• Айтарым бар...
  • 31 Қаңтар, 2021

Болашақ біздің қасымызда

Дина Имамбаева 
 

1865 жылы әйгілі фантаст жазушы Жюль Верн өзінің ең өршіл рухты  шығармасы – «ХХ ғасырдағы Париж» атты романын жазады. Бұл туындыда оның көріпкелдік қабілеті керемет көрініс тапқан. Шынымен де жазушы жүз жылдан кейінгі дүниені адам айтқысыз тапқырлықпен болжаған. Өкінішке қарай, баспагер қабылдамаған қолжазба уақыт шаңына көміліп жата береді. Романды 130 жылдан кейін Жюль Верннің шөбересі сейфтен кездейсоқ тауып алады. Нағыз қазынаға тап болғанын түсінген жазушы мұрагері қолжазбаны 1994 жылы баспадан шығарады да, кітап бірден оқырманға тарап кетеді.     

 

Жюль Верн өмір сүрген заман ескі еді. Империяны корольдер мен императорлар басқаратын. Маңдай терін бес төгіп егістікте жұмыс істесе де   шаруалар кедей болатын. Америка штаттарында азаматтық соғыс жүріп жатты. Ұлыбританияда пайда болған бу қозғалтқышы әлемге енді-енді тарай бастаған. Ал Верн болса 1960 жылғы Парижді елестетіп, бөлмелерінде салқындатқыш қосылған, әйнектен салынған зәулім үйде теледидар қарап отырған адамдар туралы жазады. Ол биік үйлерде  жеделсаты, қалалар арасында жүйткіген жүрдек пойыз, бензинмен жүретін автокөліктер, хат-хабар тарататын факс-машина, тіпті ғаламтор-интернет те болатынын болжады. Тағы бір шығармасы «Жерден Айға саяхат» (1865-ж.) деген романында жазушы ғарышқа ұшатын кемені, ондағы салмақсыздықты, осы планетаға ұшатын америкалық астронавтардың санына дейін дәл келтірген. Қазіргідей интернет, газет-журнал жоқ кезде жазушының болашақты дәл сипаттауы  таңғаларлық тамаша жайт қой. Әлбетте, бұл қаламгердің көріпкелдігі ғана емес, заман ауанын аңдағыш қасиетінен еді. Зерттеушілердің айтуынша, Жюль Верн ғылымның дамуын жіті қадағалап отырған, ғалымдармен көп сұхбаттасқан. Міне, осы аңғарымпаздығына жазушылық қиялгерлігі қосылып, оның қаламынан ғаламат дүниелер туған. 

Техниканың ғажайыбын дәлелдеген тағы бір керемет көріпкел италиялық атақты суретші Леонардо да Винчи болатын. Верннен әлдеқайда бұрын өмір сүрген ғалымнан қазіргі парашюттердің, дельтапланның, ұшақтың, тікұшақтың әдемі де дәл сызбалары қалды. Таңқаларлығы, да Винчидің қолжазбаларының арасынан тіпті есептеуіш машинаның, робот-жауынгердің сипаттамалары табылған. Бұл ХV ғасыр болатын!

Енді ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамын көз алдымызға келтірейік. Төрт түлігін жайғап, ет жеп, қымызын ішіп жатқан, әлі бейғам дәстүрлі қазақ ауылы. Ол кездегі ата-апаларымыз «радио», «кино», «автокөлік» дегенді көрмек тұрмақ естімеген де. Бірақ бұл үрдіс ол кезде қазаққа ғана емес, әлемнің барлық тұрғындарына тән еді. Ғылымның күшіне сенбегендер көп болды. Мәселен, 1903 жылы атақты «New York Times» газеті «ұшатын аппарат жасау – уақытты зая кетіру» деп жазады. Бір апта өтісімен ағайынды  Райт дегендер Солтүстік Каролинада өздері жасаған аэропланмен әуеге көтеріледі. 1920 жылы дәл осы газет зымыран жасаушы ғалым Р.Годдарды кекетіп, вакуумда қозғалу мүмкін еместігін айтып, оның жұмысын жоққа шығарады. Алайда, өз сөзін жерге тастамайтын бұл басылым 49 жыл өткен соң, «Зымыран вакуумде қозғала алатыны анықталды. Times қателігін мойындайды» деп оқырмандарынан кешірім сұрайды.

Расымен де, болашақты болжау оңай емес. Көбінесе болашаққа көз салғыш көріпкелдер техникалық прогрестің даму қарқыны соншама жылдам екенін дәл бағамдай алмаудан қателесіп жатады. Дегенмен, тарихты пессимистер емес, оптимистер жасайтыны белгілі. Жазушы-фантастардың көбі оптимист келетіні содан шығар. Үмітпен өмір сүретін адам баласы келешектен күдерін үзбеуі үшін жасампаздыққа жаны үйір ғалымдар мен оларға шабыт беретін қаламгерлер көптік етпейді, әрине.

 Ал қазір келесі ХХІІ ғасырды болжауға бола ма? Әлбетте, неге болмасын? Бірақ, қазіргі ғылым жаңалықтарының қолжетімділігіне қарамастан, адамзаттың болашақ тұрмыс-тіршілігін болжау оңай емес дейді ғалымдар. «Киберкеңістік» деген сөзді айналымға енгізген Уильям Гибсон «Болашақ қазір-ақ қасымызда, осы жерде. Ол тек әркелкі орналасқан» депті. Иә, жаһандық саяси мүдделер қайшылығы, планетаның экологиялық ахуалы ғылымдағы төңкеріске тең жаңалықтарға өз әсерін тигізері сөзсіз. Дегенмен, бұдан әрі ғылым дамуын тоқтату мүмкін емес. ХХІ ғасырдың алғашқы жиырма жылында өмірімізге енген жаңа дүниелер бұған дейінгі мың жылда да табылған емес. Алдағы уақытта бұл жаңалықтар еселеп өсе береді.

 

1859 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы