• Әдебиет әлемі
  • 30 Қазан, 2020

Есімнен кейде тандырған, Сезімнің селдей екпіні...

Мінуар Әкімханов,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Шықпайсың енді сен естен

          (Баққыдыр Ыбырайымбайұлына)

 

Бала кезден бірге өстік,

Өткен күн есте, Баққыдыр.

Жасамай жаңсақ күндестік,

Бармадық сөзге қатты бір.

 

Жақсылық іздеп күн кештік,

Қатардан қалмай, Баққыдыр.

Сабақтан алдың кіл бестік,

Жүйріктей едің бапты бір.

 

Дос едің түпкі сырды ұққан,

Тартпадың жақын жатты аса.

Аулақтап өсек сұмдықтан,

Ұстадың бойды тап-таза.

 

Жан едің жүйрік есепке,

Салдырмас қамшы тұлпардай.

Ұстаз бар сендей десек те,

Көбіне көңіл жүр толмай.

 

Демеймін құрғақ қудың сөз,

Алғансың жұрттың алғысын.

Еленбей ерте жұмдың көз,

Тойланбай қалды алпысың.

 

Көзімнен өткен елестен,

Бейнеңді көрдім жып-жылы.

Шықпайсың енді сен естен,

Досыңның куә бұл жыры.

 

Ағынға қарсы жүзбедім

 

Кәсіп құрып қалғандай өзге қылар,

Болғанымды қарашы сөзге құмар.

Ах ұрып, нені армандап жүргенімді,

Ойымды осы жырдан сезген ұғар.

 

Өткендей сүзгісінен жез қалбырдың,

Қағазға азын-аулақ сөз қалдырдым.

Аралап кең даланың ой мен қырын,

Көркіне табиғаттың көз қандырдым.

 

Мықтыға тұрсаң да дос теңегелі,

Ағынға қарсы жүздің деме мені.

Есімнен кетпейді рас жыр-жарыста,

Аяулы Әбу ақын демегені.

 

Сырымды білгің келсе шын-ақ тегі,

Сыртымнан жүргендер көп сынап мені.

Сондайда қорған болды Әбу ақын,

Өйткені туған әкем сияқты еді.

 

***

 

Өзіме болмасаң да өзің құрбы,

Жанымды жадыратты сөзің құнды.

Жарқ етіп бұлттан шыққан күнге

 ұқсайтын,

Қалайша ұмыт болсын көзің нұрлы.

 

Өзіңді іздеп кездім қанша алапты,

Әйтеуір десең болды шаршамапты.

Шынымен сені таппай өтемін бе,

Шарқ ұрып шарласам да шартарапты.

 

Қыз едің мінезі де жағымды бір,

Кеудемнен сені еске алып ағылды жыр.

Тірлікте сарқылмайтын сағыныш боп,

Ақ еркем ауыртпашы жанымды құр!

              

Бір белгі

 

Адам тапшы жолға салар жөн сілтеп,

Сені қайдан тапсам екен енді іздеп?

Қалай ғана айырамын анығын,

Өзің басқан мынау қара жерде із көп.

 

Терең ойға берілмеппін дәп мұндай,

Сен келесің әлі күнге таптырмай.

Табанымнан таусылмас ем шынында,

Қатар жүрсең бағытыңды жалт бұрмай.

 

Аумасада  саған ойдың күнде еркі,

Түсті есіме тілдескен сәт ілгергі.

Жасыра алман өлең жазып отырмын,

Өзіңе арнап қалдырмаққа бір белгі.

  

***

 

Қарамай   қарлы боран бұрқасынға,

Мақсатты жерге жетіп үлгерейін.

Сондайда сен қалыспай жүр қасымда,

Өзіңмен жол азабын бір көрейін.

 

Мінбедік су төгілген жорғаны біз,

Ол жайлы жасамаймын жасанды аңыз.

Дер едім тіршілікте олжалымыз,

Табыссақ бір нүктеде қашанда біз.

  

Уақыт жүйрік

 

Жаурады жүрек қалай жібітемін,

Өміріме мінеки жалғасты күз.

Кеше ғана көрікті жігіт едім,

Қадірімді сезетін қалмапты қыз.

 

Уақыт жүйрік жидітті қалың шашты,

Бұзау жалап кеткендей тықыр төбем.

Бетімді айқыш-ұйқыш әжім басты,

Жүріс сылбыр, сөзімді ұтқыр демен.

 

Қарсы алып тұрғандаймын желді күзді,

Той-думан бастан кешер кетті азайып.

Сағынып күтетұғын енді бізді,

Жан аз десем достарым етпес айып.

 

***

Сылбырмын қарттық маған дендеген бе,

Жастықтың тимейді өткен неге себі?

Кеудемді шытырман ой кернегенде,

Демімнен суық күздей жел еседі.

 

Төбемнен кетпесе де аспан көшіп,

Келемін сан-сынақты бастан кешіп.

Жүрекке түскен жара жазылар ма,

Білінбей басқан ізім жатқанда өшіп.

 

Болмаса ел сезінер ақында айбын,

Несіне тілді безеп тақылдаймын.

Жоғалса көңіл-қошым көрер көзге,

Бейне бір су сіңбеген тақырдаймын.

 

Ойлай берем

 

Тау-тасты табан тозып кезбесем де,

Мен саған енді қайтіп кездесем бе?

Өзіңді өмір бойы ойлай берем,

Бағамды өзгелерден кем десең де.

 

Әңгіме сен жайлы жүр құлақта өріп,

Қорқыныш жоқ тұрған бір бірақ төніп.

Сарқылмас сағынышты саған деген,

Келемін өз жаныма қуат көріп.

 

Ойланып, іштей тынып, тұншығармын,

Білем бірақ түннен соң күн шығарын.

Бір сендік сағыныштың салмағына,

Сезсеңші менен өзге кім шыдарын.

Көкейде ой көп, орны толмас небір,

Сабырымды сарықпай қоймас та өмір.

Салқын қабақ танытып жүрсің дәйім,

Деме бірақ жанымды тозбас темір.

 

Бұл өмір

 

Үстімнен өтіп жатқан жүгіріп күн,

Белімді сындырардай жиі бүктің.

Жас үлкен, көргенім көп болғанымен,

Жүр дейсің ақылыма жүгініп кім?

 

Өмірдің жақсы мәлім мұңды сыры,

Бола алған жан емеспін тұрмысы ірі.

Ерінбей өлең жаздым байлық сол ғой,

Сөзіммен қуандырсам бір кісіні.

 

Бұл өмір сүймесе де маңдайымнан,

Күш-жігер сарқылған жоқ тал бойымнан.

Есімде көрген қызық, шеккен бейнет,

Демеймін бәрі де өшіп қалды ойымнан.

 

Еңбекпен адам ылғи шұғылданса,

Тозады екен болса да мығым қанша.

Қолыма түлкі арманның түспесі анық,

Көздерім мәңгілікке жұмылғанша.

 

***

Боран соғып, сілкілеп,

Сырғасын жұлды бақшаның.

Жаңбыр жауып сіркіреп,

Көшенің басты ақ шаңын.

 

Қаладан әне түн қашты,

Шамдары жанды аспалы.

Аймаққа аппақ нұр шашты,

Күліп тұр түнгі аспаны.

 

Жанарымда жалғыз сен

 

Жанарымда жалғыз сен,

Ұстаған айнам кірлетпей.

Ғаламат жыр жаздырт сен,

Қиялымнан бір кетпей.

 

Назарымда бол дәйім,

Жатырқаман сене бер.

Сағынып өлең жолдайын,

Керек етсең сен егер.

 

Сапар шегіп бұрылмай,

Барсам бір күн сол тұсқа.

Тозығы жеткен бұйымдай,

Тастап кетпе қоқысқа.

 

***

Іздедім сені мен көптен

Ұмытты сірә демегін,

Таппадым бірақ жер-көктен,

Түспеді қолға дерегің.

 

Бір хабарың жетер деп,

Жан-жаққа құлақ тосамын.

Ойлама күттің бекер деп,

Жырыма дәйім қосамын.

 

Хабарың жетсе анық бір,

Ұшамын құстай мен деген.

Ойлардан ауыр айықтыр,

Қайғыға қияр пенде емен.

 

***

Жер бетінен жоғалмайтын бір іздей,

Сағынышымды өтпек емен білгізбей.

Жүрсем болды аңсарымда азаймас,

Көкірегіме суық ойлар кіргізбей.

 

Іздеп ылғи таусылайын, тынбайын,

Самал желден сәлем жолда, тыңдайын.

Құстай самғап, келші жаным қасыма,

Өлең болған жүрек сыйы тұр дайын.

 

Жабырқаса көңілім

 

Шат болсын деп өмірім,

Арманға келем бірге еріп.

Жабырқаса көңілім,

Шуақ шашар кім келіп?

 

Есімнен кейде тандырған,

Сезімнің селдей екпіні.

Жылылық таппай тағдырдан,

Көргенмін талай тепкіні.

 

Сонда да бір сәт тоқтамай,

Замандасың жүр тірі.

Құяды кейде отқа май,

Жауласқан жанның қу тілі.

 

Дей алмаймын жүдетті,

Ондай сөздің жоқ мәні.

Қинайды бірақ жүректі,

Дұшпанның тисе шоқпары.

 

639 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы