• Әдебиет әлемі
  • 31 Қаңтар, 2021

ТЕМЕКІ МЕН ӘЗӘЗІЛ

Темекі о баста Жапонияда болмаған өсімдік. Оның қандай жолмен теңіз асып жеткені жайлы деректер де бір ізді емес. Бірінде, Кэйчоу кезеңінде (1596-1614) деп жазылса, енді бірінде, Тэнбун (1532-1555) уақытында делінген. Кэйчоудың шамамен оныншы жылында темекі әр өңірде өсірілген көрінеді. Бунроку кезеңінде, «Сөз өте ме, темекіге тыйым, тиынға да тыйым, атағы жер жарса да дәрігердің» деген өлең шыққан кезде темекі шегу сән болған.

Ал осы темекіні о баста жапон жеріне кемеге тиеп кім әкелді десек, тарихшылардың барлығы не португалиялық немесе испандық деп жауап береді. Бірақ бұл дәл жауап емес. Бұдан бөлек аңыз боп сақталған тағы бір дәйек бар. Бұл аңызға сенсек, темекіні Жапонияға әзәзіл әкеліпті. Яғни, әзәзіл католик патер Франциск әулиеге (Франциск Ксавье, 1549 жылы Жапонияда алғаш рет христиан дінін уағыздай бастаған) еріп, Жапонияға әкелген болып шығады.

Христиан сектасының уағызшылары патеріне тіл тигізгенім үшін мені кінәлар. Бірақ мен шындық осы аңызда деп ойлаймын. Неге десеңіз, нанбан (Оңтүстік Шығыс Азия мен испан, португалдықтар) Құдайы келгенде нанбан әзәзілі қоса еріп келгені, Батыстан жақсысын алғанымызда жаманын да қоса қабылдағанымыз рас.

Бірақ сол темекіні әзәзіл шынымен де алып келді ме, ол жағына мен кепілдiк бере алмаймын. Бірақ  Анатоль Франстың жазғанына сүйенсек, әзәзіл шашақгүлмен бір монахты азғырған деседі. Соған қарағанда темекіні Жапонияға шайтан әкелгені өтірік сөз емес. Тіпті, өтірік сөз болғанның өзінде сол өтіріктің өзі шындыққа жақын емес пе? Мен осындай оймен отырып, темекінің бізге келуі туралы аңызды баяндап берейін.

Тэнбун кезеңінің 18 жылында әзәзіл Франциск Ксавьемен бірге миссионер бейнесіне еніп, ұзақ теңіз жолынан  аман-есен өтіп, Жапонияға келеді.  Амакава ма екен, әйтеуір бір жаққа бара жатқанда зор тауарды өңгерген қара кеме тоқтайды да, миссионердің бірі жағаға шықпақ болады. Бұған дейін құйрығын діңгекке орап, төңкеріле салбырап, кеме ішін жасырын бақылап жатқан әзәзіл дереу еркекке айналып шыға келеді де, таңнан кешке дейін Франциск әулиеге қызмет ете бастайды. Әрине, доктор Фаустқа қызыл мантия киген сері бейнесінде келген анау үшін бұл амал әрине түк емес.

Айтпақшы, әзәзіл Жапонияға келгенде көргендері Батыста өзі оқыған Марко Полоның жазбаларында сипатталғаннан мүлдем басқа екенін көреді. Біріншіден, саяхатнамада бүкіл мемлекет алтынға оранған деп жазылған, бірақ қайда қараса да ондай көріністі көре алмайды. «Олай болса, керағашты тырмалап алтын қылсам, азғыру деген сол ғой» деп ойлайды ол. Одан кейін жапондар інжу ме, әйтеуiр бірдеңені пайдаланып, қайта тірілтудің құпиясын біледі деп жазылған, бұл да Марко Полоның бір өтірігі екен. Өтірік болса, айналадағы барлық құдыққа түкіріп, жаман дерт таратса, көпшілік азаптанса, парайсо (португал тілінде жұмақ) ұмыт қалар едi. Франциск әулиенің артынан еріп, көкірегін мақтаныш кернеп, айналасына көз жүгіртіп келе жатқан әзәзіл ішінен осылай деп ойлап, мырс-мырс күлумен болды.

Бірақ бұл бір нәрсеге қиналады, тіпті кәнігі жынның өзі не істерін білмей қалар еді бұндайда. Яғни, Франциск  Ксавьенің Жапонияға келгені осы ғана,  христиан дініне ешкім әлі кіре қоймаған, яғни, әзәзіл қарсыласын таппаған, азғыратын ешкімі жоқ. Ол қанша жерден шайтан болса да осы үшін әбіржіп жүрді. Іші пысып, уақытын қалай өткізерін білмей, әбден дағдарды.

Ол неше түрліні ойлай келе егіншілікпен шұғылданып, уақыт өлтіруді ұйғарды. Ол Еуропадан шыққаннан бері түрлі өсімдіктердің ұрықтарын құлағының саңылауына тығып жүрген. Жақын маңнан жерді жалға алудың еш қиындығы жоқ еді. Оның үстіне Франциск әулиенің өзі оның бұл ісін құптады. Әрине, әулие миссионерлерінің бірі Еуропадан дәрілік шөбі бола ма, әйтеуір бір өсімдікті Жапонияға апарса деп ойлайтын.

Әзәзіл бірден соқа, кетпен тапты да, жол жағасындағы жерді жырта бастады.

Мұнарлы көктемнің алғашқы күндері еді, созылған тұман арасынан манауратардай алыстағы ғибадат үйінің қоңырауы естіледі. Қоңырау үні жұмсақ, Батыстағы бұның құлағы үйренген шіркеу қоңырауының даңғыры сияқты емес. Осындай мамыражай сәтте әзәзілдің жаны жайланды ма дейсің, бірақ олай емес еді.

Оған ғибадат үйінің  қоңырау үні Санбооро (Лондондағы Saint Paul шіркеуі) қоңырауының үнінен де өткен сүйкімсіз естілді, бетін тыржитып, абыржыған күйі топырақты қопсыта берді. Неге десеңіз, ғибадат үйі қоңырауының жайлы үнін тыңдап, нұрлы күн шуағына шомған сайын жүрегі дір-дір етеді. Жақсылық жасауға да ниет жоқ, жамандық жасайын деген де сезімде емес. Көп күш жұмсап, теңіз асып, әдейі жапондарды азғыруға келмеген сияқты. Алақаны ойылмаған, Иванның қарындасынан ұрыс естігендей, іске икемсіз әзәзілдің шын көңілімен  қолына кетпен ұстай қалуы әдетте денесіндегі көңіл жалқаулығын қуып шығу үшін ұмтылуы еді.

Әзәзіл әйтеуір бірнеше күнде жер жыртып болып, құлағының саңылауындағы дәнді топыраққа септі.

Содан соң бірер ай өткенде шайтан сепкен дәннен өскін шығып, сабағы ұзарып, сол жылғы жаздың соңына таман жап-жалпақ жасыл жапырақ бос жер қалдырмай егіс даласын түгел жапты. Бірақ бұл өсімдіктің атын ешкім білмейтін еді. Франциск әулие сұраса да, әзәзіл мырс-мырс күліп, жауап қатпады.

Сол арада әлгі өсімдіктің өскіндерінен гүлдер көрінді. Шұңқырша тәрізді күлгін түсті гүлдерді өсіруге әзәзіл көп күш жұмсағандықтан қуанышында шек жоқ. Ол таңертең, кешке  шоқыну біткен соң алқапқа келіп, гүлдерді күтумен болды.

Бір күні (Франциск әулие уағыз үшін бірнеше күнге басқа жаққа кеткен еді) бір сиыр сатушы сары сиырды жетелеп, алқаптың қасынан өтіп бара жатады. Қараса, күлгін түсті гүл көмкерген алқаптың қоршауының ортасында  қара киімді, кең жиекті бас киімі бар нанбандық миссионер тоқтаусыз жапыраққа жабысқан құрттарды теріп жүр.  Сиыр сатушы өсімдіктің гүлін бірінші рет көрген соң тоқтап, қамыс телпегін шешіп, миссионерге кішіпейіл түрде тіл қатты.

– Кешіріңіз, құрметті әулие, анау гүлдің атын білсек бола ма?

Миссионер жалт қарады. Келте танау, кішкентай көзді, нағыз жирен шашты еуропалық.

– Мынау ма?

– Иә, осыны айтамын.

Жирен шашты алқаптың қоршауына сүйеніп, басын шайқады.  Сөйтті де әлі жақсылап үйрене қоймаған жапон тілінде мынаны айтты:

– Бұның атын, өкінішке қарай, адамға айтуға болмайды.

– Франциск мырза ешкімге айтпа деп пе еді?

– Жоқ, олай емес.

– Бір ретке айта салмайсыз ба? Біз жақында Франциск  мырзаның уағызын қабылдап, осы дінге бет бұрған едік.

Сиыр сатушы өз кеудесін зор мақтанышпен нұсқады. Қараса, расында титімдей жез крест күнге шағылысып, мойнында ілініп тұр екен. Көз қарықтырар жарқылдан миссионер бетін тыржитып, төмен қарады да, дереу өте  мейірімді кейіппен әзіл-шыны белгісіз былай деді:

– Олай болмайды. Бұл менің елімнің заңы, адамға айтылмайтын. Сен одан да өзің тап. Жапондар ақылды ғой. Бірден табады бәрін. Өсімдіктің атын тапсаң мына алқапта өсіп тұрған шөпті түгел беремін.

Сиыр сатушы миссионер бұны мазақ етіп тұр деп ойлады. Оның күнге күйген жүзі күлімсіреді, миссионерге иілді.

– Бұл неғылған нәрсе, ми жетпес? Оның атауын тез арада қалай табамын?

– Бүгін таппасаң да болады. Үш күн беремін, жақсылап ойлан. Біреуден сұрасаң да болады. Тапсаң мынаның бәрін беремін. Одан басқа қызыл шарапты да сыйлаймын. Әлде жұмақ бейнеленген картинаны берейін бе?

Сиыр сатушы бұның қызуқандылығына таң қалды.

– Ал таппасам ше, не істейміз?

 Миссионер бас киімін түзеп, қолын сермеп,  қарғаның даусындай өткір үнмен қарқылап  күлді. Сиыр сатушы бұнысына таңданды.

– Таппасаң, мен сенен бір нәрсе аламын. Бәстесейік. Табасың ба, таппайсың ба, бәстесеміз. Тапсаң, мынаның бәрін түгел саған беремін.

Осылай деп, жирен шаш қайтадан мейірімді даусына оралды.

– Жақсы. Ал мен де сіз қалаған затты берейін.

– Нені де болса бересің бе, сиырыңды да?

– Бар болғаны сол болса, қазір-ақ алыңыз.

Сиыр сатушы  күліп, сары сиырдың маңдайынан сипады. Ол бұны мейірімді миссионердің әзілі деп ойлаған сыңайлы.

– Егер мен жеңсем анау гүлдеп тұрған шөпті беремін ғой. Жақсы, дұрыс келістік, иә?

– Дұрыс келісімшарт,  дұрыс істедік. Иеміз Христостың атымен ант беремін.

Миссионер бұны естігенде кішкентай көзін жылтыратып, екі-үш рет көңілі толғандай мұрнын тартты. Содан соң сол қолын беліне таяп, сәл еңкейіп, оң қолының ұшын күлгін гүлге тигізді де:

– Егер таппасаң, сенің денеңді жаныңмен қоса аламын, – деді.

Осылай деп жирен шаш оң қолымен жайлап бас киімін шешті. Ұйпа-тұйпа шашының арасынан ешкінің мүйізіндей қос мүйіз өсіп тұр. Сиыр сатушының өңі өзгеріп кетті де, қолындағы қамыс қалпағы жерге түсті. Күн бұлттанған соң ба, әйтеуір алқаптағы гүл жапырақтары жарқылын жоғалтыпты. Тіпті сиырдың өзі бірдеңеден қорыққандай  мүйізін төмен салбыратып, жер асты гүріліндей даусымен өкірді.

– Маған берген уәдең – уәде. Мен атын айтпайтын нәрсені атап, ант бердің ғой. Ұмытылмайды. Уақыт өлшемі үш күн. Ал, қош бол.

Адамды ақымақ қылғандай кішіпейіл түрде осылай деген әзәзіл  сиыр сатушыға жасанды иілді.

Сиыр сатушы  есеңгіреген  күйі  шайтанның қолына түскеніне өкінді. Бұл қалпында кетсе анау джябо (португал тілінде шайтан) ұстап алып, тәні де, жаны да азап отында өртелмек. Ол бұрынғы дінінен босқа  шығып, шоқынған екен. Иссус Христостың атымен ант берді, берген уәдесін енді бұза алмайды. Франциск әулие болғанда ғой, бірақ, өкінішке қарай, ол саяхаттап кетті ғой. Бұл үш күнде түні бойы ұйықтамастан шайтанның тұзағынан құтылудың амалын ойластырды. Қалай болғанда анау өсімдіктің атын тапқаннан басқа амал жоғын білді. Бірақ Франциск әулиенің өзі білмейтін атауды басқа кім айтады?

Сиыр сатушы ақырында уәде мерзімі бітетін кеште сары  сиырды жетелеп, миссионердің үйіне қарай жасырынып жылжыды. Үй алқаппен қатарлас, көшеге қарап тұр.  Барып қараса, миссионер де ұйқыға кетіп, тыныш тауыпты, терезеден түскен жарық жоқ. Ай көрінгенмен бұлтты түн, жым-жырт алқаптың әр жерінен күлгін гүл қараңғыда қылтияды.  Сиыр сатушы ептеп ойластырған жоспарын жүзеге асыру үшiн  келгенмен мынау өлі тыныштыққа  енгенде қорқып кетті. «Үйге қайтқаным дұрыс-ау» деп ойлады. Әсіресе, анау есіктің ар жағында ешкінің мүйізіндей мүйізді неменің тозақ туралы түс көріп жатқанын  ойлағанда  тас түйін батылдығы шорт сынды. Бірақ тәні мен жанын «джябоның» қолына беретінін ойласа, әлсіздікке бой беруге болмайды. Сиыр сатушы Мариядан медет тілеп, алдында ойлаған жоспарын жүзеге асырды. Жетелеп келген сары сиырдың арқанын босатып, құйрығынан ұрып, алқапқа қуып кіргізді.

Сиыр мөңкіп-мөңкіп, қоршауды бұзып, алқапты таптай бастады. Мүйізін үйдің іргесіне сүйкеп қояды. Оған қоса тұяқ дыбысы мен мөңіреген даусы түннің жұқа тұманын қозғап, айналаны азан-қазан қылды.  Сол сәтте терезені ашып, басын сыртқа шығарған біреу көрінді. Қараңғыда жүзі көрінбесе де миссионер кейпіне енген шайтаннан аумайды. Қиялы ма, әйтеуір басындағы мүйізі сиыр сатушыға айқын көрінді.

– Мына мақұлық неге менің темекі алқабымды таптап жүр?

Әзәзіл  қолын сермеп, ұйқылы-ояу үнмен гүжілдеді. Ұйқысынан оятқан соң ба, шамына қатты тисе керек. Алқаптың ар жағына жасырынып,  жағдайды бақылап жатқан сиыр сатушының құлағына әзәзілдің мына сөзі Құдай сөзіндей жаңғырып жетті.

– Мына мақұлық неге менің темекі алқабымды таптап жүр?

Содан кейінгі миссионердің оқиғасы осы аңызда айтылғаны сияқты шарықтау шегіне жетеді.  Яғни, сиыр сатушы темекі деген сөзді әдемілеп тұрып айтып,  әзәзілді алдап соғады.  Сөйтіп, алқапта өскен темекіні түгел өзінікі қылады.  Негізі осындай.

Бірақ мен ежелден айтылып келе жатқан осы аңызда әлдеқайда терең мән жатқан жоқ па екен деп ойлаймын. Неге десеңіз, әзәзіл сиыр сатушының денесі мен рухын иелене алмаса да, есесіне, темекіні бүкіл Жапонияға жайды. Яғни, сиыр сатушы азғындауды серік еткені секілді әзәзілдің жеңілісі де оған жетістік әкелмеді ме? Шайтан құласа, босқа тұра салмайды. Азғыруды жеңе отырып, адам баласы  керісінше азғындаудың соңына ерген жоқ па?

Одан соң әзәзілдің не істегенін қысқаша жаза салайық. Әулие оралған соң әзәзіл pentagrama (шайтанды аластайтын дұға) күшімен ол жерден қуылады. Бірақ одан кейін де миссионер  боп жер кезіп, ел аралап жүрген көрінеді. Әлгі жазбаға қарасақ, ол Нанбанджи (1576  жылы Киотода салынған ғибадат үйі) тұрғызылғанда Киотода қылаң берген деседі. Тарихта  Мацунага Данджоуды (1510-1577) мазақ еткен  Кашин Коджи деген жігіт  осы әзәзіл деген әңгіме бар. Бұл туралы Лафкадио Хйорнның шығармаларында бар. Одан соң Тойотоми  мен Токугава христиан дініне тыйым салған кезде әзәзіл қайтадан бой көрсеткенмен, кейiн Жапонияда мүлдем көрінбей кетіпті. Әзәзілдің мәліметін жеткізген жазба деректер бар болғаны осы ғана. Бірақ Мэйдзиден соң әзәзілдің бізге келіп не істегенін білмеуіміз өкінішті-ақ.

Жапон тілінен аударған 

Шарапат Жылқыбаева

 

970 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы