• Қоғам
  • 31 Желтоқсан, 2020

ӘЛЕМДІ ӘБІРЖІТКЕН

Тышқан жылы несімен есте қалды?

Шығыс күнтізбесінде жыл қайыру Тышқан жылынан бастау алады. Өзі титтей болса да, шапшаңдығының арқасында атып келе жатқан күнді бірінші көрген тышқанның қулығы да бір басына жетеді десек те, әр кездегі Тышқан жылы қандай оқиғаларымен есте қалды? Әдетте жаңа жыл табалдырықтан аттағанда әртүрлі болжам айтылатыны заңдылық. Сол кезде қандай болжам айтылды? Шын мәнінде, 2020 жыл әлем халқы үшін қандай жыл болды?
«Тышқан – тынымсыз, кез келген жағдайға тез бейімделе алатынымен ерекшеленеді. Сондықтан, тышқан жылы әрбір қиындықты еңсеріп, жаңа бастамаларға бет бұратын жыл. Қазақ тышқан жылын жақсылыққа жориды. Тұрақтылық пен тыныштықтың белгісіне санайды. Береке, ырыс, татулық пен тыныштықтың жылы деп санаған. Ғасырлар бойы қалыптасқан сенім-наным бойынша бұл жылы қиыншылық, жаугершілік, аштық көп болмады» делінген бір деректе. Болжамшылар сөзіне сенсек, бұл жыл жақсы болуы тиіс еді. «Әсіресе, қызмет, мансап, кәсіп жағынан толағай табысқа, білім алу, тұлғалық даму жағынан мүмкіндіктерге бай. Тышқан жылы барша жаннан белсенді, еңбекқор болуды талап етеді. Жыл басында біршама қиындықтар болады. Кейбір жандар үшін жылдың бастапқы үш айы нағыз сынақ мерзімі болуы да ықтимал. Яғни, сабырлы адамдар ұтады. Сыннан сынбай өткендердің өмірі сәуір-мамыр айларында жақсы жаққа қарай өзгереді...» деген де болжам айтылды.
Бір қарағанда, бұл болжамның шындыққа жанасқан тұсы көп. Биыл жыл басынан бері елімізді ғана емес, бүкіл әлемді коронавирус індеті титықтатып тастады. Доңыз жылы аяқталмай жатып-ақ Қытайдың Ухань қаласынан шыққан індет әне-міне дегенше жыл басында Қазақстанның да шекарасына ентелей кірді. Әуелгіде жылдам тарайтын вирустың бар екендігіне сенбеген халық арқаны кеңге салған. Көктемнің алғашқы айында жаппай қатаң карантинге жабылсақ та, талап пен тәртіпті ескермегендер де көп болды. Ал індеттің нағыз өршіген кезі мамыр-маусым-шілде айында қаншама адамнан көз жазып қалдық. Жұрт дәрі-дәрмек таппай, сенделіп қалды. Қатаң карантин режимі енгізілген екі айда қаншама адам жұмыстан босады. Бұл ел халқының әлеуметтік жағдайын күрт қиындатып жіберді.
Байден билікке келді ме?

Тышқан жылының халықаралық саясаттағы дүбірлі жаңалығы – АҚШ-тағы президенттік сайлау. Мұндағы саяси тартыс әдеттегідей тартысты өтті. Посткеңестік елдерде кімнің жеңетіні алдын-ала белгілі болса, демократиялық елде тосыннан келген саясаткердің президент атануы ғажап емес.
Сонымен, АҚШ-та 3 қараша күні болған президенттік сайлауда демократ кандидат Джо Байден 284 дауыспен алға шығып, жеңіске жетті. Ол Твиттер арқылы АҚШ халқына алғыс айтып үлгерді. «Америка, осы ұлы еліміздің көшбасшысы ретінде мені сайлағандарыңыз мен үшін үлкен құрмет. Алдымызда тұрған істер оңай болмайды, бірақ маған дауыс берді ме, жоқ па, оған қарамастан америкалықтар үшін бірдей президент болуға уәде беремін», – деп жазды Байден. Айта кетейік, Байден 1987 және 2008 жылдары да президент сайлауына түскен болатын. Бірақ екі сайлауда да жеңілген. Бірнеше айдан кейін 78 жасқа толатын Байден АҚШ-тың 46-шы президенті болды.
Бұған дейін саяси болжам жасаушылар «Джо Байден АҚШ президенті болса, Америка ақырындап мұнайдан кететін болады» деген еді. Ол сайлауалды бағдарламасында 4 жылдың ішінде жасыл энергетикаға 2 триллион доллар жұмсайтынын айтқан.
Бірақ статистиканы қарасаңыз, Қазақстан экономикасының өсуі АҚШ-та республикандықтар билікте отырған кезеңдерге тұспа-тұс келеді. Бұл кездейсоқтық па? Мысалы, мұнай бағасы үшін ең жайлы кездер кіші Джордж Буштың президенттік мерзімінде орын алды. Одан кейінгі Барак Обаманың 8 жыл Ақ үйде отырған уақытында дағдарыстан көз ашпадық. Коронавирус індеті өршімегенде Трамптың кезінде біздің экономика ақырындап көтеріліп келе жатқан болатын. Енді «президент Байден» дәуірінде жағдай қалай құбылады?
«Біріншіден, АҚШ-тағы экономикалық бағытты күрт өзгерту өте қиын. Трампты кім қалай ұрысса да, ол жұмыссыздықтың соңғы жылдардағы ең төменгі деңгейіне қол жеткізе білді. Ал Қытайға қысым жасау және өндірісті қайтадан Америкаға қайтару үрдісі жалғасады. Менің ойымша, элиталар бұл мәселе бойынша ортақ пікірге келді», – дейді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры Марат Қайырленов.

P.S. Әдетте жыл қайырушылар «Тышқан жылы – молшылық, тоқшылық жылы» дейтін. Биыл керісінше, бүкіл әлемді шарпыған індет халықтың әлеуметтік тұрмысына ауыр соққы боп тиді. Жұмыссыздар саны жылдағыдан артып, азық-түлік бағасы шарықтап кетті. Шын мәнінде, ініне азығын тасыған тышқанның кейпіне түстік. Бұл індет арамыздан қашан кетеді? Бір жылдың ішінде құлдырап кеткен экономика келесі жылы еңсесін тіктей ала ма? Бұл тұрғыда ешкім ештеңені дөп басып айта алмайтыны өкінішті.

Динара Мыңжасарқызы

1193 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы