қияли қылып қойдым-ау мынаны.

Өзімнің сүйіктіммен, осы можбанның ағасымен кездескен күнімді еске алып, ертеңгі кездесудің қандай болатынын болжап, онсыз да жарты ми сорлыны, жарты қылдым ба?!.

 

***

 

...Шығыстағы Шатай, кеше жеңгесі сатып алып келген, дәу-дәу жапырағы бар,қызыл гүлдер суреттелген қоңыр көйлегін киді. Апасының көзі, үлкен күміс  сырғасын алды сандықтан. Оюлы білезігін де тағып алды.

Шашын арқасына қарай ұзақ тарап, бұрап-бұрап,шиыршықтай айналдырып, желкесіне үйді де, темір шпилькалармен әбден түйреді.

Қобырап, маңдайынан айғайлаған балапан шаштарын түкіріктеп, артқа қарай жатқызды да, кепкен соң, қайта қобырап шыға келетінін біліп, вазелин жағып, жатқызып қойды.

Батыстағы  ауылдан шығып, орталыққа қарай жүйткіп келе жатқан кішкентай автобустағы сығылысқан елдің ішінде, белдемше темірлерге жанталаса жармасып, Батай да келеді.

Шығыстағы ауылдан суырылып, ойдым-ойдым жолмен ыршып түсіп, шойқаңдай шаңдатып келе жатқан кішкентай автобуста, белдемше темірге жанталаса жармасып, қалың елдің ішінде сығылысып, Шатай да келеді.

Сағат түскі бірде «Аққу» асханасының алдында тоқайласқан екі қатын, құшақ айқастыра амандасты.

Сағынысып қалғандарын айтып, ұзақ тұрды.

Екеуінің артқы жағынан біріне-бірі ұрлана көз тастап қойып, екі жүрек үнсіз үндеседі...

Ас мәзіріне үңіліп, екі әйел ұзақ отырды да, лағманнан бастап, тәттілермен аяқталатын дастарқанға тапсырыс берді.

Көп күттірмей келген тамақты үлестіріп, ақ шәйнектегі шайды Батайдың жеңгесі алдына қойып, құя бастады.

Аузы жабылмай шүйіркелесіп отырған екеудің қасына ере келген тағы екеу, әңгімеге араласпай, төмен қарап отыр.

Етегіндегі қылды теріп, оны қайта етегіне аунатып, айналдыра дөңгелетіп отырған қалыңдық төмен тастаған көзін көтерместен, өзімен-өзі, жеке отырған күйі.

Айналасына бажайлай қарап, таңдана көз салып отырған күйеу жігіт, жанарын арлы-берлі аударған сайын, желкесіне  түйілген шашына; жасыл жапырақты, қызыл гүлді қоңыр көйлегіне;  сары алтынмен оюланған күміс білезігіне кезек-кезек зер салады қыздың.

– Әй, құрсын, екеуміз әуелі, мына екеуін ұмытып кетіппіз ғой, – деп, Шатайдың жеңгесі келген шаруасы енді ғана есіне түскендей жүздерін күн торып, жел қаққан екеуіне қарады.

– Соны айтам десеңші! Танысыңдар, жас-тар! – деді күле сөйлеп. Екеуінде үн жоқ.

Бұлардың жуықпан арада таныса қоймайтынын ұққан жігіттің жеңгесі сөз бас-тады.

– Мынау Батырбек!

Жасы отыз екіде. Он екіде бір гүлі ашылмаған сұр бойдақ! – деді, тырқылдай.

– Біздің қыздың аты – Шаттық! Жасы отыз бірде, – деді іліп алып,  қыздың жеңгесі.

Әлгі екеудің бұлармен ісі жоқ!

Жігіті есік жаққа тесіліп, кірген- шыққанды көзімен қарсы алып, шығарып салып отыр.

Қыз етегінен әлденені шымшып суырып, төмен қараған күйі, қозғалмайды.

– Алла-ай, таныссаңшы!

Бер қолыңды! – деді жеңгесі шыдай алмай Батайға. Қоп-қоңыр, күстеніп кеткен қолы  жаңа ыстық суға батырып, тырнап-тырнап жуғаннан қарақошқылданып серейіп қалыпты,  тауықтың тұяғындай.

Апасы қоярда қоймай қойдың майын жағып беріп еді. Қашаннан шөлдеп,  ылғал көрмеген терісі жұтып алыпты түк болмағандай.

Тартына-тартына қолын созып: 

– Батай! – деді міңгірлей.

Етегіне есі кете шұқшиған қыз,  сол қалпымен, көзін  де көтерместен:

– Шатай! – деді естілер-естілмес.

Екі жеңге шиқылдап күлсін келіп...

Бүйіріне тығып алардай, бар күшімен қолын итере, өзін-өзі бүктей күлген Батайдың жеңгесі, шиқ-шиқ... шиқ-шиқ ете, тұншыға күледі.

Орамалының бір ұшымен бетін жаба, үнсіз бүлкілдеген Шатайдың жеңгесі үнін шығармастан селкілдейді.

Әншейінде, бір кесе кеспені басына көтере төңкеріп алатын Батай лағманын тартып, қайта тастап, аузына апармай әуре болды да қалды.

Шатай түрткен де жоқ, алдындағы асты.

– Сендер далаға шығып, серуендеп қайтыңдар! Ана жерде балмұздақ тұр. Шатайға алып бер! – деп, жеңгесі қайнысының қалтасына ақша салды да, сыртқа қуды.

Үн-түнсіз көтеріліп, есікке беттеген жігіттің соңынан, жерге шұқшиған күйі, үн-түнсіз Шатай да еріп кете берді.

– Енем он бес құрсақ көтеріпті.

Барлығы оқыған. Қызметі, тіршілігі бар. Үйленбеген екі қайным бар. Біреусі осы. Кенжесі үш жыл бұрын институт бітіріп, «Ағамның жолын кеспеймін!» – деп жүр.

Ақыл-ойы толық болмағанымен,  анау айтқандай ақымақ емес. Мал-жанның барлығы осының мойнында. Тастай етіп ұстап отыр.

Жолдасымның қызмет бабымен көшпек болып, қанша оқталсақ та, енем жібермейді.

«Келін келмей,  ешқайда бармайсыңдар!» – деп, шегелеп қойды.

Байғұс, бала күнінде көп ауырыпты.

Кейде басының сақинасы ұстап,  сандырақтап жатып қалады. Ес-түссіз жатып айтқан сөздеріне қу жаның шыдап тұра алмайсың.

Таңдайы тақылдаған шешендер де дәл солай сөйлей алмайтын шығар.

Бірақ, есін жиған соң, есінде түк қалмайды, – дейді Батайдың жеңгесі.

– Менің енем күйеуінен ерте жесір қалыпты.

Бар-жоғы екі-ақ бала.

Күйеуім екеуміз көрші ауылда тұрамыз. Енем, осы қызымен, «Күйеуім соғып берген үйден кетпеймін!» – деп қасарысып, жылжымай қойды. Ол ауылда мектеп жоқ.

Жолдасым көрші ауылдағы мектепте директор. Мен де сол жерде істеймін.

Былтыр кетті, енем марқұм. Мына қызды байлап әкеліп, шынжырлап қойсақ та қашып кетіп,  сол үйге орала береді.

Ешқандай ауытқушылығы жоқ.  Тек, бала күнінде қатты суық тиіп ауырып,  дәрігерлердің қателігінен салған системалары кері әсер береді де, тілінен айырылып қалыпты.

Келе-келе  баяу, былдырлап сөйлеген екен.

Алғаш түсініксіз болғанымен, бірте-бірте үйреніп, түсініп кетесіңдер!

Өте пысық, тыңғылықты, – дейді Шатай-дың жеңгесі.

...Сонау, жас күндерінде  институтта бірге оқыған екі құрбы, бүгін екі періште жандарға жанашыр болып келіп, жүздесті.

Әңгімелері таусылмай, талай уақыт отырған екеуінің есіне кенет тағы екеу түсті.

Бірін-бірі итере далаға жүгірген екеу есікке кептеліп барып, сыртқа ыршып түсті.

Біріне-бірі арқасын бере, екі жаққа қарай жанталаса көз салады.

Жоқ!

Екеуі, екіге бөлініп, «Аққу» асханасын айнала жүгіріп кетті.

Жолшыбай кездесіп қалып, жанай өте шыққанымен, жүгірген күйі есіктің алдында қайта тоқайласты.

– Қайда?..

–Қайда?..

Екі келіншектің зәрелері ұшқаны сонша, жүздерінен қан қашып, бозарып кетіпті.

...Күллі әлемнің әжуасынан бейхабар екі міскін қол ұстасып, балмұздақ жеп, «Аққу» асханасын бетке алып келеді...

– Қызды ұнаттың ба?

– Ұнатпағанда!

– Әй, не дегенін түсіндің бе?

– Түсінбегенде! Сүйгенді түсіну үшін тіл емес, жүрек керек!

– Пәлі! Мынаның сөзін қарай гөр!

 

***

 

– Апа, той қамына кірісейік!..

– Қалай, жігітің ұнады ма?

Ей, қу қыз, жауап берсеңші! Айта ғойшы... Тууу, қызарып кетті өзі. Ұялғаның қандай сүйкімді.

Не дейін енді, Батайдың жеңгесіне не деп жауап берейін?  Айтшы, Шатай! Тойға қамданайық па?

Басын изегенін көр мынаның... Күнім сол! Жүрегіңнен айналдым, дүрсілдеп тұрған. Қарашы, сыртыңа естіліп тұр!

 

***

... Үлбіреген аппақ, шілтерленген жібекті  құйылтып, Батайдың бөлмесіне шымылдық тартылды.

Ене мен келін бір күліп, бір жылап жүріп, бөлмені босатты.

«Қыз жабдығын әкелеміз! Босатып қойыңыздар!» – деп, хабар берген соң...

 

***

...Жалғыз қарындасынан аянып қалары жоқ, ағасы келіншегінің айтқанына қарсы келмей, қалағаны мен таңдағанын сатып ала берді.

Туыс-туған жиналып, шешесі тігіп кеткен көрпелерін алдымен түйді, оюлы текеметке.

Аппақ арқанмен буып, түйіншектің бетіне күміс бұйымдар мен қымбат материалдар тастады да, түйіншектің түйіскен жеріне үлпілдеген аппақ үкіні қадай түйреді.

Жылқы сойып, абыр-дабыр болған ел екі тайқазанды қатар қайнатты бүлкілдетіп.

Ып-ыстық бауырсақтар бүйірі бұлтиып, қып-қызыл күйімен дастарқанға құлап жатыр.

Өткенде ғана алған бағалы ыдыстарын шығарып, тәттілер мен ірімшік, құрт салып қатарластыра тізіп шыққаны сол еді, төбедегі хрусталь аспалы шамынан шашылған сәуле әлгі ыдыстардағы тастармен ойнап, жарқыратып жіберді.

Қалыңдығын ұзатып алып кетуге келген елді алтын жіппен жиектелген кимешегінің ұшына әлдене түйілген әже шашулатып қарсы алды.

Босағадан аттай бере, балдыздары қолтығына кіріп кетіп, жезделерінің қалтасын ақтара бастады жарысып.

«Әруақ жолы» – деп, есікке алтын оқалы шапан бөркімен ілінген соң, құдаларды төрлетті.

Бұзаумен пара-пар қошқардың мүйізінен шап беріп ұстап алған қыздың балуан ағасы алқақотан отырғандардың алдына алып кіріп «Өлі-тіріге» бата сұрады.

Иесіне бой бергісі келмей бұлқынып, шығар есікке қарай тыпырши ұмтылған дәу қошқар, шығып бара жатып, құмалағын шаша кетті.

Дамбырлаған ел қуанып, жақсылыққа жорып жатса, сыңғырлаған келіншектер «Шілде суға» салармыз деп, жарыса теріп жатыр.

Әнеукүні көрген қызды танымай қалған Батайдың жеңгесі қалыңдықтың құлағына сырға салып тұрып, босап кетті де, құшағына қысып, жылап жіберді.

Бүрмелі ақ көйлегі тал бойына жарасып, қызыл камзолы үстінен құйыла төгіліп тұр.

Желкесіне түйіп қоятын мойылдай қара шашын қос білектей  қос бұрым етіп өріп қойыпты.

Әженің кимешегінің ұшына түйілген жүзікті сатып алған жеңгесі қолына салып тұрып:

– Өз қызымыздай көріп, бауырымызға басамыз! – деп уәде бергенде,

«Ғұмыр жасың ұзақ болсын! Менің жасыма жетіп, тоқсанға келіп, жүзге жет!» – деп, кейуана бата берді.

Төс мүжіп отырған күйеу бала қалың майын керте асап алып, тауыса алмаса да, «Күйеу жоралғысын» жасады.

Жеңгесі дайындап берген бір бума ақшасын  төстің астына қойғаны сол еді, аңдып тұрғандай бір келіншек келді де, зып еткізіп ала жөнелді.

***

Беташарға жиналған  елдің қарасы көп.

Қызыл ою басылған  ақ киіздің үстінде тұрған ақ көйлекті, қызыл камзолды келін  құдды ақ қардың үстінде тұрған қызыл түлкідей жарасады.

Үкілі домбырасын қағып,  кең даланы жаңғырта әуелете жөнелген әнші жігіттің күміс басылған, жуан былғары белдігі күнмен шағылысып,  жарқ-жұрқ ете береді.

Туғанынан өзгесі бір төбе,  мұнысы бір төбе болған Батайдың кәрі шешесі қуаныштан жылап жүр...

– Е, Жаратқан! Құлдық!

Осы күнді нәсіп еткеніңе шүкірлік қылдым! Енді ала бер!.. – деп, оқтын-оқтын кимешегінің етегін қайырып алып,  суалып кетсе де, соңғы тамшыларын сарқып тамызған көздеріне баса береді.

–  Жеңеше,  бүгін қасыңа мен жатамын! – деп, қағытып кетті, жаңа қу бала жеңгесінің бүйірін қысып қалып.

Сәукелесін шешіп,  орамал салған жас келінді қолтығынан демеп,  екі келіншек шымылдыққа отырғызды.

Шашылған шашуды жинап алып, сала бергеннен қоржынның қос бүйірі бұлтиып оң жақта тұр.

Ырым қылып,  таратып алады ел  аздан соң.

***

Келіншегіне келе жатқан Батайдың аяғы дірілдеп,  бойынан әл кеткендей. Әлденеден қысылатын сияқты.

– Әй, Батай, сен саспа!  Мықты екеніңді дәлелдеші, ал! 

Әйел нәзік жаратылыс! Күшпен емес, жаныңмен сүй! Ешқашан асығыс әрекет пен сөзге бой алдырма! – деп, жарыса ақыл айтқан Батайдың жезделері, көктің етегіне ай қонғанда, күйеуді келіншегіне, аппақ шымылдыққа қарай ұзатып қойды.

Денесі оттай болып, өртеніп кете жаздап отырған қайын сіңлісін бауырға қысып:

– Ақылды бол, ботам!    Күйеуің –жұмағың!

Енді сен, келінсің!

Бір азаматтың бағы да, соры да сенің қолыңда!  Енеңнің батасын алсаң, жарыңның разылығына ие боласың!

Жарыңның разылығы – өмірдегі басты амалың! – деп, бетінен сүйді де, құлағына әлденені сыбырлап, біраз тұрып, шымылдық құрылған бөлмеден шығып кетті Шатайдың жеңгесі...

 

1443 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы