• Әдебиет әлемі
  • 31 Желтоқсан, 2020

Ай астындағы концерт (Әңгіме)

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Мамыр аяқталуға жақын қалған сол кеште ай шығыстан қып-қызыл болып нұрланып, айрықша балқып туған. Бірақ ызы-қиқу түні бойы таусылмайтын, көз қарықтырған өткір шамдар таңға дейін кірпік ілмейтін үлкен қалада Ай дегенің немене, бар болғаны өзгеден ерекшеленіп көрінетін кішкентай аспан денесі ғана. Ешкімді елең еткізбейді, дүрсілдеген жүректерге нәзік сәуле құятын ғажайып қасиеттен де жұрдай. Шіркін, мұндай мамыражай кеште ауылда жүрсең ғой... Түнгі самалмен ақырын ғана толқыған ақ сәулелі жазықты жапа-жалғыз кезіп, әуеден саулап құйылған аппақ нұр ерке қылықпен жүрегіңді түртіп оятып, көктен тамшылаған уыз сәулені уыстап сімірсең, шіркін!

Көкірек-кеудең мейір мен шафхатқа, ізглікке толады дейсің бір. Кең даланың төсін аршындай басып, өн бойың әлдеқандай жұмбақ қуаныш, ернеуінен аса төгілген шаттыққа меймілдеп, жанарың  буалдыр тартады бейуақта.

Сиқырлы мұнарға малына қарабарқынданып жатқан алыс жоталарды жаңғыртып себепсіз күлгің келеді. Алыстан гүмп-гүмп үрген алыпсоқтардың еріншек дауыстары түнгі әдемі симфонияның ерекше аккордтары. Әрегідік аулақтан шынжырлы  шідері нәзік үнмен сыңғырлай жайылған жылқының сұлбасы еміс-еміс байқалады қарауытып. Түнгі шексіз аспанның әр тұсынан елеусіз көрінетін сирек жұлдыздар да алыс ауылдардың қызғыл-сары шоғы әлі сөне қоймаған ошақтарындай құдды бір. Түнгі дала оттарында ерекше сиқыр бар. Көз жетпейтін алыстан әлсіз жылтырап қана көрінген жұмбақ оттар адам жанын неліктен арбайды, табан асты, ілкіде көкірек-кеудеңді жұмбақ мұңға бөлейтіні несі, сол бейуаз мұңның құпия сырын  еш адам түсіндіріп бере алмас. «Айхой, дүние неткен кең еді...»

Бәлкім, ең алғашқы адамдар – бәріміздің арғы аталарымыз – мынау қорқыныш тұнған көзге түрткісіз қараңғы түнде үрейлері ұшқан, жан-жағынан жабайы жыртқыш аңдар анталаған әлсіз бейбақтар түнгі оттарға жансала ұмтылып, қу жандарын қаратүнек үрей мен үмітсіздік, қайғы мен шер шырмаған шығар-ау. Кім біліпті... Жүздеген мың жылдар өтсе де екі аяқты, жұмыр басты пенде шіркін от-жалынды бірде мейірімді дос тұтып, бірде тілсіз жау санайтыны сол жабайы кезімізден адамзат санасында ұмытылмастай жазылып қалған қорқыныштан шығар, кім біліпті?! Бәрі де күмән, жорамал ғана...

Таудың алыс аңғарларынан әрегідік лекіте соққан түнгі самал әсем қаланы ерекше бір мейіріммен аймалап, тұла бойды, самай шашымды жеңіл желпіп, күңгірттене көрінген зәулім ағаштардың жалпақ жапырақтарын ерке сыбдырмен аралап өтіп, еркелеп ойнақ салып жүр. Жатаған, үлкен сарайдың сыртқы шамдары әлі самаладай жарқырап тұрғанмен, кіре беріс маңындағы қараң-құраң кісілердің қатары сирекси бастапты.

– Қап, концерт басталып кетіпті. Біз сүйретіліп жеткенше, басталмай күтіп тұрушы ма еді? – деді Сәуле наразы үнмен. Қиықша көздері ашулы отпен жалт етті. – Мыналар да сүйретіліп болмайды ғой... Енді кіре алсақ десейші.

– Қойсаңшы, балалардың жазығы не? Сәл кешігіп кіреміз, онда тұрған не бар!?

– Күйінгенімнен айтқаным да. Көп күткен концертке уақытында келіп, елмен бірге кірген де ғанибет екен!

– Жә, концерттің басы не, ортасы не, аяғы не – бәрібір. Бір тұсын көрсең, қалған жағы да соншалық асып-тасып кете қоймайды. Белгілі ғой...

– Әрине, саған бәрібір. Ешкімді менсінбейсің, жұрттың бәрі сен үшін құр сүлде, елеусіз жандар. Өйткені сен нағыз эгоиссің!

– Тоқтай тұршы, Сәуле! Балалардың көзінше тым дүлейленіп барасың деймін.

– Қайтейін енді, пәлен уақытта сенің қолың босап, бәріміз ел қатарлы концерт көреміз дегенде... Оған да кешігіп қалдық. Қазір жұртты орнынан тұрғызып, араларынан қысылып-қымтырылып өтеміз... 

– Енді айта бермеші! – Орынсыз айыптағаны жүрегімді шым еткізген. – Концертке көңіл көтеруге келдік пе десем, жүйкең дәкедей жұқаланып барады ғой сенің.

Сәуле ыңғайсыздана бір езулей қысыла жымиып, жүзін бұрып әкетті. Сосын кілт бұрылып:

– Аяқтарыңды жылдам басыңдаршы. Тезірек  жетейік, – деді әлгі жүзшайысуымызды ұмытқысы келгендей.

Республика сарайының шынылы дарбаза секілді дәу есігінің алды қараң-құраңға толы. Кілең жас балаларын жетектеген келіншектер мен бозым жас еркектер. Бәрі де қолдарындағы бір жапырақ қағаз – билеттерін шынылы есіктің аузында екі қолын кең жайып, қабағын қарс жауып тұрған секпіл бет, томпақ кеуделі келген жуантық сары қыздың көзіне тақап, жан-жақтан шуылдасуда. Секпіл беті көгістене қызарған әлгі неме де, берер емес. Басын шайқап, кеудесін одан әрмен керіп, ақырғы шептен өліспей-беріспей шегінбеуге ант берген жаужүрек сарбаздай тапжылмайды. Өн бойын ашу-ыза, шексіз долылық пен көкбеттік буып алған.

– Тоқтаңдар! – деген ащы дауысы құлақ жарғағын жарып жіберердей естілсін. – Бәрің ентелемей, тоқтаңдар! Балалармен кіруге болмайды! Қазақтардың тірлігі осы, қайда барса да баласын шұбыртып ертіп жүреді. Ал олар сосын шуылдап, жұртқа концерт көрсетпейді.

– Онда тұрған не бар? – деді топтың ортасынан суырылып алға озған ақ көйлекті, сұңғақ бойлы қара торы жігіт тістеніп. – Балалар сүйіп тыңдамаған әнде қандай қасиет бар, жас балалар көрмеген концерт кімге керек! Балалар да, біз де кіреміз, кіруге тиіспіз...

– Жоқ, кіргізбеймін! Ешкімді де кіргізбеймін, – деп шәңк етті билет тексеруші қыз. Оның ызғарлы ашу торлаған әрі секпілдері одан әрмен баттия түскен жүзінен шошынған жас балалардың біразы әке-шешесінің қолынан тартқылап, «Қайтайықшы», деп қыңқылдай бастасын. Жалғыз көкбет адамның көпті долы ашу, бейәдептігімен ығыстырғанын көріп, таңдай қаға бас шайқадым еріксіз. – Осы жерден менің өлігімді ғана аттап өтесіңдер. Бірақ сонда да өткізбеймін! Залдағы жұрт концертті у-шусыз тамашалауға тиіс.

– Өй, не деп тұрсың өзі! Ол залыңа өңшең бедеу қатын, белі кеткен еркектер ғана жинала ма? Олардың да балалары бар шығар, – деді ақ көйлекті жігіт сәл жымиып. Көзінде қуақы ұшқындар жылтылдап ойнасын. – Тоқташы, өзіңнің күйеуің бар ма! Айтшы...

– Оны не қыласың? Айтпаймын, – деп одан әрі қызарақтап, долыра түскен кеуделі қыз қысқа қидырған шашын желп-желп еткізе басын шайқады. – Оның концертке еш қатысы жоқ.

– Жәй, күйеуіңе жаным ашып тұрғаны. Байғұстың төбесіне құманмен шәй қайнататын қалқам екенсің. Долылықтан жарылып кетпей, қалай тірі жүрсің?!

– Шаруаң болмасын менде. Байым да жоқ, балам да жоқ. Оларды қайтпекпін, басыма пәле қылып. Бәрібір баламен кіргізбеймін.

Қалың көптің арасынан әлдебір келіншектің «О, оңбаған мыстан!» деп ашынған даусы еріксіз қатты естілген. Анталап тұрғандар еріксіз күліп жіберсін. Шарасыздық, есікті керіп тұрған мынау төмен етекті әйелдің табан асты алынбайтын кедергіге айналып, оны қалай жеңуді білмей тосылғандардың амалсыз күлкісі.

– Иә, мен мыстанмын! Кикимора! Горгонамын! – деді секпіл бет қыз екі иығы селкілдеп. Адамдар әщадылық, зұлымдық алдында ынжық, қорғансыз баладай ғана екен.

– Жарайды, Сәуле, – дедім бұдан арғы тәжікелесу түк шешпейтініне көзім біржола жетіп, көңілім сеніп. – Сен өзің концертке кіре бер. Мен балалармен анау алаңда біраз қыдырайын. Асықпай көріп ал. Егер жалығып кетсе, балаларды үйге алып қайта беремін...

 – Шынымен сөйтесіңдер ме?! – Сәуле әуелі іштей қуанып кетті де, ізінше томсырая қалды. – Қап, бәріміз бірге көргенде тамаша болатын еді. Бүйтетіндерін, табан асты балаларды кіргізбей қоятынын кім білген? Бұрын келген кісілердің бәрін кіргізе беруші еді ғой. Оңбағандар, заңдарын күнде өзгерте ме, немене?!

 – Жарайды, бара берсей. Енді мұндай концертке балалар есейіп, өзіміз қартайғанда ғана келеміз де...

Сәуле артына жалтақ-жалтақ қарап, шынылы есіктің арғы жағына өтіп барады. Арықша иығын қайта-қайта қомдап, есік алдында иіріліп қалғанымызға өзін кінәлі сезінгендей ыңғайсыздана күлімсірейді. Топтың арасынан осылай біртіндеп шыққан жас келіншектердің біразы соңынан ілесті. Бәрі де арттарына жалтақ-жалтақ қарап, көздеріне шарасыздықтың жасы мөлтілдеп күлімсірейді. Құдай-ау, кішкентай сәбиің болса, жәй ғана концерттің өзіне бас сұға алмайтын қандай бейбақ заман?! Ылғи қаракөз титімдей қазақтарды сол қазақтардың жиынына жолатпайтын сұмдық заң, қатал ережені кім, қандай қара жүрек ойлап шығарған десеңші. Тағы да бір кемсітіп қалудың амалы, екінші сортты екеніңді ишаралап, тұспалдап ұқтыру... Терең күрсіндім де, екі ұлымның қолынан жетектеп, аппақ сәулеге малынған алаңның ортасына қарай аяңдадым.

Кең алаңның арғы шетінде маңына шаршылап тас тақта төселген ұлы Абайдың ескерткіші. Самаладай жарқыраған шам сәулесімен күндізгіден де зорайып, ерекше мұңлы әрі ойлы қалыпта әнтек алға қарай ұмсынған ұлы бейне. Ақынның ескерткішіне таяп келгенімізде мойнын соза аспандай қараған Арман:

– Мәссаған! Мына кісінің дәуін-ай, – деді ішегін тарта таңғалып. – Жерге түссе, Джеки Чанды да, Ван Даммды да бір-ақ қолымен быт-шытын шығаратын шығар.

– Ақымақсың ғой, – деп жақында ғана түскен екі тісін алақанымен көлегейлей шиқылдап күлді Санат. – Ол жерге түспейтін ескерткіш қой. Өзің ойлашы, ескерткіштің бәрі жерге түсіп, бет-бетімен жүріп кетсе не болады? Олар қайда барады? Ескерткіштер осылай, біз үлкейгенше тұра береді емес пе, көке! Солай ғой...

– Иә, ескерткіштер жүрмейді, – дедім табан асты абдырап әрі тосылып. Шынында да әлемдегі, тіпті осы өзіміздің Алматыдағы ескерткіштер тұғырларын жайына тастап, жер бетімен жүріп кетсе тірі адамдар қайтер екен?! Тырағайлап жан-жаққа безіп кете ме, әлде тіріліп келген туысқанын көргендей тас ескерткіштерді қуана құшақтай ма?– Абай аталарың тіріліп келсе, Джеки Чан мен Ван Даммм ғана емес, қазір жер басып жүрген талайымыздың быт-шытымызды шығаратын шығар!  Иә, сөзсіз сөйтетін еді...

– Көке, – Санат әлі де алып мүсіннен көзін айырмаған қалпы маңдайын жиырып, қиын жұмбақтың шешімін таппақ болып әуре. – Ескерткішті кімге, не үшін қояды?

– Енді... ескерткішті... – Аузыма қапелімде сөз түспей қалсын. – Оны енді... өте жақсы адамдарға қояды ғой. Елге еңбегі сіңген адамдарға.

– Айтшы, көке, кейін сізге де осындай ескерткіш қоя ма? – деп сұрады Арман бетіме қарап.

Кішкентай ұлымның сұрағын естімегендей үн-түнсіз теріс айналып, жылдамдата жан қалтамнан суырған сары тіс темекіні тұтатқансып тұрып қалдым. Маңдайымнан шып-шып шыққан терді сүртуге де ыңғайсызданамын. «Ескерткіш қоятындай қай еңбегім сіңді?!»

Кенет Санат:

– Тү-у, тіптен ақымақ екенсің ғой, – деді Арманның иығынан жұлқып қап. – Мұндай ескерткіштерді тек өлген адамдарға қояды. Ал біздің көкеміз тірі ғой... Көкем ешқашан өлмейді, білдің бе?

Өн бойымды суық тер жапсын. Санаттың тілегі әбден түсінікті, жер бетіндегі әрбір балақай әкесінің мәңгі тірі болуын қалайтыны заңды. Бірақ мына өмірде аласұрып, іздегенін таба алмай, күйкі тірлікті күйттеп, сүйретіліп қана жүрген мен шынымен тірімін бе?! Шын тірілер өмірде қандай болады, а!? Білмеймін...

Жүрегім табаныма түсіп кеткен сияқтанды.

 – Балаларыңыз қиын сұрақтармен тұйыққа тіреді ме? – Әлгіндегі ақ көйлекті жігіт тетелес ұл мен қызын қолынан жетектеп, қарсымызға таяп келгенін аңдамай да қалыппын. – Менің балаларым да сөйтеді, – деп жылы жымиды. – Қазіргі кішкентай балалардың сұрағына жауап бергеннен қиын ештеңе жоқ. Қиналғаннан қара терге түсіп, қипақтауға, кейде жалтаруға мәжбүр боласың еріксіз. Өткенде мына тентегім «Адамды бомба тез өлтіре ме, пистолет пе?» деп сұрағаны. Ал жауап тауып көр...

– Иә, – дедім көбіне ұлдарымның сансыз сауалдарына орынды жауап таппай өзімнің де тосылатыным ойыма оралып. – Шетінен іштен оқып туа ма, әлде шыныменн акселерад па, әйтеуір адам ойына кіріп-шықпайтын сұрақтар қоюға құмар ғой. Төпелейді! Соның бәрі жер-жаһандағы сұмдықтарды қалт жібермей, жинап-теріп көрсететін теледидардың кесірі. Қай-қайдағыны көріп алып, қиын сұрақтарды жаудыратындары былай тұрсын, жіліктеп түсіндірмесең, сырғытпаңа онша қанағаттанбайды да.

– Иә, бүгінгі әкелердің азабын  бұрынғы-лар бастан кешпеген болар. Айтпақшы, сіздің әйеліңіз де концертке бір өзі кірген болды ғой. Сіз де енді балалармен қыдырып, уақыт өткізіп жүрген шығарсыз?

– Бұл заманда еркек болу, әке болудан қиын ештеңе жоқ, – деп күлдім ашық-жарқын жігіттің жорамалын қоштап. – Келіншектер көңілді концерт, ер-азаматтар таусылмайтын азап көреді. Бәрі де қазіргі уақыттың қисынсыз заңдылығы.

– Әтеңенәлет, – деді бейтаныс жігіт табан асты түтігіп. – Балалармен концертке кіргізбейтіні қорлық екен. Баяғыда, ауылда, тар клубта кәрі-жас, бала-шаға демей тайлы-таяғымызбен жапатармағай барып, концерт, киноларды жабыла көруші едік... Әдемі әсер алатынбыз. Қалада осындай қисынсыз тәртіп енгізіпті, қасақана.

– Дұрыс та шығар. Көңіл көтеруге келгендердің мазасын алмасын дейді де. Демалсын, еркін тынықсын дегендері ғой.

– Қойыңыз, балалардың көңілді күлкісінен, солардың сыңғырлаған дауыс-тарынан артық қазаққа қандай демалыс керек. Әшейін, орыстардан үйренген орынсыз әдетіміз, – деді ақ көйлекті жігіт одан әрмен қызбаланып. – Нағыз нақұрыстық! Оларға немене, көбі баяғыдан қалаларда тұрып қалған, ұсақ балаларын қалдырып кететін кемпір-шалдары қастарында. Ал біз... солардың итарқа құжырларын таласып-тармасып пәтерге жалдап жүрген қазақтар қайтпекшіміз?! Титімдей балаларды кімге сеніп қалдырмақпыз, а!? Жөнсіз әдетті тез жұқтырамыз біз. Кім көрінгеннің айтағына еріп, солардың жаман, жөнсіз әдеттерін қабылдауға тым құмармыз. Тым ұшқалақпыз ғой.

Иығымды көтердім. Бүгінгі кеште мен жауап таба алмайтын қиын сұрақтардың қаптауын қарасаңшы. Таусылатын сұры жоқ. «Мен қайдан білейін, ехе-һе!..»

– Уай, тоқтай қалыңыз, – деді бейтаныс  жігіт шошына білегімнен ұстай алып. – Балалар субұрқақ жаққа жүгіріп кетіпті. Біреу-міреуі суға құлап жүрмесін...

Біз бірер ауыз сөйлескенімізше балалар тез-ақ тіл табысып үлгерген сыңайлы. Бірін-бірі қуалап, жан-жағынан төгілген шам сәулесімен сан алуан түске боялғандай болып шапшыған субұрқақтың маңына барып та үлгеріпті көзді ашып-жұмғанша. Ал бұрқақтың маңайына жиналған жас балалар біреу... екеу... төртеу емес, қарақұрым топ. Көбі әлгінде концертке кіре алмай, өзіміз сияқты тауаны шағылған өңшең қарадомалақтар. Құлақ тұндырар айқай-шуы мен күлкілері түнгі қалаға күміс нұрын аямай төккен жарық, мейірбан Айдың қытығын келтіріп, маңайды думанға малып тұр. Түрлі-түсті шамдардың сәулесіне шағылысып, қызыл, көк, жасыл, күлгін... күміс түстес болып атылған су тамшыларына сүйсіне қарап, түнгі бұрқақты айнала қуаласпақ ойнауға кірісіпті көбі. Өзінің соңынан борпаңдап қуған Арманға жеткізбей, құлдыраңдап безіп келе жатқан Санат қасымыздан зуылдап өте беріп:

– Көке, көке, қарашы, шашыма қараңызшы... Желбірейді, – деп алдынан соққан желдің екпінімен желпілдеген кекіл шашын сипалап, сықылықтай күлді. Оның соңынан томпаңдап келе жатқан Арман жыларман күйде тамағына өксік тығылып:

– Көке, Санатқа айтшы, жүгіре бермей, сәл тоқтасын. Менің бетіме су шашты да, ал енді өзіне шаштырмай қашып жүр. Оны ұстап беріңізші, көке! – деді кіжініп.

– Балам-ау, ұстап берсем ол өкпелейді ғой, – деп күлдім қолымдағы темекі тұқылын тастайтын қоқыс салғыш жәшікке қарай беттей беріп. Сыртына «Парижге барғым келеді» деп жазылған әудем жердегі темір жәшіктің маңында екі-үш сұлба қараңдайды. Түнгі қаладағы осындай жәшіктерден тамақ терген үйсіз-күйсіз бейшаралар сияқты. «Бұндай байғұстарды қала ортасынан, балалар ойнайтын жерден тысқары, аулаққа әкетсе қайтеді?! Жаппай ауру, індет таратып жүрмесін...» деген әрі аяушылыққа, әрі жиренішке толы суық ой санамды найзағайдай осып өткен. Бірақ аумалы-төкпелі тағдырдың ауыр азабын тартып жүрген сормаңдайларды жазғыра да алмадым. – Өзің қуалап ұстап алсайшы.

– Ұстатпайды ғой ол. Үлкендігін пайдаланады. Ал мен үлкен болсам... Санат, тоқта деймін, – деп айқайлады енді Арман субұрқаққа қарай беттеп. – Тоқташы... Тоқта деймін, тиіспеймін саған. Су да шашпаймын! – Кіші ұлым сыры өзіне ғана мәлім кішкентай қулығына басуды ойлаған сияқты. – Тек тоқтасаң болды...

– Алдайын деп тұрсың ғой, – деп сыңғырлай сықылықтап күлген Санат іркілмей тағы да бұрқақты айналып жүгіре бастаған. – Қусың, ә, бетіме аямай су шашайын деп тұрсың ғой.

– Тоқтасайшы, қорқақ, – деді Арман енді иегі кемсеңдей жыламсырап. – Сен су шашқанда, немене, мен саған су шашпаймын ба?! Тоқта деймін, қашпа! Шын қазақ болсаң, қашпа! Қорқақ!

Әлгіден әудем жерде ұлы мен кішкентай қызын ойнатып, сәл бөлектеніп кеткен ақ көйлекті жігіт маңайындағы балаларды таңғалдыра қарқылдап күлсін кеп. Көзінің алдын қолының сыртымен сүрткен күйі бері таман сәл жақындап:

– Тетелестер ғой, ә, аға! – деді дауысына мейірім, әлдеқандай ізет, кішілік тұнып. – Әжем марқұм «Тетелес тентектерді тәрбиелегеннен, бір отар тоқты баққан жеңіл» деуші еді. Біз, ағам екеуміз, үпірлі-шүпірлі, тетелес өскен екі ұл едік. – Ол әлденеге қабағын шытынып, шерлене күрсінді. – Сірә, сонда талай-талай тентектік жасаған шығармыз біз де... Сосын, жаны күйіп айтқаны болар деймін.

– Тоқтасайшы, қорқақ! – деп ащы дауыс-пен айқайлады Арман жасы үлкен ағасын қуып жетуден біржола күдерін үзіп. – Санат десе, сен қазақ емес екенсің! Көкем «қазақ қорқақ болмауы керек, ештеңеден қашпауы тиіс» дейді емес пе?! Ал сен, қорқақ, қашасың кеп...

Санат бұрқақ түбіне кілт тоқтай қалды. Әлдебір ішкі ыза, түсініксіз толқудан өн бойының әлсіз дірілдегені байқалса да, қаққан қазықтай болып орнынан тапжылар емес. Тапжылмас төзімділік, сыры жұмбақ намысқойлықпен Арманды тосып, қимылдамай тұр. Асықпай жанына таяп келген Арман бұрқақ шетінен кішкентай алақанымен шашып-төгіп су іліп алып, үстіне шашқанда да селт еткен жоқ.

Жүрегім уілжіп, майдай еріп барады. «Құдайым-оу, осы екі құлыншағымды бақытты ете гөр! Аман-есен ер жетіп, айтулы азаматтар болсыншы!» деп күбірледім іштей езіліп тұрып. Қасиетті мінәжаттай қайталадым үсті-үстіне.

– Тпә-тпә, тіл-көзім тасқа! – деді әлгі бейтаныс жігіт те әлдеқандай толқулы үнмен. – Ұлыңыздың намысқойын-ай! «Қазақ қашпайды» дегенге кілт тоқтағанын қарамайсыз ба? Бұнысы өзінің бойына ғана шақ әрі үлкен ерлік емес пе! Көбімізге осындай намысқойлық жетіспей жүр ғой, ең өкініштісі. Кішіңіз де өжет екен!.. Айтқанын істетіп, дегенін орындады ғой, түптің-түбінде.

– Ә-ә, көбіне жанжалды өзі бастап, сосын өш алуға жаны құмар, – деп жымидым ұлдарымнан көз айырмай тұрып. Санаттың тағы да бұрқақтан су алуға еңкейе бергенін назарым шалған бетте:

– Әй, Санат, сен үлкенсің ғой. Енді керісе бермей, бір-біріңмен татуласып ойнасаңдаршы. Концертке келдіңдер емес пе, өздерің ән айтыңдар ендеше, – дедім субұрқаққа жақындап келіп. – Онсыз да үсті-бастарың малмандай болыпты.

Санатқа су шашқан сәттен бері оның қасында үнсіз тұрып қалған Арман әуелі ұлы Абайдың қаракөлеңкеде одан әрмен биіктей әрі сұстана түскен ескерткішіне, содан соң дөңгеленген айға жалтақ-жалтақ қарап алып, кенет... жіп-жіңішке дауыспен ән шырқай жөнелді шырылдап.

Оң қолын жүрек тұсына қойып, толқи тұрып, беріле шырқады, құлыным менің! Әлі қатаймаған дауысы... құлақ жарғандай. Ал сәулесі біртіндеп әлсірей бастаған шамдардың жарығымен көмескілеу иіліп шапшыған бұрқақ суының да күші бірсін-бірсін азайып, доғалана атқиды. Ернеуі биік бұрқақтың бір қапталындағы судың беті жыбырламай, тыншу тауып қапты. Тек таудан соққан ерке самал ғана су бетін сәл дір еткізіп, жылдам жүгіріп өткен ұсақ толқын шам сәулесімен жылтылдап, судың бетін діріл қақтырып ойнағанын үдете түскен сыңайлы. Бәлкім, олай да емес шығар, кірпігіме ілкіде ілінген мөлдір тамшы алдап тұрған шығар...

... Менің елім, менің елім,

Гүлің болып егілемін,

Жырың болып төгілемін, елім,

Туған жерім менің, Қазақстаным!..

Бұрқақ басында асыр салып ойнап жүрген бірөңкей қарадомалақтардың барлығы әп-сәтте ойындарын доғарып, еңселерін тіктеп, қолдарын жүрек тұсына қойды да, ерекше бір рух, балалық асқақтықпен осынау ұлы әнді шырқата жөнелсін.

... Кең екен жер деген,

Жерге дән шықты ғой.

Намысын бермеген,

Қазағым мықты ғой!

Мына кішкентай балалардың ешқайсысы әнші емес, бірақ ешбір әнші осылардай беріліп, шын жүректен ән айтып көрген жоқ ешқашан. Айта да алмайды...

Ай сәулесінің астында, түнгі қаланың қаратүнек аспанын тілген кішкентай балалардың дауысы сол түнде әлгі алаңда сәбилерін ойнатқан кісілердің жүрегінде мәңгі жазылып қалғаны кәміл. Осы кездейсоқ концертті көргендер, куә болғандар шын бақытты!..

1234 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы