• Қоғам
  • 31 Қаңтар, 2021

Жар таңдауда қателеспеу керек

Өмірде екі нәрседен қателеспеу керек дейді, соның бірі – жар таңдау. Жас болып, қиялдап, махаббаттан басы айналып, жастықтың қателігімен жар таңдауда қателесетіндер қаншама. Ендеше, жар таңдауда қандай мәселелерге мән беру керек? Өткен тарихта дана бабаларымыз жар таңдауда қандай өсиет қалдырған? Осы мәселелерді талқылайтын боламыз!

Мен жігіт, он бес-отыз арасында,

Бұл жаста көп: бересі-аласым да.

Алдымда толған мақсат, толған таңдау,

Алайын мынасын ба, анасын ба? – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жар іздеудегі ішкі сезімін өлеңмен жеткізген екен. Жар таңдауда ата-ананың қосатын үлесі зор. Ата-ананың баласына  жақсы есім қою, тәлімді өмірлік тәрбие беру, асыл жарын таңдауда көмектесу міндеті десек те болады. Бала туған сәттен бастап жора-жолдастары құдаласып бел құда, бесік құда атанады. Ондағы мақсат – өздері танып-білетін отбасының қызын алу. Баяғыда тән сұлулығы емес, жан сұлулығы маңызды болса, қазір басқаша, сырт келбетіне қарайды.  Сымбатымен сыры қатар келген қыздар да бар, оларды сирек кездестіреміз. Қыздың әлеуметтік жағдайы да жар таңдауда өзінің әсерін тигізеді.

     Халқымыз « Кедей мен кедей құда болса, арасында дорба жүреді, Бай мен бай құда болса, арасында жорға жүреді, Бай мен кедей құда болса ілінісіп зорға жүреді» деп, бекер айтпаса керек-ті. Қыз өзінен әлеуметтік жағдайы төмен үйге барғаны дұрыс, өзін еркін сезінеді. Ал өзінен жоғарыға барса өзін төмен санайды. Тағы бір жайт – қыздың тегіне қарау керек: «Тектіден текті туады, Тектілік жолын қуады», – демей ме халқымыз? Жақсыдан жаман туылуы мүмкін, Жаманнан жақсы туылуы мүмкін, түбінде тегіне тартады. Баяғыда тектіден қыз ал, тегіне қара дейтін аталарымыз болса, қазіргі таңда тектілік ұмыт болып барады, тектілік сөзінің ара-жігін ажырата алмай жатқан жастар да жетерлік, оған жастарды кінәлаудың қажеті жоқ, отбасында айтылмаса қайдан білсін... Одан соң қыз баланың иманына қарау керек. Иманды қыз барлық жағдайда сабырлылық танытып, шешімін табуға тырысады. Иман нұры да балаға жастайынан беріледі. Осы қасиеттерге қарап қыз таңдаса, бір әулеттің керемет отағасы болып қана қоймай, бір елдің тізгінін ұстар азамат болушы еді...   Өнегелік тағылымға толы «Құтты білік» кітабында:

Əйел алсаң төрт белгісін көздеші,

Бұл төртеуден кездеспейді өзгесі:

Бай əйелді біреу іздеп жүреді,

Енді бірі сұлуға көз тігеді.

Бірі тілер тұқымы асыл, тектіні,

Қуаныш боп ұлықтығы, бектігі.

Бірі нəзік, ақылдысын таңдайды,

Оны тапса, көңілде алаң қалмайды.

Таңдаулысын айтайын мен бұлардың,

Əйел алсаң, түргін маған құлағың:

«Ай, таңдаушы, бай əйелден үміткер,

Құлы болып қалма оның, білікті ер.

Көңілі мүлік болып, тілін ұзартар,

Көтерерсің — болса малға құмартар.

Кісі ізгісі, гөзəлді іздеп шоларсың...

Сұлуды алма, елге күлкі боларсың.

Шырайлыны күллі ел сүйер, жақтар мың,

Оны хақтың құдіретімен сақтарсың... – деп Жүсіп Баласағұн  бабамыз жас жігіттерге жар таңдауда қыздың қандай мінезі мен көркіне қарау керектігін айтып кеткен. Қыз бала да жар таңдауда болашақ қосағының иманына қарау керек, иманды азамат еш уақытта тастап кетпейді, Алланың аманатына қиянат жасағысы келмейді. Екінші, мінез-құлқына қарау, мінезі жақсы ер бәріне төзеді. Осы екі қасиет табылған ер азамат әкесіндей жанашыр, ағасындай қамқор болады. Жігіт жарын болашақ балаларымның анасы деп іздеу керек, кім баласының жаман болғанын қалайды дейсің.

  Қазіргі таңда көптеген қателіктерге жас-тарымыз ұрынып қалып жатады. Оған себеп, отбасындағы тәрбие, қыз баланың аңқаулығы, ұл баланың жауапкершілікті сезінбеуі.  Ер бала ойланбай қадам басады, соңында қыз бала зардап шегеді. Және де қазір бойдақ азаматтар мен отырып қалған қыздар көп, неге десеңіз, жеке бас жағдайын жақсартамын деп өмірдің мәні неде екенін кеш ұғынуында.

Қорытындылай келе айтсақ, жар таңдауда қалай мұқият болу қажеттілігін түсіндік. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да: «Ей, жастар қауымы! Кімнің мүмкіндігі жетсе үйленсін. Себебі үйлену көзді харамнан, абыройдың жоғалуынан ең жақсы қорғайтын нәрсе» деп, отбасын құрудың жеке адам үшін де, қоғам үшін де пайдалы екеніне назар аудартады, отбасы құруды дәрежелейді.

 

Рахима Тұрлыбек,

Жансая Мәженова,

Қазақ Ұлттық Қыздар Педагогикалық Университетінің «Тарих және шет тілдер филологиясы»  факультетінің

1 курс студенттері

 

4706 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы