• Білім-ғылым
  • 30 Қазан, 2020

ҒЫЛЫМНЫҢ КӨКЖИЕГІН КЕҢЕЙТКЕН

Осы бір жігіт ағасын көргенде, оның ата-анасы есіме түседі. Олармен аз-кем араласқандықтан болар. Иә, Қылышбайдың әкесі Алдаберген мен анасы Зүбайра апай халқымыздың салт-дәстүрін, бала тәрбие-леудегі өнегесін үнемі пайдаланатын. Дастар-қанынан қонақтар үзілмейтін. Қазаны оттан түспейтін, ақ самаурыны әркез қайнап тұратын нағыз қазақы отбасы болды. Кезінде қазақ халқының біртуар ұлдары Д.А.Қонаев, И.Әбдікәрімов, тағы басқа да қоғам және мемлекет қайраткерлері Алдаберген Бисеновтың шаңырағына соғып, дастарқанынан дәм татқан-ды.
Мұнымен қатар Жалағаш ауданындағы белгілі ақсақалдар, әсіресе, «Жаңаталап» ауылының ел сыйлаған қариялары үйінде жиі болатын. Осындай берекелі отбасында өсіп-өнген Қылышбай да жыл санап есейген үстіне есейе түсті деуге болар. «Мақпалкөл» мектебінде 1-6 сыныпта ғана оқыған ол 1970 жылы Қызылорда қаласындағы №4 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің 7-ші сыныбынан бастап оқып, онжылдықты алтын медальмен бітірген.
Жасынан ата-анасынан тәлім мен тәрбиені көріп өскен Қ.Бисенов орта мектепті жақсы бітіріп, 1974 жылы Алматыдағы политехникалық университетке түсіп, оны үздік бағамен бітіріп шығады. Өзі оқыған оқу орнында 1-2 жыл ғылыми жұмыстармен шұғылданады. Міне, 1980 жылдан бастап Қылышбай Алдабергенұлының ғылым жолындағы алғашқы баспалдақтары басталды.
Өзіне деген сенімділік, еңбеккештік, берік ұстанымы мен мақсаты ғылым жолының ауыр соқпағына салып та жіберді. Бұл тұста әкесінің қанынан тараған қажырлылық, еңбеккештік оны ғылым жолында биіктерге көтере білді. Айтпақшы, әкесі Алдаберген Бисенов бар өмірін ауыл шаруашылыққа арнаған білікті басшы болған еді. Оның еңбегі бағаланып, 1971 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атанып, кеудесіне алтын жұлдыз тақты.
Алдакеңнің арғы атасы Малай би атанған кісі екен. Ел сөзін ұстаған, жұртшылықты бірлікке шақырып, әркез ақсақалдық жасаған, сөзін тыңдатқан кісі болыпты. Ал анасы Зүбайра Сейілқызының арғы-бергі бабаларының есімдері Қоқан, Хиуа бектері, орыс шенеуніктерінің жазбаларында айтылып, жазылған Пірәлі мен Нұралы билер еді.
Атақты ақын Тұрымбет Салқынбайұлы-ның өлеңінде:
... кісі екен Пірәлі атаң сөзге мерген,
Баласы төрт Шөменнің соңына ерген.
Айтады әділеттік көрген жандар,
Дүниеге адам кем деп, ондай келген? делінген. Демек Қылышбай ініміздің тегінде тектілік, бекзаттық жатыр. Қандай бір қиуы кеткен істерді байыппен шешіп, үнемі бекзаттық болмысынан айныған емес. 1998 жылдан 2018 жыл аралығында 20 жыл бойы Қызылордадағы университеттің ректоры болып қызмет атқаруы оның терең білімді, мол адамгершілігі, ұйымдастырушылық қабілетінен және тегіне тартқан тектілігінен болар деп ойлаймыз.
«Мәдениет» пен «Жаңаталапта» бұлғақтап өскен жас бала жыл өткен сайын біліміне білім қосып, біршама ғылымның қиын жолына түсті. Бір кездегі жас ғалым толысты, білікті ұйымдастырушы, көрнекті ғалымдардың қатарына қосылды. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры қызметінде 20 жыл бойы қызмет етті. Қызмет етті деу аз. Оқу орнының материалдық-техникалық базасын жақсартуға, студенттердің білім сапасының артуына, білім беру жүйесіне ақпараттық технологияларды енгізуге күш салды. Оқу орны жанынан «Қазақ-Түрік», «Қабілет» оқу орнын ашты. Шетелдегі жоғары оқу орындарымен байланыс жүйесін жолға қойды. АҚШ, Канада, Түркия, Ресей, т.б. оқу орындарымен барыс-келіс, келісімшарт сияқты түрлі маңызды шараларды қолға алып, басшылық жасады. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Оңтүстік Кореяның Кенчи, Чан-янг, Түркияның Сүлеймен Демирель университеттерімен тығыз байланыс орнатылып, тәжірибе алмасылды.
Ол басқарған жылдары университеттің білім сапасы жоғары көрсеткішке жетті. Спорт, өнер саласында университет командалары республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орындарды иеленді. Студенттердің тұрмыс-тіршілігі жақсарды. Мұндай жетістік-тер бір ғана Қ.Бисеновтың жеке басының табысы емес, бүкіл ұжымның қажыр-қайратымен келген дүние. Дегенмен, солардың басында ректор Қылышбай Бисеновтың болғаны анық.
Қ.Бисенов «Шағыл құмдардан флютрит кен тасын байыту қалдықтарын пайдалана отырып ұялы бетон алу» әдісін өндіріске енгізген. Бұл турасында зерттеу еңбектері 1994, 1997, 2006, 2017 жылдары жарық көрді. Мұнымен қатар бірнеше кандидаттар мен ғылым докторларын тәрбиелеп, өсірді.
Оның адамдарға деген ақ көңілін, әрдайым өзгеге қамқорлық көрсеткісі келіп тұратын жанашыр азамат екенін көпшілік жұрт біледі. Ол бүгінде ғылымның көкжиегіне көтерілген ғалым, қоғам қайраткері. Қаншама білім, ғылым қуған жастарды қолдап, қанат қақтырды. Бірнеше рет Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты, ҚР Парламентінің депутаты сияқты халық сенген құрметті қызметті абыроймен атқара білді. Бүгінде Қызылорда облыстық мәслихат хатшысы қызметін атқаруда.
Абай хакімнің:
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба.
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге,
дегеніндей ғылым жолына түсіп, сол жолда биіктерге көтеріле білген азамат.
Қылышбай (кейде оны Қылышбек, Қылыш деп те атайды) Гүлсім Зікірияқызы Сауытбаевамен бірге алтын асықтай Мұрат, Мағжан, Маржан атты ұл-қыздарын тәрбиелеп өсіріп отыр.
ХІХ ғасырдың аяғына таман белгілі Сыр сүлейлерінің бірі Тұрымбет Салқынбайұлы «Пірәлі, Нұралы» билер туралы толғаса, бүгінде Тұрымбет жыраудың немересі Ибрагим Бекмаханұлы Қылышбек Бисеновке «Наркес-кен» атты өлеңін арнаған:
«Әке көрген оқ жонар» нақылы осы,
Ұстаған баланың боп, ақылдысы.
Қылышбек білім шыңын бағындырып,
Атанды ғарышкердей батыл кісі.
Үлкенге іні, кішіге аға бола білген қоғам қайраткері, ғалым Қылышбек (Қылышбай) Алдабергенұлы Бисеновтың азаматтық биігінен, бекзаттық өмірінен аз-кем сөз қозғадық.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі

14237 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

URKER №2

28 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жаңабек ШАҒАТАЕВ

«Үркер» журналының Бас редакторы