• Қоғам
  • 31 Желтоқсан, 2020

ТҰҢҒЫШ ҰЛТТЫҚ АҚША АЙНАЛЫМҒА ТҮСКЕН КЕЗ

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф:

І

Қазақ ұлтының ежелден саудамен айналысу тарихы өте ұзақ екенін көптеген жазба деректер дәлелдейді. Ескі замандарда біздің ата-бабаларымыз өзінің күн-көріс тіршілігі үшін қолда бар тауарларын өзара ақша орнында айырбасқа салып  отырған. Зерттеушілердің деректеріне қарағанда, шығыс елдерінде теңіз айқұлақтарын алғаш ақша ретінде пайдаланған екен. Қазақ даласында алғашқы монеталар V ғасырда пайда бола бастады. Бірақ олардың барлығы шетелден келген валюта еді. Сол дәуірде қазақ даласына кең таралған ақшалардың бірі «ушу» деген Қытайдың монетасы болды. Кейін келе қоғам дамып, бұрынғы істетіліп жүрген ақшалардың орнын жаңа жасалған алтын, күміс, мыс ақшалар иеленді.

Ақша – адамдардың күнделік тұрмыс-тіршілігінде, ішкі-сыртқы сауда жасауда аса  маңызды құрал болып табылады. Адамдар өте ерте кезден-ақ бір-бірімен сауда жасасып, бір жерде бар, екінші жерде жоқ қажетті нәрселерді өзара айырбасқа салып отырған. Мысалы, қазақтар өздерінің қолдарында бар  жылқы, қой, түйе, сиыр, ешкі, аң-құс, ер-тұрман, құрт-ірімшік, май секілділерді базарға салып, өздеріне қажетті алтын, күміс, айна, тарақ, шәугім, шәйнек, тәтті-тәмелек, жібек, кездеме және алуан түрлі өндірістік құрал-жабдықтарға айырбастап отырған. Сонау Хан дәуірінде (біздің жыл санауымызға дейінгі І-ІІІ ғасырларда) Хан патшалығы мен Үйсін хандығы ортасында достық және сауда қарым-қатынасы өте тиімді ұйымдасқан болатын. Хан елі өзінің  ханшасы Чи Жунды Үйсін елінің ханына ұзатады. Үйсін хандығы Хан патшалығына  қалың мал ретінде 1000 жылқы берген. Үйсін Күнби жасы егде тартып қалған  адам еді. Чи Жун ханша Үйсін еліне келгеннен кейін тіл   білмеді. Тұрмыс салтының ұқсамауы, жасы үлкен адамға тұрмысқа шыққанына іштей қатты назаланып:

Ұзаттың мені жұртым-ай, көз көрмес

жер түбіне,

Тапсырдың өз қолыңмен жат ел үйсін

 биіне.

Күмбезделген киіз үй, қабырғасы –

 туырлық,

Қорегі ет екен, айран-қымыз сусындық.

Туған жерге ұшпас па ем, аққу болсам

суырылып

Сағынған соң елді ойлап, болып жүрмін бір мұңлық... – деп бәйіт шығарған екен. Қазақ ғалымдары  қазбалардан шыққан дүниелерге қарап: «Қаңлылар барлық қажетті өнімдермен шикізатпен және қолөнер бұйымдарымен өзін-өзі толық қамтамасыз еткен» («Қазақстан тарихы», 286-бет) деген дерек айтады. Атақты грек тарихшысы, жиһанкез Геродет (425-490 жылдар аралығында жасаған) өзінің «Тарих» атты еңбегінде  парсы патшасы Кирдің сақтар мен массагеттерге қарсы жорығын баяндау барысында «Сахара Жібек жолы» деген сөзді алғаш рет хатқа түсірген. 

 Археологтар қаңлылардың көне жұртынан салмағы әртүрлі болып келген 1300-ден астам мыс теңгелерді табуы ертеде өмір сүрген қаңлылардың ақша айналым жасағанын дәлелдейді. VІ-VІІ ғасырлардағы «Сахара Жібек жолының» басты саудасы – бұрынғы Хан патшалығы мен Үйсін хандығы дәуіріндегі  сияқты ат-жібек саудасын жалғастырып келген. Өз заманында «Тәңір тұлпары», «Киелі сәйгүлік» деп аталған үйсін, қаңлы тұлпарлары хан елін қызықтырып  қана қоймай, күллі әлем елдерін өздеріне тәнті еткен. Тарихтағы «Сахара Жібек жолының» ашылуына байланысты қазақ даласының сауда тіршілігі ерекше жандана бастаған еді. «Ұлы жібек жолының бір тармағы – Египет пен Вавилонда, Иранда өте қымбат бағаланатын әдемі көк тас – лазурит (ляпис-лазурит) тасымалданған «Лазурит жолы» деп аталған. Екінші тармағы – Қытайдағы императорлар мен ақсүйектердің сүйікті заты болған әшекейлер жасау үшін әдемі нефрит   тасын тасымалдайтын «нефрит жолы»  болған. Ал үшіншісі – «Бұлғын жолымен» қымбат бағалы терілер тасылған. Бұлардың бәрі – ғалымдардың анықтағанындай, б.з.д. ІІ ғасырда болған оқиға» (К.Байпақов. «Қазақстанның ежелгі қалалары», Алматы, «Аруна Ltd». 2005 жыл. 37-бет).

Ерте замандарда сауда керуендері арқылы Қытайдан өндірілетін жібек кездемелер әлемнің түкпір-түкпірінен сауда базарларына тасылып апарылатын. Сол заманда қазақ даласынан қытайдың ішкі өлкелеріне апарылатын жылқы саудасының базары өте өтімді болған. «Хан патшалығы дәуіріндегі үйсін-қаңлылардан тартып, заманымыздың VІ-ХІІ ғасырларына дейінгі, тіпті таяу заманда Орта Азиядағы даңқы шыққан аттардың негізгі мекені – қазақ сахарасы болатын. Ат саудасының алтын дәуірі аталған осы Таң дәуірінде жылына 10 мың атқа сауда жасалып, оған 40 мың топ торғын төленеді екен. Кейін тіпті бір аттың құны 50 топ торғынға көтерілген  кезі болыпты. Біздің ата-бабаларымыз Астана Чаң-ан қаласында жібек саудасымен мыңдап жүреді екен. Сол кезде қазақ сахарасының кіндігінде Суяб шаһары Таң елінің тарихына да, араб елінің тарихына да ірі сауда орталығы ретінде жазба дерекке түскен. Таң елінің ақындары бұл қаланы бәсекемен жырға қосып мақтаған. Бұл дәуреншілік ХІІ ғасырдың соңына дейін созылған» (Зейнолла Сәнік, Жанат Зейноллақызы, «Қазақ этнографиясы», Алматы, «Ан-Арыс» баспасы, 2016 жыл. 156-157-бет).

Тарихи деректерде  жазылуына қарағанда,   Дешті Қыпшақ елінде VІ-VІІІ ғасырларда билеуші  рулар өз таңбасын бейнелеген теңгелер жасап, сауда айналымға түсіріп, өздерінің құдіретін әйгілеп отырған.

Ертеде соғылған бақыр ақшалардың Қазақстанның Талғар қаласынан табылуы да – сол замандағы сауда керуендерінің бұл жерде көлемді сауда жасағанын аңғартады. Қазба жұмыстар барысында Талғар қаласынан бір  топ  күміс, мыс жармақтар табылған. Ұлы Жібек жолы бойынан қазақ даласынан ілгері-кейінді Түркістан, Тараз, Талғар, Ілебалық, Баласағұн, Атлах, Самарқан, Сығанақ, Сайрам, Сүмяб, Алматы, т.б. қалалар бой көтерген. Бұл қалалар Сахара Жібек жолының дамуына ерекше рөл атқарған еді.

Қай мемлекет болсын өзінің ұлттық ақшасының тарихын хатқа түсіріп отырған. Қазақстан тәуелсіздік алғанннан кейін көп ұзамай Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тіке  басшылығында 1993 жылы  15 қарашада ұлттық теңгені алғаш рет айналымға түсіріп, үлкен тарихи бұрылыс жасады.

Тарихқа назар салсақ, қазақтың шұрайлы Жетісу өлкесінде 1456 жылы (кей деректерде 1455 жылы делінеді) Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтанның бастауында тұңғыш рет Қазақ хандығы құрылды. Археологтар Ресей жерінен қазба жұмыстар барысында «Әз-Жәнібек әділ хан» деген жазу жазылған ақшалар тапқан. Ертеде қазақтар ақшаны «пұл» деп атаған. Қазіргі кездерде кей өңірдегі қазақтар ақшаны әлі күнге дейін «пұл» деп атауы содан қалған. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін әрбір хан өз атынан алтын, күміс, мыс ақшалар жасап шығарған. ХVІІ ғасырдың басында Қазақ хандары өз атынан алтын жалатқан мыс ақшаларды айналымға түсіріп,  халық тұрмысын жақсы-лауға құлшыныс жасап отырған.

Қазақтың сауда жасап, ақша айналымға түсіру тарихы әлі зерттелмеген тың сала. Ұлтымыздың ақшаға байланысты  шығарған мақал-мәтелдерді молынан кездестіруге болады. Мысалы, «Ақша қолдың кірі», «Ажалдан ақша беріп құтылмас», «Адам боламын десең, арыңды ақшаға сатпа», «Ақшаның жайын жарлыдан сұра, адамның жайын арлыдан сұра», «Балтам барда тақта жоқ, қалтам барда ақша жоқ», «Ақшалының қолы ойнар, ақшасыздың көзі ойнар», «Ақшада көз жоқ», «Базарда бәрі бар, ақшасыз ешкім бермейді», «Теңге – тиыннан, ынтымақ ұйымнан құралады», «Бай кісіде ақша көп болғанмен, ізгі ниеті жоқ болады»,  т.б.

Әсіресе, қазақ хандығы құрылғаннан кейін ел тізгінін ұстаған билік басындағылар өз мемлекетінің экономикалық қуатын жоғарлату үшін Ұлы Жібек жолының тиімділігін пайдаланып әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдермен алуан түрлі сауда-саттық жасасып отырған.

Талай ғасыр адамдар өзара сауда-саттық жасау барысында бірте-бірте өлшемді айырбастау әдісін қалыптастырды. ХVІІІ ғасырда Жібек жолы саудасы қайта жанданып, қазақтар  Үрімжі, Құлжа, Шәуешек сияқты қалаларға барып сауда жасай бастады. Абылай хан мен Ежен хан өкілдері 1758 жылы (Чянлұңның 23-жылы) күзде Үрімжіде сауда   келіс сөзін өткізеді. Бұл сауда келіссөзі келесі жылы күзде жүзеге асады. Сол кездегі қазақтың беделді тұлғаларынан Абылай, Әбілпейіз, Қабанбай, Қожаберген, Ханбаба, Дәулетбай жеке-жеке Ежен ханға өз сауда керуендерін жөнелтеді. Мысалы, «Чянлұңның 24 жылы (1759 жылы) 16 қазанда Әбілпейіз бен Қабанбай жіберген Жәнібек батыр мен Едігенің сауда керуендері  Манчиң үкіметіне 144 ат  өткізген. Мұның ішіндегі 1-дәрежелі 88 аттың әрбірі – 5 сәрі 2 мысқал күміске, 2-дәрежелі 45 ат, 4 тай, 5 құлын, жиыны 54 жылқының әрбірі 2 сәр 9 мысқал күміске бағаланған. Ал ғалым Нығымет Мыңжанидың келтірген мәліметінде: 1-дәрежелі ат – 4 сәр 8 мысқал, 2-дәрежелі ат  – 3 сәрі 6 мысқал, 3 – дәрежелі ат –2 сәр 5 мысқал, сиыр – 1 сәр    5 мысқал, қой 4 мысқал күміс болған» (Зейнолла Сәнік, Жанат Зейноллақызы, «Қазақ этнографиясы», Алматы, «Ан-Арыс» баспасы, 2016 жыл, 164-бет).

Қазақтар тарихында Үрімжі, Құлжа, Шәуешекте ашылған базарлардың рөлі өте жоғары болған. Әлемге аты әйгілі «Сахара жібек жолы» саудасы ұлтымыздың дүниені тануына, мәдениетімізді дамтыуға, туған жерді гүлдендіруге пайдасы зор болды. Халық ішінде таралған жырларда:

Оң жақтан үнді, парсы, араб келген,

Сол жақтан шүршіт, моңғол, қалмақ

келген.

Батыстан Балқаш елі қатынасса,

Шығыстан қытай, қашқар шай әкелген.

 

Батыста Балқан деген жер бар екен,

Балқанда ионан деген ел бар екен.

Ионандар Келеске бір басып кіріп,

Қазақтар қайта қуып барған екен, – деп айтылатын жыр шумақтарынан ата-бабаларымыздың Жібек жолы саудасының іргесін қаласып, оны дамытуға ерекше үлес қосқанын дәлелдейді. Тарихтағы Жібек жолы бойынан ашылған «Үрімжі қазақ саудасы», «Құлжа қазақ саудасы», «Шәуешек қазақ сау-дасы» деп жер атымен аталуында терең мән жатыр.

Ақша – мемлекет жағынан біртұтас шығарылып, айналымға түсетін ерекше тауар. Нақтырақ айтқанда, экономиканы дамытуда ақшаның маңызы зор болып, күнделікті тұрмыста саудамен шұғылдануда кем болса болмайтын ерекше құрал. Қоғамның дамуына сай халқымыздың ақша туралы түсінігі барған сайын тереңдеп отырған. Халық ішінде ұзақ уақыт өмір тәжірибесінен топталған ақша туралы  ырымдар мен жұмбақ өлеңдер де молдап дүниеге келген. Мысалы:

«Жер жүзінде бір қыз бар,

Қырық ерге тиіпті.

Тиіпті де шығыпты,

Және тағы қыз екен», –

десе, тағы да:

«Кішкентай ғана безер,

Жер дүниені кезер», – дейтін т.б. ақшаға қатысты жұмбақ өлеңдер халық ішінен молдап табылады.

 II

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздіктің алғашқы жетістіктерін көргенге дейін Қазақстанға мемлекеттік  өзін танудың тар жол, тайғақ кешуінен өтуге тура келеді», – дейді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін көп өтпей Н.Назарбаевтың басшылығында ұлттық теңгемізге ие болдық.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз мемлекет құру жолында ата-бабаларымыздың жолын жалғап, оған мұрагерлік етіп, халқына адалдықпен  қызмет көрсетті.  Ол тарихта өткен қазақ хандарының ел басқару өнері мен экономиканы дамытудың әдіс-шараларын зерттеп, ұлттық ақшаны айналымға түсіріп, үздік реформалар жүргізді. Елімізде экономиканың біртіндеп дамуына байланысты  1991 жылы банк реформаларының басталуына негіз болған «Қазақ КСР-дегі банк-тер және банк жұмыстарын жүргізу туралы» заң қабылдады. Арада екі жыл өткеннен кейін 1993 жылдың наурызында «Қазақстан Республикасының  ұлттық банкі» туралы заңы қабылданды. Осылайша Қазақстанда банк жүйесі қалыптасты. «Қазкоммерцбанк», «Халықбанк», «АТФ банк», «Нұрбанк», «Тұран-Әлембанк», «Каспибанк», т.б. банктер осының айқын мысалы. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан екі жылдан кейін, яғни, 1993 жылы 15 қарашада Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен теңге айналымға түсіп, мемлекеттің экономикалық қуатын дүниеге  әйгіледі.

Қазақстандық валютаны жасау тарихын болашақ ұрпаққа сақтап қалу мақсатында 1997 жылы 13 қарашада Ұлттық банктің  мұражайы ашылды. Сол күні мұражай қорына 5 мың материалдық мәдени заттар  қойылды. Мұражайға  ертедегі ХІІ-ХІV ғасырдағы қола, күміс монеталар, революцияға дейінгі Ресейдің уақытша үкіметінің, РКСФР және КСРО-ның ақша белгілері, сондай-ақ ТМД елдерінің ақша белгілері, т.б. сақталған. Мұндағы жәдігерлік арасында адамдардың назарын  өзіне аударатын «Жібек ақшалар», «Опиумдық ақшалар», сондай-ақ, Рессей, Қытай, Мексика, Польша, Австро-Венгрия монеталары да табылады. Бұл мұражайда Түркістан қаласының 1500 жылдығына, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған алтын монеталар, ұлттық  валютаның 10 жылдығына арнап жасалған алуан түсті күміс монеталар да бар. Мысалы, Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналып жасалған құны 5000 теңге, салмағы 1 кг 925 сынамды күміс монетаға әлемнің әр елінен келген саяхатшылар таңдай қағып қарасты.

Ұлы саясаткер Нұрсұлтан Назарбаев «Біз Ұлттық ақшамызды бір-ақ рет және бір атаумен шығаруымыз керек. Екінші қайтара оның аты өзгермейді.  Сондықтан, оны әбден зерттеп барып, бір шешімге келуіміз қажет», – деген болатын. Елбасы осы айтқанын орындады.

Н.Назарбаевтың басшылығында Қазақ-стан мемлекеті жағынан ақша шығарып, өз алдына айналымға түсірілуі дүние елдерімен терезесі теңеліп, халықаралық беделінің жоғарылағанын дәлелдейді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әртүрлі қаржылық ұйымдардың саны қауырт өсті.

Ақша бір мемлекеттің халықаралық, экономикалық қуаты мен беделіне өкілдік етеді. Бір мемлекеттің ақшасының бар-жоғына қарап оның халықаралық беделінің жоғары-төмендігін аңғаруға болады. Н.Назарбаев – қазақ тарихында тұңғыш рет ұлттық валютаны шығарған және айналымға түсірген мемлекет басшысы.

 

11041 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы