• Айтарым бар...
  • 07 Желтоқсан, 2020

Айсұлу Ерниязова: ЕРІКТІ БОЛУ – ЖҮРЕКТІҢ ІСІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаматтық қоғамды нығайтуда еріктілердің орны ерекше екенін атап өтіп, 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялады. Бүгінде өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары жыл санап артып жатыр. Айталық, әлем халқының 970 миллионы волонтер болса, оның ішінде әрбір сегізінші қазақстандық еріктілер қатарын толықтырып тұр. Соның бірі – «Еріктілер лигасы» қоғамдық ұйымының жетекшісі Айсұлу Ерниязовамен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Айсұлу, өзің жетекшілік ететін «Еріктілер лигасы» қашан және қандай мақсатта құрылды?

– 2016 жылы 22 желтоқсанда өткен Сенат отырысында «Еріктілер қызметі туралы» Заң қабылданды. Заңда көрсетілгендей еріктілер қызметі – жеке тұлғаларға, кәсіпорын, компанияларға, әлеуметтік топтарға көмек көрсету, қоршаған ортаны қорғау, азаматтық позицияны қалыптастыру, өзін-өзі ұйымдастыру, әлеуметтік жауапкершілік, өзара көмек көрсету және қоғамда қайырымдылық жасау. Көп ұзамай, 2020 жыл Қазақстанда Волонтер жылы деп жарияланды. 26 тамызда Мемлекет басшысы қаулыға қол қойды. Ол бойынша Үкіметке Волонтер жылын өткізу бойынша қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде 200 волонтерлық ұйым жұмыс істейді.

Өзім әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдадым. Студент кезімнен бастап белсенді болдым. Қоғамдық шараның барлығына қатысатынмын. Ең алғашқы жобаны 21 жасымда қолға алдым. Университеттегі 20 белсенді студентті жинап, ең алғашқы  еріктілер қызметін бастадық. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды. Жастар ұйымының университетке тиесілі екенін білеміз. Ал бізге бүкіл қала бойынша да жобаны жүргізу қажет болды. Осылайша, 2013 жылы «Еріктілер лигасы» құрылды. Ал 2014 жылы қоғамдық қор ретінде ресми тіркелдік. 2014 жылы құрылған қордың бүгінгі таңда 2860 волонтерлік базасы бар. Әлеуметтік, денсаулық, білім, экологиялық бағыт және өзін-өзі  дамыту салалары бойынша 10 мыңнан аса ерікті жұмыс істейді. Қор Otbasym, Shabytym, Tabysym, Qazynam, Qulynym, Kúsh-qýatym және Ólkem атты 8 салаға бөлініп, нақты бекітілген іс-шаралармен жұмыс істейді. 2016 жылы «Еріктілер лигасы» Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына орай «Мың қайырымды іс» жобасын ұйымдастырды. Бүкіл жауапкершілікті мемлекетке арта бермеуді түсіну маңызды. Әрдайым түрлі әлеуметтік маңызды науқандарға қатысып келеміз. Тиісінше, қажетті ақпаратты тарату, қоғамдық шараларды дайындау және өткізу, оқыту және басқа шараларда бой көрсетудеміз. «Еріктілер лигасы» құрылғалы бері талай ауқымды шараларға атсалысып келеді. Айталық, Астана EXPO-2017, XXVIII Қысқы Универсиада 2017, Халықаралық Алматы Футзал кубогы, Алматы марафоны және басқа да көптеген ірі жобаларды жүзеге асыра алды. Қазіргі уақытта ұйымның Алматы қаласының жоғары оқу орындарында 25-тен астам өкілдіктері бар. Солардың бірі – 2018 жылдың 16 сәуірінде құрылған Каспий университетіндегі «Еріктілер лигасы» ҚҚ филиалын айтсам болады. Жалпы, бұл қордың құрылуы белсенді жастардың басын біріктіруге айтарлықтай ықпал етті. Сондай-ақ, достар табуға, бір-бірімен танымдық тақырыптарда ой алмасуына да жол ашық.

– Еріктілер жылында жастарға қандай қолдау көрсетілді? Жалпы, ерікті болу оңай ма?

– Ерікті болғысы келетіндерге мемлекет тарапынан қолдау жасалып отырғандығы қуантады. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті рет волонтерлік қозғалыстың рөлі туралы атап өтті. Жалпы, еріктілер қозғалысына ерекше мән беріп отырған Мемлекет басшысына алғыс айтқымыз келеді. Өйткені еліміздің болашағы үшін тұрғындарды жауапкершілікке шақыруда, адамдардың бір-біріне қамқорлықпен қарауына волонтерлік қозғалыстан үйренетін тұстары көп. Осы орайда біз өзіміздің күш-жігеріміз арқылы еліміздің гүлденуіне елеулі үлесімізді қоса аламыз.

Негізінен ерікті болу әр адамның жеке басының таңдауы. Бұл іспен айналысу дегеніміз, көпшілік ойлайтындай, толығымен тегін жұмыс атқару емес. Меніңше, ерікті ұғымы одан да биік дәрежеде. «Жақсылық істесең, алдыңнан жақсылық шығады» деген тәмсіл дәл тауып айтылған. Ол ең алдымен әлемді жақсартуға деген ынта мен ниет. Жастардың қолдан келген барлық көмегін көрсету, қоршаған орта мен жан-жануарларды қорғау, үлкен-кішілерді қолдау, яғни әлемді нұрландыруға барынша атсалысуы құптарлық іс. Бұл іспен айналысу, кем дегенде бір пайдалы жұмыс істеп, нәтижесінде өзіңнің ғажап сезімге бөленуің дер едім. Еріктілер жұмысы адамзаттың әлемге, қауіпсіздікке, еркіндікке, әділдікке және барлық адамдарға көмек көрсетуге деген мәртебелі қасиеттерінің пісіп жетілуіне ықпал етіп, адам бойындағы ізгі қасиеттерді дамытады.

– Жастардың ерікті болуға деген белсенділігі артып келе ме?

– Біздің елде еріктілер өте белсенді. Ерікті болу – жүректің ісі. Біз өз жұмысымызды еріктілік қызметті дамытудың жеті ұлттық бағыты аясында жасалған «Біргеміз» жалпы тұжырымдамасы бойынша атқардық. Бұл білім беру, медицина, экология бағыттарындағы еріктілік. Қарт адамдарға көмек көрсету, қиын жағдайда жүрген адамдарға ақыл-кеңес беру, рухани және мәдени құндылықтарды сақтауға бағытталған еріктілік. Ерікті – қоршаған орта мен қоғамға жаңа игі өзгерістер әкелуді қалайтындар. Сонымен қатар, жасаған жақсылығы мен атқарған жұмысы үшін ақы сұрамайтын жандар. Бұл мұқтаж адамдарға риясыз, ешкімнің мәжбүрлеуінсіз шын көңілден көмек, қалтқысыз қолдау көрсетуге бағытталған қызметтің ерекше үлгісі. Әлеуметтік бағдарламалар әзірлеу және адамдарға көмектесу мақсатында біз жыл сайынғы «Жақсы істер марафоны» жобасын бастадық.

– Бір пікіріңде «Ерікті студенттерге ақы төленсе, еріктілер саны артуы мүмкін» депсің...

– Біз қоғамда мейірімділік пен ізгілікті арттыра түскіміз келеді. Әрине, бізде де ішкі ереже бар. Ерікті түнге қалса, тегін жеткізіп тастау, 4 сағаттан аса жұмыс болса – тағамын беру дегендей. Бірақ, басты мақсатымыз –адамдардың бір-біріне барынша жанашыр, мейірімді болуына түрткі болсақ дейміз. Еріктілер саны бұдан былай артпаса, кемімейді. Президент оларды әлеуметтік бағыттарға тарту үшін ақы төлеуді тапсырды. Министрлік бір сағаттық жұмыс 1000 теңге қылып белгіледі.  Меніңше, студенттерге түрлі жеңілдіктер алу мүмкіндігін ұсынған дұрыс. Мысалы, ЖОО-ға түсуге жеңілдіктер, жатақханалар үшін жеңілдіктер, басқа да қоғамдық орындарға арналған жеңілдіктер. Осындай шешімдер еріктілік тұжырымдамасына көбірек сәйкес келеді.

– «Ел үміті» жастар форумында арнайы марапатқа ие болғаныңды білеміз...

– Иә, бұл форум еліміздегі әр салада жетістікке жеткен жастарға үміт сыйлап келеді. Қазіргі кезде ғылымға ерекше жаңалық әкеліп, соны іс жүзінде дәлелдеп жүрген жастар көп. Әр өңірде шама-шарқынша еңбек етіп, бірақ көрінбей жүрген дарынды, талантты замандастарыма ел-жұрт тәнті болды. Осы қатардан табылғаныма қуандым. Елбасы қоры марапаттап, бір серпілтіп тастады. Жастарды ерікті болуға шақырып, әр түрлі жобаларға тартып, ұйымдастыру – қызықты жұмыс. Әсіресе, өзі талаптанып, құлшыныс білдіріп тұрған жастармен бірге еңбек ету ләззат сыйлайды. 

– Сеніңше, «Еріктілер жылы» қоғамның жастарға көзқарасын өзгертті ме?

Жыл аяқталуына да аз қалды. Бұл жылды өз деңгейінде қорытындылайтын шығармыз деп ойлаймын. Әрине, небір жобалар, жоспарлар індетке байланысты ойдағыдай жүзеге аспаса да, дәл қазіргі сәтте еріктілердің көмегі қоғамға көптеп тиюде. Әсіресе, қатаң карантин болған кезде еріктілер үйге қамалған жандарға дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізіп тұрды. Тіпті, ауруханада жатқан науқастарға оттегі баллонын апарып беріп, қажетті дәрісін де тауып беруге көмектескен еріктілер бар. Бәрі дерлік әртүрлі ауқымды іс-шаралардың басы-қасынан табылып, көмекке мұқтаж жандарға тегін қызмет көрсетті. Әсіресе, олар мемлекеттік жобалардан бөлек, қарттар мен мүгедек жандардың нағыз қамқоршысына айналған. Ең бастысы, халықтың алғысына бөлену. Жақында қаншама ерікті коронавируске қарсы күреске атсалысқаны үшін «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Сондықтан ерікті болу – жүректің ісі. Ерікті болу – ерлікпен тең. Еріктілердің ерен еңбегі ақталып, азаматтық қоғам дамуында белсенділік жаңа деңгейге көтерілетініне сенім мол.

Сұхбаттасқан

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ 

 

1635 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы